Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті лицензиялау ережесін және қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 24 тамыздағы № 735 Қаулысы
(2009.07.10. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2011 жылғы 21 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының «Есірткі, психотроптық, заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» 1998 жылғы 10 шілдедегі және «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті лицензиялау ережесі;
2) Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті лицензиялауға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасында есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 қарашадағы 1693 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 47-48, 556-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
1) 1-тармақтың 2) тармақшасы алынып тасталсын;
2) көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасында есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру ережесінде:
4, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16-тараулар алынып тасталсын.
3. Осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін жиырма бір күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 24 тамыздағы
№ 735 қаулысымен
бекітілген
Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына
байланысты қызметті лицензиялау ережесі
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының «Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-әрекет шаралары туралы» 1998 жылғы 10 шілдедегі және «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес әзірленді және есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті лицензиялау тәртібін айқындайды.
ҚР Үкіметінің 2009.07.10. № 1541 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметпен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі. Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
1) есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзірлеу, өндіру, өңдеу, тасымалдау, жөнелту, сатып алу, сақтау, тарату, өткізу, пайдалану, жою;
2) құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттар бар өсімдіктер мен шөптерді өсіру, жинау, дайындау;
3) денсаулық сақтау жүйесінде есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау, сатып алу, сақтау, тарату, өткізу, пайдалану, жою.
Осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көрсетілген кіші қызмет түрлерін лицензиялауды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитеті, ал осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген кіші қызмет түрін лицензиялауды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті жүзеге асырады.
3. Есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдалана отырып не оларды табу үшін мемлекеттік сот сараптамасы органдарының сараптама жүргізуі, сондай-ақ ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары жедел-криминалистикалық бөлімшелерінің криминалистикалық зерттеулер, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуі, олардың заңсыз айналымына қарсы күресті жүзеге асыратын қызметкерлерді және жеке құрамды арнайы даярлау және қызметтік иттерді үйрету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензиялаусыз жүргізіледі.
4. Лицензия алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) өтініш;
2) жарғының және заңды тұлғаның заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
3) өтініш берушіні салық органында есепке қою туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
4) есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметпен айналысу құқығына бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
5) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
5. Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты лицензия бар қызметтің шеңберінде лицензияға қосымша алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) өтініш;
2) лицензияның нотариалды куәландырылған көшірмесі;
3) біліктілік талаптарына (кіші қызмет түріне) сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
6. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру үшін лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі көрсетілген органның құжаттарды қабылдаған күні туралы белгі қойылып, өтініш берушіге жіберіледі (беріледі).
7. Лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаларды барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
8. Егер лицензиар белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны бермесе немесе лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тартудың себебі туралы өтініш берушіге хабарламаса, онда лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру үшін белгіленген мерзім өткен күннен бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші өзі өтінім берген қызмет түрін және (немесе) кіші қызмет түрін жүзеге асыруды бастағаны туралы лицензиарға жазбаша түрде хабарлайды.
Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бес жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша хабарламада көрсетілген күннен бастап лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беруге міндетті.
9. Егер:
мынадай жағдайларда:
1) Қазақтан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынған;
2) осы Ереженің 4 және 5-тармақтарына сәйкес талап етілетін құжаттар табыс етілмеген жағдайда лицензия беруден бас тартылады. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негіздер бойынша қаралады;
3) есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметпен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
5) өтініш берушіге қатысты оған есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметпен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беруден бас тартылады.
10. Лицензия беруден бас тартқан жағдайда лицензиар лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру үшін белгіленген мерзімде өтініш берушіге жазбаша түрде дәлелді жауап береді.
11. Лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқасын алуға құқылы.
Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.
Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмірмен және оң жақ жоғары бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын береді.
12. Бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, заңды тұлғаның атауы өзгерген, сондай-ақ қызмет түрінің және (немесе) кіші қызмет түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі және (немесе) кіші қызмет түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, лицензиат отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу туралы өтініш береді.
Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдейді.
13. Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметке лицензия бес жылға дейінгі мерзімге беріледі.
14. Жекелеген қызметтің түрлерімен айналысу құқығына лицензиялық алым Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес лицензияларды (лицензиялардың телнұсқасын) беру кезінде алынады.
15. Лицензияның әрекетін тоқтату, алып қою Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
16. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) лицензияның берілген мерзім аяқталғанда;
2) лицензия алып қойылғанда;
3) заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында қайта ұйымдастыруды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
4) лицензия және (немесе) лицензияға қосымша ерікті түрде қайтарылғанда;
5) лицензияланатындардың тізбесінен есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызмет және (немесе) кіші қызмет түрін алып тасталғанда қолданылуы тоқтатылады.
Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиарға қайтаруға міндетті.
17. Лицензиар лицензиаттың Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған лицензиялық бақылауды жүзеге асырады.
Лицензиар лицензиаттан өз құзыреті шеңберінде тиісті құжаттар ұсынуды талап етуге және бақылау функцияларын орындау үшін қажетті ақпарат алуға құқылы.
18. Лицензиар берілген, қайта ресімделген, тоқтатылған, қайта жаңартылған және қолданылуы тоқтатылған лицензиялар туралы мәліметтерден тұратын лицензиялар тізілімін жүргізеді.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 24 тамыздағы
№ 735 қаулысымен
Бекітілген
Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына
байланысты қызметке қойылатын біліктілік талаптары
1. Осы біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының «Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-әрекет шаралары туралы» 1998 жылғы 10 шілдедегі және «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес әзірленді.
