5. Қосымша сараптама тағайындау және жүргізу осы Кодекстің 98-бабының екінші және алтыншы бөліктерінде, қайталама сараптама - осы Кодекстің 98-бабының төртінші, бесінші, алтыншы бөліктерінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 207-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
207-бап. Маманның консультациясы (түсіндірмесі)
1. Арнайы зерттеулер жүргізу талап етілмейтін жағдайларда маман coтқa ауызша немесе жазбаша нысанда консультация (түсіндірме) береді.
Маманның жазбаша нысанда берілген консультациясы сот отырысының (тиісті іс жүргізу әрекетінің) хаттамасына қосымша түрінде тіркеледі және сот отырысында жария етіледі. Ауызша консультация тікелей сот отырысының (ic жүргізу әрекетінің) хаттамасына енгізіледі.
2. Консультацияны түсіндіру және толықтыру мақсатында маманға сұрақтар қойылуы мүмкін. Арызы бойынша маманды тартқан адам және оның өкілі бірінші болып, ал содан соң іске қатысушы басқа адамдар және өкілдер сұрақтар қояды. Сот шақырған маманға бірінші болып талап қоюшы және оның өкілі сұрақ қояды. Сот маманға кез келген сәтте сұрақ қоюға құқылы.
208-бап. Дәлелдеменің жалғандығын мәлімдеу
1. Істегі дәлелдеменің жалған екені мәлімделген жағдайда осы дәлелдемені ұсынған адам соттан оны дәлелдемелер қатарынан алып тастап, істі өзге дәлелдемелердің негізінде шешуді өтіне алады.
2. Дәлелдеменің жалғандығы туралы мәлімдеуді тексеру үшін сот сараптама тағайындай алады, сондай-ақ тараптарға өзге дәлелдемелер беруді ұсына алады.
3. Егер ұсынған дәлелдемесі жалған деп танылған адамның іс-әрекетінде қылмыс белгілері болса, судья материалдарды бұл жөнінде прокурорға хабарлай отырып, қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешу үшін тиісті анықтау немесе алдын ала тергеу органына жібереді.
209-бап. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындысы
Осы Кодекстің 57-бабының негізінде сот іске қатысуға жіберген мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындысы сот отырысында жария етіледі. Сот, сондай-ақ іске қатысушы адамдар мен өкілдер қорытындыларды түсіндіру және толықтыру мақсатында осы органдардың уәкілетті өкілдеріне сұрақтар қоя алады.
210-бап. Істі мәні бойынша қарауды аяқтау
Барлық дәлелдемелер қаралғаннан кейін судья іске қатысушы адамдар мен өкілдерден олардың іс материалдарын әлденелермен толықтыруға ниеттерінің бар-жоғын анықтайды. Мұндай мәлімдеулер болмаған жағдайда төрағалық етуші істі зерттеу аяқталды деп жариялап, сот соттағы жарыссөздерге көшеді.
211-бап. Сот жарыссөздері
1. Сот жарыссөздері іске қатысушы адамдар мен өкілдердің сөздерінен тұрады.
2. Алдымен талап қоюшы және оның өкілі, ал содан соң - жауапкер мен оның өкілі сөз сөйлейді. Басталып кеткен процесте даудың нысанасы бойынша дербес талаптар қойған үшінші тұлға мен оның өкілі тараптар мен олардың өкілдерінен кейін сөз сөйлейді. Даудың нысанасы бойынша өз бетінше талаптар қоймаған үшінші тұлға мен оның өкілі талап қоюшыдан немесе үшінші тұлға іске өзі қатысатын жақтағы жауапкерден кейін сөз сөйлейді.
3. Прокурор, мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың өкілдері және басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген азаматтар сот жарыссөздерінде соңынан сөз сөйлейді.
212-бап. Репликалар
Жарыссөзге қатысушылардың барлығы сөз сөйлеп болған соң олар сөздерінде айтылғандарға байланысты екінші рет сөз сөйлей алады. Соңғы реплика құқығын үнемі жауапкер мен оның өкілі иеленеді.
213-бап. Прокурордың қорытындысы
Іс бойынша тарап болып табылмайтын және осы Кодекстің 55-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен процеске қатысушы прокурор сот жарыссөздерінен кейін жалпы істің мәні бойынша қорытынды береді.
214-бап. Істі мәні бойынша қарауды қайта жалғастыру
1. Егер олар бұл мән-жайлар мен дәлелдемелерді істің мәні бойынша қарау аяқталмай тұрып өз мәлімдемелерінде көрсетпесе, сот жарыссөздеріне қатысушылар өз сөздерінде сот анықтамаған мән-жайларға, сондай-ақ сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасауға құқығы жоқ.
2. Егер сот сот жарыссөздері кезінде немесе одан кейін іс үшін маңызы бар жаңа мән-жайларды анықтау немесе жаңа дәлелдемелерді зерттеу қажет деп тапса, ол істі мәні бойынша қарауды қайта жалғастыру туралы ұйғарым шығарады. Істі мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін сот жарыссөзі жалпы тәртіппен жүргізіледі.
215-бап. Соттың шешім шығару үшін кетуі
Сот жарыссөздерінен кейін, ал осы Кодекстің 213-бабында көзделген жағдайда прокурор іс бойынша қорытынды бергеннен кейін сот шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді, төрағалық етуші, бұл туралы сот отырысы залында отырғандарға хабарлайды.
216-бап. Шешімді жариялау
1. Сот шешімге қол қойылғаннан кейін сот отырысы залына қайтып келіп, сот шешімін жариялайды. Мұнан соң шешімге шағымданудың тәртібі мен мерзімдері түсіндіріледі.
2. Шешімнің шығарылған кезде судья іске қатысушы адамдарға және өкілдерге шешіммен қашан танысуға және оның көшірмесін алуға болатынын жариялауға міндетті.
3. Осы баптың 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер аяқталғаннан кейін төрағалық етуші сот отырысын жабық деп жариялайды.
18-тарау. Сот шешімі және оны атқару тәртібі
217-бап. Шешім шығару
1. Істі мәні бойынша шешетін бірінші сатыдағы сот қаулысы шешім нысанында шығарылады.
2. Шешім кеңесу бөлмесінде шығарылады. Бұл бөлмеде өзге адамдардың болуына жол берілмейді. Жұмыс уақытының аяқталуына қарай, сондай-ақ жұмыс күні ішінде сот (судья) кеңесу бөлмесінен шығып демалу үшін үзіліс жариялауға құқылы.
218-бап. Шешімнің заңдылығы және негізділігі
1. Сот шешімі заңды және негізді болуға тиіс.
2. Сот шешімді сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негіздейді.
219-бап. Шешім шығарған кезде шешілетін мәселелер
1. Шешім шығарған кезде сот дәлелдемелерге баға береді, іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғанын және қандай мән-жайлардың анықталмағанын, тараптардың құқықтық қатынастарының қандай екенін, осы іс бойынша қандай заң қолданылуға тиісті екенін және қойылған талаптың қанағаттандырылуға жататынын-жатпайтынын айқындайды.
2. Сот істі талап қоюшы талаптардың шегінде шешеді. Алайда талап қоюшының келісуімен сот, егер бұл талап қоюшының құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін қажет деп таныса, сондай-ақ көзделген басқа да жағдайларда, талап қоюшы мәлімдеген талаптардың шегінен шығуы мүмкін.
3. Сот іс үшін маңызы бар жаңа мән-жайларды анықтауды немесе дәлелдемелерді қосымша зерттеуді қажет деп тапса, істі мәні бойынша қарауды қайта жалғастыру туралы ұйғарым шығарады. Сот істі мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін сот жарыссөздерін, ал осы Кодекстің 213-бабында көзделген жағдайда прокурордың қорытындысын да қайта тыңдайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 220-бап өзгертілді
220-бап. Шешімнің түрлері мен құрылымы
1. Істі мәні бойынша шешкен кезде сот қысқаша (қысқартылған) шешім шығарады, ол кіріспе, дәлелдеу және қарар бөліктерінен тұрады.
