10. Жәбiрленушi жауап беруден бас тартқаны үшiн және қасақана жалған айғақ бергенi үшiн заңдарға сәйкес қылмыстық жауапқа тартылады.
11. Зардабы адамның қайтыс болуына жеткiзген қылмыстар туралы iстер бойынша жәбiрленушiнiң осы бапта көзделген құқықтарын қайтыс болған адамның жақын туыстары жүзеге асырады. Егер жәбiрленушiнiң құқықтарын беруге туыстарының қаза табуына байланысты қылмыспен моральдық зиян келтiрiлген бiрнеше адам үмiткер болып отырса, олардың бәрi не олардың арасындағы келісім бойынша олардың бiреуi жәбiрленушi болып таныла алады.
12. Қылмыспен моральдық немесе мүлiктiк зиян келтiрiлген заңды тұлға жәбiрленушi болып танылуы мүмкiн. Бұл жағдайда жәбiрленушiнiң құқықтары мен мiндеттерiн заңды тұлғаның өкiлi жүзеге асырады.
76-бап. Жеке айыптаушы
1. Жеке айыптау iсi бойынша сотқа шағым берген және сотта айыптауды қолдаған адам, сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда сотта айыптауды дербес қолдаушы жариялы және жеке-жариялы айыптау iсi бойынша жәбiрленушi жеке айыптаушы болып табылады.
2. Жәбiрленушi кәмелетке толмаған немесе әрекет қабiлетi жоқ жағдайда өтiнiш, сұрау бiлдiрген немесе шағым берген оның заңды өкiлi жеке айыптаушы болып саналады.
3. Жеке айыптаушы жәбiрленушiнiң барлық құқықтарын пайдаланады және барлық мiндеттерiн алады, сондай-ақ осы Кодекстiң 393-бабының үшiншi, төртiншi және алтыншы бөлiктерiнде көзделген құқықтарға ие болады.
4. Жеке айыптаушы оған тиесiлi құқықтарды пайдаланады және өзiне жүктелген мiндеттердi жеке немесе, егер ол құқықтар мен мiндеттердiң сипатына сәйкес келсе, өкiл арқылы атқарады.
2009.07.04. № 149-IV ҚР Заңымен 77-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
77-бап. Азаматтық талапкер
1. Өзiне қатысты тiкелей қылмыспен мүлiктiк залал келтiрiлдi деп ұйғаруға жеткiлiктi негiз бар және оны өтеу туралы талап қойған жеке және заңды тұлға азаматтық талапкер болып танылады. Азаматтық талапкер моральдық зиянды мүлiктiк өтеу үшiн де талап қоя алады. Прокурор заңдарда көзделген жағдайларда өз бастамашылығы бойынша жеке немесе заңды тұлғаны азаматтық талапкер деп тануға құқылы.
2. Азаматтық талапкер деп тану немесе көрсетiлген iс жүргiзу жағдайында болу үшiн негiздер болмаған жағдайда тұлғаның азаматтық талапкер ретiнде iске қатысуын тоқтату туралы шешiмдi қылмыстық процестi жүргiзушi орган қабылдайды, ол туралы тиiстi қаулы шығарады.
3. Кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ заңда белгiленген тәртiппен әрекет қабiлетi жоқ деп танылған адамдардың мүдделерiн қорғауға азаматтық талапты олардың заңды өкiлдерi қоюы мүмкiн.
4. Азаматтық талапкер өздерi қойған талапты қолдау мақсатында: айыптаудың мәнiн бiлуге; дәлелдердi ұсынуға; қойылған талап бойынша түсiнiктеме беруге; қылмыстық iске қосу үшiн материалдар ұсынуға; өтiнiштер мен қарсылықтар мәлiмдеуге; ана тілінде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ пен түсiнiктеме беруге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; өкiлi болуына; өзiнiң қатысуымен жүргiзiлетiн тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға; тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен өзiнiң өтiнiшi бойынша немесе өкiлiнiң өтiнiшi бойынша жүргiзiлген тергеу әрекеттерiне қатысуға; тергеу аяқталғаннан кейiн азаматтық талапқа қатысты iстiң материалдарымен танысуға және одан кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға; өзiнiң мүддесiн қозғайтын қабылданған шешiмдер туралы бiлуге және мәлiмделген азаматтық талапқа қатысты iс жүргiзу шешiмдерiнiң көшiрмелерiн алуға; кез келген сатыдағы сотта iстi соттың талқылауына қатысуға; сот жарыссөздерiнде сөйлеуге; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер беруге; қылмыстық процестi жүргiзушi органның әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым жасауға; азаматтық талапқа қатысты бөлiгiнде соттың үкімі мен қаулыларына шағымдануға; азаматтық талап бөлiгiнде iс бойынша жасалынған шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылық бiлдiруге; мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға; осы Кодекстiң 75-бабының жетiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда қылмыспен келтiрiлген залалға мемлекеттiң есебiнен өтемақы алуға; қауіпсіздік шараларын қолдану туралы мәлімдеуге құқығы бар.
