2. Қорғаншы немесе қамқоршы тек қана оның келiсiмiмен тағайындалуы мүмкiн. Егер бұл қамқорлыққа алынушының мүдделерiне қайшы келмесе, жұбайы, ата-аналары, туыстары немесе қамқорлыққа алынушыға жақын басқа да адамдар қорғаншы немесе қамқоршы болып тағайындалуда басым құқыққа ие болады.
Егер қамқорлыққа алынушылардың мүдделерiнiң арасында қайшылықтар болмаса, бiрнеше адам үшін бiр қорғаншы немесе қамқоршы тағайындауға жол берiледi.
3. Әрекетке қабiлеттi және ата-ана құқықтарынан айрылмаған, бiрақ олардың тәрбиесін жүзеге асыра алмайтын ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына қорғаншы немесе қамқоршы тағайындау кезінде, қорғаншылар немесе қамқоршылар ата-аналардың тiлегi ескерiле отырып тағайындалады.
Балаға қорғаншы немесе қамқоршы тағайындау кезiнде қорғаншының немесе қамқоршының адамгершiлiк және өзге де жеке қасиеттерi, оның қорғаншылық немесе қамқоршылық мiндеттерiн орындауға қабiлетi, қорғаншы немесе қамқоршы мен баланың арасындағы қатынастар, қорғаншының немесе қамқоршының отбасы мүшелерiнiң балаға көзқарасы, сондай-ақ, егер бұл мүмкiн болса, баланың өз тiлегi ескерiледi.
Егер кәмелетке толмаған балаға қорғаншы немесе қамқоршы болып тағайындалатын адам некеде тұрса (ерлі-зайыпты болса), оның жұбайының келiсiмi талап етiледi.
4. Қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа мұқтаж және тиiстi білім беру, медициналық ұйымдардағы, халықты әлеуметтiк қорғау ұйымдарындағы адамдардың қорғаншылары немесе қамқоршылары осы ұйымдардың әкiмшiлiктері болып табылады.
Қорғаншының немесе қамқоршының мұндай ұйымға баланы уақытша орналастыруы қорғаншының немесе қамқоршының осы балаға қатысты құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатпайды.
5. Қорғаншылар немесе қамқоршылар кез келген адамдарға қатысты, оның iшiнде сотта өкiлеттiктерін арнайы растамастан, өз қамқорлығына алынғандардың құқықтары мен мүдделерiн қорғайды.
17-тарау. Қорғаншылардың немесе қамқоршылардың және қамқорлыққа алынғандардың құқықтық жағдайы
123-бап. Қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы адамдардың құқықтары
Осы Кодекстің 60-62 және 67-баптарында көзделген құқықтармен қатар, қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы адамдардың сондай-ақ:
1) өздерінің адамдық қадыр-қасиеттерінің құрметтелуіне;
2) қорғаншы немесе қамқоршы тарапынан қамқорлық жасалуына;
3) осы Кодекстің 126-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, онымен бірге тұруға;
4) өздеріне тиесілі алиментке, жәрдемақыға және басқа да әлеуметтік төлемдерге;
2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (2025 ж. 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) тұрғынжайға және өзге де мүлікке меншік құқығын және (немесе) тұрғынжайды және өзге де мүлікті пайдалану құқығын сақтауға;
6) қорғаншы немесе қамқоршы тарапынан жасалатын қиянаттан қорғалуға;
7) қорғаншының немесе қамқоршының отбасында тәрбиеленуге;
8) өздеріне күтіп-бағу, тәрбиелеу, білім алу және жан-жақты даму үшін жағдайлардың қамтамасыз етілуіне;
9) тұрғын үйі болмаған жағдайда оны Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес алуға құқықтары бар.
