3) апелляциялық сатының қаулысы мен ұйғарымының толық немесе бір бөлігінде күшін жоюға және осы Кодекстің 247, 249-баптарында көзделген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді қысқартуға не арызды қараусыз қалдыруға;
4) бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырып, апелляциялық сатының қаулысы мен ұйғарымының күшін жоюға;
5) егер іс бойынша дәлелдемелерді жинау немесе қосымша тексеру талап етілмесе, бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын дұрыс және толық анықтаса, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қателіктерге жол берілсе, істі жаңадан қарауға жіберместен, бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, қаулыны өзгертуге немесе жаңа қаулы шығаруға құқылы.
383-21-бап. Сот қаулысы мен ұйғарымының күшін кассациялық тәртіппен жоюдың негіздері
Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың осы Кодекстің 365, 366-баптарында көзделген материалдық немесе іс жүргізу құқығының нормаларын бұзуы немесе дұрыс қолданбауы сот қаулысы мен ұйғарымының күшін кассациялық тәртіппен жоюдың негіздері болып табылады.
383-22-бап. Кассациялық сатының сот актілері
1. Кассациялық сатының сот актілері қаулы нысанында шығарылады.
2. Кассациялық сатының қаулысында:
1) қаулының шығарылған күні мен орны;
2) қаулы шығарған соттың атауы мен құрамы;
3) кассациялық шағым немесе наразылық берген тұлға;
4) шағым жасалған апелляциялық қаулының, кассациялық шағымның немесе наразылықтың және оларға берілген жазбаша пікірлердің, кассациялық сатыда істі қараған кездегі қатысушы тұлғалар түсініктемелерінің қысқаша мазмұны;
5) соттың тұжырымдар жасауына алып келген дәйектер және сот басшылыққа алған заңдарға сілтеме;
6) кассациялық шағымды немесе наразылықты қараудың нәтижелері бойынша тұжырымдар көрсетілуге тиіс.
3. Кассациялық шағымды немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдырған кезде сот өзінің қаулысында шағымның дәйектерін негізсіз деп танудың және оларды қабылдамаудың дәлелдерін көрсетуге міндетті.
4. Кассациялық сатының қаулысы бес күннің ішінде түпкілікті нысанда дайын болуға тиіс. Іске қоса тігілетін қаулының қарар бөлігін жария етуге жол беріледі.
383-23-бап. Кассациялық сатыдағы сот қаулысының заңды күші
Кассациялық сатыдағы соттың қаулысы шығарылған кезден бастап заңды күшіне енеді.
383-24-бап. Іс кассациялық тәртіппен қаралғаннан кейін келіп түскен кассациялық шағымды қарау тәртібі
1. Белгіленген мерзімде немесе өтіп кеткен мерзім қалпына келтірілгеннен кейін берілген кассациялық шағым кассациялық сатыдағы сотқа істі басқа шағымдар бойынша қарағаннан кейін келіп түскен жағдайда, сот мұндай шағымды өзінің іс жүргізуіне қабылдауға міндетті.
2. Егер мұндай шағымды қараудың нәтижесінде кассациялық сатыдағы сот бұрын шығарылған кассациялық актінің заңсыздығы немесе негізсіздігі туралы тұжырымға келсе, онда оның күші жойылып, жаңа сот актісі шығарылады.
43-тарау. Қадағалау тәртібімен іс жүргізу
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 384-бап жаңа редакцияда ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 384 - бап жаңа редакцияда
384-бап. Сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуға жататын сот актілері
1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жергілікті және басқа соттардың заңды күшіне енген сот актілерін іске қатысушы тұлғалардың өтініштері және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылықтары бойынша қадағалау тәртібімен қайта қарауы мүмкін.
2. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың істің одан әрі жылжуына кедергі келтіретін ұйғарымдарын қоспағанда, көрсетілген соттардың заңды күшіне енген сот бұйрықтары, ұйғарымдары сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуға жатпайды.
3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау тәртібімен шығарылған қаулылары қабылданған қаулының адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін екені туралы деректердің анықталуына байланысты айрықша жағдайларда қайта қаралуы мүмкін.
11.07.01 ж. № 238-II ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 385-бап өзгертілді
385-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне өтініш беруге, наразылық келтіруге құқығы бар тұлғалар
1. Жергілікті және басқа соттардың заңды күшіне енген сот актілеріне тараптар және апелляциялық, кассациялық шағымдарды тікелей Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына беруге құқығы бар, іске қатысқан басқа да тұлғалар дау айтуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры заңды күшіне енген сот актісіне Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына наразылық келтіруге құқылы.
