140-бап. Бұлтартпау шаралары
Бұлтартпау шаралары:
1) ешқайда кетпеу және өзiн дұрыс ұстау туралы қол қойдыру;
2) жеке кепiлдiк беру;
3) әскери қызметшiнi әскери бөлiм командованиесiнiң бақылауына беру;
4) кәмелетке толмағанды қарауға беру;
5) кепiл болу;
6) үйде қамауда ұстау;
7) қамау болып табылады.
141-бап. Бұлтартпау шараларын таңдау кезiнде
ескерiлетiн мән-жайлар
Бұлтартпау шарасы және оның қайсысын қолданудың қажеттiгi туралы мәселенi шешу кезiнде осы Кодекстiң 139-бабында аталған мән-жайлармен қатар, тағылған айыптаудың ауырлығы, айыпталушының жеке басы, оның жас мөлшерi, денсаулық жағдайы, отбасы жағдайы, немен шұғылданатындығы, мүлiктiк жай-күйi, тұрақты тұратын жерiнiң бар-жоғы және басқа мән-жайлар ескерiлуге тиiс.
142-бап. Сезiктiге қатысты бұлтартпау шараларын қолдану
1. Сезiктiге қатысты бұлтартпау шаралары ерекше жағдайларда осы Кодекстiң 139-бабында көзделген негiздер болған кезде және 141-бабында көрсетiлген мән-жайлар ескерiле отырып қолданылуы мүмкiн. Бұл реттегi айыптау сезiктiге бұлтартпау шарасы қолданылған кезден бастап он тәулiктен кешiктiрiлмей, ал егер сезiктi адам ұсталып, содан кейiн қамауға алынса, - ұсталған кезден бастап осындай мерзiмде тағылуға тиіс. Егер бұл мерзiмде айып тағылмаса, бұлтартпау шарасы дереу тоқтатылады.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мерзiм аяқталғанға дейiнгi жиырма төрт сағатта қамауда ұстау орнының бастығына оған қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiге айып тағу туралы хабар келiп түспесе, қамауға ұстау орнының бастығы ол туралы қылмыстық iстi жүргiзушi органға немесе адамға, сондай-ақ прокурорға хабарлауға мiндеттi. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм аяқталған кезде бұлтартпау шарасын тоқтату немесе сезiктiге айып тағу туралы тиiстi шешiм келiп түспесе, қамауға ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы көшiрмесiн жиырма төрт сағаттың iшiнде қылмыстық iстi жүргiзушi органға немесе адамға және прокурорға жолдайтын өзiнiң қаулысымен оны босатады.
3. Қамауға ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы осы баптың екiншi бөлiгiнің талаптарын орындамаған жағдайда заңмен белгiленгендей жауапты болады.
143-бап. Бұлтартпау шараларын қолдану тәртібі
1. Айыпталушыға (сезiктiге) бiр мезгiлде екi және одан да көп бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган бұлтартпау шараларын қолдану туралы адамға ол сезiктi болған немесе айыпталатын қылмыс пен осы бұлтартпау шарасын қолдану үшiн негiздiң көрсетiлуiн қамтитын қаулы шығарады. Қаулының көшiрмесi соған қатысты шығарылған адамға тапсырылады және онымен бiр мезгiлде оған осы Кодексте көзделген бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешiмге шағымданудың тәртібі түсiндiрiледi.
3. Сезiктi, айыпталушы оны болдырмау үшiн осы Кодекстiң 144, 145 , 146 , 147 , 148 , 149-баптарында көзделген шаралар қолданылған әрекеттердi жасаған жағдайда оған неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылады, ол туралы айыпталушыға, сезiктiге тиiстi қаулының көшiрмесiн тапсыру кезiнде жариялануы тиiс.
2009.04.12. № 215-IV ҚР Заңымен 144-бап жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)
144-бап. Ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат
1. Ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат қылмыстық процесті жүргізуші органның күдіктіден, айыпталушыдан анықтаушының, тергеушінің немесе соттың рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұратын жерінен кетпеуі, сотта істі тергеуге және қарауға кедергі келтірмеуі, қылмыстық процесті жүргізуші органның шақыруы бойынша белгіленген мерзімде келуі жөнінде жазбаша міндеттеме алуынан тұрады.
2. Күш қолданумен немесе оны қолдану қаупін төндірумен байланысты қылмыс жасалған кезде қылмыстық процесті жүргізуші орган жәбірленушінің жазбаша өтініші бойынша күдіктіге, айыпталушыға жәбірленушіні іздестіруге, оның ізіне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға тыйым салу туралы жазбаша түрде ескертеді.
145-бап. Жеке кепiлдiк
1. Жеке кепiлдiк сенiмге ие болған адамдардың олар сезiктiнiң немесе айыпталушының өзiн дұрыс ұстауына және олардың қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келетiндiгiне кепiлдiк беретiндiгi туралы жазбаша мiндеттемесiнен тұрады. Кепiлдiк берушiлердiң саны екеуден кем болмайды.
2. Бұлтартпау шаралары ретіндегі жеке кепiлдiктi таңдауға тек кепiлдiк берушiлердiң жазбаша өтiнiшi мен оған қатысты кепiлдiк берiлетiн адамның келісімi бойынша ғана жол берiледi.
3. Кепiлдiк берушi оған қатысты өзi кепiлдiк беретiн адамның айыбының мәнi, кепiлдiк берушiнiң оған сезiктi, айыпталушы бұлтартпау үшiн осы шара қолданылған әрекеттi жасаған жағдайда ақшадай айып салынатындығынан тұратын жауаптылығы түсiндiрiлгендiгiн растайтын жеке кепiлдiгi туралы қолхат бередi.
4. Кепiлдiк берушi қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудiң кез келген сәтiнде кепiлдiк беруден бас тартуға құқылы.
5. Сезiктi, айыпталушы оны болдырмау үшiн жеке кепiлдiк қолданылған әрекеттердi жасаған жағдайда, әрбiр кепiлдiк берушiге сот осы Кодекстiң 160-бабында көзделген тәртiппен жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде ақшалай айып салуы мүмкiн.
146-бап. Әскери бөлiмдер командованиесiнiң әскери
қызметшiлердi байқауы
1. Әскери бөлiмдер командованиесiнiң әскери қызметшiлер немесе оқу жиынына шақырылған әскери мiндеттiлер болып табылатын сезiктiлердi, айыпталушыларды байқауы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi мен Iшкi әскерлерiнiң жарғыларында көзделген және ол адамдардың тиiстi мiнез-құлқы мен олардың қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз етуге тиiстi шаралардың қолданылуынан тұрады.
2. Әскери бөлiмнiң командованиесiне ол бойынша аталған бұлтартпау шарасы таңдалған iстiң мәнi туралы хабарланады. Әскери бөлiмнiң командованиесi: байқау орнатылғаны туралы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға жазбаша хабарлайды.
3. Сезiктi, айыпталушы оны болдырмау үшiн аталған бұлтартпау шарасы таңдалған әрекеттi жасаған жағдайда әскери бөлiмнiң командованиесi ол туралы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға жедел хабарлауға мiндеттi.
4. Өздерiне жүктелген байқау жөніндегі мiндеттi орындамағанына кiнәлi адамдар заңдарда көзделген тәртiптiк жауаптылыққа тартылады.
147-бап. Кәмелетке толмағанды қарауына беру
1. Кәмелетке толмағанды ата-анасының, қамқоршыларының, қорғаншыларының немесе басқа да сенiмге ие адамдардың, сондай-ақ ол тұрып жатқан арнаулы балалар мекемесi әкiмшiлiгiнiң қарауына беру аталған адамдардың бiреуiнiң кәмелетке толмағанның тиiстi мiнез-құлқы мен оның қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз етуiн өзiне қабылдайтын жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады.
