390-бап. Тауарларды уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Тауарларды уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастыруға кейін уақытша әкету кедендік рәсімін аяқтау кезінде осы кедендік рәсіммен орналастырылған тауарларды сәйкестендіру мүмкіндігі болатын жағдайда жол беріледі.
Тауарларды сәйкестендіру кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес уақытша әкетілген тауарларды ауыстыруға жол берілген жағдайларда талап етілмейді.
2. Уақытша әкету кедендік рәсімімен:
1) алкогольді, темекі және темекі өнімдерін, шикізатты және жартылай фабрикаттарды, жұмсалатын материалдар мен үлгілерді қоса алғанда, оларды жарнама және (немесе) көрсету мақсатында немесе көрме экспонаттары не өнеркәсіптік үлгілер ретінде санаулы даналарда әкеткен жағдайларды қоспағанда, тамақ өнімдерін, сусындарды;
2) қалдықтарды, оның ішінде өнеркәсіптік қалдықтарды;
3) кеден одағының кедендік аумағының шегінен тысқары жерлерге әкетуге тыйым салынған тауарларды орналастыруға жол берілмейді.
391-бап. Уақытша әкетілген тауарларды пайдалану және оларға билік ету жөніндегі шектеулер
1. Уақытша әкетілген тауарлар тасаудың (тасымалдаудың), сақтаудың және (немесе) пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болған өзгерістерден басқа, өзгеріссіз күйде қалуға тиіс.
2. Кеден органы тауарларды сәйкестендіруді қамтамасыз еткен жағдайда олардың кері импорты кезінде жөндеу операцияларын (күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қоспағанда), техникалық қызмет көрсетуді және тауарларды қалыпты күйде ұстау үшін қажетті басқа да операцияларды қоса алғанда, олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті операцияларды жасауға жол беріледі.
392-бап. Тауарларды уақытша әкету мерзімдері
1. Тауарларды уақытша әкету мерзімін кеден органы, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мұндай әкетудің мақсаттары мен мән-жайларын негізге ала отырып, декларанттың өтініші негізінде белгілейді.
Тауарларды уақытша әкету мерзімін декларанттың жазбаша өтініші бойынша кеден органы осы баптың 2 және 3-тармақтарын ескере отырып ұзартуы мүмкін.
2. Осы бапта белгіленген шекте уақытша әкету мерзімін ұзарту үшін декларант уақытша әкету мерзімінен кешіктірмей кедендік бақылауды жүзеге асыратын кеден органына осындай ұзартудың қажеттігі туралы растайтын құжаттарды тіркей отырып, жазбаша өтініш табыс етеді. Уақытша әкетудің мерзімін ұзарту туралы өтінішті қарау мерзімі кеден органы өтінішті тіркеген күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиіс. Көрсетілген мерзімде уақытша әкету мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады. Кеден органы уақытша әкетудің мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, көрсетілген мерзім мұндай шешім қабылданған күнге қарамастан, осының алдындағы мерзімнің аяқталған күнінен бастап ұзартылады.
Кеден органының уақытша әкету мерзімін ұзарту туралы не мұндай ұзартудан бас тарту туралы шешімі декларантқа жазбаша нысанда табыс етіледі. Бұл ретте, уақытша әкету мерзімін ұзарту кезінде кеден органындағы кедендік декларацияның бірінші парағының келесі жағына мерзімі мен күнінің ұзартылғаны туралы белгі қойылады. Көрсетілген белгі кеден органы лауазымды адамының қолымен, жеке нөмірлі мөрімен расталады.
Кеден органы уақытша әкету мерзімін ұзарту туралы шешімді декларант осы тарауда көзделген шарттар мен шектеулерді сақтамаған жағдайда қабылдайды.
3. Оларды Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тысқары жерлерге әкетудің мақсаттарына қарай тауарлардың жекелеген санаттары үшін, сондай-ақ уақытша әкету кезінде кері әкелу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті болып табылатын тауарлардың жекелеген түрлері үшін мұндай тауарларды уақытша әкетудің шекті мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеуі мүмкін.
4. Қазақстанның дипломатиялық өкілдерінің, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, олардың қызметкерлерінің ресми және жеке пайдалануы үшін әкелінетін тауарларды осындай өкілдіктер мен көрсетілген адамдардың шетел мемлекетінде аккредиттелуінің бүкіл мерзіміне Қазақстан Республикасынан уақытша әкетуге жол беріледі.
