5. Кворум болмаған жағдайда жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы бірінші шақырылған күннен бастап қырық бес күннен кешіктірілмей қайта шақырылады. Жалпы жиналыс қайта шақырылған кезде осы Заңның 46-бабында белгіленген ережелер сақталуға тиіс.
Қайта шақырылған жиналыс серіктестікке қатысушылардың жиналысқа қатысып отырғандары немесе оған өкілдік алғандар иеленген дауыс санына қарамастан заңды болып табылады. Егер қатысып отырған немесе оған өкілдік алған қатысушылар жиынтығында жалпы дауыс санының жартысынан кемін иеленген жағдайда мұндай жиналыс дауыстың басым көпшілігін немесе бірауыздан берілуін қажет етпейтін мәселелер бойынша ғана шешімдер қабылдауға құқылы.
6. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын атқарушы органның бірінші басшысы немесе оның міндетін атқарушы адам ашады. Байқаушы кеңес, тексеру комиссиясы (тексеруші) немесе серіктестікке қатысушылар (осы Заңның 45-бабының 2-тармағы) шақырған жиналысты тиісінше байқаушы кеңестің төрағасы, тексеру комиссиясының төрағасы (тексеруші) немесе олардың міндетін атқарушы адамдар, не жиналысты шақырған серіктестікке қатысушылардың бірі ашады.
Тарату комиссиясы (таратушы) шақырған жалпы жиналысты тарату комиссиясының төрағасы (таратушы) немесе оны ауыстыратын адам ашады.
7. Жалпы жиналысты ашатын адам жалпы жиналыстың төрағалық етушісі мен хатшысының сайлауын өткізеді. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғысында өзгеше көзделмесе, жалпы жиналыстың төрағалық етушісі мен хатшысын сайлау жөніндегі мәселе бойынша дауыс беру кезінде жиналыстың әрбір қатысушысының бір дауысы болады (жарғылық капиталдағы үлесіне қарамастан), ал шешім қатысушылар санының жай көпшілік дауысымен қабылданады.
Жиналысқа қатысып отырған серіктестіктің барлық қатысушылары атқарушы органға кіретін не серіктестіктің тексеру комиссиясының мүшелері (тексерушісі) болып табылатын жағдайларды қоспағанда, серіктестіктің атқарушы органының және оның тексеру комиссиясының мүшелері (тексеруші) қатысушылардың жалпы жиналысында төрағалық ете алмайды.
8. Жалпы жиналыстың хатшысы жалпы жиналыстың хаттамасын жүргізуге жауап береді.
Хаттамаға жалпы жиналыстың төрағалық етушісі және хатшысы қол қояды. Барлық жалпы жиналыстардың хаттамалары серіктестіктің атқарушы органында сақталатын және кез келген уақытта жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кез келген қатысушысына танысу үшін берілуге тиіс хаттамалар кітабына тігіледі. Серіктестікке қатысушылардың талап етуі бойынша оларға хаттамалар кітабына куәландырылған көшірмелер беріледі.
9. Күн тәртібіне енгізілген мәселелерді талқылау басталғанға дейін жалпы жиналыс кворумды жария етуге міндетті. Бұл талапты сақтамау кворумның бар екендігі анықталғанға дейін жалпы жиналыс қабылдаған барлық шешімдердің заңсыз болып шығуына әкеп соғады.
Осы Заңның 43-бабы 2-тармағының 1), 4), 7), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша дауыс беру кезінде, сондай-ақ серіктестік жарғысында немесе оның ішкі қызметін реттейтін ережелерде және өзге құжаттарда көзделген басқа жағдайларда тікелей дауыс беру алдында кворумды тағы да жария ету қажет.
48-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы осы Заңның 46-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес қатысушыларға хабарланған күн тәртібінің мәселелері бойынша ғана шешім қабылдауға құқылы. Бұл орайда жалпы жиналыстың күн тәртібіне енгізілуін осы Заңның 46-бабының 2-тармағына сәйкес серіктестікке қатысушылар талап еткен мәселелер, егер жиналысты шақырушы орган немесе адамдар аталған тармақтың екінші бөлігінде көзделген міндеттерді орындамаса да, күн тәртібіне енгізілген болып саналады.
2. Осы Заңның 43-бабы 2-тармағының 1), 7), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғысында белгіленген басқа да мәселелер бойынша шешімдер, егер серіктестік жарғысы олардың қабылдануы үшін сан жағынан көпшілік дауысты немесе бірауыздан дауыс беруді қажет етпесе, серіктестікке қатысушылардың жиналысқа қатысып отырғандары мен оған өкілдік алғандар дауысының төрттен үш басым көпшілік даусымен қабылданады.
Осы Заңның 43-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы бойынша шешім қабылданған кезде үлесі мәжбүрлеу тәртібімен сатып алынатын қатысушы дауыс беруге қатыспайды және оған тиесілі дауыс саны есептеу кезінде ескерілмейді.
Егер серіктестік жарғысы шешімдер қабылдау үшін сан жағынан көпшілік дауысты немесе бірауыздан дауыс беруді қажет етпесе, қалған шешімдер серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысына қатысушылар мен оған өкілдік алғандардың жай көпшілік даусымен қабылданады.
3. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында немесе серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін ережелерде және өзге құжаттарда жасырын дауыс беру көзделмесе, серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Жалпы жиналыстың шешімдері, дауыстың жалпы санының кемінде бестен бір бөлігіне ие серіктестікке қатысушылар жасырын дауыс беруді талап еткен жағдайда да, жасырын дауыс беру арқылы қабылдануға тиіс.
Жасырын дауыс беру кезінде оны өткізу рәсімі дауыстардың дәлме-дәл есептелуін және дауыс беру нәтижелерінің растығын қамтамасыз етуге тиіс.
49-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын сырттай өткізу
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында көзделген жағдайларда және жиынтығында дауыстардың жалпы санының төрттен үшінен астамын иеленген серіктестікке қатысушылардың тікелей келісім беруімен жалпы жиналыс хат, факсимильдік немесе электрондық хабарлар алмасу не барлық қатысушыларға қолайлы және жіберілетін әрі қабылданатын хабарлардың анықтығын қамтамасыз ететін байланыстың өзге құралдарын пайдалану арқылы сырттай сұрау салу жолымен өткізілуі мүмкін.
Сырттай өткізілетін жалпы жиналыстың осы Заңның 43-бабы 2-тармағының 1), 7) -10) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын сырттай өткізу кезінде осы Заңның 47-бабының 2, 3, 5 - 7 және 9-тармақтары мен 48-бабының 3-тармағы, сондай-ақ 46-бабы 1-3-тармақтарының ережелері оларда көзделген мерзімдерге қатысты бөліктерінде қолданылмайды.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың сырттай өткізілетін жалпы жиналысы ұсынылып отырған күн тәртібі мен оған енгізілген мәселелер бойынша шешімдер жобаларын барлық қатысушыларға хабарлауды, дауысқа қою басталғанға дейін олардың әрқайсысына барлық қажетті құжаттармен танысу мүмкіндігін, күн тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуді және оған белгілі бір мәселелерді енгізуді талап етуді, сондай-ақ дауысқа қоюдың алдында күн тәртібінің өзгергенін және талқыланатын мәселелер бойынша басқа қатысушылардың пікірлерін (сөздерін) хабарлауды қамтамасыз ететін рәсім бойынша өткізілуге тиіс.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 50-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
50-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік органдарының шешімдеріне дау айту
Жалпы жиналысты өткізу мен шешімдер қабылдаудың осы Заңмен, серіктестік жарғысымен немесе серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін ережелермен және өзге құжаттармен белгіленген тәртібін бұза отырып қабылданған жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімін, сол сияқты жалпы жиналыстың заңға не серіктестік жарғысына қайшы келетін шешімін, соның ішінде серіктестікке қатысушының құқықтарын бұзатын шешімін, дауыс беруге қатыспаған немесе дау туғызған шешімге қарсы дауыс берген серіктестікке қатысушының арызы бойынша сот толық немесе ішінара заңсыз деп тануы мүмкін. Мұндай арыз серіктестікке қатысушы қабылданған шешім туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап алты ай ішінде, ал егер ол шешім қабылдаған жалпы жиналысқа қатысса, онда жалпы жиналыстың бұл шешімді қабылдаған күнінен бастап алты ай ішінде берілуі мүмкін.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өзге де органдарының шешімдеріне дау айту осы баптың бірінші бөлігінде көзделген тәртіп пен мерзімдерде жүзеге асырылады.
51-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы
1. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында серіктестіктің алқалы атқарушы органын (дирекция, басқарма және т.с.с.) құру көзделмесе, серіктестіктің қызметіне ағымдағы басшылықты және оның ісін жүргізуді жеке-дара атқарушы орган (директор, басқарушы) жүзеге асырады.
Атқарушы органның алқалылығымен тікелей байланысты адамдарды қоспағанда, осы Заңның атқарушы орган мүшелері туралы ережелері жеке-дара атқарушы органға қолданылады.
2. Атқарушы органның мүшесі өз міндеттерін орындау кезінде серіктестік мүддесі үшін адал және ақылға қонымды іс-әрекет етуге тиіс.
3. Атқарушы органның мүшелерін белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге жалпы жиналыс сайлайды.
4. Серіктестіктің атқарушы органының мүшесі ретінде тек жеке тұлға ғана әрекет ете алады. Ол серіктестікке қатысушы болмауы да мүмкін.
52-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының құзыреті
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының құзыретіне осы Заңда, серіктестіктің жарғысында немесе жалпы жиналыс қабылдаған ережелерде және өзге құжаттарда белгіленген жалпы жиналыстың немесе байқаушы органдардың құзыретіне жатпайтын серіктестік қызметін қамтамасыз етудің барлық мәселелері жатады.
Серіктестіктің атқарушы органының құзыретіне жалпы жиналыстың ерекше құзыретіне жатпайтын, осы Заңның 43-бабының 3-тармағына сәйкес атқарушы органға берілген оның өкілеттіктері де жатады.
2. Үшінші жақпен қатынасында жауапкершілігі шектеулі серіктестік өзінің атқарушы органының өкілеттіктеріне белгілеген шектеулеріне сілтеме жасауға құқылы емес. Алайда жауапкершілігі шектеулі серіктестік, егер мәміле жасау кезеңінде үшінші жақтың мұндай шектеулер туралы білгенін дәлелдесе, өзінің атқарушы органының белгіленген шектеулерді бұза отырып, үшінші жақпен жасаған мәмілесінің заңдылығына дау айтуға құқылы.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының мүшелері серіктестікке қатысушылардың кез келгенінің талап етуі бойынша олардың серіктестікке келтірген зияндарын өтеу жөнінде жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл орайда олар серіктестікті бірлесіп, тиісті дәрежеде басқармауы душар еткен зияндар үшін ортақ жауапкершілікте болады.
4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы мүшелерінің серіктестікті тиісті дәрежеде басқармауы душар еткен серіктестіктің дәрменсіздігі (банкроттығы) салдарынан үшінші жақ шеккен зияндар үшін атқарушы органның мүшелері осы адамдар алдында серіктестікпен бірге ортақ субсидиялық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
53-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жеке-дара атқарушы органы
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жеке-дара атқарушы органы (директор, басқарушы және т.с.с.):
1) серіктестіктің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
2) серіктестіктің өкілі болу құқығына сенімхаттар, соның ішінде қайта сенім арту құқығымен сенімхаттар береді;
3) серіктестік қызметкерлеріне қатысты оларды қызметке тағайындау туралы, оларды басқа жұмысқа ауыстыру және жұмыстан шығару туралы бұйрықтар шығарады, еңбекке ақы төлеу жүйелерін белгілейді, лауазымдық жалақы мен дербес үстемақылардың мөлшерін белгілейді, сыйақы беру мәселелерін шешеді, көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады;
4) осы Заңмен немесе серіктестіктің жарғысымен қатысушылардың жалпы жиналысының немесе байқаушы органдарының құзыретіне жатқызылмаған өзге де өкілеттіктерді, сондай-ақ оған серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы берген өкілеттіктерді жүзеге асырады (осы Заңның 43-бабының 3-тармағы).
2. Серіктестіктің жеке-дара атқарушы органы қызметінің және оның шешімдер қабылдау тәртібін серіктестіктің жарғысы, сондай-ақ қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдаған ережелер мен өзге де құжаттар белгілейді.
3. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысына сәйкес оның істерін жүргізу алқалы атқарушы органға біріктірілмеген екі немесе бірнеше директорға (басқарушыға және т.с.с.) бір мезгілде тапсырылса, онда мұндай директорлардың (басқарушылардың және т.с.с.) әрқайсысы серіктестіктің атынан сенімхатсыз әрекет жасауға құқылы. Мұндай директорларға (басқарушыларға және т.с.с.) осы баптың ережелері қолданылады.
