1. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыда мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) қаулының жасалған уақыты мен орны;
2) қаулы жасаған сот орындаушысының, сондай-ақ қаулы жасау кезiнде қатысқан адамдардың тегi мен аты-жөнi;
3) атқару құжаты орындалатын соттың немесе басқа органның атауы;
4) өндiрiп алушы мен борышкердiң тегi мен аты-жөнi;
5) мүлiктi тiзiмдеу туралы нұсқау (тiзiмдеудi кiм жүргiздi, оны жасау кезiнде қатысқан адамдар, тiзiмделген мүлiктiң жалпы құны);
6) егер заттарға сүргi салынса, оны көрсету;
7) егер мүлiктi сақтау борышкердiң өзiне жүктелмесе, мүлiк сақтауға берiлген жеке тұлғаның тегi мен аты-жөнi, заңды тұлғаның атауы, олардың мекен-жайы;
8) борышкер мен басқа адамдарға сот орындаушысының әрекеттерiне шағым жасау тәртібі мен мерзiмiнiң түсiндiрiлгендiгi туралы, сондай-ақ борышкерге немесе мүлiктi сақтаушыға олардың сақтауға берiлген мүлiктi сақтау жөніндегі мiндеттерi және талан-таражға салғаны, иелiктен айырғаны немесе жасырғаны үшiн жауапкершiлiгi түсiндiрiлгендiгi туралы белгi;
9) өндiрiп алушының, борышкердiң, хаттау кезiнде қатысқан адамдардың ескертпелерi мен арыздары және сот орындаушысының олар жөніндегі өкiмдерi.
2. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыға сот орындаушысы қол қояды, қаулыға мүлiктiң тiзiмдемесi қоса тiркеледi.
43-бап. Борышкер мүлкiн бағалау
Борышкер мүлкiн сот орындаушысы бағалайды. Бұл орайда өндiрiп алушы мен борышкер арасында бағалау туралы қол жеткiзiлген келісім ескерiлуi мүмкiн. Егер жекелеген заттарды бағалау қиын болса не борышкер немесе өндiрiп алушы сот орындаушысы жасаған бағалауға қарсы болса, сот орындаушысы мүлiк құнын анықтау үшiн маман тағайындайды. Валюта құндылықтары, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлiк және басқа да тұрмыстық заттар, антиквариат, кескiндеме және мүсiн өнерi туындылары мамандардың мiндеттi түрде қатысуымен бағаланады.
44-бап. Мүлiк сақтау
1. Сот орындаушысы сақтаушыдан сақтауға қолхат алу арқылы сақтау шарты негiзiнде тыйым салынған мүлiктi сақтауға берудi жүзеге асырады.
2. Тыйым салынған мүлiктi сақтаудың тәртібі мен шарттары Азаматтық кодекспен және басқа да нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
3. Егер мүлiктi пайдалану оның қасиеттерi бойынша мүлiктiң жойылуына немесе оның бағасының кемуiне әкеп соқпаса, сақтаушы бұл мүлiктi сот орындаушысының рұқсатымен пайдалана алады.
4. Егер борышкер немесе оның отбасының мүшесi сақтаушы болмаса, сақтаушы сақтағаны үшiн сыйақы алады.
5. Мүлiктi пайдаланудан iс жүзiнде алынған пайда шегерiлiп тастала отырып, сақтаушыға бұл мүлiктi сақтау жөнiнде ол жасаған қажеттi шығыстар өтеледi.
6. Мүлiктi сақтауға байланысты жасалған шығыстар атқару құжаттарын жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.
45-бап. Мүлiктi сақтаушының жауапкершiлiгi
Тыйым салынып сақтауға берiлген мүлiк талан-тараж етiлген, иелiктен алынған немесе жасырылған жағдайда сақтаушы заңдарға сәйкес жауапты болады.
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 46-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
46-бап. Мүлiкке тыйым салу тәртібі
1. Мүлікке өндіріп алуды қолдану кезінде сот орындаушысы оның борышкерге тиесілі екендігін, шынайы құнын және ондағы ауыртпалықты анықтайды. Мемлекеттік тіркеуге жатпайтын мүліктің кімге тиесілі екенін анықтау қиын болған және бұл мүлік борышкерге тиесілі деп жорамалдауға негіз болған жағдайда, сот орындаушысы оның тиесілігі анықталғанға дейін мүлікке уақытша тыйым салуға құқылы. Бұл ретте, борышкер, егер мүлік оған тиесілі болмаса, алып қойылған мүліктің тиесілігін анықтайтын қажетті дәлелдерді сот орындаушысына беруге міндетті.
