2) кеден өкілінің оны кеден өкілдерінің тізілімінен шығару туралы өтініші;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды тұлғаның таратылуы;
4) қайта құруды қоспағанда, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы негіз болып табылады.
2. Кеден өкілдерінің тізілімінен шығару туралы шешім шығару себебі көрсетіле отырып, кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының (оны алмастыратын адамның) бұйрығымен ресімделеді.
3. Бұйрық қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті ақпарат аталған тұлғаға жазбаша нысанда жіберіледі.
4. Тұлға осы баптың 1-тармағының 1)-2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша кеден өкілдерінің тізілімінен шығарылған жағдайда, аталған тұлғаның тиісті тізілімге енгізу туралы қайтадан берілген өтінішін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган тұлғаны мұндай тізілімнен шығару туралы бұйрық қабылданған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін қарайды.
29-бап. Кеден өкілінің құқықтары
1. Кедендік операцияларды жасау кезінде кеден өкілі кеден органдарымен өзара қарым-қатынаста өзінің мүддесін білдіруге уәкілеттік беретін тұлғамен бірдей құқықтарға ие болады.
2. Кеден өкілі өз қызметін жүзеге асыру кезінде:
өкілдік беретін тұлғадан кедендік мақсаттар үшін қажетті, оның ішінде коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпараты не басқа жабық ақпараты бар құжаттар мен мәліметтерді талап етуге және осындай құжаттар мен мәліметтерді осы Кодексте белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ететін мерзімдерде алуға;
осы Кодекстің 7-тарауында белгіленген тәртіппен кедендік мақсаттар үшін кеден органдары қажетті ақпараттарды автоматтандырылған өңдеу, деректерді электрондық жолмен беру үшін пайдаланатын олардың ақпараттық жүйелеріне қол жеткізуге құқылы.
30-бап. Кеден өкілінің міндеттері
1. Кедендік операцияларды жасау кезінде кеден өкілінің міндеттері кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамаларында белгіленген талаптар мен шарттарға негізделген.
Кеден өкілінің міндеттеріне мәлімделген кедендік рәсімдердің талаптары мен шарттарын сақтауға байланысты кедендік операциялар жасау, сондай-ақ кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамаларына сәйкес оларға өкілдік беруші тұлғаларға ғана жүктелетін өзге міндеттерді жасау кірмейді.
2. Өкілдік берілген тұлғадан алған мемлекеттік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге құпия (жасырым) болып табылатын ақпаратты не басқа да жабық ақпаратты кеден өкілі және оның қызметкерлері, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жария етпеуге немесе өз мақсаттары үшін пайдаланбауға, өзге тұлғаларға бермеуге тиіс.
3. Кеден өкілі Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен кеден органдарына есептілік, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, есептілік табыс етуге міндетті.
4. Кеден өкілінің кеден органдарының алдындағы міндеттері өкілдік беретін тұлғамен жасалған шартпен шектелмейді.
5. Міндеттер барлық кеден өкілі үшін бірдей болып табылады. Жекелеген кеден өкілдері үшін айрықша (эксклюзивтік) құқықтар және жеке-дара сипаттағы өзге де артықшылықтар беруге тыйым салынады.
6. Кеден өкілі кеден өкілдерінің тізіліміне енгізілген кезде өзі мәлімдеген мәліметтердің өзгергені туралы кеден ісі саласындағы уәкілетті органды мұндай мәліметтер өзгерген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті.
30-баптың 7-тармағы 2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
7. Кедендік операцияларды жасау кезінде кеден өкіліне кедендік баждар мен салықтарды төлеу жөніндегі міндет кедендік баждар мен салықтарды төлеушімен бірге туындайды.
31-бап. Кеден өкілінің жауапкершілігі
Кеден одағы және (немесе) Қазақстан Республикасы кеден заңнамаларының талаптарын сақтамағаны үшін кеден өкілі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
32-бап. Кедендік декларациялау жөніндегі маман
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен кеден ісі саласындағы уәкілетті орган берген біліктілік аттестаты бар кедендік декларациялау жөніндегі маман кеден өкілінің атынан кедендік декларациялау жөніндегі іс-әрекеттерді жасау құқығына ие.