124-бап. Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және білім беру, медициналық ұйымдардағы және басқа да ұйымдардағы балалардың құқықтары
1. Осы Кодекстің 60-62 және 67-баптарында көзделген құқықтармен қатар, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және білім беру, медициналық ұйымдардағы және басқа да ұйымдардағы балалардың сондай-ақ:
1) күтіп-бағуға, тәрбиеленуге, білім алуға, жан-жақты дамуға, өздерінің адамгершілік қадыр-қасиеттерінің құрметтелуіне, өз мүдделерінің қамтамасыз етілуіне;
2) өздеріне тиесілі алиментке, жәрдемақыға және басқа да әлеуметтік төлемдерге;
2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2025 ж. 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) тұрғынжайға және өзге де мүлікке меншік құқығын және (немесе) тұрғынжайды және өзге де мүлікті пайдалану құқығын сақтауға;
2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2025 ж. 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1) тұрғынжайы болмаған жағдайда оны Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес алуға;
4) жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын жұмысқа орналасуда жәрдем көрсетілуіне құқықтары бар.
2. Осы ұйымдар түлектерінің құқықтарын қорғау қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жүктеледі.
125-бап. Қорғаншылардың немесе қамқоршылардың өз міндеттерін атқаруы
1. Қорғаншылар заң жүзiнде қамқорлыққа алынушылардың өкiлдерi болып табылады және олардың атынан және олардың мүддесінде барлық қажеттi мәмiлелердi жасайды.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қамқоршылар өздерiнiң қамқоршылығындағы адамдардың өз бетiнше жасауға құқығы жоқ мәмiлелердi жасауға келiсiм бередi, қамқорлыққа алынушыларға өз құқықтарын жүзеге асыруына және мiндеттерiн атқаруына жәрдем көрсетедi, сондай-ақ оларды үшiншi тұлғалардың тарапынан жасалатын қиянаттардан қорғайды.
Қорғаншы немесе қамқоршы қамқорлыққа алынушыларды өз есебiнен күтіп-бағуға мiндеттi емес. Қамқорлыққа алынушыны күтіп-бағу қамқорлыққа алынушының алатын жалақысы, алиментi және басқа да әлеуметтiк төлемдерi есебiнен, сондай-ақ оған тиесiлi мүлiктің есебiнен жүзеге асырылады.
Қамқорлыққа алынушыны күтіп-бағуға жеткiлiктi қаражат болмаған кезде, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар оны күтіп-бағуға жәрдемақы тағайындайды.
Қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім баланы (жетім балаларды) және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы (балаларды) күтіп-бағуға жәрдемақы тағайындау тәртібін және төлеу мөлшерін Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.
3. Қорғаншылар немесе қамқоршылар өздерiнiң қамқорлығына алынғандарды күтіп-бағу, олардың күтімі мен емделуiн қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнінде қамқорлық жасауға мiндеттi. Көрсетілген мiндеттер сот әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған кәмелетке толған адамдардың және әрекетке толық қабілетті деп жарияланған кәмелетке толмағандардың қамқоршыларына жүктелмейдi.
4. Егер адам әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған негіздер жойылса, қорғаншы немесе қамқоршы қамқорлыққа алынушыны әрекетке қабілетті деп тану туралы сотқа өтініш беруге міндетті.
126-бап. Баланың қорғаншысының немесе қамқоршысының құқықтары мен міндеттері
1. Баланың қорғаншысы немесе қамқоршысы қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығына, дене бітімі, психикалық, адамгершiлiк және рухани жағынан дамуына қамқорлық жасауға мiндеттi.
Көрсетілген міндеттер сот тәртібімен әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған адамдардың қамқоршыларына жүктелмейді.
Қорғаншы немесе қамқоршы баланың пiкiрi мен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның ұсынымдарын ескере отырып, сондай-ақ осы Кодекстің 72-бабында көзделген талаптар сақталған жағдайда, қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы баланы тәрбиелеудiң тәсілдерін өз бетінше айқындауға құқылы.
Қорғаншы немесе қамқоршы баланың пiкiрiн ескере отырып, баланың бiлiм алу ұйымын және оқу нысанын таңдауға құқығы бар және баланың міндетті орта бiлiм алуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Қорғаншы немесе қамқоршы қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы баланы өздерiнде заңды негiздерсiз ұстап отырған кез келген адамдардан, оның iшiнде баланың жақын туыстарынан қайтарып алуды сот арқылы талап етуге құқылы.
