«Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 8 қарашадағы № 1031 Қаулысы
Осы редакция 2011 жылғы 24 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған «Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламенті бекітілсін.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар бұрын қабылданған нормативтік құқықтық актілерді осы қаулыға сәйкес келтірсін.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап 12 ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 8 қарашадағы
№ 1031 қаулысымен
бекітілген
«Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар»
техникалық регламенті
1. Қолданылу саласы
1. Осы «Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламенті (бұдан әрі - Техникалық регламент) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексіне, Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» 2004 жылғы 9 қарашадағы және «Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі заңдарына сәйкес әзірленді.
2. Осы Техникалық регламенттің реттеу объектілері мыналар болып табылады:
1) тоқыма және трикотаж материалдар;
2) киімдер және тоқыма және трикотаж материалдардан жасалған іш киімдерді қоса алғанда, бұйымдар;
3) былғары мен теріден жасалған киім мен бұйымдар;
4) төсек-орын жаймалары мен көрпелер;
5) былғары және тері материалдары;
6) аяқ киім және былғары галантерея бұйымдары;
7) шұлық-ұйық бұйымдары;
8) бас киімдер.
Осы Техникалық регламенттің әрекеті қолданылатын Жеңіл өнеркәсіп өнімінің (бұдан әрі - өнім) тізбесі осы Техникалық регламентке 1-қосымшада берілген.
3. Осы Техникалық регламенттің әрекеті мына:
1) бұрын тұтынуда болған немесе жеке тапсырыс бойынша дайындалған;
2) оларға қатысты талаптар дәрілік заттар, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қауіпсіздігі саласында жекелеген Техникалық регламенттермен белгіленетін медициналық мақсатта қолданылатын;
3) оларға қатысты талаптар «Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентінде белгіленетін балаларға арналған;
4) әскери және нысандық киім мен аяқ киімге, жеке қорғаныс құралы болып табылатын арнайы киім мен аяқ киімге;
5) санитарлық-гигиеналық мақсаттағы өнімге;
6) оларға қатысты талаптар «Буып-түюге, таңбалауға, затбелгі жапсыруға және оларды дұрыс түсіруге қойылатын талаптар» техникалық регламентінде белгіленетін буып-түю материалдарына;
7) техникалық мақсаттағы тоқыма материалдар мен бұйымдарына қолданылмайды.
4. Өнімді сәйкестендіру моделдердің техникалық сипаттамаларына, өнімнің нақты түріне арналған үлгі - эталондарға, Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының жіктегіш кодтарына, таңбалауға және (немесе) ілеспе құжаттарға сәйкес көрнекі жүзеге асырылады. Өнімді көрсетілген тәсілдермен сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайда ол өнімнің нақты түріне арналған нормативтік құжаттарға сәйкес құралдық әдістермен жүргізіледі.
5. Осы Техникалық регламент өнім түріне қарай оның тұтынушы өмірі мен денсаулығы үшін механикалық, химиялық және биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талаптарды белгілейді.