5. Шетелдік тұлғаға уақытша әкетілген тауарларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасымен оларды Қазақстан Республикасының аумағына қайтару міндеттілігі белгіленбеген, уақытша әкетілген тауарларға меншік құқығын берген жағдайда, бұл тауарларды уақытша әкету мерзімі ұзартылуға жатпайды, ал бұл тауарлар осы Кодекстің 347-бабы 1-тармағының екінші бөлігі ескеріле отырып, экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылуға жатады.
393-бап. Уақытша әкету кедендік рәсімі қолданылуының аяқталуы
1. Уақытша әкету кедендік рәсімі қолданылуының уақытша әкету мерзімі өткенге дейін уақытша әкетілген тауарларды осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда кері импорттың кедендік рәсімімен орналастырумен аяқталады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уақытша әкетілген тауарлар кеден одағының кедендік аумағына міндетті түрде қайта әкелінуге жататын жағдайларды қоспағанда, уақытша кедендік әкету рәсімінің қолданылуы уақытша әкету мерзімі өткенге дейін оларды осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда кеден органына іс жүзінде көрсетпестен, уақытша әкетілген тауарларды экспорттың, кедендік аумақтан тысқары жерде қайта өңдеу немесе уақытша әкету кедендік рәсімдерімен орналастыру арқылы аяқталуы мүмкін.
2. Уақытша әкетілген тауарлар кері импорттың кедендік рәсімімен не өзге кедендік рәсіммен бір немесе бірнеше партиямен орналастырылуы мүмкін.
394-бап. Уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндет декларантта кеден органы кедендік декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Декларанттың уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндеті:
1) осы Кодекстің 393-бабының 1-тармағына сәйкес уақытша әкету кедендік рәсімі аяқталған кезде;
2) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында көрсетілген жағдайларда тоқтатылады.
3. Аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан не тасудың (тасымалдаудың) және сақтаудың, пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кему нәтижесінде жойылуды (біржола жоғалуды) қоспағанда, осы Кодекстің 393-бабының 1-тармағына сәйкес уақытша әкету мерзімі өткенге дейін уақытша әкету кедендік рәсімі аяқталмаған кезде кеден органдары белгілеген уақытша әкету мерзімінің өткен күні кедендік әкету баждарын төлеу мерзімі болып саналады.
4. Кедендік әкету баждары тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, тауарларды уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күні есептелген кедендік әкету баждарының сомаларына сәйкес келетін көлемде төленуге жатады.
395-бап. Уақытша әкетілген тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастыру ерекшеліктері
1. Уақытша әкетілген тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде тауарлардың кедендік құны және (немесе) олардың табиғи көрінісіндегі физикалық сипаттамалары (саны, массасы, көлемі немесе өзге де сипаттамалары), Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін кедендік әкету баждарының ставкалары және валюталардың нарықтық бағамы тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күні айқындалады.
2. Осы Кодекстің 134‑бабының 2‑тармағына сәйкес, тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру үшін төленген кедендік әкету баждары сомаларына пайыздар төленбейді.
45-тарау. Кері импорт кедендік рәсімі
396-бап. Кері импорт кедендік рәсімінің мазмұны
1. Кері импорт кеден одағының кедендік аумағынан бұрын әкетілген тауарлар кедендік әкелу баждары, салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай, осы Кодекстің 397-бабында белгіленген мерзімдерде кеден одағының кедендік аумағына қайта әкетілетін кездегі кедендік рәсім болып табылады.
2. Осы Кодекстің 357-бабының 3-тармағына сәйкес кеден одағының кедендік аумағынан әкетілген тауарларды қайта өңдеу өнімдері болып табылатын, осы Кодекстің 397-бабының 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген тауарларды қоспағанда, кері импорттың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар кеден одағы тауарларының мәртебесіне ие болады.
