4. Үкімді орындау сатысында аудандық және оларға теңестірілген соттар өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 452 және 453-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
5. Осы Кодексте көзделген жағдайларда аудандық және оларға теңестірілген соттар өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша прокурордың жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді жаңғыртуға негіздердің болмауына байланысты қозғалған іс жүргізуді қысқарту туралы қаулысына жасалған шағымдарды және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді қарайды.
2008.05.07 № 64-IV ҚР Занымен 290-1-баппен толықтырылды; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 290-1-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
290-1-бап. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттауына жатқызылған қылмыстық істер
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттауына:
1) қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың және гарнизонның әскери сотының соттауына жатқызылған істерді қоспағанда, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар туралы;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабында (екінші бөлігінің д) тармағында), 121-бабында (екінші бөлігінің д) тармағында және үшінші бөлігінің в) тармағында), 122, 124, 131, 132, 133 (бірінші - үшінші бөліктерінде), 134, 135-баптарында, 136-бабында (бірінші бөлігінде), 137, 138, 139-баптарында көзделген қылмыстар туралы қылмыстық істер жатқызылады.
Ескерту. Егер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот құрылмаса, оның соттауына жататын істерді аудандық (қалалық) сот қарауға құқылы.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 290-2-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
290-2-бап. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттауына жататын қылмыстық істер
1. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың соттауына жатқызылған істерді қоспағанда, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың соттауына аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады.
3. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар үкімді орындау сатысында өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 452 және 453-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша прокурордың іс бойынша жаңадан ашылған мән-жайларға орай іс жүргізуді жаңғыртуға негіздердің болмауына байланысты қозғалған іс жүргізуді қысқарту туралы қаулысына берілген шағымдарды және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді қарайды.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 290-3-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
290-3-бап. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың және гарнизондардың әскери соттарының соттауына жататын қылмыстық істер
1. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар және гарнизондардың әскери соттары бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың соттауына:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 16-тарауында көзделген аса ауыр әскери қылмыстар туралы;
2) Қарулы Күштерде, басқа да әскерлерде және әскери құралымдарда шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер; әскери жиындардан өту кезінде запастағы азаматтар; өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты немесе осы бөлімдер, құрамалар және мекемелер орналасқан жерде әскери бөлімдердің, құрамалардың, мекемелердің азаматтық персоналының адамдары жасаған басқа да аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады.
3. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың соттауына жататын істерді қоспағанда, гарнизондардың әскери соттарының соттауына:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 16-тарауында көзделген әскери қылмыстар туралы;
2) Қарулы Күштерде, басқа да әскерлерде және әскери құралымдарда шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер; әскери жиындардан өту кезінде запастағы азаматтар; өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты немесе осы бөлімдер, құрамалар және мекемелер орналасқан жерде әскери бөлімдердің, құрамалардың, мекемелердің азаматтық персоналының адамдары жасаған басқа да қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады.
4. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар және гарнизондардың әскери соттары үкімдерді орындау сатысында өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 452 және 453-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
5. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар және гарнизондардың әскери соттары өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша, прокурордың іс бойынша жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді жаңғыртуға негіздердің болмауына байланысты қозғалған іс жүргізуді қысқарту туралы қаулысына берілген шағымдарды және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді қарайды.
11.07.01 ж. № 238-II; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара); 2006.16.01. № 122-III (бұр. ред. қара) (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2009.10.07. № 175-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 291-бап өзгертілді; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 291-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
291-бап. Облыстық және оған теңестірілген соттың соттауына жататын қылмыстық істер
1. Облыстық және оған теңестірілген сот апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Облыстық және оған теңестірілген сот аудандық және оларға теңестірілген соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, сондай-ақ қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың судьясы істі жеке-дара қараған кезде шығарған, заңды күшіне енбеген үкімдеріне және қаулыларына берілген апелляциялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.
3. Облыстық және оған теңестірілген сот қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың істі алқабилердің қатысуымен қараған кезде шығарған, заңды күшіне енбеген үкімдеріне және қаулыларына, сондай-ақ, осы Кодекстің 423-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген қаулыларды қоспағанда, облыстық және оған теңестірілген соттың істі апелляциялық тәртіппен қараған кезде шығарған үкімдері мен қаулыларына берілген кассациялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді кассациялық тәртіппен қарайды.
4. Облыстық және оларға теңестірілген соттар қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында аудандық және оған теңестірілген соттардың қылмыстық қудалау органының әрекеттері мен шешімдеріне жасалған шағымдарды апелляциялық тәртіппен қараған кезде, тергеушінің, анықтау органының күдіктіге, айыпталушыға қатысты үйде қамауда ұстау, қамауға алу түріндегі таңдаған бұлтартпау шараларына, олардың мерзімін ұзартуға санкция беру туралы мәселелерді қараған кезде шығарған қаулыларына берілген жеке шағымдарды, наразылықтарды қарайды.
5. Үкімді орындау сатысында облыстық және оған теңестірілген соттар бірінші сатыдағы соттардың осы Кодекстің 452 және 453-баптарында көрсетілген мәселелерді қараған кезде шығарған қаулыларына берілген жеке шағымдарды, наразылықтарды апелляциялық тәртіппен қарайды.
6. Осы Кодексте көзделген жағдайларда облыстық және оған теңестірілген соттар прокурордың іс бойынша жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді жаңғыртуға негіздердің болмауына байланысты қозғалған іс жүргізуді қысқарту туралы қаулысына берілген шағымдарды және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді қарайды.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 291-1-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
291-1-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қарау
Қылмыстық заңда тыйым салынған әрекетті есі дұрыс емес күйінде жасаған не оны жасағаннан кейін жүйке ауруына шалдыққан адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді осы Кодекстің 290, 290-1, 290-2, 290-3-баптарында белгіленген соттылыққа сәйкес бірінші сатыдағы сот қарайды.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 292- бап өзгертілді ; 2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 292- бап жаңа редакцияда
292-бап. Жоғарғы Соттың соттауына жататын қылмыстық істер
1. Жоғарғы Сот қадағалау сатысындағы сот ретінде әрекет етіп, мыналарға:
1) аудандық және оларға теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, гарнизондардың әскери соттарының заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларына;
2) облыстық және оларға теңестірілген соттардың істерді апелляциялық тәртіппен қараған кезде шығарған, заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларына;
3) облыстық және оларға теңестірілген соттардың істерді кассациялық тәртіппен қараған кезде шығарған, заңды күшіне енген қаулыларына тараптардың өтініштері мен прокурордың наразылықтары бойынша істерді қарайды.
2. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы осы Кодекстің 458-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша Жоғарғы Сот алқасының қаулыларына Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы немесе Бас Прокурордың наразылығы бойынша істерді қарайды.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, Жоғарғы Сот прокурордың іс бойынша жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді жаңғыртуға негіздердің болмауына байланысты қозғалған іс жүргізуді қысқарту туралы қаулысына шағымдарды қарайды және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді қарайды.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 293-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
293-бап. Әскери соттың соттауына жататын істер
1. Әскери сот апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Әскери сот гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың судьясы істерді жеке-дара қараған кезде шығарған, заңды күшіне енбеген үкімдері мен қаулыларына апелляциялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді аппеляциялық тәртіппен қарайды.
3. Әскери сот қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың істерді алқабилердің қатысуымен қараған кезде шығарған, заңды күшіне енбеген үкімдері мен қаулыларына, сондай-ақ осы Кодекстің 423-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген қаулыларды қоспағанда, Әскери соттың істі апелляциялық тәртіппен қараған кезде шығарған үкімдері мен қаулыларына берілген кассациялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді кассациялық тәртіппен қарайды.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, Әскери сот өзінің соттауына жатқызылған істер бойынша прокурордың іс бойынша жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді жаңғыртуға негіздердің болмауына байланысты қозғалған іс жүргізуді қысқарту туралы қаулысына берілген шағымдарды және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді қарайды.
294-бап. Қылмыстық iстердiң аумақтық сот қарауына жатуы
1. Қылмыстық iс қылмыс жасалған жердегi сотта қаралуға тиiс.
2. Егер қылмыс бiр соттың қызмет жасайтын жерiнде басталып, басқа соттың қызмет жасайтын жерiнде аяқталса, iс тергеу аяқталған жердегi сотта қаралады.
3. Егер қылмыс Қазақстан Республикасынан тысқары жерде жасалса немесе қылмыс жасалған жердi анықтау мүмкiн болмаса, немесе қылмыстар әртүрлi жерде жасалса, iстi тергеу аяқталған жердегi сот қарайды.
2008.05.07. № 64-IV ҚР Заңымен 295-бап үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылды; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 295-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
295-бап. Қылмыстық істерді біріктіру кезінде соттылықты белгілеу
Бір адамды немесе адамдар тобын бірнеше қылмыстар жасағаны үшін айыптау кезінде, олардың ең болмағанда біреуі аса ауыр қылмыс санатына жататын болса, істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарайды, ал осы Кодекстің 290-3-бабында көрсетілген қылмыстар туралы істерді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот қарайды.
Аса ауыр қылмыстар санатына жатпайтын қылмыс бірге қатысумен жасалған жағдайда және істі жеке іс жүргізуге бөліп шығару мүмкін болмаған кезде істерді:
егер бірге қатысушылар арасында әскери қызметші болмаса, бірге қатысушылардың ең болмағанда біреуі кәмелетке толмаған болып табылатын істерді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот;
бірге қатысушылардың ең болмағанда біреуі әскери қызметші немесе осы Кодекстің 290-3-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағында көрсетілген басқа тұлға болып табылатын істерді гарнизонның әскери соты қарайды.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 296-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
296-бап. Iстi iс жүргiзуге қабылдаған соттың қылмыстық
iстi соттың қарауына жатқызылуы бойынша беруi
1. Егер сот келiп түскен iстiң өзiнiң қарауына жатпайтынын анықтаса, онда iстi соттың қаралуына жатқызылуы бойынша жiбередi.
2. Егер осы Кодекстiң 294-бабында көзделген iстiң аумақтық сот қаралуына жатқызылуы ережелерiн бұзушылық басты сот отырысында анықталса, онда процестiң барлық қатысушыларының келісімiмен сот iстi өзiнiң iс жүргiзуiнде қалдыруға құқылы.
3. Егер іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың немесе кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың немесе гарнизонның әскери сотының соттауына жататыны анықталса, ол барлық жағдайларда соттылығы бойынша жіберілуге жатады.
297-бап. Қарауына жататын соттан қылмыстық iстi
басқа сотқа беру
1. Жекелеген жағдайларда, iстi мейлiнше тез, жан-жақты және объективтi қарау мақсатында ол тараптардың өтiнiшi немесе келісімi бойынша бiр соттан сол деңгейдегi басқа соттың қарауына берiлуi мүмкiн. Бұл ретте iстi беруге оның сот отырысында қаралуына дейiн ғана жол берiледi.
2. Тараптың өтiнiшi, судьяның немесе сот төрағасының ұсынуы бойынша iс, сондай-ақ егер белгiлi бiр соттың барлық судьяларына бөгет болып отырған жағдайларға байланысты iстi қарауға мүмкiндiгi болмаса, бiр соттан сол деңгейдегi басқа соттың қарауына берiлуi мүмкiн.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көрсетiлген негiздер бойынша iстi бiр соттан екiншi сотқа беру туралы мәселенi жоғары тұрған сот шешедi, бұл туралы қаулы шығарылады.
298-бап. Сот қаралуына жататындығы туралы дауларды шешу
1. Соттардың арасындағы сот қаралуына жататындығы туралы дауларды жоғары тұрған сот шешедi, оның шешiмi түпкiлiктi болып табылады және ол шағымдануға жатпайды.
2. Тараптардың бұл сотта iстiң қаралуға жатпайтындығы туралы арыздарын сол сот шешедi. Тарап (тараптар) iстiң сот қарауына жатпайтындығы туралы арыздарын қанағаттандырмай тастау туралы сот қаулысына жоғары тұрған сотқа шағымдануы мүмкiн, ал оның шешiмi түпкiлiктi болып табылады және оған шағым жасауға, наразылық бiлдiруге болмайды.
39-тарау. Басты сот талқылауын тағайындау туралы
мәселені шешу және соттың отырысына
дайындық іс-әрекеттер
05.05.00 ж. № 47-II ҚР Заңымен ; 2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 299-бап өзгертілді
299-бап. Соттың келiп түскен қылмыстық iс бойынша iс-әрекетi
1. Қылмыстық iс сотқа түскен кезде соттың төрағасы немесе оның тапсыруы бойынша басқа судья iстi сотта iс жүргiзуге қабылдау туралы мәселенi шешедi.
2. Судья келіп түскен іс бойынша:
1) басты сот талқылауын тағайындау;
2) істі алдын ала тыңдауды жүргізу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
3. Судья iс бойынша шешiмдi қаулы нысанында қабылдайды, онда:
1) қаулының шығарылған уақыты мен жерi;
2) қаулы шығарған судьяның лауазымы мен тегi;
3) қабылданған шешiмдердiң негiздерi мен мәнi көрсетiлуге тиiс.
4. Шешiм iс сотқа келiп түскен сәттен бастап бес тәулiктен кешiктiрiлмей қабылдануға тиiс.
5. Судья қаулы шығарумен бiр уақытта айыпталушыға бұлтартпау шарасын қолданудың немесе қолданбаудың негiздiлiгi туралы және егер бұлтартпау шарасы таңдалса, оның түрiнiң негiздiлiгi немесе негiзсiздiгi туралы мәселенi қарауға мiндеттi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II; 2009.03.12. № 213-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 300-бап өзгертілді
300-бап. Сотқа келiп түскен iс бойынша анықтауға
жататын мәселелер
Судья сот отырысын тағайындаудың мүмкiндiгi туралы мәселенi шешу кезiнде сотталушылардың әрқайсысына қатысты мыналарды:
1) iстiң аталған соттың қарауына жататындығын;
2) iс бойынша iс жүргiзудi тоқтатуға не уақытша тоқтатуға әкеп соқтыратын жағдайдың болу-болмауын;
3) сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізудің, анықтау және алдын ала тергеу жүргізу кезінде сот мәжілісін тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық іс жүргізу заңын бұзуға жол берілген-берілмегендігін;
5) айыптау қорытындысының, айыптау немесе сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасының көшірмелері берілген-берілмегендігін;
6) айыпталушыға таңдап алынған бұлтартпау шарасының өзгертуге немесе тоқтатуға жататын-жатпайтындығын;
7) қылмыспен келтірiлген залалды өтеудi және мүлкiн ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ету шаралары қабылданған-қабылданбағанын;
8) арыздар мен өтiнiштердiң қанағаттандыруға жататын-жатпайтындығын анықтауға тиiс.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 301-бап өзгертілді ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 301-бап жаңа редакцияда; 2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2010.14.06. № 290-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 301-бап өзгертілді
301-бап. Алдын ала тыңдауды өткізу
1. Судья істі қосымша тергеуге қайтару, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, істі соттылығы бойынша жіберу, істі қысқарту, қылмыстық істерді біріктіру туралы шешiмдердi қабылдау үшiн, сондай-ақ тараптардың өтiнiштерiн қарау және сот талқылауын қысқартылған тәртiппен өткізу туралы мәселенi шешу үшiн аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша, сондай-ақ басқа да істер бойынша тараптардың қатысуымен iстi алдын ала тыңдауды өткiзедi.
2. Iстi алдын ала тыңдауды судья соттың жабық отырысында жеке-дара өткiзедi. Iстi алдын ала тыңдау өткiзiлетiн уақыт пен орын тараптарға хабарланады. Iстi алдын ала тыңдау барысында хаттама жүргізіледi.
3. Сот отырысына сотталушының, оның қорғаушысы мен мемлекеттік айыптаушының қатысуы мiндеттi. Алдын ала тыңдау сотталушы бұл жөнiнде өтiнген кезде оның қатысуынсыз жүргiзiледi. Қорғаушы дәлелдi себептерсiз келмей қалған жағдайда, сондай-ақ оның алдын ала тыңдауға қатысуға мүмкiндiгi болмаған кезде, судья сот отырысына жаңадан тағайындалған қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге шаралар қолданады. Сот отырысына жәбiрленушi мен оның өкiлiнiң, азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкілдерiнiң келмеуi iстi алдын ала тыңдауға кедергi болмайды.
3-1. Алдын ала тыңдау барысында судья Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 165, 166, 166-1, 167, 168 (бірінші бөлігінде), 169, 233 (үшінші және төртінші бөліктерінде)-баптарында көзделген қылмыстарды қоспағанда, аса ауыр қылмыс жасағаны үшін айыпталған сотталушыдан оның ісін алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішінің бар-жоғын анықтайды.
4. Істi алдын ала тыңдаудың нәтижелерi туралы судья қаулы шығарады, онда қаралған мәселелер бойынша шешiмдi баяндайды. Iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру үшiн, iстi қысқарту үшiн немесе iстi қосымша тергеуге қайтару үшiн негiздер болмаған жағдайда сот басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулы шығарады.
5. Егер алдын ала тыңдау барысында прокурор айыптауды өзгертсе, судья мұны қаулыда көрсетедi. Егер прокурордың айыптауды өзгертуi соттауға жатқызудың өзгеруiне әкеп соқса, судья iстi айыптау қорытындысын, айыптау хаттамасын қайта жасау және iстi соттауға жатқызу бойынша жiберу үшiн прокурорға қайтарады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен ; 2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 302-бап өзгертілді
302-бап. Басты сот талқылауын тағайындау
1. Анықтау немесе алдын ала тергеу процесiнде осы Кодекстiң процеске қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі барлық талаптары сақталған және iстi сотта қарауға кедергi келтiретiн өзге негiздер жоқ деген пiкiрге келген судья басты сот талқылауын тағайындау туралы шешiм қабылдайды.
2. Басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулы :
1) сотталушы болып табылатын адамды көрсетудi;
2) оны бұзу сотталушыға есептелетiн қылмыстық заңды дәл көрсетудi;
3) бұлтартпау шарасы мен келтiрiлген залалдарды қамтамасыз ету шараларын сақтау, тоқтату, өзгерту немесе таңдау туралы шешiмдi;
4) процеске қатысушылардың қарсылық бiлдiру, өтiнiштер және өзге де мәлiмдемелерi бойынша шешiмдердi;
5) қорғаушы ретiнде айыпталушы таңдаған немесе соңғысына тағайындалған қорғаушыға рұқсат ету туралы шешiмдi;
6) басты сот отырысына шақыруға жататын адамдардың тiзбесiн;
7) заң оның iсiн сырттай қарауға жол беретiн жағдайда iстi айыпталушының қатысуынсыз тыңдау туралы шешiмдi;
8) басты сот талқылауының орны мен уақыты туралы мәлiметтi;
9) осы Кодексте көзделген жағдайларда iстi соттың жабық отырысында қарау туралы шешiмдi;
10) сот iсi қай тiлде жүргiзiлетiнi туралы шешiмдi;
11) запастағы судья туралы шешiмдi қамтуы тиiс.
3. Егер iс бойынша алдын ала тыңдау жүргiзiлсе, басты сот отырысын тағайындау туралы қаулыда талқылауға қойылған мәселелер жөніндегі шешiмдер баяндалуы қажет.
4. Басты сот талқылауы тараптарға сот отырысының болатын орны мен басталатын уақыты хабарланған кезден бастап кемiнде үш тәулiктен кейiн және оның тағайындалуы туралы қаулы шығарылған кезден бастап он бес тәулiктен кешiктiрiлмей басталуға тиiс. Ерекше жағдайларда бұл мерзiм судьяның қаулысымен ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол отыз тәулiктен аспауға тиiс.
5. Басты сот талқылауы бір ай мерзімде аяқталуға тиіс, ерекше жағдайларда бұл мерзім судьяның дәлелді қаулысымен ұзартылуы мүмкін.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 303-бап жаңа редакцияда
303-бап. Қылмыстық iстi қосымша тергеу үшiн қайтару
1. Судья iстi тараптың өтiнiшi бойынша:
1) егер ол қаралып отырған iспен байланысты болып, iсте айыпталушыға басқа айып тағуға негiздердiң болуы немесе егер олардың әрекетi қаралып отырған iспен байланысты болып, басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тартуға негiздер болса және жаңа адамдарға қатысты iстi жеке қарау мүмкiн болмаса;
2) айыптау актiсiнде көрсетiлген айыптауды бастапқы тағылған айыптаудан неғұрлым ауыр немесе елеулi түрде өзгеше айыптауға өзгерту қажеттiгi болған жағдайларда қосымша тергеуге жiберуге құқылы.
2. Судья iстi алдын ала тыңдауды өткізу нәтижелерi бойынша тараптың өтiнiшi бойынша да, өз бастамашылығы бойынша да iс дұрыс бiрiктiрiлмеген немесе бөлiнбеген, не басты сот талқылауын тағайындауға кедергi келтiретiн қылмыстық iс жүргiзу заңын басқа да елеулi бұзушылық анықталған жағдайларда, басты сот талқылауын тағайындамай-ақ iстi қосымша тергеуге жiберуге құқылы.
3. Іс қосымша тергеуге прокурор арқылы жiберiледi. Бұл ретте судья қаулыда iстiң қандай негiз бойынша қайтарылып отырғанын көрсетуге, сондай-ақ айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасы туралы мәселенi шешуге мiндеттi.
2009.03.12. № 213-IV ҚР Заңымен мазмұн 303-1-баппен толықтырылды
303-1-бап. Сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізудегі қылмыстық істі прокурорға жіберу
Сот осы Кодекстің 303-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген мән-жайларды анықтаған кезде сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізудегі іс алдын ала тергеуді немесе анықтауды тағайындауы үшін прокурорға жіберіледі.