3. Ресімделген тіркеу куәліктері немесе хабарлама туралы куәліктер бойынша немесе валюталық мониторинг бойынша есептілікті уақтылы ұсынбау -
жеке және заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының аумағында бір жылдан астам жұмыс істейтін резидент емес заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктеріне ескерту жасауға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекет -
жеке тұлғаларға - бес, дара кәсіпкерлерге, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - он, дара кәсіпкерлерге, орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының аумағында бір жылдан астам жұмыс істейтін резидент емес заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктеріне қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Ресімделген тіркеу куәліктері, хабарлама туралы куәліктер бойынша немесе валюталық мониторинг бойынша есептілікті ұсынбау -
жеке тұлғаларға - қырық, дара кәсіпкерлерге, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - жетпіс, дара кәсіпкерлерге, орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының аумағында бір жылдан астам жұмыс істейтін резидент емес заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктеріне жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Ұлттық және шетел валютасын репатриациялау мерзіміне және шарттарына әсер ететін мән-жайлардың туындағанын растайтын ақпаратты және құжаттарды уақтылы бермеу -
дара кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға ескерту жасауға әкеп соғады.
7. Осы баптың алтыншы бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекет -
дара кәсіпкерлерге, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - отыз, дара кәсіпкерлерге, орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Ұлттық және шетел валютасын репатриациялау мерзіміне және шарттарына әсер ететін мән-жайлардың туындағанын растайтын ақпаратты және құжаттарды бермеу -
дара кәсіпкерлерге, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - елу, дара кәсіпкерлерге, орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға - жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға жүз жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
18) 184-1-бапта:
үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Аудит жүргізілуі міндетті қаржы ұйымдарына аудит жүргізу нәтижесінде анықталған Қазақстан Республикасының қаржы нарығын және қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін заңнамасын бұзушылықтар туралы қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органға хабарламау және аудиттелетін осы ұйымдарды хабардар етпеу -
аудиторлық ұйымдарға жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
жетінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның белгiленген мерзiмде аудиторлық есептi ұсыну туралы жазбаша нұсқамасын аудиторлық ұйымдардың орындамауы не аудиторлық ұйымдардың қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органға аудиторлық есептi бермеуі -
аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып не онсыз, аудиторлық ұйымдарға екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
19) 187 және 191-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«187-бап. Ұлттық және шетел валютасын репатриациялау талабын орындамау
Уәкiлеттi банктердегi банк шоттарына:
тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) экспортынан түсетін ұлттық және шетел валютасындағы түсiмдердi;
резиденттiң тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) импорты үшін резидент еместiң пайдасына аударған ұлттық және шетел валютасын, резидент еместiң тауарларды жеткізу (жұмыстарды жүзеге асыру, қызметтер көрсету) бойынша мiндеттемелердi орындамауына немесе толық орындамауына байланысты қайтарылуға жататын ұлттық және шетел валютасын есепке жатқызбау түрiнде жасалған ұлттық және шетел валютасын репатриациялау талабын орындамау -
дара кәсiпкерлерге, заңды тұлғаларға есепке жатқызылмаған ұлттық және шетел валютасы сомасының жиырма пайызы, бірақ екі мың айлық есептiк көрсеткіштен аспайтын мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту.
