Ақпараттандыру саласындағы ұлттық оператор туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1720 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 1 шілдедегі № 679 Қаулысымен күші жойылды
«Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы Ақпараттандыру саласындағы ұлттық оператор (бұдан әрі - Ұлттық оператор) болып белгіленсін.
2. Жүктелген функцияларды іске асыру үшін Ұлттық операторға мынадай өкілеттіктер берілсін:
1) ақпараттандыру саласындағы бірыңғай техникалық саясатты іске асыру мақсатында мемлекеттік органдардың инвестициялық жобалары мен бағдарламаларын жоспарлауға, қалыптастыруға және талдауға қатысу, сондай-ақ оларды дамытуға қатысу;
2) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылын, олардың әлемдік ақпараттық жүйелерге ықпалдасуын қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасының «электрондық үкіметі» инфрақұрылымының жобалық ықпалдастырушысы функциясын жүзеге асыру;
4) бағдарламалық-аппараттық құралдарға жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді, ұлттық электрондық ақпараттық ресурстар мен ұлттық ақпараттық жүйелерді енгізуді және оларды сүйемелдеуді жүзеге асыру, сондай-ақ осы мақсаттар үшін персоналды оқыту;
5) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қол жеткізуіне техникалық жағдай жасауды қамтамасыз ету;
6) Қазақстан Республикасы Үкіметінің интернет-ресурсы мен Қазақстан Республикасы «электрондық үкіметінің» веб-порталын құруды және техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары интернет-ресурстарының мониторингі;
7) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылының бірыңғай коммуникациялық ортасын құруға және оған техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге қатысу;
8) «электрондық үкімет» қалыптастыру кезінде мемлекеттік органдарға консультациялық және практикалық көмек көрсету;
9) Қазақстан Республикасының «электрондық үкіметін» қалыптастыру кезінде жобаларды басқару және техникалық сүйемелдеу функцияларын жүзеге асыру.
3. «Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы ұлттық операторы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 16 қаңтардағы № 44 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 1, 21-құжат) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |