10. Бiр тарап өкiлiнiң екiншi тараппен зұлымдық ниетте келiсуi нәтижесiнде жасалған мәмiленi сот жәбiрленушi тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Жәбiрленушi тарап шеккен залалды жәрдем беру тәртібімен өтеу (осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы) терiс пиғылды өкiлге жүктелуi мүмкiн.
11. Заңды тұлғаның осы Кодексте, өзге де заң актілерінде немесе құрылтай құжаттарында нақты шектелген қызмет мақсаттарына қайшы келетiн етiп жасаған, не оның органының жарғылық құзыретiн бұза отырып жасаған мәмiлесi, егер мәмiледегi басқа тараптың мұндай жолсыздықтар туралы бiлгенi немесе күнiлгерi бiлуге тиiс болғаны дәлелденсе, заңды тұлғаның немесе оның құрылтайшысының (қатысушысының) мүлiк иесiнiң қуынымы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
12. Осы баптың 3, 5-тармақтарында көзделген мәмiлелер жас балалардың немесе әрекет қабiлеттiлiгi жоқ адамдардың ата-анасының, асырап алушыларының немесе қорғаншыларының талабы бойынша, егер олар аталған адамдардың пайдасына жасалған болса, сот шешiмiмен жарамды деп танылуы мүмкiн.
160-бап. Жалған немесе қулықпен жасалған мәмiлелер
1. Заңдық салдар туғызу ниетiн көздемей, тек көз алдау үшiн ғана жасалған жалған мәмiле жарамсыз болады.
2. Егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылады.
161-бап. Мәмiленiң бiр бөлiгi жарамсыздығының салдары
Егер мәмiленi оның жарамсыз бөлiгiн енгiзбей-ақ жасауға болар едi деп ойлау мүмкiн болса, мәмiленiң бiр бөлiгiнiң жарамсыздығы оның басқа бөлiктерiнiң жарамсыз болуына әкелiп соқтырмайды.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 162-баптың 1-тармағы алып тасталды
162-бап. Жарамсыз мәмiлелер бойынша талап қою мерзiмдерi
1. алынып тасталды
2. Осы Кодекстiң 159-бабының 9 және 10-тармақтарында көзделген негiздер бойынша мәмiленiң жарамсыздығына байланысты даулар бойынша талап қою мерзiмi қорлық немесе қорқыту ықпалымен мәмiле жасалып, сол зорлық немесе қорқыту тоқтатылған күннен бастап не талап қоюшы мәмiленi жарамсыз деп тануға негiз болып табылатын өзге де мән-жайларды бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап бiр жыл болады.
5-тарау. Өкілдік және сенімхат
163-бап. Өкiлдiк
1. Басқа адамның (өкiлдiк берушiнiң) атынан бiр адамның (өкiлдiң) сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлеттiгi күшiмен жасаған мәмiлесi өкiлдiк берушiнiң азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн тiкелей туғызады, өзгертедi және тоқтатады.
Өкiлеттiк өкiлдiң (бөлшек сауда жүйесіндегі сатушы, кассир және т.б.) әрекет жасаған жағдайынан да көрiнуi мүмкiн.
2. Өкiл жасаған мәмiле бойынша тiкелей өкiлдiк берушiде құқықтар мен мiндеттер пайда болады.
3. Өкiл жеке өзiне қатысты да, сонымен бiрге өзi өкiлi болып табылатын басқа адамға қатысты да өкiлдiк берушiнiң атынан мәмiлелер жасай алмайды.
4. Басқалардың мүдделерi үшiн болса да өз атынан әрекет ететiн адамдар (коммерциялық делдалдар, мұрагерлiк кезiнде өсиеттi орындау тапсырылған адамдар және т.б.), сондай-ақ болашақта жасалуы мүмкiн мәмiлелерге қатысты келiссөз жүргiзуге уәкiлдiк берiлген адамдар өкiлдер болмайды.
5. Сипаты жөнiнен тек жеке өзi ғана жасауға болатын мәмiленi, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген реттердегi басқа да мәмiлелердi өкiл арқылы жасауға жол берiлмейдi.
164-бап. Әрекет қабiлеттiгi жоқ адамдар үшiн өкiлдiк
Әрекет қабiлеттiгi жоқ азаматтардың атынан мәмiлелердi олардың заңды өкiлдерi - ата-анасы (асырап алушылары) мен қорғаншылары жасайды.
165-бап. Өкiлеттiгi жоқ өкiлдiк
Мәмiле жасауға уәкiлдiк берiлмеген адамның басқа адам атынан немесе өкiлеттiгiн асыра пайдаланып жасаған мәмiлесi өкiлдiк берушi осы мәмiленi кейiннен мақұлдаған ретте ғана ол үшiн азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туғызады, өзгертедi және тоқтатады.
Өкiлдiк берушiнiң кейiннен мақұлдауы мәмiленi оның жасалған кезiнен бастап жарамды етедi.
166-бап. Коммерциялық өкiлдiк
1. Кәсiпкерлер шарт жасасқан кезде олардың атынан үнемi және дербес өкiлдiк етушi адам (коммерциялық өкiл) өкiлдiң өкiлеттiгi көрсетiлетiн жазбаша шарт негiзiнде, ал ол көрсетiлмеген жағдайда сенiмхат негiзiнде де әрекет жасайды.
2. Коммерциялық өкiл сонымен бiр мезгiлде өзiнiң қатысуымен жасалатын шарттың түрлi тараптарының мүдделерiн бiлдiре алады. Бұл орайда ол өзiне берiлген тапсырмаларды кәдiмгi кәсiпкердiң ыждағаттылығымен орындауға мiндеттi.
3. Коммерциялық өкiл келісілген сыйақыны және өзi тапсырмаларды орындаған кезде жұмсаған шығындарын, егер өздерiнiң арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, шарт тараптарынан тең мөлшерде төлеудi талап етуге құқылы.
4. Коммерциялық өкiл өзiне белгiлi болған сауда мәмiлелерi туралы мәлiметтердi өзiне берiлген тапсырманы орындағаннан кейiн де құпия сақтауға мiндеттi.
5. Кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген салаларындағы коммерциялық өкiлдiктiң ерекшелiктерi заңмен белгiленедi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) 167-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
167-бап. Сенімхат
1. Бiр адамның (сенiм бiлдiрушiнiң) өз атынан өкiлдiк ету үшiн екiншi адамға (сенiм бiлдiрген) берген жазбаша уәкiлдiгi сенiмхат деп танылады.
2. Мүлiкке билiк жасауға және нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiлелер жасауға берiлетiн сенiмхатты, егер заң құжаттарында өзгеше белгiленбесе, нотариат куәландыруға тиiс.
3. Нотариат куәландырған сенiмхаттарға:
1) госпитальдарда, санаторийлер мен басқа әскери-емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан әскери қызметшiлердiң және өзге де адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлер мен басқа әскери-емдеу мекемелерiнiң бастықтары, медицина бөлiмi жөніндегі орынбасарлары, аға және кезекшi дәрiгерлерi куәландырған сенiмхаттар;
2) мемлекеттік нотариалдық кеңселер мен басқа да нотариалдық әрекет жасайтын органдары жоқ әскери бөлiмдер, құрамалар, мекемелер және әскери-оқу орындары орналасқан мекендердегi осы бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң, оқу орындарының командирлерi (бастықтары) куәландырған әскери қызметшiлердiң сенiмхаттары, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшiлердiң, олардың отбасы мүшелерi мен әскери қызметшiлер отбасы мүшелерiнiң сенiмхаттары;
3) бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған сенiмхаттары;
4) халықты әлеуметтiк қорғау мекемелеріндегі кәмелетке толған әрекет қабiлеттiгi бар азаматтардың осы мекеменiң немесе тиiстi халықты әлеуметтiк қорғау органдарының басшысы куәландырған сенiмхаттары теңестiрiледi.
4. Хат-хабар, соның iшiнде ақша және сәлемдеме алуға, жалақы және азаматтар мен заңды тұлғалардан өзге де төлемдер алуға сенiмхатты сенiм бiлдiрушi тұратын қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімі аппараты, ол жұмыс iстейтiн немесе оқитын ұйым, тұрғылықты жерi бойынша тұрғын үй пайдалану ұйымы, ол емделiп жатқан тұрақты емдеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi, сондай-ақ әскери қызметшiлерге сенiмхат берiлгенде тиiстi әскери бөлiмдердiң командованиесi куәландыруы мүмкiн. Құжат жiберудi байланыс қызметкерi жүзеге асырған кезде телеграф арқылы, сондай-ақ байланыстың басқа да түрлерi арқылы жiберiлетiн сенiмхатты байланыс органдары куәландырады.
