3. Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және өзге де табысын растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде тұрған өңірдегі (облыстағы, астанадағы немесе республикалық маңызы бар қаладағы) орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады.
4. Борышкердiң алимент бойынша берешегi оны төлеуден жалтару салдарынан құралған жағдайда берешек сомасына Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабына сәйкес тұрақсыздық айыпақы есептеледi.
100-бап. Борышкердiң жұмыс орны мен табысы туралы мәлiметтер
Борышкермен еңбек қатынасында тұрған немесе ол табыс алатын азаматтар және ұйымдардың лауазымды адамдары сот орындаушысы тағайындаған мерзiмде борышкердiң жұмыс орны мен оның табыстары, атқарушылық құжатқа сәйкес ұстап қалу жүргiзiлгендiгi және өндiрiп алынған соманың өндiрiп алушыға жiберiлгендiгi туралы, борышкердiң ақша сомалары мен мүлкiнен өндiрiп алу жөнiнде, сондай-ақ борышкердiң жұмыстан босатылғаны туралы, егер өздерiне белгiлi болса, оның жаңа жұмыс орны немесе тұратын жерi туралы дәйекті мәлiметтер беруге мiндеттi. Сот орындаушысының бұл талаптарын орындамау әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
101-бап. Алимент төлемдері бойынша берешектi өндiрiп алу тәртібі
1. Барлық алимент төлемдері бойынша берешекті өндiрiп алу алимент төлеушiнiң жалақысынан және басқа да табыстарынан жүргізіледі.
2. Сот орындаушысының берешектi айқындау туралы қаулысына заңда белгiленген тәртiппен шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
102-бап. Жалақыдан ұстап қалудың дұрыстығын бақылау
Сот орындаушысы борышкердің жалақысы мен басқа табыстарынан ұстап қалу мен ұсталған сомаларды өндіріп алушыға жіберудің дұрыстығы мен уақтылы жүргізілуін жүйелі түрде:
1) тоқсанына бір рет;
2) өндіріп алушының (заңды өкілінің) өтініші бойынша кез келген уақытта бақылап отыруды жүзеге асырады.
103-бап. Борышкер шетелге тұрғылықты тұруға немесе жұмысқа және әскери қызметтi өткеруге кеткен жағдайда алиментті өндіріп алу
Борышкер шетелге тұрғылықты тұруға немесе жұмысқа және әскери қызметтi өткеруге кеткен жағдайда алименттерді өндіріп алу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және халықаралық шарттармен айқындалады.
10-тарау. МҮЛІКТІК ЕМЕС СИПАТТАҒЫ АТҚАРУШЫЛЫҚ ҚҰЖАТТАРДЫ ОРЫНДАУ
104-бап. Борышкерді белгілі бір әрекеттер жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға міндеттейтін атқарушылық құжаттарды орындау тәртібі мен орындамаудың салдары
1. Борышкердi тек өзi ғана жасай алатын әрекеттi жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға мiндеттейтiн атқарушылық құжатты орындау кезiнде сот орындаушысы борышкерге мерзiм белгiлей отырып, осындай әрекет жасау туралы хабарлама немесе оларды жасаудан тартыну қажеттiгi туралы хабарлама жiбередi.
2. Борышкер сот орындаушысының талаптарын белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда сот орындаушысы борышкерден мемлекет кірісіне мерзімі өткен әрбір күн үшін жеке адамдардан бес айлық есептік көрсеткіш және заңды тұлғалардан он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өсімпұл өндіріп алу туралы ұсыныспен сотқа жүгінеді.
3. Борышкер сот орындаушысының талаптарын белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда және егер борышкерді белгілі бір әрекеттерді жасауға міндеттейтін атқарушылық құжатты орындау үшін борышкердің қатысуы міндетті болмаса және бұл әрекеттерді өндіріп алушы жасай алатын болса, сот орындаушысы осы Заңмен өзіне берілген құқықтарға сәйкес өндіріп алушының атқарушылық құжатты орындауын ұйымдастырады.
105-бап. Жұмысқа қайта қабылдау туралы атқарушылық құжатты орындау тәртібі мен орындамаудың салдары
1. Ұйымның басшысы (жұмыс берушi) жұмысқа қайта қабылдау туралы атқарушылық құжатты орындамаған жағдайда сот орындаушысы қызметкерге орташа жалақысын немесе қызметкердi жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiм шығарылған күннен бастап оны орындаған күнге дейiнгi бүкіл уақыт үшін жалақысының айырмасын төлеу туралы, сондай-ақ ұйым басшысынан (жұмыс берушіден) мемлекет кірісіне мерзімі өткен әрбір күн үшін жеке адамдардан бес айлық есептік көрсеткіш және заңды тұлғалардан он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өсімпұл өндіріп алу туралы қаулы шығару жөнiндегі ұсыныспен сотқа жүгінеді.
2. Жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiмнiң орындалуы жұмыс беруші жұмыстан босату немесе ауыстыру туралы өзінің заңсыз актісінің күшін жою туралы акт шығарғаннан кейiн жұмыстан заңсыз босатылған немесе ауыстырылған қызметкер бұрынғы мiндеттерiн атқаруға iс жүзiнде кіріскен сәттен бастап аяқталған болып есептеледi.
106-бап. Борышкердi үйден шығару туралы атқарушылық құжатты орындау
1. Борышкердi үйден шығару туралы атқарушылық құжат сот орындаушысы белгiлеген мерзiмде орындалмаған жағдайда қоныс аударту куәгерлердiң қатысуымен мәжбүрлеп жүзеге асырылады.
2. Сот орындаушысы борышкердi үйден шығару уақыты туралы ресми түрде хабардар етедi. Үйден шығару уақыты туралы тиiсiнше хабардар етiлген борышкердiң болмауы атқарушылық құжатты орындауға кедергi болып табылмайды.
Үйден шығару атқарушылық құжатта көрсетiлген үй-жайды қоныс аударушыдан (аударушылардан), оның (олардың) мүлiктерiнен, үй жануарларынан босатудан және қоныс аударушының (аударушылардың) босатылған үй-жайды пайдалануына тыйым салудан тұрады.
3. Үйден шығаруды жүргізу кезiнде босатылатын үй-жайдан шығарылатын мүлiктiң тiзiмдемесi жасалады және қажет болған жағдайларда шыққан шығыс борышкерге жүктелiп, оны сақтау қамтамасыз етiледi. Борышкердiң мүлкiн сақтау екі айдан аспайтын мерзiмде жүзеге асырылады, ол аяқталған соң аталған мүлiк осы Заңда белгiленген тәртiппен сатылады.
4. Борышкердің мүлкін сатудан түскен және атқару санкциясын орындау жөніндегі шығыстар өтелгеннен және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төленгеннен кейін қалған ақша борышкерге қайтарылады. Борышкер талап етпеген ақша аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотында немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотында сақталады. Үш жыл өткеннен кейін аталған ақша республикалық бюджетке аударылады.
5. Мүлік сатылмаған жағдайда ол куәгерлердің қатысуымен жойылуға жатады. Сот орындаушысы мүлікті жою туралы акт толтырып, оған өзі және куәгерлер қол қояды. Мемлекеттік сот орындаушысы жасаған актіні аумақтық орган басшысы бекітуге тиіс.
107-бап. Өндiрiп алушыны қоныстандыру туралы атқарушылық құжатты орындау
1. Сот орындаушысы өндiрiп алушыны атқарушылық құжатта көрсетiлген үй-жайға қоныстандыруды қамтамасыз етедi.
Сот орындаушысы өндiрiп алушыны және борышкердi қоныстандыру уақыты туралы ресми түрде хабардар етедi. Қоныстандыру уақыты туралы тиiсiнше хабардар етiлген борышкердiң болмауы атқарушылық құжаттың орындалуына кедергi болып табылмайды.
2. Өндiрiп алушыны қоныстандыру актiмен ресiмделедi және куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiледi.
11-тарау. ӨНДIРIП АЛЫНҒАН АҚША СОМАЛАРЫН ӨНДІРІП АЛУШЫЛАР АРАСЫНДА БӨЛУ
108-бап. Өндiрiп алынған ақша сомасын бөлу
1. Мемлекеттік сот орындаушысы борышкерден өндіріп алған сомадан ең алдымен атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкерге салынған айыппұлдар өтеледі, содан соң орындау жөніндегі шығыстар төленеді, қалған сома өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыруға түседі.
