2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 251-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
251-бап. Сарапшы қорытындысының мазмұны
1. Қажеттi зерттеулер жүргiзiлгеннен кейiн оның нәтижелерiн есепке ала отырып, сарапшы (сарапшылар) өз атынан жазбаша қорытынды жасап, оны өз қолын қоюы және жеке мөрi арқылы растап, сараптама тағайындаған органға жiбередi. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргiзген жағдайда сарапшының (сарапшылардың) қолы аталған органның мөрiмен расталады.
2. Сарапшының қорытындысында: оның ресімделген күні, сараптаманың жүргізілген мерзімдері және орны; сот сараптамасын жүргізудің негіздері; сараптаманы тағайындаған орган туралы мәліметтер; сараптама жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты, білімі, сарапшылық мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс стажы, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын қызметі); көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы өзінің ескертілгені туралы сарапшының (сарапшылардың) қолымен куәландырылған белгі; сот сарапшысының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптама жүргізу кезінде процеске қатысқан қатысушылар туралы және олар берген түсіндірмелер туралы мәліметтер; зерттеу объектілері; пайдаланылған әдістемелер көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша қорытындылардың негіздемесі мен тұжырымы көрсетілуге тиіс.
3. Егер зерттеу барысында осы Кодекстiң 252-бабында көрсетiлген мән-жайлар анықталса, қорытындыда қойылған сұрақтардың барлығына немесе олардың кейбіреуiне жауап берудiң мүмкiн болмауының негiздемесi қамтылуға тиiс.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған, сарапшының қорытындысын көрнекілейтін материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Сондай-ақ қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер қоса берілуге тиіс.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 252-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
252-бап. Қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлама
Егер сарапшының зерттеу жүргiзгенге дейiн оның алдына қойылған мәселелер өзiнiң арнайы бөлiмдерiнiң аясынан тыс екенiне не оған ұсынылған материалдар қорытынды беру үшiн жарамсыз немесе жеткiлiксiз екенiне және орындалуы мүмкiн емес екенiне, не ғылым мен сараптама тәжiрибесiнiң жайы қойылған сұрақтарға жауап беруге мүмкiндiк бермейтiнiне көзi жетсе, ол қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы дәлелдi хабарлама жазып, оны сараптама тағайындаған органға жiбередi.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 253-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
253-бап. Сарапшыдан жауап алу
1. Егер сарапшының қорытындысы жеткiлiктi түрде айқын болмаса, қосымша зерттеулер жүргiзу талап етiлмейтiндей олқылықтары болса, немесе сарапшы қолданған әдiстер мен терминдердi нақтылау қажет болса, қылмыстық процесті жүргізуші орган сарапшыдан аталған мән-жайлар бойынша жауап алуға құқылы. Сарапшының өзiнiң жауаптарын өз қолымен жазуына болады. Сарапшыдан жауап алу хаттамасы осы Кодекстiң 203-бабында жазылған ережелердi сақтай отырып жасалады.
2. Сарапшы қорытынды бергенге дейiн одан жауап алуға жол берiлмейдi.
3. Сарапшыдан оның қорытындысына қатысты емес, тірі адамдарға қатысты сот-психиатриялық, сондай-ақ сот-медициналық сараптама жүргізуге байланысты оған белгілі болған мән-жайлар бойынша жауап алуға болмайды.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 254-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
254-бап. Сезіктіге, айыпталушыға, жәбірленушіге сарапшының қорытындысын көрсету
1. Сарапшының қорытындысы немесе оның қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламасы, сондай-ақ сарапшыдан жауап алу хаттамасы алдын ала тергеу аяқталғанға дейін сезіктіге, айыпталушыға, жәбірленушіге не осы Кодекстің 244-бабының бірінші және екінші бөліктерінде аталған өзге де адамдарға көрсетіледі, олар өз ескертпелерін ұсынуға, сарапшының қорытындылары бойынша қарсылықтарын мәлімдеуге, сарапшыдан жауап алу, қосымша немесе қайталама сараптама, сондай-ақ жаңа сараптамалар тағайындау туралы өтініштерін мәлімдеуге құқылы. Мұндай өтініш қанағаттандырылған немесе ол қабылданбаған жағдайда, қылмыстық процесті жүргізуші орган тиісті қаулы шығарады, ол өтінішті мәлімдеген адамға одан қолхат алып хабарланады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарды сарапшының қорытындысымен және одан жауап алудың хаттамасымен таныстыру туралы хаттама жасалады, онда жасалған мәлiмдемелер немесе қарсылық бiлдiрулер көрсетiледi.
3. Осы баптың ережелерi адамды айыпталушы ретiнде тартқанға не ол сезiктi немесе жәбiрленушi деп танылғанға дейiн сараптама жүргiзiлген жағдайларда да қолданылады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен ; 2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 255-бап өзгертілді
255-бап. Қосымша және қайталама сараптама
1. Қосымша сараптама қорытынды толық немесе жеткiлiктi түрде айқын болмаған, сондай-ақ осының алдындағы зерттеумен байланысты қосымша мәселелердi шешу қажет болған жағдайда тағайындалады.
2. Қосымша сараптаманы жүргiзу сол сарапшының өзiне немесе басқа сарапшыға тапсырылуы мүмкiн.
3. Қайталама сараптама сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткiлiктi түрде негiздi болмағанда не оның қорытындылары күмән туғызған не сараптаманы тағайындау мен жүргізу туралы iс жүргiзу нормалары елеулi түрде бұзылған жағдайларда дәл сол объектiлердi зерттеу және дәл сол мәселелердi шешу үшiн тағайындалады.
4. Қайталама сараптама тағайындау туралы қаулыда алдыңғы сараптаманың нәтижелерiмен келiспеудiң дәлелдерi келтiруге тиiс.
5. Қайталама сараптама жүргiзу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргiзген сарапшылар қайталама сарапшылар жүргiзген кезде қатысып, комиссияға түсiнiктемелер бере алады, бiрақ олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.
6. Қосымша және қайталама сараптама тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары ұсынылуға тиiс.
7. Қосымша және қайталама сараптамалар осы Кодекстiң 240, 242-252-баптарының ережелерi сақтала отырып тағайындалады және жүргiзiледi.
8. Егер екінші немесе реті бойынша келесі сараптама бірнеше негіздер бойынша тағайындалып, олардың бірі - қосымша, ал басқалары қайталама сараптамаға жататын болса, мұндай сараптама қайталама сараптама жүргізу ережелері бойынша жүргізіледі.
33-тарау. Үлгілер алу
256-бап. Үлгiлер алудың негiздерi
1. Тергеушi көзi тiрi адамның, мәйiттiң, жануардың, бұйымның, заттың қасиеттерiн бейнелейтiн үлгiлерiн зерттеудiң iс үшiн маңызы болғанда оларды алуға құқылы.
2. Үлгi ретiнде, атап айтқанда:
1) қан, ұрық, шаш, қиып алынған тырнақ, дененiң сыртқы бетiнiң микроскопиялық қорытындылары;
2) сiлекей, тер және басқа бөлiнiп шығатындар;
3) терi бедерiнiң iзi, тiстiң қалыбы;
4) қолжазба мәтiн, бұйымдар, адамның дағдысын бейнелейтiн басқа материалдар;
5) дауыс фонограммасы;
6) материалдардың, заттардың, шикiзаттың, дайын өнiмнiң сынамалары;
7) гильзалардың, оқтардың қару мен тетiк iздерiнiң үлгiлерi алынады.
3. Үлгiлер алу туралы дәлелдi қаулы шығарылады, онда: үлгiлердi алатын адам; үлгiлер алынатын адам (ұйым); нақты қандай үлгiлер қандай мөлшерде алынуға тиiс екенi; үлгiлердi алу үшiн адамның қашан және кiмге келуi керек екенi; үлгiлер алынғаннан кейiн қашан және кiмге ұсынылуға тиiс екенi көрсетiлуге тиiс.
257-бап. Үлгiлер алуға құқығы
бар адамдар мен органдар
1. Егер iс-әрекет үлгiлер алынуға тиiстi жынысы басқа адамды шешiндiрумен байланысты болмаса және ерекше кәсiптiк дағдыны талап етпесе, тергеушi жеке өзi, ал қажет болғанда дәрiгердiң, өзге маманның қатысуымен үлгiлер алуға құқылы. Өзге жағдайларда үлгiлердi тергеушiнiң тапсырмасы бойынша дәрiгер немесе маман алуы мүмкiн.
2. Үлгiлердi алу сараптамалық зерттеудiң бiр бөлiгi болып табылған жағдайда оны сарапшы алуы мүмкiн.
258-бап. Үлгiлер алуға болатын адамдар
1. Үлгiлер сезiктiден, айыпталушыдан, жәбiрленушiден, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзiлiп отырған адамнан алынуы мүмкiн.
2. Оқиға болған жердегi немесе заттай дәлелдердегi iздердi өзге адамның қалдыруы мүмкiн екенi туралы жеткiлiктi деректер болған кезде үлгiлерi сол адамнан, бiрақ аталған iздер қалдырылуы мүмкiн жағдайлар туралы одан куә (жәбiрленушi) ретiнде жауап алынғаннан кейiн ғана алынуы мүмкiн.
259-бап. Тергеушiнiң үлгiлер алуының тәртібі
1. Тергеушi адамды өзiне шақыртып немесе ол тұрған жерге келiп, оны үлгiлер алу туралы қаулымен қолхат ала отырып таныстырады, оған және аталған тергеу iс-әрекетiне қатысушы өзге адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi.
2. Тергеушi қажеттi iс-әрекеттi жеке өзi немесе маманның қатысуымен жүргiзедi, үлгiлер алады, оларды буып-түйiп, мөрмен бекiтедi.
3. Тиiстi жағдайларда үлгiлердi сұрыптап алуды, тiнтудi, эксгумацияны жүргiзу арқылы немесе оларды жүргiзумен бiр мезгiлде жүзеге асырылады.
260-бап. Дәрiгердiң немесе басқа маманның үлгiлер алуы
1. Тергеушi үлгi алынуға тиiстi адамды, сондай-ақ тиiстi тапсырмасы бар қаулыны дәрiгерге немесе басқа маманға жiбередi. Қаулыда аталған тергеу iс-әрекетiнiң барлық қатысушыларының құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлуге тиiс. Дәрiгерге, басқа маманға апару туралы мәселенi қаулы шығарған тергеушi шешедi.
2. Дәрiгер немесе басқа маман тергеушiнiң тапсырмасы бойынша қажеттi iс-әрекет жасайды және үлгiлердi алады. Үлгiлер буып-түйiледi және олар мөрмен бекітіледi, осыдан кейiн дәрiгер немесе басқа маман жазған ресми құжатпен бiрге тергеушiге жiберiледi.
261-бап. Сарапшының үлгiлердi алуы
1. Сарапшы зерттеу процесiнде эксперименттiк үлгiлер жасауы мүмкiн, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.
2. Тергеушi мұндай үлгiлердi әзiрлеу кезiнде қатысуға құқылы, бұл өзi жасайтын хаттамада көрсетiледi.
3. Зерттеу жүргiзгеннен кейiн сарапшы үлгiлердi буып-түйiлген және мөрмен бекітілген күйiнде өзiнiң қорытындысына қоса тiгедi.
262-бап. Үлгiлер алу кезіндегі жеке адам құқықтарын қорғау
Үлгiлер алудың әдiстерi мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмiрi мен денсаулығына қауiпсiз болуға тиiс. Жанға қатты батыра жасалатын күрделi медициналық рәсiмдердi немесе әдiстердi қолдануға бұған үлгiлер алынуға тиiстi адам, ал егер ол адам кәмелетке толмаған болса немесе психикалық ауру болса - оның заңды өкiлдерi жазбаша келісім берген жағдайда ғана жол берiледi.
263-бап. Үлгiлер алу туралы қаулының орындалу мiндеттілігi
1. Сезiктiден, айыпталушыдан үлгiлер мәжбүрленiп алынуы мүмкiн.
2. Жәбiрленушi мен куәден үлгiлер алу, мұндай әрекеттi жасауды сезiктi, айыпталушы өзiн қылмыс жасады деп әшкерелейтiн айғақтарды тексеру үшiн табанды түрде талап еткеннен, сондай-ақ жыныстық аурулар мен өзге де жұқпалы ауруларды анықтау үшiн, мұндай анықтау iс үшiн маңызы болғанда үлгiлер алу қажет болғаннан басқа жағдайларда, жәбiрленушi мен куәнiң келісімiмен ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Жәбiрленушiден, куәдан осы баптың екiншi бөлiгiнде аталған жағдайларда үлгiлердi мәжбүрлеп алуға прокурордың санкциясымен немесе соттың шешiмi бойынша ғана жол берiледi.
264-бап. Үлгiлер алудың хаттамасы
1. Тергеушi үлгiлердi алғаннан кейiн хаттама жасайды, онда үлгiлердi алу үшiн жасалған барлық әрекет олардың жүргiзiлу ретiмен, бұл үшiн қолданылған ғылыми-зерттеу және басқа әдiстер мен рәсiмдер, сондай-ақ үлгiлердiң өзi сипатталып жазылады.
2. Егер үлгiлердi тергеушiнiң тапсырмасы бойынша дәрiгер немесе басқа маман алса, онда ол бұл туралы ресми құжат жасайды, оған аталған iс-әрекетке қатысқан барлық адам қол қояды және ол осы Кодекстiң 203-бабының сегiзiншi бөлiгiнде белгiленген тәртiппен қылмыстық iске қосып тiгу үшiн тергеушiге бередi.
3. Алынған үлгiлер буып-түйiлген және мөрмен бекітілген күйiнде хаттамаға қоса тiркеледi.
34-тарау. Алдын ала тергеуді тоқтата түру
және қайта жалғастыру
265-бап. Алдын ала тергеудi тоқтату тұрудың тәртібі
1. Тергеушi алдын ала тергеудi осы Кодекстiң 50-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша тоқтата тұруға құқылы.
2. Алдын ала тергеудi тоқтата тұру туралы тергеушi дәлелдi қаулы шығарады, мұның көшiрмесi жиырма төрт сағат iшiнде прокурорға жiберiледi.
3. Алдын ала тергеудi тоқтата тұрудың алдында тергеушi айыпталушы болмаған кезде жүргiзiлуi мүмкiн барлық iс-әрекеттi орындау, оны табу, сонымен қатар қылмыс жасаған адамды анықтау үшiн барлық шараны қолдануға мiндеттi.
266-бап. Тергеушiнiң алдын ала тергеудi тоқтата тұрғаннан
кейiнгi iс әрекетi
1. Алдын ала тергеудi тоқтата тұрғаннан кейiн тергеушi бұл туралы жәбiрленушiге, оның өкiлiне, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне хабарлауға және сонымен бiр мезгiлде прокурорға алдын ала тергеудi тоқтата тұру туралы қаулыға шағым жасауға болатынын оларға түсiндiруге мiндеттi. Алдын ала тергеу осы Кодекстiң 50-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 4, 6, 7-тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылған жағдайда бұл туралы айыпталушы мен оның қорғаушысына да хабарланады.
2. Алдын ала тергеу тоқтатыла тұрғаннан кейiн тергеушi:
1) осы Кодекстiң 50-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1-тармағында көзделген жағдайда тiкелей өзi де, анықтау органдары арқылы да айыпталушы ретiнде жауапқа тартылуға тиiс адамды анықтау үшiн шара қолданады;
2) осы Кодекстiң 50-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағында көзделген жағдайда айыпталушының тұрған жерiн анықтайды, егер ол iзiн жасырса, оны iздестiру шараларын қолданады.
3. Iс жүргiзу тоқтатыла тұрған iс бойынша тергеу әрекеттерiн жүргiзуге жол берiлмейдi.
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 267-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
267-бап. Айыпталушыны iздестiру
1. Айыпталушының тұрған жерi белгiсiз болған жағдайда тергеушi iздестiру жүргiзудi анықтау органдарына тапсыруға құқылы. Бұл тапсырма туралы алдын ала тергеудi тоқтата тұру туралы қаулыда көрсетiледi немесе жеке қаулы шығарылады.
2. Айыпталушыны iздеу алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде де, оның тоқтатыла тұруымен бiр мезгiлде де жариялануы мүмкiн.
3. Осы Кодекстiң 139-бабында көрсетiлген негiздер болған кезде iздестiрiлiп жатқан айыпталушыға қатысты, ол табылған жағдайда, бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкiн. Осы Кодекстiң 150-бабында көрсетiлген жағдайларда соттың санкциясы бойынша тұтқындау түрiнде бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкiн.
ҚР 25.09.03 ж. № 484-II Заңымен 267-1-баппен толықтырылды; 2007.08.01. № 210-III ҚР Заңымен 267-1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
267-1-бап. Халықаралық iздестiрудi жариялау
1. Халықаралық iздестiрудi жариялауға негiздер болған кезде қылмыстық қудалау органы айыпталушыға халықаралық iздестiру жариялау туралы прокурор санкция берген жеке қаулы шығарады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған және тергеуден жасырынып жүрген адамға халықаралық iздестiру жариялауға санкция беру құқығы Бас прокурор мен оның орынбасарларында, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорларда болады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 268-бап өзгертілді
268-бап. Тоқтатыла тұрған алдын ала тергеудi қайта жалғастыру
1. Тоқтатыла тұрған алдын ала тергеу қылмыстық iзге түсу органының дәлелдi қаулысымен:
1) тоқтата тұру үшiн негiздер жойылғаннан кейiн;
2) айыпталушының қатысуынсыз жүзеге асырылуы мүмкiн тергеу iс-әрекетiн жүргiзу қажеттілігi пайда болғанда қайта жалғастырылады.
2. Алдын-ала тергеу прокурордың немесе судьяның iстi тоқтата тұру туралы қаулының күшiн жоюына байланысты қылмыстық iзге түсу органының дәлелдi қаулысымен де қайтадан басталады.
3. Алдын ала тергеудi қайта жалғастыру туралы айыпталушы мен қорғаушыға, сондай-ақ жәбiрленушiге, оның өкiлiне, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге, олардың өкiлдерiне хабарланады.
35-тарау. Алдын ала тергеу барысында істі қысқарту
269-бап. Алдын ала тергеу барысында iстi қысқартудың
негiздерi мен тәртібі
1. Тергеушi, прокурор қылмыстық iстi осы Кодекстiң 37 және 38-баптарында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша қысқартуға құқылы.
2. Сезiктiнi немесе айыпталушының қылмыс жасауға қатысқаны дәлелденбеген жағдайда, егер қосымша дәлелдемелер жинау үшiн барлық мүмкiндiк таусылса, қылмыстық iс осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1 немесе 2-тармақтарының негiзiнде қысқартылады. Бұл жағдайда тергеушi, прокурор адамды ақтау және оған заңсыз ұстау немесе қамау нәтижесiнде келтiрiлген материалдық зиянды өтеу жөнiнде заңдарда көзделген барлық шараны қолдануға тиiс.
3. Егер iс бойынша бiрнеше сезiктi, айыпталушы жауапқа тартылса, ал iстi қысқартуға негiз сезiктiлердiң, айыпталушылардың бәрiне бiрдей iстi қатысты болмаса, онда қылмыстық iзге түсу жекелеген сезiктiлерге, айыпталушыларға қатысты қысқартылады.
4. Қылмыстық iстi қысқарту туралы дәлелдi қаулы шығарылады.
5. Қаулының кiрiспе бөлiмiнде оның жасалған уақыты мен орны, тергеушiнiң аты-жөнi мен лауазымы көрсетiледi.
6. Қаулының сипаттама-дәлелдеу бөлiмiнде iстi қозғауға себеп пен негiз болған жағдайлар, iс бойынша қылмыс жасады деп сезiк келтiрiлген немесе айыпталған адамдар, олардың мәнiсi, қылмыстық-құқықтық біліктілік және қолданылған бұлтартпау шаралары туралы деректердi көрсете отырып, оны тергеу нәтижелерi баяндалады.
7. Қаулының қарар бөлiмiнде iстi қысқарту үшiн негiз болған осы Кодекстiң бабын (бөлiгiн, тармағын) көрсете отырып, iстi қысқарту туралы шешiм, сондай-ақ бұлтартпау шарасын қолданбау туралы, мүлiктi тұтқындауды алып тастау туралы, қызметiнен уақытша босатуды тоқтатуды алып тастау туралы, хат-хабарды тұтқындау, сөйлескен сөздердi тыңдау мен жазып алу, заттай дәлелдердiң тағдыры туралы нұсқау баяндалады.
