Қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 1 ақпандағы № 84 Қаулысы
Осы редакция 2012 жылғы 31 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі;
2) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондарын жасау, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу, экспонатқа қою жөніндегі қызметті лицензиялаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 маусымдағы № 635 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 24, 307-құжат) 1-тармағы;
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 30 маусымдағы № 662 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 27, 341-құжат) 17-тармағы.
3. Осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін жиырма бір күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2008 жылғы 1 ақпандағы
№ 84 қаулысымен
бекітілген
Қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын
әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу жөніндегі қызметті
лицензиялау ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін айқындайды.
2. Лицензиялардың түрлері мен қолданылуы қызмет көлемі бойынша ерекшеленеді:
1) бас лицензия - қолдану мерзімі шектелмей берілетін қызметтің жекелеген түрлерімен айналысуға;
2) бір жолғы - рұқсат етілген мерзім, көлем, салмақ немесе сан (заттай не ақшалай мәнде) шегінде белгілі бір шаруашылық операциясымен айналысуға.
Бір жолғы лицензия мемлекеттік тапсырысты және/немесе мемлекеттік органмен және/немесе ұйыммен шартты (келісім-шартты) орындау мерзіміне, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге беріледі.
3. Жеке және заңды тұлғалар лицензиялау субъектілері болып табылады.
4. Лицензия иеліктен алынбайтын болып табылады және оны лицензиат басқа жеке және заңды тұлғаға бере алмайды.
2. Лицензияларды беру тәртібі
5. Лицензияны және лицензияға қосымшаны (қызметтің кіші түрлері болған жағдайда) алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) өтініш;
2) заңды тұлға үшін - Жарғының (экспорттық және импорттық операцияларды қоспағанда) және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
5) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
6) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу жөніндегі қызмет түрімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
6. Лицензияны беру үшін тиісті лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі көрсетілген органның құжаттарды қабылдаған күні туралы белгі соғылып, өтініш берушіге жіберіледі (табыс етіледі).
7. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиар осы Ережеде белгіленген тиісті құжаттар бар өтініш берілген күннен бастап - отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
8. Егер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызметтің осы түрімен айналысуға тыйым салынған;
2) осы Ережеге сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген жағдайда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негіздер бойынша қаралады;
3) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу жөніндегі қызметпен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сәйкес келмеген;
5) өтініш берушіге қатысты оған қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тартылады.
9. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тартқан жағдайда лицензиар лицензия беру үшін белгіленген мерзімдерде өтініш берушіге жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады.
10. Егер лицензиар осы Ережеде белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны бермеген не өтініш берушіні лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, онда осы Ережеде лицензияны беру үшін белгіленген мерзімдер өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші тиісті лицензиарды қызметтің өзі өтініш берген түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруге міндетті.
11. Қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу жөніндегі қызметпен айналысу құқығы үшін төленетін лицензиялық алым Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес лицензиялар (лицензиялардың телнұсқасы) берілген кезде алынады.
12. Егер лицензия және (немесе) лицензияға қосымша белгіленген мерзімде берілмесе немесе лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту өтініш берушіге негізсіз болып көрінсе, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұл іс-әрекеттерге шағымдануға құқылы.
13. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның телнұсқаларын алуға құқылы.
Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп саналады.
Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғары оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаны телнұсқасын береді.
14. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, заңды тұлға бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында қайта ұйымдастырылған, заңды тұлғаның атауы өзгерген, сондай-ақ қызмет түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, ол отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.
Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдейді.
15. Лицензияның қолданылуын тоқтату, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік тәртіп бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
16. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) лицензияның берілген мерзімі аяқталғанда;
2) жүзеге асырылуына лицензия берілген іс-әрекеттер (операциялар) толық көлемде жасалғанда;
3) лицензия алып қойылғанда;
4) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
5) лицензия және (немесе) лицензияға қосымша лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;
6) лицензияланатындардың тізбесінен қызметтің жекелеген түрі және (немесе) кіші түрі алып тасталса тоқтатылады.
17. Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиарға қайтаруға міндетті.
3. Есеп және бақылау
18. Лицензиар лицензиаттың Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған лицензиялық бақылауды жүзеге асырады.
Лицензиар өз құзыреті шегінде лицензиаттан тиісті құжаттарды талап етуге және бақылау функцияларын орындау үшін қажетті ақпаратты алуға құқылы.
19. Лицензиар берілген, қайта ресімделген, уақытша тоқтатылған, жаңартылған және қолданылуын тоқтатқан лицензиялар туралы мәліметтер бар лицензиялар тізілімін жүргізеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2008 жылғы 1 ақпандағы
№ 84 қаулысымен
бекітілген
Қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын
әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу жөніндегі
қызметке түріне қойылатын біліктілік талаптары
1. Жалпы ережелер
1. Біліктілік талаптары қызметтің қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сатып алу түрлеріне лицензия алуға үміткер заңды және жеке тұлғаларға (бұдан әрі - өтініш беруші) қолданылады.
Қызметтің осы түрі қызметтің мынадай кіші түрлерін қамтиды:
1) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу;
2) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын өндіру;
3) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын жөндеу;
4) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын сатып алу және сату.
2. Егер лицензияны және лицензияға қосымшаны алу үшін ұсынылатын құжаттардың көшірмелері нотариалды түрде куәландырылмаса, олар түпнұсқаны көрсете отырып беріледі.
2. Қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын
әзірлеу жөніндегі қызметтің кіші түріне қойылатын біліктілік талаптары
3. Қызметтің көрсетілген кіші түрін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары мыналардың болуын қамтиды:
1) өтініш берушінің басшысында және/немесе оның орынбасарында, сондай-ақ жеке тұлғада жоғары техникалық білімі;
2) тиісті жоғары техникалық білімі бар білікті мамандардың мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс өтілі;
3) көрсетілген қызмет түріне зерттеу жүргізу, әзірлеу мен өндіру мәселелері бойынша нормативтік-техникалық және ғылыми-техникалық құжаттар жиынтығы түріндегі ғылыми база, сондай-ақ негізгі (базалық) модельдерге арналған конструкторлық құжаттама;
4) мыналарды қамтитын меншік құқығындағы өндірістік-техникалық база:
мамандандырылған өндірістік ғимараттар (үй-жайлар), жабдықтар, стендтер, сынақ зертханасы, пайдалану шарттарына және өлшем құралдарын қамтамасыз ету туралы заңнама талаптарына сәйкес келетін өлшем құралдары;
қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеу жөніндегі цехтың келісілген және белгіленген тәртіппен бекітілген жұмыс жобасы;
бөлшектерді, жинақтау бірліктерін есепке алу мен сақтау жөніндегі талаптарды қамтамасыз ете отырып, оқшауланған үй-жайларда орналастырылатын негізгі бөлшектерді (ұңғылар, затворлар, барабандар, рамалар, ұңғылық қорапшалар және т.б.) дайындау жөніндегі механикалық өңдеу және құрастыру цехы (учаскесі);
техникалық нығайту жөніндегі талаптарға жауап беретін және өрт-күзет дабылы құралдарымен жабдықталған әзірленген қару мен патрондардың жиынтығын сақтауға арналған мамандандырылған үй-жайлар;
5) әзірлеу жоспарланған қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарының тактикалық-техникалық сипаттамалары;
6) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарының тәжірибелік моделдерін қауіпсіз әзірлеу жөніндегі нұсқаулықтар, ережелер мен нормативтік-техникалық құжаттар;
7) қызметтің мәлімделген түрі бойынша мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып, жұмыс жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің немесе оның аумақтық органдарының рұқсаты немесе жұмыстарға тапсырыс берушінің мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалануға қажеттілігінің жоқтығы туралы растау;
8) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын әзірлеуге мемлекеттік органның немесе ұйымның мемлекеттік тапсырысы және/немесе онымен шарт (келісім-шарт);
9) орындалатын жұмыстардың сапасына бақылауды жүзеге асыру үшін тапсырыс берушінің өкілдігінің болуы;
10) кемінде 10000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі активтер.
3. Қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын өндіру жөніндегі
қызметтің кіші түріне қойылатын біліктілік талаптары
4. Қызметтің көрсетілген кіші түрін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары мыналардың болуын қамтиды:
1) өтініш берушінің басшысында және/немесе оның орынбасарында, сондай-ақ жеке тұлғада жоғары техникалық білімі;
2) тиісті жоғары техникалық білімі бар білікті мамандардың мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс өтілі;
3) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруын және оның патрондарын өндіру мәселелері бойынша нормативтік-техникалық және ғылыми-техникалық құжаттардың жиынтығы түріндегі ғылыми база;
4) мыналарды қамтитын меншік құқығындағы өндірістік-техникалық базаның:
мамандандырылған өндірістік ғимараттар, көлік құралдары, жабдықтар, стендтер, сынақ зертханасы, пайдалану шарттарына және оларға белгіленген өлшем құралдарын қамтамасыз ету туралы заңнама талаптарына сәйкес келетін өлшем құралдары;
қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын өндіру жөніндегі цехтардың келісілген және белгіленген тәртіппен бекітілген жұмыс жобасы;
бөлшектерді, жинақтау бірліктерін есепке алу мен сақтау жөніндегі талаптарды қамтамасыз ете отырып, оқшауланған үй-жайларда орналастырылатын негізгі бөлшектерді (ұңғылар, затворлар, барабандар, рамалар, ұңғылық қорапшалар және т.б.) дайындау жөніндегі механикалық өңдеу цехы (учаскесі);
бөлшектерді, жинақтау бірліктерін есепке алу мен сақтау жөніндегі жағдайларды қамтамасыз ете отырып техникалық нығайту жөніндегі талаптарға жауап беретін өрт-күзет дабылы құралдарымен жабдықталған оқшауланған үй-жайларда орналастырылатын құрастыру цехы;
техникалық нығайту жөніндегі талаптарға жауап беретін және өрт-күзет дабылы құралдарымен жабдықталған жеке оқшауланған үй-жайларда орналастырылатын дайын қару-жарақ пен патрондарды сақтауға арналған мамандандырылған қоймалар;
қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруының және оның патрондарының негізгі бөліктерін өндіру процесінде жарамсыз деп танылғандарды сақтау үшін жарамсыз изоляторы;
санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және өрт-қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін жұмыс істейтін персоналды орналастыруға арналған қызметтік үй-жай.
Өндірістік базаның аумағына мынадай талаптар қойылады: оқшауланушылық, қоршаудың болуы, тәулік бойы қарулы күзет, техникалық нығайту, өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды сақтау, сондай-ақ қолданыстағы нормативтермен көзделген тұрғын үйлер мен өндірістік объектілердің қауіпсіз ара қашықтыққа орналасуы;
5) өндіру жоспарланған қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарының тактикалық-техникалық сипаттамалары;
6) жұмыстарды қауіпсіз жасау жөніндегі нұсқаулықтар, ережелер және нормативтік-техникалық құжаттар, сондай-ақ материалдарды, жартылай фабрикаттарды (әзірлемелерді), жинақтаушы бөлшектерді дайын және жарамсыз бұйымдарды есепке алу және сақтау;
оларды дайындау, тасымалдау және сақтау процесінде бөлшектерді, жинақтау бірліктері мен дайын бұйымдарды есепке алу;
кіріс және шығыс есебінің (әзірлемелер мен бөлшектердің, құрамдас бөліктердің нөмірлі есебін, сандық есебін, сандық немесе салмақтық есебін) журналын жүргізу жөніндегі құжаттар;
7) қызметтің мәлімделген түрі бойынша мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып, жұмыс жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің немесе оның аумақтық органдарының рұқсаты немесе жұмыстарға тапсырыс берушінің мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалануға қажеттілігінің жоқтығы туралы растау;
8) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын өндіруге мемлекеттік органның немесе ұйымның мемлекеттік тапсырысы және/немесе онымен шарт (келісім-шарт);
9) орындалатын жұмыстардың сапасына бақылауды жүзеге асыру үшін тапсырыс берушінің өкілдігінің болуы;
10) кемінде 10000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі активтер.
4. Қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын жөндеу жөніндегі
қызметтің кіші түріне қойылатын біліктілік талаптары
5. Қызметтің көрсетілген кіші түрін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары мыналардың болуын қамтиды:
1) өтініш берушінің басшысында және/немесе оның орынбасарында, сондай-ақ жеке тұлғада жоғары техникалық білімі;
2) тиісті жоғары техникалық білімі бар білікті мамандардың мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс өтілі;
3) меншік құқығындағы мамандандырылған жөндеу-техникалық ғимараты, жабдықтар, стендтер, сынақ зертханасы, салыстырып тексерілген бақылау-өлшеу аппаратурасы;
4) жөндеуге жоспарланған қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарының үлгілерін тактикалық-техникалық сипаттамалары мен техникалық құжаттамасы;
5) жұмыстарды қауіпсіз жасау жөніндегі, сондай-ақ кірісті (бұйымдардың нөмірлік және сандық есебін) есепке алу журналын жүргізу жөніндегі нұсқаулықтар, ережелер және нормативтік-техникалық құжаттар;
6) қызметтің мәлімделген түрі бойынша мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып, жұмыс жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің немесе оның аумақтық органдарының рұқсаты немесе жұмыстарға тапсырыс берушінің мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалануға қажеттілігінің жоқтығы туралы растау;
7) жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондарын жөндеуге мемлекеттік органның немесе ұйымның мемлекеттік тапсырысы және/немесе онымен шарт (келісім-шарт);
8) орындалатын жұмыстардың сапасына бақылауды жүзеге асыру үшін тапсырыс берушінің өкілдігінің болуы;
9) кемінде 10000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі активтер.
5. Қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын
сатып алу және сату жөніндегі қызметтің кіші түріне қойылатын
біліктілік талаптары
6. Қызметтің көрсетілген кіші түрін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары мыналардың болуын қамтиды:
1) өтініш берушінің басшысында және/немесе оның орынбасарында, сондай-ақ жеке тұлғада жоғары техникалық білімі;
2) тиісті жоғары техникалық білімі бар білікті мамандардың мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс өтілі;
3) техникалық нығайту жөніндегі талаптарға жауап беретін және өрт-күзет дабылы құралдарымен жабдықталған қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын сақтауға арналған меншік құқығындағы мамандандырылған қойма;
4) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын есепке алу және сақтау жөніндегі құжаттама;
5) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарының үлгілерін сатып алу және сату жоспарланған тактикалық-техникалық сипаттамалары мен техникалық құжаттамасы;
6) қызметтің мәлімделген түрі бойынша мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып, жұмыс жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің немесе оның аумақтық органдарының рұқсаты немесе жұмыстарға тапсырыс берушінің мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалануға қажеттілігінің жоқтығы туралы растау;
7) қолға ұстайтын жауынгерлік атыс қаруы мен оның патрондарын сатып алу және олардың сату мемлекеттік органның немесе ұйымның мемлекеттік тапсырысы және/немесе онымен шарт (келісім-шарт);
8) орындалатын жұмыстардың сапасына бақылауды жүзеге асыру үшін тапсырыс берушінің өкілдігінің болуы;
9) кемінде 10000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі активтер.