3. Төрағалық етуші іс бойынша процеске қатысушылардан бас тартуы мен жасайтын өтініштерінің бар-жоғы туралы сұрайды және сот оларды қарау нәтижелері бойынша осы Кодекстің 325-бабында көзделген тәртіппен қаулы шығарады.
4. Істі қарау кассациялық шағым немесе наразылық берген процеске қатысушының сөйлейтін сөзінен басталады. Егер мұндай қатысушылар бірнешеу болса, төрағалық етуші тараптардың пікірін ескере отырып, олардың сөз сөйлеу кезектілігін белгілейді. Процеске қатысушылар сөйлеген сөздерінде бірінші сатыдағы немесе апелляциялық сатыдағы соттың заңды қолданудағы бұзушылықтарға байланысты кассациялық қарау нысанасына жататын қандай мән-жайларға жол бергенін, оның неден көрінгенін және іс бойынша қабылданған шешімнің мәніне қалай әсер еткенін көрсетеді.
5. Кассациялық шағымда немесе наразылықта келтірілген дәйектерді растау немесе теріске шығару үшін сөз сөйлеушілер кассациялық сатыға қосымша материалдар беруге, бұл ретте олардың қандай жолмен алынғанын және оларды табыс ету қажеттігі неге байланысты туындағанын хабарлауға құқылы. Қосымша материалдарды тергеу іс-әрекеттерін жүргізу жолымен алуға болмайды. Сот тараптардың пікірін тыңдап, қосымша материалдарды қабылдау немесе қабылдамау туралы қаулы шығарады. Істің шешілуі үшін маңызы бар қосымша материалдар, егер мұндай материалдардағы деректер немесе мәліметтер қосымша тексеруді талап етпесе, үкімнің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болуы мүмкін. Өзге жағдайларда қосымша материалдар сот үкімінің (қаулысының) күшін жойып, істі бірінші саты бойынша жаңадан соттың қарауына жіберу үшін негіз болуы мүмкін.
6. Сот отырысының тәртіптемесі және оны бұзушыларға қатысты қабылданатын шаралар осы Кодекстің 326 және 327-баптарының қағидаларында айқындалады. Судьялардың кеңесу және шешімдер қабылдау тәртібі осы Кодекстің 370-бабының қағидаларында айқындалады. Қаулыны қабылдаудан бұрын судьялардың кеңесуі болады.
446-8-бап. Кассациялық саты қабылдайтын шешімдер
Істі кассациялық тәртіппен қараудың нәтижесінде сот өз қаулысымен мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) үкімді (қаулыны) өзгеріссіз, ал шағымды немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдырады;
2) үкімнің күшін жойып, істі қысқартады;
3) үкімді өзгертеді;
4) үкімнің (қаулының) күшін жойып, істі алдын ала тыңдау немесе басты сот отырысы сатысынан бірінші сатыдағы сотқа не апелляциялық шағымдар мен наразылықтарды қарау бойынша талқылау сатысынан апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан сот талқылауына жібереді;
5) үкімнің күшін жояды және істі осы Кодекстің 303-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қосымша тергеуге жібереді;
6) осы Кодекстің 387-бабында көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде жеке қаулы шығарады.
446-9-бап. Кассациялық сатының үкімнің (қаулының) күшін жою немесе оны өзгерту негіздері
Үкімнің (қаулының) күшін кассациялық тәртіппен жоюға немесе оны өзгертуге:
1) қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы;
2) қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуы;
3) үкімнің әділетсіздігі негіз болып табылады.
446-10-бап. Қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы
Қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы бөлімінің талаптарын бұзу;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің қолданылуға жататын бабынан немесе бабының бөлігінен (тармағынан) басқасын қолдану;
3) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің осы бабының санкциясында көзделгеннен гөрі неғұрлым қатаң жаза тағайындау болып табылады.
446-11-бап. Қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуы
1. Істі сотта қарау кезінде осы Кодекстің принциптері мен өзге де жалпы ережелерін іске қатысушы тұлғаларды заңда кепілдік берілген құқықтарынан айыру немесе оларға қысым жасау, сот ісін жүргізу рәсімдерін сақтамау жолымен немесе өзгедей жолмен істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге кедергі келтіретін, сот төрелігі үкімін шығаруға ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін бұзушылықтар қылмыстық іс жүргізу заңын елеулі түрде бұзу деп танылады.
2. Егер сот осы Кодекстің 415-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген қылмыстық іс жүргізу заңын бұзуға жол берсе, онда үкімнің күші барлық жағдайда да жойылуға жатады.
446-12-бап. Үкімнің әділетсіздігі
1. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 52-бабының талаптарына сәйкес келмейтін жаза тағайындалған үкім әділетсіз деп танылады.
2. Кассациялық сатыдағы сот неғұрлым жеңіл қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдана отырып немесе қылмыстың саралануын өзгертпестен үкімді жазаны жеңілдету жағына қарай өзгерте алады.
3. Егер үкім негізсіз ақтау, неғұрлым жеңіл қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану немесе жазаның шамадан тыс жеңілдігі салдарынан әділетсіз деп танылса, кассациялық сатыдағы сот осы негіздер бойынша келтірілген прокурордың наразылығы немесе жәбірленушінің, оның өкілінің шағымы болған кезде үкімнің күшін жоюға және істі тиісінше бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан сот қарауына жіберуге құқылы.
446-13-бап. Істі қысқарта отырып айыптау үкімінің күшін жою
Сот істі кассациялық тәртіппен қарай отырып, осы Кодекстің 37-бабының бірінші бөлігінде және 38-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде айыптау үкімінің күшін жояды және істі қысқартады.
446-14-бап. Ақтау үкімінің күшін жою
1. Кассациялық сатыда ақтау үкімінің күші тек прокурордың наразылығы бойынша не жәбірленушінің немесе оның өкілінің шағымы бойынша, сондай-ақ сот арқылы ақталған адамның ақталу негіздерімен келіспеген шағымы бойынша ғана жойылуы мүмкін.
2. Егер ақталған адамның кінәсіздігі немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешімнің мәні күмән туғызбаса, ақтау үкімінің, істі қысқарту туралы қаулының немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешімнің күшін қылмыстық іс жүргізу заңы елеулі бұзылды деген себеппен жоюға болмайды.
446-15-бап. Істі жаңадан соттың талқылауына жібере отырып үкімнің күшін жою
1. Кассациялық саты үкімнің заңдылығына ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылғанын анықтаған жағдайда, үкімнің күші жойылып, іс үкім шығарған соттың жаңадан, бірақ судьялардың өзге құрамымен талқылауына жіберілуге жатады.
2. Осы Кодекстің 446-12-бабының үшінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша да істі жаңадан сот қарауына жібере отырып, үкімнің күші жойылуы мүмкін.
3. Бұл ретте кассациялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы, қандай да бір дәлелдемелердің дәйектілігі немесе дәйексіздігі туралы, бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы және жазалау шарасы туралы мәселелерді алдын ала шешуге, сондай-ақ сот жасауы мүмкін тұжырымдарды алдын ала шешуге құқылы емес.
446-16-бап. Істі қосымша тергеуге жібере отырып күшін жою
Кассациялық сатыдағы сот негіздер болған кезде тараптардың өтініштер жасауы бойынша үкімнің күшін жоюға және осы Кодекстің 303-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша істі қосымша тергеуге жіберуге құқылы.
446-17-бап. Yкімді өзгерту
1. Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық заңды дұрыс қолданбаған жағдайда кассациялық сатыдағы сот сотталған адамға неғұрлым жеңіл қылмыс туралы заңды қолдануға және жасалған әрекеттің өзгертілген саралануына сәйкес жазаны төмендетуге құқылы, бірақ ол неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдана алмайды және тағайындалған жазаны күшейте алмайды.
2. Кассациялық сатыдағы сот, егер шамадан тыс қатаңдығы салдарынан жазаны әділетсіз деп таныса, сотталған адамға тағайындалған жазаны саралануын өзгертпестен төмендетуге құқылы.