2. Кәмелетке толмағанды ата-анасының және басқа да адамдардың қарауына беру тек олардың жазбаша өтiнiшi бойынша ғана мүмкiн болады.
3. Қарауына қабылдау туралы қолхат алынып қойылған кезде ата-аналарға, қамқоршыларға, қорғаншыларға, арнаулы балалар мекемелерi әкiмшiлiгi өкiлдерiне кәмелетке толмаған сезiк келтiрiлген немесе ол айыпталған қылмыстық сипаты туралы және қарауына алу жөніндегі өздерiне қабылданған мiндеттерiн бұзған жағдайдағы олардың жауаптылығы туралы хабардар етiледi.
4. Қарауына кәмелетке толмаған берiлген адамдарға олар қабылдаған мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда осы Кодекстiң 145-бабының бесiншi бөлiгiнде және 160-бабында көзделген жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн.
148-бап. Кепiл
1. Кепiл сезiктiнiң, айыпталушының өзi не басқа жеке немесе заңды тұлға соттың депозитiне сезiктi, айыпталушы анықтау, тергеу органдарына немесе сотқа олардың шақыруы бойынша келуi жөніндегі мiндеттерiн орындауын қамтамасыз етуге енгiзетiн ақшадан тұрады. Кепiл ретiнде прокурордың немесе соттың рұқсатымен басқа да бағалы заттар мен жылжымайтын мүлiк қабылдануы мүмкiн. Кепiлдiң бағалылығын дәлелдеу кепiл берушiге жүктеледi. Кепiлдiң сомасын айыптаудың ауырлығын, сезiктiнiң, айыпталушының жеке басын, кепiл берушiнiң мүлiктiк жағдайын ескере отырып, осы бұлтартпау шарасын таңдаған адам белгiлейдi. Аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған адамдарға қатысты кепiл қабылданбайды.
2. Кепiл прокурордың санкциясымен не соттың шешiмi бойынша ғана қабылданады.
3. Кепiлдiң мөлшерi: шағын ауырлықты қылмыс жасағандығына айыпталуы кезiнде - айлық есептiк көрсеткiштiң жүз еселенген мөлшерiнен; орта ауырлықтағы байқаусызда жасалған қылмысқа айыпталуы кезiнде - айлық есептiк көрсеткiштiң үш жүз еселенген мөлшерiнен; орташа ауырлықтағы қасақана қылмыс жасағандығына айыпталуы кезiнде айлық есептiк көрсеткiштiң бес жүз еселенген мөлшерiнен; ауыр қылмыс жасағандығына айыпталуы кезiнде - айлық есептiк көрсеткiштiң мың еселенген мөлшерiнен кем болмайды.
4. Кепiл берушiге, егер оның өзi сезiктi немесе айыпталушы болмаса, оған қатысты осы бұлтартпау шарасы қолданылатын адамның айыбының мәнi түсiндiрiледi. Кепiлдiң қабылданғандығы туралы сезiктiге, айыпталушыға осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мiндеттерi түсiндiрiлгендiгi, ал кепiл берушiге сезiктi, айыпталушы шақыру бойынша келуден жалтарған жағдайда кепiл мемлекеттiң кiрiсiне айналатындығы туралы ескертiлгендiгi атап өтiлген хаттама жасалады. Хаттамаға осы бұлтартпау шарасын таңдап алған лауазымды адам, сезiктi, айыпталушы, сондай-ақ басқа адам болса кепiл берушi қол қояды. Соттың депозитiне кепiл енгiзiлгендiгi туралы хаттама мен құжат iстiң материалдарына қосылады, ал кепiл берушiге хаттаманың көшiрмесi тапсырылады.
5. Сезiктi, айыпталушы қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келмеген жағдайда бұлтартпау шарасы неғұрлым қатаңырақ етiп өзгертiледi.
6. Осы баптың бесiншi бөлiгiнде көрсетiлген жағдайда прокурор сотқа кепiлдi мемлекеттiң кiрiсiне айналдыру туралы ұсыныс жолдайды. Сот кепiл берушi жоғары тұрған сотқа шағымдануы мүмкiн болатын тиiстi шешiм қабылдайды.
7. Қалған жағдайларда сот iстi тоқтату туралы үкiм немесе қаулы шығарған кезде кепiлдi кепiл берушiге қайтару туралы мәселенi шешедi.
8. Қылмыстық iс алдын ала тергеуде тоқтатылған кезде кепiл анықтау немесе алдын ала тергеу органының қаулысы бойынша кепiл берушiге қайтарылады.
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 149-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
149-бап. Үйде қамап ұстау
1. Үйде қамап ұстау сезiктiге, айыпталушыға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауға мүмкiндiк беретiн шарттар болған, бiрақ адамды толықтай оқшаулау қажет бола қоймайтын немесе жасы, денсаулық жағдайы, отбасылық жағдайы және басқа да мән-жайлар ескерiле отырып, дұрыс емес деп ұйғарылған кезде осы Кодекстiң 150-бабында көзделген тәртiппен соттың санкциясымен қолданылады.
2. Бұлтартпаудың аталған шарасын таңдау туралы қаулыда қамауға алынған адамға қолданылатын бостандығын нақты шектеу және белгiленген шектеулердiң сақталуына қадағалауды жүзеге асыру жүктелген орган немесе лауазымды адам көрсетiледi. Қамап ұсталатын адамға белгiлi бiр адамдармен қарым-қатынас жасауға, хат-хабар алуға және жөнелтуге, кез келген байланыс құралдарын пайдалану арқылы сөйлесуге тыйым салынуы, сондай-ақ тұрғын үйден шығуға шектеу белгiленуi мүмкiн. Қамап ұсталатын адамның тұрғылықты жерi күзетiлуi мүмкiн. Қажет болған кезде оның мiнез-құлқын қадағалау белгiленедi.
3. Үйде қамауда ұстаудың мерзiмi, оны ұзартудың және оған шағымданудың тәртібі осы Кодекстiң 110, 153-баптарында және 496-499 белгiленген ережелермен айқындалады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұрынғы ред. қара) Заңдарымен 150-бап өзгертілді; 2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 150-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
150-бап. Қамауға алу
1. Қамауға алу бұлтартпау шарасы ретінде соттың санкция беруімен ғана және заңмен екі жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қасақана қылмыстар жасаған деп және заңмен үш жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген абайсызда қылмыстар жасаған деп айыпталушыға, сезіктіге қатысты ғана қолданылады. Ерекше жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы заңмен екі жылдан аспайтын мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмыстар туралы істер бойынша айыпталушыға, сезіктіге қатысты, егер:
1) оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жері болмаса;
2) оның жеке басы анықталмаса;
3) ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын бұзса;
4) ол қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға тырысса немесе жасырынса, қолданылуы мүмкін.
2. Прокурор, тергеуші, анықтау органы қамауға алуды бұлтартпау шарасы ретінде таңдау қажет болған кезде сот алдында қамауға алуға санкция беру туралы өтінішпен іс қозғау туралы қаулы шығарады. Қаулымен бірге өтініштің негізділігін растайтын қылмыстық істің материалдары қоса беріледі.
Егер өтініш осы Кодекстің 132 және 134-баптарындағы негіздерде және тәртіппен ұсталған сезіктіге қатысты қозғалса, аталған қаулы мен материалдар ұстау мерзімі аяқталғанға дейін он сегіз сағаттан кешіктірілмей прокурорға табыс етілуге тиіс.
3. Айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы тергеушінің немесе анықтау органының өтінішін қолдау туралы мәселені шешу кезінде прокурор күзетпен ұстауға негіздерді қамтитын барлық материалдармен танысуға міндетті және айыпталушыдан, сезіктіден жауап алуға құқылы. Прокурор табыс етілген барлық материалдарды зерделеп, заңда көзделген негіздер болған кезде және неғұрлым жеңіл бұлтартпау шарасын таңдау жолымен осы Кодекстің 139-бабында көзделген зардаптарды жою мүмкіндігі болмаған жағдайда, тергеушінің немесе анықтау органының айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы өтінішін қолдау туралы қаулы шығарады. Өтінішті қолдаудан бас тартылған жағдайда, прокурор тергеушінің немесе анықтау органының айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы өтінішін қолдаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Прокурор өтінішті қолдаудан бас тартқан кезде айыпталушы, сезікті күзетпен ұстаудан дереу босатылуға тиіс.
Тергеушінің немесе анықтау органының айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы өтінішін қолдаудан бас тарту және күзетпен ұстаудан босату туралы прокурордың қаулысына тергеуші, анықтау органы не өздерінің немесе берілетін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылар жоғары тұрған прокурорға осы Кодекстің 109-бабының тәртібімен шағым жасай алады.
4. Тергеушінің, анықтау органының қамауға алуға санкция беру туралы өтінішін қолдау туралы прокурордың қаулысын, сондай-ақ оның негізділігін растайтын материалдарды прокурор ұстау мерзімі аяқталғанға дейін он екі сағаттан кешіктірмей сотқа табыс етуге тиіс.
Судья қажет болған жағдайда қылмыстық істі сұратуға құқылы.
5. Қамауға алуға санкция беру құқығы аудандық және оған теңестірілген соттың судьяларына, ал осы Кодекстің 110-бабы төртінші бөлігінің 3) тармағында көзделген жағдайларда - облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі.
6. Қылмыстық қудалау органының айыпталушыны, сезіктіні қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішпен іс қозғау туралы прокурор қолдаған қаулысы алдын ала тергеу ісі жүргізілген жер бойынша не сезіктінің ұсталған жері бойынша сот отырысында айыпталушының, сезіктінің, прокурордың және қорғаушының қатысуымен материалдар сотқа түскен кезден бастап сегіз сағат ішінде аудандық немесе оған теңестірілген сот судьясының жеке-дара қарауына жатады. Сот отырысына айыпталушының, сезіктінің заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі және өкілі де қатысуға құқылы. Процеске қатысушыларға сот отырысының орны мен уақыты туралы сот уақтылы хабарлаған жағдайда олардың сотқа келмей қалуы сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
7. Қамауға алуға санкция беруге байланысты мәселелерді шешу кезінде сот аталған бұлтартпау шарасын таңдау кезінде ескерілетін мән-жайларға қатысты істің материалдарын зерделеумен шектеледі.
8. Айыпталушы болмаған кезде қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішті соттың қарауына оған іздестіру жарияланған немесе ол Қазақстан Республикасынан тыс жерде болған және сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған кезде алдын ала тергеу органдарына келуден жалтарған жағдайларда ғана жол беріледі.
9. Судья отырыстың басында қандай өтініштің қаралуға жататынын хабарлайды, сот отырысына келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Содан кейін прокурор айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуды бұлтартпау шарасы ретінде таңдаудың қажеттілігін негіздейді, бұдан соң сот отырысына келген басқа да адамдар тыңдалады.
10. Судья айыпталушыны, сезіктіні қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішті қарап, айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы не қамауға алуға санкция беруден бас тарту туралы қаулы шығарады.
11. Соттың қаулысы қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішпен іс қозғаған қылмыстық қудалау органына, сондай-ақ прокурорға, айыпталушыға, сезіктіге, жәбірленушіге кідіріссіз жіберіледі және дереу орындалуға тиіс.
12. Қылмыстық қудалау органының нақ сол қылмыстық іс бойынша нақ сол бір адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішпен сотқа қайтадан жүгінуіне, судья аталған бұлтартпау шарасына санкция беруден бас тарту туралы қаулы шығарғаннан кейін, қамауға алу қажеттігін негіздейтін жаңа мән-жайлар туындаған кезде ғана мүмкін болады.