2. Терминдер мен анықтамалар
6. Осы Техникалық регламентте «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген терминдер, сондай-ақ мынадай терминдер қолданылды:
1) аяқ киім - аяқты жабуға немесе қорғауға арналған қолданбалы ұлтаны бар барлық бұйымдар, соның ішінде олардың жеке сатылатын құрамдас бөліктері;
2) беттік қабаты (беттік үсті) - аяқ киімнің ұлтанға қосылатын немесе аяқ киім материалдарының (былғарының) құрылымдық элементінің сыртқы жоғары бөлігі;
3) биологиялық қауіп - дайын бұйымның физикалық (иілгіштік, су өткізбеушілігі) және химиялық қасиеттерінің көрсеткіштері өнім түріне қарай белгіленген талаптарға сәйкессіздігі салдарынан тұтынушының ағзасына келеңсіз әсері;
4) зиянды заттар - әдеттегі пайдалану уақытында олардың бұйым материалында болуы рұқсат етілетін концентрациядан артық болған жағдайда тұтынушының денсаулық жай-күйіндегі келеңсіз ауытқушылық тудыруы мүмкін химиялық заттар;
5) механикалық қауіп - тұтынушының денсаулығына залал тигізу қатерін арттыратын бұйымдардың мөлшерлес еместігі, беріктігінің, орнықтылығының жеткіліксіз болуы немесе кедір-бұдырлығы салдарынан дайын өнімнің тұтынушыға келеңсіз әсері;
6) өнімді айналымға шығару - сату үшін дайындаушы (сатушының немесе шетелдік дайындаушының уәкілетті өкілінің) қоймасынан жіберілетін өнім;
7) өнімнің айналымы - өнімді әкелуді (импорт) және әкетуді (экспорт), сондай-ақ олармен байланысты буып-түю, таңбалау, сақтау және тасымалдау процестерін қоса алғанда, сатып алу-сату шарттары бойынша сатуда тұрған өнім;
8) өтініш беруші - өнімнің сәйкестігін растау үшін ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;
9) супинатор (өкшелік) — аяқ киімнің өкшелік бөлігінің қажетті қаттылығы мен иілгіштігін жасауға арналған негізгі ұлтарақ пен ұлтан арасында бекітілетін металл фигуралық тілікше;
10) сыртқы ұлтан - пайдалану процесінде үйкеліске ұшырайтын және аяқ киімнің жоғары бөлігіне қосылатын аяқ киімнің төменгі бөлігі;
11) сырылған көрпе - айқыс бедерлі тігістермен сырылған, екі қабатты матадан тұратын және олардың арасына жылу қорғағыш төсемі салынған тігін бұйымы;
12) табиғи беттік қабаты бар былғары — шіруді болдырмас үшін өңделген, түкті құрылымды жануарлар терісі;
13) талшық құрамын таңбалау - тоқыма материалына кіретін талшықтары құрамы пайызбен көрсетілетін затбелгіде, бұйымда немесе орауышта жазбаша немесе баспа мәтін түрінде немесе графикалық орындау түрінде көрсету;
14) тоқыма көрпе - ұйықтайтын орынның қажетті гигиеналық жағдайларын жасауға арналған әр түрлі талшықтардан жасалған тоқыма бұйым;
15) тоқыма материалдар - жалпы салмағынан ең азы 80 % тоқыма талшықтарынан тұратын материалдар;
16) төсек жаймасы - ұйықтайтын орынның қажетті гигиеналық жағдайларын жасауға арналған тігін бұйымы;
17) төсем және ұлтарақ - аяқ киімнің ішкі бөлігін құрайтын, жоғары бөлікке және ішкі ұлтанға түптелген материалдар;
18) уыттылық индексі - жасушалар тінінде "in vintro" (шыны түтік ішінде) айқындайтын жалпы жіті уыттылықтың интегралдық керсеткіші;
19) ұйықтайтын қап - айқас тігістермен сырылған, екі қабатты матадан тұратын және араларына жылу қорғағыш төсемдері салынған, әдетте сырма-ілгегі мен бас қапшығы бар және негізінен туристерге демалуға арналған тігін бұйымы;
20) химиялық қауіп - денсаулық үшін зиянды, қауіпті химиялық заттар концентрациясының шекті рұқсат етілетін деңгейінің өнімде артық болуы;
21) іш киім бұйымдары - тұтынушы үшін қажетті гигиеналық жағдайлар жасауға арналған тігін бұйымдары.
3. Жобалау кезінде өнім қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
7. Өнімді жобалау және өндіріске қою кезінде өмірлік циклдің барлық кезеңдерінде барлық механикалық, химиялық және биологиялық қауіптермен байланысты қатерлер сәйкестендірілуі тиіс.
8. Өнім үшін қатерлерге жүргізілген бағалауды ескере отырып, өмірлік циклдің барлық кезеңдерінде рұқсат етілген (қолайлы) деңгейге дейін қатерді жоюға немесе азайтуға (төмендетуге) арналған шаралардың барлық кешені анықталуға тиіс.
