14-1-баптың екінші бөлігі энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық стандарттар қабылданған күннен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді
Энергия аудиторының сәйкестігін растау «Техникалық реттеу туралы» және «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары мен энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 14-2-баппен толықтырылды (энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық стандарттар қабылданған күннен бастап он екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
14-2-бап. Энергия аудиторы
1. Энергия аудиторы өз қызметін еңбек шарты негізінде бір ғана энергия-аудиторлық ұйымның құрамында және (немесе) дара кәсіпкер ретінде жүзеге асырады.
2. Дара кәсіпкер болып табылатын энергия аудиторы ғимараттардың, құрылыстардың, құрылысжайлардың ғана энергия аудитін жүргізеді.
3. Дара кәсіпкер болып табылатын энергия аудиторы уәкілетті орган бекіткен, ақпараттық-өлшеу кешендері мен техникалық құралдардың тізбесіне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында сенім білдірілген ақпараттық-өлшеу кешендері мен техникалық құралдарға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде иелік етуге міндетті.
2015.14.01. № 279-V ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бөлігінде құрылыс жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама
1. Жаңа объектілерді салуға немесе қазіргі бар объектілерді (үйлерді, ғимараттарды және олардың кешендерін, коммуникацияларды) өзгертуге (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыруға, реконструкциялауға, күрделі жөндеуге) арналған жобаларға (техникалық-экономикалық негіздемелер мен жобалау-сметалық құжаттамаға) кешенді ведомстводан тыс сараптама сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға сәйкес жүргізіледі.
2. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бөлігінде жобаларға кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізу:
1) энергетикалық ресурстарды жобалық тұтынуы жылына бес жүз тонна шартты отынға барабар көрсеткіштен асатын объектілер үшін;
2) қолданыстағы мемлекеттік немесе мемлекетаралық нормативтердің болуымен қамтамасыз етілмеген және оларды алмастыратын арнайы техникалық шарттар (ерекше нормалар) бойынша әзірленген бірегей объектілерді салу жобалары бойынша міндетті болып табылады.
3. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген жобалар бойынша кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізілгеннен және олар бекітілгеннен кейін үш жыл ішінде объектілерді (үйлерді, ғимараттарды және олардың кешендерін, коммуникацияларды) салу (кеңейту, жаңғырту, техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру, реконструкциялау, күрделі жөндеу) басталмаса, онда бұл жобалар іске асырылғанға дейін осы кезде қолданыста болатын мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтерге сәйкес келтірілуге жатады және жаңа кешенді ведомстводан тыс сараптама өткізілгеннен кейін ғана іске асырылу үшін пайдаланылады.
16-бап. Энергия аудиті
1. 2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Энергия аудиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде, өтініш білдірген тұлғаның қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Энергия аудитінің немесе экспресс-энергия аудитінің нәтижелері бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі қорытынды жасалады.
Нысаналы энергия аудитінің нәтижелері бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша техникалық есеп жасалады.
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері жүргізілген энергия аудитінің немесе экспресс-энергия аудитінің қорытындылары бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейді және бекітеді. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі қорытынды алынған күннен бастап алты ай ішінде әзірленеді және бекітіледі.
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, жылына бір мың бес жүз және одан да көп тонна шартты отынға балама көлемде энергетикалық ресурстарды тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері әрбір бес жыл сайын бір реттен сиретпей міндетті энергия аудитінен өтеді.
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, жылына бір мың бес жүз және одан да көп тонна шартты отынға балама көлемде энергетикалық ресурстарды тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері бір мезгілде мынадай шарттар сақталған:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі алдыңғы қорытынды болған;
2) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау есебінен соңғы бес жыл ішінде кемінде бес пайыз көлемінде энергия үнемдеу әлеуетіне қол жеткізген және (немесе) олардың өнім бірлігіне шаққандағы үлестік энергия тұтынуды бес жыл ішінде кемінде бес пайыз көлемінде төмендеткен;
3) энергия менеджменті жүйесінің сәйкестік сертификаты болған кезде, міндетті энергия аудитінің орнына экспресс-энергия аудитін жүргізуге құқылы.
2015.14.01. № 279-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап төрт жыл ішінде, ал ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы өнімін өндіруді, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратындар алты жыл ішінде энергия аудитін жүргізу нәтижелері бойынша қорытынды алуға міндетті.
5-1. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2015.14.01. № 279-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды; 2015.17.11. № 407-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық стандарттар қабылданған күннен бастап он екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Энергия-аудиторлық ұйымдардың немесе дара кәсіпкерлер болып табылатын энергия аудиторларының:
өтініш білдірген, қатысушысы, кредиторы энергия-аудиторлық ұйымдар және олардың жұмыскерлері немесе дара кәсіпкерлер болып табылатын энергия аудиторлары болып табылатын тұлғаға;
осы ұйымдардың энергия аудитін жүзеге асыратын жұмыскерлері (энергия аудиторлары) өтініш білдірген тұлғамен еңбек қатынастарында тұратын немесе өтініш білдірген тұлғаның лауазымды адамдарының, сондай-ақ өтініш білдірген тұлға акцияларының (немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он және одан да көп пайызын иеленетін акционердің (қатысушының) жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары болып табылғанда;
энергия-аудиторлық ұйымның дауыс беретін акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) өтініш білдірген тұлғаға тікелей немесе жанама түрде тиесілі болған жағдайларда энергия аудитін жүргізуіне тыйым салынады. Жанама тиесілілік өзге заңды тұлға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) әрбір келесі үлестес тұлғаға тиесілігін білдіреді;
осы ұйымдардың энергия аудитін жүзеге асыратын жұмыскерлерінің (энергия аудиторларының) өтініш білдірген тұлғада жеке мүліктік мүдделері бар болғанда;
энергия аудитін жүргізу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, егер энергия-аудиторлық ұйымның және олардың жұмыскерлерінің, дара кәсіпкерлер болып табылатын энергия аудиторларының өтініш білдірген тұлға алдында немесе өтініш білдірген тұлғаның олардың алдында ақшалай міндеттемелері бар болса, энергия аудитін жүргізуіне тыйым салынады.
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері мынадай:
1) жылына бір мың бес жүз тоннадан аз шартты отынға балама көлемде энергетикалық ресурстарды тұтынған;
2) балансында энергетикалық ресурстарды тұтыну объектісі (объектілері) болмаған;
3) энергетикалық ресурстарды көлік құралдарын пайдалану мақсатында ғана тұтынған;
4) егер тарихи-мәдени мұра объектісі немесе ғибадат үйі, құрылысы және құрылысжайы болып табылған жағдайларда, міндетті энергия аудитін жүргізбейді.
5-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік қолдау
17-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік қолдаудың бағыттары
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) энергия үнемдеу жабдығын пайдалануды ынталандыру;
2) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы білім беру қызметін және іс-шараларды ақпараттық қолдауды жүзеге асыруға жәрдемдесу;
3) энергия тиімділігін арттырудың кешенді жоспарын іске асыру;
4) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, оның ішінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы әдістемелік және нормативтік құқықтық базаны әзірлеуді және дамытуды қаржыландыру;
5) тұрғындарда пайдалануда болған, құрамында сынап бар энергия үнемдеу шамдарын кәдеге жарату;
2015.14.01. № 279-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) оқу орталықтарын құру;
7) Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес тұрғын үйлердің (тұрғын үй ғимараттарының), тұрғын үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелеріне энергия үнемдеуді қамтамасыз етуге және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларға ақы төлеуге көмектесу;
2015.17.11. № 407-V ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) энергия-сервистік шарттар шеңберінде жобаларды іске асыруға жәрдемдесу;
2015.17.11. № 407-V ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) энергия тиімділігі картасы шеңберінде жобаларды іске асыруға жәрдемдесу.
18-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы келісім
1. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы келісім (бұдан әрі - Келісім) уәкілетті орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен энергетикалық ресурстарды жылына бір жүз мың және одан көп тонна шартты отын көлемінде тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісінің арасында ерікті негізде жасалады.
2015.14.01. № 279-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Энергетикалық ресурстарды жылына бір жүз мың және одан көп тонна шартты отын көлемінде тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісінің облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына өтініші Келісім жасауға негіз болып табылады.
Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiсiнiң энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау есебiнен бес жыл iшiнде оның өнім бірлігіне шаққандағы энергия тұтыну үлесін кемiнде он бес пайыз көлемiнде төмендету бойынша мiндеттемелер қабылдауы Келiсiм нысанасы болып табылады. Келiсiм кемiнде бес жыл мерзiмге жасалады.
3. Келісімнің қолданысын тоқтату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2015.14.01. № 279-V ҚР Заңымен 18-1-баппен толықтырылды
18-1-бап. Энергия-сервистік шарт
2015.17.11. № 407-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Энергия үнемдеу және пайдаланылатын энергетикалық ресурстардың энергия тиімділігін арттыру мақсатында жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері энергия-сервистік компаниялармен энергия-сервистік шарттар жасасуы мүмкін.
Мемлекеттік мекемелер үлгілік энергия сервистік шартқа сәйкес мемлекеттік мекемелер үшін алты жылдан аспайтын мерзімде энергия сервистік шарттар жасайды.
2. Энергия-сервистік шартта:
1) энергия-сервистік шартты орындау нәтижесінде энергия-сервистік компания қамтамасыз етуге тиіс энергетикалық ресурстарды үнемдеу шамасы туралы;
2) энергия-сервистік шартта белгіленген энергетикалық ресурстарды үнемдеу шамасына қол жеткізу үшін қажетті мерзімнен кем болмауға тиіс энергия-сервистік шарттың қолданылу мерзімі туралы;
3) пайдаланылатын энергия ресурстарын жыл сайын үнемдеуден алынатын қаражат есебінен жұмыстарға ақы төлеу туралы шарт қамтылуға тиіс.
Энергия-сервистік шарт бойынша баға энергия-сервистік шартты іске асыру нәтижесінде қол жеткізілген не қол жеткізуге жоспарланған көрсеткіштер негізге алына отырып, оның ішінде үнемделген энергетикалық ресурстар құны немесе өнім бірлігіне шаққандағы энергия тұтыну үлесін төмендету есебінен пайда болатын энергетикалық ресурстарды үнемдеу негізге алына отырып айқындалуға тиіс.
3. Энергия-сервистік шарт тараптардың келісілген, энергетикалық ресурстарды тұтыну (пайдалану) режимін, шарттарын (температуралық режимді, жарықтандыру деңгейін, еңбекті ұйымдастыру, үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды күтіп-ұстау саласындағы талаптарға сәйкес келетін басқа да сипаттамаларды қоса алғанда), энергетикалық ресурстарды өндіру, беру режимін, шарттарын және өзге де келісілген шарттарды энергия-сервистік компаниялардың энергия-сервистік шартты орындау кезінде қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері туралы шартты қамтуы мүмкін.
19-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі қызметті ақпараттық қамтамасыз ету
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі қызметті ақпараттық қамтамасыз етуді орталық және жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектордың субъектілері:
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануды насихаттау;
2) энергия тиімділігі жоғары көрсету жобаларын жасау жөніндегі жұмыстарды үйлестіру;
3) энергия үнемдейтін материалдар мен жабдықтар көрмелерін ұйымдастыруға жәрдемдесу жолымен тұрақты жүзеге асырады.
6-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы субъектілердің
құқықтары мен міндеттері
2015.17.11. № 407-V ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
20-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық даму институты
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық даму институты:
1) Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастырады және оны жүргізеді;
2) энергия тиімділігі картасын қалыптастырады және оны жүргізеді, энергия тиімділігі картасына жобаларды іріктеуді және енгізуді жүзеге асырады;
3) Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің ақпаратты беруден жалтарған немесе дұрыс емес ақпарат берген субъектілері туралы ақпаратты уәкілетті органға береді;
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен (энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық стандарттар қабылданған күннен бастап он екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4) тармақша жаңа редакцияда
4) Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінен, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінен, дара кәсіпкерлер болып табылатын энергия аудиторларынан, сондай-ақ энергия-сервистік компаниялардан Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыруға және жүргізуге қажетті ақпаратты сұратады және алады;
5) уәкілетті органға Мемлекеттік энергетикалық тізілімді және энергия тиімділігі картасын қалыптастыру және оны жүргізу бойынша ұсыныстар енгізеді;
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері жүзеге асыратын, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларының тиімділігін бағалау мен талдауды, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар тиімділігін бағалау мен талдауды, Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің энергия ресурстарын тұтынуын талдауды алдыңғы жылмен салыстырмалы талдауды, Қазақстан Республикасында жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығы және энергия ресурстарын пайдаланудың тиімділігі бойынша талдамалық зерттеуді, Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің үлестік шығыстарын және энергияны пайдалану нормативтерін талдауды, осы Заңды іс жүзінде іске асыруды, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша ұсыныстар береді және уәкілетті органға жиынтық ақпаратты ұсынады;
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) мемлекеттік мекемелердің энергия тұтыну мониторингін жүргізеді және мемлекеттік мекемелердің энергия тұтыну мониторингін жүргізу қорытындылары бойынша есепті өзінің интернет ресурсында орналастырады;
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 6-2) тармақшамен толықтырылды
6-2) уәкілетті органға энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында мемлекеттік сатып алу және тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу мониторингін жүргізген кезде және мемлекеттік сатып алуды және тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру кезінде энергия тиімділігі жөніндегі талаптар қолданылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін жаңарту бойынша ұсынымдарды дайындауға жәрдемдеседі;
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі қорытындыға талдау жүргізеді және уәкілетті органға ақпарат ұсынады;
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ақпараттық, талдамалық және консультациялық қызметтерді көрсетеді;
9) энергия үнемдеуді дамытуды ынталандыру үшін ақпараттық, білім беру және қаржы ресурстарын тарту мақсатында халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды;
10) уәкілетті органға энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында сараптамалық қорытындылар және (немесе) ұсыныстар береді.
21-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы субъектілердің құқықтары мен міндеттері
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы баптың 2, 3, 4 және 5-тармақтарында көрсетілген энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы субъектілер:
1) мемлекеттік органдарға энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуге;
2) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша уәкілетті органнан ақпарат алуға құқылы.
2015.14.01. № 279-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар энергия-сервистік компаниялармен энергия-сервистік шарттар жасасуға құқылы.
2. Дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар:
1) электр желілерінде қуат коэффициентінің нормативтік мәндерін сақтауға;
2) энергия тұтыну нормативтерінен аспауға;
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) энергетикалық ресурстарды, суды өндіруді және (немесе) беруді жүзеге асыру кезінде жабдықтың, арматураның ақаулығынан, құбырларды жылу оқшаулаусыз пайдаланудан немесе энергия тұтыну жабдығының жұмыс режимін сақтамаудан туындаған олардың тікелей ысырабына жол бермеуге міндетті.
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Осы Заңда айқындалған тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алуды және тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды энергия тиімділігі бойынша талаптарға сәйкес жүзеге асыруға міндетті.
21-баптың 3-тармағы 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері осы Заңның 9-бабында көрсетілген ақпаратты беруге және мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, энергия аудиті өткеннен кейін бес жыл ішінде, энергия аудиті қорытындылары бойынша айқындалған шамаға дейін энергетикалық ресурстар мен судың тұтыну көлемін өнімнің бірлігіне, үйлердің, құрылыстар мен ғимараттардың алаңы бірлігіне жыл сайын азайтуды қамтамасыз етуге міндетті.
Бұл ретте меншік құқығында жылжымайтын мүлкі жоқ мемлекеттік мекемелер осы Заңның 9-бабының 1-1-тармағында көрсетілген ақпаратты беруден босатылады.
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Жылына бір мың бес жүз және одан да көп тонна шартты отынға балама көлемде энергетикалық ресурстарды тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі жауапты адамды тағайындауға міндетті.
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 3-2-тармақпен толықтырылды
3-2. Жылына елу мың және одан да көп тонна шартты отынға балама көлемде энергетикалық ресурстарды тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері уәкілетті орган белгілеген энергия тиімділігі бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
2015.14.01. № 279-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық стандарттар қабылданған күннен бастап он екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Энергия-аудиторлық ұйымдар және дара кәсiпкер болып табылатын энергия аудиторлары:
1) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасында белгiленген энергия аудитiн жүргiзу тәртiбiн сақтауға;
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) энергия аудитiн жүргізу кезiнде уәкiлеттi органның жол берiлген бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқамаларын уақтылы орындауға міндетті.
3) 2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2015.14.01. № 279-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Оқу орталықтары:
1) оқу орталықтарының Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасында белгiленген қызмет тәртібін сақтауға;
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлауды және (немесе) олардың біліктілігін арттыруды жүргізу кезiнде уәкiлеттi органның жол берiлген бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқамаларын уақтылы орындауға міндетті.
3) 2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7-тарау. Қорытынды ережелер
22-бап. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасын бұзғаныүшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 23-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
23-бап. Уәкілетті органның лауазымды адамының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау
Жеке және (немесе) заңды тұлғалар уәкілетті органның лауазымды адамының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
2022.30.06. № 130-VII ҚР Заңымен 23-1-баппен толықтырылды
23-1-бап. Өтпелі ережелер
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы энергия аудиторының аттестаты бар энергия аудиторы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық стандарттар қабылданған күннен бастап алты ай өткен соң энергия аудиторының сәйкестігін растаудан өтуге құқылы.
24-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібі
1. Осы Заң:
2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 5-баптың 9) тармақшасын;
2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 2-тармағын;
2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 4-тармағын;
2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 9-бапты;
2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 10-баптың 1-тармағын;
қуаты 100 Вт және одан жоғары қыздыру электр шамдары үшін -2012 жылғы 1 шілдеден бастап, қуаты 75 Вт және одан жоғары қыздыру электр шамдары үшін - 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап, қуаты 25 Вт және одан жоғары қыздыру электр шамдары үшін 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 13-баптың 1-тармағының 1) тармақшасын;
2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 13-баптың 1-тармағының 5) тармақшасын;
2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 15-баптың 1 және 9-тармақтарын;
2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 21-баптың 3-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Энергия үнемдеу туралы» 1997 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № ы24, 343-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., №1, 5-құжат, 2009 ж., №13-14, 62-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., №1, 2-құжат; № 11, 102-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы қаңтардың 13-і.
№ 541-IV