Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын
және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономикасы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі
2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қарашадағы № 1085 Қаулысы
(2009.30.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2010 жылғы 14 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Елдің экономикасы мен қаржы жүйесін тұрақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009 - 2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі — Іс-қимыл жоспары) мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі екі апта мерзімде Іс-қимыл жоспарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізсін.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары Іс-қимыл жоспарында көзделген іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 25 қарашадағы
№ 1085 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009 - 2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары
Мазмұны
Кіріспе
2007 - 2008 жылдары қабылданған шаралар
Жоспардың мақсаты мен бағыты
Қаржы секторын тұрақтандыру
Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу
Шағын және орта бизнесті қолдау
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту
Инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру
Қорытынды
Кіріспе
2007 жылдың екінші жартысында басталған әлемдік қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық Қазақстанның даму қарқынына әсер етті. Бұл отандық банктердің сыртқы қаржылық ресурстарды тарту мүмкіндіктерін төмендетуде, ал, ізінше, ішкі экономикаға кредит беру көлемін қысқартуда көрінді. Бұдан басқа, әлемдік нарықтағы азық-түлік тауарлары бағасының шапшаң көтерілуі салдарынан экономикаға инфляциялық қысымды едәуір күшейтті.
Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ұлттық Банкі мен Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы тұрақсыздықтың теріс салдарын жұмсартуға бағытталған бірінші кезектегі шаралар кешенін жедел қабылдады және іске асырды.
Өтімділіктің жаһандық тапшылығын тудырған қаржы дағдарысының екінші толқыны әлемдік қаржы жүйесінің шеңберінен шықты және нақты секторға едәуір теріс әсер етті. Осының нәтижесінде әлемдік экономиканың өсу қарқынының едәуір және, ізінше, тауарлар мен қызмет көрсетулерге жаһандық сұраныстың баяулауы байқалады.
Бұл отандық экономиканы тұрақтандыру және оңалту жөнінде жаңа қосымша шаралар қабылдауды талап етеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Ұлттық Банкінің және Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009 - 2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі — Жоспар) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындау үшін әзірленді және жаһандық дағдарыстың Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға теріс салдарын жұмсартуға және болашақтағы сапалы экономикалық өсу үшін қажетті негізді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін айқындайды.
2007 — 2008 жылдары қабылданған шаралар
Өткен жылдың күзінде Қазақстан қаржы дағдарысының алғашқы толқынымен кезікті.
2007 жылдың қазанында Үкімет, Ұлттық Банк және Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі (бұдан әрі - Қаржылық қадағалау агенттігі) халықаралық қаржы және азық-түлік нарықтарындағы тұрақсыздықтың теріс салдарын жұмсарту үшін бірқатар бірінші кезекті шаралар қабылдады. 2007 жылдың күзінен бастап мемлекеттік бюджеттен шамамен 550 млрд. теңге бөлінді.
Меншікті немесе қарыз қаражатын үлестік құрылысқа салған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс салушыларға екінші деңгейдегі банктер арқылы 184,7 млрд. теңге бөлінді.
Шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігін қолдау үшін олардың жобаларын шамамен 155 млрд. теңге сомаға қаржыландыру қамтамасыз етілді.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 135 млрд. теңге жіберілді.
Осы шараларға қосымша өтімділік тапшылығының проблемасы жедел шешілді және ұлттық банк жүйесінің келесі сыртқы қауіптерге дайындығының қажетті деңгейі қамтамасыз етілді.
Бірінші кезекті шаралар кешенін іске асыруды ескере отырып, ағымдағы жылдың 9 айы ішінде ЖІӨ-нің өсуі шамамен 4%-ды құрады. Жұмыссыздық деңгейі төмен деңгейде тұр және 7%-дан аспайды. Тұтыну бағаларының өсуін тұрақтандыру мүмкіндігі туды. Ағымдағы жылғы 10 айда инфляция деңгейі 8,8%-ды құрады, бұл жылдық болжамның кемінде 10%-ына сәйкес келеді. Қазақстандық банктер өздерінің ішкі және сыртқы міндеттерін ойдағыдай орындауда. Екінші деңгейлі банктердің экономиканы кредиттеуі өткен жылдың соңындағы деңгейде сақталды. Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде банктердегі депозиттер 21,8%-ға дерлік, оның ішінде, халықтың депозиті 2%-ға үлғайды.
Ағымдағы жылдың басынан бастап Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі ішкі және сыртқы нарықтағы экономикалық жағдай мониторингін күшейтті және қосымша бірқатар шараларды қарастырды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы жүйесінің тұрақтылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әзірленіп, қабылданды, онда қаржы ұйымдарының қасақана төлем қабілетсіздігіне дейін жеткізгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары қатаңдатылды. Үкімет белгіленген пруденциалдық нормативтерді бұзып отырған қаржы ұйымдарының қызметіне араласуға қажетті нарық құралдарын ала отырып, банктің акцияларын мәжбүрлеп сатып алуға құқық алады. Өз кезегінде, банктерге шығарылған облигацияларды және құрылатын Стресті активтер қорының акцияларын мерзімінен бұрын сатып алу құқығы берілді.
Банктерге деген сенімді сақтап қалу мақсатында заңда жеке тұлғалардың салымдары бойынша кепілді қайтару сомаларын бұрын көзделген 700 мың теңгеден 1 миллионға дейін, ал 2012 жылға дейін (3 жыл ішінде) - 5 млн. теңгеге дейін ұлғайту көзделген.
Ағымдағы жылдың 18 қарашасынан бастап ішкі міндеттемелер бойынша ең кіші резервтік талаптар 5%-дан 2%-ға дейін, ал өзге міндеттемелер бойынша 7%-дан 3%-ға дейін төмендетілді. Бұл банктерге олардың ресурстық базасын шамамен 350 млрд. теңге көлемінде ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілетін болады, оның шеңберінде салықтық жүктемелерді, ең алдымен, экономиканың шикізат емес секторы үшін салықтық жүктемелерді едәуір төмендету көзделген.
Корпоративтік табыс салығы кезең-кезеңімен 2009 жылы 30%-дан 20%-ға дейін, 2010 жылы 17,5%-ға дейін және 2011 жылы 15%-ға дейін төмендейді.
Қосылған құн салығының ставкасы келесі жылдан бастап 13-тен 12%-ға дейін төмендейді. ҚҚС салынатын айналымның ең аз көлемі 2 есе 38 млн. теңгеге дейін ұлғаяды.
Әлеуметтік салық ставкаларының регрессивті шәкілінің орнына 11% мөлшеріндегі бірыңғай ставка енгізілетін болады.
Экономиканың барлық кәсіпорындары үшін инвестицияларды жүзеге асыру үшін салық преференциялары көзделген. Атап айтқанда, өндірмейтін секторлар үшін жедел өтеу, мұнай өндірушілер үшін - өтеудің екі есе нормасы көзделген.
Шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді төлеу туралы талап алынып тасталады.
Сонымен қатар, барлық кәсіпорындар үшін залалдар мерзімдерін 3 жылдан 10 жылға дейін ауыстыру көзделді.
Жалпы, салықтық жүктеменің төмендеуі тек 2009 жылы кәсіпорындарға 500 млрд. теңге босатуына және оларды экономиканы дамытуға жұмсауына мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жедел түрде қабылданды. Ішкі сұранысты ынталандыру және отандық кәсіпорындарды қолдау үшін мемлекеттік сатып алу тек қазақстандық өнім берушілерге басымды түрде бағытталатын болады. Жедел шешімдер қабылдау, кепілдіктер, ұзақ мерзімді тапсырыстар беру есебінен отандық бизнеске нақты көмек көрсету үшін мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялар мемлекеттік сатып алуды реттейтін заңнамалар әрекетінен шығарылды.
Үкімет әлемдегі қаржы және шикізат нарықтарындағы жағдайдың нашарлау мүмкіндігіне байланысты 2009 - 2011 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қажеттілікпен қалыптастырды. Осы кезеңдегі бюджет кірістері мұнайдың бір баррелі үшін 60 АҚШ долларындағы әлемдік бағасын негізге ала отырып есептелген. Үкімет орта мерзімді кезеңде фискалдық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының параметрлерін түзетті. 2009 жылы бюджет кірістері мұнайдың әлемдік бағасының бір баррелі үшін 40 АҚШ долларына төмендеуін ескере отырып нақтыланды. Басымды емес шығыстар қысқартылды, ал бірқатар бағдарламаларды қаржыландыру кейінгі мерзімге қалдырылатын болады. Бұл ретте әлеуметтік шығыстар қысқартылған жоқ.
