2. Мәслихаттың кезектi сессиясы кемiнде жылына төрт рет шақырылады және оны мәслихат сессиясының төрағасы жүргiзедi. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясын осы мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемiнде үштен бiрiнiң, сондай-ақ әкiмнiң ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының төрағасы шақырады және жүргiзедi. Кезектен тыс сессия оны өткізу туралы шешiм қабылданған күннен бастап бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей шақырылады. Кезектен тыс сессияда оны шақыруға негiз болған ерекше мәселелер қаралуы мүмкiн.
3. Мәслихат хатшысы мәслихат сессиясын шақыру уақыты мен өткiзiлетiн орны туралы, сондай-ақ сессияның қарауына енгiзiлетiн мәселелер туралы депутаттарға, халыққа және әкiмге - сессияға кемiнде он күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемiнде үш күн бұрын хабарлайды. Мәслихат хатшысы сессияның қарауына енгiзiлетiн мәселелер бойынша қажеттi материалдарды депутаттарға және әкiмге - сессияға кемiнде бес күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемiнде үш күн қалғанда табыс етедi.
11-бап. Мәслихат сессиясын өткізу тәртібі
1. Мәслихат сессиясы жалпы отырыс нысанында өткiзiледi.
2. Мәслихаттың бiрiншi сессиясын тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы ашады және мәслихат сессиясының төрағасы сайланғанға дейiн жүргiзедi. Одан әрi мәслихат сессиясын мәслихат сессиясының төрағасы жүргiзедi.
3. Егер мәслихат депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екiсi мәслихат сессиясына қатысса, ол заңды болады.
Шешiмдер мәслихат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.
4. Сессия жұмысында мәслихат шешiмi бойынша мәслихат белгiлеген он бес күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзiмге үзiлiс жасалуы мүмкiн.
5. Сессияның ұзақтығын мәслихат белгiлейдi.
6. Мәслихат сессиялары, әдетте, ашық сипатта болады. Мәслихат сессиясы төрағасының немесе мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бiрiнiң ұсынысы бойынша қабылданатын мәслихат шешiмiмен, егер қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшiлiгi осы үшiн дауыс берсе, жабық сессиялар өткізуге жол беріледi.
7. Мәслихат сессиясы төрағасының шақыруы бойынша жергiлiктi атқарушы органдар басшылары, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында орналасқан ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды адамдары мәслихаттың құзырына жататын мәселелер бойынша ақпараттар беру үшiн мәслихат сессиясына келуге мiндеттi.
12-бап. Мәслихаттың тұрақты комиссияларын ұйымдастыру және олардың қызметi
1. Мәслихат өз өкiлеттiгi мерзiмiне тұрақты комиссиялар құрады. Олардың саны жетеуден аспауға тиiс. Қажет болған жағдайда, мәслихат тұрақты комиссияларды жаңадан құрып, таратып және қайта ұйымдастыра алады.
2. Тұрақты комиссиялардың тiзбесi мен сан құрамын мәслихат белгiлейдi. Тұрақты комиссиялардың төрағалары мен мүшелерiн өз депутаттары арасынан тиiстi мәслихат сайлайды.
3. Тұрақты комиссиялар өздерiн сайлаған мәслихат алдында жауапты және жылына кемiнде бiр рет өз қызметi туралы есеп бередi.
13-бап. Мәслихаттың тұрақты комиссияларындағы көпшiлiктiк тыңдаулар
1. Тұрақты комиссиялар өз бастамасы бойынша немесе мәслихат шешiмi бойынша көпшiлiктiк тыңдаулар өткiзе алады.
2. Көпшiлiктiк тыңдаулар депутаттардың, атқарушы органдар, өзiн-өзi басқару органдары, ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң, азаматтардың қатысуымен осы комиссиялардың кеңейтiлген отырыстары түрiнде тұрақты комиссияның қарауына жататын мейлiнше маңызды және қоғамдық мәнi бар мәселелердi талқылау мақсатында өткiзiледi.
