1. Жеке сот орындаушысы:
1) жеке сот орындаушысы қызметіне тағайындалғаннан кейін тіркелу үшін үш жұмыс күні ішінде салық органына өтініш беруге;
2) осы Заңның және Қазақстан Республикасының сот орындаушысының қызметін реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес атқарушылық әрекеттер жасауға;
3) өзінің кәсіби міндеттерін адал орындауға, жеке адамдардың жеке өмірінің мән-жайларына қатысты құпияны сақтауға, қызметінің нәтижесінде өзіне белгілі болған коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге жол бермеуге міндетті.
Аталған міндет жеке сот орындаушысының өкілеттігін тоқтатқаннан кейін де күшінде қалады. Құпияны сақтау туралы талапты жеке сот орындаушысы кеңсесінің қызметкерлері мен аталған мәліметтерге қолжетімді басқа адамдар да сақтауға міндетті;
4) барлық қозғалған атқарушылық іс жүргізулер туралы олар қозғалған күннен кейінгі күннен кешіктірмей жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасына хабарлауға;
5) кәсіби әдепті сақтауға;
6) кеңсесінің болуына;
7) заңмен көзделген жағдайларда жасалған атқарылған әрекеттер туралы мәліметтерді, құжаттардың өзге де көшірмелерін, қажет болған жағдайда - түсініктемелер, оның ішінде кәсіби әдеп талаптарын сақтамау мәселелері бойынша жеке түсініктемелер беруге;
8) негіздер болған кезде аумақтық органға (бөлімге) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау үшін материалдарды жіберуге;
9) өзінің кәсіби біліктілігін үнемі арттырып отыруға;
10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқа да міндеттерді атқаруға міндетті.
2. Жеке сот орындаушысы жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасына нысаны мен мерзімін уәкілетті орган бекітетін өз қызметі туралы ақпарат беріп отырады.
149-бап. Жеке сот орындаушысының қызметін шектеу
Жеке сот орындаушысы ғылыми, оқытушылық немесе шығармашылық қызметті қоспағанда, ақылы қызметтің өзге де түрлерімен айналысуға құқылы емес.
150-бап. Жеке сот орындаушысының жауапкершілігі
1. Жеке сот орындаушысының өзіне жүктелген міндеттер мен лауазымдық өкілеттіктерді орындамауы не тиісінше орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларға және басқа да адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін атқарушылық әрекеттерді жасау салдарынан келтірілген залалды өтеуге міндетті.
151-бап. Жеке сот орындаушысын кезекті аттестаттау
1. Жеке сот орындаушысы үш жылда бір рет аттестатталуға тиіс. Аттестаттау жеке сот орындаушысының кәсіби білімін және оларды атқарушылық әрекеттер жасаған кезінде қолдана білуін бағалау мақсатында оның атқаратын қызметіне сай келуін, осы Заңда жеке сот орындаушыларына қойылатын талаптарға сай келуін айқындау үшін жүргізіледі.
2. Жеке сот орындаушыларын кезекті аттесттаттауды уәкілетті орган бекіткен Біліктілік комиссиясы туралы ережеде көзделген тәртіппен біліктілік комиссиясы өткізеді.
3. Аттестаттауды өткізудің және біліктілік комиссиясы отырысының нақты мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды және жеке сот орындаушысының назарына кезекті аттестаттаудан кемінде екі ай бұрын жеткізеді.
4. Жеке сот орындаушысын кезекті аттестаттаудың қорытындылары бойынша теріс шешім қабылданған жағдайда алты айдан кешіктірмей қайта аттестаттау өткізіледі.
Біліктілік комиссиясының жеке сот орындаушысын қайта
аттестаттау қорытындысы бойынша атқаратын қызметіне сай келмейді деп тануы туралы шешімі жеке сот орындаушысының лицензиясын кері қайтарып алу үшін негіз болып табылады.
3-параграф. Жеке сот орындаушысының қызметін ұйымдастыру
152-бап. Атқару округі және учаскесі (жеке сот орындаушысы қызметінің аумағы)
1. Атқару округі (жеке сот орындаушысы қызметінің аумағы) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісіне сәйкес белгіленеді.
2. Жеке сот орындаушысы қызметінің аумағын, сондай-ақ атқару округі шегіндегі жеке сот орындаушыларының санын уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен бірлесіп айқындайды.
Облыс орталығының және Астана мен Алматы қалаларының шектеріндегі жеке сот орындаушысы қызметінің аумағы облыс орталығының және Астана мен Алматы қалаларының бүкіл аумағына қатысты болады. Атқару округтері болып табылатын облыс аудандарының шектеріндегі жеке сот орындаушысы қызметінің аумағы облыс ауданының бүкіл аумағын қамтиды.
3. Кез келген жеке немесе заңды тұлға атқарушылық құжатты орындауды жүзеге асыру үшін, егер борышкер оның қызмет аумағында тұратын болса (заңды тұлғалар үшін - заңды мекенжайы), оның мүлкі не жұмыс орны орналасқан болса, атқарылатын жері бойынша атқару округінің аумағындағы кез келген жеке сот орындаушысына өтініш жасауға құқылы.
153-бап. Жеке сот орындаушысының кеңсесі
1. Жеке сот орындаушысының кеңсесі жеке сот орындаушысының жұмыс орны болып табылады.
2. Жеке сот орындаушысының кеңсесі оның қызметі үшін аумақтық орган жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасымен бірлесіп айқындаған атқару округінің аумағында, еркін кіру үшін ашық және азаматтарды қабылдау үшін жарамды жерде орналасуға тиіс. Жеке сот орындаушысы кеңсесінің тұрған жері мен жабдықталуына қойылатын талаптарды уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалык алқасымен бірлесіп белгілейді.
3. Бір атқару округіне жұмысқа тағайындалған жеке сот орындаушыларының аумақтық органның рұқсатымен ортақ кеңсесі болуы мүмкін. Ортақ кеңсені ұстаған жағдайда әрбір жеке сот орындаушысы өкілеттігін өз атынан жүзеге асырады және оларды жасағаны үшін жеке жауаптылықта болады.
4. Жеке сот орындаушысы жұмыс күндерінде аптасына кемінде екі рет, ұзақтығы төрт сағаттық жеке қабылдау уақытын белгілеуге тиіс. Жеке сот орындаушысы кеңсесінің жұмыс уақыты мен қабылдау сағаттары жалпы жұрттың назарына жеткізілуге тиіс.
5. Жеке сот орындаушылары дара кәсіпкерлер үшін нормативтік құқықтық актілерде белгіленген қағидаларға сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізеді.
154-бап. Жеке сот орындаушысының куәлігі, жеке мөрі, жетоны, мөртабандары және бланкілері
Жеке сот орындаушысының өзінің тегі, аты мен әкесінің аты, жеке сот орындаушылары өңірлік алқасының, атқару округінің атаулары, лицензиясының нөмірі көрсетілген куәлігі, жеке мөрі, сондай-ақ мөртабандары, жеке бланкілері мен жетоны болады. Куәлігінің, жеке мөрі мен жетонының үлгілерін уәкілетті орган бекітеді. Куәлікті, жеке мөрді және жетонды дайындауды және беруді жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы ұйымдастырады.
155-бап. Атқарушылық іс жүргізудегі іс жүргізу
1. Жеке сот орындаушысының кеңсесіндегі іс жүргізуді жеке сот орындаушылары уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүргізеді.
2. Жеке сот орындаушыларының іс жүргізу ережелерін орындауын бақылауды жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасымен бірлесе отырып аумақтық органдар жүзеге асырады.
156-бап. Жеке сот орындаушысының көмекшілері мен тағылымдамашылары
1. Жеке сот орындаушысы өзінің көмекшілері мен тағылымдамашыларының болуына құқылы.
2. Жеке сот орындаушысының лицензиясы бар Қазақстан Республикасының азаматы жеке сот орындаушысының көмекшісі бола алады.
3. Жоғары заңгерлік білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары сот орындаушысының тағылымдамашылары бола алады. Тағылымдамашылар сот орындаушысы болып кемінде үш жыл, оның ішінде жеке сот орындаушысы болып кемінде бір жыл еңбек өтілі бар жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өтеді. Жеке сот орындаушысының бір мезгілде екеуден аспайтын тағылымдамашы алуға құқығы бар.
