4. Кедендік әкелу баждары, салықтар, осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларда, кедендік әкелу баждары, салықтар тарифтік преференцияларды және кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер ескерілмей, тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, оған сәйкес тауарлар бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күніне есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
48-тарау. Жою кедендік рәсімі
412-бап. Жою кедендік рәсімінің мазмұны
Жою, шетелдік тауарлар кедендік әкелу баждары, салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай кедендік бақылаумен жойылатын кездегі кедендік рәсім болып табылады.
Тауарларды жою деп тауарларды зарарсыздандыру, олар ішінара немесе толық өзінің тұтыну және (немесе) өзге де қасиеттерін жоғалтатын және экономикалық тиімді тәсілмен бастапқы күйіне келтіру мүмкін болмайтын күйге келтіру түсініледі.
Жою кедендік рәсімі аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылған, қайтарымсыз жоғалған тауарларға қатысты қолданылуы да мүмкін.
413-бап. Тауарларды жою кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Тауарларды жою кедендік рәсімімен орналастыруға қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшесінің жоюдың тәсілі мен орны көрсетілетін жою мүмкіндіктері туралы қорытындысы негізінде жол беріледі.
Тауарлар аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан қайтарымсыз жоғалған жағдайларда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің қорытындысы талап етілмейді. Мұндай тауарларды жою кедендік рәсімімен орналастыру үшін тауарларды аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан біржола жоғалту фактілерін растайтын құжаттар табыс етілуге тиіс.
2. Жою кедендік рәсімімен мынадай санаттағы тауарлар орналастырыла алмайды:
1) мәдени, археологиялық, тарихи құндылықтар;
2) індеттер мен эпизоотиялардың және карантинді объектілердің таралуының жолын кесу мақсатында оларды жою талап етілетін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) халықаралық шарттарға сәйкес қорғалатын түрлерге жататын жануарлар мен өсімдіктер, олардың бөліктері мен дериваттары;
3) кепіл қатынастары тоқтағанға дейін кепіл зат ретінде кеден органдары қабылдаған тауарлар;
4) алып қойылған тауарлар немесе тыйым салынған тауарлар, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заттай дәлелдемелер болып табылатын тауарлар;
5) тізбесі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалатын өзге де тауарлар.
3. Егер мұндай жою:
1) қоршаған ортаға зиян келтіруі немесе адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін болса;
2) тауарлардың кәдуілгі арналған мақсатына сәйкес оларды тұтыну жолымен жүргізілсе;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары үшін шығыстарға әкеп соқса, тауарларды жоюға жол берілмейді.
4. Тауарларды жою, жою кедендік рәсімі декларантының есебінен жүргізіледі.
5. Тауарларды жою осы тауарларды іс жүзінде жою үшін қажетті уақыт, оларды жою тәсілі мен орны негізге алынып, кеден органы белгілеген мерзімде жүргізіледі.
414-бап. Жою кедендік рәсімін қолданудың ерекшеліктері
1. Жою кеден органының, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органы аумақтық бөлімшесі өкілдерінің және декларанттың қатысуымен жою кедендік рәсімімен тауарды орналастыруға бақылауды жүзеге асырушы кеден органы құратын комиссияның қатысуымен жүргізіледі. Жою кедендік рәсімімен тауарды орналастыруға бақылауды жүзеге асырушы кеден органы қажет болған жағдайда өзге мемлекеттік органдардың мамандары мен тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқылы.
Жою:
1) нәтижесінде тауарлар толығымен жойылатын термиялық, химиялық, механикалық не өзге де әсер ету (өртеу, бұзу, көму және тағы басқа) жолымен жүргізіледі. Тауарларды жою тәсілі оларды мақсаты бойынша пайдалану үшін қалпына келтіру, бастапқы күйіне келтіру мүмкіндіктерін болдырмауды қамтамасыз етуге тиіс;
2) тауарларды кейіннен қалпына келтіруді және оларды пайдалану мүмкіндігін болдырмайтындай жағдайда мұндай бүлдіру тесіп тастауды, жарықтар салуды, өзге де тәсілдермен бүлдіруді қоса алғанда, демонтаждау, бұзу, механикалық бүлдіру жолымен жүргізіледі.
