Мемлекеттік органдардың типтік функцияларын айқындау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Нормативтік құқықтық актінің мәтіні бірыңғай қаріппен басылуға тиіс.
3. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi әдеби тіл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелері барынша қысқа болуға, нақты және әртүрлі түсіндіруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиіс. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мағыналық және құқықтық жүктемесі жоқ декларативтік сипаттағы ережелер қамтылмауға тиіс.
Көнерген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөлігінде жазылған құқық нормасы дәл осы актінің басқа құрылымдық бөліктерінде қайталап жазылмайды.
4. Нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар мемлекеттік органдардың не, қажет болғанда, олардың басшыларының атына жолдануға тиіс.
Тапсырма беруші адамға бағынысты емес мемлекеттік органдарға қатысты нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар ұсынымдық нысанда не олармен келісім бойынша жазылуға тиіс. Келісілген жағдайда мемлекеттік органның атауынан кейін «(келісім бойынша)» деген белгі көрсетіледі.
5. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және бүкіл мәтін бойынша бірізді жазылуға тиіс.
Нормативтік құқықтық акт мәтінінің қарапайым және ықшам болуын қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық акт мәтінінің өзінде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын таратып жаза отырып, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың атауларын қысқартуға жол беріледі.
6. Нормативтік құқықтық актілердің мәтінінде абзацтарды дефистермен немесе өзге де белгілермен белгілеуге, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін ерекшелеп және астын сызып көрсетуге жол берілмейді.
20-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерде басқа нормативтiк құқықтық актiлердiң құрылымдық бөліктеріне сiлтеме жасау, нормативтiк құқықтық актiлердің құрылымдық бөліктерінде осындай актілердің басқа құрылымдық бөліктеріне сiлтеме жасау. Нормативтiк құқықтық актiлерде басқа нормативтiк құқықтық актiлердiң құрылымдық бөліктерін келтіру
1. Қажет болған жағдайда нормативтік құқықтық актілерде жоғары деңгейлердегі нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық бөліктеріне сілтемелер жасалуы, сондай-ақ осындай актілерге сілтеме жасала отырып, жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерден жекелеген құқық нормалары келтірілуі мүмкін.
2. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөліктерінде оның басқа құрылымдық бөліктеріне сілтемелер жасауға құқық нормаларының өзара байланысын көрсету не қайталауды болғызбау қажет болатын жағдайларда ғана жол беріледі.
3. Жолдарға және сөйлемдерге сілтеме жасау кезінде олардың нөмірленуі реттік сан есімдермен (жазумен) белгіленеді.
4. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде құрылымдық бөлікке сілтеме оның рет нөмірін жазумен немесе цифрлармен (оларды белгілеу үшін сын есімдерді пайдалануға жол берілмейді) көрсету арқылы келтіріледі.
5. Нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде келесі кезектілігімен оның тақырыбы, қабылданған күні, тіркеу нөмірі және осы нормативтік құқықтық актінің нысаны көрсетіледі.
Заңнамалық актілерге сілтеме жасау кезінде, Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлықтарын қоспағанда, олар тіркелген нөмірлерді көрсету талап етілмейді.
6. Егер нормативтік құқықтық актінің мәтінінде бір нормативтік құқықтық актіге екі және одан артық сілтемелер қатарынан келтірілсе, онда осы нормативтік құқықтық актінің толық тақырыбы оған кейіннен сілтеме жасала отырып, бір рет (мәтінде бірінші аталған кезде) көрсетіледі.
7. Егер нормативтік құқықтық актіде қосымшаларға сілтемелер болса, онда, нормативтік құқықтық актіге бір қосымша болатын жағдайды қоспағанда, нормативтік құқықтық актінің мәтінінде олардың аталу тәртібімен берілетін қосымшалардың нөмірлері көрсетіледі.
21-бап. Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу
1. Заңдарды қоспағанда, нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында актінің нысанына, қабылданған күніне, тіркеу нөміріне және тақырыбына сілтеме қамтылуға тиіс.
Нормативтік құқықтық актіге немесе нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында бірінші кезекте «өзгерістер» немесе «өзгеріс» деген сөз көрсетіледі.
2. Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде осы заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған жылы, күні, айы, сондай-ақ жақшаның ішінде олардың «Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы» жинағында жариялану жылы, нөмірі және құжаты не, егер заңнамалық акт көрсетілген жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланымының өзге де дереккөзі көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде осы нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған жылы, күні, айы, тіркеу нөмірі, сондай-ақ жақшаның ішінде, егер олар «Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы» және «Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілері жинағы» жинақтарында жарияланған болса, көрсетілген жинақтардағы олардың жариялану жылы, нөмірі және құжаты көрсетіледі.