3. Наразылық осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың өз бастамалары бойынша да, өтініші бойынша да келтірілуі мүмкін. Өтініш наразылыққа қоса тіркеледі.
4. Өтінішті, наразылықты іс қадағалау сатысында қаралғанға дейін оны сотқа тиісінше арыз беру жолымен жүгінген тұлға кері қайтарып алуы мүмкін. Сот іске қатысушы тұлғаға наразылықтың кері қайтарып алынғаны туралы хабарлайды. Өтініш пен наразылықты кері қайтарып алу қадағалау сатысында іс жүргізудің қысқартылуына әкеп соғады.
4-1. 2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
5. Осы Кодекстің 393-395-баптарында көзделген ережелер прокурордың наразылықтарына қолданылмайды және тікелей қадағалау сатысында қаралады. Сот кеңесу бөлмесінде осы Кодекстің 387-бабында көзделген істі қадағалау тәртібімен қайта қарау негіздерінің бар-жоғы туралы мәселені шешеді, содан кейін прокурор наразылығын мәні бойынша қарайды. Аталған негіздер болмаған кезде сот істі сот қадағалауы тәртібімен қайта қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 386-бап жаңа редакцияда ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 386-бап жаңа редакцияда
386-бап. Істі қадағалау тәртібімен қарайтын соттар
1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жергілікті және басқа да соттардың заңды күшіне енбеген сот актілеріне өтініштер, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылықтары бойынша істерді кемінде бес судья құрамында қарайды.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы осы Кодекстің 384-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қаулысына Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша істерді қарайды.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 387-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
387-бап. Істерді талап етудің және заңды күшіне енген сот актілерін қайта қараудың себептері мен негіздері
1. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары азаматтық істі қадағалау тәртібімен тексеру үшін тиісті соттан талап етіп алдыруы мүмкін.
2. Осы Кодекстің 385-бабының бірінші бөлігінде аталған адамдардың өтініштері, сол сияқты осы Кодекстің осы бабының екінші бөлігінде аталған прокурорлардың өз құзыреті шегіндегі бастамасы істерді талап етуге себеп болып табылады.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Сот прокурордың істі талап ету туралы сұрау салуын ол сотқа келіп түскен күннен бастап күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей орындайды. Сұрау салулар байланыс арналары пайдаланыла отырып жіберілуі мүмкін.
Істі талап еткен жағдайда қадағалау наразылығын келтіру туралы өтінішті прокурор іс прокуратураға келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарауға тиіс.
3. Материалдық нормалардың не іс жүргізу құқығының едәуір бұзылуы соттың заңды күшіне енген шешімдерін, ұйғарымдарын, қаулыларын қадағалау тәртібімен қайта қарауға негіз болады.
4. Соттың заңды күшіне енген шешімдерін, ұйғарымдарын, кассациялық қаулыларын, егер Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі оларды шығаруда негізге алынған акт конституциялық емес деп таныған жағдайда олар қадағалау тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 388-бап өзгертілді
388-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне шағым жасау, наразылық келтіру мерзімдері
1. Соттың шешімі, ұйғарымы, қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде өтініш, наразылық беруге болады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін, осы Кодекстің 387-бабының төртінші бөлігінде көзделген негіз бойынша сот шешімдерін, ұйғарымдарын, қаулыларын қайта қарау жағдайларында қолданылмайды.
3. Егер қадағалау наразылығын келтіру туралы өтініш прокурорға белгіленген мерзім сақтала отырып берілсе, бірақ ол бойынша шешім қабылданбаса, сот наразылық келтіру мерзімін ұзартады. Наразылықта бұл туралы көрсетілуге тиіс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 389-бап өзгертілді; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 389-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
389-бап. Наразылық келтіру
1. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры себебі мен негіздері болған ретте наразылық келтіріп, оны іспен және өтінішпен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жібереді.
2. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы наразылықтың көшірмелерін іске қатысушы тұлғаларға жібереді.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 390-бап өзгертілді
390-бап. Наразылықтың мазмұны
Наразылықта:
1) наразылық келтіріп отырған соттың атауы болуға;
2) наразылық келтіріп отырған сот актілері көрсетілуге;
3) сот актілері шығарылған істің мәні баяндалуға;
4) заңсыз сот актісінің шығарылуына әкеп соққан, материалдық не іс жүргізу құқығы нормаларының елеулі бұзылуы неде екені, не сот актісі шығарылғанда негізге алынған нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі конституциялық емес деп тануы көрсетілуге;
5) наразылық келтірген лауазымды адамның ұсынысы немесе қорытындысы болуға тиіс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 391-бап өзгертілді; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 391-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
391-бап. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілетін қадағалау наразылығын келтіру туралы және сот актісіне дау айту (шағымдану) туралы өтініштердің мазмұны
1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілетін қадағалау наразылығын келтіру туралы және сот актісіне дау айту (шағымдану) туралы өтініштер:
1) өтініш жолданатын соттың атауын, өтініш жолданатын лауазымды адамның аты-жөнін;
2) өтініш беруші тұлғаның атауын; оның тұрғылықты жерін немесе тұрған жерін және істегі іс жүргізу жағдайын;
3) сот шешімінің, ұйғарымының, қаулысының мазмұнын көрсетуді, сондай-ақ іске қатысушы тұлғалардың тұрғылықты жерін немесе тұрған жерін көрсете отырып атап тізбеленуін;
4) істі бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыларда қарайтын соттардың көрсетілуін және олар қабылдаған шешімдердің мазмұнын;
5) соттың дау айтылатын, наразылық беру ұсынылатын шешімінің, ұйғарымының, қаулысының көрсетілуін;
6) материалдық не іс жүргізу құқығы нормаларының елеулі түрде бұзылуы неде екенінің және өтініш берген тұлғаның өтінуі неден тұратынын көрсетуді қамтуға тиіс.
2. Егер өтінішті іске қатыспаған тұлға берсе, дау айтылатын шешім, ұйғарым, қаулы арқылы осы тұлғаның қандай құқықтарының бұзылғаны көрсетілуге тиіс.
3. Егер дау айтылған сот актісіне тиісті сот сатысына шағым жасалмаған болса, өтініш беруші апелляциялық не кассациялық шағым бермеу себептерін көрсетуге міндетті.
4. Егер өтініш бұрын қадағалау сатысына берілген болса, онда өтініште бұл туралы және шағым бойынша қабылданған сот шешімі туралы көрсетілуге тиіс.
5. Өтінішке оны берген тұлға немесе оның өкілі қол қоюға тиіс. Өкіл берген өтінішке сенімхат немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын басқа да құжат қоса тіркелуге тиіс.
6. Өтінішке іс бойынша шығарылған шешімнің, ұйғарымның, қаулының сот растаған көшірмелері қоса тіркелуге тиіс.
2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 392-бап жаңа редакцияда; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 392-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
392-бап. Өтінішті немесе прокурор наразылығын қайтару
1. Өтінішті немесе прокурор наразылығы мынадай негіздер бойынша:
1) өтініш немесе прокурор наразылығы осы Кодекстің 390, 391-баптарының талаптарына сай келмесе;
2) өтініш немесе прокурор наразылығы заңды күшіне енген осы сот актісіне осы Кодекстің 385-бабына сәйкес шағым жасауға, наразылық білдіруге құқығы жоқ адамдар тарапынан берілсе;
3) өтініш немесе прокурор наразылығы осы Кодекстің 388-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін берілсе және оны қалпына келтірудің дәлелді себептері болмаса;
4) өтініш немесе прокурор наразылығы оларды мәні бойынша қарағанға дейін кері қайтарып алынса;
5) өтініш немесе прокурор наразылығы қадағалау сатысына соттылық ережесін бұза отырып берілсе;
6) процестің осы қатысушысының арызы бойынша қадағалау іс жүргізуін қозғаудан бас тарту туралы қаулы болса, олар берген тұлғаларға қайтарылуға тиіс.
2. Өтінішті немесе прокурор наразылығын қайтаруға негіз болған кемшіліктер жойылған жағдайда оларды жалпы негізде қайтадан беруге болады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 393-бап жаңа редакцияда ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 393-бап жаңа редакцияда; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 393-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
393-бап. Өтінішті алдын ала қарау
1. Сот актісін сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы өтінішті үш судья алдын ала зерделейді және қарайды, олардың біреуі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы тағайындаған баяндамашы болып табылады. Қажет болған жағдайда азаматтық іс талап етіліп алынуы мүмкін.
2. Өтініш келіп түскен күннен бастап бір айдың ішінде, ал іс сұратылған жағдайда - іс келіп түскен күннен бастап бір айдың ішінде қаралады.
3. Өтініш алдын ала қаралатын күн туралы прокурорға, сондай-ақ шағым берген адамға хабарланады, алайда олардың келмеуі іс бойынша сот қадағалауы тәртібімен іс жүргізуді қозғауға негіз бар немесе жоқ екені туралы мәселені шешуге кедергі болмайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 394-бап жаңа редакцияда ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 394-бап жаңа редакцияда; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 394-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
394-бап. Өтінішті алдын ала қараудың нәтижелерi бойынша қабылданатын шешімдер
1. Өтінішті алдын ала қараудың нәтижелері бойынша судьялар:
1) шағым берілген сот актісін қайта қарау бойынша қадағалау іс жүргізуін қозғау және өтінішті азаматтық істі сұрата отырып қадағалау сатысында қарау туралы;
2) шағым берілген сот актісін қайта қарау бойынша қадағалау іс жүргізуін қозғаудан бас тарту туралы;
3) өтінішті қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Соттың өтінішті алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарған қаулысында:
1) қаулының шығарылған күні мен орны;
2) өтінішті қараған және қаулы шығарған тиісті сот судьяларының тегі мен аты-жөні;
3) дау туғызған сот актісін көрсете отырып қаулы шығарылған іс;
4) өтініш жасаған тұлғаның атауы;
5) өтініште келтірілген дәлелдер;
6) қадағалау іс жүргізуін қозғаудың немесе одан бас тартудың не өтінішті оларды берген адамдарға қайтарудың негіздері көрсетілуге тиіс;
7) қаулының қарар бөлігінде осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірі жазылады.
3. Өтінішті алдын ала қараудың нәтижелері бойынша шығарылған қаулының көшірмесі өтінішті берген адамға жіберіледі.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 395-бап жаңа редакцияда ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 395-бап жаңа редакцияда; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 395-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
395-бап. Қадағалау сатысы сотының отырысын тағайындау
1. Қадағалау сатысы дау айтылған сот актісін, наразылықты қайта қарау бойынша қадағалау іс жүргізуін қозғау туралы сот қаулысын алғаннан кейін тараптарға өтініштің, қадағалау ісін жүргізуді қозғау туралы қаулының көшірмелерін, сот отырысы өткізілетін күнді, уақытын, орнын көрсете отырып істің қадағалау сатысында қаралатыны туралы хабарлама жібереді.
2. Қадағалау сатысындағы іс қадағалау іс жүргізуін қозғау туралы қаулымен бірге қадағалау сатысына берілген не прокурор наразылығы келіп түскен күннен бастап бір айдың ішінде қаралуға тиіс.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 395-1-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
395-1-бап. Сот актісін қайта қарау туралы өтінішке немесе наразылыққа пікір
1. Іске қатысушы тұлға қайта қарауға қатысты қарсылықты растайтын құжаттарды қоса тіркеп, сот актісін қадағалау тәртібімен қайта қарау туралы өтінішке немесе наразылыққа пікірді іске қатысушы басқа тұлғаларға және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жіберуге құқылы.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жіберілетін пікірге іске қатысушы басқа тұлғаларға пікірдің көшірмесі жіберілгенін растайтын құжат қоса тіркеледі.
2. Пікір Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өтінішті немесе наразылықты қарауды бастағанға дейін пікірмен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ететін, сот белгілеген мерзімде жіберіледі.
3. Пікірге іске қатысушы тұлға немесе оның өкілі қол қояды. Өкілдің қолы қойылған пікірге оның өкілеттігін растайтын сенімхат немесе өзге құжат қоса тіркеледі.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 396-бап өзгертілді; ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 396-бап жаңа редакцияда ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 396-бап өзгертілді
396-бап. Сот актiсiнiң орындалуын тоқтата тұру
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Бас Прокуроры iстi сұратып алумен бiр мезгiлде қадағалау тәртібімен тексеру үшiн сот актiсiнiң орындалуын үш айдан аспайтын мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 397-бап өзгертілді
397-бап. Істі қарау шектері
1. Істі қадағалау тәртібімен қарау кезінде сот істе бар материалдар бойынша өтініштің, наразылықтың дәлелдері шегінде бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар шығарған сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексереді.
2. Қадағалау сатысындағы сот заңдылық мүдделерін көздеп, өтініштің немесе наразылықтың шегінен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген шешімнің заңдылығын толық көлемінде тексеруге құқылы. Сот осы Кодекстің 25-29-тарауларында көзделген істер бойынша бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар шығарған қаулылардың заңдылығы мен негізділігін толық көлемінде тексереді.
11.07.01 ж. № 238-II ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 398-бап өзгертілді
398-бап. Істі қадағалау сатысында қараудың тәртібі, қадағалау сатысындағы соттың шешімдері
1. Қадағалау сатысындағы сот отырысы төрағалық етушінің қандай сот шешімі және кімнің өтініші (наразылығы) бойынша қайта қаралып отырғанын, сот құрамына кімдердің енетінін және сот отырысы залында іске қатысушы адамдардан кім келіп отырғанын жариялауымен ашылады. Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген, өтініш (наразылық) берген адамның болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Iстi қарау кезiнде қадағалау сатысының сотына прокурордың қатысуы мiндеттi.
2. Мәлімделген қарсылықтар мен өтініштер шешілгеннен кейін сот тыңдауды жалғастыру туралы не оны кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды. Сот істі тыңдауды жалғастыру туралы шешім қабылдаған жағдайда төрағалық етуші өтінішті (наразылықты) берген адамға сөз береді. Егер мұндай адамдар бірнешеу болса, олар өздері ұсынатын сөз сөйлеу кезегін сот назарына жеткізеді. Егер олар келісімге келе алмаса, сөз сөйлеу кезегін сот белгілейді.
3. Өтініш (наразылық) беруші адам, өз пікірі бойынша, шағым жасалып отырған шешімнің заңсыз, негізсіз болып табылатынына себептер мен дәлелдерді айтып береді. Содан кейін төрағалық етуші сот белгілеген тәртіппен іске қатысушы басқа адамдарға сөз береді.
Сотқа қатысушы адамдар сөз сөйлегеннен кейiн прокурор iс бойынша қорытынды бередi.
4. Істі қадағалау тәртібімен қараудың нәтижесінде сот кеңесу бөлмесінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бірінші, апелляциялық немесе кассациялық сатылардағы шешімді өзгеріссіз, ал өтінішті, наразылықты қанағаттандырмай тастайды;
1-1) осы Кодекстің 387-бабында көзделген негіздердің болмауына байланысты істі сот қадағалауы тәртібімен қайта қараудан бас тарту туралы;
2) бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы сот шешімінің күшін толық немесе бір бөлігінде жояды және істі бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді. Қадағалау сатысындағы сот қаулыда көрсетілмеген не онда жоққа шығарылған мән-жайларды белгілеуге немесе оларды дәлелденген деп есептеуге, қандай да бір дәлелдемелердің дұрыстығы немесе дұрыс еместігі туралы, бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы мәселелерді, істі жаңадан қарау кезінде материалдық құқықтың қай нормасы қолданылуға тиіс екенін және қандай қаулының қабылдануға тиіс екенін алдын ала шешуге құқылы емес;
3) бірінші, апелляциялық сатыдағы және кассациялық сатылардағы сот шешімінің толық не бөлігіндегі күшін жояды және талап-арызын қарамай тастайды не іс бойынша іс жүргізуді қысқартады;
4) іс бойынша шығарылған шешімдердің біреуін күшінде қалдырады;
5) бірінші, апелляциялық немесе кассациялық сатылардағы соттың шешімін өзгертеді не оның күшін жояды, материалдық құқық нормаларын қолдануда және түсіндіруде қате жіберілген болса, істі жаңадан қарауға жібермей, жаңа шешім шығарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 399-бап өзгертілді
399-бап. Қадағалау сатысындағы сот қаулысының мазмұны
1. Қадағалау сатысындағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы актілер үшін белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Қадағалау сатысындағы соттың қаулысына іс бойынша шешім қабылдаған барлық судьялар қол қояды.
2. Қадағалау сатысындағы сот осы Кодекстiң 230-232-баптарында көзделген жағдайларда және тәртiппен қате жазылған жазбалар мен анық арифметикалық қателердi түзету туралы мәселенi қарауға, қосымша қаулы шығаруға немесе бұдан бұрын қадағалау сатысы шығарған қаулыны түсіндiруге құқылы.
400-бап. Қадағалау сатысындағы сот қаулысының заңды күшіне енуі
Қадағалау сатысындағы сот қаулылары олар қабылданған кезден бастап заңды күшіне енеді.
401-бап. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
402-бап. 2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 403-бап өзгертілді
403-бап. Сот шешімінің, ұйғарымының, қаулысының күші жойылғаннан кейін істі қарау