Кеден өкілі мен кедендік декларациялау жөніндегі маманның қарым-қатынасы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасалатын еңбек шартының негізінде құрылады. Кедендік декларациялау жөніндегі маман еңбек шарты жасалған кезден бастап кеден өкілінің атынан кедендік декларациялау жөніндегі іс-әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы.
2. Кеден өкілі кедендік декларациялау жөніндегі маманның кеден органдары алдындағы міндеттерін шектей алмайды.
3. Кедендік декларациялау жөніндегі маман аттестатын алу үшін біліктілік емтиханын тапсыру қажет.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындаған кеден органдары кеден органдарының ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып, біліктілік емтихандарын өткізеді.
Біліктілік емтихандарын өткізу мерзімдері кеден органының интернет-ресурсына орналастырылады.
Біліктілік емтихандары кемінде айына бір рет өткізіледі.
4. Біліктілік емтиханын тапсыру үшін оны жүргізгенге дейін, осы баптың 3-тармағының 2 бөлігінде айқындалған еркін нысандағы өтінішті кеден органына табыс ету қажет. Өтінішке:
1) жеке басын куәландыратын құжат;
2) техникалық және кәсіптік немесе жоғарғы білімін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;
3) 3,5х4,5 сантиметр көлеміндегі екі түрлі-түсті фотосы қоса беріледі.
5. Біліктілік емтихандарын тапсырған кезде осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде белгіленген кеден органдары біліктілік емтихандарын тапсырған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей кедендік декларациялау жөніндегі маманның аттестаттарын беруді жүргізеді.
6. Кедендік декларациялау жөніндегі маманның аттестаты немесе бейджі жоғалған (бүлінген), сондай-ақ тегі, аты және әкесінің аты өзгерген жағдайда, бұрын кедендік декларациялау жөніндегі маманның аттестатын берген кеден органына:
1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) 3,5х4,5 сантиметр көлеміндегі екі түрлі-түсті фото қоса берілген еркін нысандағы өтінішті табыс ету қажет.
7. Бағдарламаны әзірлеу, біліктілік емтихандарын өткізу тәртібін, біліктілік емтиханы үшін сұрақтар әзірлеуді және оны бекітуді, аттестат алуға үміткердің білімін бағалаудың критерийлерін белгілеуді, біліктілік аттестатының, бейджінің, кедендік декларациялау жөніндегі маманның жеке нөмірлік мөрінің нысанын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
8. Кедендік декларациялау жөніндегі маман аттестатының қолданылу мерзімі екі жыл болады.
9. Кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік аттестаты:
1) аттестат өтініш беруші табыс еткен толық емес немесе дұрыс емес мәліметтер негізінде берілген;
2) кедендік декларациялау жөніндегі маман аттестатының қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда күшін жояды.
10. Біліктілік аттестатының күшін жою туралы шешім, күшін жою себептерін көрсете отырып, кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының (оны алмастыратын адамның) бұйрығымен ресімделеді.
Біліктілік аттестатын беру туралы қайтадан берілген өтінішті кеден ісі саласындағы уәкілетті орган күшін жою туралы бұйрық қабылданған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін қарайды.
33-бап. Кедендік тасымалдаушы
1. Осы Кодекстің 34-бабында айқындалған талаптарға сай келетін Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы кедендік тасымалдаушы болып табылады.
Заңды тұлға кедендік тасымалдаушылар тізіліміне енгізілгеннен кейін кедендік тасымалдаушы болып танылады.
Кедендік тасымалдаушылар тізілімін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.
2. Кедендік тасымалдаушы кедендік бақылаудағы тауарларды кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамаларына сәйкес кеден одағының кедендік аумағы бойынша тасымалдауды жүзеге асырады.
3. Кедендік тасымалдаушылардың тізіліміндегі ақпарат, сондай-ақ аталған тұлғаларды тізілімнен шығару туралы деректер кеден ісі саласындағы уәкілетті органның Интернет-ресурсына орналастырылады.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган ай сайын әр айдың бесінші күнінен кешіктірмей аталған Интернет-ресурсқа жаңартылған тізілімді орналастыруды қамтамасыз етеді.
