53-тарау. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөнінде қолданатын шаралары
436-бап. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөнінде шаралар қолдануының негіздері
1. Кеден органдары кеден одағының кеден заңнамасына және осы тарауға сәйкес тауарларды шығаруды тоқтата тұрумен байланысты зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөнінде шаралар қолданады.
2. Кеден органдары зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік объектілеріне және кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілген, сондай-ақ мұндай кедендік тізілімдерге енгізілмеген зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөнінде шаралар қолданады.
3. Кеден органдары зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шараларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы:
1) жеке тұлғалар жеке пайдалану үшін, оның ішінде олардың атына халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін;
2) кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес;
3) дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер, шет мемлекеттердің өзге де ресми өкілдіктері, халықаралық ұйымдар, осы өкілдіктердің, мекемелер мен ұйымдардың персоналы ресми және жеке пайдалану үшін өткізетін тауарларға қатысты қолданалмайды.
437-бап. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушінің құқықтарын қорғау мерзімі
Зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушінің құқықтарын қорғау мерзімі зияткерлік меншік объектілерін зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіміне және кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілген кезде, құқық иеленушінің өтініште көрсеткен мерзімі, сондай-ақ оларға қоса берілетін құжаттардың қолданылу мерзімі ескеріле отырып, бірақ мұндай тізілімдерге енгізілген күннен бастап екі жылдан аспайтын мерзімге белгіленеді.
Көрсетілген мерзім құқық иеленушінің өтініші негізінде сан мәрте шектеусіз, бірақ әрбір ретте осы тарауда көзделген талаптар сақталған жағдайда, екі жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Құқық иеленушінің зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарын қорғау мерзімі құқық иеленушінің тиісті зияткерлік меншік объектісіне құқықтарының қолданыс мерзімінен аспауға тиіс.
438-бап. Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімін жүргізу тәртібі
1. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды қолдану мақсатында зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімін жүргізеді және оның жариялануын, оның ішінде ресми интернет-ресурста, кеден ісі саласындағы уәкілетті органның веб-порталында жариялануын қамтамасыз етеді.
2. Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімін жүргізудің нысаны мен тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
439-бап. Зияткерлік меншік объектілерін кедендік тізілімге енгізу және оларды кедендік тізілімнен алып тастау тәртібі
1. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган авторлық құқық пен сабақтас құқық, тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары объектілерін және тауарларды шығарған жерлердің атауларын (бұдан әрі - зияткерлік меншік объектілері) зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне енгізуді құқық иеленушінің өтініші бойынша жүзеге асырады.
2. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу кезінде зияткерлік меншік объектілеріне өзінің құқығы бұзылды немесе бұзылуы мүмкін деуге жеткілікті негіздері бар құқық иесі немесе құқық иесінің мүддесін білдіретін өзге тұлға зияткерлік меншік объектілеріне құқығын қорғау туралы кеден ісі саласындағы уәкілетті органға жазбаша өтініш беруге құқылы.
3. Өтініште мынадай мәліметтер:
1) өтініш берушінің зияткерлік меншік объектілеріне құқығын қорғау туралы қолдаухаты;
2) өтініш беруші туралы мәлімет;
3) зияткерлік меншіктің тиісті объектілері туралы, құқық иеленушіге оның құқығын қорғауда кеден органдарының жәрдемі қажет болатын мерзім туралы ақпарат, оның ішінде электронды нысандағы ақпарат, сондай-ақ кеден одағы сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасына сәйкес бірінші алты таңба деңгейінде тауарлар коды көрсетіле отырып, зияткерлік меншік объектілері бар тауарлардың сипаттамасы, кеден органдарына зияткерлік меншік құқықтары бұзылған тауарын анықтауға мүмкiндiк беретiн құқық иеленушінің тауарлар туралы егжей‑тегжейлі мәліметтері;
4) егер тауарлардың зияткерлік меншік құқығы бұзылған тауар болып табылмайтыны белгіленген жағдайларда, декларантқа және өзге адамдарға зиянының орнын толтыру, сондай-ақ олар зияткерлік меншік құқығы бұзылған тауар болып табылады деп болжанған зияткерлік меншік объектісі бар тауарларды шығаруды тоқтата тұруға байланысты туындауы мүмкін кеден органдарының шығындарын өтеу туралы өтініш берушінің міндеттемесі болуға тиіс.