2009 - 2010 жылдары республикалық бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге 3,4-3,5% көлемінде жоспарланған, ал 2011 жылы ЖІӨ-ге 2,4%-ға дейін төмендетілетін болады.
Үш жылдық республикалық бюджет ағымдағы жағдайда экономикалық белсенділікті қолдау үшін түйінді құрал болып табылады. Жиынтықты сұраныс пен іскерлік белсенділік бірінші кезекте, басымды инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды қаржыландыруға, отандық кәсіпорындардың өнімдеріне сұранысты және экономикадағы жұмыспен қамтылуды қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ адами капиталды дамытуға бағытталатын бюджет шығыстарының жоғарғы деңгейін сақтау есебінен қамтамасыз етіледі.
Тұтастай алғанда, 2009 - 2011 жылдары мемлекеттік бюджеттен шығатын инвестициялар 1,5 трлн. теңгеден аса өседі.
ҚР Үкіметінің 2009.11.06 № 890 (бұр.ред.қара); 2009.20.07 № 1101 (бұр.ред.қара) Қаулыларымен бөлім өзгертілді
Бағдарламаның мақсаты мен бағыты
Шикізат ресурстарына әлемдік бағаның құлдырауы әсерінен және капиталдың сыртқы нарығына қол жеткізудің болмауына байланысты Қазақстан экономикасына жаңа әлемдік экономикалық шындықтарға бейімделудің күрделі кезеңін бастан өткізуге тура келеді, бұл экономикада құрылымдық өзгерістердің болуын талап ететіні сөзсіз.
Қазақстан экономикасының ғаламдық құлдырау кезеңіне Қазақстан алтын-валюта резервтерінің және Ұлттық қордың берік қорымен кіруде. Олардың жалпы көлемі 2008 жылғы 1 қарашада 47 млрд. АҚШ долларынан астамды құрады. Мемлекеттік борыштың мөлшері ЖІӨ-нін 1,5%-ынан аспайды, бюджет тапшылығы төмен деңгейде тұр және ЖІӨ-нің 2%-ынан аспайды.
Үкімет қалыптасқан жағдайды экономиканы сауықтыруға және оның болашақта тиімді жұмыс істеуі үшін негіз қалауға пайдалануда. Жинақталған резервтер Қазақстан экономикасын түзеу процесін жақсартуға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның мақсаты Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға ғаламдық дағдарыстың теріс салдарын жұмсарту және болашақта сапалы экономикалық өсу үшін қажетті негіздерді қамтамасыз ету болып табылады.
Мақсатқа жету үшін Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржылық қадағалау агенттігі мынадай бес бағытта шоғырланатын болады.
1. Қаржы секторын тұрақтандыру.
2. Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу.
3. Шағын және орта бизнесті қолдау.
4. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту.
5. Инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру.
Жобаны қаржылық қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының 10 млрд. АҚШ доллары (1 200 млрд. теңге) көлеміндегі қаражат пайдаланылатын болады. Олар мыналарға бағытталатын болады:
1) қаржы секторын тұрақтандыруға - 4 млрд. АҚШ доллары (480 млрд. теңге);
2) тұрғын үй секторын дамытуға - 3 млрд. АҚШ доллары (360 млрд. теңге);
3) шағын және орта бизнесті қолдауға - 1 млрд. АҚШ доллары (120 млрд. теңге);
4) агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға — 1 млрд. АҚШ доллары (120 млрд. теңге);
5) инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға - 1 млрд. АҚШ доллары (120 млрд. теңге).
Үкімет, Ұлттық Банк, Қаржылық қадағалау агенттігі, «Самұрық-қазына» ұлттық әл-ауқат қоры (бұдан әрі — «Самұрық-Қазына» қоры) және «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» (бұдан әрі - «ҚазАгро» холдингі) осы қаражаттың нысаналы және тиімді жұмсалуына тұрақты мониторинг пен бақылауды қамтамасыз етеді.
