5. Куәгер өзiнiң қандай атқарушылық әрекеттер жүргiзу үшiн шақырылып отырғанын, олар қандай атқарушылық құжаттың негiзiнде жасалатынын бiлуге құқылы. Куәгер жүргiзiлген әрекеттер жөнiнде ескертулер жасауға құқылы. Куәгердің ескертулерi тиiстi атқарушылық әрекет хаттамасына енгiзiлуге тиiс.
6. Куәгер жүргiзiлуiне өзi қатысқан iс жүргізу кезіндегі атқарушылық әрекеттердiң фактiсiн, мазмұны мен нәтижелерiн куәландырады.
7. Куәгердің куәгерлік міндеттерін атқаруына байланысты шығарған шығыстарына өтемақы алуға, сондай-ақ толық ала алмаған жалақысын өтетуге немесе уақытын жоғалтуына байланысты ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.
8. Куәгерлерге төленетiн ақша сомасы атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.
24-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге маманның қатысуы
1. Атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындайтын, арнаулы білімдi талап ететiн мәселелердi түсiндiру үшiн, сондай-ақ тыйым салынған мүлікті бағалауды жүргізу, сату, тасымалдау, сақтау үшін сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізу тараптарының өтініші бойынша немесе өз бастамасы бойынша тиісті қаулысымен маманды тағайындай алады. Қажет болған жағдайда бiрнеше маман тағайындалуы мүмкiн. 2. Қорытынды беру немесе қажетті әрекеттерді жүргізу үшiн қажет арнаулы білімi бар, іске мүдделі емес адам маман ретiнде тағайындалуы мүмкiн.
3. Мамандардың атқарушылық әрекеттер жасауға байланысты жүргiзiлетiн жұмысты орындағаны үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Бұл сыйақы және мамандар тартуға жұмсалған басқа да шығындар атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.
25-бап. Атқарушылық іс жүргізудегі прокурор
1. Прокуратура мемлекет атынан атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады, кез келген заң бұзушылықты анықтау мен жою жөнінде шаралар қабылдайды.
2. Прокурор атқарушылық іс жүргізуді, оның ішінде атқарушылық іс жүргізу тараптарының шағымдары мен арыздары бойынша атқарушылық іс жүргізуді өз өкілеттіктері шегінде үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге талап етіп алдыруға және тексеруге құқылы.
3. Сот орындаушысының заңсыз іс-әрекетіне және қаулысына прокурорлық қадағалау актісі енгізілуі мүмкін, ол заңда белгіленген мерзімде міндетті түрде қарауға жатады.
26-бап. Сот орындаушыларының ішкі істер органдарымен өзара іс-әрекеті
Атқарушылық іс жүргізу барысында сот орындаушысының өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда ішкі істер органдарының қызметкерлері өздеріне заңмен берілген өкілеттіктер шегінде сот орындаушыларына көмек береді, сондай-ақ атқарушылық әрекеттер жүргізілетін орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге тартылуы мүмкін.
4-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ IС ЖҮРГIЗУДЕГІ ХАБАРЛАМА ЖӘНЕ ШАҚЫРТУ
27-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегі хабарлама және шақырту
1. Атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар атқарушылық әрекеттер туралы және мәжбүрлеп орындату шаралары туралы хабарламамен хабарланады немесе сот орындаушысына не атқарушылық әрекеттер жүргізілетін жерге шақыру қағазымен шақырылады. Хабарлама немесе шақыру қағазы қолына тапсырылғаны туралы хабарландыруы бар тапсырыс хатпен не жеделхатпен жіберіледі. Осы туралы мәлімделген өтініші болған жағдайда атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар телефонограммамен, ұялы байланыс немесе электрондық почта арналары бойынша қысқа мәтінді хабарламалар арқылы, сондай-ақ хабарламаны немесе шақыртуды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланылып хабардар етіледі.
2. Атқарушылық құжат дереу орындалуға тиісті жағдайларда, сондай-ақ мүлікке тыйым салу және өзге де қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерді жасауға және атқарушылық iс жүргiзуге қатысушыларға бұл туралы алдын ала хабарландырусыз мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқылы.
3. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушыға арналған хабарлама, егер атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы немесе оның өкілі өзге мекенжайды көрсетпесе, атқарушылық құжатта көрсетілген мекенжайға жіберіледі. Хабарлама атқарушылық iс жүргiзуге қатысушының жұмыс орны бойынша жіберілуі мүмкін.