5. Азаматтық талапкердiң осы Кодекстiң 75-бабының сегiзiншi бөлiгiнде көзделгендей мiндеттерi болады.
6. Азаматтық талапкердiң заңмен көзделген басқа да құқықтары бар және басқа да мiндеттерi болады.
2009.07.04. № 149-IV ҚР Заңымен 78-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
78-бап. Азаматтық жауапкер
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудiң барысында қойылған талапқа байланысты заң күшiмен қылмыспен не есi кiресiлi-шығасылы адамның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiмен тыйым салынған әрекетiмен келтiрiлген зиян үшiн мүлiктiк жауаптылықта болатын жеке немесе заңды тұлға азаматтық жауапкер болып табылады.
2. Азаматтық жауапкер деп тану немесе адамның көрсетiлген iс жүргiзу жағдайында болуы үшiн негiздер болмаған жағдайда азаматтық жауапкер ретiнде процеске қатысуын тоқтату туралы шешiмдi қылмыстық процестi жүргiзушi орган қабылдайды, ол туралы тиiстi қаулы шығарады.
3. Азаматтық жауапкердiң оған қойылған талапқа байланысты өзiнiң мүдделерiн қорғау мақсатында: айыптау мен азаматтық талаптың мәнiн бiлуге; талапқа қарсылық бiлдiруге; ұсынылған талаптың мәнi бойынша түсiнiктеме мен айғақ беруге; өкiлi болуына; қылмыстық iске қосу үшiн материалдар ұсынуға; өтiнiштер мен қарсылықтар бiлдiруге; тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң азаматтық талапқа қатысты материалдарымен танысуға және кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға; өзiнiң мүддесiн қозғайтын қабылданған шешiмдер туралы бiлуге және мәлiмделген азаматтық талапқа қатысты iс жүргiзу шешiмдерiнiң көшiрмелерiн алуға; кез келген сатыдағы соттағы iстiң сотта талқылауына қатысуға; сот жарыссөздерiнде сөйлеуге, қылмыстық процестi жүргiзушi органның әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым әкелуге; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер беруге; азаматтық талапқа қатысты бөлiгiнде соттың үкімі мен қаулысына шағымдануға; азаматтық талапқа қатысты бөлiгiнде iс бойынша келтiрiлген наразылықтар мен шағымдар туралы бiлуге және оларға қарсылық бiлдiруге; мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға; қауіпсіздік шараларын қолдану туралы мәлімдеуге құқығы бар.
4. Азаматтық жауапкердiң осы Кодекстiң 75-бабының жетiншi бөлiгiнде көзделгендей мiндеттерi болады.
5. Азаматтық жауапкердiң заңда көзделген басқа да құқықтары бар және басқа да мiндеттерi болады.
79-бап. Кәмелетке толмаған айыпталушының, сезiктiнiң заңды өкiлдерi
Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар туралы iстер бойынша iске қатысуға осы Кодексте көзделген тәртiппен олардың заңды өкiлдерi тартылады.
2009.11.12. № 230-IV Заңымен 80-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
80-бап. Жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке айыптаушының өкiлдерi
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке айыптаушының заңды мүдделерiн бiлдiруге заң күшiмен құқығы бар және қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысымен iске қатысуға рұқсат етiлген адвокаттар мен өзге де адамдар жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке айыптаушының өкiлдерi болуы мүмкiн.
2. Кәмелетке толмаған немесе өзінің дене немесе психикалық жағдайы бойынша өз құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғау мүмкіндігінен айырылған жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін іске міндетті түрде қатысуға олардың заңды өкілдері мен өкілдері тартылады.