2. Мүлiктiң борышкерге тиесiлi екенiн анықтап, сот орындаушысы оны хаттауға енгiзедi, өндiрiп алу мөлшерiне қарай бүкiл мүлiкке немесе оның бiр бөлiгiне тыйым салады және жылжымайтын мүлiктi мемлекеттік тiркеудiң, жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тиiстi органдары мен нотариусқа тыйым салуды тiркеу туралы ұсыныс жiбередi.
3. Сот орындаушысы кепiлге берiлген мүлiкке тыйым салынғандығы туралы кепiл ұстаушыға дереу хабарлайды.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 47-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
47-бап. Борышкерден алынған құнды заттарды сақтау
1. Борышкерден алынған құнды қағаздарды, валюта құндылықтарын, бағалы металдардан, асыл тастардан және iнжуден жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдарды, сондай-ақ мұндай бұйымдардың сынақтарын сот орындаушысы банк мекемелерiне сақтауға өткiзедi, бұл шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Өндiрiп алушыға ұйғарылған сомаларды және атқару жөніндегі шығыстарды өтеу үшiн қажеттi, борышкерден алынған ақша сомаларын сот орындаушысы аумақтық органның немесе аумақтық бөлiмнiң ағымдағы шотына енгiзедi. Ағымдағы шоттағы ақша сомасын есепке алу, сақтау және оны беру тәртібі нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
48-бап. Борышкердiң мүлкiн сату кезектiлiгi
Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде бұл мүлiктi сату мынадай кезекпен жүзеге асырылады:
1) бiрiншi кезекте борышкердiң өндiрiске тiкелей қатыспайтын мүлкi: бағалы қағаздар, валюта құндылықтары, бағалы металдар мен асыл тастар, зергерлiк бұйымдар, жеңiл автокөлiк және басқалар сатылады;
2) екiншi кезекте - дайын өнiм (тауарлар), сондай-ақ өндiрiске тiкелей қатыспайтын және өндiрiске тiкелей қатысуға арналмаған өзге де материалдық құндылықтар;
3) үшiншi кезекте - жылжымайтын мүлiк объектiлерi, сондай-ақ шикiзат пен материалдар, станоктар, құрал-жабдықтар, өндiрiске тiкелей қатысуға арналған басқа да негiзгi құрал-жабдықтар;
4) төртiншi кезекте - жалға беру (мүлiктi жалдау), заем, прокат шарты немесе өзге де шарттар бойынша басқа адамдарға берiлген мүлiк.
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 49-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
49-бап. Тыйым салынған мүлiктi сату
1. Тыйым салынған мүлiктi сатуды заң бойынша айналымынан алып тасталған мүлiктi қоспағанда, тыйым салу негiздерi мен мүлiк түрлерiне қарамастан, сот орындаушысы сауда және өзге де мамандандырылған ұйымдар арқылы сауда-саттықта және аукциондарда Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жүргiзедi.
2. Мүлiктi сату нысанын таңдауды сот орындаушысы мүлiк түрiн және өндiрiп алушы мен борышкердiң пiкiрлерiн ескере отырып белгiлейдi.
3. Егер мүлiк екi ай iшiнде сатылмаса, өндiрiп алушыға бұл мүлiктi соңғы жарияланған бағасы бойынша өзiнде қалдыру құқығы берiледi. Өндiрiп алушы мүлiктен бас тартқан жағдайда ол борышкерге қайтарылады, ал атқару құжаты, егер борышкердiң өндiрiп алуға болатын басқа мүлкi немесе кiрiстерi болмаса, өндiрiп алушыға қайтарылады. Бұл ретте мүлік тыйым салудан босатылады.
4. Борышкер мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде, егер өндiрiп алынатын мүлiктi сату туралы шешiм қабылданған кезде борышкердiң дәрменсiздiгi (банкроттығы) туралы iс бойынша iс қозғалса, борышкердiң дәрменсiздiгi (банкроттығы) туралы мәселе мәнi бойынша қаралғанға дейiн мүлiктi сату тоқтатыла тұрады.
