10) мынадай мазмұндағы 3-1 және 3-2-тараулармен толықтырылсын:
«3-1-тарау. Адамдарды қабылдау-бөлу орындарында ұстау
46-1-бап. Қабылдау-бөлу орындарына жеткізілген адамдарды қабылдау және тіркеу
1. Белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды қабылдау ішкі істер органдары қаулысының негізінде жүзеге асырылады.
2. Егер қабылдауға бөлінген мерзім ішінде жеке басы анықталмаса, ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бекітетін тәртіппен іс-шаралар кешенін жүргізеді.
Адамның тұрғылықты жерін және (немесе) жеке басын анықтау мүмкін болмаған кезде ішкі істер органдары сотқа мұндай адамға қатысты жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді қолдану туралы қаулыны ол ұсталған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде жібереді.
Сот санкциясы алынғаннан кейін қаулы белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамға қолхат ала отырып дереу хабарланады. Сот жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді қолдану туралы қаулыны санкциялаудан бас тартқан жағдайда, мұндай адам қабылдау-бөлу орнынан дереу босатылады.
3. Жанында балалары бар, белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамды ұстаған кезде сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның тұрып жатқан жерін анықтау жөніндегі шараларды қолданады.
4. Шетелдіктерді қабылдау-бөлу орындарына орналастырған кезде ұстауды жүзеге асырған мемлекеттік орган бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына, Сыртқы істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Ішкі істер министрлігіне дереу хабарлайды.
5. Қабылдау-бөлу орнына жеткізілген және орналастырылған әр адам жеке тексеріледі, медициналық куәландырудан, санитариялық өңдеуден өткізіледі, дактилоскопияланады және суретке түсіріледі.
6. Жеке тексеру, медициналық куәландыру, санитариялық өңдеу, дактилоскопиялау, суретке түсіру тәртібі, сондай-ақ алып қоюға жататын заттар тізбесі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бекітетін қабылдау-бөлу орнындағы ішкі тәртіп қағидаларында айқындалады.
46-2-бап. Қабылдау-бөлу орындарына орналастырылған адамдарды тексеру
1. Қабылдау-бөлу орнына орналастырылған, белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адам жеке басын анықтау мақсатында тексеріледі.
2. Қабылдау-бөлу орнына орналастырылған адамнан жауап алу ол қабылдау-бөлу орнында болған тәулік ішінде жүргізіледі. Жауап алудың нәтижелері жауап алынушының және жауап алуды жүргізген қызметкердің қолы қойылатын хаттамамен ресімделеді.
46-3-бап. Қабылдау-бөлу орнында ұстау мерзімдері, одан босату тәртібі мен негіздері
1. Белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адам қабылдау-бөлу орнына ішкі істер органының жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді қолдану туралы сот санкциялаған қаулысы негізінде отыз тәулікке дейінгі мерзімге орналастырылады.
2. Белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адам қабылдау-бөлу орнынан осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімнен бұрын, мынадай:
1) жеке басы анықталған;
2) қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасауға қатыстылығы анықталған;
3) адамның кәмелетке толмағандығы анықталып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына жіберілген жағдайларда босатылады.
3. Белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адам қабылдау-бөлу орнынан босатылған кезде қабылдау-бөлу орнының бастығы немесе оның орынбасары қаулы шығарады, онда жеке басын анықтау бойынша тексеру нәтижелері баяндалады. Босатылған сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде прокурор, сот және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы жазбаша түрде хабардар етіледі.
Қабылдау-бөлу орнынан босатылған, белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамға одан сақтауға алып қойылған, сақталуы заңсыз болып табылатын нәрселер мен заттарды қоспағанда, құжаттары, ақшасы және заттары қолхат ала отырып қайтарылады.
4. Қабылдау-бөлу орнынан босатылған кезде белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарға одан әрі орналасатын жеріне жету уақытына қабылдау-бөлу орнында ұстау үшін көзделген тамақтану нормалары бойынша құрғақ азық-түлік және босатылғаны туралы анықтама беріледі.