4. Жеке сот орындаушылары тағылымдамашыларының тағылымдамадан өтуінің тәртібі, мерзімдері мен шарттары Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен келiсу бойынша уәкілетті орган бекітетін жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеде айқындалады.
5. Жеке сот орындаушысының тағылымдамашысы мен көмекшісінің құқықтары және міндеттері еңбек шартында айқындалады.
4-параграф. Жеке сот орындаушысын алмастыру
157-бап. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған, лицензиясынан айырылған немесе қызметі тоқтатылған жағдайда жеке сот орындаушысын алмастыру тәртібі
Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған, лицензиясынан айырылған немесе қызметі тоқтатылған жағдайда, жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының басшысымен келісілген аумақтық орган басшысының шешімімен оның міндетін уақытша атқарушы болып басқа жеке сот орындаушысы тағайындалады.
158-бап. Уақытша болмайтын жеке сот орындаушысын басқа жеке сот орындаушысымен алмастыру тәртібі
1. Жеке сот орындаушысы өкілеттіктерін еңбек демалысы, науқастануы, біліктілігін арттыру, жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының, Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының сайланбалы органдарында жұмыс істеуі себебімен және басқа да дәлелді себептермен үш күннен астам мерзімде атқаруы уақытша мүмкін болмаған жағдайда ол бұл туралы тиісті аумақтық органды хабардар етеді. Жеке сот орындаушысы алмастыру туралы ұсынысты, әдетте, өз өкілеттіктерін атқару уақытша мүмкін болмауға әкеп соғатын мән-жайлар басталғанға дейін кемінде екі апта бұрын енгізуге тиіс.
2. Сонымен бір мезгілде жеке сот орындаушысы аумақтық органға осы өңірлік алқаның мүшесі болып табылатын, уақытша жұмыста болмаған кезінде өзін алмастыруға келісім берген басқа жеке сот орындаушысының кандидатурасын ұсынады.
3. Аумақтық орган жеке сот орындаушысы уақытша болмайтын кезеңге оны алмастыратын жеке сот орындаушысын тағайындайды.
159-бап. Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыратын адамға өкілеттіктер беру
1. Уақытша болмайтын жеке сот орындаушысын алмастыратын адамға жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының басшысымен келісілген аумақтық орган басшысының бұйрығымен уақытша болмайтын жеке сот орындаушысының міндеттерін атқару үшін өкілеттіктер беріледі.
2. Өкілеттіктер беру күнтізбелік жыл ішінде туындауы мүмкін жеке сот орындаушысының қызметтік міндеттерін атқаруының мүмкін болмау негіздері (еңбек демалысы, науқастануы, біліктілігін арттыруы, жеке сот орындаушылары өңірлік алқасының, Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының сайланбалы органдарында жұмыс істеуі және басқа да дәлелді себептері) көрсетіле отырып күні бұрын жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Уақытша болмайтын жеке сот орындаушысының міндеттерін жүктеу туралы аумақтық орган басшысының бұйрығы жеке сот орындаушысы мен жеке сот орындаушысының міндеттерін атқарғысы келетін адамның арасында жасалған келісімнің негізінде шығарылады.
4. Уақытша болмайтын жеке сот орындаушысын алмастыратын адамның өкілеттіктері оған атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру және жеке сот орындаушысының қызметтік міндеттерін тікелей атқару құқығы берілгеннен кейін туындайды және оларды жеке сот орындаушысына тапсырған кезде аяқталады.
5. Жеке сот орындаушысы өзінің лауазымдық міндеттерін оны уақытша алмастыратын адам орындап жүрген кезеңде оларды өзі атқаруға құқылы емес.
160-бап. Жеке сот орындаушысын алмастыратын адамның еңбегіне ақы төлеу және оның жауапкершілігі
1. Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыратын адам оның міндеттерін атқарғаны үшін келісімде келісілген ақшалай сыйақы алады.
2. Уақытша болмайтын жеке сот орындаушысын алмастыратын адамның әрекетінен келтірілген залал үшін жеке сот орындаушысы жауапты болады. Бұл ретте жеке сот орындаушысы не жеке сот орындаушысының жауапкершілігін сақтандырған сақтандыру компаниясы оның міндеттерін атқарған адамға келтірілген залал үшін төленген өтем мөлшерінде кері талап-арыз қоюға құқылы.
5-параграф. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқалары.
Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы
161-бап. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы
1. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы жеке сот орындаушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін, сондай-ақ олардың атқарушылық әрекеттер жасауы кезінде атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманы сақтауын бақылауды жүзеге асыру үшін құрылған кәсіптік бірлестікті білдіретін коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Жеке сот орындаушысы жеке сот орындаушыларының бір өңірлік алқасында ғана бола алады.
3. Әрбір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Қазақстан Республикасы астанасының аумағында жеке сот орындаушыларының бір өңірлік алқасы құрылады.
4. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және жарғымен реттеледі. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы заңды тұлға болып табылады және заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы өз қызметін өзін-өзі басқару және өзін-өзі қаржыландыру принциптерінде ұйымдастырады.
5. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының лауазымды адамдары атқарушылық әрекеттерді жасау құпиясын сақтауға міндетті. Құпияны жария еткені және жеке сот орындаушысына залал келтіргені үшін, оның ішінде жеке сот орындаушысының тарапынан өзге адамдарға келтірілген залалдың орнын толтыру қажеттігіне әкеп соққан кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
162-бап. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының өкілеттіктері
1. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы:
1) мемлекеттік органдарда жеке сот орындаушыларының мүдделерін білдіреді және қорғайды;
2) оларға атқарушылық құжаттарды орындау жөнінде көмек көрсетеді және қызметін дамытуға жәрдемдеседі;
3) жеке сот орындаушыларының атқарушылық әрекеттерді жасауы кезінде Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасының сақталуына кәсіптік бақылауды жүзеге асырады;
4) түскен шағымдарға және мүдделі адамдардың өзге де өтініштеріне байланысты жеке сот орындаушысынан жасалған атқарушылық әрекеттер туралы мәліметтерді, оның қаржы-шаруашылық қызметіне қатысты өзге де құжаттарды, жеке түсініктемелерді, оның ішінде кәсіби әдепті сақтамауы мәселелері жөніндегі жеке түсініктемелерді талап етеді;
5) жеке сот орындаушысы лауазымына үміткер адамдардың тағылымдамасын және жеке сот орындаушыларының кәсіби даярлығын арттыруды ұйымдастырады;
6) тәртіптік комиссияның қарауына жеке сот орындаушыларын тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы ұсыныстар енгізеді;
7) кәсіби әдепті сақтау мәселелері бойынша комиссия құрады және оның жұмысын ұйымдастырады;
8) жеке сот орындаушыларының қызметіне байланысты істер бойынша сот тағайындаған сараптама шығындарын өтейді;
9) жеке сот орындаушысының өзінің лауазымдық міндеттерін орындауы кезінде келтірген зиянды өтеуі жөніндегі міндеттемелерін орындауын бақылауды жүзеге асырады;
10) жеке сот орындаушыларының өздерінің атқару округінің аумағында жүргізген атқарушылық іс жүргізулерінің тізілімін жасайды;
11) жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру, кері қайтарып алу және тоқтату туралы ұсыныс енгізеді;
12) аумақтық органдарды жеке сот орындаушыларының міндеттерін тиісінше жүзеге асырмауы жағдайлары, атап айтқанда, жеке сот орындаушыларының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де талаптарын бұзушылықтар туралы хабардар етіп отырады;
13) Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасын қолдану практикасын жинақтайды және оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қалыптастырады;
14) талдамалық және зерттеу жұмысын жүзеге асырады;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасына және аумақтық органға өз қызметі туралы ақпарат беріп отырады. Ақпарат берудің нысаны мен мерзімін уәкілетті орган бекітеді.
163-бап. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы
1. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы жеке сот орындаушыларының өңірлік алқаларының кәсіптік бірлестігін білдіретін коммерциялық емес ұйым болып табылады.
Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы мемлекеттік тіркелуге жатады.
2. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және жарғымен реттеледі.