4. Өтінішке зияткерлік меншік құқығының бар екендігін (түпнұсқалар не олардың нотариат куәландырған көшірмелері) және тиесілі екенін растайтын құжаттар (куәлік, лицензиялық шарт), құқық иеленушінің өзінің мүддесін білдіретін тұлғаға берген сенімхаты, өтініш берушінің басқа тұлғаларға келтірген зияны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шарты қоса тіркеледі. Бұл ретте, сақтандыру сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен кем болмауға тиіс.
Өтінiш берумен бiр мезгілде зияткерлік меншік құқығы бұзылған тауарлардың ерекше белгілерінің сипаттамасы табыс етіледі.
Сондай-ақ, мүмкiндiгiнше зияткерлік меншiк объектiсi бар тауарлардың үлгілері және зияткерлік меншік құқығы бұзылған тауарлар, оның ішінде олардың электрондық түрдегі бейнелері де табыс етіледі.
5. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтініш түскен күннен бастап, күнтізбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмде оны қарайды және зияткерлік меншiк объектiлерін кедендік тiзілімге енгізу туралы шешім қабылдайды.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтiнiш берушi табыс еткен құжаттар мен мәлiметтердiң дұрыстығын тексеру мақсатында үшiншi тұлғалардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттік органдарынан табыс етілген мәлiметтердi растайтын құжаттарды сұратуға құқылы. Көрсетілген тұлғалар мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары сауал салуды алған күннен бастап күнтізбелiк он күн ішінде кеден ісі саласындағы уәкілетті органға сұратылған құжаттарды табыс етуге мiндетті.
Жеткiлiктi негіздер болған жағдайда кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтінiштi қарау мерзімін ұзартуға, бiрақ үш айдан аспайтын мерзiмге ұзартуға құқылы.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті органының зияткерлік меншiк объектiлерін кедендік тiзілімге енгізу туралы шешiмi кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресiмделедi.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның зияткерлік меншiк объектiлерін кедендік тiзілімге енгізуден бас тарту туралы шешімі өтініш беруші толық емес немесе дұрыс емес мәліметтер берген жағдайда, сондай-ақ өтініш беруші зияткерлік меншік құқықтарын бұза отырып, тауарлардың ерекше белгілерінің сипаттамасын бермеген жағдайда қабылданады.
Өтініш беруші кеден ісі саласындағы уәкілетті органның тиісті шешімі туралы жазбаша нысанда хабардар етіледі.
6. Өтініште не оған қоса берілген құжаттарда көрсетілген мәліметтер өзгерген жағдайда, өтініш беруші ол туралы кеден ісі саласындағы кеден органына мәліметтер өзгерген күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей хабарлауға міндетті.
7. Зияткерлік меншiк объектілері:
1) өтініш берушінің қолдаухаты бойынша;
2) өтініш беруші көрсетілген зияткерлік меншiк объектілерін кедендік тізілімге енгізу туралы өтініш берген кезде толық емес немесе дұрыс емес мәліметтер табыс еткен жағдайда;
3) өтініш беруші осы баптың 6-тармағында белгіленген талаптарды сақтамаған жағдайда;
4) тиісті зияткерлік меншік объектілеріне құқықтың қолданылуы тоқтатылған жағдайда;
5) өтініш беруші осы тараудың ережелерін сақтамаған жағдайда кедендік тізілімнен шығарылуы мүмкін.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның зияткерлік меншік объектілерін кедендік тізілімнен шығару туралы шешімі кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресімделеді.
8. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтініш берушіні тиісті зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімнен шығарылғандығы туралы үш жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді.
9. Зияткерлік меншік объектілеріне құқық тоқтатылған жағдайда, құқық иеленуші бұл туралы кеден ісі саласындағы уәкілетті органды үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті.
440-бап. Зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру
1. Егер кеден органы зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне және кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды кедендік рәсімдермен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде зияткерлік меншік құқығын бұзушылық белгілерін анықтаса, мұндай тауарларды шығару он жұмыс күніне дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады.
Кеден органы құқық иеленушінің немесе оның мүдделерін білдіретін адамның сауал салуы бойынша көрсетілген мерзімді ұзартуы мүмкін, бірақ ол он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы және тауарларды шығаруды тоқтата тұру мерзімін ұзарту туралы шешімдерді кеден органының басшысы немесе ол уәкілеттік берген тұлға жазбаша нысанда қабылдайды.
