4. Мемлекеттік мүлік шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілуі мүмкін.
5. Мемлекет (Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс) акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік заңды тұлғалардың құрылтайшысы (акционері, қатысушысы) болуы мүмкін.
Мемлекеттің өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда коммерциялық ұйымдар болып табылатын Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының құрылтайшысы (қатысушысы, салымшысы, мүшесі) болуына жол берілмейді.
6. Мемлекет (Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс) коммерциялық емес ұйым болып табылатын мемлекеттік қордың құрылтайшысы болуы мүмкін. Мемлекеттік қорды, сондай-ақ мемлекет қатысатын өзге де ұйымдық-құқықтық нысандардағы басқа да коммерциялық емес ұйымдарды құру және олардың қызметі Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.
9-бап. Мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру
1. Мүлікті республикалық мүлік құрамынан коммуналдық мүлік құрамына немесе керісінше беру мүлікке мемлекеттің құқығын тоқтатуға әкеп соқпайды, бірақ Қазақстан Республикасының республикалық мүлікке құқығын тоқтатуға және әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық мүлікке құқыққа ие болуына немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық мүлікке құқығын тоқтатуға және Қазақстан Республикасының республикалық мүлікке құқыққа ие болуына негіз болып табылады.
2. Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
10-бап. Коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беру
1. Коммуналдық мүлік жергілікті мемлекеттік басқару деңгейі бойынша облыстық коммуналдық мүлік және аудандық коммуналдық мүлік болып бөлінеді.
Аудандық коммуналдық мүліктің құрамына, атап айтқанда, осы Заңның 23, 24, 26, 30, 31 және 32-баптарында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік меншікке түскен мүлік кіреді.
Республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқару деңгейі облыстың коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқару деңгейіне теңестіріледі. Республикалық маңызы бар қалада және астанада коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқару аудандық деңгейге бөлінбейді және құрылмайды. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, коммуналдық мүлікті басқару жөніндегі ауданның жергілікті атқарушы органының осы Заңда көзделген құзыретін республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
Облыстық маңызы бар қаланың коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқару деңгейі ауданның коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқару деңгейіне теңестіріледі.
2. Коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне мемлекеттік мүлікті беру облыстың жергілікті атқарушы органының шешімімен жүзеге асырылады.
3. Коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне мемлекеттік мүлікті беру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) облыстық коммуналдық мүлік деңгейіне жататын облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың мүліктік кешендері, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтініштері негізінде облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі;
2) облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтініштері негізінде облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі;
3) аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне жататын аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың мүліктік кешендері, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының шешімдері және облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде облыстық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі;
4) аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының және облыстың жергілікті атқарушы органының шешімдерінің негізінде облыстық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі.
4. Коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне мемлекеттік мүлікті беру туралы шешім қабылданғаннан кейін мүлікті беретін және қабылдайтын тараптардың уәкілетті лауазымды адамдары қол қоятын және облыстардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының басшылары бекітетін беру актісі отыз күн мерзімде ресімделеді.
Беру актісі оны ресімдеуге қатысатын әрбір тарап үшін екі данадан, қазақ және орыс тілдерінде төрт данада жасалады.
5. Осы баптың қағидалары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше қағидалар белгіленбесе, мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беруге қолданылады.
2-тарау. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі құзыреті
11-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мемлекеттік мүлікті тиімді басқару саясатын жүзеге асырады;
2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мүлікті басқару саласында нормативтік құқықтық актілер шығарады;
3) мемлекеттік мүлікті басқаруды ұйымдастырады, оны пайдалану жөніндегі шараларды әзірлейді және жүзеге асырады, мемлекеттік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын республикалық заңды тұлғаларды, ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді, ұлттық компанияларды, сондай-ақ өзге де акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құру, қайта ұйымдастыру, атауын өзгерту және тарату туралы шешімдер қабылдайды;
5) стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту не оларды иеліктен шығару туралы шешім қабылдайды;
6) акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ оларды іске асырудың мониторингі мен оны бағалау тәртібін айқындайды;
7) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ оларды іске асырудың мониторингі мен оны бағалау тәртібін айқындайды;
8) акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу және ұсыну тәртібін айқындайды;
9) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу және ұсыну тәртібін айқындайды;
10) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы немесе жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың тоқтатылуы туралы қаулы қабылдайды;
11) кәсіпорындарды мүліктік кешендер ретінде немесе нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие, табиғи монополия субъектілері немесе нарық субъектілері болып табылатын ұйымдардың мемлекетке тиесілі акциялары мен жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін жекешелендіру туралы шешім қабылдайды;
12) республикалық мемлекеттік мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге беру туралы шешім қабылдайды;
13) акционерлік қоғамның акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін республикалық мүліктің құрамына сатып алу туралы шешім қабылдайды;
