7) аралас екпелерде шыршаның көлеңкеленуін жою мақсатында орман шымылдығын біркелкi сирету жүргiзiледi. Жұмсақ жапырақты тұқымдардың артық қоспасы шауып тасталады және олардың орман құрамына қатысуы 3-4 бірлікке дейiн азайтылады. Екпелердiң жуандығын 0,7-ден кем мөлшерге төмендетуге жол берiлмейдi;
8) жоғарғы шымылдығы жапырақты тұқымдардан және төменгісi шырша мен майқарағайдан тұратын күрделi екпелерде жапырақты тұқымдардың қатысуымен қылқанжапырақты екпелер қалыптастырылады. Жоғарғы қабатты сирету бүкiл аудан бойынша біркелкi немесе басты тұқымдар шоғыр-шоғыр болып орналасқан жағдайда жеке топтармен жүргiзiледi. Бір мезгілде бойлап өспей қалған, ауру және құрып бара жатқан ағаштарды шабу есебiнен басты тұқымдар қабатында да баяу қарқынды күтiп-баптау жүргiзiледi.
Ағаш шабудың қарқындылығы шырша мен майқарағайдың күйзелiске ұшырау дәрежесіне байланысты. Аз күйзелiске ұшыраған жағдайда қарқындылығы күштi ағаш кесу пайдаланылады;
9) жуандығы жоғары дәрежедегi таза шыршалы және майқарағайлы екпелерде өтпелi ағаш кесу таңдаулы ағаштардың өсуіне бөгет жасайтын нашар ағаштарды шабу жолымен жүргiзiледi. Екпелердiң жуандығын 0,8-ден кем мөлшерде төмендетуге жол берiлмейдi.
Аралас екпелерде олар таңдаулы қылқан жапырақты ағаштарды күтiп-баптау мақсатын көздейдi. Жапырақты ағаш тұқымдарының қоспасы шабылады және екпе құрамында 2 бірлікке дейiн жеткiзiледi.
Жоғарғы қабатта жапырақты ағаш тұқымдары қатысатын күрделi екпелерде өтпелi ағаш кесу кезiнде шырша мен майқарағайдың таңдаулы ағаштарын баптап-күту жұмыстары жүргізiледi. Жапырақты ағаштар қоспасы екпе құрамында 2 бірлікке дейiн азайтылады. Бір мезгiлде қайта жаңғыртуды қамтамасыз ету мақсатында майда тоғайларды сирету жүргізiледi.
Аралас және күрделi екпелерде екпелердiң жуандығын 0,7 кем мөлшерде төмендетуге жол берiлмейдi.
119. Қайың екпелерiнде күтіп-баптау мақсатында ағаш кесу 14-кестеде келтiрiлген көрсеткiштер ескерiле отырып жүзеге асырылады:
1) бұтақшалы қайың ормандарын қылқан жапырақты тұқымдар (қарағай, майқарағай және шырша) араласқан тұқымдық аралас және күрделi екпелерге көшiру мақсатында жүзеге асырылады. Қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының өскiні мен шыбықтарының мөлшерiне және оларды алқап бойынша орналастыру сипатына байланысты күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудiң біркелкi, белдеулiк немесе шоғырлық тәсiлдерi қолданылады. Ойпат жерлерде өсетiн орманды дала аймағының шоқ ағашты қайындықтарында күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу де желдiң өтiн азайту жолымен олардың астындағы учаскелердi тұщыландыруға олардың ықпалын күшейту мақсатында пайдаланылады (жоғарғы әдiспен), ал қалған шоқ ағашты қайыңдықтарда керiсiнше оларды қардың біркелкi бөлiнуiне жәрдемдесетiн екпелердiң жел өтiне ұшырауын күшейту жолымен (төменгi әдiспен) олардың қорғаныштық мәнiн күшейту мақсатында пайдаланады;
2) таза қайың шыбықтарында оларда басқа бағалы тұқымдар болмаған жағдайда жарықтандыру әдетте жүргiзiлмейдi.
Қарағай, шырша мен майқарағай араласқан қайың талдарында жарықтандыруды басты және неғұрлым бағалы тұқымдардың (оларды таза биотоптар күйiнде қалдырған жөн) қатысуын ұлғайту және ауру, өспей қалған, зақымданған және нашар бұтақшалы қайың ағаштарын, сондай-ақ қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының көлегейлеп тастайтын ағаштарды жинау есебiнен екпелердiң қажет құрамын қалыптастыру үшiн пайдаланады;
3) тұқымдық және бұтақшалы қайың шыбықтарында тазарту артық жиiлiктi жою, бұтақшалардың кесiлген түбірде біркелкi орналасуын қамтамасыз ету және мүмкiндiгiнше тұқымнан өсiп-өнген ағаштар iшiнен таңдаулы нұсқаларды одан әрi өсiру үшiн iріктеп алу мақсатында жүргiзiледi. Оларда қылқан жапырақты және басқа да бағалы тұқымды ағаштардың қоспасын арттыруға бағытталған екпелер құрамын да күтiп-баптау одан әрi жалғасады.
Орман дақылдарында қайың 1 гектарда 6-8 мың дана болған жағдайда алғашқы ағаш кесудi өткізу кезiнде қордың 15-25 пайызын және бар ағаштардың 20-30 пайызын таңдап алу керек;
4) таза қайың екпелерiнде сирету жұмысын жүргiзу кезiнде қайыңның тұқымдық және бұтақшалы үлгiлерiнiң таңдаулы ағаштары қалдырылады. Ауру, бойлап өспей қалған және зақымданған ағаштар шабылады, қайыңның бұтақшалы ұялары сиретiледi, оларда 2-3-тен таңдаулы дiндер қалдырылады.
Аралас екпелерде таңдаулы ағаштар қайыңнан да, қоспасы екпе құрамында болуы қажет басқа тұқымдардан да iрiктеп алынады.
Өмiршең қылқан жапырақты өскiннiң жеткiлiктi мөлшерi болған жағдайда сирету арқылы қылқан жапырақты ағаш тұқымдарынан екiншi қабат қалыптастырылады, ал жоғарғы қайың шымылдығы көп мөлшерде сиретiледi, бірақ екпенiң жуандығы 0,7-ден кем мөлшерге төмендетiлмейдi;
5) өтпелi кесу қайың екпелерiнде сиретуге ұқсас жүргiзiледi. Таза қайың ормандарында өтпелi кесу кезiнде қайыңның таңдаулы тұқымдық және бұтақшалы ағаштарын күтiп-баптау жалғаса бередi. Аралас қайың ормандарында таңдаулы ағаштар сонымен бірге екпе құрамына қатысуы жөн болатын қылқан жапырақты және басқа да бағалы тұқымдар iшiнен iрiктеп алынады. Өсiп тұрған майда тоғай күтіп-баптау кезiнде сақталады, ал қажет болған жағдайда - жасартылады.
120. Көктерек екпелерiнде күтіп-баптау мақсатында ағаш кесу 15-кестеде келтiрiлген көрсеткiштер ескеріле отырып жүзеге асырылады:
1) сүрекдiңдердi сауықтыру және таза көктерек тоғайларын қылқан жапырақты ағаш тұқымдары қатысатын аралас екпелерге ауыстыру мақсатында барлық қылқанжапырақты ағаштарды және өзегiн шiрiк шалмаған таңдаулы көктерек дарақтарын қалдыру және ауру, бойлап өспей қалған үлгілерiн жинау жолымен жүзеге асырылады;
2) жарықтандыру қарағаймен және балқарағаймен араласқан көктерек екпелерiнде ғана жүргiзiледi. Оларды жүргiзу кезiнде қажет тұқымдарды күйзелiске ұшыраудан барынша жарықтандыру үшiн екпелер жоғары қарқынмен біркелкi сиретіледi. Зақымданған бойлап өспей қалған қисық өскен және ұшарбасы көп, бағалы тұқымдарды көлегейлеп тастайтын көктерек дарақтары шабылып, оның таңдаулы үлгiлерi қалдырылады;
3) таза көктерек екпелерiнде тазарту жүргiзілмейдi. Аралас көктерек екпелерiнде тазарту кезiнде қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының және шаруашылық тұрғыдан бағалы жапырақты ағаш тұқымдарының қоспасын, сондай-ақ көктеректiң таңдаулы сау даналарын күтiп-баптау жұмысы жүргiзiледi. Бағалы тұқымдарды көлегейлеп тастайтын көктерек шабылады. Көктерек шымылдығы астында қылқан жапырақты ағаш тұқымдары өскiнiнiң жеткiлiктi мөлшерi болған жағдайда осы шыбықтарды қылқан жапырақты-жапырақты екпелерге ауыстыру мақсатында көктерек шымылдығын қатты сирету жүргізiледi;
4) аралас және таза көктерек екпелерiнде сирету жүргiзу кезiнде күтiп-баптау бағалы тұқымдар мен көктеректiң таңдаулы ағаштарына жасалады. Таңдаулы ағаштар ретiнде діңнiң пiшiнi жақсы өсу сыныбы I-II көктерек ағаштары iрiктеп алынады. 1 гектар жерге алаң бойынша біркелкi орналастырылған 3000-3200-ден аспайтын мөлшерде таңдаулы ағаштар қалдырылады;
5) өтпелi ағаш кесу негiзiнен бонитет сыныбы I-ІІ көктерек екпелерiнде жүргізiледi.
Таза көктерек екпелерiнде өтпелi ағаш кесу кезiнде көктеректiң таңдаулы ағаштарын, аралас екпелерде - бағалы тұқымдардың қоспасын және көктеректiң таңдаулы ағаштарын күтiп-баптау жалғаса бередi.
121. Жалпақ жапырақты ағаш тұқымдары (емен, шаған, шегіршiн) қатысатын екпелерде күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудiң барлық түрi басты тұқымдардың сақталуын қамтамасыз ету және оларға қатысуын көбейту мақсатында жүргiзiледi:
1) оларда жарықтандыру жүргiзу кезiнде басты тұқымдар төбесiнiң көлеңкеленуiн жою, бірақ бүйiрiнiң көлеңкеленуiн («тонын») сақтау қажет;
2) бұдан бұрын күтіп-баптау жүргізiлмеген, жоғарғы шымылдығы екiншi дәрежелi тұқымдардан (ақтерек, терек, қаратерек, ақтал) тұратын, жоғары дәрежеде пiсiп-жетілген жалпақ жапырақты ағаш тұқымдары (10-20 жыл) қатысатын шыбықтарда жоғарғы шымылдықты сирету оның қабысуын 0,4-0,5-ке дейiн төмендетiп жүргізiледi;
3) шегiршiн екпелерiнде таңдаулы ағаштарды iрiктеу кезiнде тұқымдық даналарға, ал өскiндiк екпелерде - жақсы тамырланған және дiңi мен ұшар басының пiшiнi таңдаулы ағаштарға артықшылық берiледi. Бұтақшаның ұясы сиретiледi. Айырланған, қисық өскен, ұшарбасы тым қоюланған және жуан бұтақтары бар, ұзақ тұрып қалған және орнықсыз (түбірiнде биiк тұрған) дарақтар аластатылады.
Ағаш кесу мүмкiндігінше вегетациялық кезеңнiң бас кезiнде жүргізiледi. Шегіршiннiң тiршiлiк етуге қабiлеттi даналарының жеткiлiктi мөлшерi жоқ шыбықтарда (өсiмдiктердiң көпшiлiгінде ұшарбастар тым нашар дамыған және олардың ұшарбастары қурап бара жатқан жағдайда) күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудi жоғарғы шымылдық тұқымдарынан екпелер қалыптастыруға бағдар ұстану керек.
