Тұқым шаруашылығы туралы
2003 жылғы 8 ақпандағы № 385-II Қазақстан Республикасының Заңы
(2006.29.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2009 жылғы 17 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 3 баптар)
2-тарау. Тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік реттеу мен басқару (4 - 10 баптар)
3-тарау. Тұқым шаруашылығын ұйымдастыру (11 - 12 баптар)
4-тарау. Тұқымдарды өндіру, дайындау, өңдеу, сақтау, тасымалдау, сату (13 - 20 баптар)
және пайдалану
5-тарау. Тұқымның сорттық және егу сапаларын анықтау тәртібі (21 - 23 баптар)
6-тарау. Тұқым шаруашылығы саласындағы дауларды шешу және жауапкершілік (24 - 25 баптар)
Осы Заң тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерiн белгiлейдi және тұқым шаруашылығы жүйесiнiң ұйымдастырылуы мен жұмыс iстеуi және ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тұқымдарын өндiру, дайындау, өңдеу, сақтау, тасымалдау, сату мен пайдалану iсiн мемлекеттік бақылау мәселелерiн реттеуге бағытталған.
1-тарау. Жалпы ережелер
2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) агроэкологиялық аймақ - ауыл шаруашылық өсімдіктерін өсіру жағдайлары бойынша біртекті немесе дақылдардың экологиялық талаптары бойынша жақын аумақ;
2) аттестаттау - жеке және (немесе) заңды тұлғалардың тұқым шаруашылығы субьектісінің мәртебесіне сәйкестігін анықтау (растау);
3) аттестаттау туралы куәлік - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы берген, мемлекеттің тұқым шаруашылығы саласындағы аттестатталған субъектілердің қызметін тануын куәландыратын құжат;
4) ауыл шаруашылық өсімдіктері - дәнді, дәнді-бұршақтық, жармалық, азықтық, майлы, эфирлі-майлы, техникалық, көкөністік, дәрі-дәрмектік, гүлдік, жемістік, жидектік дақылдар, картоп, жүзім;
5) байқаудан өткізуші - тұқым шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ауыл шаруашылық өсімдіктерінің сортты егістерін сынақтан өткізу құқығына аттестаттаған жеке адам;
6) бақылау сынақтары - ауыл шаруашылық өсімдігінің сорт белгілерінің сақталуын және әр түрінің осы сортқа сәйкестігін анықтау;
7) бірегей тұқымдар - ауыл шаруашылық өсімдігі сортының авторы, ол уәкілдік берген адам немесе сорттың оригинаторы өсіріп шығарған және элиталық тұқымдарды өндіруге арналған тұқым;
8) бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқымдар - тұқымдар элитасының жылдар бойынша кейіннен өсіріп-өндірілуі: бірінші жыл - бірінші көбейтілген тұқым, екінші жыл - екінші көбейтілген тұқым, үшінші жыл - үшінші көбейтілген тұқым;
9) егістерді байқаудан өткізу - ауыл шаруашылық өсімдіктері егістерінің сорттық сапаларын: сорттық тазалығын, сортқа тәнділігін, арамшөптер басу, ауруға шалдығу және зиянкестерден бүліну дәрежесін анықтау;
10) жерге егіп бағалау - тұқымдардың белгілі бір түрге, сортқа жататындығы мен сорттық тазалығын оларды арнаулы учаскелерде егу және өсімдіктер бойынша сорттық сапаларын кейіннен тексеру жолымен анықтау;
11) зертханалық сорттық сынақтар - тұқымдардың белгілі бір сортқа тиістілігін белгілеу және зертханалық талдау жүргізу жолымен тұқымдардың сорттық тазалығын анықтау;
12) кондициясына жеткізілмеген тұқым - сорттық және егу сапасы жағынан тұқым шаруашылығы саласындағы стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарына сай келмейтін тұқым;
13) сорт ауыстыру - тұқым өсірушілердің өндірісте егіліп жүрген ескі сорттарды неғұрлым шығымды немесе ауыстырылатын сорттан шаруашылық-бағалылық белгілері мен қасиеттері жағынан артық жаңа, пайдалануға рұқсат етілген сорттармен ауыстыруы;
14) сорт жаңарту - өндірісте пайдалану кезінде сорттық және биологиялық сапасы нашарлаған тұқымдарды сол сорттың жақсы тұқымдарымен ауыстыру;
15) сортқа тәнділік - айқас тозаңдандырылатын ауыл шаруашылық өсімдіктерінің сорттық тазалығының көрсеткіші;
16) сорт оригинаторы - сорттың сақталуын қамтамасыз ететін жеке немесе заңды тұлға;
17) сорттық бақылау - ауыл шаруашылық өсімдіктері егістерінің сорттық тазалығын анықтау және тұқымдардың белгілі бір сортқа жататындығын белгілеу жөніндегі іс-шаралардың жүзеге асырылуын бақылау;
18) сорттық сынақ - сорттың патент қабілеттілігі мен шаруашылықта пайдалылығын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізілетін сынақтан өткізу мен бағалау;
19) сорттық тазалық - негізгі сорт өсімдіктерінің немесе сабақтарының осы ауыл шаруашылық өсімдіктерінің немесе сабақтарының жалпы санына проценттік қатынасы;
20) суперэлиталық тұқымдар - бірегей тұқымдарға жататын, өсіріп-өндіру көшеттігінің өнімінен алынған, мемлекеттік стандарттар мен тұқым шаруашылығы саласындағы өзге де нормативтік құжаттардың талаптарына сай келетін және элиталық тұқымдарды өндіруге арналған тұқымдар;
21) тұқымдар - өсімдіктердің сортын молықтыру үшін пайдаланылатын генеративтік және вегетативтік органдары: тұқымның өзі, жемістер, күрделі жемістердің бөлігі, қосалқы жеміс, масақтар, көшеттер, жуашық, түйнек, қалемшелер, түзуші ұлпалар және басқалар;
22) тұқымдардың кондициялылығы - тұқымдардың тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік стандарттар мен өзге де нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігі;
23) тұқымдардың сорттық сапасы - тұқымдардың ауыл шаруашылық өсімдігінің белгілі бір сортына жататындығын сипаттайтын белгілер жиынтығы;
24) тұқымдар тобы - тиісті құжатпен (байқаудан өткізу актісімен, тұқымның аттестатымен, тұқым куәлігімен, тұқымның кондициялылығы туралы куәлікпен, тұқымдарға талдау жасау нәтижесімен, карантиндік сертификатпен, фитосанитариялық сертификатпен немесе импорттық карантиндік рұқсатпен) расталған, шығу тегі мен сапасы жөнінен біртектес тұқымның белгілі бір мөлшері;
25) тұқымдық бақылау - тұқымның егу сапасын анықтау жөніндегі іс-шаралардың жүзеге асырылуын, Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау;
26) тұқым куәлігі - тұқымдардың алғашқы және одан кейінгі көбейтілуінің сорттық және егу сапасын растайтын құжат;
27) тұқымның егу сапасы - тұқымдардың егуге (отырғызуға) жарамдылық дәрежесін сипаттайтын сапа көрсеткіштерінің жиынтығы;
28) тұқым өндірушілер - осы Заңға сәйкес тұқым шаруашылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
29) тұқым өсіру шаруашылығы - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы аттестаттаған, бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқымдарды өндіру мен сатуды жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъект;
30) тұқым сапасына сараптама жасау жөніндегі зертхана - тұқымдардың сорттық және егу сапасының тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік стандарттар мен өзге де нормативтік құжаттар талаптарына сәйкестігіне зерттеулер жүргізу құқығына белгіленген тәртіппен; аттестатталған заңды тұлға;
31) тұқым сараптамасы - тұқымдардың сорттық және егу сапасының техникалық регламенттердің және тұқым шаруашылығы саласындағы стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігін анықтау жөніндегі іс-шаралар кешені;
32) тұқым сарапшысы - тұқым сапасына сараптама жасау жөніндегі зертхананың тұқым шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен тұқымдардың сорттық және егу сапасына сараптама жүргізу құқығына аттестатталған маманы;
33) тұқым шаруашылығы - тұқымдарды өндіру, дайындау, өңдеу, сақтау, тасымалдау, сату және пайдалану жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтитын қызмет, сондай-ақ мемлекеттік бақылау, оның ішінде сорттық және тұқымдық бақылау;
34) тұқым шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспектор - тұқым шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамы;
35) тұқым шаруашылығының схемасы - көшеттіктер мен тұқымдық егістіктердің өзара байланысты топтары, оларда белгілі бір реттілікпен, сұрыптау және өсіріп-өндіру жолымен сортты молықтыру процесі жүзеге асырылады;
36) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатты және оның ғылыми қамтамасыз етілуін іске асыруды, тұқым шаруашылығына қатысушылардың қызметін үйлестіру мен реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
37) элиталық тұқымдар - ауыл шаруашылық өсімдіктерінің бірегей немесе суперэлиталық тұқымнан алынған және Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы туралы заңнамасының талаптарына сай келетін тұқымдары;
38) элиталық тұқым өсіру шаруашылығы - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы аттестаттаған, элиталық тұқымдарды өндіру мен сатуды жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъект.
2-бап. Тұқым шаруашылығы саласындағы объектiлер мен субъектiлер
1. Тұқым шаруашылығы саласындағы объектiлерге:
сорт (өскiн, топ, будан, жеке түр, аралас сорттар);
тұқымдар;
тұқымдық және тұқым өcipy егiстерi мен екпелерi жатады.
2. Тұқым шаруашылығы саласындағы субъектiлерге:
сорттың авторы;
сорттың оригинаторы;
тұқым өндiрушiлер;
тұқымдарды сату құқығынсыз үй жанындағы, бау-бақ, саяжай және бақша учаскелерiнде пайдалану үшiн тұқым өндiрумен шұғылданатан жеке адамдарды қоспағанда, тұқымдарды тұтынушылар;
тұқымдардың сорттық және егу сапасын анықтау бойынша қызмет көрсететiн жеке және (немесе) заңды тұлғалар жатады.
3-бап. Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2-тарау. Тұқым шаруашылығы саласындағы
мемлекеттік реттеу мен басқару
4-бап. Тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік реттеу
Тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) тұқым шаруашылығы субъектiлерiн аттестаттау;
2) Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттік тiзiлiмiн жүргiзу;
3) тұқымның сорттық және егу сапасына мiндеттi сараптама жасау;
4) тұқым шаруашылығы саласында мемлекеттік, оның iшiнде сорттық және тұқымдық бақылау жүргiзу;
5) аттестатталған тұқым өндiрушiлер қызметiнiң тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген біліктiлiк талаптарына сай келуiн бақылау;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 6) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұқым шаруашылығы және селекция саласында ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тектiк қорын сақтау, дамыту және пайдалану жөніндегі iргелi және қолданбалы сипаттағы ғылыми зерттеулер жүргiзу;
7) бiрегей тұқымдар өсiруге субсидия беру және Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген және (немесе) перспективалы деп танылған элиталық тұқым сорттарының отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерi сататын құнын арзандату;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 8) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
8) ауыл шаруашылық өсiмдiктерiн сорттық сынақтан өткізудi, тұқымдардың, соның iшiнде отандық ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiнiң егуiне арналған тұқымдардың сорттық және егiстiк сапасының сараптамасын мемлекеттік қамтамасыз ету;
9) тұқымдардың мемлекеттік ресурстарын қалыптастыру және олардың сан-сапа жағынан жай-күйiн бақылау;
10) тұқым шаруашылығы саласындағы инвестициялық, кредиттiк саясатты қалыптастыру;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру кезiнде тұқым шаруашылығы субъектiлерiнiң мүдделерiн құқықтық жағынан қорғау;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 12) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
12) ерекше жағдайларда мемлекеттік стандарттарда белгiленген тұқым сапасы көрсеткiштерiн бiр жылдан аспайтын мерзiмге төмендету;
13) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды
14) техникалық реттеу - саласындағы қауіпсіздікті (бұдан әрі - қауіпсіздік) қамтамасыз ету;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 15) тармақшамен толықтырылды
15) тұқым шаруашылығы саласында қауіпсіздікке қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруға әкелетін әрекеттердің алдын алу арқылы жүзеге асырылады.
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң тұқым шаруашылығы саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1) тұқым шаруашылығы саласында мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
2) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органды белгiлейдi;
3) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның ұсынуы бойынша селекция мен тұқым шаруашылығы жөніндегі ғылыми-техникалық және салалық бағдарламаларды бекiтедi;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның ұсынуы бойынша тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың бағыттарын, тұқымдарына бюджет қаражаты есебiнен субсидия берiлуге тиiстi ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тiзбесiн және оларға бөлiнетiн субсидиялардың нормативтерiн белгiлейдi;
5) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның ұсынысы бойынша мемлекеттік тұқым ресурстарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану тәртібін, олардың құрылымы мен көлемiн белгiлейдi;
6) тұқым шаруашылығы саласындағы, соның iшiнде тұқымдарды экспорттау және импорттау мәселелерi жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастырады және үкiметаралық келісімдер жасайды;
7) білім беру және тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органдардың ұсынуы бойынша кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын бекiтедi;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
8) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген және (немесе) перспективалы деп танылған бiрегей тұқымдар өндiрiсiн субсидиялау және отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерi үшiн элиталық тұқым сорттарының құнын арзандату тәртібін айқындайды;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 9)-10) тармақшалармен толықтырылды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді)
9) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның ұсынуы бойынша ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң сорттық сынағын өткізу тәртібін айқындайды;
10) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның ұсынуы бойынша тұқымның, соның iшiнде отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiнiң егуiне арналған тұқымның сорттық және егiстiк сапасына сараптама жүргiзу тәртібін айқындайды.
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды
11) техникалық регламенттерді бекітеді.
6-бап. Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның құзыретi
1. Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган:
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгерді (бұр. ред. қара)
1) тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі бағдарламаларды әзiрлейдi;
2) селекция, сортты сынақтан өткізу және тұқым шаруашылығы жөніндегі ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады;
3) тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) тұқымның мемлекеттік ресурстарын қалыптастыру мен басқаруды және олардың сан-сапа жағынан жай-күйiне бақылау жасауды жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген ауыл шаруашылық өсiмдiктерi сорттарының тұқымдарын өндiру және сату көлемiне болжам жасайды;
6) бiрегей және элиталық тұқым, бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқымдар өндiрушiлердi, байқаудан өткізушiлер мен тұқым сарапшыларын аттестаттау жөніндегі нормативтiк құқықтық актiлердi, сорттардың оригинаторларын тiркеу, зертханалық сорттық сынақтар жүргiзу ережелерiн бекiтедi;
7) 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен алып тасталды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
8) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес тұқым шаруашылығы саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды;
9) сорттық және тұқымдық бақылауды жүзеге асыру, сорттық егiстердi байқаудан өткізудi, жерге егiп бағалауды, зертханалық сорттық сынақтан өткізудi, тұқымның сапасына сараптама жасауды жүргiзу тәртібін бекiтедi және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
10) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
11) сортты сынақтан өткізу мен тұқым шаруашылығы мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi және тұқымға арналған құжаттаманың нысандарын әзiрлейдi және бекiтедi;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 11-1) тармақшамен толықтырылды
11-1) техникалық регламенттерді әзірлейді;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12) техникалық реттеу және метрология жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға тұқым шаруашылығы саласындағы стандарттау жөніндегі қолда бар мемлекеттік стандарттар мен басқа да нормативтік құжаттарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының өтініштері негізінде тұқым сапасының мемлекеттік стандарттарда белгіленген көрсеткіштерін ерекше жағдайларда бір жылдан аспайтын мерзімге төмендетуге рұқсат береді;
14) бастапқы, элиталық және өнеркәсiптiк (жаппай) тұқым шаруашылығын жүргiзудiң схемалары мен әдiстерiн әзiрлейдi және бекiтедi;
15) отандық және шетелдiк селекция сорттарына мемлекеттік сынақ ұйымдастырады;
16) сорттардың оригинаторларын тiркейдi;
17) аттестатталған тұқым өндiрушiлер үшiн белгiленген квоталар шегiнде субсидия беруге жататын тұқымға шектi сату бағасын белгiлейдi;
18) республиканың тұқым ресурстарының мониторингiн жүзеге асырады;
19) өз құзыретi шегiнде селекция және тұқым шаруашылығы жөнiнде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 20) тармақша өзгерді (бұр. ред. қара)
20) субсидия бepiлуге тиiстi тұқымдардың әрбiр түрi бойынша тұқым шаруашылығы саласында аттестатталған субъектiлер үшiн аталған мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты шегiнде жыл сайынғы квоталарды белгiлейдi;
21) Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттік тiзiлiмiн және ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң перспективалы сорттарының тiзбесiн бекiтедi;
22) бiрегей тұқымдардың және отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне арзандатылып сатылған тұқымдардың нысаналы пайдаланылуын бақылайды;
23) тұқым шаруашылығы саласында ғылыми кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын әзiрлейдi және iске асырады, байқаудан өткізушiлер мен тұқым сарапшылары кадрларын даярлауды және олардың біліктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
24) ауыл шаруашылық өсiмдiктерi тұқымдарының сорттық және егу сапасына сараптама жүргiзу жөніндегі нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
25) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 26) тармақшамен толықтырылды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
26) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқым шаруашылығы саласындағы қажетті ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан сұратады;
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 27) тармақшамен толықтырылды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
27) республика бойынша тұқымдар балансын жасайды.
2. Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган өз қызметiн аумақтық органдар арқылы жүзеге асырады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 6-1-баппен толықтырылды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
6-1-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
астананың) жергілікті атқарушы органдарының
құзыреті
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті органның тұқым шаруашылығы жөнінде жұмыстар жүргізуіне жәрдем көрсетеді;
2) тұқым шаруашылығын дамытудың тиісті бағдарламаларын әзірлейді және жергілікті өкілді органдарға бекітуге ұсынады, сондай-ақ олардың орындалуын қамтамасыз етеді;
3) элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарының элиталық тұқымдар өндірісі және өткізу көлемі жөнінде ұсыныстарды уәкілетті органның қарауына енгізеді;
4) тұқым шаруашылығы субъектілеріне тиісті куәлік бере отырып аттестаттау жүргізеді;
5) тұқым өсіру шаруашылықтары арасында бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқымдарды өндіру және өткізу квотасын бөледі;
6) облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) бойынша тұқымдар балансын жасайды;
7) ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органға ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым шаруашылығы саласындағы қажетті ақпаратты табыс етуді қамтамасыз етеді;
8) өз құзыреті шегінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тұқымдардың сақтық және ауыспалы қорларын қалыптастыруына жәрдемдеседі;
9) тұқым шаруашылығы саласында субсидиялау бағдарламаларын іске асырады;
10) Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізіліміне енгізілген, Қазақстан Республикасында пайдалануға жіберілген, өздерінің жоғары сапалы тұқым сорттарын өндіру және олармен шаруашылық субъектілерін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
11) жоғары сапалы тұқым сорттарын өндіруге және олармен шаруашылық субъектілерін қамтамасыз етуге байланысты мәселелер бойынша тұқым шаруашылығының барлық буындарының қызметін ұйымдастыруды және үйлестіруді жүзеге асырады;
12) бастапқы, элиталық тұқым шаруашылығын жүргізу және ауыл шаруашылық дақылдары тұқымдарын жаппай көбейту схемалары мен әдістері бойынша ұсыныстар енгізеді;
13) техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органға тұқым шаруашылығы бойынша мемлекеттік стандарттарды, нұсқаулықтарды және басқа да нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді.
7-бап. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
8-бап. Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның тұқым шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторлары және олардың өкiлеттiктерi
1. Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тиiстi мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшi лауазымдарына "Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы" және "Тұқым шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспектор" деген қосымша арнаулы атақтар беруге құқылы.
2. Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның тұқым шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторларының:
1) тұқым шаруашылығы субъектiлерiнiң тұқым шаруашылығы саласындағы әдiстемелiк және технологиялық талаптарды сақтауына мемлекеттік бақылауды, оның iшiнде сорттық және тұқымдық бақылауды жүзеге асыруға;