5. Шағым берген адам оны қайтарып алуға құқылы. Сезiктi мен айыпталушы қорғаушының шағымын қайтарып алуға құқылы; азаматтық талапкер, жәбiрленушi (жеке айыптаушы), азаматтық жауапкер, заңды өкiлдi қоспағанда, өзiнiң өкiлiнiң шағымын қайтарып алуға құқылы. Сезiктiнiң немесе айыпталушының мүдделерiн көздеп берiлген шағым тек олардың келісімiмен ғана қайтарылып алынуы мүмкiн. Шағымды қайтарып алу, осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 105-бабында көрсетiлген мерзiмдер аяқталғанға дейiн оны қайтадан беруге кедергi келтiрмейдi.
104-бап. Ұсталған немесе тұтқында отырған адамдардың шағым жолдау тәртібі
1. Алдын ала қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi қылмыстық процестi жүргiзушi органға қылмыс жасады деген сезiк бойынша ұсталған немесе бұлтартпау шарасы ретiнде тұтқында отырған адамдардың оған жолданған шағымдарын дереу беруге мiндеттi.
2. Ұсталған немесе тұтқында отырған адамдардың анықтаушының, анықтау органы бастығының, тергеушiнiң iс-әрекетiне немесе шешiмдерiне шағымдарын қамауда ұстау орындарының әкiмшiлiгi дереу iстi тергеудi қадағалаушы прокурорға, ал прокурордың iс-әрекетi мен шешiмiмен шағымдарды - жоғары тұрған прокурорға беруге мiндеттi. Өзге шағымдарды қамауда ұстау орындарының әкiмшiлiгi ол келiп түскен кезден бастап бiр тәулiктен кешiктiрмей iстi жүргiзушi адамға немесе органға бередi.
105-бап. Шағымдарды берудiң мерзiмдерi
Анықтаушының, анықтау органының, тергеушiнiң, прокурордың, судьяның немесе соттың iс-әрекеттерi мен шешiмiне шағымдар барлық анықтау iсi, алдын ала тергеу және сот талқылауын жүргiзу барысында берiле алады. Қылмыстық iстi қозғаудан бас тарту және қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiмдерге, бiрiншi немесе апелляциялық сатыдағы соттар шығарған үкiмдерге шағымдар осы Кодексте белгiленген мерзiмдерде берiледi.
106-бап. Шағым берiлуiне байланысты шешiмнiң
атқарылуын тоқтата тұру
Осы Кодексте көзделген жағдайларда шағым беру шағымданылған шешiмнiң атқарылуын тоқтата тұрады. Өзге жағдайларда шағым түсiру, егер шағымды қараушы адам мұны қажет деп тапса, шағымданылған шешiмнiң атқарылуын тоқтата тұруға әкеп соғуы мүмкiн.
107-бап. Шағымдарды қараудың жалпы тәртібі
1. Шағымдарды қарауды iс-әрекетiне шағым жасалған анықтаушыға, тергеушiге, прокурорға немесе судьяға, сондай-ақ шағым жасалған шешiмдi бекiткен лауазымды адамға тапсыруға тыйым салынады.
2. Шағымды қарағанда прокурор немесе судья онда жазылған дәлелдердi жан-жақты тексеруге, қажет болған жағдайда қосымша материалдарды талап етуге, тиiстi лауазымды адамдардан, ұйымдардан және азаматтардан шағымданылған iс-әрекеттер мен шешiмдерге қатысты түсiнiктеме алуға мiндеттi.
3. Шағымды қараушы прокурор немесе судья өз өкiлеттiктерi шегiнде қылмыстық процеске қатысушылардың, сондай-ақ өзге де азаматтардың немесе ұйымдардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiруге дереу шаралар қолдануға мiндеттi.
4. Егер шағымданылған заңсыз iс-әрекеттермен немесе шешiмдермен азаматқа моральдық, дене немесе мүлiктiк зиян келтiрiлсе, оған осы Кодекстiң 4-тарауында көзделген зиянды өтеуге немесе жоюға арналған құқығы мен бұл құқықты жүзеге асырудың тәртібі түсiндiрiлуi тиiс.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 108-бап өзгертілді
108-бап. Анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің, прокурордың іс-әрекеті мен шешіміне шағымды қарау тәртібі
1. Анықтаушының, анықтау органының және тергеушiнiң iс-әрекетi мен шешiмiне шағымдар алдын ала тергеу мен анықтауды жүргiзу кезiнде заңдардың атқарылуына қадағалау жасайтын прокурорға берiледi. Прокурордың iс-әрекетi мен шешiмiне шағымдар жоғары тұрған прокурорға берiледi. Өзiнiң жеке iс-әрекетi мен шешiмiмен шағым түскен лауазымды адам шағымды өзiнiң түсiнiктемесiмен бiрге дереу тиiстi прокурорға жолдауға мiндеттi. Егер лауазымды адам шағымды негiздi деп есептесе, онда ол шағым жасалған iс-әрекеттi тоқтатады немесе шағым жасалған шешiмдi өзгертедi, ол туралы прокурорға хабарлайды.
