8) жеке кедендік тексеріп қарау жүргізетін кеден органы лауазымды адамдарының әрекеттеріне осы Кодекске сәйкес шағымдануға құқығы бар.
5. Жеке кедендік тексеріп қарау барысында тексеріліп қаралатын тұлға немесе оның заңды өкілі жеке кедендік тексеріп қарау жүргізетін кеден органы лауазымды адамының заңды талаптарын орындауға міндетті.
6. Жеке кедендік тексеріп қарауды тексеріліп қаралатын адаммен бір жыныстағы кеден органының лауазымды адамдары сол жыныстағы екі куәгердің қатысуымен санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келетін оқшауланған үй-жайда жүргізеді. Бұл үй-жайға басқа жеке тұлғалардың кіруіне және олардың тарапынан жеке кедендік тексеріп қараудың жүргізілуін қадағалау мүмкіндігіне жол берілмеуге тиіс. Тексеріп қаралатын адамның денесін тексеріп зерттеуді, қажет болған жағдайда арнайы медициналық техниканы пайдалана отырып, медицина қызметкері ғана жүргізуге тиіс.
Медициналық қызметкер жеке кедендік тексеріп қарау туралы шешімді орындаудан жалтаруға құқылы емес.
Кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз жеке адамды жеке кедендік тексеріп қарау кезінде оның заңды өкілдері (ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары) немесе оны алып жүретін адамдар қатысуға міндетті.
7. Жеке кедендік тексеріп қарауды жүргізу туралы Кеден одағы комиссиясының шешімімен бекітілетін нысан бойынша екі дана етіп акті жасалады. Бұл акт жеке кедендік тексеріп қарау барысында не тікелей ол аяқталғаннан кейін жасалуға тиіс.
Актіге жеке кедендік тексеріп қарауды жүргізген кеден органының лауазымды адамы, оған қатысты тексеріп қарау жүргізілген жеке адам не оның заңды өкілі немесе оны алып жүрген адам, куәгерлер, ал тексеріп зерттеу жүргізілген кезде - медициналық қызметкер қолдарын қояды.
Өзіне қатысты жеке кедендік тексеріп қарау жүргізілген жеке адамға не оның заңды өкіліне немесе оны алып жүрген адамға жеке кедендік тексеріп қарау туралы актінің екінші данасы ол жасалғаннан кейін дереу табыс етіледі.
207-бап. Тауарлардың арнайы таңбалармен таңбалануын, оларда сәйкестендіру белгілерінің болуын тексеру
1. Кеден органдары тауарларда немесе олардың орамдарында арнайы таңбалардың, сәйкестендіру белгілерінің немесе кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, олардың кеден одағының кедендік аумағына әкеліну заңдылығын растау үшін пайдаланылатын өзге де тәсілдермен тауарларды белгілеулердің болуына тексеру жүргізеді.
2. Тауарларда арнайы таңбалардың, сәйкестендіру белгілерінің немесе тауарларды өзге де тәсілдермен белгілеудің болмауы, егер мұндай тауарлар табылған адам, декларант не өзге де мүдделі тұлға керісінше екенін дәлелдемесе, кеден одағының кедендік аумағына кедендік операцияларды жасамай және тауарларды шығармай жүзеге асырылған тауарларды әкелу ретінде қаралады.
208-бап. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарау
1. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарау кедендік бақылаудағы, оның ішінде шартты шығарылған уақытша сақтау орындарындағы, кеден қоймаларындағы, бажсыз сауда дүкендеріндегі және кедендік бақылаудағы тауарлар болуы мүмкін өзге де жерлердегі тауарлардың, сондай-ақ адамдарда осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдердің талаптарына сәйкес болуға тиіс тауарлардың болуын растау мақсатында жүргізіледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарауды кеден органдары тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында, шекара аймағында, сондай-ақ тауарлардың көтерме немесе бөлшек саудасын жүзеге асыратын, тауарларды кедендік бақылау аймағы болып табылмайтын жерлерде сақтайтын тұлғаларда, тауарларға иелік ететін және (немесе) оларды пайдаланатын өзге де тұлғаларда, осы тұлғалардың үй-жайларында немесе аумақтарында осы Кодексте көзделеген тәртіпті бұза отырып кеден одағының кедендік аумағына әкелінген және (немесе) онда тұрған тауарлардың болуы туралы ақпарат болған кезде, мұндай ақпаратты тексеру үшін жүргізуі мүмкін.
