мақсаты мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мақсаты еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастарды еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, еңбек саласындағы құқықтар мен бостандықтардың ең төмен кепілдіктерін белгілеуге бағытталған құқықтық реттеу болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының міндеттері еңбек қатынастары тараптары мүдделерінің теңгеріміне, экономикалық өсуге қол жеткізуге, өндіріс тиімділігі мен адамдардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қажетті құқықтық жағдайлар жасау болып табылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының
принциптері
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының принциптері:
1) адам мен азаматтың еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне жол бермеу;
2) еңбек бостандығы;
3) кемсітушілікке, мәжбүрлі еңбекке және балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу;
4) қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайларына құқықты қамтамасыз ету;
5) өндірістік қызмет нәтижелеріне қатысты алғанда қызметкердің өмірі мен денсаулығының басымдығы;
6) еңбегі үшін жалақының ең төменгі мөлшерінен кем емес, әділетті сыйақыға құқығын қамтамасыз ету;
7) тынығу құқығын қамтамасыз ету;
8) қызметкерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі;
9) қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өздерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін бірігу құқығын қамтамасыз ету;
10) әлеуметтік әріптестік;
11) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін мемлекеттік реттеу;
12) қызметкерлер өкілдерінің Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру құқығын қамтамасыз ету болып табылады.
5-бап. Еңбек саласындағы құқықтардың шектелуіне
жол бермеу
Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайлар мен тәртіптен басқа, ешкімнің де еңбек саласындағы құқықтарына шек қойылмайды.
6-бап. Еңбек бостандығы
Әркімнің де еңбекті еркін таңдауға немесе еңбекке қандай да болмасын кемсітушіліксіз және мәжбүрлеусіз еркін келісуге құқығы, өзінің еңбекке қабілеттілігіне иелік етуге, кәсіп және қызмет түрін таңдауға құқығы бар.
7-бап. Еңбек саласындағы кемсітушілікке тыйым салу
1. Әркімнің де еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандығын іске асыруға тең мүмкіндіктері бар.
2. Ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, дене кемістіктеріне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік, әлеуметтік және лауазымдық жағдайына, тұратын жеріне, дінге көзқарасына, саяси сеніміне, руға немесе текке-топқа, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды.
3. Еңбектің осы түріне тән талаптармен айқындалатын не әлеуметтік және құқықтық басымдықпен қорғалуға мұқтаж адамдар жөнінде мемлекеттің ерекше қамқорлығынан туындаған өзгешеліктер, ерекшеліктер, артықшылықтар мен шектеулер кемсітушілік болып табылмайды.
4. Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де орындарға жүгінуге құқылы.
2009.29.04. № 154-IV ҚР Заңымен 8-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
8-бап. Мәжбүрлі еңбекке тыйым салу
Мәжбүрлі еңбекке тыйым салынған.
Мәжбүрлі еңбек, мынадай жұмыстарды:
жұмыс мемлекеттік органдардың қадағалауымен және бақылауымен жүргізілетін және жұмысты орындайтын адам жеке және (немесе) заңды тұлғалардың билігіне берілмейтін немесе тапсырылмайтын жағдайда қандай да бір адамнан соттың заңды күшіне енген үкіміне байланысты талап етілетін;
төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында талап етілетін жұмыстарды қоспағанда, қандай да бір адамнан қандай да бір жаза қолдану қаупімен талап етілетін, оны орындау үшін бұл адам ерікті түрде өз қызметін ұсынбаған кез келген жұмысты немесе қызметті білдіреді.
9-бап. Осы Кодекстің қолданылу аясы
1. Осы Кодекс:
1) еңбек;
2) еңбек қатынастарына тікелей байланысты;
3) әлеуметтік әріптестік;
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қатынастарды реттейді.