Мұндай жағдайларда жәбірленушінің өкілі ретінде жәбірленуші не оның заңды өкілі таңдаған адвокатқа рұқсат беріледі. Егер жәбірленушінің өзі немесе оның заңды өкілі адвокат шақырмаған жағдайда, адвокаттардың кәсіби ұйымы немесе оның құрылымдық бөлімшелері үшін міндетті қаулы шығару жолымен қылмыстық процесті жүргізуші орган адвокаттың қатысуын қамтамасыз етеді. Қылмыстық процесті жүргізуші орган нақты адвокатты қорғаушы ретінде шақыруға ұсыным беруге құқылы емес.
Жәбірленушіде немесе оның заңды өкілінде қаражат болмаған жағдайда, адвокаттың еңбегіне ақы төлеу осы Кодексте белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
3. Жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке айыптаушының заңды өкiлдерi мен өкiлдерiнiң өздерi өкiлi болып отырған жеке және заңды тұлғалардiкiндей, осы Кодексте көзделген шектерде, iс жүргiзу құқығы болады.
4. Жәбiрленушi, азаматтық талапкер, жеке айыптаушы өкiлiнiң өзi өкiлi болып отырған процеске қатысушының мүдделерiне қайшы қандай да болсын әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
5. Жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке айыптаушының iске өзiнiң қатысуы олардың осы iс бойынша өкiлге ие болу құқығын жоймайды.
81-бап. Азаматтық жауапкердiң өкiлдерi
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуде азаматтық жауапкердiң заңды мүдделерiн бiлдiруге заң күшiмен құқығы бар және қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысымен iске қатысуға рұқсат етiлген адвокаттар және өзге де адамдар азаматтық жауапкердiң өкiлдерi болып танылады.
2. Азаматтық жауапкер өкiлдерiнiң өздерi өкiлi болып отырған жеке және заңды тұлғалардiкiндей iс жүргiзу құқығы болады.
3. Азаматтық жауапкер өкiлiнiң өзi өкiлi болып отырған процеске қатысушының мүдделерiне қайшы қандай да болмасын әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
4. Азаматтық жауапкердiң iске өзiнiң қатысуы олардың осы iс бойынша өкiлге ие болу құқығын жоймайды.
10-тарау. Қылмыстық процеске қатысушы өзге де адамдар
11.07.01 ж. № 238-II; 2004.28.12 № 24-III; 2006.16.01. № 122-III (бұр. ред. қара) (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2009.07.04. № 149-IV (бұр.ред.қара); 2009.11.12. № 230-IV (бұр.ред.қара); 2011.28.01. № 402-IV ҚР (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 82-бап өзгертілді; 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 82-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
82-бап. Куә
1. Айғақ беру үшiн куә ретiнде iс үшiн маңызы бар қандай да болсын мән-жай белгiлi болуы мүмкiн кез келген адам шақырылуы және одан жауап алынуы мүмкiн.
2. Куә ретiнде жауап алуға:
1) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысуына байланысты, сондай-ақ сот шешiмiн шығару кезiнде туындаған мәселелердi кеңесу бөлмесiнде талқылау барысында өздеріне белгiлi болған қылмыстық iстiң мән-жайлары туралы - судья, алқаби;
1-1) аралық судьяның немесе төрешiнiң мiндеттерiн атқаруға байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы - аралық судья немесе төрешi;
2) қылмыстық iс бойынша өзiнiң мiндеттерiн орындауына байланысты өзiне белгiлi болған жағдайлар туралы - сезiктiнiң, айыпталушының қорғаушысы, сонымен бiрдей жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және азаматтық жауапкердiң өкiлi, сондай-ақ куәнің адвокаты;
3) оған iшкi сырын ашу кезiнде белгiлi болған мән-жайлар туралы дiни қызметшi;
4) өзiнiң жасының толмауына не психикалық немесе дене кемiстiктерiне орай iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс түсiнуге және олар туралы жауап беруге қабiлетсiз адамдар;
5) заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, медиацияны жүргізуге байланысты оған белгілі болған мән-жайлар туралы - медиатор жатпайды.
