Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 8 шілдедегі № 1037 Қаулысы
Осы редакция 2010 жылғы 2 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы» (бұдан әрі - Академия) республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - кәсіпорын) болып қайта ұйымдастырылсын.
2. Мыналар:
1) кәсіпорын қызметінің негізгі мәні денсаулық сақтау және білім беру саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;
2) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі кәсіпорынды мемлекеттік басқару органы болып белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне кәсіпорынның жарғысын бекітуге енгізсін;
2) кәсіпорынды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы және Сыртқы істер министрліктерімен бірлесіп, Қожа Ахмед Иассауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті (бұдан әрі - ХҚТУ) қызметінің шарттары туралы Түрік Республикасымен үкіметаралық келісімнің жобасын әзірлеу жөнінде жұмыс тобын құрсын;
2) Академия студенттерін оқытуды аяқтау мақсатында ХҚТУ-ға «Педиатрия» және «Стоматология» мамандықтары бойынша білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиялар беру мәселесін қарасын;
3) медициналық мамандықтар бойынша босайтын білім беру гранттары есебінен қолданыстағы заңнамада белгіленген өлшемдерге сәйкес келетін ХҚТУ-ға және Қазақстан Республикасының басқа да жоғары оқу орындарына ауыстырылатын Академия студенттеріне білім беру гранттарын беруді қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктері осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
6. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 8 шілдедегі
№ 1037 қаулысымен
Бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар
1. «Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
«Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі» деген бөлімде:
реттік нөмірі 9-34-жолда «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы» қазыналық кәсіпорны» деген сөздер «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны» деген сөздермен ауыстырылсын.
2. «Республикада медициналық білім беруді одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі № 1469 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 48, 450-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген жоғары медициналық білім беру ұйымдарының клиникалық базасы болып табылатын ауруханалардың, емханалар мен дәрігерлік амбулаториялардың тізбесінде:
«Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының клиникалық базалары» деген бөлімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының және Қ.Л. Иассауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің клиникалық базалары».
3. «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1117 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 38, 440-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
«Мемлекеттік кәсіпорындар» деген 1-бөлімде:
реттік нөмірі 31-жол мынадай редакцияда жазылсын:
«31. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы».
4. «Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 214-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген жалпы мемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі» деген бөлімде:
реттік нөмірі 247-жол мынадай редакцияда жазылсын:
«247. «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны».