Саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық
шаралар жөніндегі ақпарат орталығын құру және оның жұмыс істеу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 11 шілдедегі № 718 Қаулысы
(2008.28.04. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2010 жылғы 1 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын құру және оның жұмыс істеу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің
2005 жылғы 11 шілдедегі
№ 718 қаулысымен
бекітілген
Саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және
фитосанитарлық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын
құру және оның жұмыс істеу ережесі
1. Осы Саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын құру және оның жұмыс істеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңына сәйкес әзірленді.
2. Саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі ақпарат орталығы (бұдан әрі - Ақпарат орталығы) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің "Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты" республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылымдық бөлімшесінің Аккредиттеу, стандарттау, метрология және сертификаттау мәселелері бойынша ДСҰ-мен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі ақпараттық орталықтың базасында құрылады.
ҚР Үкіметінің 2008.28.04. № 396 қаулысымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ақпарат орталығының негізгі функциялары:
1) мүдделі тараптар мен шет мемлекеттерге олардың сұрау салуы бойынша:
техникалық реттеу саласындағы қолданылып жүрген немесе әзірленіп жатқан техникалық регламенттер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар (бұдан әрі - СФС шаралар), стандарттар, оларға енгізілген өзгерістер және өнімнің, қызметтің сәйкестігін растау рәсімдері;
Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға және стандарттау, СФС шаралар, сәйкестікті растау, аккредиттеу жөніндегі екі жақты және көп жақты сипаттағы халықаралық шарттарға мүшелігі немесе қатысуы;
техникалық реттеу саласындағы әзірленіп жатқан және қабылданған техникалық регламенттердің, СФС шаралардың, стандарттардың жобаларын немесе олар туралы ақпаратты жариялау көздері туралы құжаттардың көшірмелері мен ақпаратты беру мақсатында Дүниежүзілік сауда ұйымының (бұдан әрі - ДСҰ) Хатшылығымен, ДСҰ-ға мүше елдермен, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
2) ақпаратты техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның ресми басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде хабарлама түрінде орналастыру болып табылады.
4. Өзінің функцияларын жүзеге асыру мақсатында Ақпарат орталығының:
Ақпарат орталығының құзыретіне кіретін мәселелер шеңбері бойынша семинарлар, кеңестер және басқа да іс-шаралар жүргізуге;
мүдделі тараптардан техникалық реттеу мәселелері және СФС шаралар жөнінде ақпарат пен материалдар сұратуға және алуға;
ДСҰ Хаттылығымен ДСҰ-ға мүше елдермен, халықаралық ұйымдармен техникалық реттеу мәселелері мен СФС шаралар жөнінде өзара іс-қимыл жасауға құқығы бар.
5. Ақпарат орталығының қызметін тоқтату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.