5. Қажет болған жағдайларда тергеу экспериментiн жүргiзген кезде суретке түсiру, дыбыс және бейнежазба, киноға түсiру жүргiзiледi, басқа ғылыми-техникалық құралдар қолданылады, жоспарлар, схемалар, сызбалар жасалады.
6. Тергеу экспериментi жүргiзiлгенi туралы осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып хаттама жасалады. Хаттамада тергеу экспериментiнiң шарты, барысы мен нәтижелерi егжей-тегжейлi баяндалады және мыналар көрсетiледi: эксперимент қандай мақсатпен, қашан, қайда және қандай жағдайда жүргiзiлдi; оқиғаның жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғырту нақты неден көрiндi; қандай әрекеттер, қандай ретпен жүргiзiлдi, оны кiм және қанша рет жасады; қандай нәтижелер алынды.
32-тарау. Сот сараптамасы
240-бап. Сараптаманы тағайындау
Сараптама сарапшы арнайы ғылыми білімдер негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеу нәтижесiнде iс үшiн маңызы бар мән-жайлар алынуы мүмкiн жағдайда тағайындалады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы өзге адамдардың мұндай білімiнiң болуы қылмыстық iстi жүргiзушi адамды тиiстi жағдайларда сарапшы тағайындау қажеттілігiнен босатпайды.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 241-бап өзгертілді; 2009.10.07. № 175-IV ҚР Заңымен 241-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 241-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
241-бап. Сараптаманы мiндеттi түрде тағайындау
1. Егер iс бойынша:
1) өлiмнiң себептерiн, денсаулыққа келтiрiлген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесiн;
2) iс үшiн маңызды болып, бірақ жасы туралы құжаттар болмағанда немесе олар күмән туғызғанда күдіктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң жасын;
3) күдіктiнiң, айыпталушының есiнiң дұрыстығы немесе қылмыстық iс жүргiзуде өзінің құқықтары мен заңды мүдделерiн өз бетiнше қорғау қабiлетi жөнiнде күмән туғанда олардың психикалық немесе тәнiнiң жай-күйiн;
4) жәбiрленушiнiң, куәнiң iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдау және олар туралы айғақтар беру қабiлетiне күмән туған жағдайда олардың психикалық немесе тәнiнiң жай-күйiн анықтау қажет болғанда;
5) iстiң өзге дәлелдермен дәйекті түрде анықталмайтын өзге де мән-жайын анықтау қажет болғанда, сараптаманы тағайындау мен жүргiзу мiндеттi болады.
2. Егер айыпталушының психикалық жай-күйiне Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде өлiм жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген қылмысты жасағаны үшін күмән келтірілсе, сот-психиатриялық сараптаманы тағайындау мен жүргiзу міндетті болады.
Ескерту. Осы баптың бірінші бөлігінің 3 және 4-тармақтарында тізбеленген негіздемелер бойынша күдіктіге, айыпталушыға, жәбірленушіге, куәға амбулаториялық сот-психиатриялық сараптама тағайындалады және жүргiзіледі. Егер сарапшы стационарлық сот-психиатриялық сараптама жүргізбей және сынақтан өтушіні стационарлық тексеруге орналастырмай қорытынды беру мүмкін еместігі туралы хабарлаған жағдайда, осы Кодекстің 247-бабының тәртібімен қылмыстық іс бойынша стационарлық сот-психиатриялық сараптама тағайындалады.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 242-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 242-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
242-бап. Сараптама тағайындау тәртібі
1. Қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындау қажет деп тани отырып, бұл туралы қаулы шығарады, онда: сараптама тағайындаған органның атауы, сараптаманы тағайындау уақыты, орны; сараптаманың түрі; сараптама тағайындау үшін негіздер; сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпарат, сондай-ақ көрсетілген объектілерді зерттеу барысында толық немесе ішінара жою, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгерту мүмкіндігіне рұқсат; сот сараптамасы органының атауы және (немесе) сот сараптамасын жүргізу тапсырылған адамның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі. Қылмыстық процесті жүргізуші органның сараптама тағайындау туралы қаулысы ол жіберілген және өз құзыретіне жататын органдардың немесе адамдардың орындауы үшін міндетті.
2. Сараптама жүргізілмей қылмыстық істі қозғау туралы шешім қабылдау мүмкін болмайтын жағдайларда, ол қылмыстық іс қозғалғанға дейін тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте, мыналар:
1) қылмыстар туралы арыздарға немесе хабарламаларға қоса берілетін, осы Кодекстің 178, 179, 180, 181-баптарына сәйкес табыс етілген;
2) осы Кодекстің 182-бабына сәйкес қылмыстық істі қозғауға құқық берілген лауазымды адамдар және органдар тікелей тапқан;
3) тергеуге дейінгі тексеру барысында осы Кодекспен жол берілетін іс жүргізу әрекеттерінің нәтижесінде алынған;
4) осы Кодекстің 125-бабында көзделген тәртіппен талап етіліп алынған немесе табыс етілген материалдар сот-сараптамалық зерттеулердің объектілері болып табылады.
3. Істе ревизия, тексеру актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ іс жүргізу әрекеттері барысында мамандар жүргізген зерттеулердің нәтижелері бойынша жасалған ресми құжаттардың болуы нақ сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды.
4. Сараптама өздерінің немесе өздеріне берілетін құқықтары мен мүдделерін қорғайтын процеске қатысушылардың бастамасы бойынша тағайындалуы мүмкін. Өзінің немесе өзіне берілетін құқықтары мен мүдделерін қорғайтын процеске қатысушы қылмыстық процесті жүргізуші органға, өз пікірі бойынша, сарапшының қорытындысы берілуге тиіс мәселелерді жазбаша түрде ұсынады, зерттеу объектілерін көрсетеді, сондай-ақ сарапшы ретінде шақырылуы мүмкін адамды (адамдарды) атайды. Бұл ретте, шешілуі өзіне ұсынылған мәселелер қылмыстық іске немесе сот сараптамасының нысанасына жатпайтын жағдайларды қоспағанда, қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындаудан бас тартуға құқылы емес.
5. Бастамасы бойынша сараптама тағайындалып отырған процеске қатысушы сараптамалық зерттеу объектілері ретінде заттарды, құжаттарды ұсына алады. Қылмыстық процесті жүргізуші орган дәлелді қаулысымен оларды мұндай объектілердің қатарынан алып тастауға құқылы.
6. Қылмыстық процесті жүргізуші орган ұсынылған мәселелерді қарап, олардың қылмыстық іске немесе сот сараптамасының нысанасына жатпайтындарын қабылдамайды, сарапшыдан бас тартуға негіздердің бар-жоғын анықтайды, содан кейін осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарды сақтай отырып, сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады.
7. Сараптама жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 21-тарауының ережелері бойынша жүргізіледі.
8. Қылмыстық процесті жүргізуші орган, егер сараптама жүргізу кезінде олардың қатысуы міндетті деп танылса, сезіктіні, айыпталушыны, жәбірленушіні, куәні сарапшыға жеткізуді қамтамасыз етеді.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 06.11.01 ж. № 251-II Заңдарымен 243-бап өзгертілді
243-бап. Сот сараптамасын жүргiзу тапсырылуы мүмкiн адамдар
1. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарға;
3) заң талаптарына сәйкес бір жолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.
2. Сараптама жүргiзу iс жүргiзуге қатысушылар ұсынған адамдардың бiрiне тапсырылуы мүмкiн.
3. Сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыру туралы тергеушiнiң талабы аталған адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 244-бап өзгертілді
244-бап. Сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, қорғаушының және жәбірленушінің өкілінің сараптама тағайындау және жүргiзу кезіндегі құқықтары
1. Сараптама тағайындалған және ол жүргiзiлген кезде жәбiрленушiнiң, сезiктiнiң, айыпталушының, қорғаушының және жәбірленушінің өкілінің:
1) сараптама жүргiзiлгенге дейiн оның тағайындалғаны туралы қаулымен танысуға және өзiне тиесiлi құқықтарына түсiндiрме алуына, бұл туралы хаттама жасалады;
2) сарапшыдан бас тартуға немесе сараптама жүргiзуден сот сараптамасы органын шеттету туралы өтiнiш жасауға;
3) сарапшылар ретiнде өздерi атаған адамдарды немесе белгiлi бiр сот сараптамасы органының қызметкерлерiн тағайындау туралы, сондай-ақ сараптаманы сарапшылар комиссиясының жүргiзуi туралы өтiнiш жасауға;
4) сарапшының алдында қосымша мәселелер қою немесе бұрын қойылғандарын нақтылау туралы өтiнiш жасауға;
5) қылмыстық процесті жүргізуші органның рұқсатымен, осы Кодекстің 246-1-бабында көзделген тәртіппен сараптама жүргізу кезінде қатысуға;
6) осы Кодекстің 254-бабында көзделген тәртіппен сарапшының қорытындысымен не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламамен танысуға құқығы бар.