3. Үш және одан да артық нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде жекелеген қосымшалармен ресімделетін тізбелер жасалады.
Көрсетілген талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
4. Сол бір нормативтік құқықтық актіге енгізілетін барлық өзгерістер және (немесе) толықтырулар бір тармақпен немесе тармақшамен көзделеді. Өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілер олардың заң күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ олардың қабылданған (шығарылған) күні бойынша хронологиялық тәртіппен орналастырылады.
Қабылданған сол бір күннің шегінде нормативтік құқықтық актілер олардың тіркеу нөмірлеріне немесе ресми жарияланым дереккөздеріндегі құжаттардың нөмірлеріне сәйкес көрсетіледі.
5. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөлігіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде ондай құрылымдық бөлік жаңа редакцияда жазылады.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілген заң жобаларын қарау кезінде қолданылмауы мүмкін.
6. Жаңа құрылымдық бөліктер, сондай-ақ қосымшалар нормативтік құқықтық актінің мәтініне дәл сондай соңғы құрылымдық бөліктерден кейінгі рет нөмірлерімен немесе дәл сондай құрылымдық бөліктер арасына нормативтік құқықтық актінің өздері соңынан келетін сол құрылымдық бөліктерінің нөмірлерін қайталайтын қосымша нөмірлермен енгізіледі, мысалы: 2-1, 2-2-тармақтар; 8-1), 8-2) тармақшалар; 5-1-бөлім; 3-1, 3-2, 3-3-қосымшалар.
Егер нормативтік құқықтық акт қосымшамен толықтырылса, нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық актіні қосымшамен немесе нормативтік құқықтық актінің туынды түрімен толықтыру туралы тармақ (тармақша) енгізіледі.
7. Құпиялылық белгісі немесе «Қызмет бабында пайдалану үшін», «Баспасөзде жарияланбайды», «Баспасөзге арналмаған» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілер тізбеге олардың тақырыбы көрсетілместен енгізіледі.
8. Нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық акт мәтінінің жартысынан асатын көлемде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде, оның жаңа редакциясы қабылданады.
Заң жобаларын жаңа редакцияда ресімдеу кезінде көлемді айқындау бірлігі бап болып табылады.
Өзге де нормативтік құқықтық актіні жаңа редакцияда ресімдеу кезінде көлемді айқындау бірлігі тармақ болып табылады.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілген заңдардың жобаларын қарау кезінде қолданылмайды.
21-1-бап. Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу
1. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты нормативтік құқықтық актілер немесе олардың құрылымдық бөліктері, егер олар жаңа нормативтік құқықтық актіге енгізілген құқық нормаларына қайшы келсе немесе оларда қамтылса, күші жойылды деп танылады.
2. Жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп танылған кезде, оны іске асыру үшін қабылданған төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп танылады.
Бұл талап жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің жекелеген құқық нормаларын іске асыру үшін төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілер қабылданып, одан сол құқық нормалары алып тасталған жағдайларда да қолданылады.
Күші жойылды деп танылуға жататын нормативтік құқықтық актілер олардың заң күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ олардың қабылданған күні бойынша хронологиялық тәртіппен орналастырылады.
3. Заңнамалық актілердің күші жойылды деп тану туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде осы заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған жылы, күні, айы, сондай-ақ жақшаның ішінде олардың «Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы» жинағында жариялану жылы, нөмірі және құжаты не, егер заңнамалық акт көрсетілген жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланымының өзге де дереккөзі көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде осы нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған жылы, күні, айы, тіркеу нөмірі, сондай-ақ жақшаның ішінде, егер олар «Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілері жинағы» және «Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілері жинағы» жинақтарында жарияланған болса, көрсетілген жинақтардағы олардың жариялану жылы, нөмірі және құжаты көрсетіледі.
4. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға жататын нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың құрылымдық бөліктерінің тізбесі, не нормативтік құқықтық актінің өзінде немесе оны қолданысқа енгізу тәртібі туралы актіде қамтылуға тиіс.
5. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөліктерінің күші жойылды деп танылған кезде ондай бөліктер алып тасталады, бірақ олардың нөмірлері сақталады. Сақталған нөмірге нормативтік құқықтық актінің (немесе оның құрылымдық бөлігінің) күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актіге сілтеме қосылады. Сақталған құрылымдық бөліктердің нөмірлері өзгермейді.
6. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша үлкен бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге өзінің заң күшін сақтайтын құрылымдық бөліктер туралы ескертіліп, бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша кіші бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге жаңадан қабылданған нормативтік құқықтық актіге қайшы келетін құрылымдық бөліктер ғана енгізіледі.