122. Қаратерек пен ақтерек екпелерiнде күтіп-баптау мақсатында ағаш кесу көктеректермен іс жүзiнде бірдей және 16-кестеде келтiрiлген көрсеткiштер ескерiле отырып жүзеге асырылады:
1) ақтерек екпелерiнде күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудi жүргізу кезiнде төменгi бұтақтарды кесiп тастаған жөн;
2) қаратерек пен ақтерек екпелерiнде жарықтандыру әдетте жүргiзiлмейдi;
3) едәуір мөлшерде талдар қатысатын қаратерек пен ақтерек екпелерiнде тазарту негізiнен соңғыларын жинау есебiнен жүргiзiледi. Шыбықтарда таңдаулы ағаштарды iрiктеу кезiнде тұқымдық даналарға артықшылық берiледi. Бойлап өспей қалған, ауру және дiңiнiң пiшiнi нашар ағаштар аластатуға жатады. Сау ағаштар iшіндегі басқа ағаш тұқымдарының қоспасы сақталады;
4) сирету мен өтпелi ағаш кесудi жүргiзу кезiнде қаратерек пен ақтеректiң қалдырылған таңдаулы ағаштарын одан әрi күтiп-баптау жалғаса бередi;
5) терек дақылдарындағы оңтайлы құрылымға дүркін-дүркін қатты сиретудi жүргізу кезiнде қол жеткiзiледi.
Оларда күтіп-баптау мақсатында ағаш кесудi 4-5 жылда қайталай отырып 5 жастан 20 жасқа дейiн жүргiзу керек, өйткенi 20 жастан асқан екпелерде олар ерекше нәтиже бере қоймайды.
123. Ақтал екпелерiнде күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу ұзындығы бойынша жеткiлiктi дәрежеде дамыған ұшарбастары бар жақсы өскен ағаштардан тұратын сүрекдіңдер ecipуге бағытталған, ол 16-кестеде келтiрiлген көрсеткiштер ескеріле отырып жүзеге асырылады:
1) ақтал екпелерiнде жарықтандыру әдетте жүргiзiлмейдi;
2) тазарту ағаштардың ұшарбастары қосыла бастайтын және олар биiктiгi бойынша айырмашылыққа ұшырайтын 6-10 жаста жүргiзіледi. Бұл ретте бойы өспей қалған ағаштар аластатылады. Ақталдың тұқымдық дарақтары сақталып оларды көлегейлеп тастаған өскіндерден босатылады. Бұтақшалы ақтал екпелерiнде бұтақшалар тым көбейiп кеткен жағдайда оны сирету бар дiндер санының 50 пайызына дейiн жинай отырып жүргiзiледi.
Ақтал дақылдарында тазарту табиғи жас шыбықтардағы сияқты жүргiзiледi;
3) ақталдың тұқымдық сүрекдiңдерiнде сирету 11-15 жаста жүргізiледi. Оларды жүргiзу кезiнде бойлап өспей қалған, кеуiп бара жатқан, дiнi мен ұшарбасының пiшiнi нашар ағаштар аластатылады, ал бұтақшалы екпелерде - бұтақшаның қалың ұялары сиретiледi және бар тұқымдық ақталды күтiп-баптау жалғаса бередi;
4) өтпелi ағаш кесу кезiнде ақталдың таңдаулы ағаштары неғұрлым дамыған iрi даналар iшiнен iрiктеп алынады. Бойлап өспей қалған, сондай-ақ басқалардың өсуiне бөгет жасайтын ағаштар шауып тасталады. Басқа шапшаң өсетiн тұқымдардың (терек, қайың және басқалары) қоспалары сақталады.
Күтiп-баптау мақсатында белгiлi бір түрдi кесудi қайталау әдетте қажет етiлмейдi.
124. Грек жаңғағы екпелерiнде күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудің негiзгi мiндетi жемiс беруiн арттыру және қорғаныштық ролiн бір мезгілде сақтай отырып, олардың жай-күйiн жақсарту болып табылады. Оларды ұшар бастары жақсы дамыған гектардағы ағаштардың белгiлі бір мөлшерiн өсiру үшiн пайдаланады.
Грек жаңғағы екпелерiнде күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу мынадай тәртiппен жүзеге асырылады:
1) жарықтандыру 7-8 жаста бір рет өткiзiледi. Бұл ретте екпелердiң артық жиiлiгiн азайту үшiн бойлап өспей қалған үсiкке шалынған және зақымданған өсiмдiктер аластатылады;
2) тазарту өсiмдiктердi алқапта біркелкi орналастыра отырып шаруашылық жағынан бағалы тұқымдары бар өсiмдiктердi iрiктеуді қамтамасыз ету үшiн жүргізiледi. Оларда ағаштардың емiн-еркiн тұруын қамтамасыз ету көзделедi, бірақ жуандығын 0,4-тен кемiтуге жол берiлмейдi;
3) грек жаңғағы екпелерiнде күтіп-баптау мақсатында ағаш кесудiң келесi кезеңiнде ағаштарда жақсы дамыған ұшарбастар қалыптастыруға және олардың жемiс беруi үшiн барынша толық жағдай жасауға күш жұмсалып, кесу ұшарбастардың 0,6 және одан жоғары мөлшерде түйiсуi жағдайында жүргiзiледi. Бір гектарға қалдырылатын ағаштар саны екпелердiң мынадай өлшемдерiне бағдар ұстана отырып, олардың нақты биiктеп өсуi бойынша белгiленедi:
Орташа биiктігі, м | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 |
0,6 жуандығы жағдай- ында қалдырылатын дiңдер саны | 966 | 534 | 365 | 222 | 149 |
0,4 жуандығы жағдай- ында қалдырылатын дiндер саны | 645 | 354 | 205 | 197 | 98 |
кестесінің жалғасы:
Орташа биiктігі, м | 8 | 10 | 12 | 14 | 16 |
0,6 жуандығы жағдай- ында қалдырылатын дiңдер саны | 113 | 71 | 50 | 36 | 27 |
0,4 жуандығы жағдай- ында қалдырылатын дiндер саны | 78 | 47 | 33 | 24 | 19 |
4) ағаш кесудiң әрбір кезеңi кезінде грек жаңғағы екпелерiнiң түйiсуiн кесу айналымының кезеңiн ескере отырып қалыптастыру керек, өйткенi келесi кесу сәтiне қарай ол 0,6-дан көп болмауға тиiс, ал кесуден кейiн 0,4-тен төмендемеуi тиiс. Күтiп-баптаудың кезеңдiлiгi екпелердiң 8 метрге дейiнгi орташа биiктiгiн 1 метрге, ал кейiннен - 2 метрге көбейту үшiн қажет кезеңге тең кезеңділiк қабылданады. Күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудiң соңғы тәсiлi ұшарбастардың түйiсуi күтiп-баптаудан кейiн 0,4-ке, ал 1 гектардағы ағаштар саны 40 данаға жеткiзiлетiн екпелердiң орташа биiктігі 14-15 метр болуы жағдайында жүргiзiледi.
Күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу дер кезiнде жүргiзiлмеген екпелерде қалдырылатын ағаштар саны ағаш шымылдығының тиiстi дәрежеде түйiсуiн қамтамасыз ету үшiн көбейтіледi;
5) грек жаңғағы ағаштарын шабу негiзiнен ағаш шымылдығының төменгi бөлігiнде жүргізiледi. Ұшарбастары өте жақсы дамыған, биiк өскен, шаруашылық жағынан бағалы тұқымдары бар, мол жемiс беретiн, аурулар мен зиянкестерге қарсы төзімді дарақтар қалдырылады. 1 гектардағы 40-80 дана мөлшердегi таңдаулы ағаштар жер бетiнен 1,3 метр биiктiкте бояумен белгiленедi, оларда 1,5 метр биiктiкке дейiн дiңi тазартылады, сынған және зақымданған бұталары алып тасталады;
6) грек жаңғағының екпелерiнде күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудi жүргiзу қатар аралықтардағы және дiң айналасындағы топырақты күтiп-баптаумен және кесiлген ағаштардың түбірлерiнен шығатын бұтақшаларды кесiп тастаумен ұштастырылады. Таңдаулы ағаштардың ұшарбастарын күтіп-баптау және олардың дiңдерiн қалыптастыру бақ үлгісiндегі дақылдарда жүргiзiлетiн жұмыстарға ұқсас жағдайда жүзеге асырылады.
14. Тау ормандарында күтiп-баптау мақсатында ағаш
кесудiң ерекшелiктерi
125. Тау ормандарында күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу олардың сапалық жай-күйiн арттыруға, қорғаныштық, эрозияға қарсы және суды реттеушілік маңыздарын сақтауға және жақсартуға бағытталған. Ол баурайлардың құламалылығы мен экспозицияларын, сүрекдiңнiң жуандығын және топырақтың төзiмдiлігін ескере отырып жүргізiледi. Онда тамыр жүйесi мен ұшарбасы жақсы дамыған төзiмдi ағаштардан тұратын әртүрлi жастағы және аралас екпелер құруға мүмкiндiгiнше ұмтылу керек. Тау ормандарында күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу кезiнде шағын тоғайлар сақталады және жасарту мақсатында ғана сиретiледi.
126. Тау ормандарында күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудiң қарқындылығы теңiз деңгейiнен биiктiктiң, баурайлар құламалылығының ұлғаюына, топырақтың төзiмдiлiгі мен қуаттылығының азаюына байланысты, сондай-ақ оңтүстiк баурайларда төмендейдi.
Құламалылығы 10о дейiн барлық баурайларда және топырағының қуаттылығы жеткiлiктi (70 см астам) құламалылығы 20о дейiн солтүстiк баурайларда күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу жазық жерлердегi ормандардың осындай екпелеріндегі ағаш кесу сияқты жүргiзiледi.
Күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу жүргiзiлгеннен кейiн екпелердiң қалдырылатын бөлiгiнiң жуандығын мына мөлшерден төмендетуге жол берiлмейдi:
солтүстік экспозициялардың 20о-қа дейiнгi баурайларында - 0,7;
оңтүстік экспозициялардың 20о-қа дейiнгi баурайларында - 0,8;
солтүстік экспозициялардың 20о-тан асатын баурайларында - 0,8;
оңтүстік экспозициялардың 20о-тан асатын баурайларында - 0,9.
Төзiмдiлiгi нашар топырақтарда (құмайт және құмды) және көшкiн болатын учаскелерде күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу құлап қалуы мүмкiн жекелеген қисайған ағаштары шабумен ғана шектеледi.
Аралас шыбықтарда басты тұқымдарды екiншi дәрежелi тұқымдар көлегейлеп тастайтын кезде соңғыларының түйiсуiн солтүстiк экспозициялардың құламалығы 20о-қа дейiнгi баурайларында - 0,5-ке дейiн, оңтүстiк экспозицияларда - 0,6-ға дейiн, солтүстiк экспозициялардың құламалығы 21-30о-қа дейiнгi баурайларында - 0,6-ға дейiн, оңтүстік экспозицияларда - 0,7-ге дейiн төмендетуге жол берiледi.
Оңтүстік экспозициялардың баурайларында өтпелi ағаш кесу таза екпелерде жуандығы 1,0 болған жағдайда ғана жүргiзiледi.
