3. Егер комиссионер мүлікті комитентпен келісілгеннен жоғары бағамен сатып алса, мұндай затты қабылдағысы келмейтiн комитент үшiншi тұлғамен мәмiле жасалғандығы туралы хабар алған бойда бұл жөнiнде комиссионерге кешiктiрмей мәлiмдеуге мiндеттi. Олай болмаған жағдайда комитент сатып алынған затты қабылдады деп танылады.
Егер комиссионер баға айырмасын өз есебiне алатынын хабарласа, комитенттің өзі үшін жасалған мәміледен бас тартуға құқығы жоқ.
871-бап. Комиссияның нысанасы болып табылатын мүлiкке құқық
1. Комиссионерге комитенттен келiп түскен не комиссионер комитенттiң есебiнен сатып алған мүлiк комитенттiң меншiгi болып табылады.
2. Комиссионер жасасқан мәмiле бойынша комитентке не үшiншi тұлғаға берiлуге тиiс мүлiктi комиссионер комиссия шарты бойынша өзiне тиесiлi сома төленгенге дейiн ұстап қалуға құқылы.
872-бап. Комиссионердiң өзiне тиесiлi соманы ұстап қалуы
Комиссионер комитенттiң есебiнен түскен барлық соманың iшiнен комиссияның шарты бойынша өзiне тиесiлi соманы ұстап қалуға құқылы.
873-бап. Комиссионердiң комитент мүлкiнiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жауапкершiлiгi
1. Комиссионер өзіндегі комитент мүлкiнiң жоғалуына, кем шығуына немесе бүлiнуiне ұшыратқан әрбiр қателiгi үшiн комитент алдында жауап бередi.
2. Егер комиссионердiң комитент жiберген мүлікті не комитентке арнап комиссионерге келiп түскен мүлiктi қабылдауы кезiнде бұл мүлiктi сырттай қараған кезде бүлiну немесе өзге де ақаулар байқалған болса, сондай-ақ комиссионердегi комитенттiң мүлкiне бiреулер зиян келтiрген жағдайда, комиссионер комитенттiң құқығын қорғау шараларын қолдануға, қажеттi айғақтар жинауға және осылар туралы комитентке дереу хабарлауға мiндеттi. Аталған шарттар орындалған жағдайда комиссионер комитенттiң шеккен залалдары үшiн жауап бермейдi.
3. Комиссионер өз қарауында тұрған комитенттiң мүлкiн сақтандырмаған болса, бұл үшiн комитент оған мүлiктi сақтандыруды тапсырған немесе мүлiктi сақтандыру заң бойынша мiндеттi болған жағдайларда ғана жауап бередi.
874-бап. Өзiне мәмiле жасау
1. Егер комитент өзгеше талап қоймаса, комиссия шартын комиссионер оның өзi сатып алуға тиiс тауарды сатушы ретiнде өзi ұсыну немесе өзi сатуға тиiс тауарды сатып алушы ретiнде өзi қабылдау арқылы жүзеге асыруы мүмкiн.
2. Сатушы ретiнде өз бетiнше тауар ұсынған немесе оны сатып алушы ретiнде қабылдаған комиссионердiң жай комиссиялық ақы алуға құқығы бар және комиссиялық мәмiлелерден туындайтын шығындардың орнын толтыру жөнiнде шот ұсына алады.
875-бап. Комитенттiң комиссия шарты бойынша орындалғанды қабылдауы
Комитент:
1) комиссионерден шарт бойынша барлық орындалғанды қабылдауға;
2) өзi үшiн комиссионер сатып алған мүлiктi қарауға және осы мүлiкте байқалған кемшiлiктер туралы оған дереу хабарлауға;
3) комиссионердi комиссиялық тапсырманы орындау жөнiнде үшiншi тұлға алдында қабылдаған мiндеттемелерден босатуға мiндеттi.
876-бап. Комиссиялық тапсырманы орындау жөніндегі шығындардың орнын толтыру
1. Комитент комиссиялық сыйақы, ал тиiстi жағдайларда делькредере үшiн қосымша сыйақы төлеуден басқа, тапсырманы орындау барысында комиссионер жұмсаған сомалардың орнын толтыруға мiндеттi.
2. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, комиссионердiң өзіндегі комитент мүлiктерiн сақтау жөніндегі шығындардың орнын толтыруға құқығы жоқ.
877-бап. Комитенттiң тапсырманың күшiн жоюы
Комитент комиссионерге берген тапсырманың кез келген уақытта күшiн жоюға құқылы. Бұл орайда комиссионердiң тапсырманың күшiн жоюдан шеккен залалдары жалпы негiздерде өтеледi.
Тапсырманың күшi жойылған жағдайда комитент тапсырманың күшi жойылған кезден бастап бiр айдың iшiнде, егер шартта өзге мерзiм белгiленбесе, комиссионердегi мүлiкке билiк етуге мiндеттi. Егер комитент бұл мiндеттi орындамаса, комиссионер не мүлiктi сақтау үшiн өткізуге, не оны комитент үшiн неғұрлым тиiмдi бағамен сатуға құқылы.
878-бап. Комиссионердiң тапсырманы орындаудан бас тартуы
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, комитенттiң өз мiндеттерiн бұзуы тапсырманы комитенттің нұсқауларына сәйкес орындаудың мүмкiн болмауына әкеп соғатын немесе атқарудың мүмкiн болмауы комиссионер жауап бермейтін өзге де жағдайлардың салдарынан туындаған жағдайларды қоспағанда, комиссионердің өзiне алған тапсырманы орындаудан бас тартуға құқығы жоқ.
Комиссионер өзiнiң бас тартуы туралы комитентке жазбаша хабарлауға және өзіндегі комитент мүлкінің сақталуына шаралар қолдануға мiндеттi.
Комиссионердiң тапсырманы орындаудан бас тартқандығы туралы хабардар етiлген комитент, егер шартта өзге мерзiм белгiленбесе, бас тартуды алған күннен бастап бiр айдың iшiнде комиссионердегi мүлiкке билiк етуге мiндеттi. Егер ол бұл мiндеттi орындамаса, комиссионер мүлiктi сақтауға өткізуге не комитент үшiн мүмкiндiгiнше тиiмдi бағамен сатуға құқылы.
2. Комитенттiң өз мiндеттерiн бұзуы салдарынан тапсырманы орындаудан бас тартқан комиссионердiң комиссиялық сыйақыға, сондай-ақ шыққан шығындардың орнын толтыруға құқығы сақталады.
879-бап. Комиссия шартын тоқтату
1. Комитент комиссия шартында көзделген барлық тапсырмалардың күшiн жойған жағдайда, шарт тоқталады.
2. Комиссия шарты жалпы негiздермен қатар:
1) комиссионердiң шартты орындаудан бас тартуының;
2) комиссионердiң қайтыс болуы, оны әрекетке қабiлетсiз, әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен немесе дәрменсiз (банкрот) деп танудың салдарынан тоқтатылады.
880-бап. Комитенттiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған шарттан бас тартуы
Комитенттiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған комиссия шартынан, егер шартта хабарлаудың бұдан да ұзақ мерзiмi көзделмесе, бас тарту туралы комиссионерге бiр айдан кешiктiрмей хабарлап, кез келген уақытта бас тартуға құқығы бар.
Бұл жағдайда комитент комиссионерге шарт тоқтатылғанға дейін ол жасаған мәмiлелер үшiн сыйақы төлеуге, сондай-ақ комиссионерге шарт тоқтатылғанға дейін ол шеккен шығындардың орнын толтыруға мiндеттi.
881-бап. Комиссионердiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған шарттан бас тартуы
1. Комиссионердiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған комиссия шартынан, егер шартта хабарлаудың бұдан да ұзақ мерзiмi көзделмесе, бас тарту туралы комитентке бiр айдан кешiктiрмей хабарлап, кез келген уақытта бас тартуға құқығы бар.
Бұл жағдайда комиссионер өзіндегі комитент мүлкiнiң сақталуына шаралар қолдануға міндетті. Комитент шарт тоқтатылған кезге дейiн комиссионердегi мүлiкке билiк етуге мiндеттi. Егер ол бұл мiндеттi орындамаса, комиссионердiң не мүлiктi сақтауға өткізуге, не комитент үшiн неғұрлым тиiмдi бағамен сатуға құқығы бар.
2. Шарттан бас тартқан комиссионердiң комиссиялық сыйақы алуға және шарт тоқтатылған кезде өзiне тиесiлi шығындардың өтемiн алуға құқығы бар.
882-бап. Комиссия шартындағы құқықтық мирасқорлық
1. Заңды тұлға-комиссионер қайта ұйымдастырылған жағдайда, егер қайта ұйымдастырудың болғаны туралы хабарлама алған күннен бастап бiр айдың iшiнде комитент шартты бұзғаны туралы хабарламаса, оның құқықтары мен мiндеттерi құқықтық мирасқорларына ауысады.
2. Комитент-азамат қайтыс болған, ол әрекетке қабiлетсiз, әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған жағдайда, сондай-ақ заңды тұлға-комитент таратылған жағдайда комиссионер комитенттiң мұрагерлерiнен немесе өкiлдерiнен тиiстi нұсқаулар келiп түскенше өзiне берiлген тапсырманы орындауды жалғастыруға мiндеттi.
44-тарау. Мүлікті сенімгерлікпен басқару
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 883-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
883-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару ұғымы және оның пайда болу негiздерi
1. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды белгiлеу кезiнде сенiмгер басқарушы, егер шартта немесе заң актілерінде өзгеше көзделмесе, өзiнiң иеленуiне, пайдалануына және билiк етуiне берiлген мүлiктi пайда алушының мүддесі үшін өз атынан басқаруды жүзеге асыруға мiндеттенедi.
2. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару:
1) мәмiле (атап айтқанда, шарт бойынша, өсиеттi орындаушы (сенімгерлікпен басқарушы) тағайындалған өсиет бойынша);
2) сот актілері (банкроттық рәсімдерінде конкурстық немесе оңалтушы басқарушы тағайындалған, әрекетке қабiлетсiз, хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болды деп жарияланған азаматтың мүлкiне қорғаншылық белгiлеген кезде және заң актілерінде көзделген басқа жағдайларда);
3) әкімшілік акт (кәмелетке толмаған, қайтыс болған адамның мүлкiне қорғаншылық белгiлеген; кәсiпкер мемлекеттік қызметке кiрген кезде және заң актілерінде көзделген басқа жағдайларда) негiзiнде пайда болады (белгiленедi).
2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен бап 3-тармақпен толықтырылды
3. Банк қызметін жүзеге асыру кезінде мүлікті сенімгерлікпен басқару ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде белгіленеді.
884-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару субъектiлерi
1. Меншiк иесi, сондай-ақ өзге де заттық құқық субъектiсi немесе мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруға беруге уәкiлеттi құзыреттi орган құрылтайшы бола алады.
2. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, кез келген адам сенiмгер басқарушы бола алады.
Сенімгер басқарушы тек оның келісімiмен тағайындалуы мүмкiн.
3. Сенімгер басқарушы болып табылмайтын кез келген адам, сондай-ақ мемлекет немесе әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс пайда алушы (мүддесi үшiн мүлiктi басқару жүзеге асырылатын тұлға) бола алады.
4. Егер заң актілерінде немесе мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартында өзгеше көзделмесе, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысы пайда алушы болып табылады.
885-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару объектiлерi
1. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, ақшаны, бағалы қағаздарды және мүлiктiк құқықтарды қоса алғанда, кез келген мүлiк сенiмгерлiкпен басқару объектiсi бола алады.
2. Сенiп тапсырылған мүлiктi сенiмгер басқарушы өзiне меншiк (шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару) құқығымен тиесiлi мүлiктен бөлек есепке алуға тиiс.
3. Өзiне жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру процесiнде сенiм бiлдiрiлген басқарушы сатып алған және (немесе) алған мүлiк сенiп берiлген мүлiк құрамына енгiзiледi.
4. Құрылтайшының сенiмгерлiкпен басқаруға берген мүлкiне оның борыштары бойынша өндiрiп алуға жол берiлмейдi, бұған осы Кодекстiң 1081-бабында көзделген жағдайлар, сондай-ақ бұл тұлғаның дәрменсiздiгi (банкроттығы) қосылмайды. Құрылтайшы банкрот болған жағдайда осы мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару тоқтатылады және ол конкурстық массаға енгiзiледi.
5. Кепiлге салынған мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруға беру кепiл ұстаушыны осы мүлiктi өндiрiп алу құқығынан айырмайды.
ҚР Заңымен 16.05.03 ж. № 416-II. 886-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
886-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты
1. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты бойынша бiр тарап (сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысы) екiншi тарапқа (сенiмгер басқарушыға) мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруға бередi, ал екiншi тарап құрылтайшы атаған тұлғаның (пайда алушының) мүдделерi үшiн осы мүлiктi басқаруды жүзеге асыруға мiндеттенедi.
Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе көрсетiлген шартта өзгеше белгiленбесе, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартының қолданылу кезеңiнде сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысы сенiмгерлiкпен басқарылатын мүлiкке қатысты қандай да болсын iс-әрекеттердi жүзеге асыруға құқылы емес.
2. Сенімгерлiкпен басқару шартында:
1) мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартының нысанасы және мерзiмi;
2) сенiмгерлiкпен басқаруға берiлетiн мүлiктiң құрамы;
3) пайда алушы туралы нұсқау;
4) сенiмгер басқарушының есеп беру мерзiмдерi мен нысаны;
5) мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты тоқтатылған жағдайда сенiп тапсырылған мүліктi алатын адамды көрсету көзделуге тиiс.
Шарттардың жекелеген түрлерi үшiн заң актілерінде өзге де елеулi талаптар көзделуi мүмкін.
Шартта басқа талаптар да, оның iшiнде басқарушыға берiлетiн сыйақының мөлшерi мен нысандары көзделуi мүмкiн.
Шартта үшiншi тұлғалардың сенiмгерлiкпен басқаруға берiлген мүлiкке құқығы көрсетiлуге тиiс.
3. Егер заң актілерінен немесе пайда болған қатынастар мәнiнен өзгеше туындамаса, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты туралы нормалар мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруды белгiлеудiң өзге де негiздерi бойынша пайда болатын қатынастарға қолданылады.
887-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартының нысаны
1. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты жазбаша нысанда жасалады.
2. Қозғалмайтын мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты, қозғалмайтын мүлiктi иелiктен айыру туралы шарт үшiн көзделген нысан мен тәртiп бойынша жасалады.
Шарт нысанын сақтамау немесе қозғалмайтын мүлiкке арналған шарттың тiркелiмiнiң болмауы оның жарамсыздығына әкеп соғады.
888-бап. Сенімгер басқарушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Сенімгер басқарушының мүлiктi дұрыс басқару мақсатында сеніп тапсырылған мүлікпен меншік иесі жасай алатын кез келген iс-әрекеттi жүргiзуге құқығы бар.
Сенiп берілген мүлікке сенімгер басқарушының құқығы заң актілерімен, шартпен немесе мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару пайда болғанда негiзге алынған өзге де актiмен шектелуi мүмкiн.
Сенімгер басқарушы қозғалмайтын мүлiктi иелiктен айыру мен кепiлге салуды сенiмгерлiкпен басқаруды белгiлеу туралы актiде ол тiкелей көрсетiлген жағдайда ғана жасауға құқылы.
2. Сенімгер басқарушының мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару кезiнде өзi жасаған қажеттi шығындарды құрылтайшының (пайда алушының) есебiнен, не сенiп тапсырылған мүлiктiң есебiнен, не сенiп тапсырылған мүлiктi пайдаланудан түскен кiрiстiң есебiнен өтетiп алуға құқығы бар.
Егер мүліктi сенiмгерлiкпен басқаруды белгiлеу туралы актiде көзделсе, сенiмгер басқарушының сыйақы алуға құқығы бар.
3. Сенімгер басқарушының басқа бiреудiң заңсыз иеленуiнен өзiне сенiп тапсырылған мүлiктi қайтарып алуға, сондай-ақ оның басқару құқығын бұзушылықты жоюды, бұл құқық бұзушылық иеленудi бұзумен байланысты болмаса да, талап етуге құқығы бар.
4. Сенімгер басқарушы құрылтайшыға және пайда алушыға, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартында белгiленген мерзiм мен тәртiп бойынша өз қызметi туралы есеп бередi. Құрылтайшының және (немесе) пайда алушының талап етуi бойынша сенiмгер басқарушының қызметi туралы есеп өзге жағдайда да дереу берiлуге тиiс.
5. Сенімгер басқарушының өзi үшiн белгiленген шектеулердi бұза отырып жасаған мәмiлесi, егер мұндай мәмiлеге қатысушы үшiншi тұлға ондай шектеулердi бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса, жарамды деп танылады. Бұл жағдайда сенiмгер басқарушы құрылтайшы алдында шартқа және заң актілеріне сәйкес жауап бередi.
Сенімгер басқарушы өзiне берiлген құқықты асыра пайдаланып немесе өзi үшiн белгiленген шектеулерді бұзып жасаған мәмiле бойынша мiндеттеменi сенiмгер басқарушы өз мүлкi есебiнен мойнына алады.
889-бап. Сенімгер басқарушының бастамасымен сенiмнiң ауысуы
1. Сенімгер басқарушы мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды жеке өзi жүзеге асырады.
2. Сенімгер басқарушы өзiне сенiп берiлген мүлiктi басқару үшiн қажеттi iс-әрекет жасауды, егер ол бұған мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды құру туралы актi арқылы уәкiлеттi болса, не бұған пайда алушының мүдделерiн қамтамасыз етуге байланысты мән-жайлар себептi мәжбүр болса және бұл орайда құрылтайшының нұсқауларын сұрауға мүмкiндiгi болмаса, басқа адамға тапсыра алады. Бұл орайда сенiмгер басқарушы өзi таңдап алған сенiм бiлдiрiлушiнiң iс-әрекеті үшiн өзi жасағандай жауап бередi.
Сенімгер басқарушы сенiмнiң ауысуы туралы алғашқы мүмкiндiк туысымен құрылтайшыға хабарлауға мiндеттi. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, бұл жағдайда құрылтайшы сенiмгер басқарушыға бұрын жасалған шығындарын өтеп, ал егер сенiмгерлiкпен басқару кәсiпкерлiк қызмет болса, шеккен залалдарын да өтеп, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды тоқтату туралы мәлiмдеуге құқылы.
890-бап. Сенімгер басқарушының жауапкершiлiгi
1. Мүлiктi тиiсiнше басқармаған жағдайда құрылтайшы немесе пайда алушы сотқа сенiмгерлiкпен басқаруды тоқтату және залалдарды өтеу туралы талап қоя алады. Бұл орайда мiндеттердi тиiсiнше орындау үшiн өзiне қатысты барлық шараларды қолданғанын дәлелдей алмаса, сенiмгер басқарушы мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшiн, кiнәлi деп саналады.
2. Сенімгер басқарушы үшiншi тұлғалардың алдында мүлiктi басқаруда тиiсiнше iс-әрекеттер жасамауы салдарынан келтiрiлген залалы үшiн өз мүлкiмен субсидиарлы жауапты болады.
891-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартының тоқтатылуы
1. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты мiндеттемелердi тоқтатудың жалпы негiздерiмен қатар:
1) сенiмгер басқарушы-азамат қайтыс болғанда, оны өлдi деп жарияланғанда, оны әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен деп танығанда; заңды тұлға-сенiмгер басқарушы таратылғанда;
2) сенiм бiлдiрiлген мүлiктi басқаруды жеке жүзеге асыру сенiмгерлiкпен басқарушы үшiн мүмкiн болмауына байланысты сенiмгер басқарушы немесе құрылтайшы бас тартқанда;
3) сенiмгер басқарушыға залалдар және шартта көзделсе, сыйақы төленген жағдайда құрылтайшы шартты орындаудан бас тартқанда;
4) егер шартта көзделсе, кепiл ауыртпалығымен берiлген мүлiктi сыйақы бере отырып басқаруға беру туралы сенiмгер басқарушыға хабарланбаған жағдайға орай ол бас тартқанда тоқтатылады.
2. Сенiп тапсырылған мүлiкке меншiк құқығының ауысуы мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды тоқтатпайды.
3. Сенімгерлiкпен басқару шарты тоқтатылған кезде сенiп тапсырылған мүлiк шартта көрсетiлген тұлғаға сенiмгерлiкпен басқаруға берiледi.
4. Құрылтайшы банкрот болған кезде мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару тоқтатылады және сенiп тапсырылған мүлiк конкурстық массаға берiледi.
Жеке адам-құрылтайшы қайтыс болған жағдайда сеніп тапсырылған мүлiк мұрагерлiк массасына келiп түседi.
5. Егер заң актілерінде немесе шартта өзге мерзiм көзделмесе, тараптардың бiрiнiң бастамашылығы бойынша шарт тоқтатылған кезде екiншi тарап (осы баптың 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда) кемiнде үш ай бұрын хабардар етiлуi тиiс.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 892-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
892-бап. Акцияларды және өзге де бағалы қағаздарды сенiмгерлiкпен басқару
1. Сенімгер басқарушының сенiмгерлiкпен басқаруға берiлген және (немесе) сенiп тапсырылған мүлiктiң есебiнен не сенiп тапсырылған мүлiктi пайдаланудан түскен кiрiстiң есебiнен сатып алынған акциялармен және өзге де бағалы қағаздармен операциялар жасауды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды сенiмгерлiкпен басқарушы туралы мәлiметтер бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ашқан сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысының шоты бойынша көрсетiлуге жатады.
3. Егер мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды құру туралы актiде өзгеше көзделмесе, сенiмдер басқарушы өзiне сенiп тапсырылған акцияларды (акцияны) басқару кезiнде:
1) акционерлік қоғамды басқаруға қатысады;
2) акцияларға тиесілі дивидендтер алады және оларды пайда алушыға бередi;
3) акционерлік қоғам таратылған жағдайда акцияға тиесiлi мүлiктi алады және оны шартқа сәйкес пайда алушыға немесе құрылтайшыға бередi;
4) акцияларды иелiктен айыруды және кепiлдiктi қоса алғанда, олармен өзге де операцияларды жүзеге асырады.
4. Бағалы қағаздарды сенiмгерлiкпен басқарудың ерекшелiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
ҚР 07.07.04 ж. № 577-II Заңымен 893-бап жаңа редакцияда (бұр.ред. қара)
893-бап. Инвестициялық қорлардың активтерiн сенiмгерлiкпен басқару
Инвестициялық қорлардың активтерiн сенiмгерлiкпен басқару ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заң актiсiмен белгiленген шарттарда және тәртiппен жүзеге асырылады.
894-бап. Кәсіпорынды мүлiктiк кешен ретiнде сенiмгерлiкпен басқару
Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сенімгерлікпен басқару, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды құру туралы актiде көзделген шарттар мен тәртiпте жүзеге асырылады.
895-бап. Мемлекеттік қызметшiнiң мүлкін сенiмгерлiкпен басқару
Мемлекеттік қызметшiнiң кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын мүлкi заң актілерінде көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша сенiмгерлiкпен басқаруға берiлуге тиiс.
45-тарау. Кешенді кәсіпкерлік лицензия
(франчайзинг)
896-бап. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартының ұғымы
1. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты бойынша бiр тарап (кешендi лицензиар) екiншi тарапқа (кешендi лицензиатқа) сыйақыға айрықша құқықтар кешенiн (лицензиялық кешен), соның iшiнде лицензиардың фирмалық атауын және қорғалатын коммерциялық ақпаратты пайдалану құқығын, сондай-ақ лицензиаттың кәсiпкерлiк қызметiнде пайдалану үшiн шартта көзделген айрықша құқықтардың басқа да объектiлерiн (тауар белгiсiн, қызмет көрсету белгiсiн, патент және т.б.) беруге мiндеттенедi.
2. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты белгiлi бір көлемде лицензиялық кешендi, лицензиардың iскерлiк беделi мен коммерциялық тәжiрибесiн (атап айтқанда, пайдаланудың мейлiнше аз және (немесе) мейлiнше кең көлемiн белгiлей отырып), белгiлi бiр қызмет аясына (лицензиардан алынған немесе пайдаланушы өндiрген тауарларды сату, өзге де коммерциялық қызметтердi жүзеге асыру, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету) қолданатын аумақты көрсетiп немесе көрсетпей пайдалануды көздейдi.
3. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартын кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген салаларында қолдану жөніндегі шектеу заң актілерімен белгiленедi.
897-бап. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартының нысаны
Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты жазбаша нысанда жасалуы тиiс.
898-бап. Лицензиардың мiндеттерi
Лицензиар шартта көзделген мерзiмдер мен көлемде лицензиатқа техникалық және коммерциялық құжаттаманы беруге және лицензиатқа шарт бойынша берiлген құқықтарды iске асыру үшiн оған қажеттi өзге де ақпаратты ұсынуға, сондай-ақ лицензиатты мұндай құқықтарды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша оқытуға және оған консультация беруге мiндеттi.
Шартта лицензиардың басқа да мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
899-бап. Лицензиаттың мiндеттерi
Егер шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат:
1) шартта көзделген қызметтi iске асыру кезiнде шартта көрсетiлген лицензиардың лицензиялық кешенiн шартта көрсетiлген түрде пайдалануға;
2) лицензиарды өзiнiң өндiрiстiк аумағына жiберуге, оған қажеттi құжаттаманы беруге және оған берiлген айрықша құқықтардың дұрыс пайдаланылуына бақылау жасауды жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты алуға көмек көрсетуге;
3) лицензиардың пайдалануға берiлген айрықша құқықтардың сипатына, пайдалану әдiсi мен шарттарына қатысты барлық нұсқаулықтары мен нұсқауларын сақтауға;
4) лицензиардың өндiрiс құпиясын және одан алынған коммерциялық жасырын ақпаратты жария етпеуге;
5) сатып алушыларды (тапсырыс берушiлердi) олар үшiн мейлiнше айқын әдiспен фирмалық атауын, тауар белгiсiн, қызмет белгiсiн немесе даралаудың өзгедей құралын кешенді кәсіпкерлік лицензиясы шарты негiзiнде пайдаланатындығы туралы хабардар етуге мiндеттi.
900-бап. Шектеу шарттары
1. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартында шектеу (эксклюзивтiк) талаптары, атап айтқанда:
1) лицензиардың лицензиатқа бекітілген аумақта қолдану үшiн басқа ұқсас кешендi кәсiпкерлiк лицензияларды бермеуi не осы аумақта тiкелей дербес қызметтi жүргiзуден тартыну мiндеттемесi;
2) лицензиаттың кешендi кәсiпкерлiк лицензияны пайдалану аумағында лицензиат лицензиарға тиесiлi айрықша құқықтарды пайдалана отырып жүзеге асыратын кәсiпкерлiк қызметке қатысты лицензиармен бәсекеге түспеу мiндеттемесi;
3) лицензиардың бәсекелестерiнен (әлеуеттi бәсекелестерiнен) басқа да кешенді кәсiпкерлiк лицензияларды алудан лицензиаттың бас тартуы;
4) шарт бойынша берiлген айрықша құқықтарды жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын үй-жайдың орналасқан жерiн, сондай-ақ оның сырты мен iшiн безендiрудi лицензиаттың лицензиармен келiсу мiндеттемесi көзделуi мүмкiн.
2. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартының шектеу талаптары мынадай жағдайда:
1) лицензиардың лицензиат сататын тауардың бағасын немесе лицензиат орындайтын (көрсететiн) жұмыстардың (қызметтердiң) бағасын анықтауға, не аталған бағаның жоғарғы немесе төменгi шегiн белгiлеуге құқығы болғанда;
2) лицензиаттың белгiлi бiр санаттағы сатып алушыларға (тапсырыс берушiлерге) ғана не шартта белгiленген аумақта ғана орналасқан жерi бар (тұратын орны) ерекше сатып алушыларға (тапсырыс берушiлерге) тауарлар сатуға, жұмыстар орындауға немесе қызметтер көрсетуге құқығы болғанда жарамсыз деп табылады.
901-бап. Лицензиардың лицензиатқа қойылатын талаптар бойынша жауапкершiлiгi
Лицензиар кешендi кәсiпкерлiк лицензиялар шарты бойынша сататын (орындайтын, көрсететiн) тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасының сәйкессіздігіне байланысты лицензиатқа қойылған талаптар бойынша субсидиарлы жауапты болады.
902-бап. Кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия
1. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартында лицензиатқа берiлген барлық немесе жекелеген айрықша құқықтарды басқа тұлғаларға пайдалануға рұқсат ету құқығы лицензиармен келісілген немесе шартта белгiленген жағдайларда көзделуі мүмкiн.