Қазақстан Республикасының
Заңы
«Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
1-бап. «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» 2003 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 24, 176-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; 2009 ж., № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 3-құжат; № 11, 102-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
1) 7-баптың 1-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) бақылау және қадағалау органдары жүзеге асыратын тексерулерді тағайындау кезiнде Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғандығы анықталған жағдайларда, оларды тағайындау туралы актілерді тіркеуден бас тартуға;»;
2) 12-баптың 3-тармағында:
7) және 10) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«7) сот әрекетке қабiлетсіз және әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдарды;»;
«10) бақылау және қадағалау органдары жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органда тіркелетін тексерулерді;»;
12) тармақшадағы «адамдарды арнайы есепке алу ісін жүргізуді жүзеге асырады» деген сөздер «адамдарды;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 13) тармақшамен толықтырылсын:
«13) адамдардың қаза болуына немесе жаралануына әкеп соққан жол-көлік оқиғаларын арнайы есепке алуды жүзеге асырады.».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы желтоқсанның 28-і.
№ 522-IV