Қазақстан Республикасының Заңы
Аралық соттар туралы
Осы редакция 2009 жылғы 4 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1-10 баптар)
2-тарау. Аралық соттың құрамы (11-16 баптар)
3-тарау. Аралық сотта дауды шешуге байланысты шығыстар (17-18 баптар)
4-тарау. Аралық сотта іс қарау (19-32 баптар)
5-тарау. Аралық соттың шешімі (33-44 баптар)
6-тарау. Аралық соттың шешімін орындау (45-48 баптар)
Осы Заң Қазақстан Республикасы аралық соттары құрылуының, қызметiнiң, сондай-ақ шешiмдерi орындалуының тәртібін реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заң, егер Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінде өзгеше белгiленбесе, жеке және заңды тұлғалар арасында жасалған азаматтық-құқықтық шарттардан туындаған дауларға қатысты қолданылады.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) аралық келісім - шарт тараптарының туындаған немесе туындауы мүмкiн дауды аралық соттың қарауына беру туралы жазбаша келісімi;
2) аралық сот - тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот немесе тараптар нақты дауды шешу үшiн құрған аралық сот (бұдан әрi - нақты дауды шешуге арналған аралық сот);
3) аралық сотта iс қарау - аралық сотта дауды қарау және аралық соттың шешiм қабылдау процесi;
4) аралық соттың регламентi - тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың қызметiн ұйымдастыру тәртібі;
5) аралық судья - аралық сотта дауды шешу үшiн осы Заңның нормаларына сәйкес тараптар сайлаған немесе тараптар келiскен тәртiппен тағайындалған жеке адам;
6) құзыреттi сот - Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес тиiстi шарт тараптары арасындағы дау туралы iстi бiрiншi сатыда қарауға уәкiлеттi Қазақстан Республикасы сот жүйесiнiң соты;
7) iскерлiк айналымның әдет-ғұрыптары - қандай да бiр құжатта тiркелгенi-тiркелмегенiне қарамастан, азаматтық-құқықтық шарттар саласында қалыптасқан және кеңiнен қолданылатын мiнез-құлық ережелерi.
3-бап. Қазақстан Республикасының аралық соттар
туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының аралық соттар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
4-бап. Аралық сотта iс қарау принциптерi
Аралық сотта iс қарау:
1) туындаған дау бойынша аралық сотта iс қарауды жүзеге асыру тәртібі мен талаптары мәселелерiн тараптардың өзара алдын ала келiсуi бойынша өз бетiнше шешуге құқығы бар екендiгiн бiлдiретiн тараптар еркiнiң дербестiгi;
2) аралық судьялар мен соттар өз шешiмдерiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы заңнамалық актілері мен өзге де нормативтiк құқықтық актілерінiң ғана нормаларын басшылыққа алатынын бiлдiретiн заңдылық;
3) аралық судьялар мен соттардың өздерiне берiлген дауларды шешу кезiнде тәуелсiз екенiн, шешiмдi оларға қандай да бiр ықпал етудi болғызбайтын жағдайларда қабылдайтынын бiлдiретiн тәуелсiздiк;
4) тараптардың аралық сотта iс қарауда бiрдей құқық көлемiн пайдаланатынын және бiрдей мiндеттер көлемiн мойнына алатынын, өз ұстанымын, оны қорғау тәсiлдерi мен құралдарын аралық соттан, басқа да органдар мен тұлғалардан дербес және тәуелсiз таңдауын бiлдiретiн жарыспалылығы мен тең құқылы болуы;
5) аралық судьялар мен соттар өздерiне берiлген дауларды шешу кезiнде және аралық сотта iс қараудың тараптары белгiленген талаптарды, қоғамның имандылық принциптерiн және iскерлiк әдеп ережелерiн сақтай отырып, адал әрекет етуге тиiс екенiн бiлдiретiн әдiлеттілік;
6) азаматтың тиiстi органға ақпаратты хабарлау мiндетi заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, аралық судьялардың аралық сотта iс қарау барысында белгiлi болған мәлiметтердi тараптардың немесе олардың құқық мирасқорларының келісімiнсiз жария етуге құқығы жоқтығын және аралық сотта iс қарау барысында өздерiне белгілi болған мәлiметтер туралы куәлар ретiнде олардан жауап алынбайтынын бiлдiретiн құпиялылық принциптерi сақтала отырып жүзеге асырылады.
5-бап. Аралық соттардың түрлерi
1. Қазақстан Республикасында аралық соттар тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот немесе нақты дауды шешуге арналған аралық сот түрінде құрылуы мүмкін.
2. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар және олардың бiрлестiктерi (қауымдастықтары, одақтары) құра алады.
Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотты құру үшiн осы тармақта көрсетiлген тұлғалар аралық соттың регламентiн, осы аралық сотта қызметтi жүзеге асыратын аралық судьялардың тiзiмiн бекiтуге тиiс.
3. Тараптар нақты дауды шешуге арналған аралық сотты өздерiнiң азаматтық-құқықтық шарттарынан туындаған дауды шешу үшiн құрады және осы дау шешiлгенге дейiн немесе тараптар дауды құзыреттi сотқа беру туралы шешiм қабылдағанға дейiн әрекет етедi.
Нақты дауды шешу үшiн құрылатын аралық сот қызметiнiң ұйымдастырылуы мен тәртібі тараптардың келісімiмен айқындалады.
4. Қазақстан Республикасында аралық соттар мемлекеттік органдар жанынан құрыла алмайды.
6-бап. Аралық соттың қызметiнде қолданылатын құқық
1. Аралық сот дауларды Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және өзге де нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес қарайды.
2. Аралық сот шешiмдi шарттың талаптарына сәйкес және iскерлiк айналымның әдет-ғұрыптарын ескере отырып қабылдайды.
3. Даулы қатынастарды реттейтiн құқық нормалары болмаған жағдайда, аралық сот ұқсас құқық қатынастарын реттейтiн құқық нормаларын қолданады, ал мұндай нормалар болмаған кезде, дауды заңдардың жалпы бастаулары мен мағынасын негiзге алып шешедi.
7-бап. Дауды аралық соттың шешуiне беру
1. Тараптар арасында жасалған аралық келісім болған кезде, дау аралық соттың қарауына берiлуi мүмкiн.
2. Тараптар өздерiнiң арасында қандай да бiр нақты құқық қатынастарына байланысты туындаған немесе туындауы мүмкiн дауларға қатысты аралық келісім жасасуы мүмкiн.
3. Егер мұндай келісім талап-арыз беру үшiн негiздер туындағаннан кейiн жасалған болса, тараптардың бipeуi талаптарын формулярларда немесе өзге де стандартты нысандарда айқындаған және басқа тарап ұсынылған шартқа тұтастай қосылу жолымен (қосылу шарты) қабылдауы мүмкiн шарт бойынша дауды шешу туралы аралық келісімнiң күшi болады.
4. Құзыреттi соттың қарауындағы дауға қатысты аралық келісім аталған сот дау бойынша шешiм қабылдағанға дейiн жасалуы мүмкiн.
5. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiң, мемлекеттік кәсiпорындардың, кәмелетке толмаған адамдардың, заңда белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамдардың, аралық келісімге қатысушылар болып табылмайтын адамдардың мүдделерiн қозғайтын даулар, табиғи монополиялар субъектiлерiнiң, тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтер нарығында үстем жағдайға ие болып отырған субъектiлердiң көрсетiлетiн қызметтердi ұсыну, жұмыстарды орындау, тауарларды өндiру туралы шарттардан туындаған, сондай-ақ банкроттық туралы iстер жөніндегі даулар аралық соттардың ведомстволық қарауына жатпайды.
8-бап. Аралық соттың қызметiне араласуға жол
берiлмеушiлiк
Мемлекеттік органдардың және өзге де мекемелердiң аралық соттың қызметiне араласуына, бұл Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жол берiлмейдi.
9-бап. Аралық сотта iс қарау тілі
1. Аралық соттарда iс жүргiзу мемлекеттік тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған кезде тараптардың келісімi бойынша орыс тілі немесе өзге де тiлдер мемлекеттік тiлмен тең қолданылады.
2. Тараптар аралық сотта iс қарау тілі туралы келісімге қол жеткiзбеген жағдайда, аралық сотта iс қарау тілін аралық сот белгiлейдi.
3. Аралық сотта iс қарау жүргiзiлiп отырған тiлдi меңгермеген iске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы iс материалдарымен танысу, аралық соттың iс-әрекетiне қатысу құқығы, аралық сотта ана тілінде сөйлеу құқығы қамтамасыз етiледi.
4. Құжаттар мен өзге де материалдарды аралық сотта iс қарау тілінде ұсынбаған тарап олардың аудармасын қамтамасыз етедi.
5. Құжаттар мен өзге де материалдар iске қатысушы адамдарға олардың ана тiліндегі немесе олар бiлетiн басқа тiлдегi аудармасында табыс етiледi.
10-бап. Аралық келісімнiң нысаны және мазмұны
1. Аралық келісім жазбаша нысанда жасалады. Аралық келісім, егер тараптар қол қойған, не хаттар, телетайп, телеграф арқылы хабарлар алмасу жолымен немесе мұндай келісімнiң тiркелгенiн қамтамасыз ететiн электрондық немесе өзге де байланыстың басқа да құралдарын пайдалана отырып жасалған құжатта болса, жазбаша нысанда жасалған болып есептеледi.
2. Дауды аралық соттың шешуiне беру туралы талап қамтылған құжатқа шарттағы сiлтеме шарт жазбаша нысанда жасалған және осы сiлтеме аралық келісімдi шарттың бiр бөлiгі жасайтын жағдайда, аралық келісім болып табылады.
3. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда дауды тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотқа беру кезiнде тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентi аралық келісімнiң ажырамас бөлiгі ретiнде қаралады.
4. Аралық келісімнiң қолданылуы тараптардың келісімiмен ол жасалған тәртiппен тоқтатылуы мүмкiн.
2-тарау. Аралық соттың құрамы
11-бап. Аралық соттардың судьяларына қойылатын талаптар
1. Қажеттi білімге ие, жоғарғы білімi бар, жиырма бес жасқа толған және аралық судьяның мiндеттерiн орындауға келісім берген, тараптардан тәуелсiз және iстiң нәтижесiне мүдделi емес жеке адам аралық судья болып сайлануы (тағайындалуы) мүмкiн.
2. Дауды жеке-дара шешетiн аралық судьяның жоғары заңгерлiк білімi және заңгерлiк мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы болуға тиiс. Дау алқалы түрде шешiлетiн жағдайда аралық сот құрамы төрағасының жоғары заңгерлiк білімi болуға тиiс.
3. Аралық судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарды тараптар тiкелей соттың құрамын түзу кезiнде айқындайды немесе олар тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттардағы ережелермен (регламенттермен) айқындалады.
4. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен - құзыреттi соттың судьясы болып сайланған немесе тағайындалған;
2) заңда белгiленген тәртiппен сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған;
3) соттылығы алынбаған немесе өтелмеген не қылмыс жасады деп айып тағылған;
4) мемлекеттік қызметшi болып табылатын адам аралық судья бола алмайды.
12-бап. Аралық судьялардың дауды қарау кезіндегі саны
1. Тараптар аралық судьялардың санын белгiлеуге құқылы, олардың саны тақ болуға тиiс.
2. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда дауды аралық сотта шешу үшiн үш аралық судья сайланады (тағайындалады).
13-бап. Аралық соттың құрамы
1. Аралық соттың құрамын түзу аралық судьяларды (аралық судьяны) сайлау (тағайындау) арқылы жүргiзiледi.
2. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотта аралық соттың құрамын түзу тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
3. Аралық сотта нақты дауды шешуге арналған аралық соттың құрамын түзу тараптармен келісілген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда нақты дауды шешуге арналған аралық соттың құрамын түзу мынадай тәртiппен жүргiзiледi:
1) үш аралық судьядан тұратын аралық соттың құрамын түзу кезiнде әр тарап бiр аралық судьяны сайлайды, ал осылай сайланған екi аралық судья үшiншi аралық судьяны сайлайды.
Егер тараптардың бiрi басқа тараптан бұл туралы өтiнiш алғаннан кейiн он бес күн iшiнде аралық судьяны сайламаса немесе сайланған екi судья өздерi сайланғаннан кейiн он бес күн iшiнде үшiншi аралық судьяны сайламаса, онда аралық сотта дауды қарау тоқтатылады және бұл дау құзыреттi соттың шешуiне берiлуi мүмкiн;
2) егер дау аралық судьяның жеке-дара шешуiне жатса және бiр тарап басқа тарапқа аралық судьяны сайлау туралы ұсыныспен жүгiнгеннен кейiн тараптар он бес күн iшiнде аралық судьяны сайламаса, онда аралық сотта дауды қарау тоқтатылады және бұл дау құзыреттi соттың шешуiне берiлуi мүмкiн.
14-бап. Аралық судьядан бас тарту
1. Аралық судья осы Заңның 11-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда тараптар судьядан бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.