5. Үшiншi жақтар сенiм бiлдiрiлген адамға сенiм бiлдiрушi факсимилелiк және өзге де байланыстар бойынша, ресми байланыс органдарының қатысуынсыз жолдаған өздерiне қатысты әрекеттер жасау үшiн берiлген сенiмхатты түпнұсқа деп санауға құқылы.
6. Заңды тұлға атынан сенiмхат оның басшысы немесе бұған оның құрылтай құжаттарымен уәкiлдiк берiлген өзге де адамның қолы қойылып берiледi және сол ұйымның мөрiмен бекітіледi.
7. Ақша және басқа бағалы мүлiктi алуға немесе беруге мемлекеттік органның, коммерциялық ұйым мен коммерциялық емес ұйымның атынан берiлетiн сенiмхатқа сол ұйымның бас (аға) бухгалтерi де қол қоюға тиiс.
8. Банкiде операциялар жасауға берiлетiн сенiмхатты және сауда саласында мәмiле жасауға берiлетiн сенiмхатты беру тәртібі мен нысаны арнайы ережелермен белгiленуi мүмкiн.
168-бап. Сенімхат мерзiмi
1. Сенімхат үш жылдан аспайтын мерзiмге берiлуi мүмкiн. Егер сенiмхатта неғұрлым ұзақ мерзiм көрсетiлсе, ол үш жыл бойы, ал егер қолдану мерзiмi көрсетiлмесе, берiлген күннен бастап бiр жыл бойы жарамды болады.
2. Берiлген күнi көрсетiлмеген сенiмхат жарамсыз болады.
169-бап. Сенім ауысуы
1. Сенім бiлдiрiлген адам өзiне уәкiлдiк берiлген әрекеттi өзi жасауға тиiс. Алған сенiмхат бойынша сенiм ауыстыруға уәкiлдiк берiлген не сенiм бiлдiрушiнiң мүдделерiн қорғауға мәжбүр болған ретте ғана ол осы әрекеттердi жасау сенiмiн басқа адамға аудара алады.
2. Сенім бiлдiрiлген адамның өз өкiлеттiгiн басқа адамға беруi жөніндегі сенiмхатты, осы Кодекстiң 167-бабының 4-тармағында көзделгеннен басқа реттерде, нотариат куәландыруға тиiс.
3. Сенім ауыстыру жөнiнде берiлген сенiмхаттың қолданылу мерзiмi ол негiзге алынып берiлген алғашқы сенiмхаттың қолданылу мерзiмiнен аспауы керек.
4. Өз өкiлеттiгiн басқа бiреуге берген сенiм бiлдiрiлген адам бұл жөнiнде сенiм бiлдiрушiнi дереу хабардар етуге және оған әлгi адам туралы, оның тұрғылықты жерi туралы қажеттi мәлiметтердi хабарлауға тиiс. Бұл мiндеттiң орындалмауынан, сенiм бiлдiрiлген адамға нақ өз әрекеттерi үшiн жауапкершiлiк жүктелетiнi сияқты, өз өкiлеттiгiн берген адамның әрекеттерi үшiн де жауапкершiлiк жүктеледi.
170-бап. Сенімхаттың тоқтатылуы
1. Сенімхаттың қолданылуы:
1) сенiмхат мерзiмiнiң өтуi;
2) сенiмхатта көзделген әрекеттердiң жүзеге асуы;
3) сенiмхатты берушi адамның оның күшiн жоюы;
4) сенiмхат берiлген адамның одан бас тартуы;
5) өз атынан сенiмхат берген заңды тұлғаның тоқтатылуы;
6) атына сенiмхат берiлген заңды тұлғаның таратылуы;
7) сенiмхат берген адамның қайтыс болуы, оның әрекет қабiлеттiгi жоқ, әрекет қабiлеттiгi шектеулi немесе хабар-ошарсыз кеттi деп танылуы;
8) сенiмхат берiлген азаматтың қайтыс болуы, оның әрекет қабiлеттiгi жоқ, әрекет қабiлеттiгi шектеулi немесе хабар-ошарсыз кеттi деп танылуы салдарынан тоқтатылады.
2. Сенімхатты берген адам сенiмхаттың немесе сенiм ауысуының күшiн кез келген уақытта жоя алады, ал сенiмхат берiлген адам одан бас тарта алады. Бұл құқықтан бас тарту туралы келісім жарамсыз болады.
171-бап. Сенімхаттың тоқтатылу салдары
1. Сенімхат берушi сенiмхаттың күшiн жойғандығы туралы (осы Кодекстiң 170-бабы) сенiмхат берiлген адамға, сондай-ақ сенiмхат берiлгендердiң алдында өкiлдiк ету үшiн өзiне белгiлi үшiншi жаққа хабарлауға мiндеттi. Сенімхат осы Кодекстiң 170-бабының 5 және 7-тармақтарында көрсетiлген негiздерге сүйенiп тоқтатылған реттерде дәл сондай мiндет сенiмхат берушi адамның құқықты мирасқорларына да жүктеледi.
2. Сенімхат берiлген адамға сенiмхаттың тоқтатылғанын бiлгенге дейiн немесе бiлуге тиiс болған кезге дейiн оның жасаған әрекеттерi нәтижесiнде пайда болған құқықтар мен мiндеттер сенiмхатты берген адам және оның құқықты мирасқорлары үшiн үшiншi жақтарға қатысты күшiн сақтайды. Егер үшiншi жақ сенiмхаттың тоқтатылғанын бiлсе немесе бiлуге тиiс болса бұл ереже қолданылмайды.
3. Сенімхат берiлген адам немесе оның құқықты мирасқоры сенiмхат тоқтатылысымен оны дереу қайтаруға тиiс.
4. Сенімхаттың тоқтатылуына байланысты осы сенiмхат бойынша басқа адамға өкiлеттiк беру де (сенiм ауысуы) күшiн жояды.
6-тарау. Мерзімдерді есептеу
172-бап. Мерзiм белгiлеу
1. Заңдармен, мәмiлемен белгiленген не сот тағайындайтын мерзiм күнтiзбелiк күнмен немесе сөзсiз болуға тиiстi оқиға көрсетiлiп белгiленедi.
2. Мерзiм жылдармен, айлармен, апталармен, күндермен немесе сағаттармен есептелетiн уақыт кезеңi ретiнде де белгiленуi мүмкiн.
173-бап. Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң басталуы
Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң өтуi күнтiзбелiк күннен немесе мерзiмнiң басталуы белгiленген оқиға болғаннан кейiнгi келесi күннен басталады.
174-бап. Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң аяқталуы
1. Жылдармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы жылының тиiстi айы мен күнiнде бiтедi.
Жарты жылмен есептелетiн мерзiмге айлармен есептелетiн мерзiмнiң ережелерi қолданылады.
2. Жыл тоқсандарымен есептелетiн мерзiмге айлармен есептелетiн мерзiмнiң ережелерi қолданылады. Бұл орайда бiр тоқсан үш айға тең деп есептеледi, ал тоқсандарды есептеу жыл басынан бастап жүргiзiледi.
3. Айлармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы айының тиiстi күнiнде бiтедi.
Жарты аймен белгiленетiн мерзiм күндермен есептелетiн мерзiм ретiнде қаралады да, он бес күнге тең болып есептеледi.
Егер айлармен есептелетiн мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, мерзiм сол айдың соңғы күнiнде бiтедi.
4. Апталармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы аптасының тиiстi күнiнде бiтедi.
175-бап. Мерзiмнiң жұмыс iстемейтiн күнде аяқталуы
Егер мерзiмнiң соңғы күнi жұмыс iстемейтiн күнге тура келсе содан кейiнгi ең таяу жұмыс күнi мерзiмнiң аяқталған күнi болып саналады.
176-бап. Мерзiмнiң соңғы күнiнде әрекет жасау тәртібі
1. Егер мерзiм қандай да бiр әрекет жасауға белгiленген болса, ол әрекет мерзiмнiң соңғы күніндегі сағат жиырма төртке дейiн орындалуы мүмкiн.
Алайда, егер бұл әрекет ұйымда жасалуға тиiс болса, онда мерзiм осы ұйымда белгiленген ережелер бойынша тиiстi операциялар тоқтатылған сағатта бiтедi.