2. Прокурор шағымды ол алынған сәттен бастап жеті тәулiктiң iшiнде қарауға мiндеттi. Қамауға алу, тiнту, алу, мүлікке тыйым салу, айыпталушы ретiнде iске тарту, қызметiнен шеттету кезiнде заңды бұзу, сондай-ақ қинау, күш қолдану, қорқыту, не қорғану құқығын бұзу туралы шағымдар оларды алған сәттен бастап бес тәулiктiң iшiнде қарауға жатады. Шағымды тексеру үшiн қосымша материалдар талап ету не өзге де шаралар қолдану қажет болатын ерекше жағдайларда шағым берген адамға ол туралы хабарлай отырып, шағымды он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмде қарауға жол берiледi.
3. Шағымды қараудың нәтижесiнде шағым жасалған шешiмдi тоқтату немесе өзгерту арқылы шағымды толық немесе iшiнара қанағаттандыру туралы не шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм қабылдануы мүмкiн. Бұл орайда, егер мұның өзi шағым берген адамның немесе шағым өз мүддесiне сай берiлген адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын болса, бұрын шығарылған шешiмдi өзгертуге болмайды.
4. Шағым берген адам шағым бойынша қабылданған шешiм және одан әрi шағымданудың тәртібі туралы хабарландырылуы тиіс. Шағымды қанағаттандырудан бас тарту дәлелденуi тиiс.
09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара); 2008.05.07. № 65-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 109-бап өзгертілді; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 109-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 109-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
109-бап. Прокурордың, тергеу және анықтау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне жасалған шағымдарды сотта қарау тәртібі
1. Жеке басының құқықтары мен бостандықтарын прокурордың, тергеу және анықтау органдарының іс-әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімі тікелей қозғайтын тұлға, егер мұндай іс-әрекеттердің (әрекетсіздіктердің) және шешімдердің заңдылығын тексеруді сот талқылауы кезеңіне дейін кейінге қалдыру адам мен азаматтың нұқсан келтірілген құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруді қиындатса немесе оның мүмкіндігін жоққа шығарса, қылмыс туралы арызды қабылдаудан бас тартылуына, сондай-ақ қылмыстық істі қозғаудан бас тарту, қылмыстық істі қозғау, тоқтата тұру және тоқтату, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, тінтуді және (немесе) алуды жүргізу, мүлікке тыйым салуды қолдану, кепілді қолдану, өзге де іс-әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасау және шешімдерді қабылдау кезіндегі заң бұзушылыққа шағымданып сотқа жүгіне алады. Шағым тиісті шешіммен танысқаннан кейін не осыған ұқсас шағымды прокурор қанағаттандырмай тастаған жағдайда тікелей сотқа беріледі.
2. Қылмыстық қудалау органының қаулысына жасалған шағымды тексерген кезде сот осы Кодекске сәйкес қылмыстық істі мәні бойынша шешу кезінде сотта қарау нысанасы болып табылатын мәселелерді алдын ала шешпеуге тиіс.
3. Сот тексеруінің шектері осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген іс-әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасау және шешімдерді қабылдау кезінде заң нормаларының сақталуын анықтаумен шектелген.
4. Шағым түсіру шағым жасалып отырған іс-әрекеттің жүргізілуін және шағым жасалып отырған шешімнің орындалуын тоқтата тұрмайды.
5. Шағым тұлғаның келіспейтін шешіммен танысқан күнінен бастап он бес тәулік ішінде не прокурордың өзінің атына берілген шағымды қанағаттандырудан бас тартатыны туралы хабарламасы алынғаннан кейін сол мерзімде немесе, егер прокурорға берілген шағымға жауап алынбаса, ол берілгеннен кейін он бес тәулік өткен күннен бастап қылмыстық процесті жүргізетін орган тұрған жердегі аудандық сотқа берілуі мүмкін.
6. Шағымды судья ол келіп түскен кезден бастап он тәуліктің ішінде прокурордың, арыз берушінің және оның қорғаушысының, егер олар қылмыстық іске қатысса, заңды өкілінің немесе өкілінің, мүдделерін шағым жасалатын іс-әрекет (әрекетсіздік) және шешім тікелей қозғайтын өзге де адамдардың қатысуымен, жабық отырыста жеке-дара қарайды. Егер судья аталған адамдардың келуін міндетті деп таппаса, олардың сот отырысына келмеуі шағымды қарауға кедергі болмайды. Іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағым жасалған лауазымды адамдар мұндай іс-әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауға және шешімдерге негіз болған материалдарды сотқа үш тәулік ішінде табыс етуге міндетті.
7. Сот отырысы басталғанда судья қандай шағымның қаралуға жататынын хабарлайды, келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Содан соң, егер сот отырысына қатысып отырған болса, арыз беруші шағымды негіздейді, содан кейін келген басқа да адамдар тыңдалады.
8. Шағымды қарау нәтижелері бойынша судья мынадай:
1) заңсыз деп танылған іс жүргізу шешімін бұзу туралы:
2) тиісті лауазымды адамның іс-әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз немесе негізсіз деп тану туралы және оның жол берілген бұзушылықты жоюға міндетті екені туралы;
3) прокурорға азаматтың немесе ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерінің жол берілген бұзылуын жою міндетін жүктеу туралы;
4) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қаулылардың бірін шығарады.
9. Судьяның осы баптың қағидаларына сәйкес шығарған қаулысына ол жария етілген кезден бастап үш тәуліктің ішінде осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар шағымдануы, сондай-ақ прокурор осы қаулы шығарған судьяның соты арқылы облыстық және оған теңестірілген сотқа наразылық беруі мүмкін. Шағымдану мерзімі өткеннен кейін іс бұл туралы осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар мен прокурорға хабарлай отырып, шағыммен, наразылықпен бірге облыстық немесе оған теңестірілген сотқа жіберіледі. Облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьясы осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген қағидалар мен мерзімдерді сақтай отырып, шағымды, наразылықты қарайды және мынадай: шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыру және аудандық немесе оған теңестірілген сот судьясының қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы; шағымды, наразылықты қанағаттандыру және аудандық немесе оған теңестірілген сот қаулысының күшін жою туралы шешімдердің бірін шығарады.
10. Қылмыстық іс бойынша прокурордың, тергеу және анықтау органдарының осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілмеген іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдардың заңдылығын тексеруді сот істі мәні бойынша одан әрі қарау кезінде жүзеге асырады.
11. Шет мемлекеттің аумағында қылмыс жасады деп айыпталған немесе сотталған адамды беру туралы шешімге шағым жасау және оның заңдылығы мен негізділігін соттың тексеруі осы Кодекстің 531-1-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 110-бап өзгертілді; 2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 110-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
110-бап. Айыпталушыны, сезіктіні қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру немесе қамауға алу мерзімін ұзарту туралы, қамауға алуға санкция беруден бас тарту немесе қамауға алу мерзімін ұзартудан бас тарту туралы сот қаулысына шағымдану, наразылық білдіру
1. Айыпталушы, сезікті, олардың қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі, өкілі қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру немесе қамауға алу мерзімін ұзарту туралы, қамауға алуға санкция беруден бас тарту немесе қамауға алу мерзімін ұзартудан бас тарту туралы сот қаулысына судьясы қаулы шығарған сот арқылы облыстық немесе оған теңестірілген сотқа оның жарияланған кезінен бастап үш тәулік ішінде шағымдануға, ал прокурор наразылық білдіруге құқылы. Шағым беру немесе наразылық келтіру, осы Кодекстің 154-бабының алтыншы бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы сот қаулысының орындалуын тоқтатпайды және адамды күзетпен ұстаудан босатуға әкеп соқпайды. Соттың қаулысына шағымдануға, наразылық білдіруге белгіленген мерзім өткеннен кейін шағымы, наразылығы бар іс бұл туралы айыпталушыға, сезіктіге, олардың қорғаушысына, заңды өкіліне, жәбірленушіге, оның заңды өкіліне, өкіліне және прокурорға хабар беріле отырып, облыстық немесе оған теңестірілген сотқа кідіріссіз жіберіледі.
2. Облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьясы қылмыстық іс сотқа келіп түскен кезден бастап үш тәуліктен кешіктірмей, айыпталушыға, сезіктіге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция беру немесе қамауға алу мерзімін ұзарту туралы, айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беруден бас тарту немесе қамауға алу мерзімін ұзартудан бас тарту туралы сот қаулысының заңдылығын және негізділігін тексеруді жүзеге асырады.
3. Сот отырысына прокурор және айыпталушының, сезіктінің қорғаушысы қатысады. Отырысқа айыпталушы, сезікті, айыпталушының, сезіктінің заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі және өкілі де қатыса алады, шағымның, наразылықтың қаралатын уақыты туралы уақтылы хабарланған кезде олардың келмей қалуы соттың шағымды, наразылықты қарауына кедергі келтірмейді.
4. Сот тараптардың дәлелдемелерін тыңдап, қылмыстық істің материалдарын қарай келіп, мынадай:
1) аудандық немесе оған теңестірілген соттың қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы;
2) аудандық немесе оған теңестірілген соттың қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына берген санкциясының күшін жоя отырып, оның қаулысының күшін жою туралы;
3) аудандық немесе оған теңестірілген соттың қаулысының күшін жою туралы және айыпталушыға, сезіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы;
4) аудандық немесе оған теңестірілген соттың қаулысының күшін жою және айыпталушыны қамауға алу мерзімін ұзартудан бас тарту не ұзарту туралы дәлелді қаулылардың бірін шығарады.
Сот қаулысының көшірмесі қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішпен іс қозғаған қылмыстық қудалау органына, сондай-ақ прокурорға, айыпталушыға, сезіктіге, қорғаушыға, айыпталушының, сезіктінің заңды өкіліне және өкіліне, жәбірленушіге, оның заңды өкіліне және өкіліне, адамды күзетпен ұстау орнының әкімшілігіне жіберіледі және дереу орындалуға тиіс.
5. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың жасаған шағымы немесе прокурордың білдірген наразылығы қанағаттандырылмай қалған жағдайда, қамауға алу мерзімінің жаңадан әрбір ұзартылуы кезінде сол адамның немесе прокурордың нақ сол іс бойынша, нақ сол негіздер бойынша жасаған шағымын, білдірген наразылығын қайтадан қаратуға құқығы бар. Қайтадан жасалған шағым, білдірілген наразылық осы бапта көзделген тәртіппен қаралады.
6. Судья осы бапта көзделген тәртіппен шағымды, наразылықты қараған кезде хаттама жүргізіледі.
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 111-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
111-бап. Прокурордың сезiктiнi, айыпталушыны медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға берген санкциясына сотқа шағымдану
1. Прокурор санкцияландырған сезiктiнi, айыпталушыны сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға шағымдану осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген қосымшалармен бiрге осы Кодекстiң 109-бабында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
2. Сот отырысы барысында судья тараптардың дәлелдерiн тыңдап, қылмыстық iзге түсу органдарынан талап етiлген қылмыстық iстiң материалдарын, ал қажет болған жағдайда - дәрiгерлiк комиссияның қорытындысын қарай келiп мынадай:
1) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) сезiктiнi, айыпталушыны медициналық ұйымға орналастыру немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын өзгерту және сезiктiнi, айыпталушыны медициналық ұйымнан босату туралы шешiмнiң күшiн жою туралы дәлелдi шешiмдердiң бiреуiн шығарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 112-бап өзгертілді
112-бап. Соттың үкіміне, қаулысына шағым жасау, наразылық бiлдiру
Бiрiншi сатыдағы соттардың үкіміне, қаулысына шағым жасау, наразылық бiлдiру осы Кодекстiң 46-тарауының ережелерiне сәйкес берiледi. Заңды күшiне енген соттың шешiмiн қайта қарау туралы шағым жасау, наразылық бiлдiру, өтiнiштер осы Кодекстiң 50-тарауының ережелерiне сәйкес берiледi.
14-тарау. Қылмыстық процеске қатысушы адамдар туралы қорытынды ережелер
113-бап. Процеске қатысушы деп тануды талап ету құқығы
1. Қылмыстық процестiң қатысушысы болып табылмайтын адамдардың оған осы Кодексте көзделген негiздер болған кезде, олардың жәбiрленушi, жеке айыпталушы, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың заңды өкiлдерi және өкiлдерi деп тануды талап етуге құқығы бар. Аталған адамдардың арыздарын (өтiнiштерiн) олар алынған кезден бастап үш тәулiктен кешiктiрмей қылмыстық процестi жүргiзушi орган қарауы тиiс. Қабылданған шешiм туралы өтiнiш берушi дереу хабарландырылады, оған тиiстi қаулының көшiрмесi жiберiледi.
2. Өтiнiш берушi тиiстi қаулының көшiрмесiн алғаннан кейiнгi бес тәулiктiң iшiнде өзiнiң өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартылғанына немесе оны шешудi кейiнге қалдырылғанына прокурорға, сотқа шағымдануға құқылы. Егер қаулының көшiрмесi шағым берiлген кезден бастап он тәулiктiң iшiнде алынбаса, өтiнiш берушi оны процеске қатысушы деп тану туралы өтiнiш жазып прокурорға, сотқа жүгiнуге құқылы.
3. Қайтыс болған немесе қылмыс нәтижесiнде өзiнiң еркiн саналы түрде бiлдiру қабiлетiн жоғалтқан адамның жақын туысы, жұбайы (зайыбы) егер оның құқықтық мұрагерi болғысы келсе, өзiн жәбiрленушi деп тану туралы талап ете алады. Аталған өтiнiштi осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен қылмыстық процестi жүргiзушi орган қарайды.
114-бап. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысты адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру және оларды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мiндетi
1. Қылмыстық сот iсiне қатысушы әрбiр адамның өз құқықтары мен мiндеттерiн, ол таңдаған айқындаманың құқықтық салдарын бiлуге, сондай-ақ оның қатысуымен өтiп жатқан iс жүргiзу iс-әрекеттерiнiң маңызы мен оған танысу үшiн ұсынылған iс материалдарының мазмұнын ұғынуға құқығы бар.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысушы әрбiр адамға оған тиесiлi құқықтар мен оған жүктелген мiндеттердi түсiндiруi, осы Кодексте көзделген тәртiппен оларды жүзеге асырудың мүмкiндiгiн қамтамасыз етуi тиiс. Адамның өтiнiшi бойынша қылмыстық процестi жүргiзушi орган оның құқықтары мен мiндеттерiн қайталап түсiндiруге мiндеттi.
3. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган процеске қатысушыларға қарсылық бiлдiру мәлiмделуi мүмкiн болатын адамдардың тегiн және олар туралы басқа да қажеттi деректердi хабарлауға мiндеттi.
4. Қылмыстық процеске қатысушы жағдайына ие болған адамға оның қатысуымен iс жүргiзу iс-әрекетiн жүргiзу басталғанға дейiн және ол процеске қатысушы ретiнде қандай да болмасын позицияны бiлдiргенге дейiн оның құқықтары мен мiндеттерi мiндеттi түрде түсiндiрiледi. Сот олар қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысында түсiндiрiлген, түсiндiрiлмегенiне қарамастан соттың отырысына келген процеске қатысушыға оған тиесiлi құқықтар мен оған жүктелген мiндеттердi түсiндiруге мiндеттi.
5. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган олардың қатысуымен болатын iс жүргiзу iс-әрекетi басталар алдында куәгердiң, аудармашының, маманның, сарапшының мiндеттерi мен құқықтарын түсiндiруге мiндеттi. Куәнiң құқықтары мен мiндеттерiн алдын ала тергеу органы одан бiрiншi рет жауап алар алдында және соттың отырысында қайталап түсiндiруге мiндеттi.