14) мемлекеттің акционер (қатысушы) ретінде ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді, ұлттық компанияларды, мемлекет қатысатын өзге де акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді басқаруға қатысу құқығын жүзеге асырады немесе осы құқықты мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға береді;
15) жұмылдыру мұқтаждары, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі бірінші кезектегі шараларды қабылдау, гуманитарлық көмек көрсету және нарыққа реттеушілік ықпал ету үшін мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын пайдалану туралы шешім қабылдайды;
16) Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
12-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі құзыреті
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді шығарады;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті басқарады, мемлекеттік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етеді;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлікті иеліктен шығаруды жүзеге асырады, мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлікпен басқаруға береді;
4) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдарды құру, қайта ұйымдастыру, атауын өзгерту және оларды тарату, иеліктен шығару туралы шешім қабылдайды;
5) Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзіне жүктелген функцияларын жүзеге асыруға ықпал ететін және (немесе) қаржы нарығының инфрақұрылымының бір бөлігі болып табылатын акционерлік қоғамдардың құрылтайшысы болады, мемлекеттің акционерлік қоғамды басқаруға акционер ретінде қатысу құқығын жүзеге асырады, сондай-ақ осы акционерлік қоғамдардың акцияларына ие болу не иеліктен шығару туралы шешім қабылдайды;
6) Қазақстан Республикасының атынан өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындардың мүлкіне қатысты республикалық меншік құқығының субъект құқығын жүзеге асырады;
7) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің нысанасы мен мақсаттарын, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы) дербес айқындайды, олардың жарғысын, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
8) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті (ол өндірген өнімді сатуды қоспағанда) иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге, филиалдар мен өкілдіктер құруға, сондай-ақ дебиторлық берешекті беруге және есептен шығаруға келісім береді;
9) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және олардың қызметі бойынша есептерді қарайды және бекітеді, сондай-ақ олардың қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізуді жүзеге асыруға құқылы;
10) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындар өндіретін және сататын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағасын келіседі немесе белгілейді;
11) мемлекеттік мүлік тізіліміне мемлекеттік мүлік объектілері туралы мәліметтерді береді;
12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
13-бап. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның құзыреті
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:
1) мемлекеттік мүлікті басқару саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдайды, өз құзыреті шегінде мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
2) мемлекеттік мүлікті басқаруға талдау жасауды және оны бағалауды жүзеге асырады;
3) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесе отырып:
акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ оларды іске асырудың мониторингі мен оны бағалау;
мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ оларды іске асырудың мониторингі мен оны бағалау;
акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу және ұсыну;
мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу және ұсыну тәртібін әзірлейді;
4) мемлекеттік органдардан, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардан, жауапкершілігі шектеулі серіктестерден мемлекеттік мүлікті басқаруға дәйекті және объективті талдау жасау үшін қажетті ақпаратты сұратады және алады;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
14-бап. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган:
1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
2) республикалық мүліктің нысаналы және тиімді пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;
3) республикалық мүліктің жекешелендірілуін жүзеге асырады, оның ішінде республикалық мүлікті жекешелендіру туралы шешім қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде республикалық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының атынан республикалық заңды тұлғаларға қатысты республикалық меншік құқығының субъект құқығын жүзеге асырады;
5) тиісті саланың уәкілетті органының ұсынуы бойынша республикалық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсатын, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық кәсіпорын) айқындайды және республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың жарғысын, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
6) республикалық заңды тұлғаға берілген немесе шаруашылық қызметінің нәтижесінде ол ие болған мүлікті тиісті саланың уәкілетті органымен келісім бойынша алып қоюды немесе қайта бөлуді жүзеге асырады;
7) мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуын бақылау нәтижелері бойынша анықталған, республикалық заңды тұлғалардың артық, пайдаланбайтын не мақсатына сай пайдаланбаған мүлкін, бақылауды жүзеге асырған кезден бастап алты ай өткен соң тиісті саланың уәкілетті органының келісімінсіз алып қоюды жүзеге асырады;
8) республикалық мемлекеттік кәсіпорынға алып қойылған мүлікті күтіп ұстау және оны кейіннен баланстан шығара отырып өзге тұлғаға бергенге дейін сақталуын қамтамасыз ету мерзімін белгілейді;
9) республикалық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе кейіннен өтеусіз негізде беру құқығымен мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлік басқаруға береді;
10) тиісті саланың уәкілетті органына республикалық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асыруға келісім береді; тиісті саланың уәкілетті органына республикалық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асыруға келісімін береді;
11) республикалық мемлекеттік кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті (ол өндірген өнімді сатуды қоспағанда) иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге, филиалдар мен өкілдіктер құруға, сондай-ақ дебиторлық берешекті беруге және есептен шығаруға келісім береді;