2. Осы Кодекс, егер заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе:
1) қызметкерлерге, оның ішінде мүлкінің меншік иелері, қатысушылары немесе акционерлері шетелдік жеке немесе заңды тұлғалар болып табылатын, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан ұйымдардың қызметкерлеріне;
2) жұмыс берушілерге, оның ішінде мүлкінің меншік иелері, қатысушылары немесе акционерлері шетелдік жеке немесе заңды тұлғалар болып табылатын, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан ұйымдарға қолданылады.
3. Қызметкерлердің жекелеген санаттарының еңбегін құқықтық реттеудің ерекшеліктері осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының заңдары осы Кодексте белгіленген құқықтар, бостандықтар мен кепілдіктер деңгейін төмендетпеуге тиіс.
10-бап. Еңбек шарттары, әлеуметтік әріптестік
тараптарының келісімдері, ұжымдық шарттар, жұмыс
берушінің еңбек саласындағы актілері
1. Еңбек қатынастары, сондай-ақ еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастар еңбек шартында, жұмыс берушінің актісінде, келісімде және ұжымдық шартта реттеледі.
2. Әлеуметтік әріптестік тараптары келісімдерінің, ұжымдық шарттың, еңбек шартының, жұмыс беруші актілерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда қызметкерлердің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады.
3. Келісімдердің, ұжымдық шарттың, еңбек шартының талаптары біржақты тәртіппен өзгертілмейді.
11-бап. Жұмыс берушінің актілері
1. Жұмыс беруші осы Кодекске және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, еңбек шартына, келісімдерге, ұжымдық шартқа сәйкес өз құзыреті шегінде актілер шығарады.
2. Жұмыс беруші осы Кодексте, ұжымдық шартта көзделген жағдайларда, қызметкерлер өкілдерінің келісімі бойынша немесе пікірін ескере отырып, актілер шығарады.
3. Жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының еңбек заңдарымен, ұжымдық шартпен, келісімдермен салыстырғанда қызметкерлердің жағдайын нашарлататын не осы баптың 2-тармағында көрсетілген рәсімдер сақталмай шығарылған актілері жарамсыз болып табылады.
12-бап. Жұмыс берушінің актілерін шығару кезінде
қызметкерлер өкілдерінің пікірін ескеру немесе
олармен келісу тәртібі
1. Жұмыс беруші осы Кодексте, келісімдерде, ұжымдық шартта көзделген жағдайларда қызметкерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып немесе олармен келісе отырып актілер шығарады.
2. Актіні шығарар алдында жұмыс беруші оның жобасын және ол бойынша негіздемені осы Кодекстің 266-бабына сәйкес құрылған комиссияға ұсынады.
3. Жұмыс беруші актісінің жобасы табыс етілген күннен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде комиссияда талқыланады.
4. Комиссияның шешімдері хаттамамен ресімделеді, онда қызметкерлер өкілдерінің жұмыс беруші актісінің жобасымен келісетіні (келіспейтіні) көрсетіледі, олардың ұсыныстары болса жазылады.
5. Егер қызметкерлер өкілдерінің пікірінде жұмыс беруші актісінің жобасына келісім болмаған не оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар болған жағдайда, жұмыс беруші:
1) келіскен жағдайда қызметкерлер өкілдерінің ұсыныстары ескеріле отырып өзгертілген акт шығарады;
2) келіспеген жағдайда қызметкерлер өкілдерімен қосымша консультациялар өткізуге не олар ұсынған редакциядағы актіні шығаруға құқылы.
6. Шығару үшін осы Кодекске сәйкес қызметкерлер өкілдерінің келісімі қажет болатын жұмыс беруші актілерінің жобалары бойынша келісімге келмеген жағдайда, туындаған келіспеушіліктер хаттамамен ресімделеді, осыдан кейін жұмыс беруші нормативтік актіні қабылдауға құқылы.
7. Жұмыс беруші ұсыныстарды толығымен не бір бөлігін ескермей акт шығарған кезде қызметкерлер өкілдері осы Кодексте көзделген тәртіппен ұжымдық еңбек дауы рәсімін бастауға құқылы.
8. Егер жұмыс берушінің шығарған актісінде қызметкерлердің осы Кодексте, еңбек шартында, ұжымдық шартта, келісімдерде көзделген құқықтары мен кепілдіктерін бұзатын не нашарлататын ережелер болған жағдайда, оған еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның тиісті мемлекеттік еңбек инспекциясына не сотқа шағым жасауға болады.
13-бап. Осы Кодексте белгіленген мерзімдерді есептеу
1. Осы Кодексте, еңбек шартында немесе ұжымдық шартта, келісімдерде белгіленген мерзім күнтізбелік күнмен, жылдармен, айлармен, апталармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңінің аяқталуымен айқындалады. Мерзім басталуға тиіс оқиғаны көрсетумен де айқындалуы мүмкін.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда мерзім жұмыс күндерімен есептеледі.
3. Уақыт кезеңімен айқындалатын мерзімнің ағымы оқиғаның басталуы белгіленген күнтізбелік күннен кейінгі күні басталады.
4. Жылдармен, айлармен, апталармен есептелетін мерзімдер соңғы жылдың, айдың, аптаның тиісті күндері бітеді. Егер айлармен есептелетін мерзімнің бітуі тиісті күні жоқ айға келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күні бітеді. Күнтізбелік апталармен немесе күндермен есептелетін мерзімге жұмыс күні емес күндер де қосылады.
5. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, мерзімнің соңғы күні жұмыс күні емес күнге келсе, онда одан кейінгі бірінші жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып есептеледі.
14-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын
бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
2-тарау.
МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН
РЕТТЕУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТІ
15-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің еңбек
қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың әзірленуін және орындалуын ұйымдастырады;
3) 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында ақпарат беру және мемлекеттік статистика жүргізу тәртібін айқындайды;
5) шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін белгілейді;
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
6) еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерін, оны тағайындау және төлеу тәртібін айқындайды;
7) екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауру түрлерінің тізбесін бекітеді;
8) орташа жалақыны есептеудің бірыңғай тәртібін белгілейді;
9) Акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың басшы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы беру шарттары туралы үлгілік ережені бекітеді;
10) азаматтық қызметке орналасу және азаматтық қызметшінің бос лауазымына тұруға конкурс өткізу тәртібін айқындайды;
11) азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізбесін айқындайды;
12) жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен және қызметкерлердің республикалық бірлестіктерімен бас келісім жасасады;
13) тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау тәртібін белгілейді;
14) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін бекітеді;
15) ұйымда кадрларды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қойылатын жалпы талаптарды айқындайды;
16) салалық келісімдерде айқындалатын салалық арттырушы коэффициенттерді бекітеді;
17) бес адамнан көп адам қаза тапқан кезде топтық жазатайым оқиғаларды тергеуге комиссия құрады.
16-бап. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның
еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті
Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
1) еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) қызметтің барлық салаларына арналған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға қойылатын жалпы талаптарды белгілейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін қабылдайды;
3) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады;
4) мемлекеттік органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі қызметін үйлестіреді;
5) еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету саласында басқа мемлекеттік органдармен, сондай-ақ қызметкерлердің және жұмыс берушілердің өкілдерімен үйлестіруді және өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
6) еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау тәртібін белгілейді;
7) еңбек жөніндегі үлгілік нормалар мен нормативтерді ауыстыру және қайта қарау тәртібін белгілейді;
8) көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдарда еңбек нормаларын ұсыну, қарау және келісу тәртібін белгілейді;
9) көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдар қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі бойынша параметрлерді ұсыну, қарау және келісу тәртібін белгілейді;
10) облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейінде жасалған салалық келісімдер мен өңірлік келісімдерді тіркеуді жүзеге асырады;
11) мемлекеттік еңбек инспекторларын оқытуды және аттестаттауды жүргізеді;
12) өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексерудің уақтылы және объективті жүргізілуін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бақылауды жүзеге асырады;
13) еңбек қатынастарын реттеу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
14) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау проблемалары жөніндегі зерттеу бағдарламаларын әзірлейді;
15) жұмыс берушінің қаражаты есебінен қызметкерлерге сүт, емдік-профилактикалық тағам, арнаулы киім, арнаулы аяқ киім және басқа да жеке қорғану құралдарын беру тәртібі мен нормаларын әзірлеп, бекітеді, сондай-ақ қызметкерлерді ұжымдық қорғану құралдарымен, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету тәртібін белгілейді;
16) анықтамалықтарды, біліктілік сипаттамаларын әзірлеу, қайта қарау, бекіту және қолдану тәртібін айқындайды;
17) экономикалық қызметтің әрқилы түрдегі ұйымдарының басшылары, мамандары мен басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын қарайды және келіседі;
18) тиісті қызмет салаларындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың еңбек жөніндегі үлгілік нормалар мен нормативтерді бекіту тәртібін айқындайды;
19) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша он сегіз жасқа толмаған қызметкерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін, он сегіз жасқа толмаған қызметкерлердің ауыр заттарды тасуы мен жылжытуының шекті нормаларын айқындайды;
20) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін, әйелдердің ауыр заттарды қолмен көтеруінің және жылжытуының шекті нормаларын айқындайды;
21) еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімін, ауыр жұмыстардың, жұмыстардың тізбесін айқындайды;
22) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында мониторингті және тәуекелді бағалауды ұйымдастырады;
23) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау тәртібін белгілейді;
24) Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ережені бекітеді.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен мазмұн 25) тармақшамен толықтырылды
25) «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық статистикалық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді.
17-бап. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның
аумақтық бөлімшелерінің еңбек қатынастарын
реттеу саласындағы құзыреті
Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері:
1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2) жұмыс берушілер табыс еткен ұжымдық шарттардың мониторингін жүзеге асырады;
3) өндірістік жарақаттанудың, кәсіптік аурулардың, кәсіптік уланулардың себептеріне талдау жүргізеді және олардың алдын алу жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
4) өндірістегі жазатайым оқиғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тексереді;
5) басшы қызметкерлердің және жұмыс берушілерде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдардың білімін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен ережелерге сәйкес тексеруді жүргізеді;
6) өндірістік мақсаттағы объектілерді пайдалануға қабылдау жөніндегі қабылдау комиссиясының құрамына қатысады;
7) қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өкілетті өкілдерімен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормативтерін жетілдіру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;
8) қызметкерлердің, жұмыс берушілердің және олардың өкілдерінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі өтініштерін қарайды.
18-бап. Жергілікті атқарушы органдардың еңбек
қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті
Жергілікті атқарушы органдар:
1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмысшы күшін тартуға рұқсат береді;
2) жергілікті өкілді органның келісімімен ауылдық (селолық) жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт мамандары лауазымдарының тізбесін айқындайды;
3) қалалық, аудандық деңгейде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді жүзеге асырады;
4) халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарда (қоғамдық көлік, сумен, электр энергиясымен, жылумен қамтамасыз ететін ұйымдар) ереуіл өткізуді келіседі;
5) жұмыс берушілердің өңірлік бірлестіктерімен және қызметкерлердің өңірлік бірлестіктерімен өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) келісімдер жасайды;
6) көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) мемлекеттік реттеу енгізілетін ұйымдар қызметкерлерінің еңбек нормаларын және еңбегіне ақы төлеу жүйесінің параметрлерін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен қарайды және келіседі;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған халық санаттарын жұмысқа орналастыру үшін квота белгілейді.
3-тарау.
ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ СУБЪЕКТІЛЕРІ.
ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ТУЫНДАУ НЕГІЗДЕРІ
19-бап. Еңбек қатынастарының субъектілері
1. Қызметкер мен жұмыс беруші еңбек қатынастарының субъектілері болып табылады.
Шетелдік заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің басшысы осы заңды тұлға атынан жұмыс берушінің барлық құқықтарын жүзеге асырады және барлық міндеттерін орындайды.
