186-бап. Акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) табысының бір бөлігін алуға акционердің (жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының) құқықтарын мемлекеттің іске асыруы
Акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) акцияларының мемлекеттік пакетiн (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен акционерлердің (қатысушылардың) жылдық жалпы жиналысын өткізу кезінде акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) таза табысының бір бөлігін Қазақстан Республикасының Үкіметі пайыздық қатынаста белгілеген мөлшерде дивидендтерді (табысты) төлеуге бағыттау үшін шаралар қабылдайды.
6-бөлім. Жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі стратегиялық
объектілерге құқықтарды шектеу
13-тарау. Жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі стратегиялық
объектілерге ауыртпалық салу және оларды иеліктен шығару
187-бап. Жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оларды иеліктен шығару тәртібі
1. Жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оларды иеліктен шығару осы бапта, осы Заңның 188-бабында және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсат беру туралы шешімінің негізінде мүмкін болады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға немесе оларды иеліктен шығаруға рұқсат беру туралы не осындай рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
3. Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға немесе оларды иеліктен шығаруға рұқсат беруден бас тарту туралы шешім, егер осындай ауыртпалық салу немесе иеліктен шығару Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, оның ішінде елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық келісімдерді сақтамауға әкеп соғатын жағдайларда қабылданады.
Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға рұқсат беруден бас тарту осы тармаққа сәйкес бас тарту себептерінің дәлелді негіздемелерін қамтымауы мүмкін.
4. Стратегиялық объектіге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға рұқсат беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші) не кепіл ұстаушысы, конкурстық немесе оңалтушы басқарушысы шағымдана алады.
5. Стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші) орналастырылатын акциялардың санын көрсете отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсат беру туралы шешімінің негізінде бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында жария етілген акцияларды орналастырады.
6. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген акциялармен бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында одан әрі мәмілелер жасасу, бір тұлға немесе аффилиирленген тұлғалар бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында эмитенттің дауыс беретін акциялары жалпы санының жиырма пайызынан астамын құрайтын акциялар сатып алатын жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсатын талап етпейді.
Бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған нарығында стратегиялық объектілерге жататын акциялармен мәмілелер жасасу кезінде мәмілелер эмитенттің дауыс беретін акциялары жалпы санының бес пайызынан аспайтын мөлшерде жасалған жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсаты талап етілмейді.
7. Стратегиялық объектінің кепіл ұстаушысы, оңалтушы және конкурстық басқарушылары кепілге салынған осы мүлікті иеліктен шығару туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің иеліктен шығарудың ерекше шарттары және стратегиялық объектіні сатып алушыларға қосымша талаптары белгіленген рұқсат беру туралы шешімінің негізінде қабылдайды.
Кепілге салынған мүлікті сот актісінің негізінде иеліктен шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен белгіленген иеліктен шығарудың ерекше шарттары және кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) сатып алушыларға қойылатын қосымша талаптар бойынша жүзеге асырылады.