2. Аталған құқықтарға, сонымен қатар сараптама жасалатын куә да және психикалық жағдайы мүмкiндiк берсе, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзiлiп отырған адам да ие. Қылмыстық істі қозғау сатысында тізбеленген құқықтарға қылмыс жасаудан зардап шеккен адам, сондай-ақ өзіне қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешіліп жатқан адам ие болады.
3. Егер сараптама адамды сезiктi деп танығанға немесе айыпталушы ретiнде iске тартқанға дейiн жүргiзiлсе, қылмыстық процесті жүргізуші орган оны сараптама тағайындау туралы қаулымен, сарапшының қорытындысымен таныстыруға және оның осы Кодекстің 254-бабында көзделген құқығын түсiндiруге мiндеттi.
4. Жәбiрленушiлер мен куәларға, сондай-ақ қылмыс жасаудан зардап шеккен адамға және өзіне қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешіліп жатқан адамға сараптама жүргізу тек олардың жазбаша келісімiмен ғана жүргiзiледi. Егер бұл адамдар кәмелетке толмаған болса немесе сот оларды әрекет қабiлетi жоқ деп таныса, сараптама жүргiзуге жазбаша келісімдi олардың заңды өкiлдерi бередi. Аталған ереже осы Кодекстiң 241-бабында көзделген жағдайларда сараптама жүргiзу үшiн қолданылмайды.
5. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде де аталған адамдар жасаған өтiнiштер қанағаттандырылған жағдайда, қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындау туралы өз қаулысын тиiсiнше өзгертедi немесе толықтырады. Өтiнiштердi қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда ол өтiнiш берген адамға одан қолхат алып жарияланатын дәлелді қаулы шығарады.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 244-1-баппен толықтырылды
244-1-бап. Өздеріне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдігі
1. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде:
1) олардан мәліметтер алу мақсатында оларды заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыруға немесе оларға қысым жасауға (оның ішінде, алдау, күш қолдану, қорқыту және өзге де заңсыз шаралар арқылы);
2) аталған адамдарды медициналық технологияларды, фармакологиялық және дәрілік заттарды клиникалық зерттеулердің субъектілері ретінде пайдалануға;
3) хирургиялық араласуды көздейтін зерттеулердің әдістерін қолдануға тыйым салынады.
2. Сот сараптамасын тағайындаған орган өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамды баламалы, болуы мүмкін ауырсыну сезімдерін және жанама әсерлерді қоса алғанда, сот-сараптамалық зерттеулердің пайдаланылатын әдістері туралы оған түсінікті түрде хабардар етуге тиіс. Көрсетілген ақпарат сот сараптамасы жүргізілетін адамның өтініші бойынша оның заңды өкіліне де беріледі.
3. Өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамға медициналық көмек заңда көзделген негіздер бойынша және тәртіппен ғана көрсетілуі мүмкін.
4. Медициналық ұйымға орналастырылған адамға шағымдар және өтініштер жасауға мүмкіндік беріледі. Осы Кодексте көзделген тәртіппен берілген шағымдарды және өтініштерді медициналық ұйымның әкімшілігі жиырма төрт сағат ішінде жолданым иесіне жібереді және олар цензураға жатпайды.
5. Адамға қатысты оның келісімімен жүргізілетін сот сараптамасы оның кез келген сатысында аталған адамның бастамасы бойынша тоқтатылуы мүмкін.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 245-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
245-бап. Сот сараптамасы органының сараптама жүргізуі.
Сот сараптамасы органы басшысының құқықтары мен міндеттері
1. Сараптама сот сараптамасы органына тапсырылған кезде, қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындау туралы қаулыны және қажетті материалдарды оның басшысына жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органының қаулыда көрсетілген қызметкері жүргізеді. Егер қаулыда нақты сарапшы көрсетілмесе, сарапшыны таңдауды сот сараптамасы органының басшысы жүзеге асырады, бұл туралы сараптама тағайындаған адамға үш күн мерзімде хабарлайды.
2. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) егер: осы сот сараптамасы органында қажетті арнаулы ғылыми білімі бар сарапшы болмаса; осы сот сараптамасы органының материалдық-техникалық базасы мен жағдайы нақты сараптама міндеттерін шешуге мүмкіндік бермесе; сот сарапшысының алдына қойылған мәселелер оның құзыретінің шегінен тыс болса; сараптама жүргізуге арналған материалдар осы Кодекстің талаптары бұзыла отырып ұсынылса, дәлелдерді көрсете отырып, сараптама тағайындаған органға сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны орындамастан және зерттеуге ұсынылған объектілерді қайтаруға;
2) сараптама тағайындаған орган алдында осы сот сараптамасы органында жұмыс істемейтін адамдарды, егер олардың арнаулы ғылыми білімі қорытынды беру үшін қажет болса, сот сарапшылары комиссиясының құрамына енгізу туралы өтініш жасауға құқылы.
Сот сараптамасы органы басшысының заңда көзделген өзге құқықтары да бар.
3. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сараптама жүргізу үшін қажетті объектілерді дербес талап етіп алдыруға;
2) осы сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылмайтын адамдарды сараптама тағайындаған органның келісімінсіз оны жүргізуге тартуға;
3) сарапшыға нақты сараптама бойынша қорытындылардың мазмұнын алдын ала шешетін нұсқаулар беруге құқылы емес.
4. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны және зерттеу объектілерін алысымен, осы Кодекстің 242-бабы бірінші бөлігінің талаптарын ескере отырып, осы сот сараптамасы органының нақты сарапшысына немесе сарапшылар комиссиясына жүргізуді тапсыруға;
2) сот сарапшысының тәуелсіздігі принципін бұзбастан, сот сараптамасын жүргізу мерзімінің сақталуына, жүргізіліп жатқан зерттеулердің жан-жақтылығына, толықтығы мен объективтілігіне, сот сараптамасы объектілерінің сақталуына бақылауды қамтамасыз етуге;
3) сараптама жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге;
4) зерттеулер жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 246-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
246-бап. Сот сараптамасы органынан тыс сараптама жүргiзу
1. Егер сараптама жүргізуді сот сараптамасы органының қызметкері болып табылмайтын адамға тапсыру ұйғарылса, қылмыстық процесті жүргізуші орган оны тағайындау туралы қаулы шығарылғанға дейін өзі сараптама жасауды тапсырғалы отырған адамның жеке басына көз жеткізуге және сарапшыдан бас тартуға осы Кодекстің 96-бабында көзделген негіздердің бар-жоғын тексеруге тиіс.
2. Қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады, оны сарапшыға тапсырады, оған осы Кодекстiң 83-бабында көзделген құқықтар мен мiндеттердi түсiндiредi және көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi. Бұл iс-әрекеттiң орындалғаны туралы қылмыстық процесті жүргізуші орган сарапшының қол қоюымен куәландырылатын сараптама тағайындау туралы хаттамада белгi жасайды. Сарапшы жасаған мәлiмдеме және оның өтiнiштерi де осылайша бекітіледi. Сарапшының өтiнiшiн қабылдамау туралы сараптама тағайындаған адам дәлелдi қаулы шығарады.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 246-1-баппен толықтырылды
246-1-бап. Сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысушылардың қатысуы
1. Қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама жүргізу кезінде қатысуға, сарапшының жүргізіп жатқан іс-әрекеттеріне қатысты оның түсіндірмесін алуға құқылы. Сараптама жүргізу кезінде қылмыстық процесті жүргізуші органның қатысу фактісі сарапшының қорытындысында көрсетіледі.
2. Сараптама жүргізу кезінде өздерінің немесе өздеріне берілетін құқықтары мен мүдделерін қорғайтын процеске қатысушылар қылмыстық процесті жүргізуші органның рұқсатымен қатыса алады. Бұл жағдайда қылмыстық процесті жүргізуші органның қатысуы міндетті.
3. Қылмыстық процесті жүргізуші орган тиісті өтінішті қанағаттандырған кезде, оны мәлімдеген адамға сараптаманың жүргізілетін орны мен уақыты хабарланады. Хабарланған адамның келмей қалуы сараптаманы жүргізуге кедергі келтірмейді.
4. Сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысып отырған қатысушылар зерттеулер барысына араласуға құқылы емес, бірақ сот сараптамасының нысанасына қатысты түсініктемелер бере алады.
5. Егер сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысып отырған қатысушы сот сарапшысының қызметіне кедергі келтірсе, сот сарапшысы зерттеуді тоқтата тұруға және қылмыстық процесті жүргізуші орган алдында аталған процеске қатысушыға сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысуға берілген рұқсаттың күшін жою туралы өтініш жасауға құқылы.
6. Егер сот сараптамасын сот сарапшыларының комиссиясы жүргізсе, сот сарапшысы қорытынды жасаған кезде, сондай-ақ сот сарапшыларының кеңесуі және қорытындыларды тұжырымдау сатысында процеске қатысушылардың қатысуына жол берілмейді.
7. Сот психиатриялық және сот психологиялық-психиатриялық сараптаманың жүргізілуі құпия жағдайда жүзеге асырылады.
8. Адамды жалаңаштау арқылы сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде тек сол жыныстағы адамдар қатыса алады. Осы шектеу көрсетілген зерттеулерді жүргізуге қатысатын дәрігерлерге және басқа да медицина қызметкерлеріне қолданылмайды.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 247-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
247-бап. Сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға орналастыру
1. Егер адамға қатысты сот сараптамасын жүргізу сот-сараптамалық зерттеулерді стационар жағдайында жүргізуді көздейтін болса, сезікті, айыпталушы, жәбірленуші, куә сараптама тағайындау туралы қаулының негізінде медициналық ұйымға орналастырылуы мүмкін.
Осы Кодекстің 241-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жәбірленушіні, куәні медициналық ұйымға орналастыруға оның жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.
Егер аталған адам кәмелетке толмаса немесе сот оны әрекетке қабілетсіз деп таныса, көрсетілген жазбаша келісімді заңды өкіл береді. Заңды өкіл қарсылық білдірген немесе болмаған жағдайда жазбаша келісімді қорғаншылық және қамқоршылық органы береді.
2. Күзетпен ұсталмайтын сезіктіні, айыпталушыны, сондай-ақ жәбірленушіні, куәні сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға жіберу осы Кодекстің 14-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.
3. Өздеріне қатысты сараптама жүргізілетін адамдарды медициналық ұйымда ұстау ережелері Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасында айқындалады.
4. Стационарлық сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін сезіктіні медициналық ұйымға орналастырған кезде оған айып тағылуға тиісті мерзім сарапшылар комиссиясының сезіктінің психикалық жағдайы туралы қорытындысы алынғанға дейін кідіртіле тұрады.
5. Өзіне қатысты сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізілетін адамның медициналық ұйымда болуының жалпы мерзімі отыз тәулікке тең. Сот-сараптамалық зерттеулерді аяқтау мүмкін болмаған жағдайда, көрсетілген мерзім осы Кодекстің 14-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес сарапшының (сарапшылар комиссиясының) дәлелді өтініші бойынша отыз тәулікке ұзартылуы мүмкін.
Өтініш сараптаманың жүргізілу мерзімінің аяқталуына дейін үш тәуліктен кешіктірілмей прокурорға немесе сотқа табыс етілуге және алған күннен бастап үш тәулік ішінде шешілуге тиіс. Прокурор, сот мерзімді ұзартудан бас тартқан жағдайда, адам медициналық ұйымнан шығарылуға тиіс. Медициналық ұйымның басшысы мәлімделген өтініш пен оны прокурордың, соттың қарау нәтижелері туралы өзіне қатысты сараптама жүргізілетін адамға, оның қорғаушысына, заңды өкіліне, өкіліне, сондай-ақ қылмыстық процесті жүргізуші органға хабарлайды.
6. Медициналық ұйымда өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізіліп жатқан адам, оның қорғаушысы, заңды өкілі, өкілі осы Кодексте көзделген тәртіппен оның жүргізілу мерзімін ұзарту туралы қаулыға шағым жасауға құқылы.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 248-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
248-бап. Сараптама объектiлерi
1. Заттай дәлелдер, құжаттар, адамның денесi мен психикалық ахуалы, мәйiттер, жануарлар, сараптамалық алынған үлгiлер, сондай-ақ қылмыстық iс материалдарындағы сараптама нысанасына жататын мәлiметтер сараптама объектiлерi болып табылады.
2. Сараптамалық зерттеу объектiлерiнiң дәлдiгi мен оларға жол берiлетiнiне сараптаманы тағайындаған орган кепiлдiк бередi.
3. Сараптамалық зерттеу объектiлерi, егер олардың көлемi мен қасиеттерi мүмкiндiк берсе, сарапшыға буып-түйiлген және мөрмен бекітілген күйiнде берiледi. Басқа жағдайларда сараптаманы тағайындаған адам сарапшыны зерттеу объектiлерi орналасқан жерге жеткізудi, оларға бөгетсiз қол жеткізудi және зерттеу жүргiзу үшiн қажеттi шарттарды қамтамасыз етуге тиiс.
4. Сот сараптамасы объектілерін пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
5. Сараптама жүргізу кезінде оның объектілері сараптама тағайындаған органның рұқсатымен зерттеулер жүргізу және қорытынды беру үшін қаншалықты қажет болса, сол шамада ғана бүлдірілуі немесе пайдаланылуы мүмкін.
Аталған рұқсат сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда немесе сот сарапшысының өтінішін қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан ішінара бас тарту туралы дәлелді қаулыда қамтылуға тиіс.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 249-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
249-бап. Жеке және комиссиялық сараптама
1. Сараптаманы сарапшы жеке не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады.
2. Комиссиялық сараптама күрделi сараптамалық зерттеулердi жүргiзу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бiр мамандықтағы кемінде екі сарапшы жүргiзедi.
3. Ақыл-есiнiң дұрыстығы туралы мәселе бойынша сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн кемiнде үш сарапшы тағайындалады.
4. Комиссиялық сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшыларының әрқайсысы сот-сараптамалық зерттеуді толық көлемінде тәуелсіз және дербес жүргізеді. Сараптама комиссиясының мүшелерi алынған нәтижелердi бiрлесiп талдайды және ортақ пiкiрге келгенде қорытындыға не қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарламаға қол қояды. Сарапшылар арасында келiспеушiлiк болған жағдайда олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бiр бөлiгi жеке қорытынды бередi не пiкiрi комиссияның басқа мүшелерiнiң қорытындысымен сәйкес келмеген сарапшы пiкiрiн қорытындыда жеке тұжырымдайды.
5. Қылмыстық процесті жүргізуші органның комиссиялық сараптама жүргiзу туралы қаулысы сот сараптамасы органының басшысы үшiн мiндеттi болып табылады. Сот сараптамасы органының басшысы ұсынылған материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргiзу туралы өз бетiнше шешiм қабылдауға және оны жүргiзудi ұйымдастыруға құқылы.
250-бап. Кешендi сараптама
1. Кешендi сараптама iс үшiн маңызы бар жағдайларды анықтау үшiн әртүрлi білім саласының негiзiнде зерттеулер жүргiзу қажет болған кезде тағайындалады және оны әртүрлi мамандықтағы сарапшылар өз құзыретiнiң шегiнде жүргiзедi.
2. Кешендi сараптаманың қорытындысында әрбiр сарапшының қандай зерттеудi, қандай көлемде жүргiзгенi және оның қандай қорытындыға келгенi көрсетiлуге тиiс. Әрбiр сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлiгiне қол қояды.
3. Әрбiр сарапшы жүргiзген зерттеулер нәтижелерiнiң негiзiнде олар анықтау үшiн сараптама тағайындалған мән-жай туралы ортақ қорытынды (қорытындылар) тұжырымдайды. Ортақ қорытындыны (қорытындыларды) алынған нәтижелердi бағалауға құзыретi бар сарапшылар ғана тұжырымдап, қол қояды. Егер комиссияның немесе оның бiр бөлiгiнiң түпкiлiктi қорытындысына сарапшылардың бiрi (жекелеген сарапшылар) анықтаған фактiлер негiз болса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетiлуге тиiс.
4. Сарапшылар арасында келiспеушiлiк болған жағдайда зерттеулердiң нәтижелерi осы Кодекстiң 249-бабының төртiншi бөлiгiне сәйкес ресiмделедi.
5. Сот сараптамасы органы тапсырылған кешендi сараптама жүргiзудi ұйымдастыру оның басшысына жүктеледi. Сот сараптамасы органының басшысы сол сияқты тергеушiнiң қаулысына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша кешендi сараптама жүргiзу туралы өз бетiнше шешiм қабылдауға және оны жүргiзудi ұйымдастыруға құқылы.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 251-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
251-бап. Сарапшы қорытындысының мазмұны
1. Қажеттi зерттеулер жүргiзiлгеннен кейiн оның нәтижелерiн есепке ала отырып, сарапшы (сарапшылар) өз атынан жазбаша қорытынды жасап, оны өз қолын қоюы және жеке мөрi арқылы растап, сараптама тағайындаған органға жiбередi. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргiзген жағдайда сарапшының (сарапшылардың) қолы аталған органның мөрiмен расталады.