2. Кеден органы зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей, декларантты және құқық иеленушіні немесе олардың мүдделерін білдіретін тұлғаларды мұндай тоқтата тұру, тоқтата тұрудың себептері мен мерзімі туралы хабардар етеді, сондай-ақ декларантқа құқық иеленушінің және (немесе) оның мүдделерін білдіретін тұлғаның атауын, тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) және тұрған жерін (мекенжайын), ал құқық иеленушіге немесе оның мүдделерін білдіретін тұлғаға декларанттың атауын, тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) және тұрған жерін (мекенжайын) хабарлайды.
3. Зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру мерзімі өткеннен кейін мұндай тауарларды шығару, кеден органына тауарларды алып қоюды, оларға тыйым салуды не оларды тәркілеуді растайтын құжаттар не зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленуші құқықтарының бұзылғаны туралы талап қою бойынша азаматтық іс қозғау туралы судьяның анықтамасын кеден органына табыс еткен жағдайларды қоспағанда, осы Кодексте белгіленген тәртіппен жаңартылады және жүргізіледі. Зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленуші құқықтарының бұзылғаны туралы талап қою бойынша азаматтық іс қозғау туралы судьяның анықтамасы табыс етілген жағдайда, осы баптың 1-тармағында белгіленген зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру мерзімі, сондай-ақ көрсетілген тауарларды уақытша сақтау мерзімі талап қою бойынша соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін ұзартылады.
441-бап. Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне және кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілмеген зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұруы
1. Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне және кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілмеген зияткерлік меншік объектілері бар кеден органдары кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың зияткерлiк меншiк құқықтары бұзылған тауарлар болып табылатын белгiлерiн анықтаған кезде, тауарларды шығаруды тоқтата тұруға құқылы.
Осы бапқа сәйкес көрсетілген тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешімді және тауарларды шығаруды тоқтата тұрудан бас тарту туралы шешімді кеден органының басшысы немесе ол уәкілеттік берген адам жазбаша нысанда қабылдайды.
2. Кеден органдары қорғалатын тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын және тауарлардың шыққан жері орындарының атауларын қорғау жөніндегі өз өкілеттіктерін іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органының мемлекеттік тіркеу тізілімдерінен алынатын ақпаратты пайдаланады. Көрсетілген тізілімдер жалпыға қолжетімді болып табылады, ресми интернет-ресурста, Қазақстан Республикасының зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органының веб-сайтында орналастырылады.
Кеден органдарының авторлық құқықпен және сабақтас құқықтармен қорғалатын шығармаларға және объектiлерге құқықтарды қорғау жөніндегі өкiлеттiктері Қазақстан Республикасының зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органмен өзара бiрлескен iс-қимыл арқылы жүзеге асырылады.
3. Кеден органы тауарларды кедендік рәсімдермен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленуші құқықтарының бұзылу белгілерін анықтаса, зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды осы бапта көзделген тәртіпке сәйкес тоқтата тұрады және бұл туралы дереу құқық иеленуші мен декларантқа хабарлайды. Құқық иеленуші тиісті хабарламаны алғаннан кейін осы баптың 4-тармағында белгіленген мерзімде кеден органына декларантқа қатысты қабылданған шаралар туралы жазбаша жауап жібереді.
Құқықтары бұзылған болуы мүмкін тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы немесе авторлық құқық және сабақтас құқықтар құқық иесiнiң тұратын жерін анықтау үшiн кеден органы:
тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауарлардың шыққан жерлерінің атаулары және оның құқық иеленушісі туралы ақпарат болмаған кезде, Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына зияткерлік меншік объектілерінің тиісті мемлекеттік тізілімдерінен тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауарлардың шыққан жерінің атаулары және оның құқық иеленушісі туралы мәліметтер беруі туралы сауал жолдайды және қажетті шаралар қолдану үшін құқық иеленушіге хабарлама жібереді;
авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды тiркеудiң бар екендігін анықтау және құқық иеленушіні тиiстi шаралар қолдану қажеттiгi туралы одан әрi хабардар ету үшiн Қазақстан Республикасының зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органына сауал жiбередi. Сауалда кеден органы және оларға қатысты кеден органы зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шаралар қолданатын тауарлар туралы мәлiметтер көрсетiлуге тиiс.
Кеден органы және Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органы құқық иеленушінің тұрған жерін анықтау және оны жиырма төрт сағат ішінде хабардар ету жөнінде қажетті шаралар қолданады.
Егер кеден органы жиырма төрт сағат ішінде құқық иеленушінің тұрған жерін анықтай алмаса, тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы шешімнің күші жойылуға тиіс, ал тауарлар осы Кодексте айқындалған тәртіппен дереу кедендік декларациялануға және шығарылуға жатады.