13. Егер сотталушы адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе сотта туындаса, сот бұл туралы шешімді тараптың өтініші бойынша немесе өз бастамасы бойынша қабылдайды, ол туралы қаулы шығарады.
14. Қылмыстық процесті жүргізуші орган айыпталушының, сезіктінің туыстарына қамауға алуды бұлтартпау шарасы ретінде қолданатыны жөнінде осы Кодекстің 138-бабында белгіленген тәртіппен хабарлауға міндетті.
15. Айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы немесе одан бас тарту туралы соттың қаулысына осы Кодекстің 110-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
16. Аудандық немесе оған теңестірілген соттың қамауға алуға санкция беруден бас тарту туралы қаулысының күші жойылған жағдайларда айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы мәселені облыстық немесе оған теңестірілген соттың қарауы осы Кодекстің 110-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
151-бап. Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған
сезiктiлер мен айыпталушыларды ұстау
Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiлер мен айыпталушылар тергеу изоляторларында ұсталады. Оларды ұстаудың тәртібі мен ережелерi заңдармен белгiленедi.
09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара); 2007.26.03. № 240-III (бұр. ред. қара); 2008.05.07. № 65-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 152-бап өзгертілді
152-бап. Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған
сезіктілерді, айыпталушылар мен сотталушыларды, ұсталғандарды ұстау
орындарында ұстау
Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiнi, айыпталушыны, сотталушыны тергеу изоляторларына әкелу жердiң шалғайлығына немесе тиiстi қатынас жолдарының болмауына байланысты мүмкiн болмаған жағдайда мұндай адамдар прокурордың , судьяның қаулысы бойынша, сондай-ақ прокурор, оның орынбасары бекіткен анықтаушының немесе тергеушiнiң қаулысы бойынша отыз тәулiкке дейiн уақытша ұстау изоляторларында ұсталады. Осындай тәртiппен ол адамда тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу немесе iстi соттың қарауы үшiн аталған мерзiмге тергеу изоляторларынан уақытша ұстау изоляторларына ауыстырылуы мүмкiн. Мұндай адамдарды қамауда ұстаудың тәртібі мен шарттары заңдармен айқындалады.
Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiнi, айыпталушыны , сотталушыны тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу үшiн бiр тергеу изоляторынан басқа тергеу изоляторына ауыстыру (этаптау) прокурордың , судьяның қаулысы бойынша немесе анықтаушының, тергеушiнiң прокурор бекіткен қаулысы бойынша жүзеге асырылады.
09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ; 2007.26.03. № 240-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 153-бап өзгертілді; 2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 153-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
153-бап. Қамауға алудың мерзімдері, оларды ұзарту тәртібі
1. Іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде қамауға алудың мерзімі, осы Кодексте көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, екі айдан аспауға тиіс.
2. Тергеуді екі айға дейінгі мерзімде аяқтау мүмкін болмаған жағдайда және бұлтартпау шарасын өзгерту немесе оның күшін жою үшін негіздер болмаған кезде бұл мерзімді тергеушінің аудандық (қалалық) прокурормен және оған теңестірілген өзге де прокурорлармен келісілген дәлелді өтініші бойынша аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы - үш айға дейін, ал тергеушінің облыс прокурорымен және оған теңестірілген прокурорлармен және олардың орынбасарларымен келісілген дәлелді өтініші бойынша аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы - алты айға дейін ұзартуы мүмкін.
3. Қамауға алуды алты айдан астам мерзімге ұзартуды тек істің ерекше күрделілігіне орай тергеу бөлімі бастығының облыс прокурорымен және оған теңестірілген прокурорлармен келісілген дәлелді өтініші бойынша аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы - тоғыз айға дейін жүзеге асыруы мүмкін.