2. Қандай да бiр жеке адамға оны аралық судья етiп сайлау (тағайындау) мүмкiндiгiне байланысты жүгiнген жағдайда, аталған адам осы Заңның 11-бабына сәйкес одан бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлардың бар екендiгi туралы хабарлауға тиiс. Егер көрсетiлген мән-жайлар аралық сотта iс қарау кезiнде туындаған жағдайда, аралық судья бұл туралы тараптарға дереу хабарлауға және өздігінен бас тартатынын мәлiмдеуге тиiс.
3. Тарап, егер бас тарту үшiн негiздер болып табылатын мән-жайлар оған осы аралық судьяны өзi сайлағаннан кейiн белгiлi болған жағдайда ғана, ол осы бапқа сәйкес өзi сайлаған аралық судьядан бас тартатынын мәлiмдеуi мүмкін.
4. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотта аралық судьядан бас тарту рәсімі тұрақты жұмыс істейтін apaлық соттың регламентiмен айқындалуы мүмкін.
5. Нақты дауды шешуге арналған аралық сотта тараптар аралық судьядан бас тарту рәсiмiн келiсуi мүмкiн.
6. Егер аралық судьядан бас тарту рәсiмi тараптармен келісілмесе немесе тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiнде айқындалмаса, онда тарап аралық судьядан бас тарту туралы дәлелдi жазбаша өтiнiштi аралық соттың құрамы түзiлгенi және осы Заңның 11-бабына сәйкес аралық судьядан бас тарту үшiн негiздер бар екендiгi туралы белгiлi болғаннан кейiн бес күн iшiнде беруге тиiс.
Егер бас тарту мәлiмделген аралық судья өздiгiнен бас тартпаса немесе басқа тарап аралық судьядан бас тартумен келiспесе, онда аралық соттың құрамына кiретiн аралық судьялар аралық судьядан бас тарту туралы мәселенi тараптардың жазбаша дәлелдi өтiнiшi алынған сәттен бастап он күн мерзiмде шешедi.
Дауды жеке-дара қарайтын аралық судьядан бас тарту туралы мәселенi сол аралық судья шешедi.
15-бап. Аралық судьяның өкiлеттiктерiн тоқтату
1. Аралық судьяның өздiгiнен бас тартуына немесе аралық судьяның осы Заңда көзделген негiздер бойынша бас тартуына байланысты, сондай-ақ аралық судья қайтыс болған жағдайда, тараптардың келісімi бойынша аралық судьяның өкілеттіктері тоқтатылуы мүмкiн.
2. Аралық судьяның өкiлеттiктерi нақты iс бойынша шешiм қабылданғаннан кейiн тоқтатылады. Осы Заңның 37-40-баптарында көзделген жағдайларда аралық судьяның өкiлеттiктерi қайта басталады, ал содан кейiн аталған баптарда көзделген iс жүргiзу әрекеттерi жасалған соң тоқтатылады.
16-бап. Аралық судьяны ауыстыру
Аралық судьяның өкiлеттiктерi тоқтатылған жағдайда, ауыстырылатын аралық судья сайланған (тағайындаған) кезде қолданылған ережелерге сәйкес басқа аралық судья сайланады (тағайындалады).
3-тарау. Аралық сотта дауды шешуге байланысты шығыстар
17-бап. Аралық сотта дауды шешуге байланысты шығыстар
1. Аралық сотта дауды шешуге байланысты шығыстарға:
аралық судьялардың гонорары;
аралық судьялардың аралық сотта iс қарауына қатысуға байланысты шеккен шығыстары, соның iшiнде дау қаралатын жерге жол жүру, онда тұру мен тамақтану ақысының шығыстары;
сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға төленуге тиiстi сомалар;
аралық судьялардың жазбаша және заттай дәлелдемелердi олардың тұрған жерiнде қарап көруге және зерттеуге байланысты шеккен шығыстары;
куәлар шеккен шығыстар;
аралық соттың шешiмi өз пайдасына шығарылған тараптың өкiл көрсеткен қызметтердiң ақысын төлеуге жұмсаған шығыстары;
аралық соттың iс қарауын ұйымдастыруға және материалдық қамтамасыз етiлуiне жұмсалған шығыстар кiредi.
2. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотта аралық судьялар гонорарының мөлшерiн тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiнде көзделген аралық судьялар гонорарларының шкаласына сәйкес аралық соттың құрамы айқындайды.
Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiнде судьялар гонорарының белгіленген мөлшерiне нұсқау болмаған кезде, аралық сот аралық судья гонорарының мөлшерiн дау бойынша сотта iс қараудың әрбiр нақты жағдайында, талап-арыздың бағасын, даудың күрделiлiгiн, аралық судьялардың аралық сотта iс қарауға кеткен уақытын және iске қатысты кез келген басқа да мән-жайларды ескере отырып айқындауы мүмкiн.