2. Шешім заңды күшіне енгенге дейін тараптардың жасаған жазбаша өтініші бойынша не өз қалауы бойынша сот кіріспе, сипаттама, дәлелдеу және қарар бөліктерінен тұратын шешім шығарады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 221-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
221-бап. Шешімнің мазмұны
1. Шешім Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.
2. Шешім кіріспе, сипаттау, дәлелдеу және қарар бөліктерінен тұрады.
3. Шешімнің кіріспе бөлігінде шешімнің шығарылған күні мен орны; шешім шығарған соттың атауы; соттың құрамы; сот отырысының хатшысы; тараптар; іске қатысушы басқа адамдар және өкілдер; даудың нысанасы немесе мәлімделген талап көрсетіледі.
4. Шешімнің сипаттау бөлігі талап қоюшының талаптарын, жауапкердің наразылығын және іске қатысушы басқа адамдардың түсініктемелерін қамтуға тиіс.
5. Шешімнің дәлелдеу бөлігінде істің сот анықтаған мән-жайлары, құқықтар мен міндеттер туралы соттың қорытындылары негізделген дәлелдемелері; сот қабылдамай тастаған белгілі бір дәлелдемелердің негіздері, және сот басшылыққа алған заңдар көрсетіледі. Жауапкер талап қоюды мойындаған жағдайда дәлелдеу бөлігінде талап қоюдың танылғаны және оны соттың қабылдағаны ғана көрсетілуі мүмкін.
6. Шешімнің қарар бөлігі талап қоюды қанағаттандыру туралы немесе талап қоюдан толық немесе оның бір бөлігінен бас тарту туралы сот қорытындысын, сот шығындарының бөлінуін, шешімге шағым беру мерзімдері мен тәртібін көрсетуді, сондай-ақ өзге де қорытындыларды қамтуға тиіс.
7. Сот шешімді орындаудың белгілі бір тәртібі мен мерзімін белгілеген немесе шешімді дереу орындауға жіберген немесе оның орындалуын қамтамасыз етуге шаралар қолданған жағдайда, бұл туралы шешімде көрсетіледі.
8. Судья шешімді жазбаша түрде жазады және оған қол қояды. Шешімге түзету судьялардың қол қоюының алдында айтылуға тиіс.
222-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және лауазымды адамдардың әрекеттері (әрекетсіздіктері) мен шешімдерін заңсыз деп тану туралы шешім
1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және лауазымды адамдардың әрекеттері (әрекетсіздіктері) мен шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап қоюды қанағаттандыру кезінде сот дауға түсіп отырған әрекетті (әрекетсіздікті) немесе шешімді заңсыз деп таниды, азаматтың талабын қанағаттандыруды міндеттейді, оған қолданылған жауаптылық шараларын жояды не оның нұқсан келтірілген құқықтары мен бостандықтарын өзгедей әдіспен қалпына келтіреді. Нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы шешімнің қарар бөлігінде ол қабылданған кезден бастап бұл акті қолданылмайды деп есептелетіні көрсетілуі мүмкін.
2. Соттың нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы шешімі немесе ол туралы хабарлама нормативтік құқықтық акт жарияланған бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
223-бап. Ақша сомаларын өндіріп алу туралы шешім
Сот ақша сомаларын өндіріп алу туралы шешім шығарған кезде шешімнің қарар бөлігінде өндірілетін ақша сомасының мөлшерін және валюта түрін цифрмен және сөздермен көрсетеді.
224-бап. Атқару құжатының немесе өзге құжаттың күші жойылды деп тану туралы шешім
Өндіріп алу даусыз (акцептсіз) тәртіппен, оның ішінде нотариустың атқарушы жазбасының негізінде жүргізілетін атқару құжатының немесе өзге құжаттың күші жойылды деп тану туралы дау бойынша талап арызды қанағаттандыру кезінде шешімнің қарар бөлігінде атқарылуға тиісті емес құжаттың атауы, нөмірі, күні және есептен шығарылуға жатпайтын сома көрсетіледі.
