5. Уәкілетті органның өкілдері Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы жалпы жиналысының, басқармасы мен басқа да органдарының отырыстарына қатысуға құқылы.
168-бап. Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылау жөніндегі аумақтық органның құзыреті
1. Аумақтық орган:
1) жеке сот орындаушыларының осы Заңды сақтауын және өздерінің міндеттерін тиісінше орындауын бақылауды ұйымдастырады;
2) жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтату туралы ұсыныс енгізеді;
3) тәртіптік комиссияға жеке сот орындаушысын жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізеді;
4) жеке сот орындаушыларын есептік тіркеуді жүргізеді;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Аумақтық орган жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының келісімі бойынша:
1) уәкілетті органға жеке сот орындаушыларын атқару округтері бойынша бекіту жөнінде ұсыныс енгізеді;
2) жеке сот орындаушысы уақытша болмайтын кезде оны алмастыратын жеке сот орындаушысын тағайындайды;
3) жеке сот орындаушысының міндеттерін уақытша атқарушыны жеке сот орындаушысының лицензиясы бар тұлғалар арасынан тағайындайды.
3. Аумақтық орган жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасымен бірлесе отырып:
1) уәкілетті органға өңірдегі жеке сот орындаушыларының жалпы саны туралы ұсынысты бекіту үшін енгізеді;
2) жеке сот орындаушысының лицензиясын алған адамдардың резервін қалыптастырады;
3) жеке сот орындаушыларына әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді;
4) жеке сот орындаушыларының жұмыс практикасын жинақтайды;
5) жеке және заңды тұлғалардың жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдарын қарайды;
6) жеке сот орындаушылары жасайтын атқарушылық әрекеттердің заңдылығын және іс қағаздарын жүргізу қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
7) атқарушылық әрекетті жүзеге асыратын жеке сот орындаушыларының біліктілігін арттыруды жүргізеді.
4. Аумақтық орган өкілдері жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы жалпы жиналысының, басқармасы мен басқа да органдарының отырыстарына қатысуға құқылы.
169-бап. Жеке сот орындаушысының қызметін бақылау
1. Жеке сот орындаушысы жасайтын атқарушылық әрекеттердің заңдылығын және іс қағаздарын жүргізу қағидаларының сақталуын бақылауды уәкілетті орган, Жеке сот орындаушыларының республикалық және өңірлік алқалары жүзеге асырады. Бақылауды жүзеге асыру тәртібін Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен бірлесе отырып уәкілетті орган белгілейді.
2. Жеке сот орындаушысының салық заңнамасын сақтауын бақылауды Қазақстан Республикасының салық қызметі органдары жүзеге асырады.
3. Жеке сот орындаушыларының аумақтық органы мен өңірлік алқасының лауазымды адамдары жеке сот орындаушысының қызметін тексеру кезінде белгілі болған атқарушылық әрекеттердің жасалу құпиясын сақтауға міндетті. Құпияны жариялағаны және келтірілген залалдар үшін бұл адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Жеке сот орындаушысының жұмысын тексеру оның атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыруды бастағанынан кейін алты ай өткен соң және бір жылдан кешіктірілмей жүргізіледі. Бұдан әрі жылына бір рет жоспарлы тексерулер жүргізіледі.
Жеке сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдар түскен жағдайда не оның өз міндеттерін адал атқармағандығын айғақтайтын басқа да ақпарат болған кезде жеке сот орындаушысының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізілуі мүмкін.
5. Жеке сот орындаушылары тексеру жүргізуге уәкілетті лауазымды адамдарға жеке және заңды тұлғалармен есеп айырысуларға қатысты мәліметтер мен құжаттарды, сондай-ақ тексеру жүргізу үшін қажетті өзге де ақпаратты беруге міндетті.
6. Осы баптың ережелері жеке сот орындаушыларын алмастыратын адамдарға да қолданылады.
170-бап. Жеке сот орындаушыларының тәртіптік теріс қылықтары
Сот орындаушыларының:
1) лауазымдық міндеттерінің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына кінәлілігі, оның ішінде жеке сот орындаушысы үшін белгіленген ставкаларға сай келмейтін тарифтер мен сыйақылар алуы;
2) Жеке сот орындаушыларының кәсіби ар-намыс кодексін бұзуы тәртіптік теріс қылықтар болып табылады.
171-бап. Тәртіптік іс жүргізу
1. Жеке сот орындаушыларына тәртіптік жазалар қолдануға тәртіптік теріс қылықтарды қарау үшін құрамында тақ саннан тұратын кемінде бес мүшесі бар тәртіптік комиссия құратын уәкілетті орган мен аумақтық органның құқығы бар.
2. Уәкілетті немесе аумақтық органның басшысы құратын тәртіптік комиссиялардың құрамына жеке сот орындаушыларының тиісті өңірлік алқасының өкілі міндетті түрде кіреді.
3. Тәртіптік комиссияның отырысын өткізу тәртібі уәкілетті орган бекіткен ережемен айқындалады.
172-бап. Тәртіптік жазалар
1. Жеке сот орындаушыларына қолданылатын тәртіптік жазалар мыналар:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) уәкілетті органның жеке сот орындаушысын лицензиясынан айыру туралы сотқа талап-арыз жолдауы болып табылады.
2. Әрбір теріс қылық үшін бір ғана тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.
3. Тәртіптік жаза тәртіптік комиссияның қорытындысы негізінде уәкілетті немесе аумақтық орган басшысының бұйрығымен қолданылады.
4. Жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілік мәселелері осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
17-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
173-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу
Осы Заң, осы Заңды қолданысқа енгізгеннен кейін үш жыл бойы алименттер өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарға ғана қолданылатын 34-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
174-бап. Өтпелі ережелер
Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы құрылғанға дейін оның нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау бөлігіндегі функцияларын уәкілетті орган жүзеге асырады.
175-бап. Қорытынды ережелер
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 1998 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 13, 195-құжат; № 24, 436-құжат; 1999 ж., № 23, 922-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 6, 142-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 10, 49-құжат; № 11, 67-құжат; 2004 ж., № 24, 153-құжат; 2006 ж., № 11, 55-құжат; 2007 ж., № 4, 28-құжат; № 5-6, 40-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 17, 81-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2010 жылғы сәуірдің 2-і.
№ 261-IV