Сақтаудың ерекше жағдайларын талап ететін, техникалық себептерге байланысты сақталу орындарынан алынуы және пайдаланылуы мүмкін болмайтын тауарларды жою Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органның тауарларды сақталу орындарынан алудың және оларды одан әрі пайдаланудың мүмкін еместігі туралы қорытындысы негізінде жүргізілген болып есептеледі.
2. Тауарларды жою нәтижесінде жиналып қалған қалдықтар, оларды одан әрі пайдалану мүмкін болған кезде тиісті кедендік рәсімге орналастырылуы тиіс және кедендік әкелу баждары мен салықтарды алу мақсатында кеден одағының кедендік аумағына осы күйінде әкелінген шетелдік тауарлар ретінде қарастырылады.
Егер тауарларды жою нәтижесінде жиналып қалған қалдықтар кеден одағының кедендік аумағында оларды одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз күйде болған және экономикалық тиімді тәсілмен бастапқы күйіндегі қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда, олар кеден одағының тауарлары ретінде қарастырылады.
415-бап. Жою кедендік рәсімінің аяқталуы
1. Жою кедендік рәсімі мынадай негізгі мәліметтерді:
тауарларды жоюдың күні мен орнын;
жоюдың кедендік рәсімін мәлімдеген адам туралы мәліметті;
жою кезінде қатысқан адамдар туралы мәліметті;
жойылған тауарлардың атауларын, олардың өлшем бірлігіндегі санын;
тауарларды жою тәсілін;
жойылғаннан кейінгі қалдықтардың болуы мен санын, оларды одан әрі пайдалану мүмкіндігін қамтитын жою актісі жасала отырып, тауарларды іс жүзінде жоюмен аяқталады.
2. Жою актісі барлық комиссия мүшелерінің және қатысушы адамдардың қолымен расталады, үш данада ресімделеді: бірінші дана кеден органында сақталады; екінші дана Қазақстан Республикасының экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органының аумақтық бөлімшесіне беріледі; үшінші дана декларантта қалады.
3. Тауарларды жою фактісі фото - және (немесе) бейне түсірілімдер қолданыла отырып тіркеледі, нәтижесі кеден органында сақталатын жою актісіне қоса тіркеледі.
49-тарау. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімі
416-бап. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімінің мазмұны
1. Мемлекет пайдасына бас тарту шетелдік тауарлар кедендік баждар мен салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай кеден одағына мүше мемлекеттердің меншігіне өтеусіз берілетін кедендік рәсім болып табылады.
2. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар кеден одағы тауарының мәртебесіне ие болады.
417-бап. Тауарларды мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағында айналымына тыйым салынған тауарларды қоспағанда, шетелдік тауарлар мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастырылуы мүмкін.
2. Мемлекет пайдасына бас тарту кеден органдарын қандай да бір шығыстарға әкеп соқтырмауға тиіс.
3. Кеден одағы комиссиясының шешімімен мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастыруға жатпайтын өзге тауарлардың тізбесі белгіленуі мүмкін.
418-бап. Тауарлардан мемлекет пайдасына бас тарту тәртібі
Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімі декларанттың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарларды Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органына беруімен аяқталады. Бұл ретте, қабылдау-беру актісі жасалып, оның көшірмесі кедендік декларацияға қоса тіркеледі. Кедендік декларациялау аяқталғаннан кейін көрсетілген кедендік рәсімді өзгертуге жол берілмейді.
Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кедендік декларациялау аяқталғаннан кейін, мұндай тауарлар осы Кодекстің 34-тарауына сәйкес мемлекеттердің меншігіне айналдырылады.
50-тарау. Арнайы кедендік рәсім
419-бап. Арнайы кедендік рәсімнің мазмұны
Арнайы кедендік рәсім кедендік баждар мен салықтарды алмай және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай, кедендік мақсаттар үшін кеден одағының кедендік аумағында немесе оның шегінен тысқары жерлерде тауарлардың жекелеген санаттарын пайдалану және (немесе) оларға билік ету талаптары мен шарттарын айқындайтын кедендік рәсім болып табылады.
Арнайы кедендік рәсім Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалған жағдайларға сәйкес және тауарлар санаттарына қатысты осы Кодексте белгіленеді.