3. Тұрақты комитеттерде көпшiлiктiк тыңдаулар өткізу тәртібі мәслихат регламентiнде белгiленедi.
14-бап. Мәслихат тұрақты комиссияларының қызметi мен өкiлеттiгi
1. Тұрақты комиссиялар:
1) аталған мәслихат сессиясының күн тәртібі бойынша, сондай-ақ мәслихат сессиясында қаралатын кез келген мәселе бойынша мәслихатқа, мәслихат сессиясының төрағасына, мәслихат хатшысына ұсыныс енгізуге;
2) өздерiнiң құзырына жататын әрi мәслихат сессиясының қарауына енгiзiлген мәселелер бойынша қорытындылар беруге;
3) өздерiнiң құзырына жататын мәселелер бойынша мәслихат сессияларында баяндамалар мен қосымша баяндамалар ұсынуға;
4) өз құзыретi шегiнде сессияда жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының есептерiн тыңдау туралы мәслихатқа ұсыныс енгізуге;
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) комиссияның жұмысына мәслихаттың басқа да депутаттарын, сондай-ақ мемлекеттік органдар, ұйымдар, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары өкiлдерiн және азаматтарды тартуға құқылы.
2. Әкімдік, орталық мемлекеттік органдардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аумақтық бөлімшелерінің, атқарушы органдардың лауазымды адамдары, ұйымдар белгiленген тәртiпте тұрақты комиссияларға олардың құзыретіндегі мәселелер бойынша қажеттi ақпарат беруге мiндеттi.
3. Мәслихаттың тұрақты комиссиялары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар қабылдайды.
15-бап. Мәслихаттың тұрақты комиссиялары жұмысының және қаулылар қабылдауының тәртібі
1. Тұрақты комиссиялардың отырысы қажеттiлiгiне қарай шақырылады және егер отырысқа олардың құрамына кiретiн депутаттар санының жартысынан астамы қатысса, заңды болып есептеледi.
2. Тұрақты комиссиялардың қаулысы комиссия мүшелерi жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.
Комиссияның отырысында дауыс беру кезiнде депутаттардың дауысы тең бөлiнген жағдайда, тұрақты комитеттiң төрағасы шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
3. Тұрақты комиссияның қаулысы мен отырыстың хаттамасына оның төрағасы қол қояды, ал бiрнеше тұрақты комиссияның бiрлескен отырысы өткiзiлген жағдайда, тиiстi комиссиялардың төрағалары қол қояды.
ҚР 21.12.04 ж. № 15-III Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.09.02 № 126-ІV ҚР Заңымен ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 16-бап өзгертілді
16-бап. 2011.21.07. № 465-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
17-бап. Мәслихаттың уақытша комиссиялары
1. Мәслихаттың құзырына жатқызылған мәселелердi сессияларда қарауға әзiрлеу мақсатында мәслихат не мәслихат хатшысы уақытша комиссиялар құруға құқылы. Уақытша комиссиялардың құрамын, мiндеттерiн, өкiлеттiк мерзiмдерiн және құқықтарын мәслихат оларды құру кезiнде белгiлейдi.
2. Мәслихаттың уақытша комиссиялары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қорытындылар қабылдайды.
3. Уақытша комиссия жұмысына қатысқаны үшiн ақы төленбейдi.
18-бап. Мәслихат сессиясының төрағасы
1. Мәслихат сессиясының төрағасын мәслихат өз депутаттарының арасынан сайлайды.
2. Мәслихат сессиясының төрағасы ашық дауыс беру арқылы мәслихат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен сайланады. Мәслихат сессиясының төрағасын сайлау тәртібі мәслихат регламентiнде белгiленедi.
3. Мәслихаттың кезектi сессиясының төрағасы мәслихаттың алдыңғы сессиясында сайланады. Сессияның төрағасы болмаған жағдайда оның өкiлеттiгiн мәслихат хатшысы жүзеге асырады.
