3. Бас жоспарда:
1) әлеуметтiк, рекреациялық, өндірiстiк, көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдарды қоса алғанда, табиғи-климаттық, қалыптасқан және болжанып отырған демографиялық және әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар ескерiле отырып, елдi мекеннiң аумағын дамытудың негiзгi бағыттары;
2) осы аймақтардың аумақтарын функционалдық аймақтарға бөлу және пайдалануды шектеу;
3) елдi мекеннiң құрылыс салынған және салынбаған аумақтарының арақатынасы;
4) жердi басымдықпен иелiктен айыру және сатып алу аймақтары, резервтiк аумақтар;
5) аумақты табиғи және техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі шаралар;
6) елдi мекендi тұрақты дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шаралар белгіленедi.
2006.11.12. № 204-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Тарихи қала құрылысы жағынан құнды елдi мекендi дамытудың бас жоспары тарихи-сәулеттің iрек жоспары ескерiле отырып әзiрленуге және оған тарихи құрылыс аймақтары мен ескерткiштердi қорғау жобалары қоса тiркелуге тиiс.
5. Елдi мекеннiң бас жоспары жаңа бас жоспар бекітілгенге дейiн не қолданылып жүрген бас жоспарға заңдарға және құрылыс салу ережелерiне қайшы келмейтiн бөлігiнде енгiзiлген өзгерістер бекітілгенге дейiн қолданылады.
48-бап. Елдi мекендердiң аумақтарын аймақтарға бөлу
1. Елдi мекендердiң бас жоспарлары (дамыту және құрылыс салу схемалары) олардың аумақтарын аймақтарға бөлуді көздеуге, жекелеген функционалдық аймақтардың нақты аумағын пайдалану түрлерiн айқындауға, олардың пайдаланылуына шектеу белгiлеуге және:
1) адам мекендейтiн және тiршiлiк ететiн қолайлы ортаны;
2) халықтың және өндiрiстiң шектен тыс шоғырлануын болғызбауды;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қоса алғанда, қоршаған ортаны ластанудан қорғауды;
2006.11.12. № 204-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) тарихи-мәдени мұра объектiлерi мәртебесi бар аумақтарды қорғауды;
5) аумақтарды антропогендiк, техногендiк процестердiң және төтенше жағдайлардың қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғауды;
6) қолайсыз табиғи құбылыстардың әсерiн азайтуды қамтамасыз етуге тиiс.
2. Белгiленген функционалдық аймақтардың аумақтарын пайдалануды шектеу және оларды пайдаланудың түрлерi туралы деректер аумақтарға құрылыс салу ережесiне енгiзiледi.
3. Әкiмшiлiк-аумақтық құрылыстағы ролiне, әлеуметтiк-экономикалық жағдайлары мен өндiрiстiк-шаруашылық мамандандырылуына қарай қалалар мен селолық елдi мекендердiң аумақтарында функционалдық аймақтардың мынадай түрлерi:
1) тұрғын аймақтар;
2) қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақтар;
3) рекреациялық аймақтар;
4) инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдары аймақтары;
5) өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары;
6) ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтар;
7) арнаулы мақсаттағы аймақтар;
8) режимдiк аумақтар аймақтары;
9) қала маңындағы аймақтар;
10) санитариялық-қорғаныш аймақтары;
11) резервтегi аймақтар (қала құрылысы ресурстары) белгiленуi мүмкін.
49-бап. Тұрғын аймақ
1. Елдi мекеннiң тұрғын аймағы үй жанында жайғастырылған аумақтары бар көп пәтерлi тұрғын үй-жайлар (үйлер) және үй жанындағы учаскелерi бар жеке тұрғын үйлер салуға арналады.
2. Тұрғын аймақ жеке тұрған және (немесе) тұрғын үйлерге жапсарластыра салынған (оларға жанастыра салынған) медициналық қызмет көрсететiн, әлеуметтiк-тұрмыстық және мәдени-ағарту мақсаттарына арналған объектiлермен, инженерлiк және көлік инфрақұрылымы объектілерiмен қамтамасыз етiлуге тиiс.
