Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі № 593-II Заңы
(2010.21.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2010 жылғы 19 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен бүкіл мәтін бойынша «су тоғандарындағы (учаскелеріндегі)», «су тоғандарында (учаскелерінде)», «су тоғандарын (учаскелерін)», «су тоғандарының (учаскелерінің)», «су тоғандары (учаскелері)», «су тоғандарына (учаскелеріне)» деген сөздер тиісінше «су айдындарындағы және (немесе) учаскелеріндегі», «су айдындарында және (немесе) учаскелерінде», «су айдындарын және (немесе) учаскелерін», «су айдындарының және (немесе) учаскелерінің», «су айдындары және (немесе) учаскелері», «су айдындарына және (немесе) учаскелеріне» деген сөздермен ауыстырылды (бұр.ред.қара)
Осы Заң жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және қазiргi және келешек ұрпақтың мүдделерiн ескере отырып, адамның экологиялық, экономикалық, эстетикалық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру мақсатында жануарлар дүниесiн, оның биологиялық сан алуандығын сақтау, жануарлар дүниесi объектiлерiн орнықты пайдалану шарттарын қамтамасыз етуге бағытталған.
1-тарау. Жалпы ережелер
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) акваөсіру - балық ресурстарының және басқа да су жануарларының жасанды өсімін молайту және өсіру;
2) аншлаг - балық шаруашылығы су айдындары учаскелерінің және (немесе) учаскелердің атаулары мен шекараларын, сондай-ақ балық аулауға тыйым салынған мерзімдер мен орындарды белгілейтін маңдайша жазу;
3) аңшы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аң аулауға құқық алған жеке тұлға;
4) аңшы куәлігі - жеке тұлғаның аң аулау құқығын куәландыратын белгіленген нысандағы құжат;
5) аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қоры - жануарлар дүниесін пайдаланушыларға бекітіліп берілмеген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығының су айдындары және (немесе) учаскелері;
6) аңшылыққа қойылатын ең төменгі талап (бұдан әрі - аңшылық минимумы) - Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасы бойынша арнайы бағдарлама;
7) аңшылық шаруашылығы - аңшылық алқаптарда жануарлар дүниесі объектілерін орнықты пайдалану, жануарлар дүниесінің мекендеу ортасын сақтау, оларды қорғау және өсімін молайту жөніндегі шаруашылық қызметтің түрі;
8) аңшылық шаруашылығы субъектісі - бекітіліп берілген аңшылық алқаптарда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аңшылық шаруашылығын жүргізетін жеке немесе заңды тұлға;
9) аңшылық шаруашылығының санаты - аңшылық шаруашылықтарына шаруашылықаралық аңшылық ұйымдастыру негізінде берілетін, аңшылық шаруашылықтарының аңшылық алқаптары өнімділігінің, күзет және өсімін молайту іс-шаралары сипатының белгілері бойынша сыныптамалық бөліну бірлігі;
10) балық аулау - балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау;
11) балық аулаушы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әуесқойлық (спорттық) балық аулау құқығын алған жеке тұлға;
12) балықтың қырылу қаупі бар су айдыны және (немесе) учаскесі - балық шаруашылығының әлсін-әлсін қырылуға ұшырайтын су айдыны және (немесе) учаскесі;
13) балық өсіру - сирек кездесетін және құрып бара жатқан балық түрлерін сақтау үшін және (немесе) кәсіпкерлік қызмет мақсатында балықтардың өсімін жасанды түрде молайту және өсіру жөніндегі акваөсіру бағыты;
14) балық ресурстары және басқа да су жануарлары - сулы ортада мекендейтін барлық жануарлардың жалпы жиынтығы;