3. Жеке сот орындаушыларының әрбір өңірлік алқасы Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының жарғысында көзделген тәртіппен Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының құрамына өкілдерін сайлайды.
4. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының жарғысын жеке сот орындаушылары өңірлік алқалары өкілдерінің жиналысы қабылдайды.
5. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін жалпы сақтандыру шартын жасайды.
164-бап. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының қызметін қаржыландыру
Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының қызметін қаржыландыру жеке сот орындаушылары жарналарының кемінде жиырма бес пайызы мөлшерінде жеке сот орындаушыларының өңірлік алқалары аударатын міндетті жарналардың есебінен жүзеге асырылады.
165-бап. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының өкілеттіктері
1. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы:
1) жеке сот орындаушылары өңірлік алқаларының қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
2) мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке сот орындаушыларының өңірлік алқаларының және жеке сот орындаушыларының мүдделерін білдіреді;
3) жеке атқарушылық қызметті ұйымдастыру мәселелері бойынша Сот орындаушылары мен қызметшілерінің халықаралық одағының, басқа да халықаралық және шетелдік ұйымдардың жұмысына қатысады;
4) атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша және жеке атқарушылық қызметке байланысты уәкілетті органның, басқа да мемлекеттік органдардың норма шығарушылық және сарапшылық қызметіне қатысады;
5) жеке сот орындаушыларын оқытуды, олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
6) жеке сот орындаушысының өзінің лауазымдық міндеттерін орындауы кезінде келтірген зиянды өтеуі жөніндегі міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етеді;
7) жеке практикамен айналысатын сот орындаушыларының әлеуметтік және кәсіби құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді;
8) жеке сот орындаушыларының өңірлік алқаларының қызметін мерзімді тексеруді жүзеге асырады;
9) Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасын қолдану практикасын жинақтайды және оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қалыптастырады;
10) талдамалық және ғылыми жұмысты жүзеге асырады;
11) Жеке сот орындаушыларының кәсіби ар-намыс кодексін қабылдайды;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы осы Заңда және оның Жарғысында айқындалған өзінің мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін басқа да коммерциялық емес ұйымдар құруға құқылы.
3. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы уәкілетті органға жыл сайын жеке сот орындаушыларының атқарушылық құжаттарды орындауы жөнінде ақпарат беріп отырады.
6-параграф. Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылау
және олардың тәртіптік жауаптылығы
166-бап. Жеке сот орындаушыларының атқарушылық әрекеттерді жасауын соттың бақылауы
Атқарушылық әрекеттерді жасаудан бас тартуға немесе атқарушылық әрекеттерді дұрыс жасамауға сот тәртібімен шағым жасалады.
167-бап. Жекеше негізде сот актілерін орындау саласындағы уәкілетті органның құзыреті
1. Уәкілетті орган:
1) Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың мемлекеттік тізілімі туралы ережені;
2) жеке сот орындаушыларын есептік тіркеу тәртібі туралы ережені;
3) тәртіптік комиссия жұмысының тәртібі туралы ережені әзірлейді және бекітеді.
2. Уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен бірлесе отырып:
1) біліктілік емтихандары туралы ережені;
2) біліктілік комиссиясы туралы ережені;
3) жеке сот орындаушысының бос орнына орналасуға конкурс өткізу тәртібін;
4) жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру тәртібін;
5) жеке сот орындаушысы кеңсесінің орналасқан жері мен жабдықталуына қойылатын талаптарды;
6) жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту тәртібін;
7) жеке сот орындаушысы кеңсесінде іс жүргізу ережесін әзірлейді және бекітеді.
3. Уәкілетті орган:
1) өз құзыреті шегінде жеке сот орындаушыларының қызметін реттеп, бақылайды;
2) жеке сот орындаушысының бос орнына орналасуға конкурс ұйымдастырады;
3) конкурс қорытындылары бойынша жеке сот орындаушысы лауазымына азаматтарды тағайындайды;
4) республика бойынша және әрбір өңір бойынша жеке сот орындаушыларының жалпы сандық құрамын бекітеді;
5) атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша әдістемелік, нұсқаулық және түсіндірмелік материалдарды әзірлейді;
6) жеке сот орындаушыларының қызметін лицензиялауды жүзеге асырады;
7) осы Заңның 144-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген негіздер бойынша жеке сот орындаушылары лицензияларының қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылдайды, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының лицензияларын тоқтата тұру және олардан айыру туралы сотқа талап-арыздар береді;
8) жеке сот орындаушыларын жария тізілімдерге және электрондық деректер базасына қосу туралы мемлекеттік органдармен шарттар жасасады;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен бірлесе отырып:
1) атқару округтерін өңірлер бойынша бекітуді тиісті аумақтық органның ұсынысы бойынша бекітеді;
2) жеке сот орындаушысы сыйақыларының тарифтері мен ставкаларын әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
5. Уәкілетті органның өкілдері Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы жалпы жиналысының, басқармасы мен басқа да органдарының отырыстарына қатысуға құқылы.
168-бап. Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылау жөніндегі аумақтық органның құзыреті
1. Аумақтық орган:
1) жеке сот орындаушыларының осы Заңды сақтауын және өздерінің міндеттерін тиісінше орындауын бақылауды ұйымдастырады;
2) жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтату туралы ұсыныс енгізеді;
3) тәртіптік комиссияға жеке сот орындаушысын жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізеді;
4) жеке сот орындаушыларын есептік тіркеуді жүргізеді;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Аумақтық орган жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының келісімі бойынша:
1) уәкілетті органға жеке сот орындаушыларын атқару округтері бойынша бекіту жөнінде ұсыныс енгізеді;
2) жеке сот орындаушысы уақытша болмайтын кезде оны алмастыратын жеке сот орындаушысын тағайындайды;
3) жеке сот орындаушысының міндеттерін уақытша атқарушыны жеке сот орындаушысының лицензиясы бар тұлғалар арасынан тағайындайды.
3. Аумақтық орган жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасымен бірлесе отырып:
1) уәкілетті органға өңірдегі жеке сот орындаушыларының жалпы саны туралы ұсынысты бекіту үшін енгізеді;
2) жеке сот орындаушысының лицензиясын алған адамдардың резервін қалыптастырады;
3) жеке сот орындаушыларына әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді;
4) жеке сот орындаушыларының жұмыс практикасын жинақтайды;
5) жеке және заңды тұлғалардың жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдарын қарайды;
6) жеке сот орындаушылары жасайтын атқарушылық әрекеттердің заңдылығын және іс қағаздарын жүргізу қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
7) атқарушылық әрекетті жүзеге асыратын жеке сот орындаушыларының біліктілігін арттыруды жүргізеді.
4. Аумақтық орган өкілдері жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы жалпы жиналысының, басқармасы мен басқа да органдарының отырыстарына қатысуға құқылы.
169-бап. Жеке сот орындаушысының қызметін бақылау
1. Жеке сот орындаушысы жасайтын атқарушылық әрекеттердің заңдылығын және іс қағаздарын жүргізу қағидаларының сақталуын бақылауды уәкілетті орган, Жеке сот орындаушыларының республикалық және өңірлік алқалары жүзеге асырады. Бақылауды жүзеге асыру тәртібін Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен бірлесе отырып уәкілетті орган белгілейді.
2. Жеке сот орындаушысының салық заңнамасын сақтауын бақылауды Қазақстан Республикасының салық қызметі органдары жүзеге асырады.
3. Жеке сот орындаушыларының аумақтық органы мен өңірлік алқасының лауазымды адамдары жеке сот орындаушысының қызметін тексеру кезінде белгілі болған атқарушылық әрекеттердің жасалу құпиясын сақтауға міндетті. Құпияны жариялағаны және келтірілген залалдар үшін бұл адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Жеке сот орындаушысының жұмысын тексеру оның атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыруды бастағанынан кейін алты ай өткен соң және бір жылдан кешіктірілмей жүргізіледі. Бұдан әрі жылына бір рет жоспарлы тексерулер жүргізіледі.
Жеке сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдар түскен жағдайда не оның өз міндеттерін адал атқармағандығын айғақтайтын басқа да ақпарат болған кезде жеке сот орындаушысының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізілуі мүмкін.