2. Мерзiмнiң соңғы күніндегі сағат жиырма төртке дейiн почтаға, телеграфқа немесе өзге де байланыс мекемесiне тапсырылған жазбаша мәлiмдемелер мен хабарламалар мерзiмiнде жасалған болып саналады.
7-тарау. Талап мерзімі
177-бап. Талап қою ұғымы
1. Талаптың ескiруi - адам құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденiң бұзылуынан туындайтын талаптың қанағаттандырылуы мүмкiн болатын уақыт кезеңi.
2. Талап қою мерзiмдерi және оларды есептеу тәртібі заңмен көзделедi және оларды тараптардың келiсуiмен өзгертуге болмайды.
178-бап. Талап қою мерзiмдерi
1. Талап қоюдың жалпы мерзiмi үш жыл болып белгiленедi.
2. Талаптардың жекелеген түрлерi үшiн заң құжаттарымен талап қоюдың жалпы мерзiммен салыстырғанда қысқартылған немесе неғұрлым ұзақ арнаулы мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн.
3. Осы Кодекстiң 177, 179-186-баптарының ережелерi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, талап қоюдың арнаулы мерзiмдерiне де қолданылады.
179-бап. Талап қоюдың қолданылуы
1. Талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуiне қарамастан бұзылған құқықты қорғау туралы талапты сот өз қарауына алады.
2. Талап мерзiмiн сот шешiм шығарғанға дейiн дауда тарап жасаған мәлiмдеме бойынша ғана сот қолданады.
3. Талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.
Басты талап бойынша талап қою мерзiмiнiң бiтуiне байланысты қосымша талаптар (айыптарды өндiрiп алу, кепiлдiк берушiнiң жауапкершiлiгi және т.б. туралы) бойынша да талап қою мерзiмi бiтедi.
180-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуi
1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Оларды бұл ережеден айыру осы Кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгiленедi.
2. Белгiленген орындау мерзiмiне байланысты мiндеттемелер бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi орындалу мерзiмi аяқталғаннан кейiн басталады.
3. Орындалу мерзiмi белгiленбеген не талап ету кезiмен белгiленген мiндеттемелер бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi мiндеттеменi орындау туралы талап қойылған кезден басталады, ал егер борышқорға сондай талаптарды орындау үшiн жеңiлдiк мерзiмi берiлсе, талап мерзiмiн есептеу аталған мерзiм аяқталғаннан кейiн басталады (осы Кодекстiң 277-бабының 2-тармағы).
4. Регрестiк мiндеттемелер бойынша талап мерзiмiнiң өтуi негiзгi мiндеттеменi орындау кезiнен басталады.
181-бап. Мiндеттемедегi адамдар өзгерген кездегi талап қою мерзiмi
Мiндеттемедегi адамдардың өзгеруi талап қою мерзiмi мен оны есептеу тәртібін өзгертуге әкелiп соқтырмайды.
ҚР 19.06.97 ж. № 134-I Заңымен 182-бап өзгертiлдi
182-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуiн тоқтата тұру
1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi:
1) егер талап қоюға төтенше және бұл жағдайда болмай қоймайтын оқиға (бой бермейтiн күш) кедергi жасаса;
2) мiндеттемелердiң бұл түрiн орындау Қазақстан Республикасы Президентінің жариялауымен кейiнге қалдырылуына байланысты (мораторий):
3) егер талапкер немесе жауапкер соғыс жағдайына көшiрiлген әскери бөлiмшелер құрамында болса;
4) егер әрекет қабiлеттiгi жоқ адамның заңды өкiлi болмаса;
5) тиiстi қатынасты реттейтiн заңдардың қолданылуын тоқтатуға байланысты тоқтатыла тұрады.
Азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптар бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi азаматтың зейнетақы төлемдерiн тағайындау және/немесе жүзеге асыру туралы немесе жәрдемақы тағайындау туралы тиiстi ұйымдарға жолдануына байланысты зейнетақы төлемдерi тағайындалғанға және/немесе жүзеге асырылғанға немесе жәрдемақы тағайындалғанға не зейнетақы төлемдерiн тағайындаудан және/немесе жүзеге асырудан немесе жәрдемақы тағайындаудан бас тартылғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
2. Талап қою мерзiмiнiң өтуi, егер осы бапта көрсетiлген мән-жайлар талап мерзiмiнiң соңғы алты айы iшiнде пайда болса немесе бұрынғысынша қала берсе тоқтатыла тұрады, ал егер бұл мерзiм алты айдан аспаса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде тоқтатыла тұрады.