Жеке сот орындаушысы борышкерден өндіріп алған сомадан ең алдымен атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкерге салынған айыппұлдар бойынша сомалар өтеледі, содан соң жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі сомалар және орындау жөніндегі шығыстар төленеді, қалған сома өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыруға түседі.
Барлық талаптар қанағаттандырылғаннан кейiн қалған сома борышкерге қайтарылады.
2. Борышкерден өндiрiп алынған және өндiрiп алушыларға берiлуге тиiс сомаларды сот орындаушысы аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына есептейді, содан кейiн олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен беріледi немесе аударылады.
109-бап. Өндiрiп алуға қосылу
Өндiрiп алуды жүргiзу кезiнде басқа iстер бойынша атқарушылық құжаттары бар адамдар өндiрiп алуға қосыла алады.
110-бап. Өндiрiп алушылардың талаптарын қанағаттандыру кезектілігі
1. Атқарушылық құжаттар бойынша барлық талаптарды қанағаттандыру үшiн борышкерден өндiрiп алынған сома жеткiлiксiз болған жағдайда бұл сома өндiрiп алушылар арасында осы Заңда белгiленген кезектілік тәртібімен бөлiнедi.
2. Әрбір келесi кезектiң талаптары алдыңғы кезектiң талаптары толық өтелгеннен кейiн қанағаттандырылады. Өндiрiп алынған сома бір кезектiң барлық талаптарын толық қанағаттандыруға жеткiлiксiз болған жағдайда бұл талаптар әрбір өндiрiп алушыға тиесiлi сомаға барабар қанағаттандырылады.
111-бап. Бірiншi кезекте өндiрiп алу
Бірiншi кезекте алименттердi өндiрiп алу бойынша талаптар; жарақат алудан немесе денсаулығын өзге де зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты келтiрiлген зиянды өтеу жөніндегі талаптар; қызметкерлердiң еңбектегi құқық қатынастарынан туындайтын талаптары қанағаттандырылады.
112-бап. Келесi кезектегi өндiрiп алу
1. Екiншi кезекте патенттер берiлген туындыны, өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдаланғаны үшiн авторларға тиесiлi сыйақы төлеу туралы талаптар; азаматтардың мүлкiне қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық арқылы келтiрiлген залалды өтеу жөніндегі талаптары қанағаттандырылады.
2. Үшінші кезекте сыйақыны (мүддені), орындау мерзімін өткізіп алудан келтірілген залалды өтеуді, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды), кепілге қойылған мүлікті ұстау бойынша қажетті шығындарды, сондай-ақ өндіріп алу бойынша кепіл ұстаушының шығыстарын өтеуді қоса алғанда, кредиторлардың кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелері бойынша талаптары қанағаттандырылады.
3. Төртiншi кезекте салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөніндегі талаптар; заңды тұлғалардың қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық арқылы келтiрiлген залалды өтеу жөніндегі талаптары қанағаттандырылады.
4. Бесiншi кезекте қалған талаптардың бәрi қанағаттандырылады.
12-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕР ЖАСАУ ЖӨНІНДЕГІ ШЫҒЫСТАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ӨТЕУ ТӘРТІБІ
1-параграф. Жалпы ережелер
113-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар
1. Атқарушылық әрекеттердi ұйымдастыру мен оларды жүргізуге жұмсалған бюджет қаражаттары, атқарушылық iс жүргiзуге тараптардың, сот орындаушысы орындау процесіне тартқан өзге де адамдар мен ұйымдардың қаражаттары атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар болып табылады.
2. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға:
1) борышкердiң мүлкiн анықтауға, қарауға, бағалауға;
2) борышкер мүлкiне тізімдеме жасауды және тыйым салуды ұйымдастыру мен өткiзуге, мұндай мүлiктi тасымалдау мен сақтауға;
3) тыйым салынған мүлiктi өткізуді ұйымдастыруға;
4) белгiленген тәртiппен атқарушылық әрекеттер жасауға тартылған аудармашыларға, мамандарға және басқа да адамдарға ақы төлеуге;
5) өндiрiп алынған сомаларды өндiрiп алушыға почта арқылы аударуға (жiберуге);
6) өндiрiп алынған соманы қолма-қол ақшаны бақылау шотынан және ағымдағы шоттан беруге байланысты банк шығыстарына;
7) борышкерге iздеу салуға;
8) өндiрiп алушының аванстық жарнасына;
9) атқарушылық әрекеттердi жасау кезiнде сот орындаушысының қалалық, қала маңындағы және жергiлiктi қатынастағы (таксиден басқа) қоғамдық көлiктiң барлық түрлерiнде жол жүруіне, оның ішінде жеке сот орындаушысының іссапар шығыстарын төлеуге;
10) атқарушылық құжатты орындау процесiндегi басқа да қажеттi әрекеттерге;
11) сот орындаушысы орындау процесіне тартқан адамдардың өзге де сыйақыларына жұмсалған қаражаттар жатады.
114-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарды өтеу тәртібі
1. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар борышкерден осы шығын шеккен адамдардың немесе ұйымдардың пайдасына өндіріп алынады.
2. Оның негізінде атқарушылық құжат берілген актінің күшін жоюға байланысты атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған жағдайда атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
Бюджет қаражаты есебінен келтірілген, атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарды өтеу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
3. Өндіріп алушыға борышкерден алынған заттарды беру туралы атқарушылық құжатты орындау кезінде өндіріп алушының оларды алудан негізсіз бас тартуына байланысты атқару ісін тоқтатқан кезде, егер ол өзінің әрекетімен немесе әрекетсіздігімен орындауға кедергі жасаса, атқарушылық құжатты өндіріп алушыға қайтару кезінде атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар өндіріп алушыдан өндіріп алынады.
4. Атқарушылық әрекеттер жасау кезінде шығыстарды өндіріп алу және оларды шығын шеккен органға немесе адамға өтеу аумақтық бөлімнің басшысы бекіткен мемлекеттік сот орындаушысының қаулысы немесе жеке сот орындаушысының қаулысы және шыққан шығындарды растайтын құжаттардың негізінде жүргізіледі.
5. Борышкер атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарды өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулысына дау келтіру туралы арызбен, оны өндіріп алудың мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, оның көлемін азайту немесе өндіріп алудан босату туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
115-бап. Өндiрiп алушының шығыстарға аванс беруi
Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында өндiрiп алушы атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылатын аванс жарнасын тиiстi шығыстарды жасау үшiн жеткiлiктi мөлшерде аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына төлеуге құқылы.
2-параграф. Жеке сот орындаушылары үшін шығыстарды айқындау және өтеу тәртібі
116-бап. Жеке сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметін қаржыландыру
1. Жеке сот орындаушысы өз қызметін дербес қаржыландырады.
2. Жеке сот орындаушысы өзінің іс-әрекеті үшін төлем ретінде алынған ақшадан кеңсені сатып алу (жалдау), оны ұстау, жабдықтау, жөндеу және күзету, жұмыс орындарын құру және қызметкерлерге жалақы төлеу жөніндегі, кеңсе жұмысы үшін қажетті жабдықтар сатып алу, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру, салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу, кеңсе мұрағатының сақталуын қамтамасыз ету, Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасын және жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасын ұстау, жеке атқарушылық қызметті дамытудың нысаналы бағдарламаларына арналған міндетті төлемдерді жүргізеді, сондай-ақ өз қызметін ұйымдастырушылық-шаруашылық жағынан, көлікпен және техникалық қамтамасыз етуге байланысты басқа да шығыстарды өтейді. Қалған қаражат жеке сот орындаушысының билігінде қалады және оның қалауы бойынша жұмсалады.
3. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуде оның қызметін өзін-өзі қаржыландыру қажеттігі ескерілуі тиіс.
117-бап. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу
1. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу борышкерден өндіріп алынған қаражат есебінен жүргізіледі және жасалған атқарушылық әрекеттердің сипатына байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тарифтер бойынша төленетін сомадан және атқарушылық құжатты толық немесе ішінара орындаған жағдайда атқарушылық іс жүргізудің аяқталуы бойынша төленетін сомадан қалыптасады.