4. Кедендік тасымалдаушылардың мәртебесі құжатпен расталады, оның нысаны мен қолданылу тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжатты кеден ісі саласындағы уәкілетті орган береді.
34-бап. Кедендік тасымалдаушылар тізіліміне енгізу шарттары
Мыналар:
1) заңды тұлғаның кеден органына өтініш берген күніне дейін кемінде екі жыл бойы жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыруы;
2) кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етуді енгізу күніндегі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес валюта айырбастаудың нарықтық бағамын қолдана отырып, кемінде екі мың евроға баламалы сомаға осындай қамтамасыз етуді ұсыну;
3) егер жүктерді тасымалдау жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтің осы түрін жүзеге асыруға арналған рұқсат ету құжатының болуын талап етсе, көрсетілген құжаттың болуы;
4) тауарларды тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдарының, оның ішінде кедендік пломбалары және мөрлері бар тауарларды тасымалдау үшін жарамды көлік құралдарының меншігінде, шаруашылық жүргізуінде, оралымды басқаруында, жалға алынған болуы;
5) кеден органына өтініш берген күні кедендік төлемдерді, салықтарды және өсімпұлдарды төлеу бойынша орындалмаған міндеттің болмауы;
6) кеден органына өтініш берілген күнге дейінгі бір жыл ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-407, 410-412, 414, 415, 427-429, 434, 438-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылу фактілерінің болмауы;
7) әрбір көлік құралында кеден органына сигнал беру арқылы аталған көлік құралының тұрған жерін анықтауға мүмкіндік беретін техникалық жабдықтың болуы осы тұлғаны кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізу шарттары болып табылады.
Техникалық жабдыққа қойылатын талаптар және оны қолдану тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен белгіленеді.
35-бап. Кедендік тасымалдаушылар тізіліміне енгізу тәртібі
1. Кедендік тасымалдаушылар тізіліміне енгізу туралы өтініш еркін нысанда толтырылады және онда:
1) кедендік тасымалдаушылар тізіліміне енгізу туралы кеден ісі саласындағы уәкілетті органына қолдаухат;
2) өтініш берушінің атауы, орналасқан жері туралы, ашылған банк шоттары туралы мәліметтер;
3) жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыру мерзімі туралы мәлімет;
4) кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету туралы мәлімет;
5) егер жүктерді тасымалдау жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рұқсат ету құжатының болуын талап етсе, аталған құжаттың болуы туралы мәлімет;
6) кедендік тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылуы көзделетін иелігіндегі халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары, оның ішінде кедендік пломбалары және мөрлері бар тауарларды тасымалдау үшін жарамды көлік құралдары туралы мәлімет (жалпы саны, техникалық сипаттамалары);
7) әрбір көлік құралында кеден органына сигнал беру арқылы аталған көлік құралының тұрған жерін анықтауға мүмкіндік беретін техникалық жабдықтың бар екендігі туралы мәлімет қамтылуға тиіс.
2. Мәлімделген мәліметтерді растайтын мынадай құжаттар:
1) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің түпнұсқасы (өтінішті қарау аяқталғаннан кейін кеден органы түпнұсқаны өтініш берушіге қайтаруға міндетті) не нотариат куәландырған көшірмесі;
2) тұлғаның салық төлеуші ретінде тіркелгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы (өтінішті қарау аяқталғаннан кейін кеден органы түпнұсқаны өтініш берушіге қайтаруға міндетті) не нотариат куәландырған көшірмесі;
3) құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелері;
4) банктерден оларда ашылған шоттары туралы растаулар;
5) осы Кодекстің 16-тарауына сәйкес кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етуді растайтын құжаттар;
6) кедендік тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылуы көзделетін халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарына иелік ету құқығын растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері;
7) халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын кедендік пломбалары және мөрлері бар тауарларды тасымалдауға жіберу туралы куәліктердің көшірмелері;
8) егер, қызметтің мұндай түрі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған рұқсат ету құжатының болуын талап етсе, көрсетілген құжаттың көшірмесі;
9) қызмет аймағына тұлға тіркелген кеден ісі саласындағы уәкілетті орган аумақтық бөлімшесінің осы Кодекстің 34-бабы 1-тармағының 4) және 7) тармақшаларында айқындалған шарттарға сәйкестігіне қорытындысы өтінішке қоса беріледі.
3. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтінішті қоса берілетін құжаттармен бірге ол тіркелген күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қарайды.
4. Тізілімге енгізу туралы шешім кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының (оны алмастыратын адамның) бұйрығымен ресімделеді және бұйрық қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
5. Кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізуден бас тарту туралы шешім осы баптың 2-тармағында көрсетілген барлық құжаттар табыс етілмеген немесе өтініш беруші осы Кодекстің 34-бабында белгіленген талаптарға сай келмеген жағдайда қабылданады. Өтініш беруші аталған бұзушылықтарды жойғаннан кейін өтініш осы Кодексте белгіленген тәртіппен қаралады.
6. Тұлғаны кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізген немесе енгізуден бас тартқан жағдайда кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтініш берушіні жазбаша нысанда хабардар етеді.
36-бап. Кедендік тасымалдаушылар тізілімінен шығару үшін негіздер
1. Кедендік тасымалдаушылардың тізілімінен шығару үшін мыналар:
1) осы Кодекстің 34-бабының 2) - 4) және 7) тармақшаларында белгіленген кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізу шарттарының сақталмауы;
2) кедендік тасымалдаушының осы Кодекстің 37-бабының 1) - 3) тармақшаларында көзделген міндеттерді сақтамауы;
3) кедендік тасымалдаушының өзін кедендік тасымалдаушылар тізілімінен шығару туралы өтініші;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды тұлғаның таратылуы;
5) қайта құруды қоспағанда, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы негіз болып табылады.
2. Кедендік тасымалдаушылар тізілімінен шығару туралы шешім, шығару себебі көрсетіле отырып, кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының (оны алмастыратын адамның) бұйрығымен ресімделеді.
3. Бұйрық қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті ақпарат аталған тұлғаға жазбаша нысанда жіберіледі.
4. Тұлға осы баптың 1-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көзделген негіздемелер бойынша кедендік тасымалдаушылар тізілімінен шығарылған жағдайда, аталған тұлғаның тиісті тізілімге енгізу туралы қайтадан берілген өтінішін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган тұлғаны мұндай тізілімнен шығару туралы бұйрық қабылданған күннен бастап бір жыл өткен соң қарайды.
37-бап. Кедендік тасымалдаушының міндеттері
Кедендік тасымалдаушы:
1) кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде осы Кодексте белгіленген шарттарды сақтауға және талаптарды орындауға;
2) кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарлардың есебін жүргізуге және кеден органдарына мұндай тауарларды тасымалдау туралы есептілікті, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметі белгіленген тәртіппен табыс етуге;
3) осы Кодекстің 331 және 332-баптарында көзделген жағдайларда кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттерді орындауға;
4) тауарларды жөнелтушіден, оларды алушыдан немесе экспедитордан алған мемлекеттік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпия (жасырым) болып табылатын ақпаратты не басқа да жабық ақпаратты, Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген жағдайларды қоспағанда, жария етпеуге не өз мақсаттары үшін пайдаланбауға және өзге тұлғаларға бермеуге;
5) кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізілген кезінде өзі мәлімдеген мәліметтер өзгергені туралы кеден ісі саласындағы уәкілетті органды мұндай мәліметтер өзгерген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті.
38-бап. Кедендік тасымалдаушының жауапкершілігі
Кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде өзінің міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін кедендік тасымалдаушы осы Қазақстан Республикасының заңдарына немесе кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жауапты болады.
39-бап. Уақытша сақтау қоймасының иесі
1. Осы Кодекстің 40-бабында айқындалған шарттарға сай келетін Қазақстан Республикасының аумағында құрылған Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы уақытша сақтау қоймасының иесі болып табылады.