3. Кассациялық сатыдағы сот, егер жаза мөлшерін ұлғайту арифметикалық қателерді немесе алдын ала күзетпен ұстау мерзімін есептеу кезіндегі қателерді жоюға байланысты болса, қылмыстар мен үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындауды реттейтін қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауын жоя отырып, жаза мөлшерін ұлғайтуға құқылы. Кассациялық сатыдағы сот, сотталған адамға түзеу мекемесінің заңда көзделгеннен гөрі неғұрлым жеңіл түрінің үкімде дәлелденбей тағайындалуының күшін жоюға және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес түзеу мекемесінің түрін тағайындауға құқылы.
4. Кассациялық сатыдағы сот осы баптың үшінші бөлігінде көзделген өзгерістерді, егер осы негіздер бойынша прокурордың наразылығы енгізілсе немесе жәбірленушінің, жеке айыптаушының немесе олардың өкілдерінің шағымдары берілген жағдайда ғана енгізуге құқылы.
446-18-бап. Кассациялық қаулының мазмұны
1. Кассациялық қаулы кіріспе, сипаттамалық-дәлелдеу және қарар бөліктерінен тұрады.
2. Қаулының кіріспе бөлігінде:
1) қаулы шығарылған уақыт пен орын;
2) қаулыны шығарған соттың атауы және кассациялық алқаның құрамы;
3) кассациялық шағым берген немесе кассациялық наразылық келтірген тұлғалар;
4) істі кассациялық сатыда қарауға қатысқан тұлғалар көрсетілуге тиіс.
3. Қаулының сипаттамалық-дәлелдеу бөлігінде шағым берген немесе наразылық келтірген тұлғалардың дәйектері, кассациялық сатыдағы сотқа қатысқан басқа тұлғалардың қарсылықтары, сондай-ақ қабылданған шешімнің себептері қысқаша баяндалуға тиіс. Егер шағым немесе наразылық қанағаттандырылмай қалдырылса, шағымдардың немесе наразылықтың дәйектерін негізсіз немесе елеулі емес деп танудың негіздері көрсетіледі.
Yкімнің күші жойылған немесе ол өзгертілген жағдайда, қылмыстық немесе қылмыстық іс жүргізу заңының қандай баптарының талаптары бұзылғаны және бұл бұзушылықтың неден тұратыны; бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот тағайындаған жазаны әділетсіз деп танудың негіздері көрсетіледі. Іс жаңадан сот талқылауына жіберілген жағдайда қандай заң бұзушылықтар жойылуға тиіс екені көрсетіледі. Бұл ретте кассациялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы, қандай да бір дәлелдемелердің дәйектілігі немесе дәйексіздігі туралы және бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші, апелляциялық сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы және жазалау шарасы туралы мәселелерді алдын шешуге құқылы емес.
4. Қаулының қарар бөлігінде кассациялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешімі көрсетіледі.
446-19-бап. Кассациялық қаулы шығару
Кассациялық қаулы осы Кодекстің 423-бабында көзделген талаптар сақтала отырып, кеңесу бөлмесінде шығарылады.
446-20-бап. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысын орындауға кірісу
1. Кассациялық сатының қаулысы ол шығарылған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірілмей, іспен бірге үкім шығарған сотқа орындау үшін жіберіледі. Іс қосымша тергеуге жіберілген жағдайда кассациялық сатының қаулысы іспен бірге тиісті прокурорға жіберіледі. Бұл жағдайда үкім шығарған сотқа кассациялық саты қаулысының көшірмесі жіберіледі.
2. Сотталған адам күзетпен ұстаудан босатылуға жататын қаулы, егер сотталған адам кассациялық сатыдағы сот отырысына қатысып отырса, осы бөлігінде дереу орындалады. Өзге жағдайларда кассациялық қаулының көшірмесі немесе кассациялық қаулының қарар бөлігінің үзінді-көшірмесі сотталған адамды күзетпен ұстаудан босату туралы шешімді орындау үшін қамау орнының әкімшілігіне дереу жіберіледі.