12) республикалық мүлік мәселелері бойынша мемлекеттің мүддесін білдіреді, Қазақстан Республикасына тиесілі мүліктік құқықтарды қорғауды жүзеге асырады; республикалық мүлік мәселелері бойынша мемлекет мүдделеріне өкілдік етеді, мемлекетке жатқызылатын мүліктік құқықтарды қорғауды жүзеге асырады;
13) республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге талдау жүргізеді; республикалық заңды тұлғаларға бекітілген мүлікті мүліктік жалға алуға (жалға беруге) талдау жүргізеді;
14) Қазақстан Республикасына тиесілі акцияларға дивидендтердің уақтылы және толық есептелуіне және олардың төленуіне, сондай-ақ жарғылық капиталындағы қатысу үлесі Қазақстан Республикасына тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушылары арасында таза табыстың бөлінуіне бақылауды жүзеге асырады;
15) «Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншiктiң мемлекеттік мониторингi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асырады;
16) республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың, Қазақстан Республикасы қатысатын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жұмыс істеуі мен оларды басқару тиімділігінің мониторингін ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;
17) сенімгерлікпен басқарушының республикалық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттемелерінің орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
18) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, сондай-ақ республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың құрылтайшысы болады;
19) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың орналастырылатын акцияларына төлем жасауды және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес ақша енгізу жолымен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына салымды, сондай-ақ республикалық мүлікті, оның ішінде акцияларды, қатысу үлестерін енгізуді жүзеге асырады;
20) Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан мемлекеттің акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға акционер (қатысушы) ретінде қатысу құқықтарын жүзеге асырады;
21) жалғыз акционері (қатысушысы) Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тиісті директорлар кеңесінің (байқау кеңесінің) құрамына өз өкілін тағайындайды, ал Қазақстан Республикасы қатысатын өзге де акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде - директорлар кеңесіне немесе байқау кеңестеріне кандидатураны акционерлердің немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысына бекітуге ұсынады;
22) осы Заңның 5-тарауында белгіленген жағдайлар мен шарттарда мемлекет меншігіне алынатын мүлікке өтем төлейді;
23) мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді;
24) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізеді және мемлекеттік мүлік тізілімін пайдаланушыларға ақпарат ұсынады;
25) мемлекеттік мүлік тізілімінде мемлекеттік мүліктің бірыңғай есепке алынуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіреді және ұйымдастырады;
26) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес республикалық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны жариялау үшін мерзімді баспа басылымын айқындау жөнінде конкурс өткізеді;
27) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
15-бап. Тиісті саланың уәкілетті органының құзыреті
Тиісті саланың уәкілетті органы:
1) тиісті саладағы мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады, өз құзыреті шегінде тиісті салада мемлекеттік мүлікті басқару аясындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
2) республикалық мемлекеттік кәсіпорындар және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсететін қызметтерінің) міндетті көлемдерін айқындайды;
3) республикалық мемлекеттік мекеме қызметінің нысанасы мен мақсатын айқындайды;
4) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға республикалық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсатын айқындау бойынша, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық кәсіпорын) айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
5) республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және оларды орындау жөніндегі есептерін қарайды, осы Заңда көзделген жағдайларда келіседі және бекітеді;
6) республикалық заңды тұлғалар мүлкінің сақталуын және республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
7) акционері мемлекет болып табылатын тиісті саладағы ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларының орындалуын бақылау мен және талдауды жүзеге асырады;
8) тиісті саладағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының орындалуын бақылау мен талдауды жүзеге асырады;
9) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға республикалық заңды тұлғаға берілген немесе ол өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге келісімін береді;
10) республикалық заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асырады; 8) республикалық заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асырады;
11) республикалық мемлекеттік мекемелердің жарғысын (ережесін), оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
12) республикалық заңды тұлғаның жылдық қаржылық есептілігін бекітеді;
13) республикалық қазыналық кәсіпорындар өндіретін және сататын тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға белгілейді;
14) республикалық мемлекеттік мекемелерді республикалық бюджеттен қаржыландыру жоспарларын бекітеді;
15) республикалық мемлекеттік мекемелердің филиалдар мен өкілдіктер құруына келісім береді;
16) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша республикалық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;
17) Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіге ие болудың басым құқығын іске асыру туралы шешімінің жобасын әзірлейді;
18) акциялардың мемлекеттік пакетін (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқықтары өзіне берілген жағдайларда, мемлекет жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылатын, акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тиісті директорлар кеңесінің (байқау кеңесінің) құрамына өз өкілін тағайындайды, ал мемлекет қатысатын өзге де акционерлік қоғамдарда және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде директорлар кеңестеріне немесе байқау кеңестеріне кандидатураны акционерлердің немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысына бекітуге ұсынады;
19) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның өкілін мемлекет қатысатын акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің немесе мемлекет қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқау кеңесінің құрамына енгізу үшін қажетті шараларды қамтамасыз етеді немесе қабылдайды;