3. Тоқтата тұруға әкелiп соқтырған мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап талап қою мерзiмiнiң өтуi одан әрi жалғасады. Бұл орайда мерзiмнiң қалған бөлiгi алты айға дейiн, ал егер талап қою мерзiмi алты айдан аспаса - талап мерзiмiне дейiн ұзартылады.
183-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуіндегі үзiлiс
1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi белгiленген тәртiппен талап қою, сондай-ақ мiндеткер адамның борышты немесе өзге мiндеттердi мойындағандығын дәлелдейтiн әрекеттер жасауы арқылы үзiледi.
2. Үзiлiстен кейiн талап қою мерзiмiнiң өтуi қайтадан басталады; үзiлiске дейiн өткен уақыт жаңа мерзiмге есептелмейдi.
184-бап. Талапты қараусыз қалдырған ретте талап қою мерзiмiнiң өтуi
1. Егер талапты сот қараусыз қалдырса, талап қойылғанға дейiн басталған талап қою мерзiмi жалпы тәртiппен одан әрi жалғаса бередi.
2. Егер сот қылмыстық iсте қойылған талапты қараусыз қалдырса, талап қоюға дейiн басталған талап қою мерзiмiнiң өтуi талапты қараусыз қалдырған үкiм заңды күшiне енгiзiлгенге дейiн тоқтатыла тұрады. Мерзiмi тоқтатыла тұрған кездегi уақыт талап қою мерзiмiне есептелмейдi. Бұл орайда, егер мерзiмнiң қалған бөлiгi алты айдан аз болса, ол алты айға дейiн ұзартылады.
185-бап. Талап қою мерзiмiн қалпына келтiру
1. Ерекше жағдайларда, талапкердiң жеке басына байланысты мән-жайлар (ауыр науқас, дәрменсiз халде болу, сауатсыздық және т.б.) бойынша талап қою мерзiмi өтiп кетуiнiң себебiн сот орынды деп таныған кезде, азаматтың бұзылған құқығы қорғалуға тиiс. Талап қою мерзiмiнiң өтiп кету себептерi орынды болып, егер ол талап мерзiмiнiң соңғы алты ай iшiнде орын алған болса, ал егер бұл мерзiм алты айға тең немесе алты айдан аз болса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде танылады.
2. Белгiлi бiр iс бойынша сот шешiмiн орындаудан бас тартылуына байланысты заң құжаттарына сәйкес талапкердiң тап сол iс бойынша жаңа талап қою құқығы пайда болған ретте талап қою мерзiмi қалпына келтiрiледi және қайтадан өте бастайды.
186-бап. Талап қою мерзiмi бiткеннен кейiн мiндеттердi атқару
Талап қою мерзiмi бiткеннен кейiн мiндетiн атқарған борышқордың немесе өзге мiндеттi адамның тiптi сол мiндеттi атқарған кезiнде талап мерзiмiнiң өтiп кеткенiн бiлмесе де, аталған адамның өзi атқарған нәрсесiн қайтаруды талап етуге құқығы жоқ.
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 187-бап өзгертiлдi
187-бап. Талап қою қолданылмайтын талаптар
Талап қою:
1) заң құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде материалдық емес игiлiктер мен мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау туралы талаптарға;
2) салымшылардың банкiге банктiк салымдарды беру туралы талаптарына;
3) азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптарға қолданылмайды. Алайда, талап қою мерзiмi өтiп кеткеннен кейiн қойылған талаптар талап қойыла бастаған соң үш жылдан асырмай қанағаттандырылады;
4) егер меншiк иесiнiң немесе өзге заң иеленушiнiң өз құқығының кез келген бұзылуы иелiктен айыруға байланысты болмаса (осы Кодекстiң 264, 265-баптары), олардың осы құқық бұзушылықты жою туралы талабына;
5) заң құжаттарында белгiленген реттерде басқа талаптарға да қолданылмайды.
2 бөлім. Меншік құқығы және
өзге де заттық құқықтар
8-тарау. Меншік құқығы.
Жалпы ережелер
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 188-бап өзгертілді
188-бап. Меншiк құқығы ұғымы және оның мазмұны
1. Меншiк құқығы дегенiмiз субъектiнiң заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзiне тиесiлi мүлiктi өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы.
Меншiк құқығы мәмiле жасалған кезде болған барлық жүктемелерiмен басқа адамға берiледi.
2. Меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы болады.
Иелену құқығы дегенiмiз мүлiктi iс жүзiнде иеленудi жүзеге асыруды заң жүзiнде қамтамасыз ету.
Пайдалану құқығы дегенiмiз мүлiктен оның пайдалы табиғи қасиеттерiн алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзiнде қамтамасыз етiлуi. Пайда кiрiс, өсiм, жемiс, төл алу және өзге нысандарында болуы мүмкiн.
Билiк ету құқығы дегенiмiз мүлiктiң заң жүзіндегі тағдырын белгiлеудiң заңмен қамтамасыз етiлуi.
3. Меншiк иесi өзiне тиесiлi мүлiкке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, соның iшiнде бұл мүлiктi басқа адамдардың меншiгiне берiп, иелiгiнен шығаруға, өзi меншiк иесi болып қала отырып, оларға мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөніндегі өз өкiлеттiгiн тапсыруға, мүлiктi кепiлге беруге және оған басқа да әдiстермен ауыртпалық түсiруге, оларға өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
4. Меншiк иесiнiң өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға тиiс. Құқықтар мен заңды мүдделердi бұзушылық басқа нысандарымен қатар, меншiк иесiнiң өзiнiң монополиялық және өзге де басымдық жағдайын пайдаланып қиянат жасауынан көрiнуi мүмкiн.
Меншiк иесi өз құқықтарын жүзеге асырған кезде азаматтардың денсаулығы мен айналадағы ортаға келтiрiлуi мүмкiн зардаптарға жол бермеу шараларын қолдануға мiндеттi.
5. Меншiк құқығының мерзiмi шексiз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.
6. Заң құжаттарында көзделген реттерде, жағдайлар мен шектерде меншiк иесi өз мүлкiн басқа адамдардың шектеулi түрде пайдалануына жол беруге мiндеттi.
189-бап. Мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығы
1. Меншiк иесi, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзiне тиесiлi мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығын көтередi және бiржақты тәртiппен мұндай ауыртпалықты үшiншi жаққа ауыстыра алмайды.
2. Егер мүлiк заңды түрде үшiншi жақтарда болса, олардың бөтен адамның мүлкiн күтiп ұстауға жұмсаған шығындарын, егер шартта өзгеше көзделмесе, меншiк иесi өтеуге тиiс.
Затты күтiмсiз және заңсыз ұстаған адамға мүлiктi күтiп ұстауға жұмсаған шығындары өтелмейдi (осы Кодекстiң 263-бабы).
190-бап. Мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi
1. Иелiктен айырылған заттардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше белгiленбесе, сатып алушыда меншiк құқығы пайда болумен бiр мезгiлде соған көшедi.
2. Егер иелiктен айырушы адам заттарды беру мерзiмiнiң өткiзiлiп жiберiлуiне кiнәлi болса немесе сатып алушы оларды қабылдау мерзiмiнiң өткiзiлiп жiберiлуiне кiнәлi болса, кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi мерзiмiн өткiзiп жiберген тарап көтередi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 191-бап өзгертiлдi
191-бап. Жеке меншiк ұғымы және оның түрлерi
1. Жеке меншiк азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен олардың бiрлестiктерiнiң меншiгi ретiнде көрiнедi.
2. Заң құжаттарына сәйкес азаматтарға немесе заңды тұлғаларға тиесiлi бола алмайтын жекелеген мүлiк түрлерiнен басқа кез келген мүлiк жеке меншiкте болуы мүмкiн.
Жеке меншiкте болатын мүлiктiң саны мен құны шектелмейдi.
02.03.98 ж. № 211; 04.11.99 ж. № 472; 02.03.01 ж. № 162; 21.05.02 ж. № 323; 2005.18.05 № 50-III; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 192-бап өзгертiлдi
192-бап. Мемлекеттік меншiк құқығы
1. Мемлекеттік меншiк республикалық және коммуналдық меншiк түрiнде көрiнедi.
2. Республикалық меншiк мемлекеттік қазынадан және заң құжаттарына сәйкес мемлекеттік республикалық заңды тұлғаларға бекітілiп берiлген мүлiктен тұрады.