2. Жеке және заңды тұлғалар нормативтік құқықтық актілер, сот шешімдері, сондай-ақ құрылтай құжаттары не сенімхат негізінде өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде қызметкерлердің немесе жұмыс берушінің мүдделерін білдіреді.
20-бап. Еңбек қатынастарының туындау негіздері
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастары қызметкер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес жасалған еңбек шартының негізінде туындайды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында, құрылтай құжаттарында, жұмыс берушінің актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен еңбек шартын жасау алдында:
1) лауазымға сайлану (сайлау);
2) тиісті лауазымға орналасуға конкурс бойынша сайлану;
3) лауазымға тағайындау немесе лауазымға бекіту;
4) заңда уәкілеттік берілген органдардың белгіленген квота есебіне жұмысқа жіберуі;
5) еңбек шартын жасасу туралы сот шешімін шығару рәсімдері болуы мүмкін.
21-бап. Белгіленген квота есебіне жіберілген
азаматтармен еңбек шартын жасасу
1. Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған халық санаттарын жұмысқа орналастыру үшін квота белгілейді.
2. Жұмысқа орналасу үшін жіберілген адамдардың біліктілігі жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келген жағдайда, жұмыс берушілер белгіленген квота шегінде олармен еңбек шартын жасасады.
22-бап. Қызметкердің негізгі құқықтары мен міндеттері
1. Қызметкердің:
1) осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда еңбек шартын жасасуға, өзгертуге, толықтыруға және бұзуға;
2) жұмыс берушіден еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарын орындауды талап етуге;
3) еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға;
4) еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғаудың жай-күйі туралы толық және дәйекті ақпарат алуға;
5) еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес уақтылы және толық көлемде жалақы төленуіне;
6) бос тұрып қалу үшін осы Кодекске сәйкес ақы алуға;
7) тынығуға, оның ішінде жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына;
8) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өз еңбек құқықтарының берілуі мен оларды қорғау үшін, кәсіподақ немесе басқа да бірлестіктер құру, сондай-ақ оларға мүшелік құқығын қоса алғанда, бірігуге;
9) өзінің өкілдері арқылы ұжымдық келіссөздерге қатысуға және ұжымдық шарт жобасын әзірлеуге, сондай-ақ қол қойылған ұжымдық шартпен танысуға;
10) осы Кодексте көзделген тәртіппен кәсіптік даярлықтан, қайта даярлықтан өтуге және өзінің біліктілігін арттыруға;
11) еңбек міндеттерін атқаруға байланысты денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда міндетті әлеуметтік сақтандырылуға;
13) кепілдіктерге және өтемақы төлемдеріне;
14) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға;
15) бірдей еңбегі үшін қандай да болмасын кемсітусіз бірдей ақы алуға;
16) еңбек дауын шешу үшін таңдауы бойынша келісім комиссиясына, сотқа жүгінуге;
17) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес жабдықталған жұмыс орнына;
18) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнамасында, сондай-ақ еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделген талаптарға сәйкес жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киіммен қамтамасыз етілуге;
19) өзінің денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін жағдай туындаған кезде, бұл туралы тікелей басшы немесе жұмыс берушінің өкілін хабардар ете отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға;
20) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес келмеуі себепті ұйымның жұмысы тоқтатыла тұрған уақытта орташа жалақысының сақталуына;
21) еңбек жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне өзінің жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жағдайларын тексеру туралы өтініш жасауға, сондай-ақ еңбек жағдайларын, қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды жақсартуға байланысты мәселелерді тексеру мен қарауға өкілдікпен қатысуға;
22) жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
23) біліктілігіне, еңбектің күрделілігіне, орындалған жұмыстың саны мен сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына сәйкес еңбегіне ақы төленуіне;
24) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және ұжымдық шартта көзделген нысандарда ұйымды басқаруға қатысуға;
25) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен, ереуілге құқықты қоса алғанда, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге құқығы бар.
2. Қызметкер:
1) еңбек міндеттерін еңбек шартына, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің актілеріне сәйкес орындауға;