ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 66-бап өзгертілді; 2009.03.12. № 213-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара) 66-бап өзгертілді
66-бап. Анықтау органының бастығы
1. Осы Кодекстiң 190-1 және 285-баптарында көзделген қылмыстар туралы iстер бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысында анықтау органы бастығының өкiлеттiгiне өз құзыретiнiң шегiнде Бас басқарманың (Департаменттiң), басқарманың, бөлiмнiң, бөлiмшенiң және анықтау органының өзге де бөлiмшелерiнiң бастықтары ие болады.
2. Анықтау органының бастығы қылмыстың белгiлерi мен оны жасаған адамдарды анықтау, қылмыстарды болдырмау және жолын кесу мақсатында қажеттi қылмыстық iс жүргiзу және жедел iздестiру шараларын қолдануды ұйымдастырады. Жедел-іздестіру қызметінің қылмыстық істі дұрыс шешу үшін маңызы болатын, нақты деректері бар нәтижелерін қылмыстық іске қосу үшін қылмыстық іс жүргізуші органның талап етуі бойынша не өз бастамасымен осы Кодекстің 130-бабында белгіленген тәртіппен жібереді.
3. Анықтау органының бастығы алдын ала тергеу органдары тергейтiн қылмыстар туралы iстер бойынша:
1) кезек күттiрмейтiн тергеу әрекеттерiн жүргiзудi қамтамасыз етедi;
2) прокурордың, тергеушiнiң тапсырмаларын, оның iшiнде жекелеген тергеу және өзге де әрекеттер жүргiзу туралы және жәбiрленушiлердi, куәларды, қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы басқа да адамдарды қорғау шараларын қолдану туралы тапсырмаларын орындауды ұйымдастырады;
3) соттың тапсырмаларын орындауды ұйымдастырады.
4. Сотқа дейiнгi iс жүргiзудi анықтау органдары жүзеге асыратын қылмыстар туралы iстер бойынша анықтау органының бастығы анықтаушылардың iс-әрекеттерiнiң уақтылылығына және заңдылығына бақылау жасайды және:
1) олардың iс жүргiзуіндегі iстердi тексеруге;
2) жекелеген тергеу және өзге де iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзу, айыпталушы ретiнде тарту, қылмысты саралау және айыптаудың көлемi туралы, iстердi (материалдарды) бiр анықтаушыдан екiншiсiне беру туралы нұсқау беруге;
3) анықтауды бiрнеше анықтаушыға тапсыруға;
4) қылмыстық iс қозғауға және iстi өзiнiң жүргiзуiне қабылдап не жекелеген iс жүргiзу әрекеттерiн орындай отырып анықтауды жеке-дара жүргiзуге құқылы.
5. Анықтау органының бастығы қылмыстық iс қозғау немесе оны қозғаудан бас тарту, тiнту жүргiзу және мүлiкке тыйым салу туралы, айыпталушыны қызметiнен шеттету, айыпталушыға (сезiктiге) қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шараларын таңдау, өзгерту немесе тоқтату туралы, iс бойынша iс жүргiзудi қысқарту, тоқтата тұру, жаңғырту қамауға алынбаған айыпталушыны (сезiктiнi) стационарлық сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптамалар жүргiзу үшiн медициналық мекемеге жiберу, айыпталушыны (сезiктiнi) қамауда ұстау мерзiмiн ұзарту туралы, айыпталушыны этаппен жөнелту, оған iздеу жариялау туралы қаулыларды бекiтедi; қылмыс жасады деп күмән келтiрiлген адамдарды ұстау туралы хаттаманы, сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасын, айыптау хаттамасын бекiтедi; қылмыс жасауға жағдай туғызатын жағдаяттарды жою жөнiнде шаралар қолдануды қамтамасыз етедi; прокурорға сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасымен, айыптау хаттамасымен бiрге қылмыстық iстi жолдайды.
6. Анықтау органы бастығының қылмыстық iстер жөніндегі нұсқауы анықтаушының дербестiгiн, оның осы Кодекстiң 67-бабында белгiленген құқықтарын шектей алмайды. Нұсқау жазбаша нысанда берiледi және атқарылуға мiндеттi, бiрақ ол жөнiнде прокурорға шағым жасалуы мүмкiн. Анықтаушының прокурорға анықтау органы бастығының iс-әрекетiне шағымдануы олардың атқарылуын тоқтатпайды.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 67-бап өзгертілді; 2009.03.12. № 213-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара); 2009.07.12. № 222-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 67-бап өзгертілді
67-бап. Анықтаушы
1. Анықтаушы - өз құзыретiнiң шегiнде қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзудi жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттік лауазымды адам.
2. Анықтаушы осы Кодексте айқындалған нысандарда сотқа дейiнгi iс жүргiзудiң басталуы және жүзеге асырылуы туралы шешiм қабылдауға, заңда оларды анықтау органы бастығының бекітуi, прокурордың санкциясы немесе соттың шешiмi көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес шешiмдер қабылдауға және тергеу мен басқа да iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзуге құқылы.
3. Алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi емес қылмыстық iстер бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу кезiнде анықтаушы осы Кодекстiң 23-1 және 37-тарауларында көзделген алынып тасталатындарды қоспағанда, алдын ала тергеу жүргiзу үшiн осы Кодексте көзделген ережелердi басшылыққа алады.
4. Анықтаушы, алдын ала тергеу жүргiзiлуi мiндеттi қылмыстық iстер бойынша кiдiртуге болмайтын жағдайларда анықтау органы бастығының тапсырмасы бойынша қылмыстық iс қозғауға, сондай-ақ шұғыл тергеу әрекеттерi мен жедел iздестiру шараларын жүргiзуге, ол туралы жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей прокурор мен алдын ала тергеу органын хабардар етуге мiндеттi.
5. Анықтаушы соттың, прокурордың, алдын ала тергеу органының және анықтау органының жекелеген тергеу әрекеттерін жүргізу туралы, қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы тапсырмаларын орындауға міндетті.
Үкімді азаматтық талап қою, басқа да мүліктік жазалар немесе мүмкін болатын мүлікті тәркілеу бөлігінде орындауды қамтамасыз ету мақсатында анықтаушы сезіктінің, айыпталушының немесе заң бойынша олардың әрекеті үшін материалдық жауаптылықта болатын адамдардың мүлкін анықтауға шара қолдануға міндетті.
6. Анықтау органы бастығының нұсқаулары анықтаушы үшiн мiндеттi. Анықтау органы бастығының қылмыстық iстер жөніндегі нұсқауына прокурорға шағым жасалуы мүмкiн. Нұсқауларға шағым жасалуы, қылмыстың саралануы мен айыптаудың көлемi, айыпталушыны сотқа беру үшiн iстi прокурорға жолдау туралы немесе қылмыстық iстi қысқарту туралы нұсқауларды қоспағанда, олардың атқарылуын тоқтатпайды.
9-тарау. Өз құқықтары мен мүдделерін немесе
өздері білдіретін құқықтар мен мүдделерді
қорғап процеске қатысушылар
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.07.04. № 149-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 68-бап өзгертілді
68-бап. Сезiктi
1. Тергеушi, анықтаушы қылмыс жасады деп күмән келтiрiлгендiгiн хабарлап, соған байланысты осы Кодексте белгiленген негiздерде және тәртiппен өзiне қатысты қылмыстық iс қозғалған, не ұстау жүзеге асырылған, не айып тағылғанға дейiн жолын кесу шарасы қолданылған адам сезiктi болып танылады.
2. Сезiктi ұсталған немесе оған айып тағылғанға дейiн бұлтартпау шаралары қолданылған жағдайда ұсталған немесе бұлтартпау шаралары қолданылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрiлмей, өзi таңдаған немесе тағайындалған қорғаушымен алғашқы жауап алуға дейiн оңаша және құпия жолығу құқығы қамтамасыз етiле отырып, одан жауап алынуы тиiс. Ұсталған сезiктi телефон арқылы немесе өзге де тәсiлмен дереу өзiнiң тұрған жерiне немесе жұмыс орнына өзiнiң ұсталғандығы және ұсталып отырған жерi туралы хабарлауға құқылы.
3. Қылмыстық iзге түсу органының:
1) ұсталған адамды - жетпiс екi сағаттан артық;
2) жолын кесу шарасы қолданылған адамды - сезiктiге бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы жарияланған сәттен бастап он тәулiктен артық сезiктi адам жағдайында ұстауға құқығы жоқ.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде белгiленген мерзiмдер аяқталған сәтте қылмыстық iзге түсу органы сезiктiнi қамаудан босатуға, оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасының күшiн жоюға не оны айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулы шығаруға мiндеттi.
5. Күдiк жеткiлiктi негiзделмеген деп тапқан қылмыстық iзге түсу органы осы баптың үшiншi бөлiгiнде белгiленген мерзiмдер аяқталғанға дейiн сезiктiнi қамаудан босатуға, оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасының күшiн жоюға мiндеттi.
6. Адам оны қамаудан босатқан, не оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасының күшi жойылған сәттен бастап не оған қатысты қылмыстық iзге түсу тоқтатылған, не қылмыстық iзге түсу органы оны айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулы шығарған сәттен бастап сезiктi жағдайында болуын тоқтатады.
7. Сезiктi: өзiне не үшiн күдiк келтiрiлгенiн бiлуге және өзiне қарсы қылмыстық iс қозғалғандығы туралы қаулының көшiрмесiн не ұстау хаттамасының немесе бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулының көшiрмесiн алуға; өзiне қарсы күдiкке байланысты түсiнiктеме мен жауап беруге, түсiндiрме мен жауап беруден бас тартуға; дәлел ұсынуға; өтінішті, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті және қарсылықты мәлiмдеуге; ана тілінде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ пен түсiнiктеме беруге; аудармашының ақысыз көмегiн пайдалануға; өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға және хаттамаларға ескерту беруге; тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен оның өтiнiшi немесе қорғаушының не заңды өкiлiнiң өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тергеу әрекеттерiне қатысуға; соттың, прокурордың, тергеушiнiң және анықтаушының iс-әрекетi мен шешiмiне шағым беруге; оның өтiнiшi бойынша қорғаушының қатысуымен жауап алынушы болуға құқылы.
8. Сезiктiнiң қорғаушысының немесе заңды өкiлiнiң болуы сезiктiнiң қандай да болсын құқығын жою немесе шектеу үшiн негiз бола алмайды.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.07.04. № 149-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.03.12. № 213-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара) 69-бап өзгертілді
69-бап. Айыпталушы
1. Өзiне қатысты айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулы шыққан адам, не өзiне қатысты сотта жеке айыптайтын қылмыстық iс қозғалған адам, сондай-ақ оған қатысты анықтау органының бастығы айыптау хаттамасын немесе сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасын жасаған және бекіткен не тергеуші сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасын жасаған адам айыпталушы болып танылады. Iс бойынша басты соттың талқылауы тағайындалған айыпталушы, - сотталушы, өзiне қатысты айыптау үкімі шығарылған айыпталушы, сотталған адам, өзiне қатысты ақтау үкімі шығарылған айыпталушы, ақталушы деп аталады.
2. Айыпталушы: заңға қайшы келмейтiн құралдармен және тәсiлдермен өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға және қорғануға дайындалу үшiн жеткiлiктi уақыты мен мүмкiндiгi болуға; өзiнiң не үшiн айыпталғандығын бiлуге және өзiн айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулының көшiрмесiн алуға; қылмыстық iзге түсу органынан өзiне тиесiлi құқықтар туралы дереу түсiндiрме алуға; қылмыстық процестi жүргiзушi органнан өзiнiң құқықтарын және мүдделерiн қозғайтын iс жүргiзу шешiмдерiн қабылдау туралы хабардар етiлуге, бұлтартпау шараларын қолдану туралы қаулының көшiрмесiн алуға; өзiне тағылған айып бойынша түсiнiктеме мен айғақ беруге; айғақ беруден бас тартуға; дәлел ұсынуға; өтінішті, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті және қарсылықты мәлiмдеуге; ана тілінде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ беруге және түсiнiсуге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; қорғаушысы болуға; осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртiппен өзiнен алғашқы жауап алудың алдындағы кезден бастап қорғаушымен оңаша және құпия жолығуға; тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен өзiнiң өтiнiшi бойынша немесе өзiнiң қорғаушысының не заңды өкiлiнiң өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тергеу әрекеттерiне қатысуға; осы әрекеттердiң хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге; сарапшының алдына мәселелер қоюға, сараптама тағайындау туралы қаулымен және сарапшының қорытындысымен танысуға; тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға және одан кез келген мәлiметтi кез келген көлемде көшiрiп алуға; айыптау қорытындысының немесе сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасының және оның қосымшаларының көшірмелерін алуға; соттың, прокурордың, тергеушiнiң және анықтаушының iс-әрекетi мен шешiмiне шағым беруге; ақтамайтын негiздер бойынша iстi қысқартуға қарсылық бiлдiруге; жария сөз талқылауын талап етуге құқылы. Сотталушының бiрiншi және апелляциялық сатыдағы соттарда iстi соттың қарауына қатысуға және тараптың барлық құқықтарын пайдалануға, сонымен бiрге ақырғы сөз құқығына да құқы бар. Сотталған немесе ақталған адамның сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер беруге; соттың үкіміне, қаулысына, судьялардың қаулыларына шағымдануға және шағымдалған шешiмдердiң көшiрмесiн алуға; iс бойынша келтiрiлген шағымдар мен қарсылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылық беруге; мәлiмделген шағымдар мен қарсылықтардың сотта қаралуына қатысуға құқығы бар.
3. Iске айыпталушының қорғаушысының немесе заңды өкiлiнiң қатысуы айыпталушының қандай да болмасын құқығын жою немесе шектеу үшiн негiз бола алмайды.
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен 70-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (қолданысқа енетін мерзімін қара)
70-бап. Қорғаушы
1. Қорғаушы - заңда белгiленген тәртiппен сезiктiлер мен айыпталушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асыратын және оларға заң көмегiн көрсететiн адам.
2. Қорғаушы ретінде адвокат қатысады. Күдіктілердің, айыпталушылардың, сотталушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды адвокатпен қатар күдіктінің, айыпталушының, сотталушының жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкілдері, кәсіподақтардың және осы бірлестіктер мүшелерінің істері бойынша басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдері жүзеге асыра алады. Шетелдік адвокаттардың іске қорғаушылар ретінде қатысуына, егер бұл Қазақстан Республикасының тиісті мемлекетпен жасасқан халықаралық шартында өзара негізде көзделсе, заңнамада белгіленген тәртіппен жол беріледі.
3. Қорғаушы айып тағылған не адам осы Кодекстiң 68-бабының бiрiншi бөлiгiне сәйкес сезiктi деп танылған кезден бастап iске қатысуға жiберiледi.
4. Бiр адам, егер сезiктiнiң, айыпталушының бiреуiнiң мүддесi екiншiсiнiң мүддесiне қайшы келетiн болса, олардың екеуiне бiрдей қорғаушы бола алмайды.
5. Адвокаттың өзiне қабылдаған сезiктiнi немесе айыпталушыны қорғаудан бас тартуға құқы жоқ.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен ; 2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 71-бап өзгертілді
71-бап. Қорғаушының мiндеттi қатысуы
1. Қорғаушының қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысуы, егер:
1) ол туралы күдікті, айыпталушы , сотталушы өтiнiш жасаса;
2) күдікті, айыпталушы, сотталушы кәмелетке толмаса;
3) күдікті, айыпталушы, сотталушы дене немесе психикалық кемiстiгiнен өзiнiң қорғану құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмаса;
4) күдікті, айыпталушы, сотталушы сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмесе;
5) адам жазалау шарасы ретiнде он жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айырылу, өмiр бойы бас бостандығынан айырылу не өлiм жазасы тағайындалуы мүмкiн болатын қылмысты жасағаны үшiн айыпталса;
6) айыпталушыға, сотталушыға бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылса немесе ол мәжбүр етіліп стационарлық сот-психиатриялық сараптамаға жiберiлсе;
7) күдіктілердің, айыпталушылардың, сотталушылардың мүдделерi арасында қайшылық болып, олардың бiреуiнiң қорғаушысы болса;
8) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге жәбiрленушiнiң (жеке айыпталушының) немесе азаматтық талапкердiң өкiлi қатысса;
9) iс сотта қаралған кезде мемлекеттік айыптаушы қатысса;
10) айыпталушы, сотталушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болса және алдын ала тергеу органдарына келуден жалтарса міндетті.
2. Қорғаушының қатысуы осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1-6, 10-тармақтарында көзделген жағдайларда адам күдікті, айыпталушы, сотталушы болып танылған кезден бастап, 7-тармағында көзделген жағдайларда - күдіктілердің, айыпталушылардың, сотталушылардың мүдделерiнiң арасындағы қайшылық анықталған кезден бастап, 8-9-тармақтарда көзделген жағдайларда - айыпталушыны сотқа берген сәттен бастап қамтамасыз етiледi.
3. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны күдіктінің, айыпталушының, сотталушының өзi, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ олардың тапсыруы бойынша басқа да адамдар шақырмаса, қылмыстық процестi жүргiзушi орган процестiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, орган ол туралы адвокаттардың кәсiптiк ұйымы үшiн мiндеттi қаулы шығарады.
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 72-бап өзгертілді
72-бап. Қорғаушыны шақыру, тағайындау, ауыстыру, оның еңбегiне ақы төлеу
1. Қорғаушыны күдікті, айыпталушы, сотталушы, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының, сотталушының тапсырмасы бойынша немесе келісімiмен басқа да адамдар шақырады. Күдікті, айыпталушы немесе сотталушы қорғану үшiн бiрнеше қорғаушыларды шақыруға құқылы.
2. Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының сұрауы бойынша қорғаушының қатысуын қылмыстық процестi жүргiзушi орган қамтамасыз етедi.
3. Таңдалып алынған немесе тағайындалған қорғаушының ұзақ мерзiм (кемiнде бес тәулiк) iшiнде қатысуы мүмкiн болмайтын жағдайларда қылмыстық процестi жүргiзушi орган күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға басқа қорғаушы шақыруды ұсынуға немесе адвокаттардың кәсiптiк ұйымы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушы тағайындауға шаралар қолдануға құқылы. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның қорғаушы ретiнде белгiлi бiр адамды шақыруға ұсыныс жасауға құқығы жоқ.
4. Ұстау немесе күзетпен ұстау жағдайында, егер күдікті, айыпталушы, сотталушы таңдаған қорғаушының келуi жиырма төрт сағаттың iшiнде мүмкiн болмаса, қылмыстық iзге түсудi жүзеге асырушы орган күдіктіге, айыпталушыға немесе сотталушыға басқа қорғаушы шақыруды ұсынады, ал одан бас тартылған жағдайда қорғаушыны адвокаттардың кәсiптiк ұйымы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы тағайындауға шаралар қолданады.
5. Адвокаттың еңбегiне ақы төлеу қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүргiзiледi. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган оған негiз болған кезде күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны заңгерлiк көмекке ақы төлеуден толық немесе iшiнара босатуға құқылы. Бұл жағдайда еңбекке ақы төлеу мемлекеттiң есебiнен жүргiзiледi.
6. Адвокат анықтау, алдын ала тергеу жүргiзуде немесе сотта осы Кодекстiң 71-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген, клиентпен келісім жасаспастан тағайындау бойынша қатысқан жағдайда да адвокаттардың еңбегiне ақы төлеу жөніндегі шығындар мемлекеттiң есебiнен жатқызылуы мүмкiн.
7. Егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге бiрнеше қорғаушы қатысқан жағдайда қорғаушының қатысуы қажеттi iс жүргiзу әрекетi тиiстi күдіктінің, айыпталушының, сотталушының қорғаушыларының түгел қатыспауынан заңсыз деп таныла алмайды.
8. Қорғаушы қылмыстық процестi жүргiзушi органға өзiнiң жағдайын растау үшiн жеке басын куәландыратын құжаттарды және тиiстi жағдайларда: адвокатурадан екендiгiн растайтын құжат пен заң консультациясының адвокатқа аталған iске қатысу құқығын бiлдiретiн ордерiн немесе маңызы бойынша онымен тең құжатты; қоғамдық бiрлестiктiң немесе оның басшы органының қорғаушыны тағайындау туралы шешiмiн; күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен туыстық қатынасын растайтын құжатты ұсынады.
05.05.00 ж. № 47-II; 2006.16.01. № 122-III (бұр. ред. қара) (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2009.10.07. № 175 IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 73-бап өзгертілді
73-бап. Қорғаушыдан бас тарту
1. Сезiктi, айыпталушы iс бойынша iс жүргiзудiң кез келген сәтiнде қорғаушыдан бас тартуға құқылы, бұл оның өзiн қорғауды өз бетiнше жүзеге асыру ниетiн бiлдiредi. Қорғаушыдан бас тартуға, қорғаушы болып тағайындала алатын қорғаушы не адвокат қатысып отырған кезде сезiктiнiң, айыпталушының бастамасы бойынша ғана жол берiледi. Заңгерлiк көмекке ақы төлеу үшiн қаражаттың жоқтығы себептi қорғаушыдан бас тарту қабылданбайды. Бас тарту жазбаша нысанда ресiмделедi немесе тиiстi тергеу не сот әрекетiнiң хаттамасында көрсетiледi.