3. Кеден органдары үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарауды осы үй-жайлар мен аумақтардың осы Кодекстің 40, 47, 54, 185, 260, 334 баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген талаптар мен шарттарға сәйкестігін тексеру мақсатында да жүзеге асыруы мүмкін.
4. Тұрғын үй-жайларға кедендік қарау жүргізуге жол берілмейді.
5. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарау ұйғарымды (нұсқауды) және кеден органы лауазымды адамының қызметтік куәлігін көрсеткен кезде жүргізіледі.
Үй-жайлар мен аумақтарды қарауға арналған ұйғарымның (нұсқаудың) нысанын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
6. Аумаққа және үй-жайларға жіберуден бас тартылған жағдайда, кеден органдарының лауазымды адамдары аумаққа және үй-жайларға екі куәгердің қатысуымен қарсылықтың жолын кесу және жабық үй-жайларды ашу арқылы кіруге құқылы. Үй-жайларға қарсылықтың жолын кесу және жабық үй-жайларды ашу арқылы кірудің барлық жағдайлары туралы кеден органдары жиырма төрт сағаттың ішінде прокурорды хабардар етеді. Кеден органдары лауазымды адамдарының аумақтарға және үй-жайларға кіруіне кедергі келтірген адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
7. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жекелеген объектілерге кіруін арнайы тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
8. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарау оны жүргізу үшін қажетті ең аз уақыт кезеңінде жүргізілуге тиіс және бір жұмыс күнінен аспауға тиіс. Кедендік қарауды жүргізу уақытының кезеңі бес жұмыс күнінен артық ұзартыла алмайды.
9. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарау нәтижелері бойынша Кеден одағы комиссиясының шешімімен бекітілген нысан бойынша акт жасалады. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарау актісінің екінші данасы үй-жайлары немесе аумақтары қаралған тұлғаға табыс етілуге (жіберілуге) жатады.
209-бап. Кедендік бақылаудағы тауарларды есепке алу
1. Кеден органдары кедендік бақылаудағы тауарлардың және олармен жасалатын кедендік операциялардың есебін, оның ішінде ақпараттық жүйелер мен технологияларды пайдалана отырып жүргізеді.
2. Кедендік бақылаудағы тауарларды есепке алу тәртібі мен нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
210-бап. Тауарларды есепке алу жүйесін және олар бойынша есептілікті тексеру
1. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын, арнайы оңайлатуларды пайдаланатын, сондай-ақ шетелдік тауарларды пайдаланатын және (немесе) иеленетін тұлғалар кеден органдарының талабы бойынша кеден органдарына сақталатын, тасымалданатын, өткізілетін, қайта өңделетін және (немесе) пайдаланылатын тауарлар туралы есептілікті табыс етуге міндетті.
2. Есептілікті табыс ету нысанын және тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Кедендік бақылау нысаны ретінде тауарларды есепке алу жүйесін тексеру мынадай жағдайларда:
1) осы Кодекске сәйкес арнайы оңайлатуларды қолданған кезде;
2) тауарларды шартты түрде шығарған кезде;
3) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қатысты;
4) осындай тауарлардың есебін жүргізуді көздейтін кедендік рәсімдермен орналастырылған тауарларға қатысты жүргізіледі.
211-бап. Кедендік тексеру
1. Кеден органдары кедендік тексеруді тұлғалардың кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауын тексеру мақсатында жүргізеді.
2. Кеден органы кедендік тексеруді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және (немесе) тіркелген тексерілетін тұлғаларға қатысты жүргізеді.
Тексерілетін тұлғалар деп:
1) декларант;
2) кеден өкілі;
3) тасымалдаушы, оның ішінде кедендік тасымалдаушы;
4) тауарлар шығарылғаннан кейін оларға қатысты өкілеттіктері бар тұлға немесе оның өкілі;
5) тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыратын тұлға;
6) бажсыз сауда дүкендерінің, кеден қоймасының және өзге де қоймалардың иелері;
7) уәкілетті экономикалық оператор;
8) тиісті кедендік рәсімдермен орналастырылған тауарлармен жасалған мәмілелерге тікелей немесе жанама қатысқан өзге де тұлғалар;
9) иелігінде және (немесе) пайдалануында кеден одағының кеден заңнамасында және осы Кодексте көзделген тәртіпті бұза отырып, оның ішінде кедендік шекара арқылы заңсыз өткізілген тауарлардың болуы (болғандығы) туралы оған қатысты ақпарат бар тұлға түсініледі.