446-21-бап. Істі кассациялық сатыда қайтадан қарау
1. Егер қандай да бір себептер бойынша кейбір сотталған адамдарға қатысты белгіленген мерзімде немесе шағымданудың өтіп кеткен мерзімін қалпына келтіргеннен кейін берілген шағым немесе наразылық кассациялық сатыдағы сотқа басқа сотталған адамдарға қатысты іс қаралып кеткеннен кейін келіп түссе, сондай-ақ егер сотталған адамның, оның қорғаушысының немесе заңды өкілінің кассациялық шағымы, осы сотталған адамға қатысты іс процеске басқа қатысушының кассациялық шағымы немесе прокурордың наразылығы бойынша қаралып кеткеннен кейін келіп түскен болса, кассациялық сатыдағы сот мұндай шағымды немесе наразылықты қарауға және ол бойынша қаулы шығаруға міндетті.
2. Егер қайта шығарылған қаулы бұрын шығарылған қаулыға қайшы келсе, кассациялық сатыдағы сот істі қадағалау тәртібімен тексеру үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жібереді.
446-22-бап. Бастапқы үкімнің күші жойылғаннан кейін істі бірінші саты бойынша қарау
1. Бастапқы үкімнің күші жойылғаннан кейін іс жалпы тәртіппен қаралуға жатады.
2. Егер айыптау тарабының кассациялық шағымында, наразылығында осындай өтініш болса және оны кассациялық сатыдағы сот бастапқы үкімнің күшін жою негіздерінің бірі ретінде көрсетсе, бірінші сатыдағы соттың істі жаңадан қараған кезінде жазаны күшейтуіне немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануына жол беріледі.
3. Істі жаңадан қараған кезде бірінші сатыдағы сот:
1) егер айыптау тарабының шағымы, наразылығы бойынша үкімнің осы бөлігінің күші жойылмаса, сотталған адамды айыптаудың бастапқы үкімде алып тасталған бөлігінде кінәлі деп тануға;
2) егер бастапқы үкімнің күші айыптау тарабының шағымы, наразылығы бойынша жойылғанымен, ол осы негіздерге байланысты болмаса, жазаны күшейтуге, бас бостандығынан айыру мерзімінің бір бөлігін түрмеде өтеуді немесе неғұрлым қатаң режимдегі колонияда жазаны өтеуді тағайындауға, қосымша жаза тағайындауға немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы емес.
446-23-бап. Істі жаңадан қарау кезіндегі жаза тағайындаудың шектері
Істі жаңадан қараған кезде бірінші сатыдағы сот шығарған үкімге жалпы тәртіппен шағымдануға болады. Бұл ретте, егер бірінші үкімнің күші сотталған адамды қорғаған шағым, наразылық бойынша жойылса, ал екінші үкімнің күші айыптау тарабының жазаның жеңілдігіне немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттілігіне байланысты берілген шағымы, наразылығы бойынша жойылса, істі үшінші рет қарап жатқан сот екінші үкімге қарағанда неғұрлым қатаң жаза тағайындауы немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануы мүмкін, бірақ ол бірінші үкімге қарағанда жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы емес.
9-бөлім. Сот шешімдерін орындау
49-тарау. Сот үкімдері мен қаулыларын орындау
11.07.01 ж. № 238-II ҚР Заңымен ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 447-бап өзгертілді; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 447-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
447-бап. Үкімнің заңды күшіне енуі және оны орындауға кірісу
1. Аудандық және оларға теңестірілген соттар, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, гарнизонның әскери соты, облыстық соттың апелляциялық сатысы шығарған бірінші сатыдағы сот үкімдері, егер оларға шағым жасалмаса немесе наразылық берілмесе, тиісінше апелляциялық немесе кассациялық шағымдану немесе наразылық беру мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді және орындалуға жатады.
2. Іс апелляциялық, кассациялық сатыда қайта қаралған жағдайда егер үкім бұзылмаса, ол апелляциялық немесе тиісінше кассациялық қаулы шығарылған күні күшіне енеді. Егер апелляциялық, кассациялық шағымдар, наразылық апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін кері қайтарып алынса, үкім көрсетілген сатылардың шағымның, наразылықтың кері қайтарып алынуына байланысты іс жүргізудің қысқартылғаны туралы қаулылары шығарылған күні заңды күшіне енеді.