4. Қамауға алуды тоғыз айдан астам мерзімге ұзартуға ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін айыпталушы адамдарға қатысты ерекше жағдайларда тергеу бөлімі бастығының облыс прокурорымен және оған теңестірілген прокурорлармен келісілген дәлелді өтініші бойынша аудандық және оған теңестірілген сот судьясының он екі айға дейін ұзартуына жол беріледі. Қамауға алуды тоғыз айдан астам мерзімге ұзарту туралы мәселе облыс прокуратурасының және оған теңестірілген прокуратураның алқасында алдын ала қаралады.
5. Қамауға алу мерзімін бұдан әрі ұзартуға жол берілмейді, қамауға алынған айыпталушы дереу босатылуға тиіс. Қамауға алу мерзімі айыпталушыға айып тағылған қылмысты жасағандығы үшін қылмыстық заңда көзделген бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзімінен аспауға тиіс.
6. Қамауға алу мерзімін үш айға дейін ұзарту туралы өтініш аудандық (қалалық) прокурорға және оған теңестірілген өзге де прокурорларға қамауға алу мерзімі аяқталғанға дейін он тәуліктен кешіктірілмей келісім беру үшін табыс етіледі және прокурор өтініш келіп түскен кезден бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде қарайды.
7. Қамауға алуды үш айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтініш келісім беру үшін прокурорға қамауға алу мерзімі аяқталғанға дейін он бес тәуліктен кешіктірілмей табыс етіледі және прокурор ол келіп түскен кезден бастап бес тәуліктен аспайтын мерзімде қарайды.
8. Қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішті қарап, прокурор келісімін білдіреді және оны қамауға алу мерзімін ұзартудың негізділігін дәлелдейтін қылмыстық істің материалдарымен бірге тиісті сотқа кідіріссіз жолдайды не өтінішке жазбаша қарар жазып, келісім беруден дәлелді түрде бас тартады. Прокурор қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішті қолдамаған жағдайда айыпталушы қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін дереу босатылуға тиіс.
9. Қамауға алу мерзімін үш айға дейін ұзарту туралы өтініш сотқа - қамауға алу мерзімі аяқталғанға дейін жеті тәуліктен кешіктірілмей, қамауға алуды үш айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтініш он тәуліктен кешіктірілмей табыс етіледі.
10. Қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтініш судьяның жеке-дара қарауына жатады. Сот отырысына міндетті түрде прокурор қатысады. Отырысқа айыпталушының қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі және өкілі де қатыса алады, олардың шағымды, наразылықты қарау уақыты туралы уақтылы хабарланған кезде келмей қалуы оларды сотта қарауға кедергі келтірмейді.
11. Судья отырыстың басында қандай өтініштің қаралуға жататынын хабарлайды, келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, содан кейін енгізілген өтініш бойынша қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қалдыру қажеттігіне қатысты тараптардың дәлелдемелерін тыңдай келіп, мынадай:
1) айыпталушыны қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішті қанағаттандыру туралы;
2) айыпталушыны қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тарту және бұлтартпау шарасының күшін жою немесе қатаң еместеуіне өзгерту және айыпталушыны күзетпен ұстаудан босату туралы қаулылардың бірін шығарады.
12. Қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішті аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы өтініш келіп түскен күннен бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде қарауға тиіс.
13. Күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы айыпталушыны қамауға алу мерзімі аяқталғанға дейін жиырма төрт сағаттан кешіктірмей қылмыстық іс жүргізуінде жатқан органға немесе адамға, сондай-ақ прокурорға ол туралы хабарлауға міндетті. Егер бұлтартпау шарасы ретінде заңмен белгіленген қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін айыпталушыны босату туралы не бұлтартпау шарасы ретінде оны қамауға алу мерзімін ұзарту туралы тиісті шешім келіп түспесе, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы оны өзінің қаулысымен босатып, оның көшірмесін жиырма төрт сағаттың ішінде қылмыстық іс жүргізуінде жатқан органға немесе адамға және прокурорға жібереді.