8. Заң бойынша iстi тоқтатуға айыпталушының немесе жәбiрленушiнiң келісімi бойынша ғана жол берiлетiн жағдайларда мұндай келісімнiң бар екенi қаулыда көрсетiлуге тиiс.
9. Iс осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1, 2-тармақтарында және үшiншi бөлiгiнде көзделген негiздер бойынша қысқартылған ретте қаулыға оларға қатысты iс қысқартылған адамдардың кiнәсiз екенiне күмән келтiретiн сөз орамдарын енгізуге жол берiлмейдi.
10. Қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулының көшiрмесi прокурорға жiберiледi.
270-бап. Тергеушiнiң қылмыстық iс қысқартылғаннан
кейiнгi iс-әрекетi
1. Iстi қысқарту туралы және қысқарту негiздерi туралы тергеушi сезiктiге, айыпталушыға, олардың қорғаушыларына, жәбiрленушiге және оның өкiлiне, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкiлдерiне, сондай-ақ арызы бойынша iс қозғалған адамға немесе ұйымға жазбаша хабарлайды.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға iс материалдарымен танысу құқығы және iстi қысқарту туралы қаулыға шағым жасау тәртібі түсiндiрiледi. Осы адамдардан келiп түскен өтiнiш бойынша оларға iстi қысқарту туралы қаулының көшiрмесi тапсырылады.
3. Iс материалдарымен танысу осы Кодекстiң 275-бабының талаптарын сақтай отырып жүргiзiледi.
271-бап. Қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулыға шағым жасау
1. Тергеушiнiң қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулысына сезiктi, айыпталушы, олардың қорғаушылары, жәбiрленушi және оның өкiлi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкiлдерi, сондай-ақ арызы бойынша iс қозғалған адам немесе мемлекеттік органның немесе ұйымның өкiлi тергеуге қадағалау жасап отырған прокурорға шағымдана алады.
2. Iс прокурордың келісімiмен қысқартылған жағдайда қаулыға жоғары тұрған прокурорға шағымдануға болады.
3. Прокурордың қылмыстық iстiң қысқартылуына байланысты берiлген арызды қанағаттандырудан бас тартуына осы Кодекстiң 109-бабының ережелерi бойынша сотқа шағым жасауға болады.
272-бап. Қысқартылған қылмыстық iстi қайта жалғастыру
1. Қысқартылған iс бойынша iс жүргiзу мынадай жағдайларда:
1) тергеушiнiң қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулысының күшi жойылғанда;
2) сот қылмыстық iстiң негiзсiз қысқартылуына берiлген арызды осы Кодекстiң 109-бабының тәртібімен қанағаттандырғанда қайта жалғастырылады.
2. Қысқартылған iс бойынша iс жүргiзу адамды қылмыстық жауапқа тартудың ескiру мерзiмi өтпеген жағдайда ғана қайта жалғастырылуы мүмкiн.
3. Iс бойынша iс жүргiзудi қайта жалғастыру туралы сезiктiге, айыпталушыға, олардың қорғаушыларына, жәбiрленушiге және оның өкiлiне, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне, сондай-ақ арызы бойынша iс қозғалған адамға немесе ұйымға жазбаша түрде хабарланады.
36-тарау. Айыптау қорытындысын жасау және
қылмыстық істі сотқа жіберу
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 273-бап өзгертілді
273-бап. Прокурорға айыптау қорытындысымен бiрге жiберiлетiн iс
бойынша тергеу iс-әрекетiнiң аяқталғаны туралы хабарлау
1. Iс бойынша барлық тергеу iс-әрекетi орындалды, ал жиналған дәлелдер айыптау қорытындысын жасау үшiн жеткiлiктi деп танылғаннан кейiн тергеушi бұл туралы айыпталушыға хабарлауға, оған iстiң барлық материалдары мен жеке өзiнiң де, қорғаушысының көмегiмен де танысу, сондай-ақ алдын ала тергеудi толықтыру немесе iс бойынша басқа шешiмдер қабылдау туралы өтiнiш айту құқығын түсiндiруге мiндеттi. Айыпталушыға тергеу iс-әрекетiнiң аяқталғаны туралы хабарлағаны және оған құқықтары түсiндiрiлгенi туралы осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып, хаттама жасалады. Айыпталушы қылмыстық iс материалдарымен танысудан бас тартқан жағдайда бұл туралы себептерi айтыла отырып, қаулыда көрсетiледi. Егер айыпталушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болса және алдын ала тергеу органдарына келуден жалтарса, бірақ айыпталушының тұрып жатқан жері алдын ала тергеу органына белгілі болса, айыпталушыға оның құқықтары түсіндіріле отырып, тергеу аяқталғаны туралы жазбаша хабарлама почта арқылы жіберіледі, хаттамаға тергеуші айыпталушыға тергеу іс-әрекеттерінің аяқталғаны және құқықтарының түсіндірілгені туралы хабарланғаны жөнінде белгі соғады.
2. Тергеудiң аяқталғаны туралы және iс материалдарымен танысу және өтiнiш айту құқықтары туралы тергеушi iске қатысқан жағдайда айыпталушының қорғаушысына, сондай-ақ жәбiрленушiге және оның өкiлiне, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкiлдерiне хабарлауға мiндеттi.
3. Егер айыпталушының қорғаушысы немесе жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң өкiлi iспен танысу үшiн белгiленген уақытта дәлелдi себептермен келе алмаса, тергеушi iспен танысуды бес тәулiктен аспайтын мерзiмге кейiнгi қалдырады. Қорғаушы немесе өкiл осы мерзiм iшiнде келмеген жағдайда тергеушi басқа қорғаушының немесе өкiлдiң келуi үшiн шаралар қолданады.
274-бап. Жәбiрленушiнi, азаматтық талапкердi, азаматтық
жауапкердi және олардың өкiлдерiн iс
материалдарымен таныстыру
1. Жәбiрленушi немесе оның өкiлi ауызша немесе жазбаша өтiнiш жасаған жағдайда тергеушi бұл адамдарды iс материалдарымен немесе олар танысуға тiлек бiлдiрген олардың бiр бөлiгiмен таныстырады. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкiлдерi, егер олар өтiнiм бiлдiрсе, iс материалдарының азаматтық талап қоюға қатысты бөлiгiмен танысады.
2. Таныстыру осы Кодекстiң 275-бабында көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен 225-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
275-бап. Айыпталушыны және оның қорғаушысын iстiң
барлық материалымен таныстыру
1. Осы Кодекстiң 274-бабының талаптарын орындай отырып, тергеушi айыпталушы мен оның қорғаушысына айыптау тізімін қоспағанда, iстiң барлық материалын көрсетедi, олар тiгiлген, нөмірленген, іс парақтарының тізімдемесіне енгізілген, тігілген және тергеу органының мөрімен бекітілген болуға тиiс. Танысуға сонымен қатар айғақ заттар ұсынылады және айыпталушының немесе оның қорғаушысының өтiнiшi бойынша, егер тергеу iс-әрекетiнiң хаттамаларына қоса тiркелген болса, фонограммалар, бейнежазбалар, кинофильмдер, слайдылар тыңдатылып, көрсетiледi. Айыпталушының немесе оның қорғаушысының өтiнiшi бойынша олар iс материалдарымен бiрге немесе жеке-жеке таныса алады.
2. Айыпталушы мен қорғаушы iс материалдарымен танысу процесiнде, егер ол бiрнеше томнан тұратын болса, олардың кез келгенiн қайта қарауға, сондай-ақ кез келген мәлiметтi кез келген көлемде көшiрiп алуға, құжаттардың көшiрмесiн түсiрiп алуға, соның iшiнде техникалық құралдардың көмегiмен түсiрiп алуға құқылы. Мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге құпия бар iстегi құжаттардан үзiндiлер және олардың көшiрмелерi iспен бiрге сақталады және айыпталушы мен оның қорғаушысына сот талқылауы кезiнде берiледi.
3. Айыпталушы мен қорғаушының iстiң барлық материалымен танысу үшiн қажет болатын уақытына шек қойылмайды. Алайда, егер айыпталушы мен қорғаушы iс материалдарымен танысуды қасақана созса, онда тергеушi өзiнiң прокурор бекiтетiн дәлелдi қаулысымен iс материалдарымен танысуға жеткiлiктi белгiлi бiр мерзiмді белгiлеуге құқылы.