3. Бірінші сатыдағы сот үкім заңды күшіне енген немесе іс апелляциялық сатыдағы соттан қайтарылған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей үкімді орындауға кіріседі.
4. Қылмыс жасағаны үшін сотталған адам, егер айыптау үкімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 75-бабында белгіленген мерзімде орындалмаса, жазаны өтеуден босатылады.
5. Егер сот ақтау үкімін шығарса не сотталушы адам жаза тағайындалмай сотталса немесе жазадан босатылса не бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға кесілсе, ал үкім шығарылғанға дейін ол күзетпен ұсталған болса, мұндай шешім шығарған сот оны дереу күзетпен ұстаудан босатады.
11.07.01 ж. № 238-II; 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара) Заңдарымен 448-бап өзгертілді
448-бап. Сот қаулысының заңды күшiне енуi және оны орындауға кiрiсу
1. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысы шағымдану немесе наразылық бiлдiру мерзiмi өткен соң не жеке шағым жасалған немесе наразылық бiлдiрiлген жағдайда, iстi жоғары тұрған сот қарағаннан кейiн заңды күшiне енедi және орындалады.
2. Соттың шағымдануға немесе наразылық бiлдiруге жатпайтын қаулысы ол шыққаннан кейiн дереу күшiне енедi және орындалады.
3. Iстi қысқарту туралы сот қаулысы сот отырысын тағайындау туралы мәселенi шешу кезiнде немесе сот отырысында оның айыпталушыны немесе сотталушыны қамаудан босатуға қатысты бөлiгiнде дереу орындалуға жатады.
4. Апелляциялық сатыдағы соттың осы Кодекстің 411-бабы бірінші бөлігінің 1) - 3), 7) және 8) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша шығарған қаулысы, сондай-ақ кассациялық сатының қаулысы жария етілген кезден бастап күшіне енеді.
5. Апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттың қаулылары осы Кодекстің 423-1-бабында көзделген тәртіппен орындалады.
6. Соттың жеке қаулысы заңды күшіне енген кезден бастап үш тәуліктен аспайтын мерзім өткен соң басқару функцияларын орындайтын тиісті лауазымды адамға жіберіледі. Жеке қаулы бойынша бiр айлық мерзiмнен кешiктiрмей қажеттi шаралар қолданылуы және нәтижелерi туралы қаулы шығарған сотқа хабарлануы тиiс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара) 449-бап өзгертілді
449-бап. Соттың үкімін, қаулысын орындауға кiрiсу тәртібі
1. Заңды күшiне енген соттың үкімі мен қаулысы мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәрiне бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында сөзсiз орындалуға жатады. Соттың үкімін, қаулысын орындамау қылмыстық жауапкершiлiк жүктейдi.
2. Үкiм мен қаулыны орындауға кiрiсу бiрiншi саты бойынша iстi қараған сотқа жүктеледi. Үкiмдi орындау туралы өкiмдi судья үкiмнiң көшiрмесiмен бiрге қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес үкiмдi орындау мiндетi жүктелген органға жiбередi. Апелляциялық сатыдағы сотқа қамауда ұсталған адамдарға қатысты iстi апелляциялық тұрғыда қараудың нәтижелерiн хабарлау мiндетi жүктеледi. Iстi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде үкiм өзгерген жағдайда үкiмнiң көшiрмесiне апелляциялық саты қаулысының көшiрмесi қоса тiркелуге тиiс.
3. Егер үкiмде сотталушыны Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасынан, Қазақстан Республикасының Президентi берген құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе біліктілік сыныбынан айыру туралы мәселенi қою қажеттiгi көрсетiлсе, үкiмдi шығарған сот Қазақстан Республикасының Президентiне сотталушыны мемлекеттік наградасынан, көрсетiлген атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе біліктілік сыныбынан айыру туралы ұсынысты, сондай-ақ үкiмнiң көшiрмесi мен оның заңды күшiне енуi туралы анықтаманы жолдайды.
