12) жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы клиникалық базаларды жоғары және орта медициналық оқу орындарына береді;
13) төтенше жағдайлар кезінде тегін медициналық көмек көрсетуді, дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
14) медицина және фармацевтика кадрларын даярлау, олардың біліктілігін арттыру мен оларды қайта даярлау жөніндегі қызметті ұйымдастырады және үйлестіреді;
15) гигиеналық оқытуды, салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды насихаттау мен қалыптастыруды ұйымдастырады;
16) халықты әлеуметтік маңызы бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралуы туралы хабардар етеді;
17) азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелері бойынша халықаралық және үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасайды;
2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
18) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде статистикалық әдіснама талаптарын сақтай отырып денсаулық сақтау саласындағы ведомстволық статистикалық байқауды жүзеге асырады;
19) ведомстволық бағынысты мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының кәсіптік құзыреттілігіне аттестаттау жүргізеді.
11-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдингтің функциялары
1. Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдингтің функциялары:
1) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;
2) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік және салалық (секторлық) бағдарламаларды әзірлеу мен орындауға қатысу;
3) медициналық көмектің барлық түрін көрсету;
4) инновациялық медициналық технологияларды байқаудан өткізу, оларды Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдарына және денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарына енгізу және трансферттеу;
5) дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізуге қатысу;
6) стандарттарды әзірлеуге және оларды денсаулық сақтау ұйымдарына енгізуге қатысу;
7) консалтингтік, ақпараттық-консультациялық, электрондық және басқа да қызметтерді көрсету;
8) денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық;
9) денсаулық сақтау саласындағы жобаларға қатысу;
10) құрылтай құжаттарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдинг өзіне жүктелген функцияларды орындау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, мемлекеттік органдардан ақпарат сұратуға және алуға құқылы.
12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл
1. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында мемлекеттік органдар мен ұйымдар денсаулық сақтау саласындағы реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға өз құзыреті шегінде көмек көрсетуге міндетті.
2. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардың, халықаралық және басқа да ұйымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан мәртебесі мен өкілеттігін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестіруші орган құрылады. Жергілікті атқарушы органдар жанынан мәртебесі мен өкілеттігін жергілікті атқарушы органдар айқындайтын денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіруші органдар құрылады.
3. Апаттар медицинасы саласындағы мемлекеттік денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарын үйлестіруді және олардың өзара іс-қимылын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Орталық атқарушы органдар әзірлейтін, халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі мәселелерін тікелей немесе жанама түрде қозғайтын нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік құжаттар уәкілетті органмен міндетті түрде келісілуге жатады.
5. Денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілер ведомстволық тиесілігіне қарамастан, органдар мен ұйымдардың орындауы үшін міндетті болып табылады.
2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Ведомстволық медициналық қызметтері бар мемлекеттік органдар ведомстволық бағынысты денсаулық сақтау ұйымдарының (бөлімшелерінің) қызметі және бекітіп берілген контингенттің денсаулық жағдайы жөніндегі ведомстволық есептіліктің денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына табыс етілуін қамтамасыз етеді.
7. Мемлекеттік органдардың ведомстволық медициналық қызметтерінің басшыларын тағайындауды тиісті мемлекеттік органдардың басшылары уәкілетті органмен келісім бойынша жүзеге асырады.
8. Денсаулық сақтаудың электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерінің, ақпараттық-коммуникациялық желілерінің басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстарымен және ақпараттық жүйелерімен, ақпараттық-коммуникациялық желілерімен ақпарат алмасу мәселелері жөніндегі өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
9. Ведомстволық медициналық қызметтері бар мемлекеттік органдар ведомстволық медициналық ақпараттық жүйелердің техникалық параметрлерін, сондай-ақ электрондық ақпараттық ресурстардың мазмұнын уәкілетті органмен келісуді қамтамасыз етеді.
3-тарау.
Денсаулық сақтау саласындағы лицензиялау, аккредиттеу және аттестаттау
13-бап. Медициналық және фармацевтикалық қызметті лицензиялау
Медициналық және фармацевтикалық қызмет Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензиялауға жатады.
14-бап. Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу
1. Көрсетілетін медициналық және фармацевтикалық қызметтердің денсаулық сақтау саласындағы белгіленген талаптар мен стандарттарға сәйкестігін тану мақсатында денсаулық сақтау субъектілері және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы субъектілер денсаулық сақтау саласында аккредиттелуге жатады.
Жеке тұлғалар денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сарапшылық бағалау жүргізу үшін аккредиттелуге жатады.
2. Аккредиттеу ерікті сипатта болады және аккредиттелетін субъектінің қаражаты есебінен және тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылады.
3. Денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеу олардың қызметінің уәкілетті орган бекіткен аккредиттеудің белгіленген стандарттарына сәйкестігін сыртқы кешенді бағалау негізінде жүргізіледі және ол мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде ескеріледі.
4. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізуі үшін жеке тұлғаларды аккредиттеу олардың біліктілігін кешенді бағалау негізінде жүргізіледі.
Тәуелсіз сарапшылар тарту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
5. Аккредиттеуді уәкілетті орган не уәкілетті орган аккредиттеген ұйым жүргізеді.
6. Денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеуді жүзеге асыратын орган (ұйым) денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу жөніндегі тиісті комиссияларды құрады және аккредиттелген субъектілер мен тәуелсіз сарапшылардың деректер банкін қалыптастырады.
Аккредиттеу жөніндегі комиссия туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
15-бап. Денсаулық сақтау саласындағы аттестаттау
1. Денсаулық сақтау саласындағы аттестаттау - денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары басшыларының, республикалық денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының және олардың орынбасарларының (медициналық білімі бар), сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына ведомстволық бағынысты мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының (бұдан әрі - аттестатталатын адамдар) кәсіптік құзыретінің деңгейін айқындаудың кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын рәсімі.
2. Уәкілетті орган денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, республикалық денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының және олардың орынбасарларының (медициналық білімі бар) кәсіптік құзыреттілігін аттестаттауды жүргізеді.
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары (бұдан әрі - денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары) ведомстволық бағынысты мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының кәсіптік құзыреттілігін аттестаттауды жүргізеді.
4. Уәкілетті орган мен денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары аттестаттаудың объективті және құзыретті түрде жүзеге асырылуы мақсатында аттестаттау комиссияларын құрады.
5. Аттестаттау кезіндегі бағалаудың негізгі критерийі аттестатталатын адамдардың өздеріне жүктелген міндеттерді орындау құзыреттілігі болып табылады.
6. Аттестатталатын адамдар әрбір келесі үш жыл өткен сайын, бірақ тиісті лауазымға орналасқан күннен бастап бір жылдан кейін аттестаттаудан өтеді.
4-тарау.
Денсаулық сақтау саласындағы стандарттар, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің)
сәйкестігін растау және жарнама
16-бап. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттар
1. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттардың түрлері:
1) денсаулық сақтау ұйымдарын аккредиттеу стандарттары;
2) денсаулық сақтау саласындағы операциялық рәсімдер стандарттары;
3) медициналық және фармацевтикалық білім беру стандарттары;
4) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы стандарттар.
2. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітіледі.
17-бап. Денсаулық сақтау саласындағы тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сәйкестігін растау
1. Денсаулық сақтау саласындағы тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сәйкестігін растау олардың адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздігін айқындау мақсатында жүргізіледі және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тиісті өндірістік практика жағдайларында өндірілген дәрілік субстанцияларды қоспағанда, Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың сәйкестігін растауды жүзеге асыруға тыйым салынады.
3. Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың сәйкестігін растауды сәйкестікті растау жөніндегі мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
18-бап. Денсаулық сақтау саласындағы жарнама
1. Медициналық қызметтер көрсетуді, профилактиканың, диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың әдістері мен құралдарын (бұдан әрі - көрсетілетін қызметтер), дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, тағамға биологиялық активті қоспаларды жарнамалау уәкілетті орган белгілеген тәртіппен берілетін рұқсат бар болған ретте жүзеге асырылады.