7-БӨЛІМ. ТАУАРЛАРДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫН КЕДЕН ОДАҒЫНЫҢ КЕДЕНДІК ШЕКАРАСЫ АРҚЫЛЫ
ӨТКІЗУ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ҚАТЫСТЫ КЕДЕНДІК ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ ЖАСАУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
51-тарау. Халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік
операцияларды жасау ерекшеліктері
420-бап. Халықаралық почта жөнелтімдері
1. Халықаралық почта жөнелтімдеріне посылкалар және Дүниежүзілік почта одағының актілеріне сәйкес почта алмасу объектілері болып табылатын жазбаша хат-хабар жөнелтімдері жатады.
2. Халықаралық почта жөнелтімдерін жіберу Дүниежүзілік почта одағының актілерінде көзделген құжаттармен қоса жіберілуге тиіс.
3. Халықаралық почта жөнелтімдерін кеден органының рұқсатынсыз почта операторлары оларды алушыларға бере алмайды не кеден одағының кедендік аумағы шегінен тысқары жерлерге жөнелте алмайды.
421-бап. Тауарларды халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберу ерекшеліктері
1. Халықаралық почта жөнелтімдерімен:
1) кеден одағының кедендік аумағына әкелуге немесе осы аумақтан әкетуге тыйым салынған;
2) Дүниежүзілік почта одағының актілеріне сәйкес жіберуге тыйым салынған;
3) егер Кеден одағы комиссиясының шешіміне сәйкес халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілуге тыйым салынып, мұндай тауарларға қатысты шектеулер қолданылған тауарларды жіберуге жол берілмейді:
2. Жеке тұлғалардың атына халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты, сондай-ақ Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалатын өзге жағдайларда тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмайды.
3. Халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберуге тыйым салынған және (немесе) шектеулер қойылған тауарларға билік ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
422-бап. Халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері
1. Халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операцияларды кеден органдары халықаралық почта алмасу орындарында (мекемелерінде) не кеден органы айқындаған өзге орындарда жүргізеді.
Халықаралық почта алмасу орындары (мекемелері) уақытша сақтаудың өзге орындары болып табылады және осы Кодекстің 260-бабында белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
Халықаралық почта алмасу орны (мекемесі) халықаралық почта жөнелтімдерін жөнге келтіру мен сұрыптау және кедендік бақылау мен кедендік декларациялау үшін қызмет аймағында көрсетілген орын орналасқан кеден органының лауазымды адамына осы почта жөнелтімдерін көрсететін орын болып табылады.
Халықаралық почта алмасу орындары (мекемелері) Қазақстан Республикасының почта туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
2. Халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларды кедендік декларациялау Дүниежүзілік почта одағының актілерінде көзделген, халықаралық почта жөнелтімдерінің ілеспе құжаттарын не тауарларға декларациялар пайдаланыла отырып жүргізіледі.
3. Жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды қоспағанда, халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарлар, егер:
1) кедендік баждар, салықтар төленуге жататын;
2) тауарларға қатысты арнайы қорғаулар, демпингке қарсы және өтемдік шаралар қолданылған және тыйым салулар мен шектеулер сақталатын;
3) тауарларды кеден одағының кедендік аумағынан іс жүзінде әкетуді кеден және (немесе) салық органдарына тауарларды жөнелтушінің растауы тиіс болған;
4) тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімінен өзге кедендік рәсіммен орналастырылатын жағдайларда, тауарларға декларациялар пайдаланыла отырып, кедендік декларациялауға жатады.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілмеген жағдайларда кедендік декларациялау Дүниежүзілік почта одағының актілерінде көзделген, халықаралық почта жөнелтімдерінің ілеспе құжаттары және мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес тауарларды шығару үшін қажетті мәліметтер қамтылған құжаттар пайдаланыла отырып жүргізіледі.
5. Кеден одағының кедендік аумағынан әкетілетін, халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларды кедендік декларациялау олар жөнелтілу үшін почта операторына берілгенге дейін жүзеге асырылады.
6. Дүниежүзілік почта одағының актілерінде көзделген жағдайларда жөнелтушіге қайтаруға жататын тауарларды кедендік декларациялауды почта операторы кеден органына жазбаша өтінішті және Дүниежүзілік почта одағының актілерінде көзделген, халықаралық почта жөнелтімдерінің ілеспе құжаттарын беруі арқылы жүзеге асырады.