3. Тұрғын аймақта қонақ үйлердi, жер бетіндегі және жер астындағы көлікжайларды, автомобиль көлiгiнiң ашық тұрақтарын, сондай-ақ орналастырылуы мен қызметi санитариялық-қорғаныш аймақтарын жасауды талап ететiн, қоршаған ортаға әсер етпейтiн өндірiстiк объектiлердi орналастыруға жол берiледi.
4. Жекелеген жағдайларда тұрғын аймақтарға елдi мекеннiң шекаралары (шектері) шегінде орналасқан бағбандық және саяжай серiктестiктерi де жатқызылуы мүмкiн.
50-бап. Қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақ
1. Елдi мекеннiң қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймағы әкiмшiлiк, ғылыми-зерттеу, қоғамдық мекемелердi және олардың кешендерiн, қонақ үйлер мен қонақ үй кешендерiн, iскерлiк және қаржылық белсенділiк орталықтарын, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, коммерциялық қызмет, сауда және қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету объектiлерiн, аталған объектiлердiң жанынан ашық көлік тұрақтарын, жер бетіндегі және жер астындағы көлiкжайларды, санитариялық және экологиялық қорғаныш жөніндегi арнаулы iс-шараларды талап етпейтiн басқа да үйлер мен ғимараттарды орналастыруға арналады.
2. Қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақта орналастыруға рұқсат етiлген объектiлер тiзбесiне тұрғын үй-жайлар (үйлер) енгiзiлуi мүмкiн.
51-бап. Рекреациялық аймақ
1. Елдi мекендердегi рекреациялық аймақтар халықтың демалыс орындарын ұйымдастыру мен жайғастыруға арналған және бақтарды, орманды парктердi, парктер мен саябақтарды, хайуанаттар парктерiн, су тоғандарын, жағажайларды, аквапарктердi, ландшафтық сәулет объектiлерiн, өзге де демалыс және туризм орындарын, сондай-ақ бос уақытты өткізу және (немесе) сауықтыру мақсатындағы үйлер мен ғимараттарды қамтиды.
2. Рекреациялық аймаққа елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiнде орналасқан, қорғалатын табиғат объектiлерi енгiзiлуi мүмкiн.
3. Рекреациялық аймақтың аумағына жаңа өнеркәсiптiк, коммуналдық және қойма объектілерiн, рекреациялық аймақтың жұмыс iстеуiне тiкелей байланысы жоқ тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттарды орналастыруға (салуға) және олардың жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге жол берiлмейдi.
52-бап. Инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдары аймақтары
1. Елдi мекеннiң инженерлiк және көлік инфрақұрылымдары аймақтары көлік пен байланыс, магистральдық труба құбырлары, инженерлiк қамтамасыз ету желiлерi, инженерлiк жабдықтар коммуникациялары мен құрылыстарын орналастыруға және олардың жұмыс iстеуiне арналады.
Олардың зиянды (қауiптi) әсерiн болғызбау қоныстану аумақтарын (учаскелерiн) және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілерге дейiнгi қажеттi қашықтықты, сондай-ақ басқа да міндетті талаптар мен шектеулерді мемлекеттік нормалар мен ережелерге сәйкес сақтау арқылы қамтамасыз етіледі. Пайдалану кезінде адамдардың денсаулығына және олардың мекендейтін ортасына тікелей зиянды әсер ететін коммуникациялар мен құрылыстар елді мекендер шегінен тыс жерлерге орналастырылуға тиіс.
2. Бөлiп берiлген шекаралардағы инженерлiк және көлік инфрақұрылымдары объектiлерiнiң аумағы аталған объектiлердiң техникалық және пайдаланылу сипаттамасы ескерiле отырып абаттандырылуға тиiс. Аумақтарды абаттандыру мен күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
53-бап. Елдi мекеннiң өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары
1. Елдi мекеннiң өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары (аудандары) өнеркәсiп орындары мен олардың кешендерiн, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн басқа да өндірiстiк, коммуналдық және қойма объектiлерiн орналастыруға арналады. Ерекше жағдайларда өнеркәсiптiк аймақта осы кәсiпорынның авариялық бригадаларының тұруы үшiн тұрғын үй-жайлар орналастыруға жол берiледi.