9. Жобалау және өндіріске қою кезінде стандарттарды және (немесе) техникалық сипаттамаларды, соның ішінде өнімнің сипаттамасын қамтитын жобалық құжаттама, конструкторлық құжаттама (сызбалар, эскиздер), үлгі-эталондар, қолдану жөніндегі нұсқаулықтар үйлестірілген стандарттарға сәйкес әзірленуі тиіс.
4. Өндіру кезінде өнімнің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
10. Өндіру кезінде өнімді дайындау процесінің жобалық құжаттаманың және осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкестігі қамтамасыз етілуі қажет.
11. Өндіруші кәсіпорындарда қабылданған технологиялық процестердің, кәсіпорындарда қолданылатын менеджмент жүйелерінің кешенін ескере отырып, жобалық құжаттамада көзделген өнімнің қауіпсіздігі талаптарын қамтамасыз етуге талдау жүргізеді.
12. Өндіру кезінде өнімнің қауіпсіздігі байланысты болатын технологиялық операцияларды орындауды бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етілуі тиіс.
5. Тасымалдау және сақтау кезіндегі өнім қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
13. Өнімді тасымалдау және сақтау өнімге арналған нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылуы тиіс.
6. Нарыққа орналастыру және оның айналымы кезінде өнім қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
14. Өнім, егер:
1) оны қолдану ережелері сақталған жағдайда осы Техникалық
регламенттің талаптарына сәйкес келсе;
2) қатерлердің рұқсат етілетін деңгейін қамтамасыз ететін оның мақсаты және қолдану ережелеріне қатысты тұтынушыларды адастыруға әкелмесе;
3) өнім қауіпсіздігін растайтын қажетті құжаттары, соның ішінде сәйкестік сертификаты немесе сәйкестік туралы декларациясы, егер оның болуы өнімнің нақты түріне арналған нормативтік құжаттарда көзделсе, пайдалану жөніндегі нұсқаулығы болса Қазақстан Республикасының нарығында айналымға енгізіліп, орналастырылады.
15. Нарықта өнімді орналастыру және айналымында болу кезінде өнім қауіпсіздігіне қатысты сатып алушыны және (немесе) тұтынушыны адастыратын іс-қимылдардың алдын алу мақсатында, таңбалау арқылы өнім туралы толық және шынайы ақпарат берілуі тиіс.
16. Өнімді таңбалау «Буып-түюге, таңбалауға, затбелгі жапсыруға және оларды дұрыс түсіруге қойылатын талаптар» техникалық регламентіне сәйкес келуі, шынайы, тексерілетін, оңай оқылатын болуы, сондай-ақ мыналарды қамтуы тиіс:
1) өнімнің негізгі мақсатын;
2) дайындаушының (сатушының немесе шетелдік дайындаушының
уәкілетті өкілінің) фирмалық атауын;
3) шетелде өндіріс өнімі үшін сапа және қауіпсіздік көрсеткіштері оны жеткізуге арналған шарттарда немесе оларға қоса берілген құжаттарда көрсетіледі;
4) егер олар өнімнің нақты түріне арналған нормативтік және (немесе) техникалық құжаттарда көзделсе қолдану шарттарын;
5) осы Техникалық регламентке 2-қосымшада көзделген түріне
байланысты өнімді таңбалауға (затбелгі жапсыруға) қойылатын қосымша
талаптар.
Экологиялық таза материалдардан жасалған өнімге экологиялық таза өнімге арналған нормативтік құжаттамаға сәйкес белгі қойылуы тиіс.
Импорт өнім үшін өнімді шығарған елді, шетелдік дайындаушының фирмалық атауын және мекенжайын латын алфавитін пайдалана отырып, көрсетуге рұқсат беріледі.
17. Ақпаратты дайындаушы (сатушы) өнімнің тікелей әрбір бірлігінен орауышта (ыдыста), затбелгіде, заттаңбада, жапсырмада (стикерде), құжаттарда, жадынамаларда (қосымша парақтарда) берілген мәтінмен, шартты белгілермен және (немесе) суреттермен беруге тиіс.