2. Көрсетілетін қызметтердің, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың, тағамға биологиялық активті қоспалардың жарнамасы дәйекті болуға, арнаулы білімсіз немесе арнаулы құралдарды қолданбай түсініліп-танылуға, басқа да көрсетілетін қызметтермен, дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және медициналық техникамен, тағамға биологиялық активті қоспалармен салыстыруды болғызбауға, тұтынушыларды, олардың сеніміне, оның ішінде сипаттамаларына, құрамына, тұтынушылық қасиеттеріне, құнына (бағасына), қолданудың болжамды нәтижелеріне, зерттеулер мен сынақтар нәтижелеріне деген сеніміне қиянат жасау арқылы жаңылыстырмауға тиіс.
3. Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, тағамға биологиялық активті қоспаларды, профилактика құралдарын жарнамалауға;
2) дәрігердің рецептісі бойынша босатылатын дәрілік препараттардың үлгілерін жарнама мақсатында таратуға;
3) балаларға арналған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардан басқа, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың жарнамасына балаларды, олардың бейнесі мен дауысын пайдалануға;
4) қоғамдық көлікте, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың, тағамға биологиялық активті қоспалардың мақсатына, пайдаланылуына және босатылуына қатысы жоқ ұйымдарда олардың жарнамасын таратуға және орналастыруға;
5) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың плакаттар, стендтер, жарықты табло, билбордтар, транспаранттар, афишалар және жарнаманы тұрақты орналастырудың өзге де объектілері түрінде ұсынылған сыртқы (көзге көрінетін) жарнамасын орналастыруға;
6) дәрілік заттар туралы және медициналық мақсаттағы бұйымдар туралы ақпаратты ғылыми немесе білім беру мақсатында, сондай-ақ пациенттерді хабардар ету мақсатында тарату жағдайларын қоспағанда, дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды тағайындауға уәкілетті медицина қызметкерлерін жарнама таратушылар ретінде пайдалануға;
7) тиісті қызмет түрін жүзеге асыруға лицензиясы және жарнамаға уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен берілетін рұқсаты болмаған кезде көрсетілетін қызметтерді, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, тағамға биологиялық активті қоспаларды жарнамалауға;
8) медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы жоқ тұлғалардың көрсететін қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады.
4. Көрсетілетін қызметтердің, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың, тағамға биологиялық активті қоспалардың жарнамасы уәкілетті орган айқындаған сарапшы органның жарнама материалына алдын ала сараптамасынан кейін уәкілетті органның рұқсаты негізінде жүргізіледі.
5. Көрсетілетін қызметтердің, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жарнамасын мамандандырылған медициналық басылымдарда, өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында және денсаулық сақтау ұйымдарында таратуға және орналастыруға жол беріледі.
Рецепт бойынша босатылатын, оның ішінде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды қамтитын дәрілік заттардың жарнамасы тек медицина және фармацевтика қызметкерлеріне арналған мамандандырылған баспасөз басылымдарында ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Жарнаманы шығаруды, тарату мен орналастыруды бақылауды уәкілетті орган мен мемлекеттік органдар өз құзыреттері шегінде жүзеге асырады.
5-тарау.
Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау
19-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау
1. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының сақталуы мен орындалуын тексеруге, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге және оларды жоюға бағытталған шаралар кешенін білдіреді.
2. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау:
1) медициналық қызметтер көрсету;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы;
3) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласында жүзеге асырылады.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
4. Тиісті саладағы жоғары тұрған бас мемлекеттік инспектор немесе бас мемлекеттік санитариялық дәрігер жеке және (немесе) заңды тұлғалардың іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке) немесе актілерге берген арызы (шағымы) бойынша шешімдер шығарылғанға дейін төмен тұрған бас мемлекеттік инспектордың немесе бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің актісінің орындалуын тоқтата тұруға, күшін жоюға не оны кері қайтарып алуға құқылы.
2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді.
20-бап. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының медициналық қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге, сондай-ақ денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық қызметтер көрсету саласындағы нормативтік құқықтық актілерді сақтауын бақылауға бағытталған.
2. Жеке және заңды тұлғалар көрсететін медициналық қызметтер медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау объектілері болып табылады.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де бақылау нысандарында жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
4. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының Медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы және оның орынбасарлары;
2) медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар;
3) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары, олардың орынбасарлары;
4) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекторлары болып табылады.
5. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен медициналық ұйымдар басшылары лауазымдарына Қазақстан Республикасының жоғары медициналық білімі бар азаматтары тағайындалады.
6. Қазақстан Республикасының Медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы тексеру нәтижесі негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органының басшысына нұсқама беруге құқылы.
7. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) денсаулық сақтау субъектілеріне Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беруге;
2) денсаулық сақтау субъектісінен халыққа медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
3) медициналық қызметтер көрсету саласында бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттардан көшірмелер түсіруге;
4) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес аккредиттелу туралы куәліктің қолданылуын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруға және одан айыруға бастамашылық жасауға;
5) өз құзыретінің шегінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасын бұзғандығы үшін әкімшілік жаза қолдануға;
6) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес медициналық қызметке арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға бастамашылық жасауға;
7) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес медициналық қызметке арналған лицензиядан айыруға бастамашылық жасауға;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен маман сертификатының қолданылуын тоқтата тұруға және одан айыруға бастамашылық жасауға;
9) жеке және заңды тұлғалар заңды талаптарды немесе уәкілетті органның лауазымды адамдары берген нұсқамаларды, қаулыларды орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде сотқа жүгінуге;
10) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін немесе қызметінің жекелеген түрлерін тоқтата тұру жөнінде шаралар қабылдауға құқылы.
8. Медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар шығарған шешімдер денсаулық сақтау субъектілерінің орындауы үшін міндетті және оған жоғары тұрған органға және (немесе) сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
21-бап. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау
1. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге, сондай-ақ халықтың денсаулығын сақтау және мекендеу ортасын қорғау мақсатында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен гигиеналық нормативтердің сақталуын бақылауға бағытталады.
2. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау объектілері жеке және заңды тұлғалар, жайлар, ғимараттар, өнеркәсіп орындары, өнім, жабдық, көлік құралдары, су, ауа, тамақ өнімдері және қызметі, пайдаланылуы, тұтынылуы, қолданылуы мен іске қосылуы адамның денсаулық жағдайы мен қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін өзге де объектілер болып табылады.
Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын объектілер мен өнімдер тізбесін уәкілетті орган айқындайды.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
4. Осы Кодекске сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері және оның орынбасарлары;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның басшылары мен мамандары;
3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органының тиісті аумақтардағы және көліктегі аумақтық бөлімшелерінің басшылары - тиісті аумақтардағы және көліктегі бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер, олардың орынбасарлары және мамандар;
4) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар бөлімшелерінің басшылары мен мамандары болып табылады.
5. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар бөлімшелерінің басшылары Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
6. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының басшылары лауазымына Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық бейіндегі жоғары медициналық білімі бар азаматтары тағайындалады.
7. Уәкілетті органның лауазымды адамдарының мыналарға:
1) халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, өндіруге, қолдануға және өткізуге Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіппен тыйым салуға;
2) адам денсаулығына зиянды әсер ететін балалар тамағы өнімдерін, тағамға тағамдық және биологиялық активті қоспаларды, генетикалық түрлендірілген объектілерді, сумен және тамақ өнімдерімен жанасатын материалдар мен бұйымдарды, химиялық заттарды, өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін қолдануға тыйым салуға немесе қолдануды тоқтата тұруға;