Осы бапта көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауаптылық репатриациялау мерзімі аяқталғаннан кейін есепке жатқызылмаған ұлттық және шетел валютасының сомасы елу мың АҚШ долларына балама сомадан асып кеткен және егер осы іс-әрекеттерде (әрекетсіздікте) қылмыстың жазаланатын әрекет белгілері болмаған жағдайларда туындайды.»;
«191-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару проспектiсiне өзгерiстер мен толықтыруларды тiркеуге арналған құжаттарды беру мерзiмiн бұзу
Эмитенттiң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару проспектiсiне өзгерiстер мен толықтыруларды тiркеуге арналған құжаттарды беру мерзiмiн бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан да көп) бұзуы -
эмитентке елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
20) 192-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«жарнама берушiге жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
21) 193 және 194-1-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«193-бап. Бағалы қағаздар нарығы субъектісінің қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органға есептемені, ақпаратты, мәліметтерді беру жөніндегі талаптарды бұзуы
1. Бағалы қағаздар нарығы субъектісінің қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органға есептемені, мәліметтерді не өзге де сұратылатын ақпаратты бермеуі, сол сияқты уақтылы бермеуі немесе Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес берілуі талап етілетін мәліметтері жоқ есептемені, ақпаратты беруі не анық емес есептемені немесе мәліметтерді не өзге де сұратылатын ақпаратты, оның ішінде бағалы қағаздар нарығы субъектiлерінің қызметіне тексеру жүргізу барысында, эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу, эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастырудың және (немесе) өтеудің қорытындылары туралы есепті бекіту, бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін ақпаратты беруі -
лауазымды адамдарға - жүз, заңды тұлғаларға екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Бағалы қағаздар нарығы субъектiсiнiң қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкiлеттi органға бағалы қағаздармен операциялар туралы көрiнеу жалған, қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгiлерi жоқ мәлiметтердi ұсынуы -
заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
«194-1-бап. Акцияларды сатып алу тәртiбiн бұзу
Акцияларды сатып алудың Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiбiн бұзу, оның iшiнде акцияларды сатып алу кезiндегi олардың құнын айқындаудың қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы бекiткен әдiстемесi болмаған кезде акционерлiк қоғамның орналастырылған акцияларын осы қоғамның сатып алуы -
лауазымды адамдарға жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
22) 195-1-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«жеке тұлғаларға - екі жүз, лауазымды адамдарға - үш жүз, заңды тұлғаларға бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
23) 197-бап алып тасталсын;
24) 197-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«197-1-бап. Бағалы қағаздар нарығына кәсiби қатысушының және бағалы қағаздармен сауда-саттықты ұйымдастырушының олардың қызметiне қойылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бұзуы
Бағалы қағаздар нарығына кәсiби қатысушының және бағалы қағаздармен сауда-саттықты ұйымдастырушының олардың қызметiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бірнеше рет (қатарынан күнтiзбелiк он екі ай iшiнде екi және одан да көп) бұзуы -
үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
25) 198-бап алып тасталсын;
26) 200-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«лауазымды адамдарға жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
27) 201-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«лауазымды адамдарға - екi жүз, заңды тұлғаларға төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
28) 201-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«201-1-бап. «Инвестициялық қорлар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бұзу
1. Инвестициялық қордың компаниясын басқаратын акционерлiк инвестициялық қордың өзiнiң қызметi, инвестициялық қордың таза активтерiнiң құрамы мен құнын сипаттайтын көрсеткiштер туралы ақпараттың мазмұнына қойылатын «Инвестициялық қорлар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын, сондай-ақ оны жариялау және тарату тәртiбiн бұзуы -
лауазымды адамдарға - екi жүз, заңды тұлғаларға төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Инвестициялық қордың компаниясын басқаратын акционерлiк инвестициялық қордың дәл емес, толық емес немесе жаңылыстыратын ақпаратты таратуы немесе жариялауы -
лауазымды адамдарға - екi жүз, заңды тұлғаларға төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
29) 202-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