3. Нақты дауды шешуге арналған аралық сотта аралық судьялар гонорарының мөлшерi тараптардың келісімi бойынша айқындалады, ал ол болмаған кезде - тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот үшiн көзделген тәртiппен нақты дауды шешуге арналған аралық сот айқындайды.
18-бап. Аралық сотта дауды шешуге байланысты
шығыстарды бөлу
1. Аралық сотта дауды шешуге байланысты шығыстарды тараптар арасында бөлудi аралық сот тараптардың келісімiне сәйкес, ал ол болмаған кезде - қанағаттандырылған және қабылданбаған талаптарға бара-бар жүргiзедi.
2. Егер келтiрiлген шығыстарды өндiру туралы талап аралық сотта iс қарау барысында мәлiмделген және оны аралық сот қанағаттандырған болса, аралық соттың шешiмi өз пайдасына шешiлген тараптың өкiл көрсеткен қызметтердiң ақысын төлеуге жұмсаған шығыстары, сондай-ақ аралық сотта iс қарауға байланысты өзге де шығыстары аралық соттың шешiмi бойынша басқа тарапқа қатысты болуы мүмкiн.
3. Аралық сотта дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу аралық соттың шешiмiнде немесе ұйғарымында көрсетiледi.
4. Талапкер талап-арыздан бас тартқан жағдайда жауапкер ол шеккен шығыстарды өтемейдi.
4-тарау. Аралық сотта іс қарау
19-бап. Аралық соттың құқықтылығы мәселесiн шешу
1. Аралық сот өзiне шешуге берiлген дауды қарауға өзiнiң құқығы бар немесе жоқ екендiгі туралы мәселенi, соның iшiнде тараптардың бiрi аралық келісім жоқ немесе жарамсыз деген дәлел бойынша аралық сотта iс қарауына қарсы болған жағдайларда, дербес шешедi.
2. Тарап аралық соттың өзiне шешуге берiлген дауды қарауға құқығы жоқ екенi туралы даудың мәнi бойынша өзi алғашқы өтiнiш бергенге дейiн мәлiмдеуге құқылы.
3. Егер аралық сотта iс қарау барысында қаралуы аралық келісімде көзделмеген мәселе аралық сотта iс қараудың нысанасы болса, не ол заңға немесе аралық сотта iс қарау ережелерiне сәйкес аралық сотта iс қараудың нысанасы болуы мүмкiн емес болса, тарап аралық соттың өз құқығын асыра пайдаланғаны туралы мәлiмдеуге құқылы.
4. Аралық сот осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жасалған мәлiмдеменi қарауға мiндетті. Мәлiмдеменi қарау нәтижелерi бойынша ұйғарым шығарылады.
5. Егер аралық сот өзiнiң құқықтылығы туралы мәселенi қарау кезiнде аралық соттың дауды қарау құқығы жоқтығы туралы ұйғарым шығарса, онда аралық сот дауды мәнi бойынша қарай алмайды.
20-бап. Аралық сотта iс қарау ережелерiн айқындау
1. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот, егер тараптар аралық сотта iс қараудың басқа ережелерiн қолдану туралы уағдаласпаса, тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiне сәйкес аралық сотта iс қарауды жүзеге асырады.
2. Нақты дауды шешуге арналған аралық сот аралық сотта iс қарауды тараптармен келісілген ережелерге сәйкес жүзеге асырады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес тараптармен келісілген аралық сотта iс қарау ережелерi осы Заңның тараптарға жекелеген мәселелер бойынша уағдаласуға құқық бермейтiн мiндеттi ережелерiне қайшы келе алмайды.
Тараптармен келісілмеген, тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың ережелерiнде және осы Заңда айқындалмаған бөлiгiнде, аралық сотта iс қараудың ережелерiн аралық сот айқындайды.
21-бап. Аралық сотта iс қараудың орны
1. Нақты дауды шешуге арналған аралық сотта тараптар өз қалауы бойынша аралық сотта iс қараудың орны туралы келiсуi мүмкiн.
Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аралық сот тараптар үшiн қолайлы факторды қоса алғанда, iстiң барлық мән-жайын ескере отырып, нақты дауды шешуге арналған аралық сот аралық сотта iс қараудың орнын айқындайды.
2. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотта аралық сотта iс қараудың орны тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiне сәйкес айқындалады.
Егер тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiнде аралық сотта iс қараудың орны нұсқап көрсетiлмесе не оны айқындау тәртібі болмаса, онда аралық соттың құрамы, тараптар үшiн қолайлы факторды қоса алғанда, iстiң барлық мән-жайын ескере отырып, аралық сотта iс қараудың орнын айқындайды.
22-бап. Талап-арыз және талап-арызға пiкiр
1. Талапкер өзiнiң талаптарын талап-арызда баяндайды, ол аралық сотқа жазбаша нысанда берiледi. Талап-арыздың көшiрмесi жауапкерге берiледi.
2. Талап-арызда:
1) талап-арыздың берiлген күнi;
2) тараптардың атауы, олардың тұрғылықты жерi немесе, егер тараптар заңды тұлғалар болып табылса, олардың орналасқан жерi, банк реквизиттерi;
3) аралық сотқа жүгiну негiздемесi;
4) талапкердiң талаптары;
5) талапкер өзiнiң талаптарын негiздеген мән-жайлар;
6) талапкердiң талаптарын растайтын дәлелдемелер;
7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;
8) талап-арызға қоса берiлетiн құжаттар мен өзге де материалдардың тiзбесi көрсетiлуге тиiс.
Талап-арызға талапкер немесе оның өкiлi қол қоюға тиiс. Егер талап-арызға талапкердiң өкiлi қол қойған жағдайда, талап-арызға өкiлдiң өкiлеттiктерiн куәландыратын сенiмхат немесе өзге де құжат қоса берiлуге тиiс.
3. Аралық сотта iс қараудың ережелерiнде талап-арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуi мүмкiн.
4. Жауапкер талапкерге және аралық сотқа өзiнiң талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, талап-арызға пiкiр беруге құқылы. Талапкерге және аралық сотқа аралық сотта iс қарау ережелерiнде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде талап-арызға пiкiр берiледi.
Егер аралық сотта iс қарау ережелерiнде талап-арызға пiкiр беру мерзiмi айқындалмаса, онда аталған пiкiр аралық соттың бiрiншi отырысына дейiн кемiнде он күн бұрын берiледi.
5. Тарап аралық сотта iс қарау барысында өзiнiң талап-арыздарын немесе талап қоюға бiлдiрген қарсылықтарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.
23-бап. Аралық сотта iс қарауды қозғау
1. Аралық сот талап-арызды қабылдап, өзiнiң ережесiне (регламентiне) немесе Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасының нормаларына сәйкес аралық сотта ic қарауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралу орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап-арызға жазбаша пiкiр берудi ұсынады.
2. Жауапкердiң қарсылықтарын табыс етпеуi дауды қарауға кедергi бола алмайды.
24-бап. Талап-арызды қайтару
1. Аралық сот, егер:
1) тараптар арасында аралық келісім болмаса;
2) аралық келісімнiң қатысушылары болып табылмайтын үшiншi тұлғалардың мүдделерi қозғалса;
3) талап қою аралық келісімде көзделмеген аралық сотқа берiлсе;
4) талап-арызға қол қоюға немесе оны беруге өкiлеттiгi жоқ адам оған қол қойса немесе оны берсе;
5) талапкер талап арызды қайтару туралы өтiнiш берсе;
6) осы немесе басқа аралық соттың iс жүргiзуiнде сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша iс болса, талап-арызды қайтарады.
2. Арыздың қайтарылуы талапкердiң сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша талаппен аралық сотқа қайта жүгiнуiне кедергi келтiрмейдi.
25-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу
1. Қарсы талаптың талапкердiң талаптарымен өзара байланысы болған кезде, сондай-ақ аралық сот қарсы талап қоюды аралық келісімге сәйкес қарауы мүмкiн болған кезде, жауапкер талапкерге қарсы талап қоюға құқылы.
2. Егер тараптар қарсы талап қою үшiн өзге мерзiмге келiспесе, аралық сот шешiм қабылдағанға дейiн, аралық сотта iс қарау барысында қарсы талап қойылуы мүмкін.
3. Қарсы талап осы Заңның 22-бабы 2-тармағының талаптарын қанағаттандыруға тиiс.
4. Талапкер аралық сотта iс қарау регламентiнде немесе ережелерiнде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде қарсы талапқа қарсылықтарын ұсынуға құқылы.
5. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда жауапкер азаматтық заңнаманың талаптарын сақтай отырып, қарсы талапты есепке алуды талап етуге құқылы.