2. Осы Кодекстiң 71-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2) - 4), 5) (жазалау шарасы ретінде өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін қылмыстарды жасаған адамды айыптау кезінде), 6) тармақтарында (айыпталушыны тұрақты сот-психиатриялық сараптамаға мәжбүрлеп жiберу кезiнде) көзделген жағдайларда айыпталушының қорғаушыдан бас тартуын қылмыстық процестi жүргiзушi органның қабылдауына болмайды.
3. Қорғаушыдан бас тарту айыпталушыны немесе сезiктiнi кейiн қорғаушының iске қатысуына рұқсат ету туралы өтiнiш жасау құқығынан айырмайды. Қорғаушының iске қатысуы осы уақытқа дейiн тергеу немесе сот талқылауының барысында жасалған әрекеттердi қайталауға әкеп соқтырмайды.
2009.07.04. № 149-IV ҚР Заңымен 74-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
74-бап. Қорғаушының өкiлеттiгi
1. Қорғаушы сезiктiнiң, айыпталушының айыбын жоққа шығаратын немесе жауаптылығын жеңiлдететiн жағдайларды анықтау мақсатында барлық заңды құралдар мен қорғау тәсiлдерiн пайдалануға және оларға қажеттi заңгерлiк көмек көрсетуге мiндеттi.
2. Қорғаушы iске қатысуға рұқсат етiлген сәттен бастап: сезiктiмен және айыпталушымен олардың саны мен ұзақтығы шектелместен оңаша және құпия жолығуға; заңгерлiк көмек көрсету үшiн қажеттi заттарды, құжаттарды және мәлiметтердi жинауға және ұсынуға; айып тағылған кезде қатысуға, сезiктiден немесе айыпталушыдан жауап алу кезiнде, сондай-ақ олардың қатысуымен немесе олардың өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн өзге де тергеу әрекеттерiне, сондай-ақ қорғаушының өз өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тергеу әрекеттерiне қатысуға; қарсылықтар бiлдiруге; ұстау хаттамасымен, бұлтартпау шараларын қолдану туралы қаулымен, сезiктiнiң, айыпталушының немесе қорғаушының өзiнiң қатысуымен жасалған тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен, сезiктiге және айыпталушыға ұсынылған не ұсынылуы тиiс болатын құжаттармен, ал анықтау немесе алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға, одан кез келген мәлiметтi кез келген көлемде көшiрiп алуға; өтінішті, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеуге; кез келген сатыдағы сотта iстi алдын ала тыңдауға, соттың талқылауына қатысуға, сот жарыссөздерiнде сөйлеуге, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iстi жаңарту кезiнде соттың отырысына қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпе енгізуге; iс жүргiзу құжаттарының көшiрмелерiн алуға; тарап пен қылмыстық iстi жүргiзушi адамның заңсыз әрекеттерiне қарсылық бiлдiруге, бұл қарсылықтарды iс жүргiзу құжаттарына енгізудi талап етуге; анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың және соттың әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым енгізуге және оларды қарауға қатысуға; заңға қайшы келмейтiн кез келген басқа да қорғау құралдары мен тәсiлдерiн пайдалануға құқылы.
3. Тергеу әрекеттерiн жүргiзуге қатысушы қорғаушы тергеушiнiң, анықтаушының рұқсатымен жауап алынып отырған адамдарға сұрақтар қоюға құқылы. Тергеушi, анықтаушы қорғаушының сұрақтарын қабылдамауына болады, бiрақ берiлген сұрақтардың бәрiн хаттамаға енгізуге мiндеттi. Қорғаушы тергеу әрекетiнiң хаттамасына оның жазбаларының дұрыстығы мен толықтығына орай жазбаша ескертпе жасауға құқылы.
4. Қорғаушының: өзiнiң қорғауындағы адамның мүдделерiне қарсы қандай да болмасын әрекет жасауға және оған тиесiлi құқықтарды жүзеге асыруына кедергi жасауға; қорғауындағы адамның айқындамасына қарамастан оның қылмысқа қатысын және оны жасағанына кiнәлiлiгiн мойындауға, қорғауындағы адамның жәбiрленушiмен татуласқандығы туралы мәлiмдеуге; азаматтық талапты мойындауға; қорғауындағы адам берген шағымдар мен өтiнiштердi керi қайтарып алуға; заңгерлiк көмек көрсетуге өтiнiш бiлдiруге және оны жүзеге асыруына байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi жариялауға құқығы жоқ.