397-бап. Тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Кері импорт кедендік рәсімімен:
1) егер:
бұл тауарлар кері импорт кедендік рәсімімен оларды кеден одағының кедендік аумағынан әкету кезінде кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілген күннен кейінгі күннен бастап үш жыл ішінде немесе осы баптың 2-тармағына сәйкес белгіленген өзге де мерзімде орналастырылса;
бұл тауарлар тасудың (тасымалдаудың), сақтаудың және (немесе) пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, өзгеріссіз күйінде болса;
кеден органына осы Кодекстің 398-бабына сәйкес құжаттар ұсынылған болса, экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған не кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдері болып табылатын және кері экспорт кедендік рәсіміне сәйкес кеден одағының кедендік аумағынан әкетілген;
2) егер бұл тауарлар уақытша әкету мерзімі ішінде әкелінсе және тасудың (тасымалдаудың), сақтаудың және (немесе) пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ оларды уақытша әкетудің кедендік рәсіміне сәйкес пайдалану кезінде мұндай тауарларға қатысты жол берілетін өзгерістерді қоспағанда, сол күйінде тұрса, уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылған;
3) егер бұл тауарлар қайта өңдеу мерзімі ішінде әкелінсе және тасудың (тасымалдаудың), сақтаудың және (немесе) пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, олар кеден одағының кедендік аумағынан әкетілген күйінде тұрса, кедендік аумақтан тысқары жерде қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған;
4) егер ақысыз (кепілдік беріп) жөндеу қайта өңдеудің мақсаты болса және оларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен шығару кезінде осы тауарларды ақысыз (кепілдік беріліп) жөндеу себебі болып табылған ақаудың (ақаулардың) болуы ескерілген тауарларды қайта өңдеу өнімдерін қоспағанда, бұл тауарлар қайта өңдеу мерзімі ішінде кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылса, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдері болып табылатын, бұрын шығарылған тауарлар орналастырылуы мүмкін.
2. Тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты Кеден одағы комиссиясының шешімімен осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мерзімнен асатын мерзімдер белгіленуі мүмкін.
3. Кері импорт кезінде салықтарды өтеу тауарларды кедендік аумақтан әкетумен байланысты осындай салықтардың сомалары төленбесе не қайтарылса, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда жүргізіледі.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген кедендік рәсімдерге сәйкес тауарлар кеден одағының кедендік аумағынан әкетілген кедендік рәсімдердің бірінің декларанты болып табылатын тұлға кері импорттың кедендік рәсімінің декларанты болып әрекет етуі мүмкін.
Кеден одағының кеден заңнамасында өзге тұлғаның кері импорт кедендік рәсімінің декларанты болып әрекет етуі мүмкін болатын жағдайлар белгіленуі мүмкін.
5. Тауарлар осы баптың 1-тармағында көрсетілген кедендік рәсімдердің біріне орналастырылған кеден одағына мүше мемлекетте кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылады.
398-бап. Тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтер
1. Тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін декларант тауарларды кеден одағының кедендік аумағынан әкетудің мән-жайлары туралы мәліметтерді, сондай-ақ, егер тауарлармен мұндай операциялар кеден одағының кедендік аумағының шегінен тысқары жерлерде жүргізілсе, тауарларды жөндеу жөніндегі операциялар туралы мәліметтерді кеден органына табыс етеді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтерді растау үшін декларант тауарларды әкету кезінде қабылданған кедендік декларацияны және оларды әкету кезінде тауарлардың кеден одағының кедендік шекарасынан өткен күнін растайтын құжаттарды табыс етеді.
399-бап. Кедендік әкету баждары сомаларын қайтару (есепке алу)
Егер көрсетілген тауарлар мұндай тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған күннен кейінгі күннен бастап алты айдан кешіктірілмей кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылса, кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған, осы Кодекстің 397-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік әкету баждарының төленген сомасы қайтарылады (есепке жатқызылады).
46-тарау. Кері экспорт кедендік рәсімі
400-бап. Кері экспорт кедендік рәсімінің мазмұны
Кері экспорт кеден одағының кедендік аумағына бұрын әкелінген тауарлар не кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдері кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлемей не (немесе) олардың төленген сомасын қайтара отырып және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай осы аумақтан әкетілетін кездегі кедендік рәсім болып табылады.