2. Өндіріп алушылар - жеке және заңды тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жеңілдіктер бұл адамдарға міндетті мемлекеттік тарифтеуге жататын атқарушылық әрекеттер жасау кезінде қолданылады.
118-бап. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау қағидалары
1. Жеке сот орындаушысының атқарушылық әрекеттер жасағаны үшін тарифтер мөлшері айлық есептік көрсеткіштермен белгіленеді.
2. Атқарушылық іс жүргізу аяқталғаннан кейін төленетін жеке сот орындаушысының қызметі үшін ақы төлеу сомасы өндіріп алынған соманың немесе мүлік құнының он пайызы немесе мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке тұлғалардан он айлық есептік көрсеткіш және заңды тұлғалардан жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді.
Бұл сома атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана төленеді. Егер ақшалай сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысы өндіріп алынған сомаға барабар сыйақы бөлігін ғана өндіріп алады.
3. Атқарушылық іс жүргізу аяқталғаннан кейін жеке сот орындаушысының қызметіне төленетін ақы сомасы атқарушылық құжатты ерікті түрде орындаған жағдайда жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеудің осы баптың 2-тармағында белгіленген толық сомасының отыз пайызын құрайды.
4. Жеке сот орындаушысы өзінің көрсеткен қызметтеріне төлемді осы Заңда және оның негізінде шығарылған нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мөлшерде және тәртіппен ғана алуға құқылы. Жеке сот орындаушысына өз қызметіне белгіленген төлем сомасының мөлшерін өзгертуге тыйым салынады.
5. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу тарифтерін Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен келісілген уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
119-бап. Жеке сот орындаушысының шығыстарына аванс беру
1. Атқарушылық іс жүргізу қозғалғанға дейін өндіріп алушы жеке сот орындаушысының нұсқауы бойынша ағымдағы шотқа атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін белгіленген тарифтерге сәйкес айқындалған қажетті соманы енгізуге міндетті. Атқарушылық іс жүргізу қозғалған кезде жеке сот орындаушысы өндіріп алушы үшін осы соманы енгізудің кешірек мерзімін тағайындай алады.
Егер жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаған болса және атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы алдын ала енгізу үшін кешірек мерзімді белгілесе, онда оны белгіленген мерзімде енгізбеген жағдайда ол атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұруына болады.
Егер атқарушылық іс жүргізу барысында ағымдағы шотқа енгізілген қаражат атқарушылық әрекеттерді одан әрі жүргізу үшін жеткіліксіз болып шықса, онда өндіріп алушы жеке сот орындаушысының нұсқауы бойынша ағымдағы шотқа қосымша соманы енгізуге міндетті.
2. Атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті аванстық соманы енгізуден мына өндіріп алушылар:
1) іс бойынша адамға заң көмегі тегін берілген немесе ол «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) сәйкес мемлекеттік баж төлеуден босатылған, сот шешімі негізінде берілген атқарушылық құжатты орындауға өкілдік берілген жеке адамдар;
2) қылмыс салдарынан келтірілген зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылған, қылмыстық сот ісін жүргізудегі шығарылған шешім бойынша берілген атқарушылық құжатты орындауға өкілдік берілген жеке адамдар;
3) алименттерді өндіріп алу туралы сот актілері негізінде берілген атқарушылық құжаттар бойынша босатылады.
3. Жеке сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін алдын ала енгізілген соманы, егер ол борышкерден өндіріп алынған болса, өндіріп алушыға қайтарады.
120-бап. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасын борышкерден өндіріп алу тәртібі
1. Жеке сот орындаушысы өзі жасаған атқарушылық әрекеттерге ақы төлеу үшін соманы және атқарушылық іс жүргізу аяқталғаннан кейін төленетін соманы, сондай-ақ енгізілген және өндіріп алушыға қайтарылуға тиісті соманы бекіту туралы қаулы шығарады және оны борышкер мен өндіріп алушыға жібереді. Қаулыға он күн мерзімде сотқа шағым берілуі мүмкін.
2. Атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындатуға қойылғаннан кейін оны ерікті түрде орындау борышкерді орындау жөніндегі нақты келтірілген шығыстарды төлеуден және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуден босатпайды.