423-бап. Халықаралық почта жөнелтімдерін кедендік бақылау
1. Почта операторы кеден органының талабы бойынша кедендік қарауды және кедендік тексеріп-қарауды жүргізу үшін халықаралық почта жөнелтімдерін көрсетеді. Мұндай көрсету тәсілдерін кеден органдары айқындайды.
2. Кеден органдары олардан әкелінетін почта жөнелтімдерінің мына түрлерін:
аэрограммаларды;
почталық карточкалар мен хаттарды;
секограммаларды көрсетуді талап етпейді.
Көрсетілген почта жөнелтімдерінде кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған тауарлардың бар екеніне жеткілікті негіздер болған кезде, сондай-ақ іріктеу немесе кездейсоқ тексерулер негізінде кедендік қарауды немесе кедендік тексеріп-қарауды жүргізу кезінде кеден органдары көрсетілген почта жөнелтімдерін көрсетуді талап етуге құқылы.
3. Кеден органдары почта операторынан кеден органдарының іріктеу немесе кездейсоқ тексерулер негізінде кедендік қарау немесе кедендік тексеріп-қарау жүргізетін тауарларға қатысты әкетілетін халықаралық почта жөнелтімдерін көрсетуді талап етуге құқылы.
4. Халықаралық почта алмасу орнына (мекемесіне) бүлінген түрде, салмағында алшақтық бар, ішіндегісі бұзылған немесе қажетті ілеспе құжаттарсыз келіп түскен халықаралық почта жөнелтімдері почта операторы ресімдеген акт қоса беріліп, кеден органдарына көрсетіледі.
5. Халықаралық почта жөнелтімін кедендік тексеріп-қарау кезінде санының алшақтығы және ішіндегілерінің сәйкес келмеуі анықталса, почта операторының қызметкері кеден органының лауазымды адамымен бірлесіп кедендік тексеріп-қарау актісіне қол қояды.
6. Халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларға кедендік тексеруді немесе кедендік тексеріп-қарауды жүргізу кезінде кеден органдары кедендік бақылаудың техникалық құралдарын пайдаланады.
424-бап. Халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды қолдану
1. Егер халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты тауарларға декларацияны беру талап етілмесе, кедендік баждарды, салықтарды кедендік кіріс ордерін пайдалана отырып, халықаралық почта алмасу орнында (мекемесінде) кедендік операцияларды жүзеге асыратын кеден органы есептейді және есепке жазады, оны толтырудың нысаны мен тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
Кедендік баждардың, салықтардың сомасын есептеу Дүниежүзілік почта одағының актілерінде көзделген және кедендік мақсат үшін пайдаланылатын құжаттарда көрсетілген тауарлардың құны туралы мәліметтердің негізінде жүргізіледі.
Құндылығы жарияланған халықаралық почта жөнелтімдеріне қатысты кедендік баждар, салықтар сомасы, егер ол кедендік мақсатта пайдаланылатын құжаттарда көрсетілген құннан асатын жағдайда, осы жарияланған құндылық негізге алынып есептеледі.
2. Почта операторы халықаралық почта жөнелтімдерін оларды алушыларға осы халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік төлемдер мен салықтар төленген жағдайда береді.
3. Халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік баждар, салықтар осы Кодексте және кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарында белгіленген мөлшерде төленуге жатады.
4. Халықаралық почта жөнелтімдерін жоғалтқан, оларды алушыға кеден органының рұқсатынсыз берген кезде көрсетілген почта жөнелтімдерін жоғалтқан немесе берген почта операторы кедендік баждарды, салықтарды төлеуге міндетті болады.
52-тарау. Шетелдік тұлғалардың жекелеген санаттарының тауарларды өткізу ерекшеліктері
425-бап. Осы тараудың қолданылу аясы
1. Осы тараудың ережелері дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер, шет мемлекеттердің өзге де ресми өкілдіктері, халықаралық ұйымдар, осы өкілдіктердің, мекемелер мен ұйымдардың персоналы кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізетін тауарларға қатысты, сондай-ақ артықшылықтарды, басымдықтарды пайдаланатын шетелдік тұлғалардың жекелеген санаттарының жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты қолданылады.