Заңды тұлға уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізілгеннен кейін уақытша сақтау қоймасының иесі болып танылады.
2. Уақытша сақтау қоймасының иесі Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген жағдайларда және шарттарда кедендік бақылаудағы тауарларды сақтауды жүзеге асырады.
3. Кеден ісі саласындағы уәкілетті органының аумақтық бөлімшелері уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміндегі ақпаратты, сондай-ақ тиісті қызметті тоқтата тұру, қайта бастау немесе аталған тұлғаларды тізілімнен шығару туралы деректерді кеден ісі саласындағы уәкілетті органға жібереді.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган ай сайын әр айдың бесінші күнінен кешіктірмей кеден ісі саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсына жаңартылған тізілімді орналастыруды қамтамасыз етеді.
40-бап. Уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу шарттары
1. Мыналар:
1) меншігінде, шаруашылық жүргізуінде, оралымды басқаруында немесе жалға алынған, уақытша сақтау қоймасы ретінде пайдалануға арналған және мынадай талаптарға сай келетін:
көлік құралдарының аумаққа кіруін және аумақтан шығуын, адамдардың қойма аумағында соңғы күнтізбелік отыз күн ішінде болған оқиғалар туралы бейне ақпараттарды қарауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, тәулік бойғы режимде жұмыс істейтін бейне бақылау құралдарымен жабдықталған аумаққа және (немесе) үй-жайларға (кедендік бақылауға жататын құжаттар, тауарлар мен көлік құралдары тұрған) кіруін және аумақтан және (немесе) үй-жайлардан шығуын бақылау жүйесінің болуы;
қажетті тиеу-түсіру механизмдерінің және арнаулы техниканың, сондай-ақ орналастырылатын тауарлар мен көлік құралдарының сипатына сәйкес сертификатталған таразы жабдығының, ал арнаулы сақтау орнына газ орналастырылатын жағдайда тиісті есептеу аспаптарының болуы;
техникалық жарамды кіреберіс жолдарының болуы;
тауарларды тексеріп қарау үшін орындардың, оның ішінде электр жарығымен жарақтандырылған және соңғы күнтізбелік отыз күн ішінде болған оқиғалар туралы бейне ақпараттарды қарауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, тәулік бойғы режимде жұмыс істейтін бейне бақылау құралдарымен жабдықталған орындары бар жабық алаңдардың болуы;
жапсарлас тиеу-түсіру алаңдарын қоса алғанда, аумақ осы Кодекстің 186-бабының 3-тармағына сәйкес белгіленуге және оның бетон немесе асфальт төсемі болуға тиіс;
аумақта қойма қызметіне байланысы жоқ ғимараттар (құрылыстар) мен имараттар орналаспауға тиіс;
жапсарлас тиеу-түсіру алаңдарын қоса алғанда, аумақ (бір немесе бірнеше қойма үй-жайлары мен алаңдар) біртұтас және бөлінбейтін кешен болуға, бір почта мекенжайы бойынша орналасуға және барлық периметрі бойынша бірыңғай үздіксіз қоршауы болуға тиіс үй-жайлардың және (немесе) ашық алаңдардың болуы;
2) сақтауда тұрған басқа тұлғалардың тауарларына зиян келтіру немесе басқа тұлғалармен жасалған сақтау шарттарының өзге талаптарын бұзу салдарынан туындауы мүмкін өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартының болуы. Сақтандыру сомасының мөлшері шартта белгіленеді;
3) кеден органына өтініш берген күні кедендік төлемдерді, салықтарды және өсімпұлдарды төлеу бойынша орындалмаған міндеттемелердің болмауы;
4) кеден органына өтініш берген күнге дейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400, 405, 410-412, 414, 415, 417, 430, 434, 438-баптарына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылу фактілерінің болмауы заңды тұлғаны уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу шарттары болып табылады.
2. Егер үй-жайларды және (немесе) ашық алаңдарды иелену жалға алу шарты негізінде жүзеге асырылатын болса, мұндай шарт уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу туралы өтініш кемінде бір жыл мерзімге берілген күнге жасалуға тиіс.