46-4-бап. Қабылдау-бөлу орындарында ұстау режимі
1. Қабылдау-бөлу орындарында ұсталушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және олардың өз бетінше кету мүмкіндігін болғызбайтын режим белгіленеді. Қабылдау-бөлу орнында ұстау, үй-жайды жабдықтау шарттары, күн тәртібі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бекітетін қабылдау-бөлу орнындағы ішкі тәртіп қағидаларында айқындалады.
2. Қабылдау-бөлу орындарында ұсталушы, белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдар күзетте ұсталатындар және уақытша ұстау изоляторындағылар үшін белгіленген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі.
Егер ұсталғандармен бірге балалар болса, олар сот шешімі бойынша бөлек камераға бірге орналастырылып, Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы туралы заңнамасына сәйкес тамақпен қамтамасыз етілуі мүмкін.
3. Қабылдау-бөлу орнына орналастырылған ер адамдар әйел адамдардан бөлек ұсталады.
4. Қабылдау-бөлу орнында ұсталушы адамдарға «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дене күші және арнайы құралдар қолданылуы мүмкін.
46-5-бап. Қабылдау-бөлу орындарында ұсталушы адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Қабылдау-бөлу орындарында ұсталушы адамдардың:
1) өздерінің құқықтары мен міндеттері, қабылдау-бөлу орнында ұсталу режимі, ұсыныстар, арыздар мен шағымдар беру тәртібі туралы ақпарат алуға;
2) қабылдау-бөлу орнында болу кезеңінде жеке басының қауіпсіздігіне;
3) ішкі тәртіп қағидаларында бекітілетін нормалар бойынша оларға материалдық-тұрмыстық және медициналық-санитариялық қызмет көрсетілуіне;
4) түнгі уақытта сегіз сағат ұйықтауға;
5) күніне кемінде екі сағат күнделікті серуенге;
6) ішкі тәртіп қағидаларының және қабылдау-бөлу орнында ұсталушы басқа да адамдардың құқықтарының сақталуы шартымен діни жоралар жасауға;
7) қабылдау-бөлу орнының әкімшілігіне, прокуратура органдарына, сотқа өздерін ұстаудың заңдылығы мен негізділігі, сондай-ақ өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы мәселелері бойынша жүгінуге құқығы бар.
2. Қабылдау-бөлу орындарына орналастырылған адамдар ішкі тәртіп қағидаларын орындауға міндетті.
3. Белгіленген ішкі тәртіп қағидаларын бұзған адамдарға теріс қылығының сипатына немесе ауырлығына байланысты мынадай ықпал ету шаралары:
1) ескерту;
2) қабылдау-бөлу орнының үй-жайларын жинау бойынша кезектен тыс наряд қолданылады.
Ықпал ету шараларын қолдану туралы шешімді қабылдау-бөлу орнының бастығы қабылдайды және дәлелді қаулымен ресімделеді.
3-2-тарау. Әкімшілік қамауға алынған адамдарды арнаулы қабылдау орындарында ұстау
46-6-бап. Әкімшілік қамауға алынған және арнаулы қабылдау орындарына жеткізілген адамдарды қабылдау мен тіркеу
1. Әкімшілік қамауға алынған адамдар арнаулы қабылдау орнына түскен кезде:
1) судьяның өзі қол қойған және соттың мөрімен бекітілген қамауға алу туралы қаулысының;
2) арнаулы қабылдау орындарында сақтауға тыйым салынған алып қойылған заттарын жеке тексеру хаттамасының;
3) әкімшілік қамауға алынған адамның жеке басын куәландыратын құжаттарының болуы тексеріледі.
2. Арнаулы қабылдау орнына жеткізілген адамдарды тіркеу, жеке тексеру жүргізу, медициналық куәландыру, дактилоскопиялау, суретке түсіру тәртібі, сондай-ақ алып қоюға жататын заттар тізбесі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бекітетін арнаулы қабылдау орнындағы ішкі тәртіп қағидаларында айқындалады.
3. Әкімшілік қамауға алынған адамдардың арнаулы қабылдау орнына орналастырылғаны немесе олардың тиісті медициналық ұйымдарға жіберілгені туралы арнаулы қабылдау орнының әкімшілігі бір тәулік ішінде олардың жақын туысқандарына тұрғылықты жері бойынша хабарлайды.