Жоспарды іске асыру бойынша Үкіметтен негізгі оператор болып «Самұрық-Қазына» қоры шығатын болады. Ол үшін Үкімет «Самұрық-Қазына» қорын 607,5 млрд. теңгеге қосымша капиталдандыруды жүзеге асырды.
«Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазАгро» холдингі тиісінше 4 млрд. АҚШ доллары және 1 млрд. АҚШ доллары сомасына облигация шығару жолымен Ұлттық қордан қарыз алуды жүзеге асырады. Бұл үшін Ұлттық қордың инвестициялық саясатына өзгерістер енгізілетін болады.
Экономикалық өсу қарқынының төмендеуі жағдайында Үкімет контрциклдық бюджет саясатын, ал Ұлттық Банк - жағымды ақша-кредит саясатын жүзеге асыратын болады. Алайда экономика мен қаржы секторын тұрақтандыру шамасына қарай ақша-кредит және фискалдық саясаттар макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, оның ішінде, инфляцияның төмен қарқынын ұстап тұру мақсатында қаталдандыратын болады.
Үкімет пен Ұлттық Банк төлем балансының және валюта бағамының жағдайын бақылайтын болады.
Экономикада жинақталған салалық теңгерімсіздіктердің ішкі және сыртқы өзгеруші жағдайларын ескере отырып, Үкімет 2009 жылы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын әзірлейді. Ол:
экономиканың сыртқы күштерге тұрақтылығын арттыруды;
елде инвестициялық климатты жақсарту үшін құрылымдық реформалар жүргізуді;
инфрақұрылымды жаңғыртуды;
адами капиталды дамытуды;
экспортты, бірінші кезекте, агроөнеркәсіптік секторды дамыту есебінен жедел әртараптандыруды;
мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруды;
елдің сыртқы борышын тиімді басқаруды ескере отырып, таяудағы он жылға арналған нақты басымдықтар мен даму индикаторларын белгілейді.
Бұл нәтижелерге бағдарланған жоспарлаудың жаңа қағидаттарын ескеретін елдің бірінші ұлттық стратегиялық даму бағдарламасы болады.
ҚР Үкіметінің 2009.09.10 № 1553 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2009.30.12 № 2309 Қаулысымен (бұр.ред.қара) бөлім өзгертілді
Қаржы секторын тұрақтандыру
Отандық банк жүйесін қолдау қажеттілігі оның елдің экономикалық жүйесіндегі маңызды рөлінің болуымен түсіндіріледі. Тәуелсіздік жылдарында отандық банктер отандық экономикалық жүйенің ажырамас белігіне айналған, оның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін және оның нарық жағдайында дамуын ынталандыратын жетілдірілген қаржы жүйесін қалыптастырды.
Отандық банктерге қолдау жасай отырып, мемлекет олардың ішкі экономика мен нақты секторды кредиттеу көлемін сақтайтындықтарына, атап айтқанда, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыруларына және ипотекалық кредиттеу бойынша қолайлы жағдайды белгілейтіндіктеріне сенім артуда.
Мемлекеттің мақсаты - жалпы жүйе тұрақтылығын қолдау және сақтау. Бұл мақсаттар үшін Қазақстанда тиісті реттеу мен қадағалау, сондай-ақ депозиттерге кепілдік беру жүйесі бар. Жүйе тұрақтылығына қауіп төнген жағдайларда мемлекет банк секторына жағдайды тұрақтандыруға қажетті тәртіпте және көлемде қаржылық қолдау көрсетеді.
Мемлекет банктің борыштары бойынша ешқандай міндеттемелер алмайтыны сияқты банктердің операциялық қызметіне араласпайды. Ағымдағы жағдайда банктер банк депозиторларының мүдделері барынша қорғалатындай етіп активтер мен пассивтерді тиімді басқаруды қамтамасыз етулері тиіс. Бұған қарамастан мемлекет қызметі ел экономикасының одан әрі дамуына ықпал ететін жүйе құраушы банктерге қатысты тұрақтандырушылық бастамаларымен шығады.
Қаржы секторын тұрақтандыру үшін мынадай шаралар қабылданатын болады:
Біріншіден, бұл жай және/немесе ерекше артықшылығы бар акцияларды сатып алу және экономиканың нақты секторын қаржыландыру үшін қаражатты депозиттерге орналастыру түрінде төрт жүйе құраушы банкті қосымша капиталдандыру және қаржыландыру.
Қазіргі таңда банктер берген қарыздардың 35,6%-ы құны айтарлықтай төмендеген жылжымайтын мүліктермен және жермен қамтамасыз етілген. Бұл банктер активтерінің сапасын төмендетеді. Осыған байланысты банк секторында залалдардың едәуір көлемі әлеуетті жинақталуда. Банк секторын сауықтыру үшін Қаржылық қадағалау агенттігі банктер құрған провизияларға қойылатын талаптарды арттырады. Бұл банктердің өз шығындарын қабылдауына және оларды жасақталған провизиялар есебінен шығынға жазуына септігін тигізеді. Бірақ, банктердің провизияларды құруы үшін қосымша капитал қажет.
Банктерді қосымша капиталдандырудың жалпы сомасы 487,5 млрд. теңгені құрайды, ол жай және/немесе ерекше артықшылығы бар акцияларды сатып алу және экономиканың нақты секторын қаржыландыру үшін депозиттерге орналастырылатын болады.
Самұрық-Қазына» коры банктер акцияларының бақылау пакетін иеленуі мүмкін.
3 млрд. АҚШ доллары (355 млрд. теңге) реттелген борыш түрінде және дауыс беру құқығын бермейтін ерекше артықшылығы бар акцияларды сатып алу арқылы берілетін болады.
Берілген қаражатты банктер резервтердің (провизиялардың) барабар деңгейін қалыптастыруға және ел ішінде қарыз алушыларға кредиттер беруге жіберуі тиіс.
Мемлекет банктер капиталының бақылау пакетін сатып алмайтын болады. Құны 2008 жылғы 24 қарашада, яғни, банк ұсыныс жасаған күнге дейін Лондондық және Қазақстандық қор биржаларында акцияларға баға белгілеуге байланысты белгілі болатын банктердің дауыс беруші акцияларының 25%-ына дейін «Самұрық-Қазына» қорының меншігіне түседі.
Мемлекет капиталданған банктердің ұзақ мерзімді қатысушысы болып қалмайды. Әлемдік қаржы дағдарысының бәсеңдеуі және халықаралық капитал нарықтарына жол ашылған жағдайда «Самұрық-Қазына» қоры нарық қағидаттары бойынша банктердің қатысушылары құрамынан шығатын болады, бірақ акцияларды сату бағасы сатып алу бағасынан төмен болмайтын шарт негізінде.
Екіншіден, Стресті активтер қоры құрылды.
Стресті активтер қорының қызметі қазақстандық банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға бағытталатын болады. Банктердің сенімсіз активтерін сатып алу және кейіннен оларды басқару осы мақсатты іске асырудың негізгі тетігі болады. Макроэкономикалық, нарықтық және басқа да факторлар әсерінен елеулі тәуекелдерге ұшырайтын (құнсыздануға) активтер, атап айтқанда, банктердің жылжымайтын мүлік және жер кепілдігімен қарыздар беруі осындай активтер ретінде қарастырылады.
Банктерден мұндай қарыздарды сатып алу банктердің теңгерімін өтімділігі аз активтерден тазартуға және банктерге өз залалын мойындауға мәжбүрлейді.
Активтерді сатып алу Стресті активтер қоры айқындайтын дисконтты немесе тәуекелдерді бөлудің басқа нысанын (банктер құратын провизиялардың көлемін ескеретін) теңгерімдік құны бойынша жүзеге асырылатын болады.
2008 жылы республикалық бюджеттен Стресті активтер қорын капиталдандыруға алғашқы траншпен 52 млрд. теңге бөлінді. 2009 жылы Қордың жарғылық капиталы республикалық бюджет қаражаты есебінен 70 млрд. теңгеге дейін жеткізілетін болады.
Үшіншіден, банктердің міндеттемелеріне уақтылы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында өтімділіктің қосымша көздері ұсынылатын болады. Атап айтқанда, Ұлттық Банк репо операциялары бойынша қамтамасыз ету ретінде қабылданатын құралдардың тізбесін кеңейтетін болады.
Ресурстық базаны тұрақтандыру мақсатында ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың, сондай-ақ активтері Ұлттық Банктің басқаруындағы мемлекеттік ұйымдардың уақытша бос ақша қаражаты отандық банктердің депозиттерінде орналастырылатын болады.
Төртіншіден, қаржы секторында мемлекеттік реттеу жетілдірілетін болады.
Қаржылық қадағалау агенттігі пруденциалдық реттеу шеңберінде банктердің сыртқы міндеттемелерінің және тұтастай көтерме қаржыландыру деңгейін төмендету бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Бұл ретте банк заңнамаларының қолданыстағы және жаңадан енгізіліп жатқан талаптары банктерді қорландырудың әртараптандырылған базасын құруға ынталандыруы тиіс, яғни белсенді операцияларды көп дәрежеде депозиттік база, атап айтқанда жеке тұлғалардың есебінен қаржыландыру.
Таңдаулы халықаралық практика негізінде банктердің капиталдандыру есебінің тәсілдері оңтайландырылатын болады. Банк активтерін жіктеудің қолданыстағы тәртібі оңтайландырылатын болады, бұл банк активтеріне жанама факторлардың болуы мүмкін, оның ішінде экономика секторларында іскерлік белсенділіктің төмендеуі, жағымсыз сыртқы құбылыстарға ұшырау, айырбас бағамдарының күтіліп отырған тұрақсыздығы әсерін ескере отырып банктердің қосымша резервтерді (провизияларды) қалыптастыруын көздейді.
Тәуекелдерді басқару жүйесіне және банктердегі ішкі бақылауға талаптар күшейтілетін болады. Ең алдымен банктер өтімділікті жоғалту тәуекелі мониторингіне тәсілдерді елеулі түрде қайта өңдеуі тиіс болады, ал банктердің активтері мен пассивтерін басқару стресті ахуалдардың туындауын ескере отырып үлгіленуі тиіс.
Көрсетілген шаралар банктерге жекеше де, шоғырландырылған негізде де, сондай-ақ банк конгломераты шеңберінде де қолданылатын болады.
Бесіншіден, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жаңа жағдайлардағы жұмыс істеу тетіктері пысықталатын болады.
Зейнетақы қорларының салымшыларының мүдделерін қорғау мақсатында Үкімет халықтың зейнетақы жүйесіндегі жинақтарының сақталуын, жинақтаушы зейнетақы қорларынның салымшылары үшін ашықтықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді, олардың хабардар етілуін және қаржылық сауаттылығын арттырады.
Халықтың зейнетақы қорларына барлық салымдарын мемлекет зейнетақы жинақтарын төлеу сәтіне инфляцияның деңгейінде олар бойынша кірістерді есепке ала отырып кепілдік береді. Үкімет азаматтарға зейнетақы қорларынан тұрақты төлем мониторингін жүзеге асыратын болады және жыл сайын инфляция есебі бойынша зейнетақы жарналары және зейнеткерлікке шыққан сәттегі іс жүзіндегі жинақтар арасындағы айырмашылықтың орнын толтыру үшін республикалық бюджетте жыл сайын қажетті қаражат көзделеді.
Жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық портфельдерін әртараптандыру үшін Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры зейнетақы активтерін басым инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін тарту жөнінде шара қабылдайды, сондай-ақ құрылған Стресті активтер қоры инвестициялық рейтингі бар борыштық бағалы қағаздарды шығаруды қамтамасыз етеді.
Қаржылық қадағалау агенттігі жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық саясатын жетілдіруді, сондай-ақ зейнетақы активтерінің сақталуын және қорлар мен зейнетақы активтерін басқарушылардың жауапкершілігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында олардың қызметін қадағалауды жалғастырады.
ҚР Үкіметінің 2009.17.02. № 180 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2009.14.04. № 516 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2009.14.04. № 519 (бұр.ред.қара); 2009.20.07 № 1101 (бұр.ред.қара); 2009.21.07 № 1108 (бұр.ред.қара); 2009.31.07. № 1163 (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2009.09.10 № 1553 (бұр.ред.қара) Қаулыларымен бөлім өзгертілді