225-бап. Шартты жасасу немесе өзгерту туралы шешім
Шарт жасасу немесе өзгерту кезінде туындаған дау бойынша қарар бөлігінде шарттың әрбір даулы жағдайы бойынша шешім көрсетіледі, ал шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы дау бойынша шарттың түрі және тараптар шарт жасасуға міндетті талаптар көрсетіледі.
226-бап. Мүлікті немесе оның құнын алып беру туралы шешім
Мүлік заттай алып берген кезде сот шешімде оның дербес - белгілі бір белгілерін және, егер шешімді орындау кезінде алып берілетін мүлік болмай қалса, жауапкерден өндірілуге тиіс мүліктің құнын көрсетеді.
227-бап. Жауапкерді белгілі бір әрекеттер жасауға міндеттейтін шешім
1. Жауапкерді мүлік немесе ақша сомаларын берумен байланысты емес белгілі бір әрекеттер жасауға міндеттейтін шешім шығарған кезде сот сол шешімде, егер жауапкер шешімді белгіленген мерзім ішінде орындамаса, онда талап қоюшының бұл әрекеттерді соттың ұйғарымы бойынша жауапкердің есебінен қажетті шығындарды өндіріп ала отырып жасауға құқылы екенін көрсете алады.
2. Егер аталған әрекеттерді тек жауапкер жасай алатын болса, сот шешімде шешім орындалуға тиіс мерзімді белгілейді.
228-бап. Бірнеше талап қоюшының пайдасына немесе бірнеше жауапкерге қарсы шешім
1. Бірнеше талапкердің пайдасына шешім шығарғанда сот шешімнің олардың әрқайсысына қандай үлесі қатысты екенін көрсетеді немесе өндіріп алу құқығы ортақ болатынын көрсетеді.
2. Бірнеше жауапкерге қарсы шешім шығарғанда сот әр жауапкердің шешімнің қандай үлесін орындауға тиіс екенін көрсетеді немесе олардың жауаптылығының ортақ болатынын көрсетеді.
229-бап. Дәлелді шешім жасау
Шешім іс қаралғаннан кейін дереу шығарылады. Айрықша күрделі істер бойынша дәлелді шешім жасау бес күннен аспайтын мерзімге кейін қалдырылуы мүмкін, бірақ қысқаша (қысқартылған) шешімді сот істі қарау аяқталған отырыстың өзінде жариялауға тиіс. Жарияланған шешімге судья қол қойып, ол іске қоса тіркелуге тиіс.
230-бап. Шешімдегі қате жазулар мен айқын арифметикалық қателерді түзету
1. Іс жөнінде шешім жарияланғаннан кейін шешім шығарған соттың оны жоюға немесе өзгертуге құқығы жоқ.
2. Сот өз бастамашылығымен немесе іске қатысушы адамдардың арызы бойынша шешімде жіберілген қате жазулар мен айқын арифметикалық қателерді түзете алады. Түзетулер енгізу туралы мәселе сот отырысында шешіледі. Іске қатысушы адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмеуі түзетулер енгізу туралы мәселені қаруға кедергі болмайды.
3. Шешімге түзетулер енгізу туралы мәселе жөніндегі сот ұйғарымына жеке шағым жасалуы немесе наразылық келтірілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 231-бап өзгертілді
231-бап. Қосымша шешім
1. Іс бойынша шешімге қаулы қабылдаған сот іске қатысушы адамдардың өтініші бойынша немесе өз бастамашылығымен мынадай жағдайларда:
1) іске қатысушы адамдар дәлелдемелер ұсынған және түсініктемелер берген қандай да бір талап бойынша шешім шығарылмаса;
2) егер сот құқық туралы мәселені шеше отырып, алып берілген соманың, берілуге тиісті мүліктің мөлшерін немесе жауапкер жасауға тиісті әрекеттерді көрсетпесе;
3) егер сот шығындары туралы мәселені сот шешпесе;
4) егер сот шешiмiнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселенi сот шешпесе, қосымша шешiм шығара алады.