401-бап. Тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
Кері экспорт кедендік рәсімімен:
1) кеден одағының кедендік аумағындағы шетелдік тауарлар, оның ішінде тарифтік емес реттеу шараларын бұза отырып әкелінген тауарлар және кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдері;
2) егер ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар сыртқы экономикалық мәміле шарттарының орындалмау себебі бойынша, оның ішінде саны, сапасы, сипаттамасы немесе орамасы бойынша қайтарылса, мына талаптар сақталған жағдайда:
тауарлар кері экспорт кедендік рәсімімен ішкі тұтыну үшін шығарылған күннен кейінгі күннен бастап бір жыл ішінде орналастырылған;
кеден органына осы Кодекстің 403-бабына сәйкес құжаттар табыс етілген;
тауарларды ақауларын анықтау үшін пайдалану қажет болған жағдайларды немесе тауарларды қайтаруға әкеп соққан өзге де жағдайларды қоспағанда, тауарлар кеден одағының кедендік аумағында пайдаланылмаған және жөнделмеген;
тауарларды кеден органының сәйкестендіруі мүмкін болатын жағдайларда орналастырылуы мүмкін.
402-бап. Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды тасымалдау ерекшеліктері
Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар кеден одағының кедендік аумағынан осы Кодекстің 38-тарауына сәйкес әкетіледі.
403-бап. Бұрын ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтер
Бұрын ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін декларант кеден органына:
1) тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкелудің мән-жайлары туралы (сыртқы экономикалық мәмілелердің жасалуын растайтын құжаттардың негізінде);
2) сыртқы экономикалық мәміле шарттарының орындалмағаны туралы;
3) осы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру туралы;
4) осы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырғаннан кейін пайдалану туралы мәліметтерді қамтитын құжаттарды табыс етеді.
404-бап. Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылатын шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет декларантта кеден органы кедендік декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Декларанттың кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеті:
1) Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалған тәртіппен кететін жеріндегі кеден органы растаған шетелдік тауарларды кеден одағының кедендік аумағынан іс жүзінде әкету кезінде;
2) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағымен белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан не тасудың (тасымалдаудың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кему нәтижесінде жойылуды (қайтармсыз жоғалуды) қоспағанда, кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды кеден одағының кедендік аумағынан әкетпеу кезінде тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күн кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі болып саналады.
4. Осы баптың 3-тармағымен белгіленген кедендік әкелу баждары, салықтар кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер ескерілмей, шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күніне есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдеріне қатысты кедендік әкелу баждары, салықтар кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған және олардың шығу нормаларына сәйкес қайта өңдеу өнімдерін дайындау үшін пайдаланылған шетелдік тауарларға қатысты төленуге жататын кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
5. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылған кезде осы баптың 3-тармағына сәйкес төленген немесе өндіріп алынған кедендік әкелу баждары, салықтар осы Кодекске сәйкес белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады.
6. Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кедендік әкелу баждары, салықтар төленуге жатпайды.
405-бап. Кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасын қайтару (есепке жатқызу)
Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған және кеден одағының кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілген, осы Кодекстің 401-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты осы Кодекстің 17-тарауына сәйкес кедендік әкелу баждарының, салықтардың төленген сомасын қайтару (есепке жатқызу) жүргізіледі.
47-тарау. Бажсыз сауда кедендік рәсімі
406-бап. Бажсыз сауда кедендік рәсімінің мазмұны
Бажсыз сауда, тауарлар кеден одағының кедендік аумағынан шығып кететін жеке тұлғаларға не шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге, халықаралық ұйымдардың оларға теңестірілген өкілдіктеріне, консулдық мекемелерге, сондай-ақ дипломатиялық агенттерге, консулдық лауазымды адамдарға және олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне кедендік баждар, салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай бажсыз сауда дүкендерінде бөлшек саудада сатылатын кездегі кедендік рәсім болып табылады.
407-бап. Тауарларды бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Бажсыз сауда кедендік рәсімімен кеден одағының кедендік аумағына әкелінуге, кеден одағының кедендік аумағының шегінен тысқары жерлерге әкетілуге тыйым салынған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында айналымға тыйым салынған тауарларды қоспағанда, кез келген тауарлар орналастырылуы мүмкін.
Кеден одағының комиссиясы бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылуға жатпайтын өзге тауарлардың тізілімін жасауы мүмкін.
2. Бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарлардың декларанты болып тек осы тауарларды сатуды жүзеге асыратын бажсыз сауда дүкенінің иесі әрекет етуі мүмкін.
3. Бажсыз сауда дүкенінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын тауарлар бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылуға жатпайды.