3. Мұндай араласу баланың мүдделерiне сай келмейтін жағдайларды қоспағанда, қорғаншы немесе қамқоршы баланың өз ата-аналарымен және басқа да жақын туыстарымен араласуына кедергі келтіруге құқылы емес.
4. Қамқорлыққа алынушылар білім беру ұйымында немесе медициналық ұйымда тәрбиеленуде немесе емделуде болған жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандардың қорғаншылары немесе қамқоршылары өздерiнің қамқорлығына алғандармен бiрге тұруға мiндеттi. Бұл қамқорлыққа алынушының тәрбиесiне және оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауға қолайсыздық туғызбайтын болса, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның рұқсатымен қамқоршының он алты жасқа толған қамқорлыққа алынушыдан бөлек тұруына жол берiледi.
Қорғаншылар немесе қамқоршылар қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға тұрғылықты жерiнiң өзгергенi туралы хабарлауға мiндеттi.
2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2025 ж. 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары немесе шетел азаматтары болып табылатын қорғаншылар немесе қамқоршылар кемінде алты айда бір рет қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша баланың денсаулық паспортының көшірмесін және оны тәрбиелеу туралы, оны күтіп-бағуға бөлінген ақшаны жұмсау және оның мүлкін басқару туралы есептерді ұсынуға міндетті.
127-бап. Әрекетке қабілетті азаматтарды қамқоршылыққа алу
1. Денсаулық жағдайына байланысты өз құқығын жүзеге асыра алмайтын және қорғай алмайтын және мiндеттерiн орындай алмайтын әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның өтiнiшi бойынша оған қамқоршылық белгiленуi мүмкiн.
2. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның келiсiмiмен ғана оған қамқоршы тағайындауы мүмкiн.
3. Әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған қамқорлыққа алынушыға тиесiлi мүлiкке билiк етудi қамқоршы қамқорлыққа алынушымен жасалған тапсырма шарты немесе мүлiктi сенiмгерлікпен басқару негiзiнде жүзеге асырады.
Қамқоршы қамқорлыққа алынушыны күтіп-бағуға және оның тұрмыстық қажеттерiн қанағаттандыруға бағытталған тұрмыстық және өзге де мәмiлелердi жасасуды қамқорлыққа алынушының келiсiмiмен жүзеге асырады.
4. Әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның талап етуі бойынша оны қамқоршылыққа алу тоқтатылуы мүмкiн.
Қамқоршылыққа алынған адамның қамқоршысы осы Кодекстің 129-бабында көзделген жағдайларда өзiне жүктелген мiндеттердi орындаудан босатылады.
128-бап. Қамқорлыққа алынушының мүлкіне билік ету
1. Қамқорлыққа алынушының өз бетінше билiк етуге құқығы бар табыстарын қоспағанда, қамқорлыққа алынған адамның табыстарын, оның iшiнде қамқорлыққа алынушының мүлкiн басқарудан түскен оған тиесілі табыстарды тек қана қамқорлыққа алынушының мүддесінде және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның алдын ала рұқсатымен қорғаншы немесе қамқоршы жұмсайды.
Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның алдын ала рұқсатынсыз, қорғаншы немесе қамқоршы қамқорлыққа алынушының табысы ретiнде оған тиесiлi, қамқорлыққа алынушыны күтіп-бағу үшiн қажеттi сома есебiнен ең төмен күнкөріс шегінде шығыстар шығаруға құқылы.
Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарының басшылары тәрбиеленушілердің алименттен, жәрдемақылардан түскен қаражаттарын және басқа да әлеуметтік төлемдерін банк шоттарынан алуға құқығы жоқ.
2. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның алдын ала рұқсатынсыз қорғаншы қамқорлыққа алынушының мүлкін иеліктен шығару, оның ішінде айырбастау немесе сыйға тарту жөніндегі мәмілелерді жасасуға немесе оның атынан кепілгерлік, осы мүлікті жалға (жалдауға), өтеусіз пайдалануға беру немесе кепілге салу шартын, қамқорлыққа алынушының заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлікпен тиесілі құқықтарынан бас тартуына, оның мүлкін бөлуге немесе одан үлесті бөліп алуға әкеп соғатын мәмілелерді жасасуға, сондай-ақ қамқорлыққа алынушының мүлкін азайтуға әкеп соғатын кез келген мәмілелерді жасасуға, ал қамқоршы оларды жасасуға келісім беруге құқылы емес. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган көрсетілген мәмiлелердің нәтижесiнде қорғаншы алған қаражаттың қалай жұмсалуға тиiс екенiн айқындайды.
Қамқорлыққа алынушының мүлкiн басқару тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Мүлiктi қамқорлыққа алынушыға сый ретiнде немесе өтеусіз пайдалануға берудi қоспағанда, қорғаншының немесе қамқоршының, олардың жұбайлары мен жақын туыстарының қамқорлыққа алынушымен мәмiлелер жасасуға, сондай-ақ мәмiлелер жасасу немесе қамқорлыққа алынушы мен қорғаншы немесе қамқоршының жұбайы және олардың жақын туыстары арасында сот iстерiн жүргiзу кезінде қамқорлыққа алынушының атынан өкiлдiк етуге құқылы емес.
Қамқорлыққа алынушының қорғаншыға немесе қамқоршыға, оның жұбайына немесе туыстарына осы адам қорғаншы немесе қамқоршы болып тағайындалғанға дейін туындаған борыштары қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның рұқсатымен төленедi.
129-бап. Қорғаншыларды немесе қамқоршыларды өз міндеттерін атқарудан босату және шеттету
1. Кәмелетке толмаған қамқорлыққа алынушы оның ата-аналарына немесе оны асырап алушыларға қайтарылған жағдайларда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган қорғаншыны немесе қамқоршыны өз мiндеттерiн атқарудан босатады.
Қамқорлыққа алынушы тиісті білім беру ұйымына, медициналық және медициналық-әлеуметтік ұйымға немесе басқа да арнайы ұйымға орналастырылған кезде, егер бұл қамқорлыққа алынушының мүдделерiне қайшы келмесе, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган бұрын тағайындалған қорғаншыны немесе қамқоршыны өз мiндеттерiн атқарудан босатады.
2. Қорғаншы немесе қамқоршы дәлелдi себептер болған кезде (науқастануы, мүлiктiк жағдайының өзгеруi, қамқорлыққа алынушымен өзара түсiнiстіктің болмауы және басқалары) өз өтiнiшi бойынша немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның бастамасы бойынша өз мiндеттерiн атқарудан босатылады.
3. Қорғаншының немесе қамқоршының өз міндеттерін тиісінше атқармауына, оның ішінде қорғаншылықты немесе қамқоршылықты жеке басының мақсаттарына пайдалануына не қамқорлыққа алынушыны қадағалаусыз және қажетті көмексіз қалдыруына тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган қорғаншыны немесе қамқоршыны осы міндеттерді атқарудан шеттетуге және қажетті шаралар қолдануға міндетті.
130-бап. Қорғаншылықты немесе қамқоршылықты тоқтату
1. Қамқорлыққа алынушыны әрекетке қабiлеттi деп тану немесе қорғаншының немесе қамқоршының не қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның өтініші бойынша оның әрекет қабiлетi шектелуiнiң күшiн жою туралы сот шешiм шығарған жағдайларда кәмелетке толған адамдарға қорғаншылық немесе қамқоршылық тоқтатылады.
2. Қамқорлыққа алынған жас бала он төрт жасқа толған соң оған қорғаншылық тоқтатылады, ал қорғаншылық мiндетiн жүзеге асырған адам бұл туралы қосымша шешiмсiз кәмелетке толмаған баланың қамқоршысы болады.
3. Қамқорлыққа алынушы он сегiз жасқа толған соң, сондай-ақ ол некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде кәмелетке толмаған балаға қамқоршылық ерекше рұқсатсыз-ақ тоқтатылады.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 131-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
131-бап. Қорғаншылардың немесе қамқоршылардың әрекеттеріне шағым жасау
Қорғаншылардың немесе қамқоршылардың әрекеттеріне қамқорлыққа алынушының мүддесінде оның тұрғылықты жеріндегі қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға, сотқа Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 132-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
132-бап. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың шешімдеріне шағым жасау
Мүдделі тұлғалар барлық мәселелер бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен Кодекс 17-1-тараумен толықтырылды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
17-1-тарау. БАЛАНЫ ҚАБЫЛДАЙТЫН ОТБАСЫ
132-1-бап. Баланы қабылдайтын отбасы
1. Баланы қабылдайтын ата-аналардың, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган мен білім беру ұйымы арасында жасалған жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарт жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беруге негіз болып табылады.