Егер почта арқылы жіберілген хабарлама көрсетілген мекенжай бойынша адресаттың болмауына байланысты қайтарылса, заңды мекенжайы немесе орналасқан жері мен атқарушылық құжатта көрсетілген мекенжайы бірдей болатын жағдайларды қоспағанда, сот орындаушысы хабарламаны азаматтың заңды мекенжайы бойынша немесе заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша жібереді.
4. Ұйымға жолданған хабарлама оның заңды мекенжайы бойынша немесе оның өкілінің немесе филиалының заңды мекенжайы бойынша жіберіледі. Хабарлама ұйымның сот орындаушысына көрсеткен мекенжайы бойынша жазбаша нысанда жіберілуі мүмкін.
5. Сот орындаушысына келуден жалтарған адамдар сот орындаушысының қаулысы негізінде күштеп келтірілуі мүмкін. Жеке сот орындаушысының келуден жалтарып жүрген адамды күштеп келтіру туралы қаулысын сот санкциялауға тиіс.
28-бап. Шақыру қағазын, хабарламаны жеткізу және тапсыру
1. Шақыру қағазы немесе хабарлама почта арқылы жеткізіледі немесе сот орындаушысы оларды жеткізуді тапсырған адам жеткізеді және аумақтық бөлімге немесе жеке сот орындаушысының кеңсесіне қайтарылуға тиісті, қолына тапсырылғаны туралы хабарландыруға қолы қойғызылып, адресаттың жеке өзіне тапсырылады. Егер шақыру қағазы немесе хабарлама өзге байланыс түрімен жеткізілсе, онда оларды адресатқа жеткізу күні мен уақыты белгіленген тәсілмен тіркеледі. Ұйымға арналған шақыру қағазы немесе хабарлама ұйымның қызметкеріне тапсырылады, ол тапсыру туралы хабарламада өзінің тегін, аты-жөнін, лауазымын, алған күні мен уақытын көрсете отырып, шақыру қағазын немесе хабарламаны алғаны жөнінде қол қояды.
2. Егер шақыру қағазын немесе хабарламаны жеткізуші адам азаматты тұрғылықты жерінен немесе жұмыс орнынан таппаса, онда шақыру қағазы немесе хабарлама сонымен бірге тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне олардың келісімімен, ал олар болмаған жағдайда тұрғын үй пайдалану ұйымына, жергілікті басқару органына немесе адресаттың тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органға немесе оның жұмыс орнындағы әкімшілікке тапсырылады. Мұндай жағдайларда шақыру қағазын немесе хабарламаны алған адам шақыру қағазының, хабарламаның түбіртегіне өзінің тегін, атын, әкесінің атын, сондай-ақ адресатқа қандай қатысы барын немесе атқаратын қызметін жазып көрсетуге тиіс. Шақыру қағазын немесе хабарламаны қабылдап алған адам оларды алғаш мүмкіндік болған кезде адресатқа кідіртпей тапсыруға міндетті.
3. Адресат болмаған кезде шақыру қағазын немесе хабарламаны жеткізуші адам тапсыру туралы хабарламада адресаттың қайда кеткенін және оның қашан келетінін жазады немесе мұндай мәліметтердің жоқ екені туралы белгі қояды.
29-бап. Атқарушылық іс жүргізу кезіндегі мекенжайдың өзгеруі
Атқарушылық іс жүргізудің тараптары сот орындаушысына атқарушылық іс жүргізу кезінде өз мекенжайының өзгергені туралы хабарлауға міндетті. Мұндай хабарлау болмаған жағдайда шақыру қағазы немесе хабарлама сот орындаушысына белгілі соңғы мекенжайына жіберіледі және егер адресат бұл мекенжай бойынша енді тұрмайтын немесе болмайтын жағдайда да жеткізілген деп есептеледі.
30-бап. Шақыру қағазын, хабарламаны қабылдаудан бас тартудың немесе оларды алуға келмеудің салдары
1. Адресат шақыру қағазын немесе хабарламаны қабылдаудан бас тартқан жағдайда жеткізуші адам оларға тиісті белгі қояды, содан соң шақыру қағазы немесе хабарлама аумақтық органға немесе жеке сот орындаушысының кеңсесіне қайтарылады.
2. Атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар, егер:
1) адресат шақыру қағазын немесе хабарламаны қабылдаудан бас тартса;
2) адресат почта хабарламасын алғанына қарамастан, шақыру қағазын немесе хабарламаны алуға келмесе;
3) шақыру қағазы немесе хабарлама онымен бірге тұратын кәмелетке толған жақын туыстарының біріне тапсырылса, хабарланды деп есептеледі.
5-тарау. МӘЖБҮРЛЕП ОРЫНДАТУ ШАРАЛАРЫ
31-бап. Мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану негiздерi
Сот орындаушысы өзінің іс жүргізуіне қабылдаған атқарушылық құжат және осы Заңда көзделген ерікті түрде орындауға арналған мерзімнің өтіп кетуі мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға негіз болып табылады.
32-бап. Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар
1. Сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.
2. Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мыналар болып табылады:
1) борышкердің өзіндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы (оның ішінде банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы) ақшасы мен бағалы қағаздарын қоса есептегенде, мүлкіне тыйым салу;
2) борышкердiң өзiндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы мүлкiн алып қою;
3) борышкердiң белгiлi бiр әрекеттер жасауына тыйым салу;
4) борышкердiң оған меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi мүлiктi, оның iшiнде ақшаны пайдалануына тыйым салу не оларды сот атқарушысы белгiлеген шекте пайдалануға нұсқау беру;
5) борышкер мүлкiне сүргi салу;
6) құқық белгiлейтiн құжаттарды алып қою;
7) басқа адамдардың борышкерге мүлiк, оның iшiнде ақша беруiне немесе оған қатысты өзге де мiндеттемелерді орындауына тыйым салу.
3. Қажет болған жағдайларда орындауды қамтамасыз етудiң бiрнеше түрi қолданылуы мүмкiн.
4. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқасымен ауыстыру туралы мәселенi сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзу тараптарының арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша қарайды. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқасымен ауыстыру туралы мәселенi қарау бұрын белгiленген қамтамасыз ету шараларының қолданылуын тоқтата тұрмайды.
5. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, кейiнге қалдыру, мерзiмiн жылжыту немесе ұзарту aтқapушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде бұрын белгiленген шаралардың күшін жоюға әкеп соқпайды.
6. Жеке сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен алынатын сот санкциясымен қолданады.
33-бап. Борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеулер
1. Борышкер атқарушылық құжаттағы талаптарды дәлелсіз себептермен белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда сот орындаушысы борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға құқылы, ал өндіріп алушының өтініші бойынша осындай қаулы шығаруға міндетті.
Борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы сот орындаушысының қаулысы Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен соттың санкциялауына жатады.
2. Аталған қаулының көшірмесі борышкерге назарға алу үшін, Қазақстан Республикасының көші-қон процестерін басқару жөніндегі уәкілетті органдарына және шекара қызметі органдарына орындау үшін жіберіледі.
3. Егер атқарушылық құжат сот актісі болып табылмаса және сот актісінің негізінде берілмесе, онда өндіріп алушы немесе мемлекеттік сот орындаушысы борышкер үшін Қазақстан Республикасынан шығуды уақытша шектеуді белгілеу туралы ұсыныспен сотқа жүгінуге құқылы.
173-бапқа сәйкес 34-бап осы Заңды қолданысқа енгізгеннен кейін үш жыл бойы алименттер өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарға ғана қолданылады
34-бап. Лицензиялар мен рұқсаттарды беру және олардың қолданылуы саласындағы уақытша шектеулер
1. Борышкер:
1) жеке адамнан бес жүз айлық есептік көрсеткіштен астам соманы өндіріп алу туралы;
2) заңды тұлғадан екі мың бес жүз айлық есептік көрсеткіштен астам соманы өндіріп алу туралы;
3) мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжатты дәлелсіз себептермен орындамаған жағдайда -
сот орындаушысы осы Заңның 39-бабында көзделген орындау мерзімі өткеннен кейін, ал алименттерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша борышкер үш ай бойы алимент төлемеген және жүз айлық есептік көрсеткіштен астам берешек жиналып қалған жағдайда борышкерге лицензиялар, рұқсаттар беруге уақытша тыйым салу туралы, сондай-ақ борышкерге бұрын берілген лицензиялар мен рұқсаттардың қолданысын тоқтата тұру туралы сотқа ұсыныс жібереді. Сот ұсынысты Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды. Сот орындаушысының ұсынысын қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымының көшірмелері борышкерге және орындау үшін тиісті уәкілетті органдарға жіберіледі.