2. Өндірiстiк (коммуналдық, қойма) объектiлердi, сондай-ақ инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарын қоныстану аумағына орналастыруға олардың орналасуы мен жұмыс iстеуi халыққа қатер төндірмейтiн, қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн және санитариялық-қорғаныш аймақтарын салуды талап етпейтiн жағдайларда ғана жол берiледi. Олай болмаған жағдайда өнеркәсiп аймағын басқаларынан бөліп тұратын санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс.
3. Өнеркәсiп аймағын, сондай-ақ қоныстану аумағына орналасқан өндiрiс объектiлерiнiң аумақтарын абаттандыру мен күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
54-бап. Елдi мекеннiң ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтары
1. Елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегіндегі ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтар ауыл шаруашылығын жүргiзуге арналады және елдi мекеннiң бекітілген бас жоспары мен құрылыс салу ережелерiне сәйкес олардың пайдалану түрлерiн өзгерткен кезге дейiн пайдаланылуы мүмкiн.
2. Егер ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтардың орналасуы және оның жұмыс iстеуi халыққа не қоршаған ортаға қолайсыз әсер етуi мүмкiн болса, санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс.
3. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтарды күтiп ұстау (ал қажет болған жағдайда жердi қайта өңдеу) жөніндегi мiндеттер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жер пайдаланушыға жүктеледi.
55-бап. Арнаулы мақсаттағы аймақтар
1. Елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiне зираттар, крематорийлер, өлген малды көметін ұралар, тұрмыстық қалдықтарды тастайтын жер, қоқыстарды (қалдықтарды) бастапқы өңдеу кәсiпорындары, тазалау құрылыстары, жұмыс iстеуi елдi мекеннiң басқа да аймақтарының жұмыс iстеуiмен сыйыспайтын өзге де объектiлер үшiн бөлiнетiн арнаулы мақсаттағы аймақтарды орналастыруға жол берiледi.
2. Аталған объектiлердi қоныстану аумағы мен рекреациялық аумақтан, елдi мекеннiң инфрақұрылым объектiлерiнен бөлiп тұратын санитариялық-қорғаныш аймақтарын салудың қажеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Арнаулы мақсаттағы аймақты күтiп ұстау жөніндегі мiндеттер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кәсiпорынның меншiк иесiне (жер пайдаланушыға) жүктеледi.
56-бап. Режимдiк аумақтар аймақтары
1. Ерекше режим белгiленетiн әскери және басқа объектiлердi орналастыру үшiн режимдiк аумақтардың арнаулы аймақтары, сондай-ақ елдi мекендерде немесе олардан тыс жерлерде ерекше реттелетiн өзге де аумақтар көзделуге тиiс.
2. Режимдiк аумақтардың аймақтарын пайдалану тәртібін, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, мемлекеттік нормативтерге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
57-бап. Қала маңындағы аймақтар
1. Қала маңындағы аймақтар қала шекарасына (шегiне) жанасып жатқан, осы қаланың аумағын, қала маңындағы аймаққа кiретiн басқа да елдi мекендердi дамытуға, сондай-ақ санитариялық-қорғаныш мiндеттерiн орындауға, халық демалатын орындарды, бағбандық және саяжай серiктестiктерiн орналастыруға арналған жерлердi қамтиды.
2. Қала маңындағы аймақтардың шекарасын белгiлеу осы Заңға және Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес бекітілген қала құрылысы құжаттамасы негiзiнде жүзеге асырылады.
58-бап. Санитариялық-қорғаныш аймағы
2009.10.07. № 180-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Өндірістік, коммуналдық және қойма объектілерін, сондай-ақ арнаулы мақсаттағы объектілерді орналастыру және олардың жұмыс істеуі халыққа қатер төндіруі және (немесе) қоршаған ортаға зиянды әсер етуі мүмкін болған жағдайда, тиісті санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиіс. Санитариялық-қорғаныш аймағының мақсатына қарай оның параметрлері және оған қойылатын талаптар көрсетілген объектілердің жұмыс істеуінің өнеркәсіптік қауіпсіздігі жөніндегі техникалық регламенттермен, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы және жануарлар әлемі, қоршаған ортаны қорғау, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою саласындағы мемлекеттік нормативтермен белгіленеді.