3. Кеден органдары кедендік тексеру кезінде:
1) тауарлардың кедендік рәсіммен орналастырылу фактісін;
2) кедендік декларацияда және тауарларды кедендік декларациялау кезінде табыс етілген өзге де құжаттарда мәлімделген, тауарларды шығару туралы шешім қабылдауға әсер еткен мәліметтердің дұрыстығын;
3) шартты шығарылған тауарларды пайдалану және оларға билік ету бойынша шектеулердің сақталуын;
4) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауын;
5) тұлғалардың уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін беру үшін қажетті талаптарға сәйкестігін;
6) кедендік рәсімдер шарттарының сақталуын;
7) осы Кодексте белгіленген мерзімдердің ішінде құжаттарды сақтау бойынша міндеттеменің орындалуын тексереді.
4. Кедендік тексеру тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру кезінде табыс етілген құжаттардағы мәліметтерді және кеден органында бар өзге де мәліметтерді бухгалтерлік есеп және есептілік деректерімен, шоттармен және кеден одағының кеден заңнамасында және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен алынған басқа ақпаратпен салыстыру арқылы жүргізіледі.
5. Кедендік тексеру жүргізу кезінде осы Кодекстің 199-бабында белгіленген кедендік бақылаудың өзге де нысандары пайдаланылуы мүмкін.
6. Кедендік тексеруді жүргізу алдында тексеруге жататын мәселелердің тізбесі анықталатын дайындық жұмысы болуға тиіс, қажет болғанда оны жүргізу бағдарламасы әзірленеді.
7. Кедендік тексеру камералдық кедендік тексеру немесе көшпелі кедендік тексеру нысанында жүзеге асырылады.
8. Арнаулы білім мен дағдыларды талап ететін мәселелерді зерттеу және консультация алу үшін кеден органдары кедендік тексеруге Қазақстан Республикасының басқа да бақылаушы мемлекеттік органдарының лауазымды тұлғаларын тартуы мүмкін.
Кедендік тексеруге қатысушы болып табылатын кедендік органның лауазымды тұлғасының жазбаша сауалы бойынша кедендік тексеруге тартылған лауазымды тұлға кедендік тексеру барысында пайдаланылатын қорытынды жасайды. Мұндай қорытындылардың көшірмелері кедендік тексеру актісіне қоса тіркеледі.
9. Кедендік тексеру барысында қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған кезде кеден органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қолданады.
10. Кедендік тексеру жүргізу тәртібі осы Кодекстің 24-тарауында айқындалады.
11. Кедендік тексеру нәтижелері және кедендік тексеру нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау тәртібі осы Кодекстің 18 және 24-тарауларында айқындалады.
22-тарау. Кеден органдарының өзара әкімшілік көмегі
212-бап. Өзара әкімшілік көмек
1. Осы тараудың мақсаттары үшін өзара әкімшілік көмек деп кеден одағының кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және кеден одағының кеден заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу, оларды тергеу мақсатында кеден органының кеден одағына мүше басқа мемлекет кеден органының тапсырмасы бойынша немесе онымен бірлесіп жасаған әрекеттері түсініледі.
2. Өзара әкімшілік көмек:
1) кеден органдарының кеден органына мүше мемлекеттер кеден органдарымен ақпарат алмасуын;
2) кеден органдары қабылдаған шешімдерді өзара тануды;
3) кеден одағына мүше мемлекеттердің бірінің кеден органының кеден одағына мүше басқа мемлекеттің кеден органының тапсырмасы бойынша осы Кодексте белгіленген кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын жүргізуін қамтиды.
Өзара әкімшілік көмек кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес кеден органдарының өзара іс-қимыл жасауының өзге де түрлерін қамтуы мүмкін.
213-бап. Кеден органдары арасындағы ақпарат алмасу
Кеден органдарының кеден одағына мүше мемлекеттер кеден органдарымен ақпарат алмасуы кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес, оның ішінде ақпараттық жүйелерді және ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жүргізіледі.
214-бап. Кеден органдары қабылдаған шешімдерді өзара тану
Кеден одағының кедендік аумағына әкелінетін не одан тыс жерлерге әкетілетін, кедендік бақылаудағы, кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес кеден одағының кедендік аумағы бойынша тасымалданатын, уақытша сақталатын тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасау кезінде, сондай-ақ кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары қабылдаған шешімдерді кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары өзара таниды және кеден одағының кеден заңнамасымен белгіленген жағдайларда кеден одағының кедендік аумағында оның тең заңды күші болады.
215-бап. Кеден одағына мүше мемлекеттердің бірінің кеден органының тапсырмасы бойынша кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын жүргізуі
Кеден одағы кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ кеден одағының кеден заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында кеден одағына мүше мемлекеттердің бірінің кеден органы кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын жүргізуді кеден органына тапсыруға құқылы.
Кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын жүргізу туралы тапсырманы жіберу және орындау негіздемелері, нысаны, тәртібі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айындалады.
23-тарау. Тәуекелдерді басқару жүйесі
216-бап. Тәуекелдерді басқару жүйесінің жалпы ұғымдары және қолданылу мақсаттары
1. Кеден органдары тауарларды, халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын, кедендік бақылауға жататын құжаттар мен тұлғаларды, осындай тауарларға, халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарына, құжаттар мен тұлғаларға қолданылатын кедендік бақылау нысандарын және кедендік бақылау жүргізу дәрежесін айқындау үшін тәуекелдерді басқару жүйесін қолданады.
Қазақстан Республикасының кеден органдарында тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану мақсаттары:
1) кеден органдарының құзыреті шегінде ұлттық (мемлекеттік) қауіпсіздікті, адам өмірі мен денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды қамтамасыз ету;
2) назарды жоғары тәуекел салаларына шоғырландыру және иелікте бар ресурстарды неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
3) кеден одағының кеден заңнамасын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды анықтау, болжау және оларды болғызбау;
4) декларанттарға және кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтайтын тұлғаларға тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу үшін қолайлы жағдайлар жасау;
5) тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде кедендік операциялар жүргізуді жеделдету болып табылады.
3. Кеден органдары тәуекелдерді азайту бойынша қолданылатын шаралар туралы ақпаратпен, сондай-ақ кедендік бақылау жүргізудің тиімділігін арттыруға ықпал ететін өзге де ақпаратпен өзара алмасуды Қазақстан Республ(икасының халықаралық шартында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
4. Кеден одағының комиссиясы тәуекелдерге қатысты кеден органдары міндетті түрде оларды азайту бойынша шаралар әзірлейтін және қолданатын тәуекелдердің саласын айқындай алады.
217-бап. Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану кезінде пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы тараудың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) анықталған тәуекел - кеден ісі саласындағы құқық бұзушылық жасалған және кеден органдарында мұндай құқық бұзушылық туралы ақпарат бар белгілі тәуекел;
2) жасырын тауарлар - тәуекел тауарларының орнына декларациялануы мүмкіндігі жеткілікті дәрежедегі тауарлар;
3) кездейсоқ іріктеу әдісі - белгісіз тәуекелді анықтау мақсатында кедендік бақылау объектілерін белгіленген кезеңділікпен еркін іріктеу;
4) тәуекел - Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтамау ықтималдығының дәрежесі;
5) тәуекел бейіні - тәуекел саласы, тәуекел индикаторлары туралы мәліметтердің жиынтығы, сондай-ақ тәуекелдердің алдын алу немесе оларды азайту жөнінде қажетті шаралар қолдану туралы нұсқаулар.
Қолданылу өңіріне қарай тәуекел бейіндері екі түрлі болуы мүмкін: республикалық (қолданылу өңірі - Қазақстан Республикасының аумағы), өңірлік (қолданылу өңірі - кеден ісі саласындағы уәкілетті органның бір немесе бірнеше аумақтық бөлімшесінің қызмет аймағы);
6) тәуекел деңгейі - тәуекелдің туындау мүмкіндігінің және мүмкін болатын тәуекел салдарларының дәрежесі;
7) тәуекелдердің индикаторлары - бақылау объектісін таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, кеден органдары алдын ала белгілеген өлшемдері бар тәуекел көрсеткіштері;
8) тәуекелді бағалау - тәуекел деңгейін бағалау және кеден органдары алдын ала анықтаған көрсеткіштермен салыстыру арқылы тәуекелді басқару басымдықтарын жүйелі анықтау;
9) тәуекелді басқару - тәуекелдердің алдын алу және оларды азайту бойынша шараларды әзірлеу және практикалық іске асыру, оларды іске асыру тиімділігін бағалау, сондай-ақ кедендік рәсімдердің жүргізілуін бақылау бойынша, кеден органдарында бар ақпаратты үздіксіз жаңартуды, талдауды және түзетуді көздейтін жүйелі жұмыс;
10) тәуекелді талдау - тәуекелдің туындау жиілігін және тәуекел туындаған кезде мүмкін болатын салдарлардың көлемін анықтау үшін қолда бар ақпаратты жүйелі пайдалану. Тәуекелдер анықталған және ықтимал болып екі түрге бөлінеді;
11) тәуекел саласы - кеден органдары топтастырған тәуекелді талдау объектілері, оларға қатысты кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын қолдану немесе оларды жинақтап қолдану талап етіледі;
12) тәуекел тауарлары - кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, оларға қатысты тәуекелдер анықталған немесе ықтимал тәуекелдер бар тауарлар;
13) ықтимал тәуекел - анықталмаған, бірақ оның туындауы үшін жағдайлар бар тәуекел.
218-бап. Тәуекелді талдау объектілері
Тәуекелді талдау объектілеріне:
1) кедендік бақылаудағы не ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар;
2) халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары;
3) сатып алу-сату не айырбастаудың сыртқы экономикалық шарттарында (келісімшарттарда), тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) билік ету құқығына жасалған келісімдерде не өзге де құжаттарда бар мәліметтер;
4) көліктік (тасымалдау), коммерциялық, кедендік және өзге де құжаттарда бар мәліметтер;
5) декларанттардың және кедендік бақылаудағы тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие өзге де тұлғалардың қызметі;
6) кедендік бақылау нысандарын қолданудың нәтижелері жатады.
219-бап. Тәуекелдерді бағалау және басқару бойынша кеден органдарының қызметі
1. Тәуекелдерді бағалау және басқару бойынша кеден органдарының қызметі мынадай:
1) кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйесінің ақпараттық деректер базасын қалыптастыру;
2) мыналарды:
тәуекелдерді талдау объектілерін;
тәуекелдердің алдын алу және оларды азайту бойынша шараларды қабылдаудың қажеттілігін айқындайтын тәуекелді талдау объектілері бойынша тәуекелдің индикаторларын;
тәуекелдер туындаған жағдайда ықтимал залалды бағалауды жүйелі айқындауды қамтитын тәуекелді талдау және бағалау;
3) мыналарды:
тәуекелдер туындауының ықтималдығын және мүмкін болатын салдарын;
тәуекелдерді болдырмау және оларды азайту жөніндегі мүмкін шаралардың қолданылуын талдауды;
Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының тәуекелді талдау объектілеріне қатысты талаптарын ықтимал бұзушылықтарды ескере отырып, тәуекелдерді басқару бойынша практикалық шараларды әзірлеу және іске асыру міндеттерін орындаудан тұрады.
2. Тәуекелдерді азайту бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі және нақты тауарларға және (немесе) көлік құралдарына кедендік бақылау нысандарын қолданудың нәтижелері туралы ақпаратты жинауды, өңдеуді және талдауды кеден органдары тұрақты негізде жүзеге асырады.
3. Ақпаратты жинау және өңдеу, тәуекелдерге талдау және бағалау жүргізу, тәуекелдерді басқару жөнінде шаралар әзірлеу және іске асыру тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
4. Тәуекел бейіндерінің және тәуекел индикаторларының мазмұны кеден органдарының пайдалануына арналған құпия ақпарат болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, басқа тұлғаларға жария етуге жатпайды.
24-тарау. Кедендік тексерулерді жүргізу тәртібі
220-бап. Камералдық кедендік тексеру
1. Камералдық кедендік тексеру кедендік декларацияларда көрсетілген мәліметтерді, тексерілетін тұлға табыс еткен коммерциялық, көліктік (тасымалдау) және өзге де құжаттарды, бақылаушы мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ аталған тұлғалардың қызметі туралы кеден органдарында бар басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау жолымен жүзеге асырылады.