Мәслихат депутаты мәслихат сессиясының төрағасы болып күнтiзбелiк жыл iшiнде екi реттен артық сайлана алмайды.
4. Мәслихат сессиясының төрағасы:
1) мәслихат сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды;
2) мәслихат сессиясын әзiрлеуге басшылық жасауды жүзеге асырады, сессияның күн тәртібін қалыптастырады;
3) мәслихат сессиясының отырысын жүргiзедi, мәслихат регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) мәслихаттың сессиясында қабылданған немесе бекітілген мәслихаттың шешiмiне, хаттамаларға, өзге де құжаттарға қол қояды.
5. Мәслихат сессиясының төрағасы өз қызметiн басқа жұмыстан босатылмаған негiзде жүзеге асырады.
6. Мәслихат сессиясында дауыс беру кезiнде депутаттардың дауысы тең бөлiнген жағдайда, мәслихат сессиясының төрағасы шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
ҚР 11.05.04 ж. № 552-II Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (күшіне енетін мерзімін қара)
19-бап. Мәслихаттың хатшысы
1. Мәслихаттың хатшысы тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн лауазымды адам болып табылады. Оны мәслихат сессиясында депутаттардың арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшiлiк даусымен мәслихат сайлайды және қызметтен босатады. Мәслихаттың хатшысы мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiне сайланады.
2. Мәслихат хатшысы лауазымына кандидатураларды мәслихат депутаттары мәслихат сессиясында ұсынады.
3. Мәслихат хатшысы:
1) мәслихат сессиясын және оның қарауына енгiзiлетiн мәселелердi әзiрлеудi ұйымдастырады, хаттама жасалуын қамтамасыз етедi және сессия төрағасымен бiрге мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекітілген шешiмдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;
2) мәслихат депутаттарының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына жәрдемдеседi, оларды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз етедi, депутаттарды мәслихат сессияларына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және сайлау округтерiндегі жұмысқа қатысуы үшiн қызметтiк мiндеттерiн орындаудан босатуға байланысты мәселелердi қарайды;
3) депутаттар сауалдарының және депутаттық өтiнiштердiң қаралуын бақылайды;
4) мәслихат аппаратының қызметiне басшылық жасайды, оның қызметшiлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
5) сайлаушылар өтiнiштерi туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы мәслихатқа ұдайы ақпарат берiп отырады;
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) мәслихаттың өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимылын ұйымдастырады;
7) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкiмдер шығарады;
8) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестiреді;
9) мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен және қоғамдық бiрлестiктермен қарым-қатынастарда мәслихат атынан өкiл болады;
10) мәслихат шешiмдерiнiң жариялануын қамтамасыз етедi, олардың орындалуына бақылау жасау жөніндегі iс-шараларды белгiлейдi;
11) мәслихат шешiмi бойынша өзге де мiндеттердi орындайды.
2011.21.07. № 465-ІV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының хатшысы тиісті мәслихаттың қарауына облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясының төрағасы қызметіне тағайындауға кандидатураларды, сондай-ақ оны қызметтен босату туралы ұсыныс енгізеді.
4. Мәслихат хатшысының мәслихаттың тұрақты комиссияларында болуға құқығы жоқ.
5. Мәслихаттың хатшысы болмаған кезде оның өкiлеттiгiн мәслихат сессиясы төрағасының шешiмi бойынша мәслихат тұрақты комиссияларының бiрiнiң төрағасы немесе мәслихат депутаты уақытша жүзеге асырады.
ҚР 11.05.04 ж. № 552-II Заңымен (бұр. ред. қара) (күшіне енетін мерзімін қара); 2009.09.02 № 126-ІV ҚР Заңымен ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 20-бап өзгертілді
20-бап. Мәслихат депутаты
1. Мәслихат депутаты жалпы мемлекеттік мүдделердi ескере отырып, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi халықтың еркiн бiлдiредi.
2. Мәслихат депутатының өкiлеттiгi тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы оны депутат ретiнде тiркеген кезден басталып, мәслихат өкiлеттiгi тоқтатылған кезден бастап тоқтайды.
3. Мәслихат депутатының өкiлеттiгi мынадай жағдайларда:
1) депутат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес депутаттық мiндеттердi орындаумен сыйымсыз лауазымға сайланса немесе тағайындалса;
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) депутатты әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет ету қабілеті шектеулі деп тану туралы сот шешiмi заңды күшiне енсе;
3) мәслихаттық өкiлеттiгi тоқтатылса;
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) депутат қайтыс болған, депутатты хабар-ошарсыз кеткен деп тану туралы сот шешімі не оны қайтыс болған деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) ол Қазақстан Республикасының азаматтығынан тоқтатса;
6) соттың депутатқа қатысты айыптау үкімі заңды күшiне енсе;
7) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстен тысқары жерге тұрақты тұруға кетсе;
8) депутаттың орнынан түсу туралы жеке өтiнiшiне байланысты;
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 465-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 9) тармақша өзгертілді
9) депутат өз мiндеттерiн жүйелi түрде орындамаса, оның iшiнде мәслихат сессиясының немесе құрамына өзі сайланған мәслихат органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз қатарынан үш реттен артық қатыспаса;
2011.21.07. № 465-ІV ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды
10) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясының төрағасы немесе тексеру комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындалса, мерзімінен бұрын тоқтатылады.
4. Депутаттың өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiм аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша, қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшiлiк даусымен мәслихат сессиясында қабылданады.
5. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6. Өз қызметін мемлекеттік бюджет есебінен ақы төленетін тұрақты немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, шаруашылық субъектісін басқаруға дербес қатысуға, педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, ақы төленетін басқа қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
21.05.02 ж. № 324-II ҚР Заңымен; 11.05.04 ж. № 552-II ҚР Заңымен (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр. ред. қара); 2006.04.11. № 186-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.09.02 № 126-ІV ҚР Заңымен ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.21.07. № 465-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 21-бап өзгертілді
21-бап. Депутаттың өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруы кезіндегі құқықтары мен мiндеттерi
1. Депутат:
1) сайлауға және мәслихат сессиясының төрағасы, мәслихат хатшысы, тұрақты комиссияның төрағасы немесе мүшесi болып сайлануға, мәслихаттың өзге де органдарына сайлануға;
2) мәслихат сессиясы мен оның тұрақты комиссияларында және өзге де органдарда қарау үшiн мәселелер ұсынуға, оларды қарауға және шешiмдер қабылдауға қатысуға;
3) алынып тасталды
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) өз округiнiң сайлаушыларымен, сондай-ақ өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен және ұйымдармен кездесулер мен жиналыстар өткізуге;
5) сессияда тиiстi мәслихат аумағында орналасқан жергiлiктi атқарушы орган мен ұйымдардың лауазымды адамдарының мәслихаттың құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша есептерiн тыңдау туралы ұсыныстар енгізуге;
6) тиiстi Әкімдік отырыстарының жұмысына қатысуға;
7) мәслихат пен оның органдары отырыстарының стенограммаларымен және хаттамаларымен танысуға;
8) фракциялар мен депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы.
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында және мәслихат регламентiнде көзделген өзге де iс-әрекеттердi жүзеге асыруға құқылы.
2. Депутат:
1) мәслихаттың және өзi құрамына сайланған оның органының жұмысына қатысуға;
2) өз округi сайлаушыларымен тұрақты байланыс жасауға, оларға мәслихаттың жұмысы, оның тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының қызметi, мәслихат шешiмдерiнiң орындалуы туралы, сондай-ақ өзінің депутаттық қызметінің барысы туралы, жылына кемінде бір рет хабарлап отыруға, мәслихат шешiмдерiнiң орындалуын ұйымдастыруға және бақылау жасауға қатысуға;
3) сайлаушылардың өзiне келiп түскен өтiнiштерiн қарауға, азаматтарды жеке қабылдауды ұдайы жүргiзуге;
4) тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністе тұруға міндетті.
3. Мәслихаттың әрбір депутатына оның құқықтарының, ар-намысы мен абыройының қорғалуына кепілдік беріледі.
Мәслихат депутаты, қызметі мемлекеттік құпиялармен байланысты ұйымдарды қоспағанда, депутаттық қызмет мәселелері бойынша тиісті мәслихат аумағында орналасқан мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік ұйымдарға кедергісіз кіруге құқылы.
Мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және мемлекеттік ұйымдардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдары мәслихат депутаттарын кідіріссіз қабылдауға және оларға жүктелген өкілеттіктерді жүзеге асыруда қажетті жәрдем беруге міндетті.
ҚР 11.05.04 ж. № 552-II Заңымен 21-1-баппен толықтырылды (күшіне енетін мерзімін қара);2009.09.02 № 126-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 21-1- бап өзгертілді
21-1-бап. Депутаттық сауалдар
Мәслихат депутаты ресми жазбаша сауалмен әкімге, тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасына және мүшесіне, прокурорға және орталық мемлекеттік органдар аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың лауазымды адамдарына мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жүгінуге құқылы.
Депутаттық сауалдың жауабы жазбаша түрде, бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде берілуге тиіс. Депутат сауалға берілген жауап бойынша өз пікірін білдіруге құқылы.
Прокурордың атына берілген сауалдар қылмыстық қудалауды жүзеге асырумен байланысты болмауға тиіс.
ҚР 2006.04.11. № 186-III Заңымен 21-2-баппен толықтырылды
21-2-бап. Мәслихаттардағы депутаттық бірлестіктер
1. Мәслихат депутаттары саяси партиялар фракциялары және өзге де қоғамдық бірлестіктер, депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы. Тексеру комиссиясының төрағасы және мәслихат хатшысы депутаттық бірлестіктерге кіре алмайды.
2. Фракция - заңда белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бірлестіктің атынан өкілдік ететін депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол мәслихатта тиісті саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бірлестіктің мүдделерін білдіру мақсатында құрылады. Фракция мәслихаттың кемінде бес депутатын біріктіруге тиіс. Депутаттың тек бір ғана депутаттық фракцияда болуға құқығы бар.
3. Депутаттық топ - депутаттардың өз өкілеттіктерін, сайлау округтеріндегі бірлескен жұмысын жүзеге асыруға арналған бірлестігі. Депутаттық топтың құрамында мәслихаттың кемінде бес депутаты болуға тиіс.
4. Депутаттық фракциялар мен топтарды тіркеу мәслихат сессиясында жүзеге асырылады, келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі және тек ақпараттық сипатта болады.
ҚР 11.05.04 ж. № 552-II Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (күшіне енетін мерзімін қара)
22-бап. Депутаттық қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өтеу
Депутат регламентте белгіленген тәртіппен мәслихат сессияларын, тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының отырыстарын өткізу кезеңінде, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыру уақытында оған негізгі жұмыс орны бойынша жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен орташа жалақысы, бірақ осы қызметте бір жылға дейінгі жұмыс стажы бар тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс әкімі аппараты басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде және жол жүру уақыты ескеріліп, сессиялар, мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстары өтетін мерзімдегі іссапар шығыстары өтеле отырып, қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады.
2009.09.02 № 126-ІV ҚР Заңымен 23- бап жаңа редакцияда(бұр. ред. қара)
23-бап. Мәслихат өкілеттігін тоқтату негіздері
1. Мәслихат өкілеттігі Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген оның өкілеттік мерзімі аяқталғанда тоқтатылады.
2. Мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын Қазақстан Республикасының Президенті тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда тоқтатылады.