15) балық ресурстарын және басқа да су жануарларын мемлекеттік басқарудың бассейндік принципі (бұдан әрі - бассейндік принцип) - уәкілетті орган әкімшілік-аумақтық бөлінісіне қарамастан қолданатын, балық ресурстарының және басқа да су жануарларының өсімін молайту мен өріс аудару ерекшеліктері ескерілген, балық шаруашылығы су айдындарындағы және (немесе) учаскелеріндегі балық ресурстарын және басқа да су жануарларын басқарудың біртұтас жүйесі;
16) балық шаруашылығы - балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғаумен, өсімін молайтумен, акваөсірумен, балық өсірумен, балық аулаумен, сондай-ақ қайта өңдеумен және өткізумен байланысты шаруашылық қызмет түрі;
17) балық шаруашылығын ұйымдастыру - балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп бергенге дейін жүргізілетін, балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін түгендеу, паспорттандыру жөніндегі іс-шаралар кешені, балық ресурстарын және басқа да су жануарларын алдын ала бағалау, сондай-ақ олардың негізінде балық шаруашылығын жүргізу жоспары, балық ресурстарының және басқа да су жануарларының кәсіпшілік қорының деректеріне жыл сайынғы түзету жасалатын балық-су-мелиорациялық, қорғау және өсімін молайту іс-шараларын әзірлеу;
18) балық шаруашылығы субъектісі -қызметінің негізгі бағыты балық шаруашылығын жүргізу болып табылатын жеке және заңды тұлға;
19) балықтың қырылуы - балық ресурстарының және басқа да су жануарларының су айдынының және (немесе) учаскесінің гидрохимиялық және өзге де режимінің бұзылуынан туындаған жаппай қырылуы;
20) балықшы - бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде өз еңбек міндеттемелеріне қарай балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулауды жүзеге асыратын балық шаруашылығы субъектісінің қызметкері;
21) балықшы куәлігі - жеке тұлғаның балықшы функцияларын жүзеге асыру құқығын куәландыратын, балық шаруашылығы субъектісі беретін белгіленген нысандағы құжат;
22) биологиялық негіздеме - жануарлар дүниесін пайдалануға, балықтардың жалпы жол берілетін аулау мөлшерін анықтауға және жануарлар дүниесінің басқа да объектілерін алып қоюға, сондай-ақ жануарлар дүниесінің объектілері мен олардың мекендеу ортасына ықпал етуге қабілетті шаруашылық және өзге де қызметке арналған ғылыми негізделген қорытынды;
23) биологиялық-экономикалық тексеру - жануарлар дүниесі объектілерін жол берілетін алып қоюды айқындау әрі аңшылық және балық шаруашылықтарын ұтымды жүргізу мақсатында аумақ пен акваторияны биологиялық және экономикалық бағалау;
24) жалпы жол берілетін ауланым - жылдық кәсіпшілік қорынан алып қоюдың ағымдағы жай-күйіне және осы қор үшін қабылданған пайдалану стратегиясына сәйкес келетін оның ғылыми негізделген мөлшері;
25) жануарлар - құрғақта, суда, атмосферада және топырақта табиғи еркіндік жағдайында болатын жабайы жануарлар (сүтқоректілер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, қосмекенділер, балықтар, моллюскалар, жәндіктер және тағы басқалары);
26) жануарлар дүниесі - Қазақстан Республикасының аумағын тұрақты немесе уақытша мекендейтін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құрлықтағы қайраңының және айрықша экономикалық аймағының табиғи ресурстарына жататын жануарлар жиынтығы;
27) жануарлар дүниесі объектілерін алып қою - жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаттың негізінде табиғи еркіндік жағдайында мекендейтін жануарларды мекендеу ортасынан айыру (ұстап алу, аулау, атып алу, жинау, соғып алу);
28) жануарлар дүниесі объектілерін жасанды өсіру - жануарлар дүниесі объектілерін еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстау және өсіру;
29) жануарлар дүниесін қорғау - жануарлар дүниесін, олар мекендейтін ортаны және биологиялық сан алуандықты сақтауға, жануарлар дүниесі объектілерін орнықты пайдалану мен өсімін молайтуға бағытталған қызмет, сондай-ақ жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен оларға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар кешені;
30) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы басшылықты және мемлекеттік саясатты іске асыруды, сондай-ақ өз өкілеттіктері шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
31) жануарлар дүниесін орнықты пайдалану - жануарлар дүниесі объектілерін жануарлар дүниесінің түрлік сан алуандығының таусылуына әкеп соқпайтын және оның өсімін молайту мен қазіргі және келешек ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандыру қабілеті сақталатын тәсілдер арқылы пайдалану;
32) жануарлар дүниесін пайдалану - жануарлар дүниесінің объектілерін, олардың пайдалы қасиеттерін мекендеу ортасынан айырып немесе айырмай-ақ пайдалану;
33) жануарлар дүниесін пайдалануға арналған рұқсат - жеке және заңды тұлғаларға жануарлар дүниесін арнайы пайдалану құқығын беретін белгіленген нысандағы құжат;
34) жануарлар дүниесін пайдаланушылар - осы Заңға сәйкес жануарлар дүниесін пайдалану құқығы берілген жеке және заңды тұлғалар;
35) жануарлар дүниесі ұшырамай қалмайтын зиян - жануарлар дүниесіне немесе оның мекендеу ортасына табиғи-климаттық және антропогендік әсер ету салдарынан пайда болатын факторлардың қолайсыз әсерінен келтірілген және (немесе) келтірілетін, алдын алу шараларымен жойылмайтын қалдықты зиян;
36) жануарлар дүниесінің биологиялық сан алуандығы - жануарлар дүниесі объектілерінің бір түр шеңберіндегі, түрлер арасындағы сан алуандығы және экологиялық жүйелердің сан алуандығы;
37) жануарлар дүниесінің мекендеу ортасы - жануарлар дүниесінің объектілері табиғи еркіндік жағдайында мекендейтін табиғи орта;
38) жануарлар дүниесінің мекендеу ортасын қорғау - табиғи еркіндік жағдайында жануарлар дүниесі объектілерінің орнықты тіршілік ету және өсімін молайту шарттарын сақтауға немесе қалпына келтіруге бағытталған қызмет;
39) жануарлар дүниесі объектісі - жануарлардың дара нұсқасы немесе популяциясы;
40) жануарларды будандастыру - озық шаруашылық пайдалы белгілері немесе қасиеттері бар дара нұсқаларды алу мақсатында жануарлардың алуан түрлерінің немесе тұқымдарының дара нұсқаларын шағылыстыру;
41) жануарларды интродукциялау - жануарлар түрлері дара нұсқаларының ареалдардан (таралу саласынан) тысқары, бұл түрлер бұрын мекендемеген немесе өзінің шаруашылық маңызын жоғалтқан, олар үшін жаңа орындарға әдейі тарату немесе олардың кездейсоқ таралуы;
42) жерсіндіру - жануарлар дүниесі объектілерін олар бұрын мекендемеген немесе өзінің маңызын жоғалтқан мекендеу орындарындағы тіршілік ету жағдайларына бейімдеу;
43) жолдама - бекітіліп берілген аңшылық алқаптарға немесе балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелеріне жануарлар дүниесі объектілерін алу мақсатында бару үшін жеке тұлғаға берілетін құжат;
44) зоологиялық коллекция - жануарлар дүниесі объектілері тұлыптарының, жұмыртқаларының, криоконсервіленген жыныс клеткаларының, препараттары мен бөліктерінің, оның ішінде жабайы жануарлар зоопарктерінің, зообақтардың, цирктердің, зоологиялық питомниктердің, аквариумдердің, океанариумдердің ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу-тәрбиелік және эстетикалық құндылығы бар жинағы;
45) ихтиофауна - қандай да бір су айдынындағы немесе оның бөлігіндегі балықтар және дөңгелекауыздылар түрлерінің жиынтығы;
46) кәсіпшілік қоры - өз бетінше кәсіпшілік маңызы бар популяция немесе уақыт жағынан орнықты оның кеңістіктегі оқшауланған бөлігі;
47) кездейсоқ ауланым - рұқсаттамаларда көрсетілмеген балықтар мен басқа да су жануарлары түрлерінің дара нұсқалары және (немесе) белгіленген кәсіпшілік мөлшерден кішірек балық түсетін ауланымның бір бөлігі;
48) криоконсервіленген жыныс клеткалары - жануарлардың жыныс клеткаларының (гаметаларының), эмбриондары мен әртүрлі тіндерінің оларды одан әрі ұрпақ алу, геномдар бөлу мақсатында немесе басқа да ғылыми-зерттеулер үшін пайдалану мүмкіндігін беретін төмен температуралы жағдайда және өзге де консервациялау нысанында тұрған үлгілері;
49) қорықшы - бекітіліп берілген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде жануарлар дүниесін қорғауды жүзеге асыратын қорықшылық қызмет қызметкері;
50) қорықшы куәлігі - жеке тұлғаның қорықшы қызметі қызметкерінің функцияларын жүзеге асыру құқығын куәландыратын белгіленген нысандағы құжат;
51) қорықшылық қызмет - бекітіліп берілген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде жануарлар дүниесін қорғау функцияларын жүзеге асыратын аңшылық және балық шаруашылығы субъектілерінің құрылымдық бөлімшесі;
52) өзен (теңіз, көл) бассейні - су айрықтарымен шектелген, олардан су өзенге (теңізге, көлге) ағып келетін жерүсті бетінің және топырақтың қалың қабатының бөлігі;
53) паспорттандыру - аңшылық алқаптары мен балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің шекараларын, алаңдарын, жай-күйін, жануарлар дүниесінің түр құрамын, ластану көздерін және өзге де сипаттамасын айқындауға мүмкіндік беретін олардың есебі;
54) рекреациалық балық аулау аймағы - әуесқойлық (спорттық) балық аулауды жүзеге асыру үшін белгіленген тәртіппен уәкілетті орган айқындайтын балық шаруашылығы су айдыны және (немесе) учаскесінің және оған іргелес жағалау белдеуінің учаскесі;
55) сервитут - аңшылық және балық шаруашылығының қажеттері үшін бөгде біреудің жер учаскесі мен су объектісін, оның ішінде бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдынын және (немесе) учаскесін шектеулі түрде мақсатты пайдалану құқығы;
56) су айдындарына балық жіберу - өз өсімін өзі молайтатын популяцияларды жасау, сирек кездесетін және құрып бара жатқан балықтардың түрлерін сақтау және (немесе) тауарлы өнім алу мақсатында су айдындарына және (немесе) учаскелеріне балық өсіру материалы мен балықтарды жіберу;
57) су объектілерін балық шаруашылық мелиорациялау - су айдындарының балық өнімділігін сақтауға және арттыруға, балық ресурстарының және басқа да су жануарларының мекендеу және көбею жағдайларын жақсартуға бағытталған іс-шаралар кешені;
58) сүзу - жағалау аймағында, сол сияқты ашық су кеңістігінде де балық аулау мақсатында сүзетін аулау құралдарымен (жылымдармен) су айдындары акваториясының белгілі бір бөлігін сүзу жолымен жүзеге асырылатын кешенді процесс;
59) ұйық (ұйықтық учаске) - кәсіпшілік балық аулау мұқтажына арналып, бейімделген су айдынының және оған іргелес жағалау белдеуінің шектеулі су акваториясы бар өзен және өзге де ағынды су айдыны учаскесі;
60) шаруашылықаралық аңшылықты ұйымдастыру - аңшылық алқаптарын бекітіп беруге дейін жүргізілетін жануарлар дүниесі мен олар мекендейтін ортаның шекараларын белгілеу, алаңын есептеу, жай-күйін анықтау;
61) шаруашылықішілік аңшылықты ұйымдастыру - аңшылық алқаптарын түгендеу, сапасын бағалау, табиғи және экономикалық жағдайларын зерттеу, жануарларды есепке алу, олардың негізінде аңшылық шаруашылығын жүргізу жоспары әзірленетін биотехникалық және пайдалану іс-шараларын жобалау жөніндегі іс-шаралар жиынтығы.
2-бап. Қазақстан Республикасының жануарлар
дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласындағы заңдары
1. Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Жануарлар дүниесiнiң санаттары
1. Жануарлар дүниесi мақсатты пайдалану жағынан мынадай санаттарға бөлiнедi:
1) жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi;
2) жануарлардың аң аулау объектiлерi болып табылатын түрлерi;
3) жануарлардың балық аулау объектiлерi болып табылатын түрлерi;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) жануарлардың өзге де шаруашылық мақсаттарда (аң аулау мен балық аулаудан басқа) пайдаланылатын түрлерi;
5) жануарлардың шаруашылық мақсаттарда пайдаланылмайтын, бiрақ экологиялық, мәдени және өзге де құндылығы бар түрлерi;
6) жануарлардың халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларын аурудан алдын ала қорғау, қоршаған ортаға зиян келтiрiлуiн болдырмау, ауыл шаруашылығы қызметiне айтарлықтай зиян келтiру қаупiнiң алдын алу мақсатында саны реттелуге тиiс түрлерi.
2. Жануарлардың түрлерiн санаттарға бөлу және оларды бiр санаттан басқасына ауыстыру жануарлар дүниесiнiң түрлiк сан алуандығын сақтау, оларды қорғау, өсiмiн молайту және орнықты пайдалану мақсатында жүргiзiледi.
4-бап. Жануарлар дүниесiне және жануарлар дүниесi
объектiлерiне меншiк
1. Жануарлар дүниесi мемлекеттік меншiкте болады.
2. Мекендейтiн ортадан осы Заңда белгiленген тәртiппен алынған, сондай-ақ ерiксiз және (немесе) жартылай ерiктi жағдайларда өсiрiлiп, ұсталатын жануарлар дүниесiнiң объектiлерi оларды аулаған, өсiретiн және ұстайтын жеке және заңды тұлғалардың меншiгi болып табылады.
5-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласындағы қатынастар субъектiлерi
Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік органдар жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қатынастар субъектiлерi болып табылады.
2-тарау. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану
саласын мемлекеттік басқару
6-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
пайдалану саласын мемлекеттік басқарудың
негiзгi принциптерi
Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласын мемлекеттік басқарудың негiзгi принциптерi:
1) жануарлар дүниесiнiң қорғалуын, өсiмiн молайтуды және орнықты пайдаланылуын қамтамасыз ету;
2) жануарлар дүниесiн iзгiлiк принциптерiне сәйкес жануарларға қатал қарауға жол бермейтiн тәсiлдермен пайдалану;
3) жануарлар дүниесiнiң пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қызметтiң жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалану жөніндегі қызметпен қоса атқарылуына жол бермеу;
4) жануарлар дүниесiн пайдалану құқығын жердi, суларды, өсiмдiк дүниесiн және басқа табиғи ресурстарды пайдалану құқығынан бөлу;
5) жануарлар дүниесiн арнайы пайдаланудың ақылы болуы;
6) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiктен бұлтартпау;
7) азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердiң жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау, өсiмiн молайту және орнықты пайдалану саласындағы мiндеттердi шешуге қатысуы болып табылады.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 6-1-баппен толықтырылды
6-1-бап. Жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және
орнықты пайдалануды қамтамасыз ету жүйесі
Жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пайдалануды қамтамасыз ету жүйесіне:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) уәкілетті орган;
3) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және орнықты пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар;
4) жергілікті мемлекеттік басқару органдары;
5) жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік мекемелер;
6) жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорындар;
7) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және орнықты пайдалану саласындағы ғылыми ұйымдар;
8) аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілері кіреді.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 6-2-баппен толықтырылды
6-2-бап. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және
пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару органдары
Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару органдарына Қазақстан Республикасының Үкіметі, оның аумақтық бөлімшелері бар ведомстволарын қоса алғанда, уәкілетті орган жатады.
7-бап. Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын
қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану
саласындағы мемлекеттік басқарудың
ерекшелiктерi
Балық ресурстарының және басқа су жануарларының пайдаланылуын мемлекеттік есепке алу, кадастры, мониторингi және бақылау, сондай-ақ олардың зерттелуi, қорғалуы мен өсiмiн молайту мемлекеттік басқарудың бiртұтас жүйесiн құрайды және балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде бассейндiк принцип бойынша жүзеге асырылады.
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жануарлар
дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану
саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және iске асырылуын қамтамасыз етедi;
2) жануарлар дүниесiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырады;
3) уәкiлеттi органның және жергiлiктi атқарушы органдардың жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерi жөніндегі қызметiне басшылық жасауды жүзеге асырады;
4) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды әзiрлейдi;
5) уәкiлеттi органды белгiлейдi;
6) Құрып кету қаупi төнген жабайы фауна мен флора түрлерiмен халықаралық сауда туралы конвенция бойынша мiндеттемелердiң орындалуын ұйымдастыру үшiн әкiмшiлiк органды (бұдан әрi - әкiмшiлiк орган) белгiлейдi;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен бап 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) тірі күйінде бекіре тұқымдас балықтарды, олардың ұрықтандырылған уылдырығын (будандастырылған түрлерін қоспағанда) Қазақстан Республикасынан тысқары шығару туралы шешім қабылдайды;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен бап 6-2) тармақшамен толықтырылды
6-2) сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлардың түрлерін алып қою туралы шешім қабылдайды;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен бап 6-3) тармақшамен толықтырылды
6-3) уәкілетті органның ұсынымы бойынша сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлардың түрлерін интродукциялау мен будандастыру туралы шешім қабылдайды;
7) жануарлар дүниесi объектiлерiн алып қоюға арналған лимиттердi бекiтедi;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен бап 7-1) тармақшамен толықтырылды
7-1) жануарлар дүниесі объектілерін алып қоюға арналған квотаны бөлу тәртібін белгілейді;
8) халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тiзбесiн бекiтедi;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен бап 8-1) тармақшамен толықтырылды
8-1) су айдындарын халықаралық және республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға жатқызу тәртібін бекітеді;
9) аң аулау, балық аулау ережелерiн бекiтедi;
10) аңшылық шаруашылығын жүргiзу ережелерiн және балық шаруашылығын жүргiзу ережелерiн бекiтедi;
11) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұзудан келтiрiлген зиянды өтеу мөлшерiн бекiтедi;
12) Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы туралы ереженi бекiтедi;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiнiң тiзбесiн бекiтедi және оларды басқа санаттарға ауыстырады;
14) 2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен бап 14-1) тармақшамен толықтырылды
14-1) табиғи мекендеу ортасынан алып қойылған бекіре тұқымдас балықтарды және олардың уылдырығын сатып алуға төлемақы белгілейді, оның мөлшері балық шаруашылығы субъектілерінің мүдделері ескеріле отырып анықталады;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен бап 14-2) тармақшамен толықтырылды
14-2) табиғи мекендеу ортасынан алып қойылған бекіре тұқымдас балықтарды және олардың уылдырығын мемлекеттік монополия субъектісі болып табылатын мемлекеттік кәсіпорынның өткізу тәртібін айқындайды;
15) жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат беру ережелерiн бекiтедi;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен бап 15-1) тармақшамен толықтырылды
15-1) жануарларды интродукциялау мен будандастыруды жүргізуге, сондай-ақ жаңадан жерсіндірілген жануарларды алып қоюға рұқсаттар беру тәртібін бекітеді;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен бап 15-2) тармақшамен толықтырылды
15-2) жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау туралы ережені бекітеді;
16) жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгiлеу ережелерiн бекiтедi;
17) 2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 17-1) тармақшамен толықтырылды
17-1) еріксіз немесе жартылай ерікті жағдайларда өсетін жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін халықаралық саудалауға шектеулер енгізеді;