2. Камералдық кедендік тексеруді кеден органы орналасқан жердегі кеден органдары тексерілетін тұлғаға бармастан, сондай-ақ ұйғарымды ресімдеместен жүргізеді.
3. Камералдық кедендік тексерулер оларды жүргізу кезеңділігі шектелмей жүзеге асырылады.
221-бап. Көшпелі кедендік тексеру
1. Көшпелі кедендік тексеруді кеден органы заңды тұлғаның тұрған жеріне, жеке кәсіпкердің қызметті жүзеге асыратын жеріне және (немесе) олардың қызметі іс жүзінде жүзеге асырылатын жерге (бұдан әрі - тексерілетін тұлғаның объектілері) бару арқылы жүргізеді.
2. Көшпелі кедендік тексеру жоспарлы немесе жоспардан тыс болуы мүмкін.
Жоспарлы көшпелі кедендік тексеру кеден органдары әзірлейтін жоспарлы тексерулер негізінде жүзеге асырылады.
3. Көшпелі кедендік тексеру ұйғарымның негізінде жүргізіледі.
4. Ұйғарымға кеден органының басшысы (оны алмастыратын адам) қол қоюға тиіс. Ұйғарымның нысанын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Ұйғарым Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен прокуратура органдарында тіркеледі.
6. Кеден органының ұйғарымында мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) ұйғарымды кеден органында тіркеу күні және ұйғарымның нөмірі;
2) ұйғарымды шығарған кеден органының атауы;
3) тексерілетін тұлғаның толық атауы;
4) салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі;
5) белгіленген тексерудің мәні;
6) кеден органының тексеретін тұлғаларының және кедендік тексеруге тартылған өзге де бақылаушы мемлекеттік органдардың тексеретін адамдарының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);
7) тексеруді жүргізу мерзімі;
8) тексеру жүргізудің құқықтық негіздері, оның ішінде міндетті талаптары тексеруге жататын нормативтік құқықтық актілер;
9) тексерілетін кезең.
7. Бір ұйғарымның негізінде тексерілетін тұлғаға бір ғана тексеру жүргізіледі.
8. Көшпелі кедендік тексерудің мерзімі ұзартылған, сондай-ақ ол тоқтатыла тұрған жағдайда, ұйғарымға тиісті жазбалар енгізіледі және тексерілетін тұлға хабардар етіледі.
9. Жоспардан тыс көшпелі кедендік тексерулерді белгілеу үшін мыналар:
1) кеден органдарының және мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдарының дерекқорындағы кеден одағының кеден заңнамасын және Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзылуының ықтималдығын куәландыратын ақпаратты талдау нәтижесінде алынған деректер;
2) кеден одағы кеден заңнамасының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ықтимал бұзушылық туралы куәландыратын деректердің болуы;
3) тұлғаның, оның ішінде кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаның уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін алуға өтініші;
4) осы баптың 11-тармағына сәйкес қарсы көшпелі тексеру жүргізу қажеттілігі;
5) шетелдік ұйымдармен сыртқы экономикалық мәмілелер жасаған тұлғаға тексеру жүргізу туралы шет мемлекеттің құзыретті органының өтініші (сұрау салуы);
6) мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдары ұсынған, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының талаптарын бұзуды куәландыратын мәліметтерді алу;
7) шет мемлекеттердің салық, кеден және құқық қорғау органдарымен ақпараттық алмасу нәтижесінде алынған мәліметтерді тексеру;
8) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген жағдайлар;
9) кедендік тексерулер нәтижелері бойынша шығарылған актілердің орындалуын бақылау, кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешектерді өтеу туралы хабарламаның және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау;
10) жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан және кеден одағының кеден заңнамасының және (немесе) Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылу ықтималдығы туралы куәландыратын өзге де адамдардан ақпараттар мен өтініштер алу;
11) тексеруді жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты алу мақсатында тексерілетін тұлға азаматтық-құқықтық қатынастарда болған үшінші тұлғаларға қатысты қарсы тексеру;
12) тұлғаның кедендік тексеру жүргізу туралы бастамамен жүгінуі;