30) 216-баптың бірінші бөлігінің үшінші, төртінші және бесінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
«банк шоттарында клиенттің ақшасы клиентке қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшін жеткілікті болған кезде салық төлеушiлердiң өздерiнiң банк шотынан бюджетке төленетін салықтар, басқа да міндетті төлемдер, өсiмпұлдар мен айыппұлдар сомаларын аударуға (төлеуге) төлемдiк тапсырмаларды бiрiншi кезекте орындамау;
банкке немесе бюджет жүйесiнiң кассалық атқарылуын жүзеге асыратын басқа ұйымға салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер сомаларын аудару кезiнде банктiң немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымның кiнәсiнен аудармау (есепке жатқызбау), уақтылы аудармау (банк шоттарынан ақшаны есептен шығару бойынша операциялар жасалған күнінен кеш немесе қолма-қол ақшаны банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға енгiзгеннен кейінгі күні) не төлем құжатының деректемелерiн толтыру кезiнде қателер жiберу;
банк шоттарында клиенттің ақшасы клиентке қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшін жеткілікті болған кезде салық органдарының салық төлеушiлерден белгiленген мерзiмде енгiзiлмеген салық және басқа да міндетті төлемдер, өсiмпұлдар мен айыппұлдар сомаларын бюджетке алу жөнiндегi инкассолық тапсырмаларын (өкімдерін) бiрiншi кезекте орындамау;»;
31) 217-баптың бірінші бөлігінің жетінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«банк шоттарында клиенттің ақшасы клиентке қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшін жеткілікті болған кезде салық органдарының салық төлеушiлерден салық және басқа да міндетті төлемдер, өсiмпұлдар мен айыппұлдар сомаларын бюджетке алуға инкассолық тапсырмаларын (өкiмдерiн) бiрiншi кезекте орындамау;»;
32) 356-бапта:
бірінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«жеке тұлғаларға - үш, лауазымды адамдарға екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
екінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«жеке тұлғаларға - жетi, лауазымды адамдарға төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;
үшінші бөліктің бірінші абзацындағы «168, 173» деген цифрлар «172-1, 172-2» деген цифрлармен ауыстырылсын;
33) 541-баптың бірінші бөлігінде:
«168-4, 168-5» деген цифрлар «168-5, 168-8» деген цифрлармен ауыстырылсын;
«179» деген цифрлардан кейін «(бірінші және екінші бөліктерінде)» деген сөздермен толықтырылсын;
«185,» деген цифрлардан кейін «187,» деген цифрлармен толықтырылсын;
34) 567-1-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Өсімдік шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган осы Кодекстің 173 (екінші және алтыншы бөліктерінде) (өзара сақтандыру қоғамдарының өсімдік шаруашылығында жасаған құқық бұзушылық бөлігінде), 175 (екінші бөлігінде) (өсімдік шаруашылығы өнімін өндірушілер жасаған құқық бұзушылық бөлігінде) баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды.»;
35) 572-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң органдары осы Кодекстiң 166-1, 168, 168-2 (төртінші, тоғызыншы және оныншы бөліктерінде), 168-6, 168-7, 169, 169-2, 172-2 (бiрiншi және екінші бөлiктерiнде), 179 (үшінші және төртінші бөлiктерiнде), 180, 182, 188 (бiрiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 188-1, 218, 357-2 (бiрiншi бөлiгiнде) баптарында, сондай-ақ жиналуы олардың құзыретiне кiретiн алғашқы статистикалық деректер бөлігінде 381-бабында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.»;
36) 573-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi орган осы Кодекстiң 88 (бірінші, 1-1, 1-2, алтыншы және жетінші бөлiктерінде), 158-1, 158-2, 167-1 (бiрiншi бөлiгiнде), 168-2 (бірінші-үшінші, бесінші-сегізінші, он бірінші және он екінші бөліктерінде), 168-4, 170, 170-1, 171, 172, 172-1, 172-2 (үшінші - алтыншы бөліктерінде), 173 (бірінші, үшінші - бесінші, жетінші - он бесінші бөліктерінде), 174, 175 (бiрiншi, үшінші және төртінші бөлiктерінде), 175-1, 175-2, 179-3, 191, 193, 194, 194-1, 195, 195-1, 196, 196-1, 197-1, 199, 201, 201-1, 218, 357-2 (бiрiншi бөлiгiнде) баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.»;
37) 585-баптың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Жәбiрленушiден осы Кодекстiң 594-бабында көзделген тәртiппен куә ретiнде жауап алынуы мүмкiн. Егер жәбiрленушi заңды тұлға болса, куә ретiнде оның өкiлiнен жауап алынуы мүмкiн.»;
38) 587-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«587-бап. Заңды тұлғаның өкілдері
1. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан немесе жәбiрленушi болып табылатын заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды оның өкiлдерi жүзеге асырады.
2. Заңды тұлғаның атынан іс-әрекет жасайтын заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы заңды тұлғаның заңды өкiлi болып табылады. Заңды тұлғаның заңды өкiлiнің өкiлеттiктерi оның қызметтiк жағдайын куәландыратын құжаттармен расталады.
