3. Сотталған адам соған сәйкес қамаудан босатылуға тиiс болатын қаулы, егер сотталған адам апелляциялық сатыдағы сот отырысына қатысып отырса, бұл бөлiгiнде дереу орындалады. Өзге жағдайларда апелляциялық қаулының көшiрмесi немесе оның қарар бөлiгiнен үзiндi сотталған адамды қамаудан босату туралы шешiмдi орындау үшiн қамау орнының әкiмшiлiгiне дереу жiберiледi.
4. Апелляциялық сатыдағы сот жаңа үкім шығарған кезде, егер оған шағымданбаса немесе наразылық берілмесе, іс кассациялық шағымдану мерзімі өткеннен кейін үкімді орындауға кірісу үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберіледі.
5. Үкімге кассациялық шағым немесе кассациялық наразылық келтірілген жағдайда, апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 401-бабында, 402-бабының екінші бөлігінде көзделген іс-әрекеттерді орындайды және істі қарау үшін сол облыстық немесе оған теңестірілген соттың кассациялық сатысына жібереді.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 423-2-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
423-2-бап. Істі апелляциялық сатыда қайтадан қарау
1. Егер:
1) белгіленген мерзімде берілген, кейбір сотталған адамдарға қатысты апелляциялық шағымдар, наразылық, үкімге (қаулыға) апелляциялық шағымдану құқығы берілген процестің басқа қатысушыларының шағымдары апелляциялық сатыдағы сотқа істерді процестің басқа қатысушыларының шағымдары бойынша қарағаннан кейін келіп түссе;
2) шағымданудың, наразылық берудің өтіп кеткен мерзімін сот істі апелляциялық сатыда процестің басқа қатысушыларының шағымдары бойынша қарағаннан кейін осы Кодексте көзделген тәртіппен қалпына келтірсе, осы үкімнің заңдылығын тексеру кезінде шығарылған бірінші апелляциялық қаулының күші жойылмастан істі апелляциялық сатыда қайтадан қарауға жол беріледі.
2. Апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамның, оның қорғаушысының немесе өкілінің шағымдарын осы адамға қатысты іс процеске қатысушы басқа да адамдардың апелляциялық шағымдары, наразылығы бойынша қаралған жағдайда да қарауға міндетті.
3. Егер қайтадан шығарылған қаулы апелляциялық сатыда бұрын шығарылған қаулыға қайшы келсе, тиісті облыстық немесе оған теңестірілген соттың төрағасы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына туындаған қайшылықтарды жою туралы ұсыну енгізеді.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 423-3-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
423-3-бап. Бастапқы үкiмнiң күшi жойылғаннан кейiн iстi бiрiншi
саты бойынша қарау
1. Бастапқы үкiмнiң күшi жойылғаннан кейiн iс жалпы тәртiппен қаралуға тиiс.
2. Егер айыптаушы тараптың апелляциялық шағымында, наразылығында осындай өтiнiш жасалса және оны апелляциялық сатыдағы сот бастапқы үкiмнің күшiн жоюдың негiзi ретiнде көрсетсе, iстi жаңадан қараған кезде жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға жол берiледi.
3. Iстi жаңадан қараған кезде бiрiншi сатыдағы соттың:
1) егер айыптаушы тараптың шағымы, наразылығы бойынша үкiмнiң осы бөлiгiнiң күшi жойылмаған болса, сотталғанды айыптаудың бастапқы үкiмде алып тасталған бөлiгiнде кiнәлi деп тануға;
2) егер бастапқы үкiмнiң күшi осы негiздер бойынша емес, айыптаушы тараптың шағымы, наразылығы бойынша жойылған болса да, жазаны күшейтуге, бас бостандығынан айыру мерзiмiнiң бiр бөлiгiн түрмеде өткізудi немесе неғұрлым қатаң режимдегi колонияларда өткізудi тағайындауға, қосымша жаза тағайындауға немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқығы жоқ.
4. Егер бiрiншi үкiмнiң күшi сотталғанды қорғаған шағым, наразылық бойынша жойылса, ал екiншi үкiмнiң күшi жазаның жеңiлдiгiне немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттiгiне орай жойылса, iстi үшiншi мәрте қарап жатқан сот екiншi үкімге қарағанда неғұрлым қатаң жаза тағайындауы немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануы мүмкiн, бiрақ оның бiрiншi үкiммен салыстырғанда жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқығы жоқ.