2. Санитариялық-қорғаныш аймағында оның параметрлерi мен кiмге тиесiлi екендiгiне қарамастан, тұрғын үйлердi, білім беру ұйымдарын, денсаулық сақтау және демалыс мекемелерiн, спорт-сауықтыру құрылыстарын орналастыруға бау-бақшаға арналған жер учаскелерiн орналастыруды қоса алғанда, ауыл шаруашылық өнімдерiн өндіруге жол берiлмейдi.
3. Санитариялық-қорғаныш аймағын күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер ол арналған объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
59-бап. Резервтегi аумақтар
1. Резервтегi аумақтар елдi мекендердi дамытуға немесе қонысаралық аумақтарды игеруге (жайғастыруға) арналған қала құрылысының ресурстары болып табылады.
2. Резервтiк аумақтар (қала құрылысы ресурстары) аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары мен елдi мекендердiң және олардың функционалдық аймақтарының бас жоспарлары құрамында белгiленедi және бекітіледi.
3. Елдi мекеннiң қала құрылысы ресурстарында белгiленген аумақтары олардың мақсатына сәйкес елдi мекендер мен олардың бөліктерiнiң дамуына қарай ғана резервке алынуға және пайдаланылуға тиiс.
4. Резервтегi аумақтар, егер мұндай пайдаланудың әдiсi мен режимi елдi мекендi немесе оның бөлiгiн жоспарланған перспективалы дамытуға кедергi жасамайтын болса, бекітілген қала құрылысы құжаттамасында көзделмеген мақсаттарға пайдаланылуы мүмкiн.
5. Қала құрылысының ерекше реттелетiн аймақтары шекараларындағы резервтегi аумақтарды пайдалану аталған аймақтар үшiн белгiленген режимге сәйкес жүзеге асырылады.
6. Резервтегi аумақтарды уақытша пайдалану Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
9-тарау. Қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы
60-бап. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы
2009.10.07. № 180-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Объектілердің және олардың кешендерінің құрылысы (реконструкциялау, қалпына келтіру, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу), сондай-ақ коммуникацияларды төсеу, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру белгіленген тәртіппен бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына, елді мекеннің бас жоспары негізінде орындалған құрылыс салу жобасына (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейінгі елді мекендерді дамытудың және құрылыс салудың оларды алмастыратын схемасына) сәйкес әзірленген жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы бойынша жүзеге асырылады.
Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда жобалау (жобалау-смета) құжаттамасынсыз не оңайлатылған нобайлық жобалар бойынша құрылыс салуға жол беріледі.
2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді
2. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен келісім бойынша тапсырысшы (меншiк иесi) жобалау (жобалау-смета) құжаттамаларынсыз не нобайлар (нобайлық жобалар) бойынша:
1) сейсмикалық қауiптілігi жоғары немесе iске асыру кезiнде арнаулы жобалық шешімдер мен іс-шараларды талап ететін өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аймақтарда құрылыс салуды қоспағанда, жеке тұрғын үйлер салуды;
2) өз билiгіндегі үй жанындағы учаскелерде немесе бау-бақша серiктестiктерiнiң учаскелерiнде уақытша құрылыстар, сондай-ақ маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығы үшiн тұрғын және (немесе) шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар тұрғызуды;
3) қосымша жер учаскесiн (аумақ телiмдерiн) бөліп берудi талап етпейтiн, тiреу конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен коммуникацияларды қандай да болсын өзгертуге байланысы жоқ, сәулеттiк-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаларды нашарлатпайтын, пайдалану кезiнде қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн тұрғын ғимараттардағы (үйлердегi) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды реконструкциялауды (қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды);
4) азаматтардың жеке пайдалануына арналған, техникалық жағынан күрделi емес басқа да құрылыстарды өзгертудi жүзеге асыра алады.
Осы баптың 3) және 4) тармақшаларында аталған үй-жайларды немесе құрылыстарды техникалық жағынан күрделi емес өзгерістер тобына жатқызу туралы шешiмдi республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.