2. Ресми және жеке пайдалану үшін дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер, шетел мемлекеттерінің өзге де ресми өкілдіктері, халықаралық ұйымдар, осы өкілдіктердің, мекемелер мен ұйымдардың персоналы өткізетін тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері, тауарлардың жекелеген санаттарын өткізу нормалары Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалуы мүмкін.
426-бап. Шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің тауарларды өткізуі
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері дипломатиялық өкілдіктердің ресми пайдалануына арналған тауарларды кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай кеден одағының кедендік аумағына әкеле алады және осы аумақтан әкете алады.
427-бап. Шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі басшысының және шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық персоналы мүшелерінің тауарларды өткізуі
1. Шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі басшысы және шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық персоналының мүшелері, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелері, егер олар келген мемлекетте тұрақты тұрмаса және келген мемлекеттің азаматтары болып табылмаса, кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай, бастапқы жайласуға қажет тауарларды қоса алғанда, өздерінің жеке пайдалануға арналған тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкеле алады және өздерінің жеке пайдалануға арналған тауарларды кеден одағының кедендік аумағының шегінен тысқары жерлерге әкете алады.
2. Шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі басшысының, шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық персоналы мүшелерінің, сондай-ақ олармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелерінің жеке багажы, егер олар келген мемлекетте тұрақты тұрмаса және келген мемлекеттің азаматтары болып табылмаса, онда жеке пайдалануға арналмаған тауарлар немесе Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған не карантиндік ережелермен реттелетін тауарлар бар екеніне елеулі негіздемелер болмаса, кедендік тексеріп-қараудан босатылады. Мұндай тауарларды кедендік тексеріп-қарау көрсетілген тұлғалардың немесе олардың өкілдерінің қатысуымен жүргізілуге тиіс.
428-бап. Шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің әкімшілік-техникалық персоналы мүшелерінің тауарларды өткізуі
Шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің әкімшілік-техникалық персоналының мүшелері және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері, егер олар келген мемлекетте тұрақты тұрмаса және келген мемлекеттің азаматтары болып табылмаса, кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай, бастапқы жайғасуға арналған тауарларды қоса алғанда, өздерінің жеке пайдалануға арналған тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкеле алады.
429-бап. Шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық персоналының мүшелеріне, әкімшілік-техникалық және қызмет көрсететін персоналының мүшелеріне берілетін кедендік жеңілдіктердің қолданылуы
Қазақстан Республикасының шет мемлекетпен жасаған халықаралық шарты негізінде шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық персоналы мүшелеріне осы Кодекспен берілетін кедендік жеңілдіктер осы өкілдіктің әкімшілік-техникалық және қызмет көрсететін персоналының мүшелеріне, сондай-ақ олармен бірге тұратын, келген мемлекетте тұрақты тұрмайтын және келген мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын, олардың отбасы мүшелеріне әрбір жеке шет мемлекетке қатысты өзара қарым-қатынас принципі негізге алына отырып қолданылуы мүмкін.
430-бап. Шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің және олардың қызметкерлерінің тауарларды өткізуі
1. Шет мемлекеттің консулдық мекемесінің басшысын қоса алғанда, шет мемлекеттердің консулдық мекемелеріне, шет мемлекеттердің консулдық лауазымды адамдарына және шет мемлекеттердің консулдық қызметшілеріне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері немесе шетел мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің тиісті персоналы
үшін осы Кодексте көзделген кедендік жеңілдіктер беріледі.
2. Қазақстан Республикасының шет мемлекетпен жасаған халықаралық шарты негізінде шет мемлекеттің консулдық мекемесінің қызмет көрсететін персоналының қызметкерлеріне, сондай-ақ келген мемлекетте тұрақты тұрмайтын, олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне әрбір жеке шет мемлекетке қатысты өзара қарым-қатынас принципі негізге алына отырып, шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің тиісті әкімшілік-техникалық және қызмет көрсететін персоналының мүшелеріне осы Кодексте берілетін кедендік жеңілдіктер қолданылуы мүмкін.
431-бап. Шет мемлекеттердің дипломатиялық почтасын және консулдық сағдиянын кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу
1. Шет мемлекеттердің кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін дипломатиялық почтасы және консулдық сағдияндары ашуға да, ұстауға да жатпайды.