3. Борышкердің атқарушылық құжатты жеке сот орындаушысының қатысынсыз орындауы оны орындау жөніндегі нақты келтірілген шығыстарды төлеуден және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуден босатпайды.
Егер борышкер аталған қаулыдағы жүргізілген есептерге сәйкес соманы ерікті түрде төлемеген жағдайда жеке сот орындаушысы берешекті борышкерден сот тәртібімен өндіріп алады.
121-бап. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасын қайтару
Жеке сот орындаушысының өндіріп алу немесе қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау кезіндегі әрекеттерін сот заңсыз деп таныған жағдайда жеке сот орындаушысы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап он күн ішінде негізсіз алынған соманы өндіріп алынған немесе төлеген адамға қайтарады.
3-параграф. Аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шоты және жеке сот орындаушысының ағымдағы шоты
122-бап. Аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шоты және жеке сот орындаушысының ағымдағы шоты
1. Борышкерлерден өндіріп алынған соманы және мүдделі адамдарға арналған басқа да сомаларды, оның ішінде орындау бойынша шығыстарды өтеу жөніндегі аванстық сомаларды уақытша сақтау үшін:
1) аумақтық орган бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органда ұлттық және шетелдік валютада қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау шоттарын ашады;
2) жеке сот орындаушысының ұлттық және шетелдік валютадағы ағымдағы шоты болуы тиіс.
2. Жеке сот орындаушылары ағымдағы шоттарын ашатын банктердің тізбесін аумақтық орган жеке сот орындаушыларының алқасымен бірлесе отырып айқындайды.
Банктер жеке сот орындаушысының рұқсатынсыз ағымдағы шоттардағы қаражаттармен қандай да бір операциялар жүргізуге құқылы емес.
3. Қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы және ағымдағы шоттардағы ақша аумақтық органның қаражаттары және жеке сот орындаушысының табысы болып табылмайды. Жеке сот орындаушысы қайтыс болған жағдайда ағымдағы шоттағы ақша мұралық массаға енгізілмейді.
4. Жеке сот орындаушысы кеңсені ұстау, кеңсе қызметкерлеріне жалақы төлеу және ағымдағы шотта қамтылмаған басқа да операциялар бойынша есептерді жүргізу үшін банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда өз атына шот ашуға тиіс.
123-бап. Қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау шоттарында және ағымдағы шотта сомаларды есепке алу
1. Аумақтық орган қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау шоттарындағы ұлттық және шетелдік валютадағы сомаларды есепке алуды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2. Жеке сот орындаушысы ағымдағы шоттағы сомаларды есепке алу кітабын (бұдан әрі - депозиттік кітап) жүргізеді.
Депозиттік кітапты жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
13-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ САНКЦИЯСЫ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТҚАРУШЫЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШIН ЖАУАПТЫЛЫҚ
124-бап. Атқарушылық санкциясы
1. Мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық құжат толық орындалғаннан кейiн борышкерге өндіріп алынған соманың немесе мүлiк құнының он пайызы мөлшерiнде немесе мүлiктiк емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке адамдардан он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде және заңды тұлғалардан жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде мемлекет кірісіне атқарушылық санкциясын ерікті түрде төлеуді ұсынады.
Борышкер бас тартқан жағдайда мемлекеттік сот орындаушысы борышкерден атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы шығарылған қаулы негізінде атқарушылық санкциясын өндіріп алады.
Атқарушылық санкциясы, егер:
1) борышкер атқарушылық құжатты сот орындаушысының оған осы Заңның 37-бабының 4-тармағына сәйкес белгілеген мерзімде толық мөлшерде орындаса;
2) атқарушылық құжат бойынша өндірілген сомадан он пайызы мөлшерінде өндірілуге тиісті атқарушылық санкциясы бір айлық есептік көрсеткіштен аз болса;
3) борышкер мемлекет болып табылса, өндірілмейді.
2. Атқарушылық санкциясы республикалық бюджетке аударылады.
3. Борышкер атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулысын дауға салу туралы арызбен, оны өндіріп алудың мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, оның мөлшерін азайту немесе атқарушылық санкциясын өндіріп алудан босату туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
125-бап. Борышкердiң атқарушылық құжаттарды орындамағаны үшiн жауапкершiлiгi