Өз үйiнiң жанындағы учаскелерде, бау-бақша серiктестiктерiнiң (қоғамдарының) учаскелерiнде бар құрылыстарға шаруашылық-тұрмыстық қосымша құрылыстар тұрғызу, оларды абаттандыру, сондай-ақ сол учаскелерде контейнермен және блокпен орындалатын ықшам кешендердi монтаждау, егер аталған объектiлер басқа тұлғалардың немесе мемлекеттiң мүдделерiне қатысы болмаса, жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарымен келiспей-ақ жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Жобалаудың сатылылығы сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган бекiтетiн нормативтiк талаптарға сәйкес құрылысқа арналған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу тапсырмасымен белгiленедi.
4. Алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу мен келiсу тәртібі, оның мiндеттi құрамы мен мазмұны сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган бекiткен мемлекеттік нормативтермен белгiленедi.
5. Бекіту тәртібі, сондай-ақ бекітілген алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасына өзгерістер енгізу осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
6. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын iске асыру кезiнде мердiгерлiк жұмыстарды жүргiзудiң ережесi мен тәртібі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiне сәйкес белгiленедi.
7. Әзiрлеу аяқталғаннан кейiнгi үш және одан да көп жыл iшiнде құрылыс басталмаған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы ескiрген деп саналады және жаңа сараптама өткізiлiп, заңдарда белгiленген тәртiппен қайта бекітілгеннен кейiн ғана iске асыру үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
8. Алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын ұлттық мұрағат қорының құрамына енгізу, аталған құжаттарға меншік иесі құқығына, сондай-ақ пайдалану және оларды пайдалануды шектеу құқығына кепілдік Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
9. Қазақстан Республикасының аумағындағы жерлердi және (немесе) құрылысты игеру үшін шетелдік заңды тұлғалар немесе жекелеген мамандар орындаған алдын ала жобалау және (немесе) жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы, егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, осы заңда, мемлекеттік нормативтерде және жобалау тапсырмасында белгiленген алдын ала жобалау және жобалау жұмыстарының талаптарымен және сатылары бойынша, жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының құрамы мен көлемiнде әзiрленуге тиiс.
Тапсырысшының (инвестордың) шешiмi бойынша тапсырысшы (инвестор) мынадай мiндеттi жағдайлардың жиынтығын орындау:
1) мемлекеттік жобалар сараптамасымен расталуға тиiс, Қазақстан Республикасының заңдарында және мемлекеттік нормативтiк құжаттарында белгiленген өрт және жарылыс қауiпсiздiгiнiң, конструкциялар берiктiгiнiң, объектiнiң жұмыс iстеу тұрақтылығының және еңбек қорғаудың нормаларын сақтау;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына және мемлекеттік нормативтiк құжаттарға сәйкес тауар жеткiзiп берушiлердi (жұмыстарды орындаушылар мен қызмет көрсетушiлердi) оларға қажеттi ақпаратпен қамтамасыз ету кезiнде осы ережеден ауытқуға жол берiледi.
61-бап. Қала құрылысы жобалары
1. Қазақстан Республикасының аумағына және жекелеген аймақтарға өндiргiш күштердi жайластыру мен орналастыруды кеңiстiкте ұйымдастыру, қонысаралық аумақтарды игеру мен жайғастыру, елдi мекендердiң, аумақтарын немесе елдi мекеннiң жекелеген бөлiктерiн дамыту мен оған құрылыс салуды, олар әсер ететiн аймақтарды қоса алғанда, жоспарлау қала құрылысы жобаларының негiзiнде кешендi түрде жүзеге асырылады.
2. Жобалау мен құрылысқа конкурстар (тендерлер, мердiгерлiк сауда-саттық) өткізудiң ережелерiн, сәулет жобалары мен құрылыс жобаларын жобалауға (сәулеттiк-жоспарлау тапсырмасын қоса алғанда) және әзiрлеуге тапсырмаларды жасау кезiнде бекітілген қала құрылысы жобаларында белгiленген қала құрылысы шешiмдерiнiң сақталуы мiндеттi.
62-бап. Сәулет жобасы
1. Ғимаратты (монументтi) жасаудың дербес жобасы ретiнде, сондай-ақ құрылысқа арналған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының бiр бөлігi ретiнде сәулет жобасында құрылыс жобасын немесе құрылысқа арналған өзге де құжаттаманы әзiрлеу үшiн қажеттi көлемде объектiге қойылатын әлеуметтiк, экономикалық, функционалдық, инженерлiк, техникалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, санитариялық-гигиеналық, экологиялық және өзге де талаптар кешендi түрде ескерiлетiн сәулетті-көркемдiк, композициялық және көлемдiк-жоспарлау шешiмдерi болуға тиiс.
2. Сәулет жобасы:
1) тапсырысшы (инвестор) бекiткен, жобалауға арналған тапсырмалар және алаңдарды (трассаларды) таңдау жөніндегi материалдар, инженерлiк iзденулер нәтижелерi, объектiнi инженерлiк қамтамасыз етудiң техникалық талаптары негiзiнде;
2) бекітілген қала құрылысы жобалары мен алдын ала жобалау құжаттамаларына сәйкес;
2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді
3) республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес әзiрленедi.
2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді
3. Құрылыстың жобасын әзiрлеу кезiнде сәулет жобасының шешiмдерiнiң сақталуы мiндеттi.
Сәулет жобаларын өзгерту автордың (авторлардың) келісімiмен не оның (олардың) қатысуымен жүргiзiлуi мүмкiн. Егер бұл орайда сәулет-жоспарлау тапсырмасының талаптарынан ауытқушылық пайда болса, тапсырма берген органмен келiсу талап етiледi.
2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді
4. Техникалық жағынан күрделi емес объектiлердiң құрылысына (реконструкциялауға, қайта жобалауға, қайта жабдықтауға) арналған жобалық құжаттаманы әзiрлеудi оңайландыру қажет болған жағдайда, сәулет жобасы сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес нобай (нобайлық жоба) түрiнде орындалуы мүмкiн.
Жобаланған объектiнi техникалық жағынан күрделi емес объектiлердiң қатарына жатқызу туралы шешiмдi республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.
63-бап. Құрылыс жобасы
2009.10.07. № 180-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Құрылыс үшiн жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының негiзгi бөлігi ретiнде құрылыс жобасында (құрылыстық жобада) объектiнiң орналасқан жерiнiң қала құрылысы жағынан негiзделуi, құрылыс жүргiзу және объектiнi пайдалануға беру үшiн қажеттi көлемде экономикалық, сәулет, көлемдiк-жоспарлау, функционалдық, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, табиғат қорғау және өзге де шешiмдер болуға тиiс.
Егер құрылыс жобасы объектіні су қорғау аймағына немесе белдеуіне, ерекше қорғалатын табиғи аумаққа орналастыруды көздейтін болса, онда жобалық шешімдерде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті уәкілетті органдармен келісуге жататын қажетті су және табиғат қорғау іс-шаралары қамтылуға тиіс.
2. Заңдарда белгiленген тәртiппен бекітілген құрылыс жобасының жобалық шешiмдерi мен көрсеткiштерi оны iске асыру кезiнде мiндеттi болып табылады.
3. Құрылыс жобасы:
1) тапсырысшы бекiткен, жобалауға берілген тапсырмалар, жер учаскесiн (алаңдарды, трассаларды) таңдау мен бөлу (пайдалануға берiлген рұқсат) жөніндегi материалдар, объектiнi инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз етудiң техникалық талаптары, инженерлiк iзденулердiң, тапсырысшының жобалау алдындағы қызметiнiң нәтижелерін қоса алғанда, өзге де бастапқы деректердiң нәтижелері негiзiнде;
2) құрылыстағы инвестициялардың заңдарда белгiленген тәртiппен бекітілген негiздемелерiне (техникалық-экономикалық негiздемелерге, техникалық-экономикалық есептерге), ал қажет болған жағдайда жобада қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдардың, конструкциялардың, инженерлiк жабдықтар мен құрылғылардың мердiгермен келісілген тiзбесiне сәйкес;
2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді
3) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес әзірленеді.
Бекiтiлген қала құрылысы және (немесе) сәулет жобалары болған жағдайда құрылыс жобасын әзірлеуге арналған бастапқы құжаттама оларда қабылданған шешімдерге сәйкес келуге тиіс.