4. Үкiмдi орындаушы органдар оның орындалғаны жайында үкiмдi шығарған сотқа дереу хабарлайды. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi үкiм шығарған сотқа сотталушының жазасын өтеу орны туралы хабарлауы тиiс. Апелляциялық сатының үкімін орындау туралы хабарлама бірінші сатыдағы тиісті сотқа жіберіледі.
450-бап. Үкiмдi орындауға кiрiсу жайында сотталушының туған-туысқандары мен азаматтық талапкерге хабарлау
1. Қамауда ұсталған сотталушы қамауға немесе бас бостандығынан айыруға кесiлген үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн қамау орнының әкiмшiлiгi сотталушының отбасын жазаны өтеу үшiн оның қайда жiберiлетiнi туралы хабардар етуге мiндеттi.
2. Азаматтық талап қанағаттандырылған жағдайда сот атқарушысы азаматтық талапкердi үкiмнiң орындалғаны туралы хабардар етедi.
451-бап. Туыстарына сотталушымен жүздесуге рұқсат ету
Үкiм орындалғанға дейiн iс бойынша төрағалық етушi немесе сот төрағасы қамауда ұсталып отырған сотталушының ерiне /зайыбына/, жақын туыстарына олардың өтiнiшi бойынша сотталушымен жүздесу және телефон арқылы сөйлесу мүмкiндiгiн беруге мiндеттi.
452-бап. Үкiмнiң атқарылуын кейiнгi қалдыру
1. Адамды қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тартуға, бас бостандығын шектеуге, қамауға немесе бас бостандығынан айыруға соттау туралы үкiмдi орындау мынадай негiздердiң бiрi болған кезде:
1) жазаны өтеуге кедергi келтiретiн сотталушының ауыр сырқаты болса, - ол сауығып кеткенге дейiн;
2) сотталған әйелдiң жүктi болуы немесе сотталған әйелдiң жас балалары болса - Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабында көзделген тәртiпте;
3) өрт немесе кездейсоқ апат, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше жағдаяттардың салдарынан, сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазаны дереу өтеуi аса ауыр зардапқа әкелiп соқтыруы мүмкiн болса, сот белгiлеген алты айдан артық емес мерзiмге, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға қатысты - үш айдан артық емес мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн.
2. Айыппұл төлеу, егер оны дереу төлеу сотталушы үшiн мүмкiн болмаса, алты айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдырылуы немесе бөлiп өтелуi мүмкiн.
3. Үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру туралы мәселенi сотталушының оның заңды өкiлiнiң, жақын туыстарының, қорғаушысының өтiнiшi бойынша не прокурордың ұсынуы бойынша немесе өз бастамашылығымен сот шешедi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 453-бап өзгертілді
453-бап. Үкiмдi орындау кезiнде сот қарауға жататын мәселелер
Соттың жүргiзуiне үкiмдi орындауға байланысты мынадай мәселелердi қарау жатады:
1) жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда айыппұл төлеу түріндегі жазаны қоғамдық жұмысқа тартумен, түзеу жұмыстарына жiберумен немесе қамауға алумен /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 40-бабы/, қоғамдық жұмыстарға тартуды бас бостандығын шектеумен немесе қамауға алумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабы/, түзеу жұмыстарын бас бостандығын шектеумен, қамауға алумен немесе бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 43-бабы/, бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 45-бабы/ ауыстыру туралы;
1-1) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталып, бақылаудан жасырынған және жазасын өтеуден жалтарған адамдарға қатысты iздестiру жариялау мен бұлтартпау шарасын таңдау туралы;
2) қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес бас бостандығынан айыруға сотталған адамға шығарылған үкiм бойынша тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту туралы;
3) жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 70-бабы), жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 71-бабы) туралы, сондай-ақ жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босатуды жою (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 70-бабының жетiншi бөлiгi) туралы;
4) науқастануына байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай жазадан босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 73-бабы) туралы;
5) шартты түрде соттауды жою немесе сынақ мерзiмiн ұзарту (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 64-бабы) туралы;
5-1) бас бостандығын шектеуге сотталған адам үшін бұрын белгіленген міндеттердің толық немесе ішінара күшін жою туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 45-бабы);