2. Біліктілік талаптары есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметке лицензия алуға үміткер заңды тұлғаларға қолданылады.
Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
1) есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзірлеу, өндіру, өңдеу, тасымалдау, жөнелту, сатып алу, сақтау, тарату, өткізу, пайдалану, жою;
2) құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттар бар өсімдіктер мен шөптерді өсіру, жинау, дайындау;
3) денсаулық сақтау жүйесінде есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау, сатып алу, сақтау, тарату, өткізу, пайдалану, жою.
3. Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметке қойылатын біліктілік талаптары:
1) тиісті білім деңгейіне жауап беретін және мамандығы бойынша кемінде екі жыл практикалық жұмыс өтілі бар, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органда техникалық пайдалану ережелері мен қауіпсіздік ережелерін білуінен тексеруден өткен және есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, прекурсорлармен жұмысқа рұқсаты бар инженерлік-техникалық және басшы қызметкерлердің білікті құрамының;
2) мыналарды:
жабдықтың, тетіктердің, технологиялық желілердің пайдаланылуын және оларға техникалық қызмет көрсетуді;
еңбек қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауды бақылауды;
медициналық бақылауды;
есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды есепке алуды қамтамасыз ететін қызметтердің;
3) арнайы қорғану киімдерінің, жеке қорғану құралдарының, өртке қарсы құралдардың;
4) есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіруге технологиялық процестің бекітілген регламентінің, жұмысты қауіпсіз жүргізу жөніндегі нұсқаулықтардың, ережелердің және басқа да нормативтік техникалық құжаттардың;
5) есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзірлеуге, өндіруге, өңдеуге, сатып алуға, сақтауға, өткізуге, пайдалануға, тасымалдауға, жөнелтуге, таратуға, жоюға; құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттар бар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына жауап беретін өсімдіктер мен шөптерді өсіруге, жинауға, дайындауға арналған тиісті өндірістік-техникалық базаның (сынақ-зертханалық база, мамандандырылған өндірістік ғимараттар мен үй-жайлар);
6) жұмыс істейтін персоналды орналастыруға арналған санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін қызметтік үй-жайлардың;
7) өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің талаптарына жауап беретін есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтауға арналған арнайы жабдықталған қоймалардың, үй-жайлардың және ыдыстардың;
8) есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтауға арналған қоймаларды, үй-жайларды ішкі істер органдарының күштерімен немесе күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілердің күзет қызметін көрсету шартының негізінде күзетуі;
9) есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында объект пен үй-жайларды пайдалануға есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күресті жүзеге асыратын аумақтық ішкі істер органы рұқсатының;
10) өздерінің қызметтік міндеттеріне қарай есірткі құралдарына, психотроптық заттар мен прекурсорларға рұқсат алатын адамдарды тиісті тексеру туралы ішкі істер органдары қорытындысының;
11) өздерінің қызметтік міндеттеріне қарай есірткі құралдарына, психотроптық заттар мен прекурсорларға рұқсат алатын адамдарға қатысты нашақорлық, уытқұмарлық, созылмалы маскүнемдік ауруларының жоқтығы туралы, сондай-ақ жоғары қауіп көзімен байланысты олардың арасында кәсіптік қызметінің жекелеген түрлерін орындауға жарамсыз деп танылған адамдардың жоқтығы туралы наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлер қорытындысының;
12) құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттар бар өсімдіктер мен шөптерді өсіруге, жинауға, дайындауға байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау және Білім және ғылым министрліктерімен келісім-хаттың;
13) есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар жөнелтілімдерді қабылдау, тасымалдау және жеткізу шарттарын көрсете отырып, заңды тұлға (жіберуші) мен жөнелтілімдерді жөнелтуді, тасымалдауды жүзеге асыратын ұйым шартының болуын қамтиды.
4. Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар жөнелтілімдерді тасымалдау арнайы темір жол вагондарында, әуе көлігімен және автомобиль көлігімен аса құнды жөнелтілімдерді тасымалдау және жөнелту шарттарын сақтай отырып жүзеге асырылады.
5. Есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды сатып алу және өткізу жөніндегі кіші қызмет түріне лицензия алатын заңды тұлғалар есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды сатып алуды және өткізуді көздейтін ниеттері туралы тиісті лицензиялары бар өтініш берушінің, жеткізіп берушінің және сатып алушының арасындағы шартты немесе хаттаманы қосымша ұсыну қажет.
6. Денсаулық сақтау жүйесінде есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты кіші қызмет түріне лицензия алатын заңды тұлғалар қызметтің негізгі түріне (фармацевтикалық, медициналық) лицензиялардың көшірмелерін қосымша ұсынады.
7. Қызметтің мынадай кіші түрлерімен: есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды тасымалдауға, жөнелтуге, сатып алуға, сақтауға, өткізуге, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінде есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдалануға және жоюға байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде 3-тармақтың 1), 2) (есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды есепке алудан басқа), 4), 12) тармақшалары бойынша мәліметтер ұсыну талап етілмейді.