Аға-інілер мен апа-сіңлілерді (қарындастарды) қоспағанда, баланы қабылдайтын отбасы тәрбиелеуге кемінде төрт және оннан аспайтын жетім баланы, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы қабылдай алады.
2. Баланы қабылдайтын отбасылар туралы ережені Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
132-2-бап. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарт
1. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шартта жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағу, тәрбиелеу және оларға білім беру жағдайлары, баланы қабылдайтын ата-аналардың құқықтары мен міндеттері, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган мен жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар болған білім беру ұйымының баланы қабылдайтын ата-аналарға қатысты міндеттері, сондай-ақ осындай шартты тоқтатудың негіздері мен салдарлары көзделуге тиіс.
Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар баланы қабылдайтын ата-аналарға көрсетілген шартта көзделген мерзімге тәрбиелеуге беріледі.
Баланы қабылдайтын отбасына берілген әрбір жетім балаға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаға жеке шарт жасалады.
Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарттың мерзімі аяқталған жағдайда, оның отбасында болу мерзімін ұзарту жаңа шарттың негізінде жүргізіледі.
2. Баланы қабылдайтын ата-аналарға еңбекақы және ақшалай төлемдер төлеу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын ата-аналарға беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу:
1) дәлелді себептер (ауруы, отбасылық немесе материалдық жағдайының өзгеруі, баламен өзара түсіністіктің болмауы, балалар арасындағы жанжалды қатынастар және басқалар) болған кезде баланы қабылдайтын ата-аналардың бастамасы бойынша;
2) жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағу, тәрбиелеу және оларға білім беру үшін қолайсыз жағдайлар туындаған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның немесе жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар болған білім беру ұйымының бастамасы бойынша;
2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2025 ж. 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органмен келісу бойынша бала ата-аналарына, өзге де заңды өкілдеріне қайтарылған немесе бала асырап алынған жағдайларда мүмкін болады.
132-3-бап. Баланы қабылдайтын ата-аналар
1. Баланы қабылдайтын ата-аналар тәрбиелеуге қабылданған жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты қорғаншылар мен қамқоршылар сияқты дәл сондай құқықтар мен міндеттерді иеленеді. Оларға осы Кодекстің 122-бабының 1-тармағында көзделген талаптар қойылады.
2. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағу, тәрбиелеу және оларға білім беру үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін баланы қабылдайтын ата-аналардың меншік құқығында әр адамға кемiнде он бес шаршы метр мөлшерінде жеке тұрғынжайы немесе пайдалану құқығымен тұрғынжайы болуға тиіс.
2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2025 ж. 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Баланы қабылдайтын ата-аналар кемінде алты айда бір рет жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар болған білім беру ұйымдарына денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша баланың денсаулық паспортының көшірмесін және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға оларды тәрбиелеу жөніндегі жұмыс туралы, оларды күтіп-бағуға бөлінген ақшаны жұмсау және олардың мүлкін басқару туралы есептерді ұсынуға міндетті.
132-4-бап. Баланы қабылдайтын отбасына берілетін жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар
1. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарт бойынша беру үшін оларды алдын ала таңдауды жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар болатын білім беру ұйымымен және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органмен келісу бойынша жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдар жүзеге асырады.
Балалардың мүдделеріне сай келетін және балалар өзінің туыстық қатынасы туралы білмейтін, бірге тұрмаған және бірге тәрбиеленбеген жағдайларды қоспағанда, аға-інілер мен апа-сіңлілерді (қарындастарды) ажыратуға жол берілмейді.
2. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын ата-аналарға беру олардың пікірлері ескеріле отырып жүзеге асырылады. Он жасқа толған жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар өздерінің келісімдерімен ғана берілуі мүмкін.