5. Істі жаңадан қараған кезде бірінші сатыдағы соттың шығарған үкіміне жалпы тәртіппен шағымдануға болады.
ҚР 11.07.01 Ж. № 238-II Заңымен 48-тарау алып тасталды
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 48-1-тараумен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
48-1-тарау. Кассациялық шағымдар, наразылықтар бойынша істерді қарау
446-1-бап. Соттың үкімдеріне (қаулыларына) кассациялық тәртіппен шағымданудың жалпы шарттары
1. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың істерді алқабилердің қатысуымен қараған кезде шығарған, заңды күшіне енбеген үкімдері (қаулылары), сондай-ақ, облыстық және оған теңестірілген соттың осы Кодекстің 423-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген қаулыларды қоспағанда, істі апелляциялық тәртіппен қараған кезде шығарған үкімдері мен қаулылары осы тараудың қағидалары бойынша қайта қаралуға жатады.
2. Кассациялық шағымдар, наразылықтар келтіру құқығына ие тұлғалар тобы, шағымдар, наразылықтар келтіру тәртібі және оған байланысты салдарлар осы Кодекстің 396-400, 401-402, 518-баптарында көрсетілген қағидалар бойынша айқындалады.
446-2-бап. Кассациялық қараудың нысанасы
Кассациялық сатыдағы сот үкімді (қаулыны) шығарған соттың қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарының нормаларын сақтауын тексереді және соның негізінде үкімнің (қаулының) заңдылығын, негізділігін және әділдігін тексереді.
446-3-бап. Кассациялық шағым немесе наразылық
1. Кассациялық шағымда немесе наразылықта:
1) шағым немесе наразылық жолданған соттың атауы;
2) шағым берген немесе наразылық келтірген тұлға туралы, оның іс жүргізудегі жағдайы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері көрсетілген деректер;
3) шағымдалып немесе наразылық беріліп отырған үкім немесе өзге де шешім және осы шешімді шығарған соттың атауы;
4) қылмыстық немесе қылмыстық іс жүргізу заңын дұрыс қолданбаудың неге байланысты екені және ол сот шешімінің мәніне қалай әсер еткені, өтініштің неден тұратыны көрсетіліп, шағым немесе наразылық берген тұлғаның дәйектері;
5) шағымға немесе наразылыққа қоса тіркелетін материалдардың тізбесі;
6) шағым немесе наразылық авторының қолы болуға тиіс.
2. Егер келтірілген шағым, наразылық осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, олар берілген деп есептеледі, бірақ аяғына дейін ресімдеу үшін мерзімі көрсетіліп кері қайтарылады. Егер қайта жасалғаннан кейін кассациялық шағым, наразылық аталған мерзім ішінде сотқа табыс етілмесе, олар берілмеген болып есептеледі.
3. Соттың істі апелляциялық тәртіппен қараған кезде шығарған үкіміне шағым жасалған жағдайда, кассациялық шағымда (наразылықта) апелляциялық сатының бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойған қаулысымен келісетіні немесе келіспейтіні туралы дәлелдер көрсетілуге тиіс.
446-4-бап. Істі кассациялық сатыда қарау мерзімдері
Іс кассациялық сатыға келіп түскен күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қаралуға тиіс. Бұл мерзім істің қиындығына немесе көлемінің үлкендігіне байланысты, сондай-ақ өзге де дәлелді себептер болған кезде істі қарайтын соттың қаулысымен, бірақ әр ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
446-5-бап. Кассациялық сатыдағы сот отырысын белгілеу
1. Іс кассациялық шағыммен немесе наразылықпен бірге келіп түскен кезде сот төрағасы немесе оның тапсырмасы бойынша алқа төрағасы істерді бөлу тәртібіне сәйкес істің қаралатын күнін белгілеп, оны судьяға зерделеу үшін береді.
2. Тараптарға істің кассациялық сатыда қаралатын уақыты мен орны туралы хабарланады. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамды шақырту туралы мәселені кассациялық сатыдағы сот шешеді. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамнан оның жағдайын нашарлатуға бағытталған шағымды немесе прокурордың наразылығын қарау кезінде кассациялық сатының сот отырысына қатысу туралы өтініш түскен кезде, кассациялық сатыдағы сот істі сотталған адамның тікелей қатысуымен не аталған адамның қашықтан қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып қарау туралы қаулы шығарады, оны орындау үшін тиісті органдарға жібереді.
3. Кассациялық отырыстың орны мен уақыты туралы уақтылы хабардар етілген тұлғалардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды. Кассациялық сатыдағы соттың отырысына прокурордың қатысуы міндетті.
4. Кассациялық шағымдар, наразылықтар келтіру құқығы бар тұлғалар, сондай-ақ үкім (қаулы) шығарылғаннан кейін тапсырма алған сотталған (ақталған) адамның қорғаушысы немесе жәбірленушінің өкілі кассациялық сатыдағы соттың отырысына барлық жағдайда жіберіледі. Оларға өздерінің өтініштері бойынша берілген шағымдарды немесе наразылықтарды не оларға қарсылықтарды негіздеп сөйлеу үшін сөз беріледі.
446-6-бап. Кассациялық сатыдағы соттың өкілеттігі
Судья істі тыңдауға дайындау кезінде немесе сот кассациялық шағыммен немесе наразылықпен бірге келіп түскен істі қарау кезінде өз бастамасы немесе тараптардың өтініш жасауы бойынша:
1) сотталған адамның денсаулық жағдайына, отбасы жағдайына және бұрынғы сотталғандығы туралы деректерге байланысты құжаттарды талап етіп алуға;
2) заңның қолданылатын уақыт кеңістіктігін айқындау үшін және бірінші сатыдағы сот істі шешкен кезде қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарының нормаларын дұрыс қолданғанын айқындау үшін қажетті мәліметтерді талап етіп алуға құқылы.
446-7-бап. Кассациялық сатының істерді қарау тәртібі
1. Осы Кодекстің 29-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, кассациялық саты істерді ашық сот отырысында қарайды.
2. Төрағалық етуші сот отырысын ашады, қандай іс және кімнің кассациялық шағымы немесе наразылығы бойынша қаралып жатқанын хабарлайды. Содан кейін төрағалық етуші сот құрамын, іс бойынша тараптар болып табылатын тұлғалардың және сот отырысына қатысып отырған тұлғалардың тегін, сондай-ақ аудармашылардың тегін хабарлайды және отырысқа қатысып отырған тұлғаларға істі кассациялық сатыда қарау кезіндегі құқықтарын түсіндіреді.
3. Төрағалық етуші іс бойынша процеске қатысушылардан бас тартуы мен жасайтын өтініштерінің бар-жоғы туралы сұрайды және сот оларды қарау нәтижелері бойынша осы Кодекстің 325-бабында көзделген тәртіппен қаулы шығарады.
4. Істі қарау кассациялық шағым немесе наразылық берген процеске қатысушының сөйлейтін сөзінен басталады. Егер мұндай қатысушылар бірнешеу болса, төрағалық етуші тараптардың пікірін ескере отырып, олардың сөз сөйлеу кезектілігін белгілейді. Процеске қатысушылар сөйлеген сөздерінде бірінші сатыдағы немесе апелляциялық сатыдағы соттың заңды қолданудағы бұзушылықтарға байланысты кассациялық қарау нысанасына жататын қандай мән-жайларға жол бергенін, оның неден көрінгенін және іс бойынша қабылданған шешімнің мәніне қалай әсер еткенін көрсетеді.
5. Кассациялық шағымда немесе наразылықта келтірілген дәйектерді растау немесе теріске шығару үшін сөз сөйлеушілер кассациялық сатыға қосымша материалдар беруге, бұл ретте олардың қандай жолмен алынғанын және оларды табыс ету қажеттігі неге байланысты туындағанын хабарлауға құқылы. Қосымша материалдарды тергеу іс-әрекеттерін жүргізу жолымен алуға болмайды. Сот тараптардың пікірін тыңдап, қосымша материалдарды қабылдау немесе қабылдамау туралы қаулы шығарады. Істің шешілуі үшін маңызы бар қосымша материалдар, егер мұндай материалдардағы деректер немесе мәліметтер қосымша тексеруді талап етпесе, үкімнің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болуы мүмкін. Өзге жағдайларда қосымша материалдар сот үкімінің (қаулысының) күшін жойып, істі бірінші саты бойынша жаңадан соттың қарауына жіберу үшін негіз болуы мүмкін.
6. Сот отырысының тәртіптемесі және оны бұзушыларға қатысты қабылданатын шаралар осы Кодекстің 326 және 327-баптарының қағидаларында айқындалады. Судьялардың кеңесу және шешімдер қабылдау тәртібі осы Кодекстің 370-бабының қағидаларында айқындалады. Қаулыны қабылдаудан бұрын судьялардың кеңесуі болады.
446-8-бап. Кассациялық саты қабылдайтын шешімдер
Істі кассациялық тәртіппен қараудың нәтижесінде сот өз қаулысымен мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) үкімді (қаулыны) өзгеріссіз, ал шағымды немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдырады;
2) үкімнің күшін жойып, істі қысқартады;
3) үкімді өзгертеді;
4) үкімнің (қаулының) күшін жойып, істі алдын ала тыңдау немесе басты сот отырысы сатысынан бірінші сатыдағы сотқа не апелляциялық шағымдар мен наразылықтарды қарау бойынша талқылау сатысынан апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан сот талқылауына жібереді;
5) үкімнің күшін жояды және істі осы Кодекстің 303-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қосымша тергеуге жібереді;
6) осы Кодекстің 387-бабында көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде жеке қаулы шығарады.
446-9-бап. Кассациялық сатының үкімнің (қаулының) күшін жою немесе оны өзгерту негіздері
Үкімнің (қаулының) күшін кассациялық тәртіппен жоюға немесе оны өзгертуге:
1) қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы;
2) қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуы;
3) үкімнің әділетсіздігі негіз болып табылады.
446-10-бап. Қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы
Қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы бөлімінің талаптарын бұзу;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің қолданылуға жататын бабынан немесе бабының бөлігінен (тармағынан) басқасын қолдану;
3) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің осы бабының санкциясында көзделгеннен гөрі неғұрлым қатаң жаза тағайындау болып табылады.
446-11-бап. Қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуы
1. Істі сотта қарау кезінде осы Кодекстің принциптері мен өзге де жалпы ережелерін іске қатысушы тұлғаларды заңда кепілдік берілген құқықтарынан айыру немесе оларға қысым жасау, сот ісін жүргізу рәсімдерін сақтамау жолымен немесе өзгедей жолмен істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге кедергі келтіретін, сот төрелігі үкімін шығаруға ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін бұзушылықтар қылмыстық іс жүргізу заңын елеулі түрде бұзу деп танылады.
2. Егер сот осы Кодекстің 415-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген қылмыстық іс жүргізу заңын бұзуға жол берсе, онда үкімнің күші барлық жағдайда да жойылуға жатады.
446-12-бап. Үкімнің әділетсіздігі
1. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 52-бабының талаптарына сәйкес келмейтін жаза тағайындалған үкім әділетсіз деп танылады.
2. Кассациялық сатыдағы сот неғұрлым жеңіл қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдана отырып немесе қылмыстың саралануын өзгертпестен үкімді жазаны жеңілдету жағына қарай өзгерте алады.
3. Егер үкім негізсіз ақтау, неғұрлым жеңіл қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану немесе жазаның шамадан тыс жеңілдігі салдарынан әділетсіз деп танылса, кассациялық сатыдағы сот осы негіздер бойынша келтірілген прокурордың наразылығы немесе жәбірленушінің, оның өкілінің шағымы болған кезде үкімнің күшін жоюға және істі тиісінше бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан сот қарауына жіберуге құқылы.
446-13-бап. Істі қысқарта отырып айыптау үкімінің күшін жою
Сот істі кассациялық тәртіппен қарай отырып, осы Кодекстің 37-бабының бірінші бөлігінде және 38-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде айыптау үкімінің күшін жояды және істі қысқартады.
446-14-бап. Ақтау үкімінің күшін жою
1. Кассациялық сатыда ақтау үкімінің күші тек прокурордың наразылығы бойынша не жәбірленушінің немесе оның өкілінің шағымы бойынша, сондай-ақ сот арқылы ақталған адамның ақталу негіздерімен келіспеген шағымы бойынша ғана жойылуы мүмкін.
2. Егер ақталған адамның кінәсіздігі немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешімнің мәні күмән туғызбаса, ақтау үкімінің, істі қысқарту туралы қаулының немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешімнің күшін қылмыстық іс жүргізу заңы елеулі бұзылды деген себеппен жоюға болмайды.
446-15-бап. Істі жаңадан соттың талқылауына жібере отырып үкімнің күшін жою
1. Кассациялық саты үкімнің заңдылығына ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылғанын анықтаған жағдайда, үкімнің күші жойылып, іс үкім шығарған соттың жаңадан, бірақ судьялардың өзге құрамымен талқылауына жіберілуге жатады.