Консулдық сағдияндағы құжаттардың және (немесе) тауарлардың тек ресми пайдалануға ғана арналмағандығы туралы елеулі негіздер болған кезде, кеден органы осы шет мемлекеттің уәкiлеттi тұлғаларының кеден органы лауазымды адамдарының көз алдында сағдиянды ашып көрсетуін талап етуге құқылы. Консулдық сағдиянды ашудан бас тартқан жағдайда ол жөнелтiлген жерiне қайтарылады.
2. Дипломатиялық почтаны және консулдық сағдиянның барлық жерлерінде оның осы жерлерінің сипатын көрсететін, көрінетін сыртқы белгілері болуға тиіс.
3. Дипломатиялық почтада тек ресми пайдалануға арналған дипломатиялық құжаттар мен тауарлар, ал консулдық сағдиянда - тек ресми пайдалануға арналған ресми хат-хабарлар мен құжаттар немесе тауарлар болуы мүмкін.
432-бап. Шетелдік дипломатиялық және консулдық курьерлерге арналған кедендік жеңілдіктер
1. Шетелдік дипломатиялық және консулдық курьерлер өздерінің жеке пайдалануға арналған тауарларды әрбір жеке шет мемлекетке қатысты өзара қарым-қатынас принципі негізге алана отырып, кедендік тексеріп-қараудан, кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босата отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай, кеден одағының кедендік аумағына әкеле алады және осы аумақтан әкете алады.
2. Дипломатиялық және консулдық курьерлер өздерiнiң мәртебесi және дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянындағы орындардың саны көрсетiлген ресми курьерлiк парақпен жабдықталуға тиiс. Курьерлiк параққа қол қойылады және дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянды жiберген мекеменің мөрі басылады.
3. Дипломатиялық почта мен консулдық сағдиян тек осы дипломатиялық почтаны немесе консулдық сағдиянды тасымалдауға белгiленген және курьерлiк ресми парақпен жабдықталған уақытша дипломатиялық немесе консулдық курьерге де сенiп тапсырылуы мүмкiн.
433-бап. Шет мемлекеттер өкілдеріне және делегацияларының мүшелеріне арналған кедендік жеңілдіктер
Шет мемлекеттердің өкілдеріне, парламент және үкімет делегацияларының мүшелеріне, сондай-ақ өзара қарым-қатынас негізінде кеден одағына мүше мемлекеттерге халықаралық келіссөздерге, халықаралық конференцияларға және кеңестерге қатысу үшін немесе басқа да ресми тапсырмалармен келетін шет мемлекеттер делегацияларының мүшелеріне шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық персоналы мүшелері үшін осы Кодексте көзделген кедендік жеңілдіктер беріледі. Жеңілдіктер аталған адамдарға еріп келетін отбасы мүшелеріне де беріледі.
434-бап. Кеден одағының кедендік аумағы арқылы транзитпен өтетін шет мемлекеттердің дипломатиялық персоналы мүшелерінің, консулдық лауазымды адамдарының, өкілдерінің және делегацияларының өкілдері мен мүшелерінің тауарларды өткізуі
Кеден одағының кедендік аумағы арқылы өтетін шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық персоналының мүшелеріне және шет мемлекеттің консулдық мекемелерінің консулдық лауазымды адамдарына, олардың отбасы мүшелеріне, осы Кодекстің 319-бабында көрсетілген тұлғаларға дипломатиялық өкілдіктің дипломатиялық персоналының мүшелері үшін осы Кодексте көзделген кедендік жеңілдіктер беріледі.
435-бап. Мемлекетаралық және үкіметаралық халықаралық ұйымдарға, олардың жанындағы шет мемлекеттер өкілдіктеріне, сондай-ақ осы ұйымдар мен өкілдіктердің персоналына арналған кедендік жеңілдіктер
Мемлекетаралық және үкіметаралық халықаралық ұйымдарға, олардың жанындағы шет мемлекеттердің өкілдіктеріне, сондай-ақ осы ұйымдар мен өкілдіктердің персоналына және олардың отбасы мүшелеріне арналған кедендік жеңілдіктер тиісті халықаралық шарттарда айқындалады.