3. Куәнiң: қылмыстық жазаланатын әрекет немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн оның өзi, жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары үшiн iзiне түсуге әкеп соқтыратын айғақ беруден бас тартуға; өзiнiң ана тілінде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ беруге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; одан жауап алуға қатысушы аудармашыға ескерту жасауға; жауап алу хаттамасына айғақтаманы өз қолымен жазуға; жауап алуға дейiн оны күдiктi деп тану туралы өтініш жасауға; анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың және соттың iс-әрекетiне шағым жасауға, өз құқықтары мен заңды мүдделерiне қатысты, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге құқығы бар. «Куә, егер адвокаттың іске қандай да бір басқа жағдайда қатысы болмаса, адвокаттың қатысуымен айғақ беруге құқылы. Адвокаттың келмеуі жауап алуды тергеуші белгілеген уақытта жүргізуге кедергі келтірмейді. Куәның алдын ала тергеуге және сотқа қатысуына байланысты оған келтiрiлген шығыстарды өтеу қамтамасыз етiледi.
4. Куә: анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың және соттың шақыруы бойынша келуге; iс бойынша барлық өзiне белгiлi жайларды шын хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге; егер оған анықтаушы, тергеушi немесе прокурор ескерткен болса, өзiне iс бойынша белгiлi мән-жайлар туралы мәлiметтi жарияламауға; тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде және сот отырысы кезiнде белгiленген тәртiптi сақтауға мiндеттi.
5. Куә, осы Кодекстiң 241-бабында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, сараптамаға немесе куәландырылуға мәжбүрлеп тартылмайды.
6. Қасақана жалған жауап бергенi үшiн және жауап беруден бас тартқаны үшiн куә Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген қылмыстық жауапқа тартылады. Айғақтар беруден бас тарту немесе қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша дәлелдi себептерсiз келмеу әкiмшiлiк жауапқа тартуға әкеп соғады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II 06.11.01 ж. № 251-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 2009.07.04. № 149-IV (бұр.ред.қара) Заңдарымен 83-бап өзгертілді; 2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 83-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
83-бап. Сарапшы
1. Арнаулы ғылыми білімі бар, іске мүдделі емес адам сарапшы ретінде шақырылуы мүмкін. Сараптама жүргізу тапсырылуы мүмкін адамға қойылатын өзге де талаптар осы Кодекстің 243-бабының бірінші бөлігінде белгіленеді.
2. Сарапшыны шақыру, сараптама тағайындау және жүргізу осы Кодекстің 32-тарауында, сондай-ақ 354-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Сарапшының:
1) сараптама нысанасына қатысты іс материалдарымен танысуға;
2) қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды өзіне беру туралы, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге;
3) қылмыстық процесті жүргізуші органның рұқсатымен іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге және сот отырысына қатысуға және оларға қатысушы адамдарға сараптама нысанасына қатысты сұрақтар қоюға;
4) өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеттері мен айғақтарының толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаларға енгізілуге тиісті ескертпелер жасауға;
5) сараптама тағайындаған органның келісімі бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, іс үшін маңызы бар, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда қамтылған мәселелердің шегінен тыс мән-жайлар бойынша өз құзыреті шегінде қорытынды беруге;
6) ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашыдан бас тартуды мәлімдеуге;
7) сараптама жүргізу кезінде қылмыстық процесті жүргізуші органның және іс бойынша іс жүргізуге қатысушы өзге де адамдардың өзінің құқықтарына нұқсан келтіретін шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасауға;
8) сараптама жүргізу кезінде шеккен шығыстарға өтем және егер сот сараптамасын жүргізу өзінің лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
4. Сарапшы:
1) қылмыстық процесті жүргізуші органды хабардар етпестен, процеске қатысушылармен сараптама жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге;
2) зерттеу үшін материалдарды дербес жинауға;
3) егер сараптама тағайындаған органның бұған арнайы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға не олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқылы емес.
5. Сарапшы:
1) қылмыстық процесті жүргізуші органның шақыртуы бойынша келуге;
2) өзіне ұсынылған объектілерге жан-жақты, толық және объективті зерттеу жүргізуге, қойылған мәселелер бойынша негізделген және объективті жазбаша қорытынды беруге;
3) осы Кодекстің 252-бабында көзделген жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға және қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы дәлелді жазбаша хабарлама жасауға және оны қылмыстық процесті жүргізуші органға жіберуге;
4) жүргізілген зерттеуге және берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге;
5) зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге;
6) істің мән-жайы туралы мәліметтерді және сараптама жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге;
7) сараптама тағайындаған органға сараптама жүргізуге байланысты шығыстардың сметасын және келтірілген шығыстар туралы есепті табыс етуге міндетті.
6. Сарапшы көрінеу жалған қорытынды бергені үшін заңда белгіленген қылмыстық жауаптылықта болады.
7. Сот сараптамасы органының қызметкері болып табылатын сарапшы өз қызметінің сипатына қарай өзінің құқықтарымен және міндеттерімен танысқан және көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілген деп есептеледі.»;
05.05.00 ж. № 47-II ҚР Заңымен; 21.12.02 ж. № 363-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.07.04. № 149-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 84-бап өзгертілді
84-бап. Маман
1. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге маман ретінде қатысу үшін қылмыстық процестің қатысушыларына өзінің арнайы құзыретіне жататын түсіндіру жолымен дәлелдерді жинауда, зерттеуде және бағалауда, сондай-ақ ғылыми-техникалық құралдарды қолдануда жәрдем көрсету үшін қажетті арнаулы білімі бар, іске мүдделі емес адам тартылуы мүмкін. Кәмелетке толмағандар қатысатын тергеуге және өзге де iс жүргiзу әрекеттерiне қатысушы педагог те, сондай-ақ оны сарапшы етiп тағайындаған жағдайларды қоспағанда, тергеу және өзге де iс жүргiзу процестерiне қатысушы дәрiгер де мамандар болып табылады.
1-1. Сотқа дейінгі іс жүргізуде зерттеу жүргізу және қорытынды алу қажет болған кезде Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары уәкілетті бөлімшесінің қызметкері маман ретінде тартылуы мүмкін.
Тараптар маманның қорытындысымен келіспеген кезде қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындайды.
2. Маманның: өзiнiң шақырылу мақсатын бiлуге; егер тиiстi арнаулы білімi мен дағдысы болмаса, iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға; қылмыстық процестi жүргiзушi органның рұқсатымен тергеу немесе сот әрекетiне қатысушыларға сұрақтар қоюға; олардың назарын дәлелдемелерді жинауға, зерттеу мен бағалауға жәрдемдесу және ғылыми-техникалық құралдарды қолдану, iстiң материалдарын зерттеу, сараптама тағайындау үшiн материалдарды дайындау кезiнде өзiнiң iс-әрекетiне байланысты мән-жайларға аударуға; салыстырма зерттеулерді қоспағанда, осы баптың 1-1-бөлігінде көзделген жағдайлардан басқа, тергеу немесе сот әрекетiнiң шеңберiнде оның барысы мен нәтижелерiн осы Кодекстiң 203-бабының сегiзiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен қылмыстық iске қосылатын хаттамада не ресми құжатта көрсету арқылы iстiң материалдарына объектiлердiң толық немесе iшiнара жойылуына не сыртқы түрiнің немесе негiзгi қасиеттерiнiң өзгеруiне әкеп соқпайтын зерттеулер жүргiзуге; өзi қатысқан тергеу әрекетiнiң хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиiстi бөлiгiмен танысуға және өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген әрекеттердiң барысы мен нәтижелерiнiң көрсетiлуiнiң толықтығы мен дұрыстығына қатысты хаттамаға енгізуге жататын мәлiмдемелер мен ескертпелер жасауға; қылмыстық процестi жүргiзушi органның iс-әрекетiне шағым жасауға; аудармашыдан бас тартуды, қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге; өзiнiң тергеу немесе сот әрекеттерiне қатысуына байланысты өзiне келтiрiлген шығындарға өтем және егер iс бойынша iс жүргiзу оның қызметтiк мiндеттерiнiң шеңберiне кiрмейтiн болса, орындалған жұмыс үшiн сыйақы алуға құқығы бар.
3. Маман: қылмыстық iстi жүргiзушi органның шақыртуы бойынша келуге; дәлелдемелерді жинауға, зерттеу мен бағалауға көмек көрсету үшін арнаулы білімiн, дағдысын және ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу мен сот талқылауына қатысуға; өзi орындаған iс-әрекеттер жөнiнде түсiнiктеме беруге, ал осы баптың 1-1-бөлігінде көзделген жағдайда зерттеу жүргізуге және қорытынды беруге; өзiне iске қатысуына байланысты белгiлi болған iстiң мән-жайлары туралы мәлiметтердi және өзге де мәлiметтердi жарияламауға; тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде және сот отырысы уақытында тәртiп сақтауға мiндеттi.