Өніммен жанасатын ақпарат жазу құралдары оның қауіпсіздігіне әсер етпеуі тиіс, ол таңбалау тұрақтылығын қамтамасыз етуі және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы саласындағы уәкілетті орган қолдануға рұқсат еткен материалдармен орындалуы тиіс.
7. Өнімді нарықтағы айналымнан алып қоюға, оларды кәдеге жаратуға және жоюға қойылатын талаптар
18. Осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келмейтін өнім қауіпті болып табылады және айналымнан алып қоюға жатады.
19. Қауіпті өнімнің иесі осы Техникалық регламент талаптарына сәйкессіздік айқындалған сәттен бастап оны айналымнан дереу алып тастауы тиіс.
Егер қауіпті өнімнің иесі оны айналымнан алып тастау жөнінде шаралар қолданбаған жағдайда, мұндай өнім Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен күштеп жоюға, кәдеге жаратуға және жоюға жатады.
20. Айналымнан алып қойылған өнім нәтижелері бойынша өнімнің сәйкессіздігін жою, кәдеге жарату немесе жою туралы шешім қабылданатын «Сәйкестікті растау рәсімдері» техникалық регламентінде және осы Техникалық регламенттің 13-бөлімінде белгіленген тәртіппен сәйкестікті растауға жатады.
8. Өнімнің қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар
21. Өнім түрі, мақсаты және конструкциясы бойынша «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен бекітілген стандарттау жөніндегі қолданыстағы нормативтік құжаттарға, өнім өндіруші бекіткен үлгі-эталондарға және техникалық сипаттамаларға сәйкес болуға тиіс.
22. Өнімді өндіру үшін қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес болатын және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті орган қолдануға рұқсат еткен шикізат пен материалдар қолданылуға тиіс.
23. Өнімді рұқсат етілген деңгейге дейін тұтану қатерін болдырмау немесе оны төмендету үшін материалдар мен дайын өнімнің отқа төзімді қабаттары болуы тиіс.
24. Осы Техникалық регламенттің әрекеті қолданылатын өнімнің бояуының орнықтылық нормалары «төзімді» тобынан төмен болмауға тиіс. Өнім өндіруде қолданылатын бояғыш заттарды қолдануға «Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленген тәртіппен рұқсат етілуі тиіс.
Өнімің бояуының төзімділік нормалары оларға қатысты нормативтік құжаттарға және осы Техникалық регламент талаптарына сәйкес болуы тиіс.
25. Өнімнің физикалық-гигиеналық қасиеттерінің көрсеткіштері осы Техникалық регламентте белгіленген нормаларға сәйкес болуы тиіс.
26. Экологиялық таза тоқыма және трикотаж материалдарға, тігін және трикотаж бұйымдарға, былғарыға және иіретін талшықтарға қойылатын талаптар белгіленген экологиялық тазалық стандарттарына сәйкес болуы тиіс.
9. Былғары және былғары-галантерея бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
27. Аяқ киім мына механикалық, биологиялық және химиялық қауіпсіздік көрсеткіштерімен:
1) механикалық - аяқ киімнің төменгі бөліктерінің, өкшесінің дайындама жіп тігістерінің бекітілу беріктігі, пішін өзгерісі көрсеткіштерімен; спорттық аяқ-киім - ұлтанның көп мәрте иілуге шыдамдылығы ұлтанның соққыға беріктігі, бекітілу тұстарының беріктігі көрсеткіштерімен;
2) биологиялық - бұйымның физикалық қасиеттерінің көрсеткіштерімен (иілгіштігі, су өткізбеушілігі);
3) химиялық - модельді ауа соғатын ортасына және сулы ортаға
денсаулыққа қауіпті химиялық заттардың шекті бөлінуімен, материалдар
бояуларының құрғақ және ылғалды үйкелуге, терлеу әсеріне беріктігімен
сипатталады.