54-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің алқалы атқарушы органы
1. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында алқалы атқарушы орган (дирекция, басқарма және т.с.с.) құру көзделген болса, мұндай органды, егер заң актілерінде немесе серіктестіктің жарғысында өзгеше белгіленбесе, жеті адамнан аспайтын құрамда серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы сайлайды.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің алқалы атқарушы органының басшысын, егер серіктестік жарғысында оны алқалы органның өзі сайлайтыны көзделмесе, серіктестіктің жалпы жиналысы сайлайды.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің алқалы атқарушы органының басшысы осы органның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және оның отырыстарын басқарады. Ол осы Заңның 53-бабы 1-тармағының 1)-3) тармақшаларына сәйкес серіктестіктің жеке-дара атқарушы органына тиесілі құқықтарды иеленеді.
4. Серіктестіктің алқалы атқарушы органы қызметінің және оның шешімдер қабылдау тәртібін серіктестіктің жарғысы, сондай-ақ қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдаған ережелер мен өзге де құжаттар белгілейді.
55-бап. Атқарушы орган мүшелері мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік мүдделерінің қақтығысы
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының мүшелеріне:
1) жалпы жиналыстың келісімінсіз серіктестікпен одан мүліктік пайда табуға бағытталған мәмілелер (сыйға тарту, заем, тегін пайдалану, сатып алу-сату шарттарын және тағы басқаларын қоса) жасауға;
2) серіктестіктің үшінші жақпен жасаған мәмілелері үшін серіктестіктің өзінен де, үшінші жақтан да комиссиялық сыйақы алуға;
3) үшінші жақтың серіктестікпен арадағы қатынастарында олардың атынан немесе мүдделері үшін әрекет жасауға;
4) серіктестіктің қызметімен бәсекелесетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
Серіктестіктің жарғысында оның атқарушы органының мүшелері үшін өзге де тыйым салулар көзделуі мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген шектеулер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы мүшелерінің зайыбына да, барлық тікелей кейінгі және ата-тегі тамыры бойынша туыстарына да, сондай-ақ туған аға-інілері мен апа-сіңлілеріне де қолданылады.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке кез келген қатысушының атқарушы орган мүшелерінің немесе олардың осы баптың 2-тармағында аталған туған-туыстарының осы баптың 1-тармағында не тиісінше осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көзделген тыйым салуларды бұзуы келтірген зиянды серіктестікке өтеуін сотта талап етуге құқылы.
56-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті немесе оның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе оның мүлкі, егер серіктестіктің құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.
57-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқаушы кеңесі
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының қызметін бақылауды жүзеге асыру үшін серіктестіктің жарғысында серіктестікте байқаушы кеңес құру көзделуі мүмкін.
2. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында тексеру комиссиясын (тексерушіні) сайлау көзделмесе, серіктестіктің байқаушы кеңесі осы Заңға сәйкес тексеру комиссиясына тиесілі барлық құқықтарды иеленеді.
3. Серіктестіктің байқаушы кеңесінің мүшелерін белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге жалпы жиналыс сайлайды.
4. Байқаушы кеңестің мүшесі ретінде тек жеке тұлға ғана әрекет ете алады. Ол бір мезгілде серіктестіктің атқарушы органының мүшесі бола алмайды.
5. Серіктестіктің байқаушы кеңесі қызметінің және оның шешімдер қабылдауының тәртібі серіктестіктің жарғысында, сондай-ақ жалпы жиналыс қабылдаған ережелерде және өзге құжаттарда белгіленеді.
Байқаушы кеңесте дауыс беру кезінде кеңестің әр мүшесі бір дауысқа ие болады.
6. Серіктестіктің байқаушы кеңесі өзінің атқарушы органының қызметін бақылауды тиісті дәрежеде жүзеге асырмауы салдарынан жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен үшінші жаққа келтірілген зиян үшін байқаушы кеңестің мүшелері осы Заңның 52-бабының 3 және 4-тармақтарында көзделген ережелерге сәйкес жауап береді.
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 58-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
58-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тексеру комиссиясы (тексерушісі)
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының қаржышаруашылық қызметін бақылауды және асыру үшін серіктестікке қатысушылар немесе олардың өкілдері арасынан тексеру комиссиясы құрылуы мүмкін.
Тексеру комиссиясы, егер серіктестіктің жарғысында оның мүшелері санының көбірек болуы көзделмесе, бес адамнан аспайтын құрамда құрылады.
Тексеру комиссиясының қызметін атқару серіктестікке қатысушылардың біреуіне немесе жеке-дара тексеруші ретінде оның өкіліне тапсырылуы мүмкін.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тексеру комиссиясын немесе жеке-дара тексерушісін жалпы жиналыс серіктестіктің жарғысында белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге сайлайды.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының мүшелері бір мезгілде тексеру комиссиясының мүшелері (тексерушілері) бола алмайды.
4. Тексеру комиссиясы (тексеруші) кез келген уақытта жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізуге құқылы. Тексеру комиссиясы (тексеруші) осы мақсатта серіктестіктің барлық құжаттамасын ешқандай кедергісіз көру құқығына ие болады. Тексеру комиссиясының (тексерушінің) талап етуі бойынша атқарушы органның мүшелері ауызша немесе жазбаша түрде қажетті түсіндірмелер беруге міндетті.
5. Тексеру комиссиясы (тексеруші) жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы бекіткенге дейін серіктестіктің жылдық қаржылық есептемесіне міндетті түрде тексеру жүргізеді. Жалпы жиналыстың тексеру комиссиясының (тексерушінің) қорытындысы не аудиторлық есебі болмайынша жылдық қаржылық есептемені бекітуге құқығы жоқ (осы Заңның 59-бабы).
6. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тексеру комиссиясының (тексерушінің) жұмыс тәртібі жарғымен, сондай-ақ серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін ережелермен және өзге де құжаттармен белгіленеді.
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 59-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
59-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктегі сыртқы аудит
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жылдық қаржылық есептемелерінің дұрыстығын, сондай-ақ оның істерінің ағымдағы жай-күйін тексеру және растау үшін серіктестік өз жарғысында белгіленген жағдайларда және тәртіп бойынша серіктестікпен, оның атқарушы органының, байқаушы кеңесінің мүшелерімен немесе қатысушыларымен арада мүліктік мүдделермен байланысы жоқ аудиторлық ұйымды (сыртқы аудит) тартуға құқығы бар.
2. Кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын барлық жауапкершілік шектеулі серіктестіктер үшін қаржылық есептемелерге заңнамалық актілерімен міндетті түрде жылдық аудит жүргізу белгіленуі мүмкін.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кез келген қатысушысы серіктестіктің жылдық қаржылық есептемелеріне өз есебінен аудит жүргізуді талап етуге құқылы.
4. Егер аудит міндетті болған кезде не оны жүргізуді серіктестікке қатысушы талап еткен кезде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы серіктестіктің жылдық қаржылық есептемелеріне аудит жүргізуден жалтарса, аудит кез келген мүдделі адамның не серіктестікке қатысушының өтініші бойынша қабылданған сот шешімімен белгіленуі мүмкін.
60-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ашық қаржылық есептемесі
Заң актілерінде кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін тиісті жылдық қаржылық есептемелерді жалпы жұрттың назарына ұсыну үшін жариялаудың міндеттілігі көзделуі мүмкін.
2008.05.07. № 58-IV ҚР Заңымен 60-1-баппен толықтырылды
60-1-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ақпарат беруі
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы сотта корпоративтік дау бойынша іс қозғалғаны туралы серіктестіктің барлық қатысушыларын хабардар етуге міндетті.
2. Серіктестіктің қатысушыларына сотта корпоративтік дау бойынша іс қозғалғаны туралы ақпарат серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімінде көзделген тәртіппен (егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе), серіктестік соттың тиісті хабарламасын немесе корпоративтік дау бойынша азаматтық іске шақыруды алған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуге тиіс.
VI-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыру және тарату
61-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыру
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыру (қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша ерікті түрде жүзеге асырылуы мүмкін.
Үлесті иеліктен айыру немесе серіктестікке қатысушылар құрамының өзге де өзгерісі серіктестікті қайта ұйымдастыру болып табылмайды.
2. Заң актілерінде белгіленген жағдайларда жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бөлу немесе оның құрамынан бір немесе бірнеше серіктестікті бөліп шығару нысанында серіктестікті қайта ұйымдастыру уәкілетті мемлекеттік органдардың шешімі бойынша немесе соттың шешімі бойынша жүзеге асырылады.
3. Заң актілерінде белгіленген жағдайларда қосу немесе біріктіру нысанында жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыру уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Егер заң актілерінде немесе қайта ұйымдастыру туралы шешімде өзгеше көзделмесе, қайта ұйымдастырылған серіктестіктің мүлкі оны тіркеу кезінде оның құқықтық мұрагеріне ауысады.
62-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қосу, біріктіру
1. Екі немесе бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қосу осы серіктестіктердің мүлкін толық біріктіру арқылы жүзеге асырылады. Қосу нәтижесінде жаңа серіктестік пайда болады. Жаңа серіктестіктің құрамына кірген серіктестіктер өз қызметін тоқтатады. Бұл орайда серіктестіктерді қосуға қатысушылардың әрқайсысының барлық құқықтары мен міндеттері өткізу актісіне сәйкес жаңадан пайда болған серіктестікке ауысады.
2. Бір немесе бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басқа жауапкершілігі шектеулі серіктестікке бірігуі қосылатын серіктестіктердің мүлкін қосып алушы серіктестіктің мүлкіне енгізу арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте бірігуші серіктестіктер тоқтатылады, ал олардың барлық құқықтары мен міндеттері өткізу актісіне сәйкес біріктіруші серіктестікке ауысады, оның жарғысына қайта ұйымдастыруға байланысты өзгерістер енгізіледі.
3. Қосуға, бірігуге қатысушы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің атқарушы органдары қосу, бірігу туралы шарттардың жобаларын дайындайды және қосу, бірігу туралы мәселені әрбір серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының қарауына және қосу, бірігу туралы шартты бекітуіне енгізеді.
Қосу, бірігу туралы шарттың келісілген мәтініне серіктестіктердің осыған уәкілетті атқарушы органдары қол қояды.
Қосу, бірігу туралы шарт қосуға, бірігуге қатысушы әрбір серіктестіктің фирмалық атауы, орналасқан жері мен мекен-жайы туралы мәліметтерді, олардың баланстарының негізгі деректерін қамтуға, сондай-ақ онда қосудың, бірігудің тәртібі мен жағдайлары көзделуге тиіс.
4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қосуға, бірігуге қатысушылардың әрқайсысы өз қатысушыларының жалпы жиналысы қосу, бірігу туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі ай мерзім ішінде өзінің барлық кредит берушілеріне қосу, бірігу туралы жазбаша хабарлама жіберуге және ресми баспасөз органдарында тиісті хабарландыру беруге міндетті. Хабарламаға (хабарландыруға) қосуға, бірігуге қатысушы басқа серіктестіктер туралы осы баптың 3-тармағында аталған мәліметтер қоса тіркеледі.
Серіктестіктің кредит берушілері хабарлама алған немесе хабарландыру жарияланған күннен бастап екі ай мерзім ішінде серіктестіктен қосымша кепілдіктерді не серіктестіктің тиісті міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және зияндарды өтеуін талап етуге құқылы. Талаптар серіктестікке жазбаша түрде жіберіледі, ал олардың көшірмелері серіктестікті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға берілуі мүмкін.
5. Қосуға, бірігуге қатысушы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің әрқайсысы өз қатысушыларының жалпы жиналысы қосу, бірігу туралы шешім қабылдаған кезден бастап, шешім қабылданғаннан кейін пайда болатын міндеттемелер бойынша кредит берушілерге бұл шешім туралы хабарлауға міндетті.
Серіктестіктердің қосылуы, бірігуі туралы шарттың негізінде қосылушы, бірігуші серіктестіктерге қатысушылар құрылтай шартын әзірлеп, құрылтай жиналысында оған қол қояды, ал қосылған кезде жаңадан құрылып жатқан серіктестіктің жарғысын бекітіп, серіктестіктің атқарушы және өзге де органдарын сайлайды.
63-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бөлу, бөліп шығару
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бөлу осы серіктестіктің мүлкін жаңадан пайда болатын екі немесе бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік арасында бөлу арқылы жүзеге асырылады. Бұл орайда бөлінетін серіктестіктің құқықтары мен міндеттері бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болатын серіктестіктерге ауысады.