Бұл жағдайларда нормативтік құқықтық актінің көлемі осы Заңның 21-бабының 8-тармағына сәйкес айқындалады.
7. Басқа нормативтік құқықтық актілердің құқық нормаларын қайталайтын және жаңа құқық нормаларын қамтымайтын нормативтік құқықтық актілер де күші жойылды деп танылуға жатады.
8. Негізгі нормативтік құқықтық акті де, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген нормативтік құқықтық актілер (немесе олардың құрылымдық бөліктері) де күші жойылды деп танылуға жатады. Күші жойылды деп танылуға жататын қандай да бір нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық бөлігінің редакциясы бірнеше мәрте өзгерген жағдайда, тізбеге негізгі нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген барлық нормативтік құқықтық актілер дербес тармақтар түрінде енгізіледі.
Көрсетілген талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
9. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тануды көздеген басқа нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық бөлігінің күші жойылды деп танылса, бұрын қабылданған актілердің қолданысы қайта жаңғыртылмайды.
10. Күшіне енбеген нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тануға болмайды. Қажет болған жағдайда мұндай нормативтік құқықтық актілер қабылданбауы мүмкін.
11. Қолданылу мерзімі өткен нормативтік құқықтық актілер және нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық бөліктері күші жойылды деп танылуға жатпайды.
Егер нормативтік құқықтық актіде қолданылу мерзімі өткен құқық нормаларымен қатар күші жойылды деп танылуға жататын құқық нормалары қамтылса, тізбеге бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
12. Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөлігінде күші жойылды деп танылуға жататын қосымша көрсетілсе, онда тізбеге осы құрылымдық бөлік қана енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөлігінде қосымшаны бекітумен қатар өз күшін сақтайтын құқық нормасы қамтылса, ал қосымша күші жойылды деп танылуға жатса, онда тармақ тізбеге қосымшаға қатысты бөлігінде енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
13. Егер нормативтік құқықтық актінің жекелеген құрылымдық бөліктерінің күші толығымен, ал басқа құрылымдық бөліктердің күші ішінара жойылуға жатады деп танылса, онда ең алдымен толығымен күші жойылды деп танылуға жататын құрылымдық бөліктер көрсетіледі.
21-2-бап. Нормативтік құқықтық актілерге қосымшаларды ресімдеу
1. Қосымшалар нормативтік құқықтық актінің ажырамас бөлігі болып табылады.
2. Нормативтік құқықтық актіге берілетін графиктер, кестелер, схемалар, карталар, тізбелер және басқа да қосымша құжаттар қажет болған жағдайда бөлек қосымшалармен ресімделеді.
3. Қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында қосымша соған сәйкес бекітілген нормативтік құқықтық акт, актінің қабылданған күні және оның тіркеу нөмірі көрсетілуге тиіс.
4. Егер нормативтік құқықтық актіге бірнеше қосымша болған жағдайда, әрбір қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышында оның рет нөмірі, сондай-ақ қосымша соған сәйкес бекітілген нормативтік құқықтық актінің түрі, актінің қабылданған күні және оның тіркеу нөмірі көрсетіледі. Егер нормативтік құқықтық актіге қосымша біреу болса, онда ол нөмірленбейді.
5. Құпиялылық белгісі немесе «Қызмет бабында пайдалану үшін», «Баспасөзде жарияланбайды», «Баспасөзге арналмаған» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу осы бапқа және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
21-3-бап. Заңнамалық актiнiң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне енгізу және оны Қазақстан Республикасының Парламентінен кері қайтарып алу
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамашылығы құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиесілі және ол тек қана Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiнде iске асырылады. Заңнамалық актiнiң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжiлiсіне қазақ және орыс тiлдерінде, қағаз және электрондық жеткiзгіштер арқылы енгiзiледi.
2. Заңнамалық актінің жобасы бойынша ұсынылатын материалдарда мынадай қосымшалар болуға тиiс:
1) жобаны дайындаған мемлекеттік органның немесе ұйымның атауы;
2) жобаны қабылдаудың қажеттігі негізделген, мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері кеңінен сипатталған түсіндірме жазба, ал Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары үшін - арнайы жолдау;
3) жұмыс тобы құрылатын жағдайда оның құрамы;
4) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын, Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары келісу рәсімінен өтпеген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң шығару бастамашылығы тәртібімен заң жобасын енгізетін жағдайларды қоспағанда, мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағы;
5) осы Заңның 22-бабына сәйкес ғылыми сараптаманың қорытындысы және бар болған жағдайда өзге де сараптамалық қорытындылар;
6) егер заңнамалық актінің жобасы мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін болса, қаржы-экономикалық есептеулер, сондай-ақ, әдетте, статистикалық деректер, заңнамалық актiнi қолданудың ықтимал экономикалық, әлеуметтiк, заңдық, экологиялық салдарларының болжамдары, бұған Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамашылығы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары қосылмайды.
Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заңнамалық актінің жобасына заңнамалық актінің құрылымдық бөліктерінің қолданыстағы және енгізілетін өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың тиісті негіздемесі бар ұсынылып отырған редакциясының салыстырма кестесі ұсынылады.
3. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары және Қазақстан Республикасының Үкіметі өздері заң шығару бастамашылығы тәртібімен енгізген заңнамалық актінің жобасын Қазақстан Республикасының Парламентінен оны қараудың кез келген сатысында кері қайтарып алуға құқылы.»;
7) 22-бапта:
1-тармақтың бірінші бөлігіндегі «құқықтық,» деген сөз «сыбайлас жемқорлыққа қарсы, құқықтық, лингвистикалық,» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақта:
«төндiретiн» деген сөз «төндіруі мүмкін» деген сөздермен ауыстырылсын;
«мiндеттi» деген сөзден кейін «ғылыми» деген сөзбен толықтырылсын;
8) 24-баптың 2-тармағындағы «5-тармағы» деген сөздер «6 және 7-тармақтары» деген сөздермен ауыстырылсын;
9) 27 және 28-баптар алып тасталсын;
10) мынадай мазмұндағы 29-1-баппен толықтырылсын:
«29-1-бап. Қабылданған нормативтік құқықтық актілерге қатысты құқықтық мирасқорлық
Нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығы берілген мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған жағдайда, құқықтық мирасқорға өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығымен бірге нормативтік құқықтық актілерді өзгерту, олардың қолданысын тоқтату және тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктер ауысады.»;
11) 38-баптың 1-тармағындағы «жалпыға міндетті маңызы бар,» деген сөздер алып тасталсын;
12) 43-баптың 1-тармағының 2-1) тармақшасындағы «заңнан туындайтын» деген сөздер алып тасталып, «тұрақты мониторингін» деген сөздер «құқықтық мониторингін» деген сөздермен ауыстырылсын;
13) 43-1-бапта:
тақырыбындағы «Заңнан туындайтын нормативтiк құқықтық актілердің» деген сөздер «Нормативтiк құқықтық актілердің құқықтық» деген сөздермен ауыстырылсын;
1-тармақтағы «заңнан туындайтын нормативтiк құқықтық актiлердiң Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетiн және ескiрген құқықтық нормаларын анықтау, оларды iске асырудың тиiмдiлiгін бағалау үшiн олардың тұрақты» деген сөздер «нормативтiк құқықтық актiлердiң құқықтық» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтағы «Заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң мониторингiн» деген сөздер «Нормативтiк құқықтық актiлердiң құқықтық мониторингiн» деген сөздермен ауыстырылсын.
3. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» 1998 жылғы 2 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 15, 209-құжат; 1999 ж., № 21, 774-құжат; 2000 ж., № 5, 116-құжат; 2001 ж., № 13-14, 172-құжат; № 17-18, 241-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 18, 142-құжат; 2004 ж., № 10, 56-құжат; 2007 ж., № 17, 140-құжат; № 19, 147-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 19, 88-құжат; № 24, 122, 126-құжаттар; 2010 ж., № 24, 148-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат):
2-баптың 3-тармағындағы «Конституциясымен және заңдарымен» деген сөздер «заңнамасымен» деген сөзбен ауыстырылсын.
4. «Әкімшілік рәсімдер туралы» 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 20, 379-құжат; 2004 ж., № 5, 29-құжат; 2007 ж., № 12, 86-құжат; № 19, 147-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 29-құжат; № 17-18, 111-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат):
1-баптың 2-1-тармағында:
екінші абзацтағы «заңдарда белгiленген» деген сөздер алып тасталсын;
үшінші абзацтағы «заңдарда белгiленген» деген сөздер алып тасталсын;
төртінші абзацтағы «заңдарда белгiленген,» деген сөздер алып тасталсын;
алтыншы абзацтағы «заңдарда белгiленген өкiлеттiктер» деген сөздер «өз құзыреті» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Мемлекеттік органның құзыреті, өкілеттігі, функциялары мен міндеттері Конституцияда, заңдарда және Президент, Үкімет, өзінен жоғары тұрған орталық мемлекеттік орган қабылдайтын өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленеді.».
5. «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 10, 35-құжат; 2007 ж., № 4, 34-құжат; 2010 ж., № 17-18, 109-құжат):
4-баптың 1-тармағы «құқықтық,» деген сөзден кейін «лингвистикалық,» деген сөзбен толықтырылсын.
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы сәуірдің 1-і
№ 425-ІV ҚРЗ