28. Аяқ киімнің мынадай қауіпсіздік көрсеткіштері айқындалады:
1) күнделікті киетін, модельді, спорттық және үйде киетін аяқ киім-ұлтанның және төменгі бөліктерінің бекітілу беріктігі;
2) күнделікті киетін, модельді және үйде киетін — өкшенің бекітілу беріктігі;
3) күнделікті киетін, модельді, үйде және жолда киетін — иілгіштігі;
4) спорттық - ұлтанның көп мәрте иілуге төзімділігі;
5) спорттық - ұлтанның соққыға беріктігі және бекітілу тұстарының беріктігі;
6) резеңке, полимер, резеңке-тоқыма және полимер-тоқыма - су
өткізбеушілігі.
29. Аяқ киім аяққа ыңғайлы болуы тиіс. Аяқ киім дайындауға арналған қалыптар, өкшені, аяқ киім бөліктерін бекіту әдістері мен беріктігі, аяқ киімнің иілгіштігі, табан ұшы мен өкшесінің майысу шамасы аяқ киімнің нақты түрлеріне арналған қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес болуға тиіс. Қолданылатын материалдардың сапасы аяқ киімнің иілгіштігін қамтамасыз етеді. Өкшесі төмен аяқ киімнен басқа, табан жиынтығын ұстау үшін міндетті түрде супинатор (өкшелік) болуы тиіс.
Аяқ киім астары бөліктерінің бояуы құрғақ, ылғалды үйкелу және терлеу әсеріне төзімді болуы тиіс.
Аяқ киімнің механикалық және биологиялық қауіпсіздік көрсеткіштері осы Техникалық регламентке 3-қосымшаның 1-кестесінде белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс.
30. Аяқ киім шығаруда қолданылатын материалдардан бөлінетін зиянды заттардың шекті рұқсат етілген нормалары осы Техникалық регламентке 3-қосымшаның 3-кестесінде белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс.
Үйде және жағажайда киетін аяқ киім материалынан бөлінетін зиянды заттардың бөлінуін бақылау сулы ортада, аяқ киімнің қалған түрлерін ауа соғатын ортада жүргізіледі.
Сулы орта мен ауа соғатын ортадағы дәлдік индексі 120%-дан артық болмауы қажет.
31. Былғары-галантерея бұйымдардың қауіпсіздігі мына:
1) тұтқалары мен иықтық белдіктердің ажырату жүктемесі - механикалық көрсеткіштермен.
2) денсаулыққа зиянды химиялық заттардың модельді ауа соғатын ортаға және сулы ортада шекті бөлінуі химиялық көрсеткіштермен сипатталады.
Былғары-галантерея бұйымдары бөліктерінің бояуы құрғақ, ылғалды үйкелу және терлеу әсеріне орнықты болуға тиіс.
Былғары-галантерея бұйымдарының механикалық және химиялық қауіпсіздік көрсеткіштері осы Техникалық регламентке 3-қосымшаның 2-кестесінде белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс.
Былғары-галантерея бұйымдарын жасау кезінде қолданылатын материалдардан бөлінетін зиянды заттардың шекті рұқсат етілген нормалары осы Техникалық регламентке 3-қосымшаның 3-кестесінде белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
Былғары-галантерея бұйымдарының материалдарынан зиянды заттардың бөлінуін бақылау ауа ортада жүргізіледі.
Ауа соғатын ортадағы дәлдік индексі 120 %-дан аспауға тиіс.
10. Тоқыма және трикотаж материалдардың және олардан жасалатын бұйымдардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
32. Тоқыма және трикотаж материалдардың және олардан жасалатын бұйымдардың (бұдан әрі - киім және бұйым; тігін және трикотаж бұйымдар) биологиялық және химиялық қауіпсіздігін сипаттайтын көрсеткіштер олардың функционалдық мақсатына қарай белгіленеді.
Киім мақсатына қарай: бірінші, екінші және үшінші қабаттағы киімдерге бөлінеді.