4. Кеден одағының тауарлары бажсыз сауда кедендік рәсімімен кедендік декларацияны беру жолымен орналастырылады.
408-бап. Бажсыз сауда дүкендері
1. Бажсыз сауда дүкендерінің жұмыс істеу тәртібі, оларды жайластыруға, жабдықтауға қойылатын талаптар осы Кодекстің 53 - 58-баптарында белгіленген.
2. Бажсыз сауда дүкендері:
1) кеден одағының кедендік аумағынан шығып кететін жеке тұлғалар үшін - кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өту пункттерінде;
2) шетелдік дипломатиялық өкілдіктер, оларға теңестірілген халықаралық ұйымдардың өкілдіктері, консулдық мекемелер, сондай-ақ дипломатиялық агенттер, консулдық лауазымды адамдар және олармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелері үшін - астанада орналастырылады.
409-бап. Бажсыз сауда дүкендерінде тауарларды өткізу және олардағы кедендік бақылау тәртібі
1. Бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды өткізу кедендік бақылаумен:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің салық заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес, бақылау-кассалық машиналарды міндетті түрде қолдана отырып, жолаушылардың жол жүру құжаттары бойынша кеден одағының кедендік аумағының шегінен тысқары жерлерге кететін жеке тұлғаларға бөлшек сауда арқылы;
2) шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге, оларға теңестірілген халықаралық ұйымдардың өкілдіктеріне, консулдық мекемелерге, сондай-ақ дипломатиялық агенттерге, консулдық лауазымды адамдарға және олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес, осындай тұлғалардың аккредиттелгенін растайтын құжатты көрсеткен кезде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде жүзеге асырылады. Бажсыз сауда дүкендеріндегі тауарларды өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кедендік бақылауды қызметі аймағында бажсыз сауда дүкені орналасқан кеден органы жүзеге асырады.
410-бап. Бажсыз сауда кедендік рәсімінің аяқталуы
1. Бажсыз сауда кедендік рәсімінің қолданылуы осы кедендік рәсімге орналастырылған тауарларды жеке тұлғаларға, осы Кодекстің 406-бабында көрсетілген тұлғаларға бажсыз сауда дүкендерінде бөлшек саудада өткізу не бұл тауарларды осы Кодекске сәйкес өзге кедендік рәсімдермен орналастыру арқылы аяқталады.
2. Бажсыз сауда дүкендерінің қызметі тоқтатылған жағдайда, бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар аталған дүкеннің қызметі тоқтатылған күннен кейінгі күннен бастап бір ай ішінде өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген әрекеттер жасалмаған кезде осы Кодекстің 24-тарауына сәйкес кеден органдары тауарларды кідіртеді.
411-бап. Бажсыз сауда кеден рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылатын шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет декларантта кеден органы кедендік декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Декларанттың бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу міндеті:
1) бұл тауарлар осы Кодекстің 406-бабында көрсетілген тұлғаларға өткізілген кезде;
2) бұл тауарлар өзге кедендік рәсіммен орналастырылған кезде;
3) осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес кеден органдары тауарларды кідірткен кезде;
4) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Мыналар:
1) бажсыз сауда кедендік рәсімінің талаптары мен шарттарын бұза отырып, шетелдік тауарларды пайдалану және оларға билік ету кезінде - белгіленген талаптар мен шарттарды бұзатын әрекеттердің жасалған күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - тауарларды бажсыз сауданың кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күн;
2) аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылуды (қайтарымсыз жоғалуды) не тасудың (тасымалдаудың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, шетелдік тауарларды жоғалтқан жағдайда, - тауарларды жоғалтқан күн, ал егер бұл күн анықталмаса, - тауарларды бажсыз сауданың кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күн кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі болып есептеледі.
4. Кедендік әкелу баждары, салықтар, осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларда, кедендік әкелу баждары, салықтар тарифтік преференцияларды және кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер ескерілмей, тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, оған сәйкес тауарлар бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күніне есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
48-тарау. Жою кедендік рәсімі
412-бап. Жою кедендік рәсімінің мазмұны
Жою, шетелдік тауарлар кедендік әкелу баждары, салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай кедендік бақылаумен жойылатын кездегі кедендік рәсім болып табылады.