2. Қосымша шешім шығару туралы мәселе шешім орындалатын мерзімнің шегінде қойылуы мүмкін. Мәселе сот отырысында қаралғаннан кейін сот қосымша шешім шығарады және оған шағым жасалуы немесе наразылық келтірілуі мүмкін. Іске қатысушы адамдарға сот отырысының уақыты және орны туралы хабарланады, алайда олардың келмеуі қосымша шешім шығару туралы мәселені қарауға кедергі болмайды.
3. Қосымша шешім шығарудан бас тарту туралы соттың ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 232-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
232-бап. Шешімді түсіндіру
1. Шешім түсініксіз болған жағдайда істі қараған сот іске қатысушы адамдардың өтініші бойынша, сондай-ақ сот орындаушысының өтініші бойынша шешімді оның мазмұнын өзгертпей түсіндіруге құқылы. Шешімді түсіндіруге ол әлі орындалмаған және шешім мәжбүрлі түрде орындалуы мүмкін мерзім өткенге дейін жол беріледі. Сот шешімді түсіндіру туралы өтінішті, өтінішті өтініш қабылданған күннен бастап он күн мерзімде қарауға міндетті.
2. Шешімді түсіндіру туралы мәселе сот отырысында шешіледі. Іске қатысушы адамдарға, сондай-ақ қарау нысанасы оның түсіндіру туралы өтініші болған жағдайларда сот орындаушысына сот отырысының уақыты мен орны хабарланады, алайда олардың келмеуі шешімді түсіндіру туралы мәселені қарауға кедергі болмайды.
3. Соттың шешімді түсіндіру туралы ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
233-бап. Шешімді орындау мерзімін кейінге қалдыру және мерзімін ұзарту, шешімді орындаудың әдісі мен тәртібін өзгерту
1. Істі қараған сот іске қатысушы адамдардың арызы бойынша тараптардың мүліктік жағдайын немесе басқа да мән-жайларды негізге ала отырып, шешімнің орындалу мерзімін кейінге қалдыруға немесе оның мерзімін ұзартуға, сондай-ақ оны орындаудың әдісі мен тәртібін өзгертуге құқылы.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған арыздар сот отырысында қаралады. Іске қатысушы адамдарға отырыстың уақыты мен орны туралы хабарланады, бірақ олардың келмеуі соттың алдына қойылған мәселені шешуіне кедергі болмайды.
3. Шешімді орындау мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, оны орындаудың әдісі мен тәртібін өзгерту туралы мәселе жөніндегі сот ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 234-бап өзгертілді
234-бап. Алып берілген ақша сомаларын индекстеу
1. Сот мүдделі адамның арызы бойынша сот актісімен төлеттірілген ақшалай сомаға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сот актісі орындалған күнгі қайта қаржыландырудың ресми ставкасына сүйене отырып, тиісті индекстеу жүргізе алады.
2. Алып берілген сомаларды индекстеу туралы арыз сот отырысында қаралады. Іске қатысушы адамдарға отырыстың уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмеуі соттың алдына қойған мәселені шешуіне кедергі болмайды.
3. Алып берілген ақша сомаларын индекстеу туралы сот ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 235-бап өзгертілді; 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 235-бап өзгертілді
235-бап. Сот шешімінің заңды күшіне енуі
1. Бірінші сатыдағы соттың шешiмдерi, егер оларға шағым немесе наразылық келтiрiлмесе, оларға апелляциялық шағымдану, наразылық келтiру мерзiмi өткен соң заңды күшiне енедi.
1-1. Мамандандырылған қаржылық соттың қаржы ұйымдарын қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешімдері олар қабылданған күннен бастап заңды күшіне енеді және дереу орындауға жатады.
2. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Аппеляциялық және кассациялық тәртіппен шағым немесе наразылық берілген жағдайда, егер шешімнің күші жойылмаған болса, кассациялық сатыдағы сот қаулы шығарған күні заңды күшіне енеді.
4. Шешім заңды күшіне енгенде тараптар және іске қатысушы басқа да адамдар, сондай-ақ олардың құқық мирасқорлары сотта бұрынғы негіздер бойынша бұрынғы талап қою талаптарымен қайтадан арыздана алмайды, сондай-ақ сот анықтаған фактілер мен құқықтық қатынастарды басқа процесте даулай алмайды.
5. Егер жауапкерден мезгіл-мезгіл төлем өндіріп алу шешімі заңды күшіне енгеннен кейін төлемдердің мөлшерін айқындауға немесе олардың ұзақтығына әсер ететін мән-жайлар өзгерсе, тараптардың әрқайсысы жаңа талап қою арқылы төлемдердің мөлшері мен мерзімдерін өзгертуді талап етуге құқылы.
11.07.01 ж. № 238-II; 05.05.03 ж. № 409-II (бұр. ред. қара); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара); 2010.02.04. № 262-IV (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 236-бап өзгертілді
236-бап. Шешімді орындау
1. Шешім, дереу орындалатын жағдайлардан басқа, ол заңды күшіне енгеннен кейін, заңмен белгіленген тәртіп бойынша орындалады.
2. Сот шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн атқару парағы жазылады, ол өндiрiп алушыға берiледi не оның жазбаша өтiнiшi бойынша сот оны аумағы бойынша атқарушылық iс жүргiзудiң тиiстi органына орындау үшiн жiбередi.
Мүлік тәркіленген, мемлекет кірісіне өндіріп алынған, сондай-ақ қылмыспен келтірілген залал өндіріп алынған, алимент өндіріп алынған, тарабы мемлекет болып табылатын мертігуден немесе денсаулыққа өзге де зақым келуден, асыраушысынан айрылуынан келтірілген зиянның орны толтырылған жағдайларда сот өз бастамасымен атқару құжатын аумағы бойынша тиісті атқарушылық іс жүргізу органына орындауға жолдайды.
3. Соттың дереу орындалуға тиісті шешімі бойынша атқару парағы жазылып, шешім шығарылғаннан кейін дереу орындауға жіберіледі.
4. Атқару парақтарын (бұдан әрi - атқару құжаттарын) бiрiншi сатыдағы сот шешiм заңды күшiне енген немесе iс жоғары тұрған соттан қайтқан күннен бастап үш тәулiк iшiнде жазады және оларда:
атқару құжатын берген соттың атауы;
істің нөмірі және шешім шығарылған күн;
шешімнің қарар бөлігі (сөзбе-сөз);
шешімнің күшіне енген уақыты;
атқару құжаты берілген күн;
өндіріп алушының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), туған күні, айы, жылы, оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері, оның тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер мен салық төлеушінің тіркеу нөмірі, немесе, егер өндіріп алушы заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты тұрған жері не бірыңғай Мемлекеттік тіркелімнен мәліметтер, банк реквизиттері мен салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
борышкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), туған күні, айы, жылы, оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері, оның тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер, оның жұмыс орны мен жұмыс орнының банк реквизиттері туралы мәліметтер (егер істің материалдарында бар болса), оның банк реквизиттері мен салық төлеушінің тіркеу нөмірі (егер істің материалдарында бар болса) немесе, егер борышкер заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты тұрған жері не бірыңғай Мемлекеттік тіркелімнен мәліметтер (егер істің материалдарында бар болса), банк реквизиттері мен салық төлеушінің тіркеу нөмірі көрсетілуге тиіс.
Атқару парағының нысанын атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
5. Соттың әрбір шешімі бойынша бір атқару парағы беріледі. Егер сот талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаса, атқару құжатына талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар туралы құжаттардың көшірмелері, егер оның ішінде талапты қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүліктің тұрған жері және оның сақталуына жауапты тұлғалар туралы мәліметтерді қамтитын құжаттардың көшірмелері іс материалдарында бар болса, қоса тіркеледі. Егер атқару әртүрлі орындарда жүргізілетін болса не егер шешім бірнеше талап қоюшының пайдасына немесе бірнеше жауапкерге қарсы шығарылған болса, сот өндіріп алушылардың өтініші бойынша атқару орнын дәл көрсетіп не осы атқару құжаты бойынша атқарылуға тиіс шешімнің сол бөлігін көрсете отырып, бірнеше атқару құжатын жазады. Сот атқару парағына сот актiсiнiң көшiрмесiн не соттың мөрiмен куәландырылған оның үзiндi көшiрмесiн қоса тiркейдi.
6. Атқарушылық іс жүргізу органдары сот шешімі орындалған жағдайда он жұмыс күні ішінде шешім шығарған сотты бұл туралы хабардар етуге, не орындаудың белгіленген іс жүргізу мерзімі өткен соң орындалмаудың себептері туралы жазбаша ақпарат беруге тиіс.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 237-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен 237-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
237-бап. Дереу орындауға жататын шешімдер
Мынадай:
1) алимент алып беру туралы;
2) қызметкерге жалақы, бірақ үш айдан аспайтын уақытқа алып беру туралы;
3) жұмысқа қайта орналастыру туралы;
4) мертігуден немесе денсаулықты өзгедей зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысынан айрылуынан келген зиянды, бірақ үш айдан аспайтын уақытқа өтеу туралы;
5) ереуілді заңсыз деп тану туралы;
6) қаржы ұйымдарын қайта құрылымдау туралы шешімдер дереу орындалуға тиіс.
238-бап. Соттың шешімді дереу орындауға жіберу құқығы
1. Егер айрықша жағдайлардың салдарынан шешімді орындаудағы кідіріс өндіріп алушыны елеулі зиянға әкеп соғуы мүмкін болса немесе шешімді орындау мүмкін болмаса, сот талап қоюшының өтінуі бойынша шешімді дереу орындауға жібере алады.
2. Шешім дереу орындауға жіберілген кезде сот талап қоюшыдан сот шешімінің күші жойылған жағдайда шешімнің кері орындалуын қамтамасыз етуді талап ете алады.
3. Шешімді дереу орындау туралы мәселе, шешімі шығарылған кезде шешілмесе, сот отырысында қаралады. Іске қатысушы адамдарға отырыстың уақыты мен орны хабарланады, алайда олардың келмеуі сот шешімін дереу орындау туралы мәселені шешуге кедергі болмайды.
4. Шешімді дереу орындау туралы мәселе жөніндегі сот ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін. Шешімді дереу орындау туралы ұйғарымға жеке шағым, наразылық беру бұл ұйғарымдардың орындалуын тоқтата тұрады.
239-бап. Шешімнің орындалуын қамтамасыз ету
Сот дереу орындауға жіберілмеген шешімді орындауды осы заңда белгіленген ережелер бойынша қамтамасыз ете алады.
Сот бұл іс-әрекеттерді сот қаулыларын орындауға құқығы бар органға атқару парағын орындау үшін жібергенге дейін жүргізеді.
2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен 240-бап өзгертілді (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
240-бап. Сот шешімінің орындалуын кейінге қалдыру және мерзімін ұзарту, оны орындау әдісі мен тәртібін өзгерту, бітімгершілік келісімді бекіту
1. Шешімге қаулы қабылдаған немесе іс бойынша бұйрық шығарған сот, сондай-ақ сот қаулысын орындау орны бойынша сот сот орындаушысының өтініші бойынша немесе атқару ісін жүргізудегі тараптардың арызы бойынша орындау іс әрекетін жүргізуді қиындататын немесе мүмкін емес ететін мән-жайлар болған кезде сот қаулысының орындалуын кейінге қалдыруы немесе мерзімін ұзартуы, оны орындау әдісі мен тәртібін өзгертуі, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу тараптарының арызы бойынша бітімгершілік келісімді бекітуі мүмкін.