Баурайлар құламалығы 30о асатын барлық экспозициялардың баурайларында сирету мен өтпелi кесу, құрып бара жатқан ағаштарды шабуды қоспағанда, белгiленбейдi.
15. Мемлекеттік орман қорының жекелеген санаттарының
орман учаскелерінде күтiп-баптау мақсатында ағаш
кесу ерекшелiктерi
127. Орман генетикалық резерваттары мен мемлекеттік орман табиғат ескерткiштерiн қоса алғанда, ғылыми маңызы бар орман учаскелерiнде және тұрақты сынақ алаңдары орналасқан орман учаскелерiнде күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу жүргiзiлмейдi. Мұндай учаскелердiң айналасында қорғаныштық аймақтар құрылады, ал олардың өздерi ұқыпты күзетуге жатады.
128. Көне және эндемикалық тұқымдары бар, өнiмдiлiгі мен гендiк қасиеттерi бойынша бірегей сирек кездесетiн ерекше құнды орман алаптары мен ерекше қорғаныштық учаскелердiң ормандарына байланысты оларды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу олардың өсiп-өнуi және табиғи қайта жаңғыруы үшiн жайлы жағдайлар жасауды көздейдi. Олар екiншi дәрежелi тұқымдардың ерекше құнды орман учаскелерiне терiс әсер етуiн болдырмауға және олардың орнықтылығын сақтауға тиiс.
129. Жаңғақ кәсiпшiлiгі аймақтарында және орман жемiс екпелерiнде, әдетте, оларды қалыптастыру үшiн ең жоғары және ұзақ уақытқа жемiс салу үшiн қолайлы жағдай туғызу мақсатында учаске алаңы бойынша ағаш шымылдығының болымсыз тұтасқан және тегіс орналасқан сүрекдiңнiң таза немесе болар-болмас араласқан екiншi дәрежелi тұқымдары қолданылады. Осындай екпелердiң түрлерiн қалыптастыру үшiн негізiнен мақсатты ағаш тұқымдарын күтiп-баптау арқылы біркелкi сирету әдiсi қолданылады.
130. Мемлекеттік орман жолақтарында күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу олардың орналасқан жерi мен жай-күйін ескере отырып жүргізiледі және олардың төзiмдiлігі мен тиiмдiлiгін арттыруға бағытталады. Су айрығының жолақтарында олардың cу реттегiш қасиеттерін күшейту үшiн жүргізiледi. Күтiп-баптау тұқымдардың өзара әсерi ескерiле отырып, екпе шымылдығының барлық бөлiктерiнде жүргiзiледi. 0,7-0,6 аспайтын ағаш кесудің тәсiлiнде екпелердiң тұйықталуын төмендетуге жол берiлмейдi.
Жер үсті ағыстарын жер астына ауыстыру және эрозиялық процестердiң алдын алу мақсатында өзен аңғарларындағы тік жар қабатының жағалауындағы алқаптарда күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу тұтасуы 0,8-0,7 кем болмайтын екпелердi қалыптастыру үшiн жүргiзіледi.
Құм баурайының шымылдығында гидрологиялық жағдайлардың ерекшелiктерi мен минералдық қоректiлiктiң жеткiлiксiздігін ескеру қажет. Осындай алқаптарда күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу кезiнде ағаш шымылдығындағы өскiндер мен 0,6 кем болмайтын екпелердiң тұтасуын мiндетті түрде сақтау қажет.
131. Жоғары рекреациялық жүктемені алып жүретiн әрi эстетикалық және орташа қорғаныштық маңызы бар қалалық ормандар мен орман парктерiнде күтіп-баптау мақсатында ағаш кесу халықтың өмiр сүруi үшiн қолайлы ортаны сақтауға, мәдени-сауықтыру және спорттық iс-шараларды жүргiзуге бағытталған неғұрлым төзiмдi, ұзақ жасайтын, әсемдiк екпелер мен орман ландшафтарын қалыптастыруды көздейтiн жеке жобалар бойынша жүргiзiледi.
132. Парк ландшафтарын (ашық, жартылай ашық және жабық) қалыптастыру жөніндегі ағаш кесу әдiстерi сүрекдiңнiң құрылымы, шымылдығының тұтасуы және мақсатты тапсырмаларымен анықталады және табиғи екпелерге сияқты, жасанды екпелерге де қолданылады.
133. Елдi мекендер мен емдеу-сауықтыру мекемелерiнiң жасыл аймақтарында күтiп баптау мақсатында ағаш кесу ормандардың рекреациялық жүктемесiне төзiмдiлердi өсiруге бағытталған. Оларды жүргізу кезiнде мүмкіндігінше жапырақты тұқымдардың (2-3 бірлікке дейін) қоспасын сақтау және өрт пайда болған жағдайда төменгі жақтағы өрттің жоғарыға көшу ықтималдығын азайту мақсатында ұшарбасы төмен түскен ағаштарды тазартқан жөн.
134. Эрозияға қарсы ормандарда күтіп-баптау мақсатында ағаш кесу табиғи процестер барысында олардың функционалдық құндылығы нашарлаған жағдайда ғана жүргiзiледi. Ағаш кесу режимi мен оларды жүргiзу тәсiлдерi тамыр жүйесi мықты әртүрлі жастағы, жуандығы жоғары (жуандығы 0,7-0,8) және аралас екпелердiң қажеттiлігін негізге ала отырып анықталады. Мұндай екпелерде күтiп-баптау мақсатында ағаш кесуден сүректi сүйреу және тасу тек қысқы кезеңде ғана жүргізiледi.
135. Өзендер, көлдер, су қоймалары, арналар және басқа да су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған алқаптарында күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу аласа ағаштар түрiндегі бұталары бар, топырақтың жоғарғы қабатын тек бұзылудан сақтап қана қоймай, сондай-ақ тиiстi дәрежеде су қорғаныштық және реттеуiш рөлiн атқаруға қабiлеттi төзiмдi және көп жағдайда аралас екпелердi өсiруге бағытталған. Оларды жүргiзу кезiнде екпелердiң тұйықталуын 0,7-0,8-ден төмендетуге жол берiлмейдi.
Өзендер, көлдер және басқа да су қоймаларының жағалауларындағы алқаптарда күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу жер үсті ағыстарын топырақ арасына ауыстыруға қабiлеттi жуандығы жоғары сүрекдiңдердi қалыптастыруға бағытталған.
Мұндай ормандарда күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу мен сүректi сүйреу жер асты қатқан қысқы кезеңде басымырақ жүргiзiледi.
136. Халықаралық және республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы темір жол және автомобиль жолдарының, магистральды өткiзгіш құбырлары мен басқа да желiлiк құрылыстар жолақтарындағы қорғаныштық екпелерде күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу осы объектiлердi қолайсыз табиғи құбылыстардан қорғауды күшейту, қоршаған ортаның ластануын және тұрғылықты халыққа олардың шулы әсерiн азайту мақсатында жүргізiледi. Олар күрделi нысандағы аралас екпелердi отырғызуға бағытталған. Қардың біркелкi төселуi мен қар басуды болдырмау үшiн бұл екпелердiң жоғарғы шымылдығы 0,6-0,7 жуандыққа дейiн сиретiледi, ал түктенетiн және топырақ қорғаныштық бұталар олардың толық тұйықталуы кезiнде 50 пайызға дейiн біркелкi сиретiледi. Жолға жанасқан енi 25-30 м орман пұшпағындағы технологиялық дәлiздердi кесуге жол берiлмейдi.
137. Халықаралық және республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы темір жол мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орман алқаптарында күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу осы Ереженiң 136-тармағында келтiрiлгендей жүргізіледi.
16. Аграрлық мелиоративтік екпелерде күтім жасау
мақсатында ағаш кесу ерекшеліктері