5. Жеке сот орындаушылары тексеру жүргізуге уәкілетті лауазымды адамдарға жеке және заңды тұлғалармен есеп айырысуларға қатысты мәліметтер мен құжаттарды, сондай-ақ тексеру жүргізу үшін қажетті өзге де ақпаратты беруге міндетті.
6. Осы баптың ережелері жеке сот орындаушыларын алмастыратын адамдарға да қолданылады.
170-бап. Жеке сот орындаушыларының тәртіптік теріс қылықтары
Сот орындаушыларының:
1) лауазымдық міндеттерінің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына кінәлілігі, оның ішінде жеке сот орындаушысы үшін белгіленген ставкаларға сай келмейтін тарифтер мен сыйақылар алуы;
2) Жеке сот орындаушыларының кәсіби ар-намыс кодексін бұзуы тәртіптік теріс қылықтар болып табылады.
171-бап. Тәртіптік іс жүргізу
1. Жеке сот орындаушыларына тәртіптік жазалар қолдануға тәртіптік теріс қылықтарды қарау үшін құрамында тақ саннан тұратын кемінде бес мүшесі бар тәртіптік комиссия құратын уәкілетті орган мен аумақтық органның құқығы бар.
2. Уәкілетті немесе аумақтық органның басшысы құратын тәртіптік комиссиялардың құрамына жеке сот орындаушыларының тиісті өңірлік алқасының өкілі міндетті түрде кіреді.
3. Тәртіптік комиссияның отырысын өткізу тәртібі уәкілетті орган бекіткен ережемен айқындалады.
172-бап. Тәртіптік жазалар
1. Жеке сот орындаушыларына қолданылатын тәртіптік жазалар мыналар:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) уәкілетті органның жеке сот орындаушысын лицензиясынан айыру туралы сотқа талап-арыз жолдауы болып табылады.
2. Әрбір теріс қылық үшін бір ғана тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.
3. Тәртіптік жаза тәртіптік комиссияның қорытындысы негізінде уәкілетті немесе аумақтық орган басшысының бұйрығымен қолданылады.
4. Жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілік мәселелері осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
17-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
173-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу
Осы Заң, осы Заңды қолданысқа енгізгеннен кейін үш жыл бойы алименттер өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарға ғана қолданылатын 34-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
174-бап. Өтпелі ережелер
Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы құрылғанға дейін оның нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау бөлігіндегі функцияларын уәкілетті орган жүзеге асырады.
175-бап. Қорытынды ережелер
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 1998 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 13, 195-құжат; № 24, 436-құжат; 1999 ж., № 23, 922-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 6, 142-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 10, 49-құжат; № 11, 67-құжат; 2004 ж., № 24, 153-құжат; 2006 ж., № 11, 55-құжат; 2007 ж., № 4, 28-құжат; № 5-6, 40-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 17, 81-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2010 жылғы сәуірдің 2-і.
№ 261-IV