4. Әкімшілік қамауға алынған адамдардың сотқа, прокуратура органдарына немесе басқа да мемлекеттік органдарға жазған өтініштері қаралмайды және олар берілген уақытынан бастап жиырма төрт сағат ішінде мекен-жайы бойынша жіберіледі.
46-7-бап. Әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстау режимі
1. Әкімшілік қамауға алынған адамдар есіктерінде берік ілмектері және қарау тесіктері болуға тиіс камераларда ұсталады, терезелер металл тормен жабдықталады. Әр камерада арнаулы қабылдау орнындағы ішкі тәртіп қағидалары ілінеді.
2. Арнаулы қабылдау орындарында тәулік бойы кезекшілікті қамтамасыз ететін және онда ұсталушы адамдардың мекеменің шегінен тысқары жерлерге өз бетінше кету мүмкіндігін болғызбайтын режим белгіленеді.
Әкімшілік қамауға алынған адамдарға «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дене күші және арнайы құралдар қолданылуы мүмкін.
3. Арнаулы қабылдау орындарында ұсталушы, әкімшілік қамауға алынған адамдар күзетте ұсталатындар және уақытша ұстау изоляторындағылар үшін белгіленген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі. Тамақ өнімдерін күн сайын ведомость бойынша кезекші береді.
4. Арнаулы қабылдау орындарына орналастырылған ер адамдар әйел адамдардан бөлек орналастырылады.
5. Туберкулездің жұқпалы түрімен, соз және басқа да инфекциялық аурулармен ауыратындар әкімшілік қамауға алынған басқа адамдардан оқшауландырылады.
46-8-бап. Арнаулы қабылдау орындарында ұсталушы, әкімшілік қамауға алынған адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Арнаулы қабылдау орындарында ұсталушы, әкімшілік қамауға алынған адамдардың:
1) өздерінің құқықтары мен міндеттері, арнаулы қабылдау орнында ұсталу режимі, ұсыныстар, арыздар мен шағымдар беру тәртібі туралы ақпарат алуға;
2) арнаулы қабылдау орнында болу кезеңінде жеке басының қауіпсіздігіне;
3) арнаулы қабылдау орнындағы ішкі тәртіп қағидаларында бекітілетін нормалар бойынша материалдық-тұрмыстық және медициналық-санитариялық қызмет көрсетілуіне;
4) хаттар, жөнелтімдер, бандеролдар мен сәлемдемелер алуға;
5) түнгі уақытта сегіз сағат ұйықтауға;
6) күніне кемінде екі сағат күнделікті серуендеуге;
7) арнаулы қабылдау орнындағы ішкі тәртіп қағидаларының және басқа да адамдардың құқықтарының сақталуы шартымен діни жоралар жасауға;
8) арнаулы қабылдау орнының әкімшілігіне, прокуратура органдарына, сотқа өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы мәселелері бойынша жүгінуге құқығы бар.
2. Арнаулы қабылдау орындарына орналастырылған, әкімшілік қамауға алынған адамдар арнаулы қабылдау орнындағы ішкі тәртіп қағидаларын орындауға міндетті.
46-9-бап. Әкімшілік қамауға алынған адамдарды арнаулы қабылдау орнынан босату
1. Әкімшілік қамауға алынған адамдар арнаулы қабылдау орнынан судьяның қаулысымен белгіленген әкімшілік қамау мерзімін өтегеннен кейін босатылады.
2. Босатылған адамдарға олардан сақталуы заңсыз болып табылатын заттардан басқа, сақтауға алып қойылған құжаттары, ақшасы мен заттары қолхат ала отырып қайтарылады.
3. Әкімшілік қамауға алынған адамдар атыс қаруын немесе суық қаруды, жарылғыш, қатты әсер ететін немесе улы заттарды және есірткі заттарын заңсыз сақтаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешімдер қабылданады.
4. Босатылған адамға оның арнаулы қабылдау орнында болғаны туралы анықтама беріледі.»;
11) 49-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«49-бап. Адамдарды арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттарын қадағалау
Адамдарды арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттарын қадағалауды прокуратура органдары жүзеге асырады.»;
12) мынадай мазмұндағы 50 және 51-баптармен толықтырылсын:
«50-бап. Қоғамдық бақылау
1. Қоғамдық бірлестіктер арнаулы мекемелерде ұсталушы адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ұсталу шарттары, медициналық-санитариялық қамтамасыз етілуі, еңбегін, бос уақыты мен оқуын ұйымдастыру бөлігінде құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруда оларға жәрдемдесу мақсатында қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.
2. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың қоғамдық бақылау комиссиялары құрылады.
3. Қоғамдық бақылау комиссиялары арнаулы мекемелердің әкімшілігіне оларда ұсталушы адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау мақсатында жәрдемдесуге құқылы.
4. Қоғамдық бақылау және қоғамдық бақылау комиссияларының арнаулы мекемелер әкімшілігінің қызметіне жәрдемдесуі еріктілік, тең құқылық және заңдылық қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
5. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде арнаулы мекемелердің қызметіне, сондай-ақ жедел-іздестіру, қылмыстық-іс жүргізу қызметіне және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге араласуға жол берілмейді.
51-бап. Қоғамдық бақылау комиссиясының өкілеттіктері
1. Қоғамдық бақылау комиссиясы, сондай-ақ қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері:
1) қоғамдық бақылау комиссиясының кемінде екі мүшесінің құрамында орталық атқарушы органдар айқындайтын тәртіппен арнаулы мекемелерге кедергісіз баруға;
2) арнаулы мекемелерде ұсталушы адамдардың келісімі болған кезде олармен әңгімелесуге, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы мәселелері бойынша өтініштер мен шағымдар қабылдауға;
3) арнаулы мекеме әкімшілігіне және (немесе) прокуратура органдарына арнаулы мекемелерде ұсталушы адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты мәселелер бойынша өтініштермен жүгінуге құқылы.
2. Арнаулы мекемелерде ерекше шарт режимі енгізілген кезеңде қоғамдық бақылау комиссиясының аталған мекемелерге бару жөніндегі өкілеттіктері тоқтатыла тұрады.
3. Өз өкілеттіктерін орындау кезінде қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері арнаулы мекемелердің қызметін қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық актілердің ережелерін сақтауға, сондай-ақ аталған мекемелер әкімшілігінің заңды талаптарына бағынуға міндетті. Қоғамдық бақылау іс-шараларын өткізу іс жүргізушілік іс-әрекеттерді жүзеге асыруға кедергі келтірмеуге тиіс.».
4. «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 18, 105-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 15-16, 72-құжат; 2010 ж., № 8, 41-құжат; 2010 жылғы 27 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2010 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) мынадай мазмұндағы 14-1-баппен толықтырылсын:
«14-1-бап. Кәмелетке толмағандарды арнаулы мекемелер мен ұйымдардан шығару (босату) негіздері
1. Кәмелетке толмағандар арнаулы білім беру ұйымдарынан мынадай жағдайда:
1) сот айқындаған мерзім аяқталғанда;
2) кәмелеттік жасқа толуына байланысты мерзімінен бұрын;
3) мерзімінен бұрын, егер сот мекеме әкімшілігінің не кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссия ұсынысының негізінде кәмелетке толмағанға осы шараны одан әрі қолданудың қажеті жоқ деген қорытындыға келсе;
4) кәмелетке толмаған ерекше ұстау режиміндегі білім беру ұйымына жіберілгенде;
5) осы Заңға сәйкес аталған мекемеде кәмелетке толмағанның болуы мүмкін болмайтын мән-жайлар туындағанда шығарылады.
2. Кәмелетке толмағандар ерекше ұстау режиміндегі білім беру ұйымдарынан мынадай жағдайда:
1) сот айқындаған мерзім аяқталғанда;
2) кәмелетке толуына байланысты мерзімінен бұрын;
3) мерзімінен бұрын, егер сот мекеме әкімшілігінің немесе кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссия ұсынысының негізінде кәмелетке толмаған осы шараны өзін түзеуге одан әрі қолдануды қажет етпейді деген қорытындыға келсе;
4) осы Заңға сәйкес аталған мекемеде кәмелетке толмағанның болуы мүмкін болмайтын мән-жайлар туындағанда шығарылады.
3. Кәмелетке толмағандар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарынан мынадай жағдайда:
1) ата-аналары немесе басқа заңды өкілдері анықталғанда;
2) арнаулы білім беру ұйымдарына, ерекше ұстау режиміндегі білім беру ұйымдарына орналастырылғанда;
3) балалар үйіне (интернатқа) орналастырылғанда;
4) сот үкімі заңды күшіне енгенде;
5) осы Заңға сәйкес аталған мекемеде кәмелетке толмағанның болуы мүмкін болмайтын мән-жайлар туындағанда босатылады.»;
2) 22-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«22-бап. Өздерiне қатысты жеке профилактика шаралары қолданылатын адамдардың құқықтары
1. Өздерiне қатысты жеке профилактика шаралары қолданылатын кәмелетке толмағандар, олардың ата-аналары немесе заңды өкiлдерi, сондай-ақ өзге де адамдар Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінде кепiлдiк берiлген құқықтармен және бостандықтармен қамтамасыз етiледi.
2. Арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше ұстау режиміндегі білім беру ұйымдарында және Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарында ұсталушы кәмелетке толмағандардың осы баптың 1-тармағында аталған құқықтармен қатар, белгiленген тәртiппен:
1) өздерінің арнаулы мекемелер мен ұйымдарға орналастырылғандары туралы ата-аналарына немесе заңды өкiлдерiне хабарлауға;
2) кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесi органдары мен мекемелерiнiң қызметкерлерi қабылдаған шешiмдерге аталған жүйенiң жоғары тұрған органдарына, сондай-ақ прокуратура органдарына, сотқа шағымдануға;
3) өзінің құқықтары мен міндеттері, ұстау режимі мен тәртіптік талаптар туралы ақпарат алуға;
4) арнаулы мекемелер мен ұйымдарда, сондай-ақ олардың орналасқан жеріне, тұрғылықты жеріне не тұрмыстық орналасатын жеріне бара жатқандағы жеке қауіпсіздігіне;
5) iзгiлiктi, адамның ар-намысын кемсiтпейтiн қарым-қатынас жасалуына;
6) саны шектелмеген телефонмен сөйлесулер және кездесулер арқылы отбасымен байланыс жасап тұруға, саны шектелмеген жөнелтімдер, бандеролдар, сәлемдемелер алуға және хаттар мен жеделхаттар алуға және жiберуге;
7) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен нормалар бойынша тегiн тамақпен, киiммен, аяқ киiммен және басқа да заттай ризықпен қамтамасыз етiлуге;
8) ата-анасымен не олардың орнындағы адамдармен, туысқандарымен және өзге де адамдармен кездесуге;
9) түнгі уақытта сегіз сағат ұйықтауға, ал үштен жеті жасқа дейінгі балалардың күндізгі уақытта қосымша екі сағат ұйықтауға;
10) ұзақтығы кемінде екі сағат күнделікті серуендеуге;
11) арнаулы білім беру ұйымдарында және ерекше ұстау режиміндегі білім беру ұйымдарында болу кезеңінде бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім алуға;
12) арнаулы мекемелерде белгіленген ішкі тәртіп қағидаларының және ұстау режимінің сақталуы шартымен діни жоралар жасауға;
13) арнаулы мекемелер мен ұйымдарда бар әдебиеттер мен мерзімді баспасөз басылымдарын пайдалануға;
14) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуға;
15) өндірістік практика кезеңінде атқарған жұмысы үшін ақшалай сыйақы алуға құқығы бар.»;
3) мынадай мазмұндағы 22-1, 22-2, 22-3, 22-4, 22-5, 22-6, 22-7 және 22-8-баптармен толықтырылсын:
«22-1-бап. Кәмелетке толмағандардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Кәмелетке толмағанның өмірі мен денсаулығы үшін қатер төнген кезде арнаулы мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері оның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды шұғыл қабылдауға міндетті.
22-2-бап. Қорғаушыларымен, туысқандарымен және өзге адамдармен кездесулер
1. Кәмелетке толмағандар арнаулы мекемелер мен ұйымдарға орналастырылған кезден бастап оларға қорғаушысымен оңаша және жасырын кездесуге мүмкіндік беріледі.
2. Кездесулер арнаулы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерінің бақылауымен жүзеге асырылады. Кәмелетке толмағанға тыйым салынған нәрселерді, заттарды және тамақ өнімдерін не қылмыс жасауға ықпал етуі мүмкін мәліметтер беруге әрекет жасалған жағдайда, кездесулер мерзімінен бұрын тоқтатылады.
3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының шешімі бойынша шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің ресми өкілдерінің өзі өкілі саналатын мемлекеттің азаматы болып табылатын шетелдік кәмелетке толмағанға баруға құқығы бар.
23-3-бап. Хат-хабар алмасу
1. Кәмелетке толмағандарға туысқандарына және өзге де адамдарға саны шектелмеген хат немесе жеделхат алуға, жіберуге рұқсат етіледі.
2. Кәмелетке толмағандардың хат-хабар алмасуы арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі арқылы ғана жүзеге асырылады.
3. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандардың атына келіп түскен хаттарды тапсыруды, сондай-ақ оның хаттарын адресаттарға жіберуді арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі мереке және демалыс күндерін қоспағанда, хат келіп түскен немесе оны кәмелетке толмаған тапсырған күннен бастап үш күн мерзімнен кешіктірмей жүргізеді.
4. Жақын туысқанының қайтыс болуы немесе ауыр сырқаттануы туралы мәліметтер кәмелетке толмағанға олар алынысымен дереу хабарланады.
5. Арнаулы мекемелер мен ұйымдардан кеткеннен кейін кәмелетке толмағанның атына келген хаттар алынғаннан кейін үш күн мерзімнен кешіктірілмей, оның кеткен жеріне жіберіледі.
22-4-бап. Өтініштерді жіберу
1. Кәмелетке толмағандардың мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарына жазған өтініштері арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі арқылы жіберіледі.
2. Сотқа, прокуратура органдарына және мемлекеттік органдарға жазылған өтініштерді арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі жиырма төрт сағаттан кешіктірмей адресатқа жібереді.
3. Өтініштерге келген жауаптар кәмелетке толмағандарға қолхат ала отырып хабарланады және жеке ісіне тігіледі.
4. Құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына байланысты жазған өтініштері үшін кәмелетке толмағандарды кез келген нысанда қудалауға жол берілмейді. Мұндай қудалауға кінәлі арнаулы мекемелер мен ұйымдардың лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
22-5-бап. Тамақтану, тамақ өнімдерін және бірінші кезектегі қажеттілік заттарын сатып алу
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын нормалар бойынша тамақпен, киіммен, аяқ киіммен және жұмсақ мүкәммалмен қамтамасыз етіледі.
2. Тамақтану ойын және жатын бөлмелерден бөлек үй-жайларда (асханаларда) жүзеге асырылады.
3. Арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі кәмелетке толмағандарға гигиена, санитария және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келетін жағдайлар жасауға міндетті.
4. Арнаулы мекемелер мен ұйымдар кәмелетке толмағандарға арналған, гигиена, санитария және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келетін, сондай-ақ арнаулы мекемелер мен ұйымдардан кәмелетке толмағандардың өз бетімен кетіп қалу жағдайларын болғызбайтын ойын залдарымен, жатын үй-жайлармен, тамақтануға арналған үй-жайлармен, оқу сыныбымен және серуендеу аулаларымен жарақтандырылуға тиіс.
5. Кәмелетке толмағандар оқу құралдарымен, әдебиетпен, кеңсе заттарымен және міндетті орта білім алу үшін қажетті басқа құралдармен қамтамасыз етіледі.
22-6-бап. Медициналық-санитариялық қамтамасыз ету
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі белгіленген санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптардың сақталуын, кәмелетке толмағандардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Кәмелетке толмағандарға медициналық, оның ішінде психиатриялық көмек көрсетуді арнаулы мекемелер мен ұйымдардың медицина қызметкерлері жүзеге асырады.