Бірінші қабаттағы киімдерге адам терісімен тікелей жанасатын киімдер жатады. Осы топқа бұйымның мынадай түрлері жатады: жайма бұйымдары (жайма, іш-киім және асхана жаймасы); корсеттік және суға шомылу бұйымдары; бас киімдер (жазғы); шұлық-ұйық бұйымдары; бет орамалдар мен басқа тартатын орамалдар.
Екінші қабаттағы киімдерге адамның терісімен шектеулі жанасатын бұйымдар жатқызылады. Аталған топқа көйлек-кеудеше, костюм (астарсыз), шалбар және жейде ассортименті мен көрсетілген ассортименттің ерлерге және әйелдерге арналған трикотаж бұйымдары жатады.
Үшінші қабаттағы бұйымдарға екінші қабат киімінің үстінен киюге арналған бұйымдар, оның ішінде пальто, қысқа пальто, күрте, плащ, костюм (астары бар) жатады.
33. Тоқыма және трикотаж материалдардан жасалған киімдер мен бұйымдардың қауіпсіздігі өнімнің түріне қарай белгіленген химиялық және физикалық-химиялық қасиеттері көрсеткіштерінің кешенімен (бояудың беріктігі, ылғал тартқыштығы, ауа өткізушілігі, үлестік электрлік қарсылығы, құрамында формальдегидтің және басқалардың болуы) сипатталады.
34. Тоқыма және трикотаж материалдары мен олардан жасалған бұйымдар мақсатына, функционалдығы мен физикалық-химиялық әсерлерге орнықтылығына қарай өнімнің нақты түріне арналған қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес келуі тиіс.
Тоқыма және трикотаж материалдар мен олардан жасалған бұйымдар қауіпсіздігінің физикалық-химиялық көрсеткіштері осы Техникалық регламентке 4-қосымшаның 1-кестесінде белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Тоқыма және трикотаж материалдар және олардан алынатын бұйымдардан зиянды химиялық заттардың бөлінуі осы Техникалық регламентке 4-қосымшаның 2-кестесінде келтірілген нормадан аспауы тиіс. Бақыланатын химиялық заттар тізбесін материалдың химиялық құрамы мен бұйым түріне қарай: бірінші және екінші қабат бұйымдарында - сулы ортада, үшінші қабат бұйымдарында - ауа соғатын ортада анықталады.
Болуы өндіріс процесіндегі аппреттерді қолдануымен байланысты тоқыма материалдары мен олардан жасалған бірінші және екінші қабатты бұйымдардан зиянды химиялық ұшпа заттардың бөлінуі осы Техникалық регламентке 4-қосымшаның 3-кестесінде келтірілген нормадан аспауы керек.
Уыттылық индексі 120 %-дан аспауға тиіс.
35. Тоқыма және трикотаж материалдары мен олардан жасалған бұйымдар бояуының орнықтылық көрсеткіші осы Техникалық регламентке 4-қосымшаның 4-кестесінде белгіленген көрсеткіштер сәйкес келуі керек.
36. Өнімнің өндірісі үшін пайдаланылатын шикізат пен көмекші материалдар Қазақстан Республикасында қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес болуы тиіс.
Жеңіл өнеркәсіпте (жүн, жібек, мақта-мата, зығыр, трикотаж, тоқыма-галантереялық және тігін саласында) өңделетін химиялық талшықтардың, жіптердің, қосалқы заттар мен материалдардың (бұдан әрі - химиялық талшықтар) "Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қауіпсіздік паспорты болуға тиіс.
Химиялық талшықтардың адам денсаулығына қауіпсіздігін бағалау санитарлық-химиялық зерттеуді, уыттылығын бағалауды және аккредиттелген зертханаларда физикалық-механикалық сынақтарды қамтитын кешенді сынақтар нәтижелері бойынша жүзеге асырылуы тиіс.
Химиялық талшықтар мен жіптердің санитарлық-химиялық көрсеткіштері осы Техникалық регламентке 4-қосымшаның 5-кестесінің көрсеткіштеріне сәйкес болуы тиіс.
