3. Ауруханаға жатқызу қажеттілігі анықталған кезде кәмелетке толмаған тиісті медициналық ұйымға жіберіледі.
4. Кәмелетке толмағандар дене жарақатын алған жағдайда куәландыруды арнаулы мекемелер мен ұйымдардың медицина қызметкерлері шұғыл жүргізеді. Медициналық куәландыру нәтижелері белгіленген тәртіппен тіркеледі және жәбірленушіге, аумақтық қорғаншы және қамқоршы органға немесе ата-анасына не оларды алмастыратын адамдарға хабарланады. Арнаулы мекемелер мен ұйымдар әкімшілігінің немесе орган басшысының шешімі бойынша куәландыруды медициналық ұйымдардың қызметкерлері жүргізеді.
5. Кәмелетке толмаған ауыр сырқаттанған не қайтыс болған жағдайда арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі бұл туралы жақын туысқандарына, прокуратура органдарына, аумақтық қорғаншы және қамқоршы органға хабарлайды. Қайтыс болған адамның мәйіті патологиялық-анатомиялық зерттеуден, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген іс-әрекеттер жүргізілгеннен кейін оны сұраған адамдарға беріледі.
Қайтыс болып, мәйіті сұралмаған кәмелетке толмағанды жерлеу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Кәмелетке толмағанның қайтыс болуы мүмкін ауыр науқасы байқалған жағдайда медициналық қорытынды болса арнаулы мекемелер мен ұйымдар әкімшілігінің кәмелетке толмағанды ұстау режимін өзгерту туралы, сондай-ақ емдеуден өту үшін оны денсаулық сақтау ұйымына жіберу туралы мәселе қоюға құқығы бар.
22-7-бап. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандардың міндеттері
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандар:
1) осы Заңда және ішкі тәртіп қағидаларында белгіленген арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұстау режимін сақтауға;
2) арнаулы мекемелер мен ұйымдар әкімшілігінің заңды талаптарын орындауға;
3) гигиена және санитария талаптарын сақтауға;
4) өз өміріне және басқа адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін қасақана іс-әрекеттер жасамауға;
5) арнаулы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерінің ар-намысын қорлайтын іс-әрекеттер жасамауға;
6) арнаулы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлеріне өз қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтірмеуге;
7) өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға;
8) арнаулы мекемелер мен ұйымдардың мүлкіне ұқыпты қарауға;
9) оқу сабақтарына баруға міндетті.
2. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандарға адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін немесе қылмыс құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін не осы мекемелерде кәмелетке толмағандарды ұстау мақсаттарына кедергі келтіретін нәрселерді, заттарды және тамақ өнімдерін өзімен бірге ұстауына тыйым салынады.
3. Кәмелетке толмағандарды оқу-тәрбие процесіне және әлеуметтік оңалтуға байланысты емес іс-шараларға тартуға тыйым салынады.
22-8-бап. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандарға көтермелеу және жазалау шараларын қолдану
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда мынадай көтермелеу шаралары белгіленеді:
1) ауызша немесе бұйрықпен алғыс жариялау, ол кәмелетке толмағанның жеке ісіне тігіледі;
2) бұрын тағайындалған жазаны мерзімінен бұрын алу;
3) грамотамен марапаттау;
4) Құрмет тақтасына енгізу;
5) тәрбиеленушінің жақсы мінез-құлқы мен оның оқудағы және еңбектегі жетістіктері туралы ата-анасына, олардың орнындағы адамдарға не бұрын оқыған жеріне хабарлау;
6) үздік сыныпқа немесе топқа жалауша, грамота беру;
7) «Үздік маман» атағын беру.
2. Режимді және ішкі тәртіп қағидаларын бұзғаны үшін кәмелетке толмағандарға мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкін:
1) ескерту;
2) ауызша немесе бұйрықпен сөгіс жариялау, ол кәмелетке толмағанның жеке ісіне тігіледі;
3) кәмелетке толмағандардың, топтың немесе сыныптың жалпы жиналысында, ерекше ұстау режиміндегі білім беру ұйымының не арнаулы білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінде талқылау.».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2010 жылғы желтоқсанның 29-ы.
№ 375-IV ҚРЗ