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 50-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
50-бап. Мемлекетке берiлетiн мүлiктi сату
Мүлiктi тәркiлеу бөлiгіндегі қылмыстық iс бойынша сот үкімі негiзiнде не мүлiктi мемлекетке беру туралы шешiм негiзiнде тыйым салынған мүлiк заңдарда белгiленген тәртiппен сатылады немесе пайдаланылады.
51-бап. Құндылықтарды сату
Борышкерден алынған және банк мекемелерiне сақтауға берiлген бағалы қағаздар, валюта құндылықтары, бағалы металдардан, асыл тастар мен iнжуден жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдар, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтары мен антиквариат Республиканың Үкіметі белгiлейтiн ережелерге сәйкес сатылады.
52-бап. Тыйым салынған мүлiктi комиссиялық негiзде және сауда-саттықтарда сату жолымен өткізу
Осы Заңның 50, 51-баптарында аталғандарын қоспағанда, борышкердiң тыйым салынған мүлкiн сату мүлiк тұрған жердегi сауда ұйымдары арқылы комиссиялық негiзде не сауда-саттықтарда сату жолымен жүргiзiледi. Мүлiктi сату мақсатында бiр елдi мекеннен екiншi елдi мекенге тасымалдауға өндiрiп алушының, борышкердiң есебiнен олардың өзара келісімi бойынша ғана жол берiледi.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 53-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
53-бап. Алдағы сауда-саттық туралы хабарлау
Борышкердiң мүлкi сауда-саттықта сатылатын жағдайда сот орындаушысы алдағы сауда-саттық туралы ресми хабарларды жариялауға құқығы бар мерзiмдi баспасөз басылымдарында сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн он күннен кешiктiрмей хабарлайды. Кепiлге берiлген мүлiктiң сауда-саттықта сатылатын уақыты мен орны туралы сот орындаушысы кепiл ұстаушыға хабарлайды.
54-бап. Сауда-саттықты өткізу тәртібі
1. Сауда-саттыққа қатысқысы келетiн адамдар өздерiнiң оған қатысуына кедергi жоқ екендiгi туралы қолхат беруге және сот орындаушысына мүлiк бағасының бес процентi мөлшерiнде кепiлдеме беруге мiндеттi. Сауда-саттықта ұтып шыққан адам енгiзген сома сату бағасына есептеледi. Сауда-саттықтың басқа қатысушыларына олардың салған кепiлдемесi сауда-саттық аяқталған соң дереу қайтарылады.
2. Сауда-саттық тыйым салу туралы актiде көрсетiлген мүлiктiң бағалау құнынан басталады. Мүлiк сауда-саттықта ең жоғары баға ұсынған адамға сатылған болып есептеледi. Сатып алушы сауда-саттық аяқталғаннан кейiн бес күн iшiнде ол мүлiкке ұсынған соманы, сауда-саттық басталар алдында енгiзiлген кепiл ақшаны қоса, толық енгiзуге мiндеттi. Сатып алушы өзiнен алынуға тиiстi барлық соманы белгiленген мерзiмде енгiзбеген жағдайда, сауда-саттық алдында салынған кепiл ақша оған қайтарылмайды және мемлекет кiрiсiне түседi. Сатып алушының сауда-саттыққа қатысуға құқығы болмағандығы анықталған жағдайда да кепiл ақша мемлекет кiрiсiне түседi. Мүлiктi сатып алушы одан алынатын барлық соманы төлегеннен кейiн сот орындаушысы оған өткен сауда-саттық туралы актiнiң көшiрмесiн бередi.
3. Сот атқарушылық iс жүргiзу бойынша шешiм шығарған сот орындаушылары мен судьялардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының сауда-саттыққа қатысуына болмайды.
55-бап. Сауда-саттықты өткiзiлмеген деп жариялау
1. Сот орындаушысы:
1) егер сауда-саттыққа екiден кем сатып алушы келсе;
2) егер келгендердiң ешқайсысы мүлiктiң бастапқы бағасына үстеме жасамаса;
3) егер сатып алушы өзiнiң мүлiктi сатып алған сомасын бес күн iшiнде толық енгiзбесе сауда-саттық өткiзiлмеген деп жариялайды.
Сот орындаушысы сауда-саттық өткiзiлмеген деп тану туралы қаулы шығарады.
2. Егер сауда-саттық өткiзiлмесе, кепiл ақша оны салған адамдарға қайтарылады, бұған осы баптың 1-тармағының 3-тармақшасында көзделген жағдайлар кiрмейдi.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 56-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
56-бап. Сауда-саттық өткiзiлмедi деп жариялау салдары
1. Сауда-саттық өткiзiлмедi деп жарияланған жағдайда өндiрiп алушыға бастапқы бағасы жиырма процентке төмендетiлген бағамен мүлiктi өзiнде қалдыру құқығы берiледi.
2. Сауда-саттық өткiзiлмедi деп танылған және өндiрiп алушы мүлiктi өзiнде қалдырудан бас тартқан жағдайда сот орындаушысы осы Заңда белгiленген ережелердi сақтай отырып, қайтадан сауда-саттық өткізудi тағайындайды. Бұл орайда қайталама сауда-саттық үшiн белгiленген баға қатысушылардың бipeуi сауда-саттыққа шығарылған мүлiк құнының алғашқы бағасының елу процентiнен төмен болмауға тиiс жарияланған бағамен мүлiктi сатып алуға келiскен кезге дейiн хабарланған ретпен төмендетiле бередi.
3. Қайтадан сауда-саттық өткiзiлмедi деп жарияланған жағдайда мүлiк өндiрiп алушыға соңғы жарияланған бағамен ұсынылады. Өндiрiп алушы сатылатын мүлiктi өзiнде қалдырудан бac тартқан жағдайда бұл мүлiктен тыйым алып тасталады.
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 57-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
57-бап. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алу
1. Мерзiмдi төлемдердi өндiрiп алу туралы шешiмдердi орындау кезiнде, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі еселенген мөлшерінен аспайтын соманы өндіріп алу кезінде, сондай-ақ басқа да өндіріп алулар бойынша өндiрiп алынатын соманы толық өтеу үшiн борышкердiң мүлкi болмаған немесе мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда борышкердiң жалақысы мен өзге де табыс түрлерiнен өндiрiлiп алынады.
2. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алынған кезде сот орындаушысы осы Заңның талаптарын ескере отырып қаулы шығарады, онда берiлген сома толық өндiрiп алынғанға дейiн ай сайын қандай мөлшерде ақша ұсталуға тиiс екендiгi көрсетiледi және оны орындау үшiн борышкер еңбек қатынастарында тұрған немесе сыйақы алатын жұмыс берушiге жiбередi.
3. Сот орындаушысы борышкердiң жалақысынан және басқа да табыстарынан ақшаның дұрыс және уақтылы ұсталуына, сондай-ақ ұсталған соманың өндiрiп алушыға уақытында жiберiлуiне ұдайы бақылау жасап отыруды жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Борышкер жұмыстан босатылған жағдайда онымен еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушi бұл жөнiнде сот орындаушысына хабарлама жiберiп, атқару құжатын қоса жолдауға мiндеттi. Тұрғылықты жерi өзгерген жағдайда борышкер сот орындаушысына өзiнiң жаңа мекен-жайын хабарлауға мiндеттi.
58-бап. Борышкердiң жалақысынан және табысының өзге де түрлерiнен ұстап қалу мөлшерiн есептеу
Ұсталып қалу мөлшерi - борышкердiң алуына тиесiлi жалақы (табыс) сомасынан есептеледi.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 59-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
59-бап. Борышкердiң жалақысынан және табысының өзге де түрлерiнен ұстап қалу мөлшерi
Бiр немесе бiрнеше атқару құжаттары бойынша борышкердiң жалақысынан немесе табысының өзге де түрлерiнен өндiрiлiп алынған жағдайда борышкер жалақысының немесе өзге де табысының кемiнде елу процентi сақталуға тиiс.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 60-бап өзгертілді
60-бап. Жазасын өтеп жүрген борышкердiң жалақысынан өндiрiп алу
1. Түзеу жұмыстарын өтеп жүрген адамдардан атқару құжаттары бойынша өндiрiп алу соттың үкімі немесе қаулысы бойынша жүргiзiлген ұстап қалу сомасы есепке алынбай, жалақының толық сомасынан жүргiзiлуге тиiс.
2. Денсаулық сақтайтын емдеу-профилактикалық мекемелерде емделiп жатқан, маскүнемдiкпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдардан өндiрiп алу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
3. Сотталушы негiзгi жаза түрiнде тағайындалған айыппұл төлеуден қасақана жалтарса, сот орындаушысы үкiм шығарған сотқа Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарына сәйкес төленбеген айыппұл сомасын басқа жазаға ауыстыру туралы ұсыныс жiберуге құқылы.
61-бап. Әлеуметтiк сақтандыру жөніндегі жәрдемақыдан өндiрiп алу
Еңбекке уақытша жарамсыздығы кезiнде төленетiн әлеуметтiк сақтандыру жөніндегі жәрдемақыдан, баланы күтуiне байланысты iшiнара ақы төленетiн демалыс кезеңiнде әйелге берiлетiн жәрдемақыдан, сондай-ақ оқушылардың стипендиялары мен жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақыдан өндiрiп алу соттың, алимент төлету туралы және мертiктiрумен немесе денсаулығын өзгедей зақымдаумен, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу туралы шешiмi бойынша ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 62-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
62-бап. Өндiрiлiп алуға болмайтын ақша сомасы
Мыналардан:
1) мертiктiрумен немесе денсаулығын өзгедей зақымдаумен, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуы салдарынан келтiрiлген залалды өтеу үшiн борышкер алған сомалардан;
1-1) асыраушысынан айрылуына байланысты балаларға берiлетiн жәрдемақы түрiнде борышкер алатын сомалардан;
1-2) мүгедек балаларға берiлетiн жәрдемақы түрiнде борышкер алатын сомалардан;
2) адамдарға қызметтiк мiндеттерiн орындау кезеңiнде мертiккен (жарақаттанған, зақымданған, контузия алған) кезде оларға төленетiн және олардың қаза табуына (қайтыс болуына) байланысты отбасы мүшелерiне төленетiн сақтандыру сомалары мен бiр жолғы жәрдемақыдан;
3) бала тууға байланысты, көп балалы және жалғыз басты аналарға, кәмелетке толмаған балалардың ата-анасын iздеу кезеңiнде оларды асырауға, зейнеткерлер мен 1-топтағы мүгедектердi күтiп-бағуға төленетiн жәрдемақыдан;
4) жәбiрленушiлердiң қосымша тағамына, санаториялық-курорттық емдеу мен протездеуге және мертiктiрумен не денсаулығын өзгедей зақымдаумен залал келтiрiлген жағдайларда оларды күтiп-бағу жөніндегі шығыстарға төленетiн сомалардан;
5) зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмысқа төленетiн өтемақылардан, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезiнде экологиялық апаттан немесе радиациялық әсерден зардап шеккен азаматтарға төленетiн ақша сомасынан;
6) төлем көзiне қарамастан, бiр жолғы сипаттағы материалдық көмектен;
7) алып тасталды
8) алып тасталды
9) жерлеуге берiлген жәрдемақыдан;
9-1) арнайы мемлекеттік жәрдемақылардан өндiрiп алуға болмайды
10) алып тасталды
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 63-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
63-бап. Борышкердiң жалақысы болмаған жағдайда алимент өндiрiп алу тәртібі
1. Алимент төлемдерiн жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы қатарынан өндiрiп алу мүмкiн болмаған жағдайда борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алынады, бұған осы Заңның 39-бабына сәйкес өндiрiп алуға болмайтын мүлiк кiрмейдi.
Мүлiктен өндiрiп алу туралы сот орындаушысы қаулы шығарады.
2. Алименттер жөніндегі берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алушының қалауы бойынша борышкердiң өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде алған не оның берешектi анықтау кезiне қарай алған нақты жалақысын (табысын) негiзге ала отырып шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.
3. Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмece немесе оның табысын және өзге де кiрiсiн растайтын құжаттар ұсынылмаса, алимент бойынша берешек берешектi өндiрiп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерiне сүйенiп айқындалады.
Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамдар үшiн, егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмece, алимент бойынша берешек бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айқындалады.
4. Борышкердiң алимент төлеуден жалтару салдарынан ол бойынша берешегi құралған жағдайда берешек сомасына Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабына сәйкес айыппұл есептеледi.
64-бап. Борышкердiң жұмыс орны мен табысы туралы мәлiметтер
Борышкермен еңбек қатынасында тұрған немесе ол табыс алатын азаматтар және ұйымдардың лауазымды адамдары сот орындаушысы тағайындаған мерзiмде борышкердiң жұмыс орны мен оның табыстары, атқару құжатына сәйкес ұстап қалу жүргiзiлгендiгi және өндiрiп алған соманың өндiрiп алушыға жiберiлгендiгi туралы, борышкердiң ақша сомалары мен мүлкiнен өндiрiп алу жөнiнде, сондай-ақ борышкердiң жұмыстан босатылғаны туралы, егер өздерiне белгiлi болса, оның жаңа жұмыс орны немесе тұратын жерi туралы дұрыс мәлiметтер беруге мiндеттi. Сот орындаушысының бұл талаптарын орындамау әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
65-бап. Алимент төлеу жөніндегі берешектi өндiрiп алу тәртібі
1. Барлық алимент төлеу жөніндегі берешек алимент төлеушiнiң жалақысынан, басқа да табыстарынан өндiрiлiп алынады.
2. Берешектiң мөлшерiн сот орындаушысы шешiмнiң (қаулының) орындалған жерi бойынша, заңдарда көзделген тәртiппен белгiлейдi.
3. Сот орындаушысының берешектi анықтау туралы қаулысына заңда белгiленген тәртiппен шағым берiлуi немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
66-бап. Жалақыдан ұстап қалудың дұрыстығын бақылау
Сот орындаушысы борышкердiң жалақысы мен басқа табыстарынан ұстап қалу мен ұсталған сомаларды өндiрiп алушыға жiберудiң дұрыстығы мен уақытылы жүргiзiлуiн ұдайы бақылап отыруды жүзеге асырады.
67-бап. Борышкер шетелге тұрақты тұруға немесе жұмысқа және әскери қызметтi өтеуге кеткен жағдайда алимент алу
Борышкер шетелге тұрақты тұруға немесе жұмысқа және әскери қызметтi өтеуге кеткен жағдайда алимент алу тәртібі заңдармен белгiленедi.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 67-1-баппен толықтырылды
67-1-бап. Борышкердi белгiлi бiр iс-әрекеттi жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға мiндеттейтiн атқару құжаттарын орындау
Борышкердi тек өзi ғана жасай алатын iс-әрекеттi жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға мiндеттейтiн атқару құжатын орындау кезiнде сот орындаушысы борышкерге мерзiм белгiлей отырып, осындай iс-әрекет жасау туралы хабарлама немесе оларды жасаудан тартыну қажеттiгi туралы хабарлама жiбередi.
Борышкер сот орындаушысының талаптарын белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда сот орындаушысы борышкердi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкке тарту жөнiнде шаралар қолданады.
68-бап. Жұмысқа қайта қабылдау туралы атқару құжатының орындалуы
1. Ұйымның басшысы (жұмыс берушi) жұмысқа қайта қабылдау туралы атқару құжатын орындамаған жағдайда сот орындаушысы қызметкерге орташа жалақысын төлеу немесе қызметкердi жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiм шығарылған күннен бастап оны орындаған күнге дейiнгi жалақысының айырмасын төлеу жайлы қаулы шығарылғаны жөнiнде сотқа ұсыныс жасайды.
2. Жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiмнiң орындалуы әкiмшiлiктiң жұмыстан босату немесе ауыстыру туралы өзiнiң заңсыз өкімінiң күшiн жою туралы бұйрық шығарғаннан кейiн болған, жұмыстан заңсыз босатылған немесе ауыстырылған қызметкер бұрынғы мiндеттерiн атқаруға iс жүзiнде жiберiлген кезден бастап аяқталған болып есептеледi.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 68-1-баппен толықтырылды; 2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 68-1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
68-1-бап. Борышкердi қоныс аударту туралы атқару құжатын орындау
1. Борышкердi қоныс аударту туралы атқару құжаты сот орындаушысы белгiлеген мерзiмде орындалмаған жағдайда қоныс аударту куәгерлердiң қатысуымен мәжбүрлi түрде жүзеге асырылады.
2. Сот орындаушысы борышкердi қоныс аударту уақыты туралы ресми түрде хабардар етедi. Қоныс аударту уақыты туралы тиiсiнше хабардар етiлген борышкердiң болмауы атқару құжатын орындауға кедергi болмайды.
Қоныс аударту атқару құжатында көрсетілген үй-жайды қоныс аударушыдан (аударушылардан), оның (олардың) мүліктерінен, үй жануарларынан босатудан және қоныс аударушының (аударушылардың) босатылған үй-жайды пайдалануына тыйым салудан тұрады.
3. Қоныс аударту кезiнде босатылатын үй-жайдан шығарылатын мүлiктердiң тiзiмдемесi жасалады және қажет болған жағдайларда шыққан шығын борышкерге жүктелiп, оны сақтау қамтамасыз етiледi. Борышкердің мүлкін сақтау үш жылдан аспайтын мерзімге жүзеге асырылады, оның аяқталуына қарай аталған мүлік иесіз мүлікті сату үшін белгіленген тәртіппен сатылады.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 68-2-баппен толықтырылды
68-2-бап. Өндiрiп алушыны қоныстандыру туралы атқару құжатын орындау
1. Сот орындаушысы өндiрiп алушыны атқару құжатында көрсетiлген үй-жайға қоныстандыруды қамтамасыз етедi.
Сот орындаушысы өндiрiп алушыны және борышкердi қоныстандыру уақыты туралы ресми түрде хабардар етедi. Қоныстандыру уақыты туралы тиiсiнше хабардар етiлген борышкердiң болмауы атқару құжатының орындалуына кедергi болмайды.
2. Өндiрiп алушыны қоныстандыру актiмен ресiмделедi және куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiледi. Қоныстандыру туралы актiнiң нысанын уәкiлеттi орган бекiтеді.
4-тарау. Өндiрiп алынған ақша сомаларын бөлу
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 69-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
69-бап. Өндiрiп алынған ақша сомаларын бөлу
1. Сот орындаушысы борышкерден өндiрiп алған сомадан ең алдымен атқару құжатын орындау процесiнде борышкерге салынған айыппұлдар өтеледi, содан кейiн орындау жөніндегі шығыстар өтеледi, қалған сома өндiрiп алушылардың талаптарын қанағаттандыруға берiледi. Барлық талаптарды қанағаттандырылғаннан кейiн қалған сома борышкерге қайтарылады.
2. Борышкерден өндiрiп алынған және өндiрiп алушыларға берiлуге тиiс сомаларды сот орындаушысы ағымдағы шотқа қосады, содан кейiн белгiленген тәртiппен бередi немесе аударады.
3. Мемлекет кiрiсiне аударуға жататын сомаларды сот орындаушысы тiкелей тиiстi банк мекемесiне енгiзедi.
70-бап. Өндiрiп алуға қосылу
Өндiрiп алуды жүргiзу кезiнде басқа iстер бойынша орындау құжаттары бар адамдар өндiрiп алуға қосыла алады.
71-бап. Өндiрiп алушылардың талаптарын қанағаттандыру кезегi
1. Атқару құжаттары бойынша барлық талаптарды қанағаттандыру үшiн борышкерден өндiрiп алынған сома жеткiлiксiз болған жағдайда бұл сома өндiрiп алушылар арасында осы Заңда белгiленген кезек тәртібімен бөлiнедi.
2. Әрбiр келесi кезектiң талаптары алдыңғы кезектiң талаптары толық өтелгеннен кейiн қанағаттандырылады. Өндiрiп алынған сома бiр кезектiң барлық талаптарын толық қанағаттандыруға жеткiлiксiз болған жағдайда бұл талаптар әрбiр өндiрiп алушыға тиесiлi сомаға барабар қанағаттандырылады.
72-бап. Бiрiншi кезекте өндiрiп алу
Бiрiншi кезекте алименттердi өндiрiп алу туралы талаптар; мертiгу немесе денсаулыққа өзге де зақым жасау арқылы келтiрiлген, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу жөніндегі талаптар; қызметкерлердiң еңбектегi құқық қатынастарынан туындайтын талаптары қанағаттандырылады.