4. Өзiнiң мiндеттерiн орындаудан дәлелдi себептерсiз бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн маман әкiмшiлiк жауапқа тартылады. Көрінеу жалған қорытынды берген жағдайда маман заңда белгіленген қылмыстық жауаптылықта болады.
2009.07.04. № 149-IV ҚР Заңымен 85-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
85-бап. Аудармашы
1. Аударма жасау үшiн қажет тiлдi меңгерген және сезiктi, айыпталушы, сотталушы, олардың қорғаушылары не жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкiлдерi, сондай-ақ куәлар және өзге де процеске қатысушылар iс бойынша iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмеген жағдайларда, сонымен бiрге жазбаша құжаттарды аудару үшiн тергеу және сот iс-әрекеттерiне қатысуға тартылған iске мүдделi емес адам аудармашы ретiнде шақырылады.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган адамды аудармашы етiп тағайындау туралы қаулы шығарады.
3. Аудармашының: аударманы жүзеге асыру кезiнде қатысушыларға аударманы нақтылау үшiн сұрақтар қоюға; жүргiзуiне өзi қатысқан тергеу немесе өзге де iс жүргiзу iс-әрекеттерiнiң хаттамасымен, сондай-ақ тиiстi бөлiгiнде сот отырысының хаттамасымен танысуға және аударманың толықтығы мен дұрыстығына қатысты хаттамаға енгізуге жататын ескертпелер жасауға; егер оның аудару үшiн қажеттi білімi болмаса, iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға; қылмыстық процестi жүргiзушi органның iс-әрекетiне шағым жасауға; тергеу және өзге де iс жүргiзу iс-әрекетiне қатысуына байланысты өзiне келтiрiлген шығындарға өтем және егер iс бойынша iс жүргiзуге қатысу оның қызметтiк мiндетiнiң шеңберiне кiрмейтiн болса, орындалған жұмысы үшiн сыйақы алуға; қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге» құқығы бар.
4. Аудармашы: қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуге; өзiне тапсырылған аударманы дәл және толық орындауға; оның қатысуымен жүргiзiлген тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасында, сондай-ақ процеске қатысушыларға олардың ана тiліндегі немесе олар бiлетiн тiлдегi аудармасында тапсырылатын iс жүргiзу құжаттарында аударманың дұрыстығын өзiнiң қолымен куәландыруға; аудармашы ретiнде тартылуына байланысты өзiне белгiлi болған iстiң жағдайы туралы мәлiметтердi немесе өзге де деректердi жарияламауға; тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу кезiнде және сот отырысы уақытында тәртiп сақтауға мiндеттi.
5. Аудармашы дәлелдi себептерсiз келуден немесе өзiнiң мiндетiн орындаудан бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн әкiмшiлiк жауапқа тартылады. Қасақана дұрыс аудармаған жағдайда аудармашы қылмыстық жауапқа тартылады.
6. Осы баптың ережелерi iс бойынша iс жүргiзуге қатысу үшiн шақырылған, мылқау немесе саңырау адамдардың белгiлерiн түсiнетiн адамдарға қолданылады.
2009.07.04. № 149-IV ҚР Заңымен 86-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
86-бап. Куәгер
1. Қылмыстық iзге түсу органы осы Кодексте көзделген жағдайда тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу фактiсiн, оның барысы мен нәтижелерiн куәландыру үшiн тартқан адамдар куәгерлер болып табылады.
2. Өздерiнiң қатысуымен болып жатқан iс-әрекеттердi толық және дұрыс қабылдауға қабiлеттi, iске мүдделi емес және қылмыстық iзге түсу органдарына тәуелсiз кәмелеттiк жастағы азаматтар ғана куәгерлер бола алады.
3. Тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзуге кемiнде екi куәгер қатысады.
4. Куәгердiң: тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзуге қатысуға; тергеу iс-әрекетi жөнiнде хаттамаға енгізуге жататын мәлiмдемелер мен ескертулер жасауға; өзi қатысқан тергеу iс-әрекетiнің хаттамасымен танысуға; қылмыстық ізге түсу органының іс-әрекетіне шағым жасауға; қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде өзiне келтiрiлген шығындарға өтем алуға; қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге құқығы бар.