4. Зияткерлiк меншiк объектілеріне құқықтардың бұзылу белгiлерi анықталған кезде құқық иеленушіні хабардар ету және тауарлардың шығарылуын тоқтата тұрудың күшiн жою не мерзiмiн ұзарту туралы шешiм қабылдау үшiн тауарлардың шығарылуы үш жұмыс күнiне дейiн тоқтатыла тұрады.
5. Егер осы баптың 4-тармағында көрсетiлген мерзiм iшiнде кеден органына құқық иеленуші:
тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру мерзiмiн он жұмыс күнiне дейiн ұзарту туралы өтiнiштi табыс етпесе;
тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiштi табыс етсе, тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы шешiмнiң күшi жойылуға, ал тауарлар осы Кодексте айқындалған тәртiппен дереу кедендiк декларациялануға және шығарылуға жатады.
6. Егер осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзім ішінде кеден органына құқық иеленушіден тауарларды шығаруды тоқтата тұру мерзімін ұзарту туралы өтініш түссе, тауарларды шығару алғашқы тоқтата тұрған күннен бастап, он жұмыс күніне дейін тауарларды шығару тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда құқық иеленуші кеден органына мына құжаттарды:
1) шығарылуы тоқтатыла тұрған тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу фактісіне байланысты зияткерлік меншiк объектілеріне құқықтардың бұзылғандығы туралы талап қою бойынша азаматтық іс қозғау туралы судьяның анықтамасын;
2) егер сот шешімімен тауарлар зияткерлік меншiк құқықтары бұзылмаған тауарлар екендігі анықталса, декларантқа және өзге тұлғаларға зиянының орнын толтыру, сондай-ақ зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұруға байланысты туындауы мүмкін кеден органдарының шығындарын өтеу туралы міндеттемесін;
3) кеден ісі саласындағы уәкілетті органға құқық иеленушінің көрсетілген тауарларды осы Кодекстің 439-бабында белгіленген тәртіпке сәйкес зияткерлік меншiк объектілерінің кедендік тізіліміне енгізу туралы өтінішін растайтын жазбаша дәлелдемелерін табыс етуге міндетті.
7. Құқық иеленуші осы баптың 6-тармағында белгіленген құжаттарды тауарлар шығаруды тоқтата тұрудың бастапқы күнінен бастап он жұмыс күні ішінде табыс еткен жағдайда, тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру мерзімі, сондай-ақ тауарларды уақытша сақтау мерзімі талап қою бойынша сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін ұзартылады.
Егер құқық иеленуші тауарларды шығаруды тоқтата тұрудың бастапқы күнінен бастап он жұмыс күні ішінде осы баптың 6-тармағында белгіленген ережені сақтамаса, кеден органы тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жояды және осы Кодексте анықталған тәртіппен тауарларды кедендік декларациялауды жүргізеді. Бұл ретте, тауарлардың шығарылуын тоқтата тұрумен байланысты декларанттың және кеден органының шығындары он жұмыс күніне дейін құқық иеленушіге жүктеледі.
8. Кеден органдары мен Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органы арасындағы өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу тәртібі бірлескен актімен белгіленеді.
442-бап. Мүліктік зиян (шығын) үшін жауаптылық
Егер құқық иеленуші құқықтарының бұзылғандығы анықталмаса, осы тарауға сәйкес тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру нәтижесінде декларантқа, меншік иесіне, зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды алушыға мүліктік зиян (шығын) келтіргені үшін құқық иеленуші Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жауапты болады.
443-бап. Зияткерлік меншік объектілері бар тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы кеден органы шешімінің күшін жою
1. Егер тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы шешімінің қолданылу мерзімі ішінде:
1) кеден органына көрсетілген тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жою туралы өтініш берушіден өтініш келіп түссе;
2) зияткерлік меншік объектілері осы Кодекстің 439-бабына сәйкес кедендік тізілімнен алынып тасталса;
3) өтініш беруші кеден органы белгілеген зияткерлік меншік объектілері бар тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру мерзімінде көрсетілген тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу фактісімен байланысты зияткерлік меншік объектілеріне құқықтардың бұзылғандығы туралы талап қою бойынша азаматтық іс қозғау туралы судьяның ұйғарымын табыс етпесе, кеден органының тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешімінің күші жойылуға жатады.
Көрсетілген жағдайларда мұндай тауарлар дереу кедендік декларациялануға және осы Кодексте айқындалған тәртіппен шығарылуға жатады.
2. Тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жоюды кеден органының басшысы немесе ол уәкілдік берген тұлға жазбаша нысанда ресімдейді.
3. Зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығару құқық иеленушінің зияткерлік меншік объектілеріне құқығын қорғау туралы Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органына немесе сотқа өтініш білдіруіне кедергі бола алмайды.
444-бап. Ақпарат беру, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін алу
1. Кеден органы декларантқа, құқық иеленушіге немесе оның мүдделерін білдіретін тұлғаға шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылданған тауарларға қатысты ақпарат береді.
2. Осы бапқа сәйкес декларант, құқық иеленуші немесе оның мүдделерін білдіретін тұлға алған ақпарат жабық болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, олар мұны жария етпеуге, үшінші тұлғаларға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға бермеуге тиіс.
3. Кеден органының жазбаша рұқсатымен құқық иеленушінің, декларанттың немесе олардың өкілдерінің өздеріне қатысты шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылданған тауарлардың сынамалары мен үлгілерін кедендік бақылаумен алуға, оларға зерттеу жүргізуге, сондай-ақ мұндай тауарларды қарауға, суретке түсіруге немесе өзге де тәсілмен белгілеп қоюға құқығы бар.
445-бап. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғауына қатысты қосымша ережелер
Кеден органдары сот шешіміне сәйкес жойылуға жататын зияткерлік меншік құқықтары бұзылған тауарларды Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органына беруге міндетті.
Зияткерлік меншік құқықтары бұзылған тауарларды жою мәселесі бойынша сот шешімі шығарылған жағдайда Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулыларына сәйкес оларды жою жөніндегі шараларды дереу қолдануға міндетті.
54-тарау. Тауарларды құбыржол көлігімен және электр беру желілерімен өткізу
446-бап. Осы тараудың қолданылу аясы
Осы тарауда, осы Кодекстің өзге де ережелерінде айқындалмаған, тауарларды кеден органының кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілерімен өткізудің ерекшеліктері айқындалады.
Тауарларды кеден органының кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілерімен өткізудің тәртібі, осы Кодексте реттелмеген бөлігінде, Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарында айқындалады.
447-бап. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды әкелу, әкету және кедендік декларациялау ерекшеліктері
1. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және осы аумақтан әкетуге мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес тауарлар шығарылғаннан кейін жол беріледі.
2. Кедендік декларацияны ұсыну кезінде кеден органына құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды іс жүзінде көрсету талап етілмейді.
3. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу немесе осы аумақтан әкету кезінде тасымалдаудың технологиялық ерекшеліктерінің салдарынан тауарларды араластыруға, сондай-ақ тауарлардың саны мен жай-күйін (сапасын) және Қазақстан Республикасында қолданыстағы техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарға сәйкес тауарлардың ерекше сипаттамасын өзгертуге жол беріледі.
4. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері осы Кодекстің 294-бабына сәйкес айқындалады.
5. Егер сыртқы сауда шартының (келісімшарттың) қолданылу мерзімінің аяқталуы негізінде тауарларды өткізу жүзеге асырылатын мерзім аяқталғаннан кейін келесі мерзімге жаңа сыртқы сауда шарты (келісімшарт) жасалмаса, онда декларанттың жазбаша өтініші бойынша қолданыстағы сыртқы сауда шартының (келісімшарттың) шеңберінде алдағы күнтізбелік айға тауарларға уақытша декларация табыс етуге жол беріледі. Жаңа сыртқы сауда шартын (келісімшартын) табыс етудің шекті мерзімі кеден органы тауарларға толық декларацияны тіркеген күні шектеледі.
6. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлардың мөлшері осы Кодекстің 449-бабына сәйкес технологиялық белгіленген жерлерде орнатылған есепке алу аспаптары көрсеткіштерінің, тиісті сыртқы сауда шарты бойынша тауарларды іс жүзінде жеткізілім туралы актілердің, тапсыру-қабылдау актілерінің және жеткізілімнің күнтізбелік бір айында құбыржол көлігімен өткізілетін өндірілген, жеткізілген және тұтынылған тауарлардың көлемдерін белгілі жерлерге бөлуді растайтын басқа да ұқсас құжаттардың негізінде айқындалады.
7. Қазақстан Республикасының аумағынан әкетілетін, құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды кедендік декларациялау кезінде осы Кодекстің 449-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының не шектес мемлекеттің аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының көрсеткіштері пайдаланылады.