2. Осы Кодекстің 446-12-бабының үшінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша да істі жаңадан сот қарауына жібере отырып, үкімнің күші жойылуы мүмкін.
3. Бұл ретте кассациялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы, қандай да бір дәлелдемелердің дәйектілігі немесе дәйексіздігі туралы, бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы және жазалау шарасы туралы мәселелерді алдын ала шешуге, сондай-ақ сот жасауы мүмкін тұжырымдарды алдын ала шешуге құқылы емес.
446-16-бап. Істі қосымша тергеуге жібере отырып күшін жою
Кассациялық сатыдағы сот негіздер болған кезде тараптардың өтініштер жасауы бойынша үкімнің күшін жоюға және осы Кодекстің 303-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша істі қосымша тергеуге жіберуге құқылы.
446-17-бап. Yкімді өзгерту
1. Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық заңды дұрыс қолданбаған жағдайда кассациялық сатыдағы сот сотталған адамға неғұрлым жеңіл қылмыс туралы заңды қолдануға және жасалған әрекеттің өзгертілген саралануына сәйкес жазаны төмендетуге құқылы, бірақ ол неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдана алмайды және тағайындалған жазаны күшейте алмайды.
2. Кассациялық сатыдағы сот, егер шамадан тыс қатаңдығы салдарынан жазаны әділетсіз деп таныса, сотталған адамға тағайындалған жазаны саралануын өзгертпестен төмендетуге құқылы.
3. Кассациялық сатыдағы сот, егер жаза мөлшерін ұлғайту арифметикалық қателерді немесе алдын ала күзетпен ұстау мерзімін есептеу кезіндегі қателерді жоюға байланысты болса, қылмыстар мен үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындауды реттейтін қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауын жоя отырып, жаза мөлшерін ұлғайтуға құқылы. Кассациялық сатыдағы сот, сотталған адамға түзеу мекемесінің заңда көзделгеннен гөрі неғұрлым жеңіл түрінің үкімде дәлелденбей тағайындалуының күшін жоюға және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес түзеу мекемесінің түрін тағайындауға құқылы.
4. Кассациялық сатыдағы сот осы баптың үшінші бөлігінде көзделген өзгерістерді, егер осы негіздер бойынша прокурордың наразылығы енгізілсе немесе жәбірленушінің, жеке айыптаушының немесе олардың өкілдерінің шағымдары берілген жағдайда ғана енгізуге құқылы.
446-18-бап. Кассациялық қаулының мазмұны
1. Кассациялық қаулы кіріспе, сипаттамалық-дәлелдеу және қарар бөліктерінен тұрады.
2. Қаулының кіріспе бөлігінде:
1) қаулы шығарылған уақыт пен орын;
2) қаулыны шығарған соттың атауы және кассациялық алқаның құрамы;
3) кассациялық шағым берген немесе кассациялық наразылық келтірген тұлғалар;
4) істі кассациялық сатыда қарауға қатысқан тұлғалар көрсетілуге тиіс.
3. Қаулының сипаттамалық-дәлелдеу бөлігінде шағым берген немесе наразылық келтірген тұлғалардың дәйектері, кассациялық сатыдағы сотқа қатысқан басқа тұлғалардың қарсылықтары, сондай-ақ қабылданған шешімнің себептері қысқаша баяндалуға тиіс. Егер шағым немесе наразылық қанағаттандырылмай қалдырылса, шағымдардың немесе наразылықтың дәйектерін негізсіз немесе елеулі емес деп танудың негіздері көрсетіледі.
Yкімнің күші жойылған немесе ол өзгертілген жағдайда, қылмыстық немесе қылмыстық іс жүргізу заңының қандай баптарының талаптары бұзылғаны және бұл бұзушылықтың неден тұратыны; бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот тағайындаған жазаны әділетсіз деп танудың негіздері көрсетіледі. Іс жаңадан сот талқылауына жіберілген жағдайда қандай заң бұзушылықтар жойылуға тиіс екені көрсетіледі. Бұл ретте кассациялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы, қандай да бір дәлелдемелердің дәйектілігі немесе дәйексіздігі туралы және бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші, апелляциялық сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы және жазалау шарасы туралы мәселелерді алдын шешуге құқылы емес.