11. Былғары мен теріден жасалған киімдердің және бұйымдардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
37. Былғары мен теріден жасалған киімдердің және бұйымдардың қауіпсіздігін сипаттайтын көрсеткіштер мына нормаларға сәйкес келуге тиіс:
1) бос формальдегидтің салмақтық үлесі:
тері матасы мен түкті жабында - 0,3 мг/г аспайды;
киімнің үстіңгі жағы материалы мен тері астарлы бұйымда - 1,0 мг/г аспайды;
тоқыма астарда - 0,3 мг/г аспайды;
2) тері матада және түкті жабындағы сумен жуылатын хромның (VI)
салмақтық үлесі — 0,003 мг/г аспайды.
38. Киімдер мен бұйымдар жасау үшін қолданылатын теріден және
былғарыдан жасалған материалдарда зиянды заттардың шекті рұқсат етілген мөлшері осы Техникалық регламентке 5-қосымшаның 1-кестесінде белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс.
Ауа соғатын ортада уыттылық индексі 120%-дан аспауы керек.
12. Сәйкестік презумпциясы
39. Осы техникалық регламентке 6-қосымшада көрсетілген үйлестірілген стандарттарды қолдану осы Техникалық регламенттің техникалық талаптарына сәйкес келетін осы Техникалық регламенттің 2-тармағында көрсетілген өнімнің шарты болып табылады.
40. Аталған өнім осы Техникалық регламентке және үйлестірілген стандарттарға сәйкес болған жағдайда стандарттау жөніндегі басқа да нормативтік құжаттар бойынша жасалуы мүмкін.
13. Өнімнің осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкестігін растау
41. Өнімнің сәйкестігін растау «Сәйкестікті растау рәсімдері» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
42. Міндетті сертификаттау нысанындағы сәйкестікті растау мына:
1) тері киімдері, бұйымдары: киім, бас киім, жағалар, манжеталар, әшекейлер, қолғаптар, басқа да тері бұйымдары (төсек-қаптар, ұйықтар, шұлықтар, төсек жапқыш және т.б.);
2) аяқ киім (етік, қысқа қонышты етіктер, бәтеңкелер, қонышсыз бәтеңкелер, туфли және т.б.): ерлер мен әйелдерге арналған күнделікті киетін, сәнді, жеңіл және үйге киетін қонышты, құрым, тоқыма материалдан, киіз немесе фетрден жасалған, синтетика және жасанды материалдан жасалған, құрама, резеңке, полимер, резеңке-тоқыма және полимер-тоқыма күнделікті киетін, әйелдер мен ерлерге арналған қонышты, хромды спорттық (баскетболға, волейболға, тенниске, футболға және регбиге, кроссқа арналған), тоқыма материалдан, киіз немесе фетрден жасалған, синтетика және жасанды материалдан жасалған өнімдер үшін 2, 3, 4, 5, 7-схемалар бойынша жүргізіледі.
43. Сәйкестік туралы декларация қабылдау нысанындағы сәйкестікті растау:
1) иленген тері, тері пластина, пішілген тері;
2) аяқ киімнің төменгі жағына арналған былғары, техникалық былғары, аяқ киімнің үстіңгі жағына арналған қоныш, аяқ киімнің үстіңгі жағына арналған былғары, аяқ киім астарына арналған былғары, киім және бас киімге арналған тері, галантереялық былғары, қолғаптар мен биялайға арналған былғары, тері-былғары жартылай фабрикаттары;
3) былғары-галантерея бұйымдары (портфельдер, портпледтер, рюкзактар, сөмкелер, оның ішінде далалық және кондукторларға арналған, қолғаптар, биялайлар, белдік-белбеулер, музыкалық аспаптар мен жүкке арналған, жол бұйымдары, оның ішінде чемодандар, саквояждар, жол қапшықтары, құндақтар, футлярлар, былғары-галантереялық ұсақ бұйымдар және т.б.) өнімдері үшін жүргізіледі.