Заңды тұлғаның мүддесін білдіретін өзге де тұлғалар тапсырма бойынша өкілдер болып табылады, олардың өкілеттіктері заңды тұлғаның атқарушы органы заңды тұлғаның атынан беретін және атқарушы органның басшысы қол қоятын сенімхатта айқындалады.
3. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлға және жәбірленуші өкiлдерінің өздері өкілдері болып отырған тұлғаларға қатысты осы Кодексте көзделген құқықтары болады және міндеттерді өз мойнына алады.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлға өкiлiнiң қатысуымен қаралады. Аталған адамға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiстi түрде хабарланғаны туралы деректер болған жағдайларда ғана, егер одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiшхат түспесе, iс оның өзi болмаған кезінде қаралуы мүмкiн.
5. Жасалуы әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болған затты тәркiлеу немесе ақысын төлеп алып қою не әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстердi (дивидендтердi), ақшаны және бағалы қағаздарды тәркiлеу түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын заңды тұлға өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
6. Заңды тұлғаның өкiлi iстi жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда аталған адамға iстi жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негiзiнде iшкi iстер органының (полицияның) алып келуi қолданылуы мүмкiн.»;
39) 590-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қорғаушыны, өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам, оның өкiлдерi, сондай-ақ өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамның тапсыруымен немесе келiсуiмен басқа да адамдар шақырады. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам қорғау үшiн бiрнеше қорғаушы шақыруға құқылы.»;
40) 601-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Сарапшы мен аудармашы, егер: олардың біліксіз екені анықталса; олар әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылып жатқан адаммен, жәбiрленушiмен, олардың өкiлдерiмен, қорғаушысымен, өкiлiмен, осы iстi жүргiзiп жатқан прокурормен, судьямен, алқалы органның мүшесiмен немесе лауазымды адаммен туыстық қатынастарда болса не, егер олар бұрын осы iстi жүргiзуге өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, сол сияқты, егер бұл адамдарды осы iске жеке өз басы, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп есептеуге негiздер болса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысуға жiберiлмейдi.»;
41) 619-бапта:
бірінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманың жасалуы не қорғау нұсқамасының шығарылуы мiндеттi болып, оларды сол болған жерiнде жасау мүмкiн болмаса, хаттама жасау не, егер қорғау нұсқамасын шығару мақсатында жеке тұлғаны, заңды тұлғаның өкiлiн мына жағдайларда:»;
төртінші бөлік мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
«Адамды әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін оны көзделген мерзімде жеткізуді жүзеге асыру мүмкін болмаған кезде өтініш беруші органның (лауазымды адамның) атына жеткізілмеу себептері көрсетіліп, жазбаша хабарлама жіберіледі.»;
42) 625-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Кодекстiң 618-бабында көзделген жағдайларда, өздерiне қатысты әкiмшiлiк iс жүргiзiлiп жатқан жеке тұлғаны не заңды тұлғаның өкiлiн, әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылушы кәмелетке толмаған адамның заңды өкiлiн алып келу жүргізіледі.»;
43) 627-баптың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Көлiк құралдарын, шағын көлемді кемелердi тексеру туралы хаттама жасалады. Бұл хаттаманың көшiрмесi тексерiлген көлiк құралдарын, шағын көлемдi кемелердi иеленушi адамға не оның өкiлiне немесе заңды негiзде көлiк құралын, шағын көлемдi кеменi жүргiзетiн адамға тапсырылады.»;
44) 627-2-баптың оныншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Тексеру хаттамасының көшірмесі өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адамға не оның өкіліне тапсырылады.»;
45) 628-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Заттар мен құжаттарды алып қою туралы хаттама жасалып, оның көшiрмесi өзiне қатысты iс жүргiзiлiп жатқан адамға немесе оның өкiлiне тапсырылады не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға тиiстi жазба жасалады.»;
46) 631-бапта:
төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Заңды тұлғаға тиесiлi аумақтарды, үй-жайларды, тауарларды, өзге де мүлiктi, сондай-ақ тиiстi құжаттарды тексеру хаттамасында оның жасалған күнi мен орны, хаттама жасаған адамның лауазымы, тегі және аты-жөнi, тиiстi заңды тұлға туралы, сондай-ақ оның өкiлiнің не өзге қызметкерiнің жеке басы туралы мәлiметтер, тексерiлген аумақтар мен үй-жайлар, тауарлар мен басқа да заттардың түрлерi, саны, өзге де сәйкестік белгiлерi, құжаттардың түрлерi мен деректемелері туралы мәлiметтер көрсетiледi.»;
алтыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Заңды тұлғаға тиесiлi аумақтарды, үй-жайларды, тауарларды, өзге де мүлiктi, сондай-ақ тиiстi құжаттарды тексеру хаттамасына оны жасаған лауазымды адам, оның өкiлi не кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда заңды тұлғаның өзге қызметкерi, сондай-ақ куәгерлер қол қояды. Аталған заңды тұлғаның өкiлi немесе өзге қызметкерi хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда онда тиiстi жазба жасалады.»;
47) 632-1-бапта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Заңды тұлғаға тиесілі әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралдары не нысанасы болған тауарларға, көлiк құралдарына және өзге де мүлiкке тыйым салу өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы, оларға билік етуге (ал қажет болған жағдайларда пайдалануға да) тыйым салынғаны туралы iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң осы шарасы қолданылған заңды тұлғаның өкiлiне хабарлана отырып, аталған тауарлардың, көлiк құралдарының және өзге де мүлiктiң тiзiмдемесi болып табылады және, егер осы тауарларды, көлiк құралдарын және өзге де мүлiктi алып қою мүмкiн болмаған және (немесе) олардың сақталуын алып қоймай қамтамасыз ету мүмкiн болатын жағдайда қолданылады. Тыйым салынған тауарлар, көлiк құралдары және өзге де мүлiк тыйым салған лауазымды адам тағайындаған басқа да адамдардың жауапкершілікпен сақтауына берiлуi мүмкiн.»;
алтыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Заңды тұлғаға тиесiлi тауарларға, көлiк құралдарына және өзге де мүлiкке тыйым салу туралы хаттаманың көшiрмесi өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң осы шарасы қолданылған заңды тұлғаның өкiлiне тапсырылады.»;
48) 633-бапта:
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Өзiне қатысты iс жүргiзудi қамтамасыз ету шаралары қолданылған адамның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету үшiн қажеттi тиiстi хаттамалар мен өзге де материалдардың көшiрмелерi жеке тұлғаның немесе заңды тұлға өкiлiнiң талабы бойынша оған дереу тапсырылады.»;
алтыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Ұйғарымның көшiрмесi жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаның өкiлiне дереу тапсырылады, ал бұл адамдар болмаған жағдайда оларға ұйғарым шығарылған күннен бастап бір тәулiк iшiнде жiберiледi.»;
49) 635-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«635-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама
1. Осы Кодекстiң 639-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалғаны туралы хаттаманы оған уәкiлеттi лауазымды адам жасайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамада оның жасалған күнi мен орны, хаттаманы жасаған адамның лауазымы, тегі және аты-жөнi; өзiне қатысты ic қозғалған адам туралы мәлiметтер (жеке тұлғалар үшiн - тегi, аты, әкесiнiң аты (болған кезде), туған күнi, тұрғылықты жерi, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелері, сәйкестендіру нөмiрi, тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер, жұмыс орны; заңды тұлғалар үшiн - атауы, орналасқан жері, заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелу (қайта тіркелу) нөмiрi және күнi, сәйкестендіру нөмiрi және банк деректемелері); әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалған орны, уақыты мен мәнi; осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнiң 2-бөлімінің осы құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылық көзделетiн бабы; егер олар бар болса, куәлардың және жәбiрленушiлердiң тегi, аты, әкесiнiң аты (болған кезде), мекенжайы; өзiне қатысты iс қозғалған жеке тұлғаның не заңды тұлға өкiлiнiң түсiнiктемесi; егер ол әкiмшiлiк құқық бұзушылықты анықтау және тіркеп жазу кезiнде пайдаланылса, метрологиялық салыстырып тексерудiң атауы, нөмiрi, күнi, техникалық құралдың көрсеткіштері; iстi шешу үшiн қажеттi өзге де мәлiметтер көрсетiледi, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау фактiсiн растайтын құжаттар қоса берiледi.