Стратегиялық объектіні иеліктен шығарудың ерекше шарттарын және сатып алушыларға қойылатын қосымша талаптарды белгілеу жөніндегі ұсынысты уәкілетті мемлекеттік орган және өзге де мүдделі мемлекеттік органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
188-бап. Жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оларды иеліктен шығару рәсімі
1. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға рұқсат алу үшін стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен нысан бойынша өтінішті;
2) заңды тұлға үшін - жарғының және заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмелерін;
3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
4) стратегиялық объектіні иеліктен шығару жөнінде мәміле жасауға негіз болатын не оған үшінші тұлғаның құқықтарымен ауыртпалық салуға әкеп соғатын шарттың жобасын;
5) стратегиялық объектіге меншік құқығын немесе өзге де мүліктік құқықтарды растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін;
6) стратегиялық объектінің нарықтық құнын айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы объектіні бағалау туралы есепті;
7) стратегиялық объектіні ықтимал сатып алушы туралы мәліметтерді жібереді;
8) жарияланған акцияларды орналастырған жағдайда стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші) жарияланған акциялардың шығарылымын және оған енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен бірге акциялар шығарылымының проспектісін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмелерін де табыс етеді;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында аудитті міндетті түрде өткізу белгіленген заңды тұлғалар соңғы қаржы жылының аудиторлық есебінің түпнұсқасын немесе нотариат куәландырған көшірмесін де табыс етеді. Егер өтініш ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін берілсе, онда соңғы қаржы жылының алдындағы қаржы жылының аудиторлық есебінің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі ұсынылады. Аудиторлық есептің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі, егер заңды тұлға ағымдағы қаржы жылында құрылса не заңды тұлға өткен қаржы жылында құрылса және өтініш ағымдағы жылғы 1 маусымға дейін берілген болса, ұсынылмайды;
10) директорлар кеңесінің немесе байқау кеңесінің шешімін (болған жағдайда);
11) банктің кредиттік комитетінің шешімін;
12) ауыртпалық салынатын мүлікке кепілдің (ауыртпалық салудың) жоқ немесе бар екендігі туралы растауды;
13) стратегиялық объектінің меншік иелерінің пайыздық арақатынастағы құрылымын;
14) стратегиялық объект сенімгерлік басқаруда болған жағдайда стратегиялық объектінің меншік иесінің стратегиялық объектіні иеліктен шығаруға немесе ауыртпалық салатын тұлғаны көрсете отырып, үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға жазбаша рұқсатын табыс етеді.
Оңалтушы (конкурстық) басқарушы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға осы тармақтың 1), 2), 4), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ борышкерге қатысты оңалту рәсімдері (конкурстық іс жүргізілгені туралы) қолданылғаны туралы сот актісін, мүлікті иеліктен шығарудың (сатудың) болжалды бағасын және борышкердің мүлкін (стратегиялық объектіні) иеліктен шығаруға немесе үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға кредиторлар комитетінің жазбаша келісімін табыс етеді.
2. Стратегиялық объектінің кепіл ұстаушысы кепілге салынған мүлікті иеліктен шығаруға арналған рұқсатты алу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға осы баптың 1-тармағының 1), 2), 4) және 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ кепіл шартын, кепілге салынған мүлікті иеліктен шығарудың (сатудың) болжалды бағасын, стратегиялық объектіні әлеуетті сатып алушыларға қойылатын талаптарды ұсынады.
Сот актісінің негізінде әрекет ететін сот орындаушысы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға осы баптың 1-тармағының 4) және 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ кепіл шартын және (немесе) сот актісін, кепілге салынған мүлікті иеліктен шығарудың (сатудың) болжалды бағасын, стратегиялық объектіні әлеуетті сатып алушыларға қойылатын талаптарды ұсынады.
3. Стратегиялық объектіге ауыртпалық салуға негіз болатын шартта тараптардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ стратегиялық объектінің сақталуы мен одан әрі пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптар міндетті түрде қамтылуға тиіс.
Стратегиялық объектіні иеліктен шығару бойынша мәміле жасауға негіз болған не оған ауыртпалық салуға әкеп соққан шарттың талаптарын өзгертуге ниет білдірген жағдайда стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші) осы бапта және осы Заңның 187-бабында айқындалатын тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға қайтадан жүгінеді.
Кепіл ұстаушы оның негізінде стратегиялық объектіге ауыртпалық салынған шартқа сәйкес кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) иеліктен шығаруға ниет білдірген жағдайда кепіл ұстаушы осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жүгінеді.
Стратегиялық объектіні жария сауда-саттықта сатқан кезде шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, резидент еместер немесе олармен аффилиирленген тұлғалар қатысатын заңды тұлғалар сауда-саттыққа жіберілмейді.
4. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға берілген өтініштерді қарау және олар бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешім қабылдауы құжаттар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап алпыс жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асырылуға тиіс. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында айқындалған құжаттардың толық топтамасын алған күн құжаттардың келіп түскен күні болып есептеледі.
Стратегиялық объектілер меншік иелерінің (құқық иеленушілердің) оңалтушы (конкурстық) басқарушылардың ауыртпалық салу не иеліктен шығару туралы өтініштерін қарау «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға рұқсат беру немесе оны беруден бас тарту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды және ол қаулы түрінде ресімделеді.
6. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шешім туралы өтініш берушіні шешім шығарылған күннен бастап бес күн мерзімде жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
189-бап. Стратегиялық объектілерді мемлекет меншігіне алу
Стратегиялық объектілер осы Заңның 5-тарауында көзделген тәртіппен мемлекет меншігіне алынуы мүмкін.
190-бап. Стратегиялық объектілердің мониторингі
Стратегиялық объектілердің мониторингі Қазақстан Республикасының экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
14-тарау. Жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі стратегиялық объектілерді
сатып алуға қазақстан республикасының басым құқығы
191-бап. Жеке тұлғаға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаға тиесілі стратегиялық объектіні сатып алуға Қазақстан Республикасының басым құқығын қолдану шарттары
1. Мемлекеттік емес заңды тұлға немесе жеке тұлға стратегиялық объектіні иеліктен шығаруға ниет білдірген жағдайда, сондай-ақ стратегиялық объектіге өндіріп алу жүргізілген немесе стратегиялық объектіні оңалтушы немесе конкурстық басқарушы иеліктен шығарған не кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) сот тәртібінен тыс өткізген не стратегиялық объектіге сот актісінің негізінде өндіріп алу жүргізілген жағдайда Қазақстан Республикасы осы тарауда айқындалған шарттармен стратегиялық объектіге ие болудың басым құқығына ие болады.
Стратегиялық объектілердің меншік иелерінің (құқық иеленушілердің), оңалтушы немесе конкурстық басқарушылардың стратегиялық объектіні иеліктен шығару туралы өтініштерін қарау Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының атынан стратегиялық объектіні сатып алуға басым құқықты Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе оның тапсырмасы бойынша ұлттық басқарушы холдинг іске асырады.
192-бап. Стратегиялық объектіні сатып алуға Қазақстан Республикасының басым құқығын іске асыру тәртібі
1. Уәкілетті орган Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіге ие болуға басым құқықты іске асыру туралы шешімінің жобасын қажетті бюджет қаражатын бөлу негіздемесімен бірге ұсынады.
Республикалық бюджеттік комиссия тиісті шешім қабылдайды. Республикалық бюджеттік комиссияның ұсынымдары мен ұсыныстары Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ұсынылады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Республикалық бюджеттік комиссия шешім қабылдаған кезден бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде стратегиялық объектіге ие болудың басым құқығын пайдалану туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіге ие болудың басым құқығын пайдалану туралы шешімі осы құқықты пайдалану себептерінің дәлелді негіздемелерін қамтымауы мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шешімнің қорытындылары туралы тиісті саланың уәкілетті органы стратегиялық объектіні иеліктен шығаруды жүргізетін тұлғаны шешім шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша түрде хабардар етеді.
4. Стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші) шарт жасалғанға дейін кез келген уақытта стратегиялық объектіні иеліктен шығарудан бас тарта алады. Меншік иесі (құқық иеленуші) стратегиялық объектіні иеліктен шығарудан бас тартқан жағдайда оған ие болуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру тоқтатылады.
5. Бюджет процесін ескере отырып, стратегиялық объектілерді сатып алу мерзімдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіге ие болудың басым құқығын пайдалануы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешім қабылдаған кезден бастап екі жылдан аспауға тиіс.
Стратегиялық объектілерді оңалтушы немесе конкурстық басқарушы сатқан кезде сатып алу мерзімдері «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген оңалту рәсімдерін немесе конкурстық іс жүргізу мерзімдерінен аспауға тиіс.
6. Стратегиялық объектіге өндіріп алу жүргізілген немесе банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған жағдайларда стратегиялық объектілердің меншік иелері (құқық иеленушілер) стратегиялық объектіге өндіріп алуды жүргізу туралы хабарлама алған кезден бастап немесе соттың банкроттық туралы іс қозғау туралы ұйғарымының көшірмесін алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органды стратегиялық объектіге өндіріп алудың жүргізілуі немесе банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізудің қозғалуы туралы жазбаша хабардар етуге міндетті. Хабардар ету жөніндегі міндеттерді сақтамау осы Заңның 195-бабында көзделген салдарға әкеліп соғады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі стратегиялық объектіге ие болуға басым құқықты осы бапта көзделген тәртіппен іске асырады.
Стратегиялық объектіге өндіріп алуды жүргізу немесе стратегиялық объектіні конкурс (тарату) массасы құрамында иеліктен шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіге ие болуға басым құқықты іске асыру немесе басым құқықты іске асырудан бас тарту туралы шешімі алынғаннан кейін жүргізіледі.
7. Қазақстан Республикасы стратегиялық объектіге өндіріп алуды жүргізу немесе стратегиялық объектіні конкурс (тарату) массасы құрамында иеліктен шығару кезінде басым құқықты іске асырудан бас тартқан жағдайда, стратегиялық объектіні иеліктен шығару «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
193-бап. Нарықтық құнды айқындау
1. Стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын іске асыру кезінде стратегиялық объектінің нарықтық құны өтелуге жатады.
2. Стратегиялық объектінің нарықтық құны стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын іске асыру кезінде мемлекет ие болатын мүлікті осы Заңның 206-бабының қағидаларына сәйкес бағалау негізінде айқындалады.
194-бап. Мемлекет сатып алған стратегиялық объектілерді басқару
Қазақстан Республикасының Үкіметі сатып алынған стратегиялық объектілерді осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша акцияларды төлеуге немесе мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен арнайы құрылған заңды тұлғаның не ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің немесе ұлттық компанияның жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде береді.
195-бап. Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу немесе оларды иеліктен шығару туралы және стратегиялық объектілерді сатып алудың басым құқығы туралы ережелерді бұзудың салдары
Стратегиялық объектілерге құқықтарды иеленушінің стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу немесе оларды иеліктен шығару туралы және стратегиялық объектілерді сатып алудың басым құқығы туралы талаптарды бұза отырып жасаған мәмілесі, ол жасалған кезден бастап сот тәртібімен жарамсыз деп танылады.
7-бөлім. Мемлекеттік мүлікті есепке алу, мүліктің мониторингі, оны бағалау және пайдаланылуын бақылау
Осы Заң, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін екі жыл өткен соң 15-тарау қолданысқа енгізіледі
15-тарау. Мемлекеттік мүлікті есепке алу, мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігінің мониторингі, оны бағалау
және мемлекеттік мүліктің пайдаланылуын бақылау
196-бап. Мемлекеттік мүлікті есепке алу және мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігінің мониторингі туралы жалпы ережелер
1. Мемлекеттік мүлікті есепке алу мемлекеттік мүлікті бақылау және тиімді пайдалану мақсаттары үшін жүзеге асырылады. Мемлекеттік мүлікті есепке алу туралы деректер мемлекеттік мүліктің тізіліміне енгізілуге тиіс.
2. Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Осы тараудың қағидаларында Қазақстан Республикасының және әкімшілік-аумақтық бөліністердің мемлекеттік мүлкін есепке алу тәртібі, мемлекеттік мүліктің тізілімін түзудің және оның жұмыс істеуінің негізгі принциптері, сондай-ақ есепке алу объектілерінің құрамын, тізбесін, олар туралы мәліметтерді жинау, өңдеу және өзекті ету тәртібін айқындайды.
Есепке алу объектілері туралы мәліметтерді өзекті ету мемлекеттік мүліктің құрамы туралы нақты, объективті және оған барабар ақпаратты есепке алу деректерінде көрсетуге мүмкіндік беретін жаңарту, толықтыру, өзгерту және өзге де іс-қимылдар арқылы жүзеге асырылады.
197-бап. Мемлекеттік мүлікті есепке алудың түрлері
1. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік мүлік тізілімі нысанында бірыңғай орталықтандырылған есепке алуды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Осы Заңның 210-212-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мүлікті ведомстволық есепке алуды мемлекеттік мүлік тізіліміне есепке алу объектілері туралы мәліметтерді беретін тиісті саланың уәкілетті органдары жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік мүлік тізілімінде мемлекеттік мүліктің түрлері бойынша - республикалық және коммуналдық мүлікті бөлек есепке алу, ал жергілікті мемлекеттік басқару деңгейлері бойынша облыстық және аудандық коммуналдық мүлікті бөлек есепке алу жүзеге асырылады.
Осы Заңның 17-тарауында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мүлік тізілімінде көрсету үшін коммуналдық мүлікті есепке алуды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады.
198-бап. Мемлекеттік мүлікті есепке алудың және мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігі мониторингінің объектілері
1. Мемлекеттік мүлік тізілімінің есепке алу объектілері:
1) мемлекеттік заңды тұлғалар және оларға бекітіліп берілген мүлік;
2) жер пайдаланудағы жер учаскелері;
3) акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акциялары және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестері;
4) мемлекетке тиесілі ұлттық мәдени игілік объектілері;
5) мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік құқығы объектілері;
6) мемлекеттік материалдық резерв;
7) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізу қағидаларында айқындалған мемлекеттік мүліктің өзге де түрлері (санаттары) болып табылады.
2. Мемлекеттік мүлікті есепке алу объектілері туралы деректер осы объектілерді сипаттайтын мәліметтер болып табылады. Мемлекеттік мүлікті есепке алу объектіні басқа объектілерден айырып тануға мүмкіндік беретін жеке сипаттамаларын көрсете отырып, есепке алу объектісінің сипаттамасын қамтуға тиіс.
3. Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мемлекеттік мүлікті есепке алуды тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асырады.
4. Осы тараудың қағидалары мемлекеттік немесе жергілікті қазынаны құрайтын мүлікке қолданылмайды. Бұл мүлікті есепке алу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Мемлекеттік материалдық резервті құрайтын мемлекеттік мүлікті есепке алуды тиісті саланың уәкілетті органы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
6. Реквизициялау тәртібімен мемлекетке өткен мемлекеттік мүлікті есепке алу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігі мониторингінің объектілері:
1) мемлекеттік кәсіпорындар;
2012.01.02. № 551-IV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қоса алғанда, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, оның ішінде Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар;
3) мемлекеттік мүліктің құрамына кіретін, оның ішінде сенімгерлікпен басқарудағы, жалдаудағы, концессиядағы мүліктің барлық түрлері болып табылады.
199-бап. Мемлекеттік мүліктің тізілімінде көрсетілетін мәліметтер
1. Мемлекеттік мүліктің тізілімінде мемлекеттік мүлікті есепке алу объектісі бойынша мынадай мәліметтер:
1) объектіні сәйкестендіруге мүмкіндік беретін оның сипаттамасы;
2) объектінің белгілі бір мемлекеттік емес заңды тұлғаға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаға шартқа сәйкес тиесілігі немесе бекітіліп берілуі туралы мәліметтер;
3) объектінің баланстық құны;
4) мүлікке үшінші тұлғалардың құқықтарымен салынған ауыртпалықтың болуы туралы мәліметтер және ауыртпалықтар салу түрі;
5) объектінің күтіп ұсталуына немесе сақталуына жауапты тұлғалардың реквизиттері;
6) объектіге құқықтардың туындау және тоқтатылу негіздері, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік мүлікке құқықтарды міндетті түрде тіркеу жағдайында - объектіні және (немесе) оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер көрсетіледі.
2. Есепке алу объектілері үшін мемлекеттік мүліктің тізілімінде көрсетілетін қосымша мәліметтердің құрамына мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарлары және олардың орындалуы туралы есептері кіреді.
Мемлекеттік мүлікті есепке алу объектілері үшін мемлекеттік мүліктің тізілімінде көрсетілетін қосымша мәліметтердің құрамы мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларында айқындалады.