41-бап. Уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу тәртібі
1. Уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу туралы өтініш еркін нысанда толтырылады және онда:
1) қызмет аймағына қойма құрылатын кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу туралы қолдаухат;
2) өтініш берушінің атауы туралы, тұрған жері туралы, ашылған банктік шоттары туралы мәлімет;
3) өтініш берушінің иелігіндегі және уақытша сақтау қоймасы ретінде пайдалануға арналған үй-жайлар және (немесе) ашық алаңдар туралы, олардың тұрған жері, жайластырылуы, жабдықталуы және материалдық-техникалық жарақтануы туралы мәлімет;
4) өтініш берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шарты (шарттары) туралы мәлімет;
5) қажетті тиеу-түсіру тетіктерінің және арнайы техниканың, сондай-ақ орналастырылатын тауарлар мен көлік құралдарының сипатына сәйкес сертификатталған таразы жабдығының, ал арнаулы сақтау орнына газ орналастырылатын жағдайда тиісті есептеу аспаптарының болуы туралы мәлімет қамтылуға тиіс.
2. Мәлімделген мәліметтерді растайтын мынадай құжаттар:
1) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің түпнұсқасы (өтінішті қарау аяқталғаннан кейін кеден органы түпнұсқаны өтініш берушіге қайтаруға міндетті) не нотариат куәландырған көшірмесі;
2) тұлғаның салық төлеуші ретінде тіркелгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы (өтінішті қарау аяқталғаннан кейін кеден органы түпнұсқаны өтініш берушіге қайтаруға міндетті) не нотариат куәландырған көшірмесі;
3) құрылтай құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері;
4) банктерден оларда ашылған шоттары туралы растаулар;
5) қызметті жүзеге асыру кезінде уақытша сақтау қоймасы ретінде пайдалануға арналған үй-жайларға және (немесе) ашық алаңдарға иелік ету құқығын растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері;
6) уақытша сақтау қоймасы ретінде мәлімделген үй-жайлар мен аумақтардың жоспарлары мен сызбалары;
7) қажетті тиеу-түсіру механизмдерінің және арнаулы техниканың, сондай-ақ орналастырылатын тауарлар мен көлік құралдарының сипатына сай келетін сертификатталған таразы жабдығының, ал арнаулы сақтау орнына газ орналастырылатын жағдайда тиісті есептеу аспабының бар екенін растайтын құжаттар;
8) уақытша сақтау қоймасы иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шарты өтінішке қоса беріледі.
3. Өтінішті қоса берілетін құжаттармен бірге қызмет аймағына қойма құрылатын кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі оны тіркеген күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қарайды.
4. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамы осы Кодекстің 208-бабының 3-тармағына сәйкес өтініш берушінің үй-жайлары мен аумақтарының осы Кодекстің 40-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында айқындалған талаптарға сәйкестігін қарауды жүргізеді.
5. Тізілімге енгізу туралы шешім кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі басшысының (оны алмастыратын адамның) бұйрығымен ресімделеді және бұйрық қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
6. Уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізуден бас тарту туралы шешім осы баптың 2-тармағында көрсетілген барлық құжаттар табыс етілмеген немесе өтініш беруші осы Кодекстің 40-бабында белгіленген талаптарға сай келмеген жағдайда қабылданады.
Өтініш беруші аталған бұзушылықтарды жойғаннан кейін өтініш осы Кодексте белгіленген тәртіппен қаралады.
7. Тұлғаны уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізген немесе енгізуден бас тартқан жағдайда кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өтініш берушіні жазбаша нысанда хабардар етеді.
42-бап. Уақытша сақтау қоймасы иесінің қызметін тоқтата тұру
1. Уақытша сақтау қоймасы иесінің жазбаша өтініші бойынша ол жүзеге асыратын қызмет алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін.
2. Уақытша сақтау қоймасы иесінің қызметін тоқтата тұру туралы шешім аталған тұлғаның өтініші тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қызмет аймағына қойма құрылатын кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі басшысының (оны алмастыратын адамның) бұйрығымен ресімделеді және бұйрық қабылданған күннен бастап күшіне енеді.