3-бөлім. Дәлелдемелер және дәлелдеу
15-тарау. Дәлелдемелер
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 115-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
115-бап. Дәлелдемелер ұғымы
1. Оның негiзiнде анықтаушы, тергеушi, прокурор, сот осы Кодексте белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген әрекеттердiң болғандығын немесе болмағандығын, айыпталушының бұл әрекеттi жасағандығын немесе жасамағандығын және айыпталушының кiнәлiлiгiн не кiнәлi емес екендiгiн, сондай-ақ iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтайтын заңды түрде алынған iс жүзіндегі деректер қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Қылмыстық iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар iс жүзіндегі деректер сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң көрсетулерiмен; сарапшының, маманның қорытындыларымен; заттай айғақтармен; iс жүргiзу әрекеттерiнiң хаттамаларымен және өзге де құжаттармен анықталады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 116-бап өзгертілді
116-бап. Дәлелдемелер ретiнде рұқсат етiлмейтiн iс жүзіндегі деректер
1. Iс жүзіндегі деректер, егер олар осы Кодекстiң талаптарын бұза отырып, процеске қатысушыларды олардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе оларды қысу жолымен немесе қылмыстық процестiң өзге де ережелерiн бұзумен, оның iшiнде:
1) қинау, күш қолдану, қорқыту, алдау, сонымен бiрге өзге де заңсыз iс-әрекеттер арқылы;
2) оларға түсiндiрмеудiң, толық немесе дұрыс түсiндiрмеудiң салдарынан туындаған қылмыстық процеске қатысушы адамдардың өз құқықтары мен мiндеттерiне қатысты жаңылуын пайдалану арқылы;
3) iс жүргiзу iс-әрекетiн осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның жүргiзуiне байланысты;
4) iс жүргiзу iс-әрекетiне қарсылық бiлдiруге жататын адамның қатысуына байланысты;
5) iс жүргiзу iс-әрекетiн жүргiзудiң тәртібін айтарлықтай бұза отырып;
6) белгiсiз көзден, не сот отырысында анықтала алмайтын көзден;
7) дәлелдеу барысында осы заманғы ғылыми білімге қайшы келетiн әдiстердi қолдану арқылы алынып, олар iстi тергеу немесе сотта қарау кезiнде алынған iс жүзіндегі деректердiң дұрыстығына ықпал етсе немесе ықпал ету мүмкiн болса, дәлел ретiнде пайдалануға жол берiлмейдi деп танылуы тиiс.
2. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде iс жүзіндегі деректердi дәлелдеме ретiнде пайдалануға жол бермеушiлiктi, сондай-ақ оларды шектеп пайдаланудың мүмкiндiгiн өз бастамашылығы бойынша немесе тараптардың өтiнiшi бойынша процестi жүргiзушi орган белгiлейдi.
3. Егер бұлар қылмыстық iс материалдарының түгендеу тiзiмiне кiргiзiлмесе, сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң және куәнiң көрсетуiн, сарапшының, маманның қорытындыларын, заттай айғақтарды, тергеу және сот iс-әрекеттерiнiң хаттамаларын және өзге де құжаттарды айыптаудың негiзiне жатқызуға болмайды. Куә ретiнде алдын ала жауап алу барысында сезiктi, айыпталушы берген айғақтар дәлелдер ретiнде танылмайды және айыптау негiзiне алынбайды.
4. Заңды бұзу арқылы алынған дәлелдемелер заңдық күшi жоқ деп танылады және айыптаудың негiзiне жатқызыла алмайды, сондай-ақ осы Кодекстiң 117-бабында аталған кез келген мән-жайды дәлелдеу кезiнде пайдаланыла алмайды.
5. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған бұзушылықтармен алынған iс жүзіндегі деректер тиiстi құқық бұзушылықтар мен оларға жол берген адамдардың кiнәлiлiгiн дәлелдеу фактiсi ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
117-бап. Қылмыстық iс бойынша дәлелдеуге жататын мән-жайлар
1. Қылмыстық iс бойынша дәлелдеуге:
1) оқиға мен қылмыстық заңда көзделген қылмыс құрамының белгiлерi (қылмыстың жасалу уақыты, болған жерi, әдiсi және басқа да мән-жайлары);
2) қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi кiмнiң жасағандығы;
3) адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаудағы кiнәлiлiгi, оның кiнәсiнiң нысаны, жасалған әрекеттiң себеп-дәлелдерi, заңдық және iс жүзіндегі қателiктер;
4) айыпталушының жауаптылығының дәрежесi мен сипатына әсер ететiн мән-жайлар;
5) айыпталушының жеке басын сипаттайтын мән-жайлар;
6) жасалған қылмыстың зардаптары;
7) қылмыспен келтiрiлген зиянның сипаты мен мөлшерi;
8) әрекеттiң қылмыстылығын жоққа шығаратын мән-жайлар;
9) қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатуға әкеп соқтыратын мән-жайлар жатады.
2. Кәмелетке толмаған адам жасаған қылмыстар туралы iс бойынша дәлелдеуге жататын қосымша мән-жайлар осы Кодекстiң 481-бабында көрсетiлген.
3. Қылмыс жасауға ықпал етушi мән-жайлар да қылмыстық iс бойынша анықтауға жатады.
118-бап. Дәлелсiз анықталатын мән-жайлар
Егер тиiстi құқықтық рәсiмдердiң шеңберiнде керiсiнше дәлелденбесе, мына мән-жайлар: