1. Резидент еместер уәкiлеттi банктерде шет ел валютасында және (немесе) ұлттық валютада банк шоттарын шектеусiз ашады.
2. Резидент еместер Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi өздерiнiң шоттарынан шетел валютасын және ұлттық валютаны уәкiлеттi банктердегi өздерiнiң банк шоттарына, сондай-ақ уәкiлеттi банктердегi өздерiнiң банк шоттарынан Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi өз шоттарына шектеусiз аударуға құқылы.
5-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ БАҚЫЛАУ
27-бап. Валюталық бақылаудың мақсаттары мен міндеттерi
1. Валюталық бақылаудың мақсаты Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместер валюталық операциялар жүргiзген кезде олардың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Валюталық бақылаудың мiндеттерi:
1) жүргiзiлетiн валюталық операциялардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгiн айқындау;
2) валюталық операциялар бойынша төлемдердiң негiздiлiгiн және оларды жүзеге асыруға қажеттi құжаттардың болуын тексеру;
3) валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есептіліктiң толықтығын және объективтiлiгiн тексеру болып табылады.
28-бап. Валюталық бақылау органдары мен агенттерi
1. Қазақстан Республикасында валюталық бақылауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өкілеттіктерi шегiнде өзге де мемлекеттік органдар (валюталық бақылау органдары) және валюталық бақылау агенттерi жүзеге асырады.
2. Уәкiлетті банктер және уәкiлеттi ұйымдар, сондай-ақ өздері операциялар жүргiзген кезде алынған лицензияларына сәйкес Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының сақталуын бақылау мiндетi жүктелген басқа да ұйымдар валюталық бақылау агенттерi болып табылады.
29-бап. Валюталық бақылау органдары мен агенттерiнiң
құқықтары және мiндеттерi
1. Валюталық бақылау органдары мен агенттерi өз құзыретi шегiнде резиденттер мен резидент еместердiң Қазақстан Республикасында жүргiзетiн валюталық операцияларына осы операциялардың Қазақстан Республикасының заңнамасына, лицензиялардың шарттарына, тiркеу және хабарлама талаптарына сәйкес келуi бөлігінде бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
2. Валюталық бақылау органдары өз құзыретi шегiнде:
1) резиденттер мен резидент еместердің Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтауын тексерудi жүзеге асырады;
2) резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есептілігінің толымдылығын және дұрыстығын тексерудi жүзеге асырады;
3) валюталық операцияларды жүргiзуге байланысты құжаттар мен ақпаратты сұратады;
4) валюталық бақылауды тиiстi түрде жүзеге асыру мақсатында валюталық бақылау агенттерiне олардың орындауы үшін мiндеттi тапсырмалар бередi;
5) валюталық операциялар бойынша есеп берудiң және Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы нормаларының сақталуы мәселелерi бойынша тексеру жүргiзудiң тәртібін белгiлейдi;
6) анықталған құқық бұзушылықты жою туралы талаптар қояды және Қазақстан Республикасының барлық резиденттерi мен резидент еместерiнiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да шараларды қабылдайды.
3. Валюталық бақылау агенттерi:
1) өздерi, оның iшiнде клиенттердің тапсырмасы бойынша операциялар жүргiзген кезде Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есептiлiктiң толымдылығын және объективтiлiгін қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өкiлеттiктерге сәйкес өз клиенттерi жол берген, өздерiне белгілі болған Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу фактілері туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне, сондай-ақ басқа да валюталық бақылау органдары мен құқық қорғау органдарына хабарлауға;
4) валюталық бақылау органдарына өздерiнің қатысуымен жүргізiлетiн валюталық операциялар туралы валюталық реттеу органдарының нормативтік құқықтық актілерiнде белгіленген тәртіппен ақпарат беруге мiндеттi.
4. Валюталық бақылау органдары мен агенттерi өз өкiлеттіктерiн жүзеге асырған кезде өздерiне белгiлi болған коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақтауға мiндеттi.
5. Уәкiлеттi банк резиденттiң және (немесе) резидент еместiң төлемдер мен ақша аударымдарын соңғысы осы Заңға және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес талап етiлетiн құжаттарды ұсынған жағдайда ғана жүзеге асырады.
6. Резиденттер мен резидент еместер валюталық операцияларды жүргiзген кезде олардан валюталық бақылау агенттерi валюталық бақылауды жүзеге асыру мақсатында осы Заңға сәйкес мыналарды талап етуге құқылы:
1) жеке басты куәландыратын құжат (жеке тұлғалар үшiн);
2) Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығын растайтын құжат (шетелдiктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшiн);
3) құрылтай құжаттары (заңды тұлғалар үшiн);
4) мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк (заңды тұлғалар үшiн);
5) 2007.12.01. № 224-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6) салық төлеушiнiң мемлекеттік тiркелгенiн растайтын құжат;
7) валюталық шарт;
8) осы Заңда белгiленген жағдайларда лицензия, тiркеу куәлігi, хабарлама туралы куәлiк;
9) мәмiле паспорты;
10) экспорт (импорт) мәмiлелерi бойынша мiндеттемелердi орындауды не соның негiзiнде орындаудың қажеттігін растайтын құжаттар.
7. Уәкiлеттi банктер жүргізiлетiн валюталық операцияларға тiкелей қатысты емес құжаттардың ұсынылуын талап етуге құқылы емес.
8. Тұлға осы Заңға сәйкес және валюталық реттеу мен валюталық бақылау органдарының нормативтiк құқықтық актілерiнде талап етiлетiн құжаттарды ұсынбаған не дұрыс емес құжаттар ұсынған жағдайда не Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында талап етілетiн iс-әрекетті жүзеге асырмаған жағдайда уәкiлеттi банктер валюталық операцияны жүзеге асырудан бас тартады.
30-бап. Ықпал ету шаралары мен санкциялар
1. Уәкілетті банктер мен уәкiлеттi ұйымдардың Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзғаны анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ықпал ету шараларын қолдануға құқылы.
Уәкiлеттi банктер мен уәкiлеттi ұйымдардың өздерiнiң айырбастау пункттерi арқылы шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргiзу тәртібін бұзуға жол бергенi анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi айырбастау пункті тіркеу куәлігінің қолданылуын алты айға дейiн тоқтата тұруға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi лицензиаттардың Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзғаны анықталған жағдайда лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға құқылы.
31-бап. Резиденттер мен резидент еместердiң құқықтары
және мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер мен резидент еместер:
1) валюталық бақылау органдары жүргiзген тексеру нәтижелерi туралы анықтамалармен танысуға;
2) валюталық бақылау органдары мен агенттерiнiң iс-әрекетiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасауға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер мен резидент еместер:
1) валюталық бақылау органдары мен агенттерiне барлық сұратылатын құжаттарды және валюталық операциялардың жүзеге асырылуы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінде белгіленген мерзiмде беруге;
2) валюталық бақылау органдарының тексеру жүргiзуi барысында, сондай-ақ тексеру нәтижелері бойынша оларға түсінiктемелер табыс етуге;
3) жүргізілетін валюталық операциялар бойынша олардың Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген мерзiм ішінде сақталуын қамтамасыз ете отырып, есеп жүргізуге және есептеме жасауға;
4) валюталық бақылау органдарының анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптарын (нұсқауларын, ұйғарымдарын) орындауға;
5) валюталық бақылау органдарының тексеру жүргiзуi барысында оларға өз үй-жайларына кіруін, құжаттарына және автоматтандырылған деректер базасына қол жеткiзуін қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Резиденттер осы Заңда белгiленген жағдайларда лицензияны, тіркеу куәлігін, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің хабарлама туралы растамасын алу үшін уақтылы өтiнiш беруге және барлық қажеттi шараларды қабылдауға, сондай-ақ берілген лицензияның шарттарын сақтауға мiндеттi.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
32-бап. Қаржы жүйесiнiң экономикалық қауiпсiздiгіне
және тұрақтылығына қатер төнген жағдайдағы
шектеу
1. Қазақстан Республикасының экономикалық қауiпсiздігіне және оның қаржы жүйесінiң тұрақтылығына қатер төнген жағдайда, егер ахуалды экономикалық саясаттың басқа құралдарымен шешу мүмкін болмаса, арнайы рұқсат режимi енгiзiледi.
2. Арнайы рұқсат режимiн енгізу, ұзарту туралы шешімді, рұқсат берудiң тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ арнайы рұқсатсыз жүргiзуге болмайтын операцияларды Қазақстан Республикасының Үкіметімен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп жүргiзiлген консультациялардан кейiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
3. Арнайы рұқсат режимi қаржы жүйесiнiң экономикалық қауiпсiздігіне және тұрақтылығына төнген қатерді жою үшiн қажеттi мерзімге енгізiледi.
4. Арнайы рұқсатты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi резиденттер мен резидент еместер операцияны азаматтардың өмiрiне және денсаулығына қатерді болғызбау, мемлекет қауiпсіздігі, Қазақстан Республикасының өз халықаралық мiндеттемелерiн орындауы мақсатында жүзеге асырған жағдайда, сондай-ақ, егер валюталық операцияны жүргізу Қазақстан Республикасының төлем балансындағы және iшкi валюта нарығындағы ахуалды едәуiр жақсартуға ықпалын тигiзетiн болса ғана бередi.
Егер тараптардың бiрi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және (немесе) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі болса, арнайы рұқсат талап етiлмейдi.
5. Резиденттер мен резидент еместер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің арнайы рұқсатынсыз арнайы рұқсат режимi қолданылатын валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияларды жүзеге асыруға құқылы емес.
33-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын
бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
34-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң, 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 12-баптың 1-тармағын қоспағанда, жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгiзіледi.
2. Осы Заңның 5-бабының 4-тармағы 2) тармақшасының екiншi абзацы, 7-бабы, 20-бабының 1, 2, 4-6-тармақтары, 22-бабының 2-6-тармақтары, 24-бабының 3-тармағы, 25-бабының 3-5-тармақтары 2006 жылғы 31 желтоқсанды қоса алған мерзiм бойынша қолданылады.
3. "Валюталық реттеу туралы" 1996 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., № 20-21, 404-құжат; 1997 ж., № 13-14, 205-құжат, 1998 ж., № 16, 219-құжат; 1999 ж., № 20, 722-құжат; 2001 ж., № 4, 23-құжат; 2003 ж., № 10, 51-құжат; № 11, 56-құжат; № 15, 139-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Ә. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2005 ж. маусымның 13-і. № 57-III