2009.09.02 № 126-ІV ҚР Заңымен 24- бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
24-бап. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру өкілеттігі
1. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Мұндай жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен әкімге сенімсіздік білдіруге және тиісінше Қазақстан Республикасы Президентінің не жоғары тұрған әкімнің алдына оны қызметінен босату туралы мәселе қоюға құқылы.
2. Әкім ұсынған аумақты дамыту жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының орындалуы, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептерді мәслихаттың екі рет бекітпеуі мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіруі туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады.
2009.09.02 № 126-ІV ҚР Заңымен Заң 24- 1-баппен толықтырылды
24-1-бап. Таңдаушылардың шешімі бойынша Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату
1. Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтатуға бастамашылық жасау туралы шешімді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мәслихаты қабылдайды, бұл туралы облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясына және Парламент Сенатының депутатына үш күн мерзімде хабарланады.
2. Таңдаушылардың шешімі бойынша Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтатуға бастамашылық жасауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың барлық мәслихаттарының атынан өкілдік ететін таңдаушылардың жалпы саны даусының кемінде жиырма бес проценті, бірақ бір мәслихаттан таңдаушылар даусының кемінде жиырма бес проценті қолдауға тиіс.
Таңдаушыларды қолдау олардың қолдар жинауымен куәландырылады. Қолдар жинаудың басталуы туралы шешімді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мәслихаты қабылдайды. Қолдардың жиналуын Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтатуға бастамашылық жасаған таңдаушылар ұйымдастырады.
3. Облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясы Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтатуға бастамашылық жасау туралы мәслихаттың хабарламасын алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей бастамашыларға шығарылған шешімді қолдауға қолдарды жинау үшін қол қою парақтарын береді.
Әрбір қол қою парағының реттік нөмірі болуға, онда өкілеттігін тоқтатуға бастамашылық жасалған Парламент Сенаты депутатының тегі, аты, әкесінің аты, сондай-ақ өз қолдарын қоятын таңдаушылар туралы мынадай мәліметтер:
1) тегі, аты, әкесінің аты;
2) өзі депутаты болып табылатын мәслихат;
3) туған күні, айы және жылы;
4) тұрғылықты мекенжайы;
5) жеке қолы қамтылған бағандар болуға тиіс.
Қол қою парағының үлгісін Орталық сайлау комиссиясы бекітеді.
4. Қолдарды жинау облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясынан таңдаушылар қол қою парақтарын алған күннен бастап отыз күннің ішінде жүзеге асырылады. Көрсетілген мерзім аяқталған соң қол қою парақтары облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясының қабылдауына жатпайды.
Толтырылған қол қою парақтары облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясына тапсырылады, ол паспорт қызметтерінің қызметкерлерін тарта отырып, бес күн мерзімде жиналған қолдардың дұрыстығына тексеруді жүзеге асырады және тиісті хаттаманы ресімдейді.
5. Облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясы қойылған қолдардың дұрыстығын тексергеннен кейін Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату туралы мәселені дауыс беруге шығару туралы шешім қабылдайды.
6. Егер қойылған қолдардың дұрыстығын тексеру нәтижесінде жиналған қолдардың бір проценттен астамының дұрыс еместігі, не жиналған қолдардың саны осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталса, тиісті сайлау комиссиясы Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату туралы мәселені дауыс беруге шығарудан бас тартады.
Мәселені дауыс беруге шығарудан бас тартылған күннен бастап бір жылдың ішінде сол негіздер бойынша Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату туралы мәселені қайтадан қозғауға жол берілмейді.
7. Облыстық, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаттың хатшысы облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясы өкілеттігін тоқтату туралы мәселе қозғалған депутатқа мәселені дауыс беруге шығару туралы шешім қабылдаған күннен бастап бес күннен кешіктірмей жазбаша хабарлауға тиіс.
Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату туралы дауыс беру бойынша таңдаушылардың бірлескен отырысы, дауыстарды есептеу және қорытындыларын белгілеу облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясы Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату туралы мәселе қою жөнінде шешім қабылдаған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей жүргізіледі.