2. Сот орындаушысының осы бапқа сәйкес жіберілген ұсынысын қараудың нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымын борышкер мен барлық лицензиарлар және рұқсаттар беруге уәкілетті өзге де мемлекеттік органдар орындауға міндетті.
35-бап. Борышкердің өзінің мүліктік жағдайы туралы ақпарат беруі
1. Борышкер ерікті түрде орындау үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін сот орындаушысының талабы бойынша оған өзінде бар мүлік туралы ақпарат беруге, сондай-ақ табыс көздері туралы мәліметтерді хабарлауға міндетті. Ақпарат беру нысанын уәкілетті орган бекітеді.
2. Берілетін ақпаратта борышкер өзіне тиесілі барлық мүліктік талаптар негіздерін көрсетуге де міндетті.
3. Осы бапта көрсетілген мәліметтерді беруден бас тарту не көрінеу жалған мәліметтер беру атқарушылық құжатты қасақана орындамау болып табылады.
36-бап. Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізілімі
1. Уәкілетті орган атқарушылық құжаттар бойынша төлем жасамаушылар туралы мәліметтер тарату мақсатында атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлердің республикалық тізілімін жүргізеді. Тізілім уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
Борышкерлерді тізілімге енгізу үшін мәліметтерді сот орындаушылары атқарушылық құжатты ерікті түрде орындау мерзімі өткеннен кейін үш күн ішінде жібереді.
2. Аталған мәліметтер:
1) борышкердің тегін, атын, әкесінің атын не борышкер-ұйымның атауын;
2) атқарушылық құжатты берген органды, берілген күнін және борышкер орындамаған міндеттің мазмұнын;
3) аталған мәліметтерді жіберген сот орындаушысының тегін, атын, әкесінің атын және оның қызмет аумағын қамтиды.
3. Атқарушылық іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде сот орындаушысы уәкілетті органға борышкерді тізілімнен алып тастауға негіз болып табылатын тиісті ақпарат жібереді.
2-БӨЛІМ. АТҚАРУШЫЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕРДІ ЖАСАУ ТӘРТІБІ
6-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДІ ЖАСАУДЫҢ ЖАЛПЫ ШАРТТАРЫ
37-бап. Атқарушылық құжатты iс жүргiзуге қабылдау
1. Сот орындаушысы, егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, өндіріп алушының арызы бойынша атқарушылық құжаттың негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғайды.
2. Арызға өндіріп алушы не оның өкілі қол қояды. Өкіл оның өкілеттігін куәландыратын сенімхатты немесе өзге де құжатты арызға қоса береді. Арызда атқарушылық құжаттағы талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкердің мүлкіне тыйым салу туралы, сондай-ақ борышкер үшін осы Заңда көзделген шектеулерді белгілеу туралы өтініш болуы мүмкін.
3. Сот, басқа орган (лауазымды адам) атқарушылық құжатты сот орындаушысына жіберген жағдайларда сот орындаушысы өндіріп алушының арызынсыз атқарушылық іс жүргізуді қозғайды.
4. Сот орындаушысы заңда белгiленген талаптарға сәйкес келетiн атқарушылық құжат өзiне келiп түскеннен кейiн үш тәулiктен кешiктiрмей атқарушылық іс жүргiзудi қозғап, бұл туралы қаулы шығарады.
Сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаумен бiр мезгiлде борышкерге атқарушылық құжатты алған күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде атқарушылық құжатты (дереу орындалуға жататын атқарушылық құжаттарды қоспағанда) ерiктi орындау қажеттігі туралы ұсыныс жібереді немесе тапсырады және борышкерді ерiктi орындауға арналған мерзімнің аяқталуына байланысты одан атқару санкциясын немесе жеке сот орындаушысының қызметіне төлемді және осы Заңда көзделген атқарушылық әрекеттерді жасау жөніндегі шығыстарды өндіріп ала отырып мәжбүрлеп орындату туралы ескертеді.
Бұл ретте сот орындаушысы осы Заңда көзделген атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды.
5. Атқарушылық іс жүргізу қозғалғаннан кейін борышкердің өндіріп алушы алдындағы міндеттерін кез келген орындауы сот орындаушысын міндетті түрде хабардар ете отырып жүргізілуге тиіс.
38-бап. Атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тартудың негіздері, салдары және оның себептерін жою
1. Сот орындаушысы оған атқарушылық құжат түскен күннен бастап үш күн мерзімде, егер:
1) атқарушылық құжат өндіріп алушының арызынсыз берілсе не атқарушылық іс жүргізу өндіріп алушының арызынсыз қозғалуға жататын жағдайларды қоспағанда, арызға өндіріп алушы немесе оның өкілі қол қоймаса;
2) атқарушылық құжат атқарушылық әрекеттердің жасалған жері бойынша берілмесе;
3) атқарушылық құжат орындауға ұсынылатын мерзім өтіп кетсе және сот оны қалпына келтірмесе;
4) құжат атқарушылық құжат болып табылмаса не атқарушылық құжатқа қойылатын талаптарға сәйкес келмесе;
5) атқарушылық құжат бұрын орындауға ұсынылған болса және атқарушылық іс жүргізу осы Заңның 47-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған болса;
6) сот актісі, атқарушылық құжат болып табылатын немесе соның негізінде, дереу орындалуға жататын атқарушылық құжаттарды қоспағанда, атқарушылық құжатты беретін органның (лауазымды адамның) актісі заңды күшіне енбесе;
7) өндіріп алушы жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы енгізбеген болса, атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
2. Атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы сот орындаушысы қаулысының көшірмесі аталған қаулы шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей, барлық түскен құжаттардың қосымшасымен өндіріп алушыға, сондай-ақ атқарушылық құжатты берген сотқа немесе органға (лауазымды адамға) жіберіледі.
Жеке сот орындаушысы құжатты өндіріп алушыға қайтарады. Қайтару туралы қаулыда атқарушылық құжатты қайтарудың негіздері көрсетілуге тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) - 4), 6) және 7) тармақшаларында көзделген мән-жайларды жою атқарушылық құжатты сот орындаушысына осы Заңда белгіленген тәртіппен қайта жіберуге (ұсынуға) кедергі болмайды.
Осы баптың 1-тармағының 7) тармақшасында көзделген мән-жайларды жою үшін жеке сот орындаушысы өндіріп алушыға он күн мерзім белгілейді. Егер өндіріп алушы көрсетілген мерзімде ағымдағы шотқа қажетті соманы енгізбесе, онда атқарушылық құжат орындауға ұсынылмаған болып есептеледі және өндіріп алушыға қайтарылады.
4. Сот орындаушысына кемшіліктері жойылғаннан кейін немесе белгіленген мерзімінен кешірек келіп түскен атқарушылық құжаттың қайтадан келіп түскен күні оның берілген күні болып есептеледі.
5. Қайтару туралы қаулыда көрсетілген кемшiлiктері жойылмай келiп түскен атқарушылық құжат орындалуға жатпайды және ол жiберген органға немесе адамға қайтарылады.
39-бап. Атқарушылық құжаттарды орындау мерзiмдерi
1. Мерзімді өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілермен орындаудың өзгеше мерзімдері белгiленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс.
2. Құрылыстарды бұзумен, технологиялық операцияларды жүргiзумен байланысты атқарушылық құжаттар бойынша, сондай-ақ мамандарды тарта отырып мүлiктi бағалауды, сараптама жүргiзудi, борышкердiң мүлкiн сатуды, iздестiрудi талап ететiн мүлiктiк өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындау төрт айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс.
3. Осы Заңда көзделмеген өзге де мерзімдер өндіріп алушы мен жеке сот орындаушысы арасында жазбаша нысанда көрсетілуі мүмкін.
4. Осы Заңда көзделген негiздер бойынша атқарушылық құжаттарды орындау тоқтатыла тұрған, мерзiмi жылжытылған, ұзартылған не кейiнге қалдырылған уақыт атқарушылық iс жүргiзу мерзiмiне кiрмейдi.
40-бап. Орындау мерзiмін жылжыту, ұзарту, тәсiлi мен тәртібін өзгерту, берiлген сомаларды индекстеу
Атқарушылық әрекеттер жасауды қиындататын немесе мүмкiн етпейтін мән-жайлар болған ретте сот орындаушысы, өндiрiп алушы немесе борышкер iстi қараған сот алдына немесе орындалатын жердегi сот алдына орындау мерзiмiн жылжыту немесе ұзарту туралы, орындау тәсiлi мен тәртібін өзгерту туралы, сондай-ақ берілген сомаларды индекстеу туралы мәселе қоюға құқылы.
41-бап. Атқарушылық әрекеттердi кейiнге қалдыру
Атқарушылық әрекеттер жасауға кедергi келтiретiн мән-жайлар болған ретте сот орындаушысы оларды өз бастамасы бойынша немесе өндіріп алушының арызы бойынша он күнге дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдыра алады, бұл жөнiнде тиiстi қаулы шығарылады, оны мемлекеттік сот орындаушылары үшін аумақтық бөлімнің басшысы бекiтедi. Атқарушылық әрекеттердi кейiнге қалдыру туралы сот орындаушысы - өндіріп алушы мен борышкерді, сондай-ақ олардың өкілдері атқарушылық іс жүргізуге қатысқан жағдайда, оларды хабардар етуге мiндеттi.
42-бап. Сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру мiндетi
Атқарушылық іс жүргізу:
1) егер құқық қатынасы құқықтық мирасқорлыққа жол берсе, борышкер немесе өндіріп алушы қайтыс болған, борышкерді хабарсыз
кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
2) борышкер болып табылатын заңды тұлға қайта құрылған немесе заңда белгіленген тәртіппен дәрменсіздігі (банкроттығы) туралы іс жүргізуді қозғау жөнінде шешім қабылданған;
3) өндіріп алушыны немесе борышкерді әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
4) сот өзінің іс жүргізуіне борышкердің атқарушылық құжатты сот тәртібімен даулау туралы арызын қабылдаған;
5) әкімшілік жаза қолданған органдардың (лауазымды адамдардың) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне сотқа шағым берілген;
6) сот немесе атқарушылық құжат бергенде негізге алынған шешімнің орындалуын тоқтата тұру құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында берілген лауазымды адам қаулы шығарған;
7) сотқа атқарушылық құжат бойынша өндіріп алынатын мүлікті тізімдемеден шығару туралы (тыйым салудан босату) талап қойылған;
8) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган қаржы нарығында қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиядан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру туралы немесе қаржы ұйымын консервациялауды жүргізу жөнінде шешім қабылдаған;
9) сот банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, жинақтаушы зейнетақы қорын мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғаған;
10) сот қаржы ұйымын қайта құрылымдау туралы шешім қабылдаған;
11) борышкердің мүлкін бағалау нәтижелерін борышкер немесе өндіріп алушы сотта даулаған;
12) өндіріп алушы жазбаша өтініш жасаған жағдайларда тоқтатыла тұруға тиіс.
Осы баптың 7) және 11) тармақшаларында көзделген жағдайларда тізімдемеден шығару (мүлікке тыйым салудан босату) туралы талап қойылған мүліктің бір бөлігінде ғана атқарушылық әрекеттер тоқтатыла тұрады не оны бағалау нәтижелері дауланады.
43-бап. Сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзуді тоқтата тұру құқығы
Атқарушылық iс жүргiзу сол сияқты:
1) сот орындаушысы, өндiрiп алушы немесе борышкер сот актiсiн түсiндiру туралы не орындау мерзiмiн жылжыту және ұзарту туралы, сот актiсiн орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы сотқа арыз берген;
2) атқарушылық іс жүргізуді борышкердің қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін болмайтын жағдайда, оның қызметтік іссапарда болған;
3) борышкер емдеу мекемесiнде болған;
4) сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне өндiрiп алушы, борышкер сотқа шағым берген;
5) борышкер не өндiрiп алушы елдi мекен шегiнен тыс жерде, оның iшiнде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында мерзiмдi әскери қызмет өткеруiне байланысты жүрген;
6) өндіріп алушы атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы ағымдағы шотқа сот орындаушысы белгілеген мерзімде енгізбеген жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкін.
44-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру мерзiмдерi
Атқарушылық iс жүргiзу:
1) осы Заңның 42-бабының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, - борышкердiң құқықтық мирасқоры айқындалғанға, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi борышкерге қорғаншы немесе қамқоршы тағайындалғанға, заңды тұлғаны тарату туралы белгіленген тәртіппен шешім қабылданғанға, заңды тұлға немесе дара кәсiпкер (борышкер) банкрот деп жарияланғанға дейiн;