4. Қаулының қарар бөлігінде кассациялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешімі көрсетіледі.
446-19-бап. Кассациялық қаулы шығару
Кассациялық қаулы осы Кодекстің 423-бабында көзделген талаптар сақтала отырып, кеңесу бөлмесінде шығарылады.
446-20-бап. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысын орындауға кірісу
1. Кассациялық сатының қаулысы ол шығарылған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірілмей, іспен бірге үкім шығарған сотқа орындау үшін жіберіледі. Іс қосымша тергеуге жіберілген жағдайда кассациялық сатының қаулысы іспен бірге тиісті прокурорға жіберіледі. Бұл жағдайда үкім шығарған сотқа кассациялық саты қаулысының көшірмесі жіберіледі.
2. Сотталған адам күзетпен ұстаудан босатылуға жататын қаулы, егер сотталған адам кассациялық сатыдағы сот отырысына қатысып отырса, осы бөлігінде дереу орындалады. Өзге жағдайларда кассациялық қаулының көшірмесі немесе кассациялық қаулының қарар бөлігінің үзінді-көшірмесі сотталған адамды күзетпен ұстаудан босату туралы шешімді орындау үшін қамау орнының әкімшілігіне дереу жіберіледі.
446-21-бап. Істі кассациялық сатыда қайтадан қарау
1. Егер қандай да бір себептер бойынша кейбір сотталған адамдарға қатысты белгіленген мерзімде немесе шағымданудың өтіп кеткен мерзімін қалпына келтіргеннен кейін берілген шағым немесе наразылық кассациялық сатыдағы сотқа басқа сотталған адамдарға қатысты іс қаралып кеткеннен кейін келіп түссе, сондай-ақ егер сотталған адамның, оның қорғаушысының немесе заңды өкілінің кассациялық шағымы, осы сотталған адамға қатысты іс процеске басқа қатысушының кассациялық шағымы немесе прокурордың наразылығы бойынша қаралып кеткеннен кейін келіп түскен болса, кассациялық сатыдағы сот мұндай шағымды немесе наразылықты қарауға және ол бойынша қаулы шығаруға міндетті.
2. Егер қайта шығарылған қаулы бұрын шығарылған қаулыға қайшы келсе, кассациялық сатыдағы сот істі қадағалау тәртібімен тексеру үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жібереді.
446-22-бап. Бастапқы үкімнің күші жойылғаннан кейін істі бірінші саты бойынша қарау
1. Бастапқы үкімнің күші жойылғаннан кейін іс жалпы тәртіппен қаралуға жатады.
2. Егер айыптау тарабының кассациялық шағымында, наразылығында осындай өтініш болса және оны кассациялық сатыдағы сот бастапқы үкімнің күшін жою негіздерінің бірі ретінде көрсетсе, бірінші сатыдағы соттың істі жаңадан қараған кезінде жазаны күшейтуіне немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануына жол беріледі.
3. Істі жаңадан қараған кезде бірінші сатыдағы сот:
1) егер айыптау тарабының шағымы, наразылығы бойынша үкімнің осы бөлігінің күші жойылмаса, сотталған адамды айыптаудың бастапқы үкімде алып тасталған бөлігінде кінәлі деп тануға;
2) егер бастапқы үкімнің күші айыптау тарабының шағымы, наразылығы бойынша жойылғанымен, ол осы негіздерге байланысты болмаса, жазаны күшейтуге, бас бостандығынан айыру мерзімінің бір бөлігін түрмеде өтеуді немесе неғұрлым қатаң режимдегі колонияда жазаны өтеуді тағайындауға, қосымша жаза тағайындауға немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы емес.
446-23-бап. Істі жаңадан қарау кезіндегі жаза тағайындаудың шектері
Істі жаңадан қараған кезде бірінші сатыдағы сот шығарған үкімге жалпы тәртіппен шағымдануға болады. Бұл ретте, егер бірінші үкімнің күші сотталған адамды қорғаған шағым, наразылық бойынша жойылса, ал екінші үкімнің күші айыптау тарабының жазаның жеңілдігіне немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттілігіне байланысты берілген шағымы, наразылығы бойынша жойылса, істі үшінші рет қарап жатқан сот екінші үкімге қарағанда неғұрлым қатаң жаза тағайындауы немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануы мүмкін, бірақ ол бірінші үкімге қарағанда жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы емес.